АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Реферат. Герберт Спенсер

 

Герберт Спенсер

 

Герберт Спенсер (1820-1903) — ағылшын философы, әлеуметтану­шы­сы, психологы және инженер, әлеуметтанудың негізін қалаушылардың бірі, әлеуметтанудағы эволюционизмнің классигі.

Герберт Спенсер 1820 жылы Англияның Дерби деген шағын қаласында мектеп мұғалімінің отбасында дүниеге келді. Денсаулығының әлсіздігінен 13 жасқа дейін мектепке бармаған. Әкесі мен ағасының көмегімен үйінде оқып, өмір бойы өздігінен білім алуға және өз күшіне сенуге машықтанған. Бұл, бір жағынан, тұжырымдарының өткірлігіне, ойларының ерекшелігіне оң ықпал етіп, осы үшін көзі тірісінде “ағылшын Аристотелі” деген атқа ие болса, екінші жағынан, дүниетанымының қалыптасуына тірек болған және өз бетінше игерген жаратылыстанудың ескі қағидаларынан аса қиындықпен бас тартуының салдары болды.

Г.Спенсер өз өмірінің көп бөлігін түрлі академиялық және ресми қызметтерден бас тартқан тәуелсіз ғалым және публицист ретінде өткізеді. Еңбектер жазуға дейін ол темір жолда инженер-бақылаушы болып (1837-1846), “Экономист” журналының екінші редакторы (1848 жылдан бастап) болып қызмет атқарды, саяси өмірге араласуға тырысты.

Г.Спенсердің басты еңбегі — “Синтетикалық философия” жүйесінің он томы, ол теориялық жаратылыстану мен қоғамдық ғылымдарды ортақ эволюциялық идеямен біріктіре отырып, мыналарды қамтыды: “Негізгі бастамалар” (1862, болмыстың алғашқы принциптері туралы кітап), “Биологияның негіздемелері” (1864-1867), “Психология негіздемелері” (1879-1893), “Әлеуметтану негіздемелері (3 томдық, 1876-1896). Басқа да аса маңызды әлеуметтану еңбектері – “Әлеуметтік статика” (1850) және “Әлеуметтану зерттеу пәні ретінде” (1873).

Философ және ғалым Герберт Спенсерді позитивизмнің негізін қалаушылардың бірі деп саналады. Оның өмірі мен шығармашылық уақыты әлеуметтанудың пайда болуы және жеке ғылыми пән ретінде қалыптасу уақытымен сәйкес келеді. Ол әлеуметтануды ғана емес, антропологияны дамытуда да маңызды рөл атқарды, классикалық әлеуметтік ілімнің органикалық және эволюциялық мектептерінің негізін қалады. Ағылшын әлеуметтану мектебінің пайда болуы Г.Спенсердің есімімен байланысты деп сеніммен айтуға болады.

Г.Спенсердің барлық әлеуметтану ой-тұжырымдары өзі бұрын жасаған, Дарвиндікінен тәуелсіз эволюция теориясына сүйенеді. Қоғамның эволюциялық теориясы — табиғат философиясының құрамдас бөлігі, өйткені әлеуметтік эволюция — әлем бағынған ұлы процестің бөлшегі. Барлық ғылымдарға ортақ принциптерді ол философиялық деп атайды. Бізді табиғаттың ортақ заңы және барлық ғылыми заңдардың жиынтығы ретінде эволоюция заңы басқарады. Ғылым да, философия да дүниені бір ғана бақылау және индукция әдісімен зерттеп біледі, тек философия өзінің зерттеу саласын шектемейді. Бірақ дүниенің шынайы мәні екеуіне де жұмбақ. Біздің танымымыз әрқашан салыстырмалы және тәжірибе мен эмпирия саласымен шектелген.

Г.Спенсер өзінің теориялық декларацияларында әдетте ХІХ ғасырдың эволюционизмімен байланыстыратын осындай біржақты прогресс идеясымен күреседі. ХХ ғасырдың неоэволюционистері тәрізді Г.Спенсер кейбір қоғамдастықтар мен институттарды ұйымдастырудың регрессивтік оңайландыру процесін қоса алғанда әлеуметтік эволюцияны бір ғаламдық процесс ретінде емес, дивергентті, ерекше, біршама автономды процестер жиынтығы ретінде түсінді. Сөйтіп, ол Конттың “бүкіл жер шарында жабайы және өркениетті тайпалар өмір сүретін қоғамның әртүрлі нысандары тек бір нысанның түрлі сатыларын құрайды: сонымен қатар, әлеуметтік типтер, жеке-дара организмдер типі сияқты белгілі қатар құрмайды, тек бөлшектелген және тармақталған топтарға бөлінеді” деген “елеулі қатесін” сынайды.

Г.Спенсер өзінің теориясында эволюциялық сатылардың сызықтық емес тұжырымдамасын бейнелейді. Ол прогресті қоғам күрделілігінің дәрежесімен өлшемек болды. Адамзат қоғамы дамуының ортақ үрдісі Г.Спенсер бойынша қарапайым бөлінбеген тұтастықтан күрделі гетерогенді құрылымдарға өту қозғалысы болды, мұнда неғұрлым маманданған бүтіннің бөлшектері өзара байланыса отырып жеке-жеке салаларға бөлініп кетеді.

Г.Спенсер эволюция мәнін ашу мәселесімен айналысып, оны қарапайымнан күрделіге өту, үдемелі қозғалыс ретінде қарастыра отырып, эволюцияны құлдырау процесіне қарсы қояды. Дәйекті позитивист болған ол материяның барлық түрлеріне (өлі түрінен әлеуметтік түрге дейін) бірдей заңдылықтар болатынын көрсетеді. Ал материяның барлық түрлерінде өтетін өзгерістер мәні мынада деп біледі.

Әр түрлі материалдық денелер бір-біріне қарама-қарсы екі процесте (интеграция және қозғалыс) бірдей өмір сүре алады; бұл арада мынаны ескеру қажет: 1) қозғалыстың жоғалуы (нақты айтқанда, ұштасуы) интеграцияға әкеледі; 2) бірыңғай дененің ыдырауы — кері интеграция — кезінде оның құрамына кірген, ал қазір бөлініп кеткен материалдық бөлшектер қайтадан қозғалысқа түседі. Бір-бірімен антагонистік қатынаста тұрған осы екі процесті Г.Спенсер: 1) эволюция және 2) іріп-шіру деп атайды. Іріп-шіру қозғалыстың босатылуы мен материяның кері интеграциясын білдіреді. Ал эволюция, керісінше, бірігу процесі, материя мен қозғалыстарды байланыстыру интеграциясы болып табылады.

Осы эволюция мен кері интеграция процестерін Г.Спенсер өзінің “Негізгі бастамаларында” материяның біртекті (гомогенді) күйінен әр текті (гетерогенді) күйіне өту нысандарының мысалдарымен көрсетеді.

Жануарлар организмінің өсуі мен эволюциясы, мысалы, оны қоршаған өсімдіктер мен жануарлардың құрамына кіретін түрлі элементтерді сіңіру, өңдеу және қайталама шоғырлану процесінде жүріп отырады.

Осыған ұқсас көптеген процестерді әлеуметтік организмдердің эволюциясы барысында байқауға болады. Г.Спенсер адамзаттың шағын қауымдастықтан бірте-бірте іріленуге қарай интеграциялануының бірқатар мысалдарын келтіреді. Шағын шаруа қожалықтары үлкен феодалдық иеліктерге бірігеді; бұл иеліктер провинцияларға, провинциялар — корольдіктерге, корольдіктер үлкен империяларға бірігеді… Сөйтіп, бұл әлеуметтік байланыстардың күрделіленуімен (сонымен қатар, нығаюымен), басқарудың жаңа органдарының қалыптасып, олардың функцияларының күрделіленуімен қатар жүреді. Эволюция процесін тіл сияқты материалдық емес жүйелердің дамуынан байқауға болады. Қарапайым дыбыстардың сөздерге бірігуі кезінде ауызша тіл мен жазбаша тіл ережелері күрделіленіп дами түседі, сонымен қатар осы күрделіленген жүйе, неғұрлым біріккен, бөлінбейтін тұтас құрылымға айналады. Бұл еңбек құралдарына да қатысты, олардың прогресі қарапайым және көлемі кіші құралдардан күрделі әрі ірі машиналарға өту процесі кезінде жетіле түседі.

Сонымен бірге, қарапайым нәрседен күрделі нәрсеге, бір тектіден әр тектіге өзгере отырып, эволюция белгісіз күйден белгілі күйге де өтеді. Қаңғыбас жабайы тайпалар өзінің тіршілік орындары жағынан да, ішкі құрылысы жағынан да, тайпа мүшелерінің бір-бірімен өзара қарым-қатынастары жағынан да тұрақсыз бола отырып, әлеуметтік эволюция барысында өзінің белгілі бір тіршілік ету орнына, айтарлықтай тармақталған еңбек бөлінісі бар ішкі әлеуметтік құрылымға, отбасында атадан балаға өтіп отыратын еңбек түріне ие болады (отбасының пайда болуының өзі барлық адамдарға ортақ туыстық қатынастар нормаларының орнауымен, мүшелерінің арасына құқықтар мен міндеттер шеңберін белгілеумен байланысты).

Эволюция барысында қозғалыстарды қайта бөлу жетілдіріле түседі. Мәселен, планетаның балқыған массасының құрамына кірген бөлшектер тәртіпсіз, ретсіз қозғалыс күйінде болды. Осы массаның сууына байланысты жіңішке (бірақ бірте-бірте жуандай беретін) қатты қабық пайда болды. Оның қалған бөлшектерінің қозғалысы — көтеру мен түсіру, созылу мен сығылысу – барған сайын реттелген қозғалыстарға айналып, бір қалыпты-тербелмелі сипатқа ие болды. Тура осындай процесс Жердің сұйық және газ тәрізді қабаттарында да болып жатады.

Бұған ұқсас процестер тірі организмдерде де кездесіп отырады. Интеграцияның, әртектілік пен белгілі жәйттің күшеюі кедергілі қозғалыстарды, яғни энергия мен ресурстарды қайта бөлуді қажет етіп, сайып келгенде функциялардың дамуы дегенді құрайды.

Әртектіліктің күшеюінің маңызды көрінісі біртұтастық бөлшектерінің саралануы мен олардың осы шеңберде атқаратын функциялары болып табылады. Бұл аса күрделі, түрлі контекстерде түрлі мағынада түсіндірілетін ұғым. Онтогенезде (яғни, жеке-дара организмнің дамуы процесінде) мұны алғашында бірдей, бір-бірінен ерекшеленбейтін ұрық клеткаларының организмнің функциялары бойынша бір-бірінен ерекшеленген жеке-жеке клеткаларға айналуымен түсіндіреді. Ал филогенезде (организмдердің тұтас түрлерінің тарихи даму процесі) организмдердің біртұтас үлкен тобының (тегінің) көптеген шағын функциялары (түрлері) бойынша ерекшеленетін топтарға бөлінуін білдіретін түрдің пайда болуы деп аталатын процесс ретінде түсіндіріледі. Спенсер әлеуметтік теорияға әлеуметтік саралану ұғымын енгізіп, оны барлық қоғамдық эволюция үшін әмбебап болып табылатын арнайы институттардың пайда болуы мен еңбек бөлінісі процесін сипаттау үшін қолданды.

Г.Спенсердің айтуынша, қоғамның дамуы барысында бір әлеуметтік институттар орындаған әлеуметтік іс-әрекеттер кешені ендігі жерде жаңадан пайда болған немесе бұрыннан бар институттар арасында бөлінеді. Саралану қоғамның әр түрлі бөлшектерінің үдемелі мамандануын білдіреді де, қоғам ішіндегі гетерогендікті көбейте түседі. Мәселен, бұрынғы заманда отбасы репродуктивті, экономи-калық, құрылымдық және аздап саяси функциялар атқарды. Алайда қоғам дамыған сайын, бұрындары бір ғана әлеуметтік институт — отбасы атқарған әлеуметтік іс-әрекеттер кешені ендігі жерде басқа институттар арасында бөліске түседі. Қалай дегенмен де, қазіргі қоғамдарда жұмыс пен білімнің мамандандырылған институттары отбасынан тыс дамуда.

Сонымен, Г.Спенсер эволюция деп аталған процеске мынадай жалпы анықтама береді.

Эволюция дегеніміз — қозғалыстың тармақталуымен қоса жүретін және оның барысында зат белгісіз, байланыссыз әртектілік күйінен белгілі, өзара байланысқан әртекті күйге ететін заттар интегра-циясы, ол зат сақтаған қозғалыс дәл осындай өзгерісті бастан кешіреді.

Жоғарыда айтылғандардан көріп отырғанымыздай, кез келген эволюция материяны соның алдындағы тепе-теңдік, біртекті күйінен шығарып, әртекті бөлшектердің жиынтығына айналдырудан басталады. Алайда мынадай сұрақ тууы мүмкін: эволюция немен аяқталады және осы өзгерістер сайып келгенде қайда ұмтылады? Бұл сұрақтарды біз абстрактілі түрде қарастырсақ та, нақты мысалдарды зерттесек те, түпкі нәтижесі тепе-теңдік күйге қайта оралу болып шығатынына көз жеткіземіз. Агрегаттың прогрессивті өзгерістері бітіп, ол тепе-теңдікке жеткен кезде, бәрібір қоршаған орта ықпалында қала береді. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір оның бөлшектері босап шыққан қозғалыстан көбейіп, олардың арасындағы байланыс әлсірей түседі, бұл кері интеграцияға әкеледі. Барлық интеграцияланған қозғалыстардың соңы өлімге әкеледі. Агрегат бірыңғай тұтастық ретінде өмір сүруін тоқтатады.

Жаңадан өмірге келген жас ғылым, әлеуметтанушы — әсіресе, оның позитивистік нұсқасы – өз әдістерін басқа ғылыми пәндерден ала отырып дамуға мәжбүр болды. Г.Спенсердің заманында мұндай балама механика немесе биология түрінде көрінді. Көптеген әлеуметтік философтар классикалық Ньютон механикасына ден қойды. Позитивизмнің негізгі қағидаларынан бас тартқан олар қоғамда табиғи күштер сияқты күштер мен соларға сәйкес заңдар (тартылыс күші, маятниктің тербелісі, т.б. заңдар) әрекет етуі тиіс деп есептеді. Басқалар болса, керісінше, өз назарын тірі табиғатқа аударып, тірі табиғаттың тіршілік ету мен даму заңдары әлеуметтік тәртіпке жақынырақ деп есептеді. Осы екінші әдіс органикалық аналогия деген атауға ие болды.

Жалпы органикалық ұқсастықтың талдау әдісі ретінде әлеуметтік ғылымдарда өзінің сонау Платоннан бастау алатын ежелгі дәстүрлері бар. Ұқсастық бойынша жүргізілген кез келген ой-тұжырымның мәні мынада: қайсыбір объектіні қарастырудан алынған білім азырақ зерттелген, бірақ біріншісімен өзінің елеулі қасиеттерімен ұқсас басқа объектіге ауысады. Мұндай ой-тұжырымдар ғылыми болжамдардың басты қайнар көздерінің бірі болып табылады. Соның ішінде, зерттеушілер адам қауымдастықтарының басқа тірі организмдермен ұқсастықтарын байқап, осы ұқсастықтарды қолдануға тырысты.

Органикалық ұқсастық әлеуметтік ғылымдарда белгілі бір дәрежеде механикалық ұқсастық мектептеріне қарсы тұрды деп есептеуге болады: біріншісі қоғамды адамның талап-тілегіне, ниеті мен жоспарларына қарамастан өмір сүретін және дамитын табиғи құбылыс ретінде қарастыруға бейім; екіншісі қоғамды адам санасының туындысы деп қарастыруға ұмтылады. Органикалық ұқсастықты кейде консервативтік оймен қабыстырады, себебі олардың тәсілі әлеуметтік процестерді оған еркін араласу көмегімен өзгертпеуді көздейді (ал кейде олай істеу тіпті қауіпті де). Көптеген ойшылдар механикалық ұқсастықты “әлеуметтік инженериямен” ұштастырады. Кез келген механизмнің құрылымы мен әрекет ету принципін осы құрылымдағы әдейі жасалған (яғни адамдар күні бұрын жоспарлаған) өзгерістердің көмегімен зерттеуге, түсінуге және дамытуға болады.

Г.Спенсер бірінші тәсілді — органикалық ұқсастықты дәйекті түрде жақтады. Бұл оның позитивистік ұстанымынан туған еді. Қоғамды организмнің ерекше түрі деп қарастыратынын айта келіп Г.Спенсер былай деп мәлімдейді: “Біз қоғамды ерекше мән ретінде қарастыруға құқылымыз; себебі ол дискретті бірліктерден құралса да, әр қоғамның алып отырған орны шеңберіндегі жалпы ұқсастықтарды ғасырлар бойы және тұтас ұрпақтарда сақтау олардың құрған агрегатының белгілі бір нақтылығын көрсетеді”.

Бұл агрегатты қай тапқа — органикалық немесе органикалық емес тапқа — жатқызу керектігі күдік туғыза қоймас: әрине, органикалық тапқа жатады. “Әлеуметтану негіздері” деген еңбек тарауларының бірі “Қоғам дегеніміз организм” деп аталады. Әлеуметтік және қоғамдық организмдердің ұқсастықтары немен анықталады? Мұндай ұқсас белгілерді көптеп табуға болады. Олардың бастылары мыналар:

1) биологиялық организм сияқты қоғамның көлемі үлкейіп, өседі (органикалық емес агрегаттарда бұлай болмайды);

2) биологиялық және әлеуметтік организмдер өскен сайын өзгеріп, олардың ішкі құрылымы күрделілене түседі;

3) биологиялық организмдерде де, әлеуметтік организмдерде де құрылымның күрделіленуі олардың органдарының әр түрлі функцияларының саралануын тудырады;

4) екінші және үшінші процестер барысында құрылымды құрайтын барлық органдардың өзара әрекеті мен ықпалы дамып күшейеді;

5) қоғамда да, биологиялық организмде де тұтас нәрсе ыдырай бастаған кезде, жеке бөлшектер белгілі бір уақытта өзінің тәуелсіз тіршілігін жалғастыра алады. Сонымен қатар, агрегат өмірін қысқартатын ешбір апат болмаса, тұтас нәрсенің өмірі оның бөлшектерінікінен  ұзақ болады.

Сонымен біз тұтас организмнің өмірі — биологиялық болсын, әлеуметтік болсын — оны құрайтын бөлшектердің өміріне, соларға тәуелді бола тұрса да, солардан түзілетін болса да, оларға мүлдем ұқсамайтынын көреміз. Әйтсе де биологиялық және әлеуметтік организмдердің арасындағы ұқсастығының айқындығы соншалық, оны байқамау мүмкін емес.

Мәселен, жануарлар организмдерінің өсуімен қатар, оның әр түрлі бөлшектерінің бір-біріне мүлдем ұқсамайтынын, ал олардың өзара байланысы күрделілене түсетінін көреміз. Құрылымның прогрессивті саралануымен қатар олардың функцияларының да прогрессивті саралануы байқалады. Осындай жағдай қоғамға да қатысты. Мұнда пайда болатын үстемдік етуші тап басқа таптар мен топтардан ерекшеленіп қана қоймай, олардың іс-әрекетіне бақылау орнататын функцияларды да иеленеді. Кейіннен бұл тап шағын таптарға бөлініп, олардың әрқайсысы бақылаудың түрлі деңгейлеріне және әлеуметтік тіршіліктің түрлі саласына ие болады.

Сонымен қатар, бұл әлі де толық емес ұқсастық. Г.Спенсер биологиялық және әлеуметтік организмдерді теңдестіруге мүлдем болмайтынын көрсетеді. Биологиялық организмдердің жеке бөлшектерінің жиынтығы нақтыны (лат. concretus, тура мағынасында — қоюланған, тығыздалған, біте қайнасқан) құраса, әлеуметтік организмнің — қоғамның — бөлшектері дискретті (лат. dіscretus — бөлшектенген, үзік-үзік) болып келеді: организм құрамына кіретін органдар бір-бірімен үнемі тығыз байланысты; ал қоғамды құрайтын тірі бөлшектер кеңістікте жеке-жеке, бір-біріне жақындаспай еркін жүреді, бұл қоғамды тастап, басқа қауымдастықтың жеке адамдарымен қосылып, басқа қоғам құра алады.

Құрамдас бөлшектердің арасындағы байланыстың өзі биологиялық организмде таза физикалық сипатқа ие. Ал қоғамда жеке бөлшектер бір-бірімен басқаша байланысады, көбінесе қарапайым физикалық дәнекердің көмегімен емес, өзара әрекеттесудің интеллектуалды және эмоционалдық дәнекерлері арқылы байланысады. Бұларды, сондай-ақ өзара әрекеттесудің нәтижелерін Г.Спенсер органикалықтан жоғары өнімдер (superorganic) деп атайды. Олардың ішіндегі ең маңыздысы тіл болып табылады, тіл арқылы қоғамның элементтері мен бөлшектері өзара қатынасқа түсіп, қоғамды құруға себеп болады.

Г.Спенсер екі организм арасынан тағы бір ерекшелікті көрсетеді. Биологиялық организмде (дәлірек айтқанда, жануарларда) сана тұтас агрегаттың шағын бір бөлшегінде шоғырланған. Ал әлеуметтік организмде сана бүкіл агрегатқа бөлінеді, барлық бөлшектерінің бақытты немесе бақытсыздықты сезе алатын бірдей не ұқсас ерекшеліктері бар.

Органикалық ұқсастықты қарастыра отырып, біз мынаны айта аламыз: тірі организмдер өз бастауын кішкентай ұрықтардан алатыны тәрізді, қоғам да адамдар массасымен салыстырғанда түкке тұрмайтын бірлестіктерден бастау алып, біртіндеп өсіп жетіледі.

Г.Спенсердің ойынша, қоғам деген не? Ол бұған былай жауап береді: қоғам — жеке бөлшектерден (dіscrete) құралса да, мейлінше дербес, алайда мейлінше ұзақ және тұрақты — тұтас бір ұрпақтардың өмір бойы, тіпті ғасырлар бойы — бір мекенжайда бірлесіп өмір сүруі белгілі бір ұқсастықтарға алып келетін және өздері жасаған агрегаттың белгілі бір нақтылығын көрсететін нәрсе (entіty).

Басқаша айтқанда, біз адамдардың өзгермелі және кездейсоқ жиынтығынан тұратын қауымды қоғам деп атай алмаймыз, олар тек алғашқы қауымдық тайпаларды құрай алады. Ал қоғам атауын ұзақ уақыт бойы отырықшы өмір сүрген жерде оны құраушы бөлшектер арасында белгілі бір тұрақтылыққа және олардың өзара қарым-қатынастарына алып келетін қауымдастыққа қолдана аламыз.

Тағы бір ескертпе. Өзінің ішкі құрылымы және саралануының деңгейі жағынан күрделі, қоғамдық жәндіктерден (аралар, масалар, құмырсқалар) құралатын агрегаттарды, сыртқы белгілері бойынша әлеуметтік агрегаттарға ұқсас болса да, қоғаммен қатар қоюға болмайды. Себебі олар туыстық жағынан бір-біріне тәуелсіз, дербес жеке адамдардың бірлестіктері емес. Олардың барлығы бір анадан туғандардың бірлестігін құрайды. Құмырсқа немесе ара өз ұяларын тастап, басқа ұяға қосыла алмайды, өйткені оларды міндетті түрде өлтіріп тастайды. Сол сияқты олар шағын топтар құра алмайды және жеке өмір сүре алмайды. Бұл тұрғыда араның ұясын, құмырсқаның илеуін немесе масаның ұясын тұтас нәрсе ретінде, ал олардың бөлшектерін аз да болса кеңістікте бөлініп жүрген организм деп қарастыруға болады.

Ал енді қоғамда өтіп жатқан процестердің негізгі факторлары қандай? Г.Спенсер оларды негізгі және қайталама деп бөледі. Өз кезегінде негізгі факторларды ол сыртқы және ішкі деп бөледі. Сыртқы факторларға климат, жер беті рельефінің сипаты, оның флорасы мен фаунасы жатады. Ішкі факторларға қоғамды құраушы әлеуметтік бірлік — жеке адамдардың интеллектуалдық және эмоционалдық қасиеттері жатады. Қайталама немесе туынды факторлар — әлеуметтік эволюция процесінен туындайтын, алайда кейін оған ықпалын жүргізе бастайтын факторлар. Мәселен, ормандарды отаудың, далаларды су басудың, топырақты кептірудің зардаптары, өсімдік пен жануарлар дүниесіндегі түрлі өзгерістер адамдардың нысаналы (бірақ әрдайым ұтымды болмайтын) іс-әрекеттерінен туындайды.

Г.Спенсер қоғамның өсуін әлеуметтік дамудың негізгі факторларының біріне жатқызады, әлеуметтік эволюцияның себебі де, салдары да содан туындайды. Шынында да, еңбек бөлінісі жеке адамдар санының аз болуына және олардың атқаратын функцияларының шектеулілігіне байланысты шағын қоғамдарда терең дами алмайды. Сонымен бірге, адамзат қауымдастықтары өскен сайын, олардың бір-біріне ықпалы күшейе түседі — ол не әскери қақтығыстар арқылы, не сауда-өнеркәсіп қатынастарының күшеюі арқылы жүреді. Тұрақты түрде жинақталып, күрделілене түсетін органикалық өнімдер – заттай да, сондай-ақ таза рухани өнімдер де бірте-бірте, әлеуметтік өзгерістердің маңызды себептері бола бастайды.

Г.Спенсердің ойынша, қоғамдардың өсуі кейде бірге, кейде бөлек болатын екі процесс есебінен жүреді: (1) қоғам мүшелерінің жәй көбеюі олардың санының өсуіне – өсудің ішкі факторына, (2) әртүрлі, бастапқы дербес топтардың үлкен топтарға бірігуіне алып келеді. Г.Спенсердің ойынша, екінші процесс кеңінен таралған, себебі алғашқы қауымды қоғамдық топ жәй көбею арқылы ешқашан санын өсіре алмайды. Әдетте, үлкен қауымдастықтар шағын топтардың аса ірі (кейде ерікті түрде, көбіне мәжбүрлеп, күшпен) топтарға бірігуі жолымен құрылады да, әдетте бұдан эволюция процесі тек ұтатын болады.

Түптеп келгенде, адамдар белгілі бір ортақ мақсаттарға қол жеткізу үшін әлеуметтік құрылымдарға бірігеді, бұл бір есептен қоғамның мақсатына айналады. Бір қоғамның екіншісінен айырмашылықтарының бірі осынау ортақ мақсаттарға жету жолында адамдардың бірігуі ерікті бола ма, әлде мәжбүрлі бола ма деген фактіге саяды. Мұндай айырмашылық, Г.Спенсердің ойынша, қоғамның қарама-қайшы екі типін – “әскери” және “өнеркәсіптік” типін айқындайды. Конттың да осындай қарама-қайшылықты көрсеткені мәлім. Алайда Конт әскери қоғамды — өткен кезең, әлеуметтік эволюция деңгейі өнеркәсіптік қоғаммен салыстырғанда төмен äåï åñåïòåñå, ал Г.Спенсердің ойынша, әскери қоғам белгілі бір жағдайда қайта-қайта пайда болып отыруы мүмкін. Қоғамның “әскери” және “өнеркәсіптік” түрлерінің қарама-қайшылығы екі типтік қоғамның интегралдық сипаттамасы салдарынан ғана пайда болмайды, олардың жеке бөлшектері дамуының ерекшеліктеріне байланысты, күрделі әлеуметтік үрдістерді бейнелейді. Сонымен қатар, кез келген қоғамды оның билеуші ортасы ұстанған агрессиялық ниеттеріне қарап әскери типке жатқызуға болмайды. “Әскери қоғамда әскер — жұмылдырылған халық, ал халық — дем алушы әскер, сондықтан мұнда әскер мен халықтың құрылымы бірдей.

Г.Спенсердің ойынша, әлеуметтік организм үш негізгі органдар (институттар) жүйесіне бөлінеді: реттеуші (басқарушы), өндірістік (қолдаушы) және реттеп-таратушы (қатынас жолдары, көлік, сауда, т.б.). Реттеуші жүйеге талдау жасау кезінде ол әлеуметтік бақылау механизмдеріне баса назар аударады; бұл ретте ол тек саяси басқаруды ғана қарастырады. Түптеп келгенде, оның ойынша, бүкіл әлеуметтік бақылауды үрей мен қорқыныш билейді. Саяси бақылау мен мемлекеттік билік тірілерден үрейленсе, діни бақылау — шіркеу билігі өлілерден үрейленді. Осы екі әлеуметтік институт алғашқы қауымдық қоғамда өмір сүрген қарапайым түрінде қалыптасып, біртіндеп дами түскен. Ал адамдардың күнделікті қам-қарекетін алатын болсақ, оларда әлеуметтік бақылау “салтанатты” институттар арқылы жүзеге асырылып, тиімді функциялар атқарады.

Г.Спенсердің философиялық-этикалық көзқарастар жүйесінің негізгі ерекшеліктерінің бірін алсақ, ол дербес құндылық ретіндегі жеке адам еркіндігі идеясын дәйекті түрде жақтады. Оның ойынша, қоғам жеке адамдар үшін өмір сүреді. Ол қоғамның қарқынды дамуының шарты жеке адамдардың барлығына тең еркіндік принципінің орнығуы деп есептеді, мұндай еркіндік басқа жеке адамдардың еркіндігін, қоғамның барлық мүшелерінің және әлеуметтік топтарының саяси шешім қабылдауға тең ықпалдылығын, сондай-ақ еркін бәсекелестікті қамтамасыз ету мүмкіндіктерімен ғана шектелуі керек.

Осындай сенімге орай, Г.Спенсер социализмді жарамсыз деп есептеді, мұндай құрылым, оның пікірінше, өзінің кез келген нысанында құлдықты білдіреді. Құлға тән қандай белгілер бар? Ең алдымен, ол өз еркінсіз, мәжбүрлеу арқылы жұмыс істейді, бұл жерде оның иесі адам ба, әлде мемлекет пе бәрібір. Егер ол өзінің бүкіл еңбегін қоғамға беріп, ал өзі қоғам тағайындаған нәрсені ғана алса, онда ол — қоғамның құлы. Г.Спенсер социализмнен әділетті ұстаным тұрғысынан да, таза пайдақорлық ұғым тұрғысынан да бас тартты. Оның ойынша, қоғамда социалистік тәртіп орнату әскери деспотизмнің қатаң нысанының орнауына алып келеді. “Менің социализмнен бас тартуым, — дейді ол, — оның орнауы күшті мемлекеттердің дамуын тоқтатып, әлсіз мемлекетті әлсіретіп жібереді деген тұжырымға негізделеді. Әлеуметтік өмірді ұйымдастыру арқылы адам табиғатын баяу дамытудан басқа ешнәрсе де жақсы өзгерістер жасай алмайды”.

Г.Спенсер социализмнің қынжыларлық салдарын көре білді, адамзат үшін оны үлкен бақытсыздық деп санады. Сонымен қатар социализмнің сөзсіз келетініне сенді — қазіргі қоғамдардың даму үрдісі осыған меңзеді. Г.Спенсер 1903 жылға дейін өмір сүрді және оның батыс қоғамдарын социализм жолына түсуге итермелеген қоғамдық қозғалыстар қуатының нығаюын өз көзімен көруге мүмкіндігі болған еді.

Дарашылдықты әлеуметтік жүйе эволюциясының органикалық үлгісімен үйлестіру Г.Спенсер әлеуметтануының ерекше белгісі еді. Биологияның табиғи сұрыпталу теориясының ықпалымен Г.Спенсер әлеуметтік эволюцияны түсіндірудің екі түрлі нұсқасын қолданады. Біріншісінде, ол әлеуметтік жүйелердің организмдер сияқты өзінің қоршаған ортасына ішкі саралануы мен ықпалдасу процесі арқылы бейімделетінін айтты. Екіншісіне сәйкес эволюциялық прогресс біртекті, қарапайым “әскери” қоғамнан күрделі, гетерогенді, индустриалды қоғамға өтеді.

Г.Спенсердің өз әлеуметтануынан шығарған саяси доктринасының мәні мынада: әлеуметтік жоспарлау, әлеуметтік ауқаттылықты орталықтандыру және қоғамдық процестерге мемлекеттің араласуы индустриалдық қоғамда жеке бостандыққа кепілдік беретін әлеуметтік эволюция мен прогреске кедергі келтіреді. Г.Спенсердің әлеуметтануын көбінесе “неғұрлым бейімділердің тірі қалуы” принципімен және әлеуметтік-дарвинизммен үйлестіреді, алайда оның өзі бәсекелестік күрес тек ертедегі әскери қоғамдарда үстемдік еткен деп санады. Дамыған индустриалды қоғам агрессия мен жанжалдан гөрі ынтымақтастыққа, ой-пікірге және альтруизмге жүгінеді.

Ғылымға қазіргі мағынасындағы “эволюция” терминін енгізгеннен басқа Герберт Спенсер жалпы ғылыми әлеуметтану парадигмасының қалыптасуына қандай жаңалықтар енгізді? Біріншіден, Г.Спенсер қоғамдық құбылыстарды талдауда эволюциялық әдіс қолданды. Екіншіден, ол эволюция идеясының жануарлар-өсімдіктер әлемі мен қоғамға ғана емес, сонымен бірге органикалық емес табиғатқа да қолданылатынын көрсетті — бұл идея геологияда жақсы дамыды. Ал үшіншіден, эволюциялық әдіске сүйене отырып, Г.Спенсер Еуропада жаңа заманнан бері қалыптасқан прогресс өлшемдері жөніндегі түсінікті қайта қарастырып, әлеуметтанудың ғана емес, сондай-ақ жүйелі талдаудың қалыптасуына да маңызды рөл атқарған прогресс-эволюцияның өзіндік тұжырымдамасын жасады.

Кеңестік кезеңдегі қоғамдық ғылымның дамуында Г.Спенсер шеттетілді. Оның еңбектері орыс тілінде басылмады; оның идеялары және тіпті аты да әлеуметтік-саяси пәндердің бағдарламаларынан алынып тасталды. Бұл бір жағынан заңдылық болып табылады: өйткені, оның идеялары большевиктердің “әлеуметтік инженерияға” сүйенген қоғамды қайта орнату жобаларына мүлдем қайшы келді. Әрине, аса көрнекті ағылшын әлеуметтанушысының шығармашылығында қарама-қайшылықтар бар, барлығы бірдей жақсы дей алмаймыз, оның айтқандарының бәрімен келісуге болмайды, алайда Г.Спенсерсіз, оның идеяларынсыз әлеуметтік ғылымның жұтаңданып қалатынын мойындау қажет.