Есірткі және құқық бұзушылық
Есірткі жайлап барады
Қазақстанды есірткі жайлап барады. Жыл басынан бері елімізде есірткіге байланысты 6 мың қылмыс тіркеліп, алты айдың ішінде алты тонна есірткі тәркіленді. Құқық қорғау органдары тарапынан бұл жаман көрсеткіш емес, мақтауға тұрарлық. Бірақ осы тонналаған у «Қазақстанды неге айналып өтпейді?» деген сұраққа ешкім жауап бере алмайды.
Есірткі айналымымен бүкіл дүниежүзі күресуде. Күресті қаншама күшейткенмен, жастар арасындағы есірткіге құмарлық жылдан-жылға өсіп, етек жайып барады. БҰҰ-ның наркобизнеске және қылмысқа қарсы күрес басқармасының (UNODCCR) мәліметі бойынша, бүгінгі күні әлемнің әр түпкіріндегі 15 пен 64 жас аралығындағы 200 миллион адам есірткіге тәуелді болып, наркотиксіз өмір сүре алмайтын халге жеткен. Бұл жер бетінде өмір сүріп жатқан халықтың 5 пайызын құрайды. Тәуелсіз сарапшылардың сөзіне сенетін болсақ, Қазақстанда бұл көрсеткіш 1,5 миллион адамды құрайды, яғни республика тұрғындарының 10 пайызы есірткіге бой алдырғандар.
Қазақстандағы заңсыз айналымда жүрген есірткілер – апиын, героин, кокаин, синтетикалық наркотиктер жоғары концентрацияланған, адам өміріне өте қауіпті, есірткінің «ауыр» түрлеріне жатады. Соңғы бес-алты жылда қазақстандық наркомандар есірткінің ауыр түріне көше бастады. Бұрын каннабис, сатива (ел аузында анаша деп аталады) сияқты есірткінің жеңіл түрін қолданса, енді көбінесе ақыл-есті «өшіріп», басқа дүниеге жетелейтін ханканы қолдануға әуес болыпты. Алматы наркологтарының байқауынша, біздегі наркорыноктағы есірткі айналымының 80 пайызын героин құрайды. Бұл жартылай синтетикалық наркотик таза апиынға қарағанда, адамды өзіне тез тартып алып, «тұңғиыққа» батырып жібереді. Героинге тәуелді болған адамды емдеп, қалпына келтіру іс жүзінде мүмкін емес.
Ресми деректер бойынша, 2000 жылы Қазақстанда 34 мың нашақор арнайы тіркеуде болған, ал БҰҰ-ның наркобизнеске және қылмысқа қарсы күрес басқармасының мәліметі бойынша, сол жылдары 250 мың есірткіге тәуелді адам арамызда өмір сүріп жатқан. Қазір бұл көрсеткішті Бас прокуратураның Құқықтық статистика және әлеуметтік есепке алу комитеті 54 мыңға жеткізіп отыр. Соның ішіндегі 4 мыңы әйелдер, бес мыңға жуығы жасөспірімдер екен. Наркологтардың айтуынша, есірткіге тәуелді нашақорлардың нақты санын шығару үшін, ресми көрсеткіштерді кемінде 5-6 есеге көбейткен жөн, сонда еліміздегі нашақорлардың нақты санына жақындауға болады. Біздің елде нашақорлықтан жасырын (аноним) емделуге болады, сондай-ақ жекеменшік емханалар жеткілікті, олар наркомандарды тіркеуге алуға міндетті емес.
Жастар алғаш есірткінің дәмін 17-26 жас аралығында татып көреді екен. Солай бола тұра қазақстандық наркомандардың әрбір төртіншісі кәмелет жасына жетпегендер. Негізінен, бұлар алғашқы кездерде есірткіні қызық көреді. Егер бұлардың арасына тәжірибесі бар наркоман қосылса, аз уақыттың ішінде есірткіге әуестенген жастардың саны екі-үш есеге өседі екен. Қазіргі есірткіге тәуелді жастардың дені бақуатты отбасынан шыққандар. Өйткені есірткі таратушылар бірінші кезекте тауарларын ақшасы барларға тыққыштайды. Жасөспірімдер көбінесе жасы үлкен «ағаларына» еліктейді. Алдымен ағалары оларға есірткіні аздап иіскетіп, шектіріп үйретеді. Тіпті мектеп оқушыларына героинді чупа-чупске қосып берген жағдайлар да болған көрінеді. 2004 жылы қазақстандық ғалымдар мектеп оқушыларының әлеуметтік жағдайын білу үшін арнайы жүргізген зерттеулерін жарыққа шығарды. Олар 10 жас пен 17 жас аралығындағы 7,5 мың мектеп оқушысынан сауалнама алған. «Есірткіні татып көрдің бе?» деген сұраққа оқушылардың 27 пайызы «иә» деп жауап берген, ал олардың 15 пайызы есірткіні тұрақты қолданатынын айтқан. Алғашында осындай жолдармен бойын үйреткен жасөспірім өсе келе «инеге отырады». Оның мәнісі мынада: егер героинді иіскеп немесе шылымға қосып шексе, «кайф» алу үшін 1 грамм героин керек болады, ал тамырына ине арқылы жіберетін болса, оған 0,1 граммның өзі жеткілікті. Ал одан әрі бұл жастар «тірі әруаққа» айналады.
Есірткіге, алдымен байлардың ермегі ретінде қарау керек сияқты. Өйткені ақшасы жоқтар кез келген жерде оған қол жеткізе алмайды. Содан болар соңғы он жылдың ішінде наркорыноктардағы синтетикалық наркотиктердің бағасы үш-төрт есеге, ал героиннің бағасы бес есеге төмендеген. Демек, наркобарондар елімізге есірткіні жеткізудің оңай жолдарын тапқан. Қалалы жерлерде есірткіні сатып алу үшін жастар көбінесе «түнгі клубтарды» жағалайды. Есірткі көп таратылатын жерлердің бірі – түнгі клубтар. Республика бойынша түнгі клубтарды тексеру барысында есірткіге қатысты 22 факт орын алған. Осыған байланысты жақында бес түнгі клубтың басшысына әкімшілік іс қозғалды. ҚР Ішкі істер министрлігі Әкімшілік заң бұзушылық кодексіне толықтырулар мен өзгертулер енгізуді ұсынып отыр. Алдымыздағы күзде осы заң жобасы Парламентте бекітілмек. Содан кейін «түнгі клубтардың» қайсысынан есірткі таратылды деген сыбыс шықса, бірден жабылатын болады.
Есірткіні арнайы делдалдар арқылы сатып алу да қазіргі кезде өте оңай болды. Әрине, наркодилер есірткіні сізге көшеде жүріп сата салмайды. Ол үшін наркодилердің «апанын» тауып, есірткі сатушы жақсы танитын адамнан келгеніңді айтуың керек. Сонда ғана оның сеніміне кіресің. Есірткінің қолдан қолға өтуі адам аз жүретін көшелерде жүзеге асырылуы мүмкін. Кейбір кездерде есірткіні тапсырыс берген адамның көлігіне жанамалап тоқтаған көліктен береді. Шабарманның рөлін көп жағдайларда әйелдер, тіпті жасы келген әжелер атқарады.
Есірткімен қаншама күрескенмен, оның тамырына балта шабуға ешбір мемлекеттің шамасы жетпей жатыр. Мәселен, Иран, Оңтүстік Корея, Сирия, Сауд Арабиясы, Үндістан, Түркия мемлекеттерінде есірткі саудалаушылар заң бойынша өте қатаң, өлім жазасына дейін кесіледі. Алайда бұл елдерде де есірткі жасырын жолдармен таратылып жатыр. Қазақстанды наркобарондар Ауғанстан героинін Ресейге, Еуропа елдеріне өткізетін транзиттік дәліз ретінде пайдаланып отырғаны ешкімге құпия емес. Қазақстан территориясынан өтетін героиннің кемінде 11 пайызы жол-жөнекей қолды болып, қалып қалады. Ол қазақстандықтарды улауға арналған. БҰҰ-ның мәліметтері бойынша, ауғандықтардың биылғы жинаған өнімі 5 мың тонна, ал бұған дейін дайындалып қойған 500 мың тонна героин керуенді күтіп, шекараның түбінде тұрған көрінеді.
Қазақстанның құқық қорғау органдары есірткімен күрес жолында аянып жатқан жоқ. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткіге қарсы «Астана – есірткісіз қала» бағдарламасы бойынша әртүрлі есірткілердің елімізге келетін жолдарын және олардың қылмыс әлеміндегі айналым арналарын әшкерелеуді шұғыл қолға алып, бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымын кеңейтіп жатыр. Жақында Ұлттық қауіпсіздік комитеті Астана қаласына келген ірі кокаин партиясы қолға түсірді, Бұл жолы Ұлттық қауіпсіздік қызметкерлері құрған тұзаққа шетелдік наркобарондар – Германияның және Голландияның азаматтары тұтқындалды. Сондай-ақ қырғызстандық әріптестерімен бірлесіп, елімізге жақын шетелдерден келетін екі есірткі тасымалдау арнасының жолын кесті. Ұйымдасқан халықаралық қылмыстық топ, ұзақ уақыт бойы контрабандалық жолмен есірткі өнімдерінің ірі партияларын Қырғызстан Республикасы арқылы Қазақстанға жеткізіп отырған. Бұдан бұрын да Қазақстан аумағын есірткі тасымалдау трафигіне айналдыруды көздеген Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан азаматтарының жолы кесіліп, Ұлттық қауіпсіздік қызметінің тосқауылына тап болған. Астана қаласының түбіндегі жол полициясының «Рубеж» бекетінде бағдарлы таксиден есірткі тасымалдаушы ұсталып, оның денесіне жапсырылған пакеттен салмағы 1 келі болатын апиын шикізаты алынды. Астананың жұқпалы аурулар ауруханасы аумағынан 39 грамм героинды сатып тұрған үш адам ұсталды.
Есірткі сатушылардың айналасында ірі көлемдегі ақша жүретіні белгілі. Көп ақшаның буы құқық қорғау органдарының қызметкерлерін де тура жолдан адастырып, наркодиллерлердің қатарларына тарта бастапты. Сондай наркотик сатумен айналысып жүрген полиция қызметкерлері де қауіпсіздік қызметінің шеңгеліне ақырындап түсіп жатыр. ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері жедел-іздестіру шаралары барысында, Мерке стансасындағы «Есірткі аймағы» бекетінің бастығын тұтқынға алды. Наркотик таратушылармен күресу үшін қойған капитан қолға түскен есірткілерді өзінің адамдары арқылы астыртын сатып, жаңа айналым арнасын ұйымдастырған екен. Өткен аптада Оңтүстік Қазақстан облыстық соты сыбайласып есірткі сатқан төрт бірдей полицейге үкім шығарып, алдын 12 жылға, артын 10 жылға айдады. Ұлттық қауіпсіздік органдарының қазіргі кездегі басты міндеттерінің бірі – әлемді жайлап бара жатқан халықаралық есірткі тасымалына тосқауыл қою болып отыр.
Қазақстан есірткімен күрес жолында үлкен белестен өтті. 1997 жылдың наурыз айында маған Парламенттегі есірткіге арналған басқосуда сөз сөйлеуге тура келгені еске түседі. Басқосуға қатысушылар бұл мәселеде өте жайбарақат. Мен олардың есірткінің зардабын әлі сезінбей отырғандарын, шамалы уақыт өткен соң есірткі әркімге-ақ қатысты болатынын ұғындыруға тырыстым. Есірткі проблемасы шегара дегенді мүлдем білмейді. Қазақстан Шудағы есірткі бойынша әлемдік ауқымдағы проблема тудырып отырған жоқ. Бұл жерде экономикалық фактор басты рөл ойнайды. Үлкен нарықтық сұранысқа ие есірткінің бастапқы өндіру алаңында бір келісі шамамен 100 теңге болса, алғашқы шегараға енгеннен-ақ оның бағасы бірнеше есеге қымбаттап шыға келеді. Өзіңіз байқап отырғандай, нарық заңы өз дегенін істейді: шегара ұзаған сайын, героин да қымбаттай түседі. Сондықтан есірткі тасымалдаушыларға оны қазақстандық та, еуропалық та емес, америкалық рынокқа лақтыру тиімді. Екінші фактор – бұл сұраныс. Яғни ел ішіндегі тұтынушылар санының өсуіне байланысты туындайды. 1998 жылы есірткі туралы базалық заң қабылданды, ал 2000 жылдың мамыр айында есірткі бизнесіне қарсы күрестің алғашқы стратегиялық жоспары жасалды. Сол жылы бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік бағдарлама пайда болды. Қылмыстық кодекске есірткі саудасына байланысты жауаптылықты қатаңдататын өзгерістер енгізілді, арнайы агенттік құрылды. Соған сәйкес ҰҚК мен Денсаулық сақтау министрлігінде де құрылымдық өзгерістер орын алды. Ең бастысы, Қазақстанның халықаралық жүйеге кірігуі болды. Сондай-ақ бұл істе адамдардың санасы өзгерді. Сонау тоқсаныншы жылдары қазақстандықтардың 75 пайызы есірткінің зардабын сезіне қоймаса, 65 пайызы оның неден тұратынын нақты білмесе, қазір адамдар бұл проблеманы түбіріне дейін біледі.
Есірткіні ешқашан байқап көрген емеспін. Бұған менің қызығушылығым сексенінші жылдардың ортасында, Мәскеудегі КСРО ІІМ –нің бүкілодақтық ғылыми-зерттеу институтында оқып жүргенімде пайда болды. Ол кезде балалар қылмысы жөнінде кандидаттық диссертация жазып жүргенмін. Зерттеп жүрген тақырыбым да жасөспірімдер арасындағы есірткі мәселесіне қатысты болатын.
Өкінішке қарай, азаймай отыр. Біздің бұл орайдағы мақсатымыз – жағдайдың тұрақтануына қол жеткізу. Қазақстандықтардың 50 мыңы есірткі тұтқынына берілгендер. Бұл ресми дерек. Зерттеу жұмыстары анықтап отырғандай, олардың іс жүзіндегі саны 300 мыңнан кем емес.
Иә, сіз дұрыс айтып отырсыз. Еліміз экономикасы қиын шақта олардың жабылып қалғандары рас. Бүгінде кері процесс жүруде. Дегенмен ата-аналардың көбісі күнкөріс қамымен нан табу жолында жүргендіктен, балалардың көбісі өзімен-өзі, ал мектеп ешқашан ата-ананың орнын баса алмайды.
Иә, мұндай үрдіс біздің елде де қылаң беріп тұр. Мұны мен кезінде зерттеп те көргенмін. 1997 жылы осы тақырыпта мінберден сөз сөйлегенмін. Сол кезде қылмыс әлемі ақшасы көп бизнесмендер мен банкирлердің, биліктегілердің балаларын қармаққа ілу жолында мақсатты жұмыс жүргізіп жатқан. Мәселен, Алматы облысында бір есірткі делдалы қолға түскен. Ол басында төрт жезөкшені инеге отырғызып, солар арқылы нақты көздеген адамдарын есірткіге еліктіре бастаған. Оны арнаулы қызметтегілер қолға түсірген кезде, бес мың доллар беріп құтылып кетпек болған. Біреу әзілдеп, тағы 50 мың қосуды сұраған, ол талап етілген қаржыны табу үшін үш сағат мұрсат беруін өтінген. Әлгі бір күннен кейін-ақ қамалған орыннан қашып кеткен. Ол кезде үш сағатта 50 мың доллар табу деген мыйға сыймайтын нәрсе. Бұл оқиға сол кезде қылмыс әлемін үлкен қаржысы бар адамдардың билеп-төстеп отырғанын көрсетеді.
Есірткі тасымалдаушыларды өлім жазасына кесетін Иранда, 1999 жылы мен 200 тонна апиын иен героин сақталған қоймада болдым. Жыл сайын онда 160 тонна есірткі ұсталады. Салыстырып айтсақ, Қазақстанда 2004 жылы 457 келі, 2005 жылы, 626 келі героин қолға түсірілді. Иран – әлемдік заңсыз есірткі өндірісінің 80 пайызы тиесілі Ауғанстанмен шегаралас жатқан ел. Есірткінің жеңіл түрлеріне рұқсат берілген Голландия мен Швейцарияға келсек, есірткілік заттар бойынша БҰҰ-ның комиссиясы 2001 жылы мұндай рұқсат беру тәжірибесі жөнінде арнайы баяндама жариялаған. Оның қорытындысы былай: аталған елдер есірткінің ауыр түрін қолдану бойынша әлемде ең жоғары орынды иеленген.
Бірнеше бағыттағы жұмысты қатар шешу керек. Шегараны қорғауды жан-жақты қамтамасыз етіп, есірткінің сырттан ішкі рынокқа енуіне жол бермеу керек. Сондай-ақ бізге транзит те қауіпті, себебі біздің жерімізді басып өткен кезде қандай да бір бөлігі осында қалып қояды. Сондықтан шегаралық бақылау және кедендік қызметті барынша күшейту керек. Бұған Ішкі Істер министрлігі де белсене араласуы тиіс. Ең негізгі жұмыс – емдеу-сауықтыру бағытында болуы керек. Бірақ бұл жеке және өте ауыр тақырып, сондықтан мұны біздің келесі кездесуіміздің еншісіне қалдыралық.