АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Реферат. Халық педагогикасының асыл а р н а л а р ы

Халық педагогикасының асыл а р н а л а р ы

 

Жоспары:

 

  1. Халық педагогикасының асыл арнасы — халық ауыз әдебиеті.
  2. Ертегілер – халықтық тәрбие жүйесінде.
  3. Фольклор халық педагогикасының объектісі.
  4. Мақал-мәтел — халықтық тәрбие жүйесінде.

 

  1. Халық педагогикасының асыл арнасы — халық ауыз әдебиеті

Қазақ халқының ауыз әдебиеті өлшеусіз бай. Батырлық дастандар мен лирикалық поэмалар, толғаулар мен жырлар, мақалдар мен мәтелдер, ертегілер мен аңыздар, жұмбақ-жаңылтпаштар, айтыс өнері — халықтық педагогикадан бастау алатын атадан-балаға, ауыздан-ауызға беріліп келе жатқан мұралар.

Халық ауыз әдебиетінің негізгі түрлері:

а/ Тұрмыс-салт жырлары;

ә/ мақал-мәтелдер;

б/ ертегілер;

в/ эпостық жырлар;

г/ лиро-эпостық жырлар;

д/ айтыс өлеңдер;

ж/ тарихи жырлар.

Қазақ халқы шығыс халықтарының ішінде ауыз әдебиетіне ерекше бай, өзіндік ерекшелігі бар халық. Мысалы, басқа шығыс халқында кездеспейтін ауыз әдебиетінің үлгілері — айтыс өнері, терме, тұрмыс-салт өлеңдері, шешендік сөздер.

«Қазығұрттың басында кеме калған, Ол әулие болмаса неге қалған». Бұл рухани мұраларда тәрбиелік, өнегелік мәні аса ауқымды небір ойлар мен тұжырымдар жинақталған. Халқымыз халықтық педагогика негізінде діннің қоғамдық өмірге қатысын, халық психологиясы мен мінез-құлқын немесе, сонымен қатар өз тарихын, тәрбие жүйесің рухани дәстүрін білдіреді. Ертеде қазақ халқының жазу-сызуы болмаған кезде педагогикалық идеялар ұрпақтан-ұрпаққа тек қана халық ауыз әдебиетінің үлгілері арқылы таралған болатын.

XIX ғасырға дейін жазуы кенже дамыған қазақ халқы үшін өмірде көркем өдебиетте, білім де-ауыз әдебиеті болды. Халықтың бүкіл тіршілігі әлеуметтік экономикалық өмірі — ауыз әдебиетінен мол көрініс тапты.

Қазақ халқының ауыз әдебиеті- сан ғасырдың жемісі. Оның түп-төркіні сонау патриархалдық-рулық заманнан басталады.

Ауыз әдебиетінің барлық жанры тұрмыс-салт жырлары, ертегілер, эпостық, лиро-эпостық жырлар, негізінен сол заманнан келеді.

Халық ауыз әдебиетінің үлгілері: ертегі, жыр, аңыз, мақал-мәтелдер, жаңылтпаш айтыс түрлері және т.б.

Ауыз әдебиеті — талай ғасыр жемісі халық жырлары, жыраулары, жыршылары, ертекшілері сонау ықылым заманнан өзінін асыл қазынасы ретінде сабақтасып ұрпақтан-ұрпаққа мұра етіп бүгінгі біздің дәуірімізге жеткен.

Әдебиеттік жағынан алғанда қазақтың әдебиеті әр алуан, Өркениетті мәдениетгі елдердегідей мектеп, халық ағарту жүйесі, институт, университет, баспасөз болмаған, дамымаған кездері ата бабаларымыз жас ұрпаққа ұсынар тағылымын бір буыннан екінші буынға толқындай ауыстырып, мирас еткен аса бай ауыз әдебиетіне шоғырландырылған.

Ал енді біз қазақ ауыз әдебиетінің: бесік жыры, жаңылтпаш және жұмбақтардың этно-педагогикалық мәнін қарастырайық.

  1. Бесік жырының тәрбиелік мәні

Тұрмыс салт әуендерімен айтылатын бесік жыры бөбекті жұбату үшін ғана шығарылған емес.

Біріншіден, бесік жырынын ырғағы тәрбиесіне сәйкес келетін сабырлы екпінде айтылатын қоңыржай әуен бөбектің сезім мүшелерімен арқылы оған сүйкімді сүйсінерлік әсер етіп жан-жүйесін жадыратады, яғни ұнады әнмен баланы жұбатады.

Екіншіден, баланың келешегінен үміт артып, тілек айта отырып, оны жұбатушы ана оның болашақтың шамшырағымен нұр сәулесінен қуат алғандай әсер етеді.

Үшіншіден, ата-ана жатқа айтқан әуендерді тілі шыққан балдырғандарда жаттап әрі тілі дамиды, әрі сол сөздерден тәлім алады.

Бесік жырларын мазмұнына қарай: шілдехана, бесік тойы, жұбату және тілек айту деп топтауға болады.

Бесікке бөлеу жыры, нәрестені бесікке алғанда, қуаныш тілек ретінде, көбінесе көңілді, әуенді әуенмен айтылады.

Мойнымдағы маржаным,

Қорадағы мал-жаным:

Бесігіңе жата ғой.

Тәтті ұйқыға бата ғой

…………….. болсын есімің

Құтты болсын бесігің.

Бұның психологиялық-медициналық мәні өте зор. Әуен бөбек жанына дем береді.

  1. Жаңылтпаштардың тәрбиелік мәні

Халық баланың тілін ширату үшін, оған сөз үйретіп, дүниетанымын дамыту мақсатында жаңылтпаштар ойлап шығарылған.

Жаңылтпаштарды жаттап, жаттыға айту арқылы баланың тілін ардақтау, ой-қиялы дамиды, тәлім алады.

Жаңылтпаштарды халық бала психологиясы мен тілінде болатын мүкістерде сәйкес шығарған.

Халық педагогикасының бұл саласын қазақ ақындары дамыта түсті. Олардың бір ерекшіліктері жаңылтпаштар көбінесе, әрі тіл ширату, әрі дүние таныту, арі білім беру, тәрбиелеу:

Мысалы,

Тілалғыш Бек

— Тіл алғыш, — деп

Мақтасақ біз

Біз алғыс деп, —

Білімділікке тәрбиелеи, бүлдіршінге сүйіспеншілік білдірсе:

Бөдене — бедеде,

Көбелек — көдеде

Бедені — беде де,

Көдені — көде де, —

деген жаңылтпаш арқылы «б», «к», «д» дыбыстарын айқын айтуға жаттықтырса, әрі «бөдене», «беде», «көбелек», «көде» деген сөздердің мағынасын жақсы ұғындыруды мақсат тұтады.

Жаңылтпаштар тек балалардың тілін ширату ғана қолданылмайды, сонымен қатар жаңылтпаш айтысып, тіл ұстартуды үлкендер салтқа айналдырған болатын.

  1. Жұмбақтың дүниетанымдық, тәрбиелік мәні

Халқымыз жұмбақтарды нақты бір зат туралы тұспалдап, ұқсатып, бейнелеп айту арқылы баланы ойлату, танымдық білімділік ұғымдармен дүниетанымдық дәрежесін дәрежесін, ой-қиял елегінен өткізіп, тұжырым жасап шешімге келуге тапқырлық дәрежесін байқау үшін шығарған.

Ертегі жұмбақтар:

Апан, апан –

Ескі шапан,

Иір қобыз,

Жарық жұлдыз,

/түйе/

сияқты, көбінесе мал шаруашылығына байланысты және:

Сүмбіл теректі,

Жасыл желекті,

Ерден қалмайды,

Жауға керекті

/найза/

сияқты қару-жарақ, құрал-саймандар туралы болған.

Жұмбақтарды Аристотель «Жан жақты жымдасқан метафора» дейді. Яғни заттарды бейнелеп, балалар сипаттау арқылы ұқсас заттардың қасиетімен түріне, аумағына, көлеміне зер салып, жұмбақты шешуші жұмбақты шешеді, әр заттарды салыстыра көз алдына елестетіп, дүние қабілетіне арттырады.

Жұмбақтар көбінесе үйлесімді ұйқасып әсем де, ырғақты өлеңдермен құралады. Қара сөздермен жазылатын жұмбақтар да бар, «Отқа жанбас, суға батпас» /мұз/ айтыс түрінде құралған, яғни айтыс жұмбақтарын екі ақын шығарып бірі өлеңмен жұмбақ айтса, екіншісі сол жұмбақпен шешуін шешеді.

Жұмбақтардың дүниетанымдық, ой дамытарлық мәнімен қатар, тәрбиелік мәніде ерекше. Өйткені жұмбақ айтысу, жұмбақтарды жаттау кезінде тәрбиеленуші өзінің дәрежесін байқап көп білуге талпынады, ынта жігері артады, жауапкершілікке бейімделіп, өнерге талпынушылығы артады.

ІІ. Ертегілер — халықтық тәрбие жүйесінде

Халық педагогтары бала тәрбиесіндегі ертегінің алатын орны жөніндегі түсінігі:.

  1. Халқымның тіл байлығын жоғалтпай тіл ұштауға қажет екені түсінген.
  2. Жазба әдебиеті жоқ жердегі ертегі баланың қиялын рухын тәрбиелеп, қиялдандыруға, жүйелі түрде сөйлей білуге баулитындығын түсінген.
  3. Халқымның ой-өрісінен, салт-санасынан дерек беретінін ұғынған

Сондықтан халық арасында арнайы ертегі айтатын ертекшілер болған. Олар әңгімесін мәнерлеп тыңдаушыны қызықтыру жағын қарастырған.

Мысалы, Ертек-ертек ерте екен,

                Ешкі жүні келте екен,

                Қырғауыл жүні қызыл екен,

                Құйрық жүні ұзын екен,

                Мұзға мінген екен,

Бұты сынған екен, — тақпақтап бастап қызықтыра бастады, ертегі айтушының тілі, үні, дауыс интонациясын қоя беру шеберлігі көңіл аударғанын көреміз.

Қазақ ертегілері, /4 мыңға жуық/ сан алуан.

Оларды: хайуанаттар туралы, қиял ғажайып ертегілер, тұрмыс салт ертегілер, батырлық күлдіргі болып бірнеше топқа бөледі.

Хайуанаттар туралы ертегілер, көне заманда елдің және аңдардың, малдың киесі бар деген, сенім қалыптасқан кезде пайда болған, (Ақ қасқыр, Шопан ата, Шек-Шек ата, Ойсыл ата, Зеңгі баба, Қамбар ата т.б.), ол дами келе, тыңдаушыны қуантатын, көңілдіретін ертегілермен толысты. Қазіргі хайуанаттар ертегілерінде космоска ұшып жүрген («Бәтіңке, шұжық, балқаймақ») хайуанаттармен төрт түлікті көреміз.

Қиял-тжайып ертегілері — ертегілердің ішіндегі баланың қиялын шарықтатып, балалық шақтың болашағын елестетіп, келешекке сеніммен қарауға тәрбиелейтін ең әсерлі ертегілер. Ертеде «Ұшқыш кілем» ойлап шығарған халық енді «Зымыранның» өмірде бар екенін тілге тиек етіп, жұлдыздармен планеталарды еркін аралайтын алыптар туралы ертегілер шығарды. Мұндай ертегілердің көбісі ғылым болжамдарына сәйкестіріліп шығарылады. Сондықтан олардың ғылыми фантастикалық ертегілер деп атауға болады.

Тұрмыс-салтқа байланысты ертегілер халықтың тарихи талаптарына байланысты туған. Онда бай баласымен жарлы баласының таптық айырмашылықтары сөз болады, ақылды кедей мен сараң бай, қанағатсыз саудагер, ақымақ хан мен ақылды шаруаның іс-әрекеттері, мінез қылықтары суреттеледі.

Батырлық ертегілерде елін қорғап, халық қадірлеген ерлердің таң ғажайып әрекеттері баяндалады. («Күн астындағы Күнекей қыз» ,»Ер Төстік», «Керқұла атты Кендебай»т.б.) олардың еңбектерімен ерліктері, адамгершілік іс-әрекеттері кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етіп айтылады.

Аңыз ертегілер, негізінен «Алдар Көсе», Қожанасыр есімдерімен байланысты, ондағы кейіпкер Сараң бай, Зұлым хан, Қаніпезер уәзір, қуақы құл, еріксіз қыз, еңіреп туған ер азамат болып келеді. Онда зұлымдықты тапқырлық жеңіп отырады.

Ертегінің қандай түрі болсада бала жанына жақын, баланың қиялын, ойын өрге сүйрететін, еңбек сүйгіш, қолынан келмейтін өнері жоқ, өнегелі,» жеті қырлы, бір сырлы» — болуға тәрбиелейді.

ІІІ. Фольклор-халық педагогикасының объектісі

«Ұлы сөзден ұлағат», демекші халық педагогикасының нәрімен суырылып, өзінін тәрбиелік нәрін күні бүгінге дейін жоғалтпай келе жатқан бірден-бір киелі мұра — фольклор.

Соңғы кезде фольклор термині «Халық ауыз әдебиеті», деген өзінің бір кездегі ұғымы, шеберін кеңейтіп, халық өнерінін музыка, қолданбалы өнер, халық ойындары сияқты салаларын толық қамтиды.

Халық педаогикасында атадан балаға жетіп отыратын, ел аузында сақталып келген көркем сөз өнерін, оның айтылуы және орындалуы ерекшеліктерін — фольклор деп атайды.

В.Г.Белинский «Фольклорда даңқты есімдер «болмайды» ондағы көркем сөз авторы әркез халық — деген тұжырым жасайды.

Халық поэзисын көпшілігі өзі тудырғандықтан, ол елдің тұрмыс тіршілігімен тығыз байланыста болған.

Әр ел өз басынан өткерген уақиғаларды құмарта жырлайды. Сол жырларға қарап елдің әдеп ғұрпын, ой санасымен түрлі сезімдерін дәл танып білуге болады. Сонымен қатар фольклорлық шығармаларынан халық тағдыры, оның өмірде көрген қайғы қасіреттері мен мұң зары, келешектен күткен арман-тілектері айқын көрінісін тапқан. Әрбір айтушы импровизатор өз тыңдаушысына ұстаздық жасап, олардың түйсік сезімін киелі ой-ниеттерге бастап отырған.

Ғылымда халық поэзиясын «Фольклор», ал оның зерттейтін ғылым саласын «Фольклористика» деп атайды.

Неміс ғылымы И.Ф.Кнафльдің анықтауынша фольклор — халық даналығы деген ұғымды білдіреді. Ағылшын ғалымы У.Дж.Томс та бұл пікірді дамыта түскен.

Ол — бүл фольклор ел арасында туған өлең, жыр, ертегі аңыз, түрлі наным-сенімдерді анықтайтын термин ретінде пайдалануды ұсынған.

Фольклор шығармаларының ерекшелігі, тәрбиелік қасиеті — ол қоғам дамуының әртүрлі сатысында, негізінде еңбек процесінде жасалатын болғандықтан, пессимизм (тұңғиыққа кету) дегенді білмейді. Оның бас кейіпкері көбіне мұрат-мақсаттарына жетіп отырады. Мұны фольклорға тән оптимизм дейміз. (Әбілова З.Ә., Қалиева К.М. Этнопедагогика оқулығы, А., 1993. 1026.)

Қазақ фольклорында бала бағу, бала асырау, қыз ұзату, жаназалау, бақсылық нанымына, діни әдет-ғұрыпқа байланысты туған салт өлеңдерді тұрмыс салт жырлары деп атайды. Мұны мазмұны мен тақырыбына қарай бірнеше түрге бөлуге болады.

  1. Төрт түлік мал туралы;
  2. Діни әдет-ғұрып тудырған жырлар /жарапазан, бәдік/;
  3. Үйлену жырлары /той бастар, жар-жар, сыңсу, жұбату, беташар/;
  4. Ұлыс жырлары;
  5. Бөбек жырлары;
  6. Жаназалау жырлары /естірту, қоштасу, жоқтау/;
  7. Шешендік сөздер, мақал-мәтел, жұмбақтар.

Қазақ халқы да өзгеше халықтар сияқты атам заманнан қорланып, сұрыптала сұлуланып, жинала сақталып, бүгінгі күнге жеткен көл-көсір фольклоры бар халық.

ІҮ. Мақал-мәтел- халықтық тәрбие жүйесінде

Алдымен, мақал-мәтел дегеннің анықтамасына тоқталайық.

Мақал дегеніміз — өмір құбылыстарын жинақтайтын және типтендіретін, бір немесе екі бөлімнен құралып, алдыңғысында шарт немесе жалпы пайымдау, соңғысында қорытынды, түйінді пікір айтатын бітімі бекем, өте ықшам, бейнелі, әрі ырғақты халық нақылы. Мәселен, «Мезгілі жетсе, мұзда ерір», «Ер жігіт үйде туып, түзде өлер».

Мақалдарда бір-біріне қарама-қарсы ұғымдар мен нәрселерді салыстыру арқылы ой-пікірді айқындай түсу тәсілі басым келеді. Мақал тендестіруге құрылады. Мысалы, «Біреуі тойып секіреді, біреу тоңып секіреді», «Ер жігіттің екі сөйлегені — өлгені, еменнің иілгені сынағаны». Осы келтірілген мақалдардың өзінен өмір құбылыстары типтендіріліп, дәлелдеу мен қорытынды пікір бірдей жүріп отыратындығын байқаймыз.

Мақалдар — нақыл, өсиет түрінде айтылатын философиялық ой түйіндері, сөз мәйегі.

«Сөз асылы мақал» — дейді халық. Мақал-мәтелдер — ғасырлар шежіресі. Онда халық тарихы, оның әлеуметтік тіршілігі, ақыл өнегесі мол көрініс тапқан.

Мәтел дегеніміз — халық арасына көп тараған, қорытындысы болмайтын, тұжырымы тиянақталмаған, қарама-қарсы теңдестіруі жоқ, ықшам кестелі халық сөзі.

Мәтелдер, негізінен, тұжырым тұспалы өлеңде сыңар тармақты, қара созде нұсқалы сөз ретінде айтылады. Мысалы, «Өлең сөздің патшасы», «Қызым, саған айтам, келінім, сен тыңда «, т.б. Мәтелдер де тура мағынада «Қадіріңді білгенге жұмса» — деп және ауыспалы мағынада «Тікен гүлін қорғайды » — деп айтылады.

Ғұлама ғалым Әбу Ибрахим Исқақ Әл-фараби ол жөнінде былай дейді: «Мақал өзінің формасы жағынан болсын ақ сүйектер мен қарапайым бұқараның да қажетін атқарады. Сол себепті де ол халық арасында көп тараған. Қуаныш пен қайғылы сәттерде де ол ауызға ілігеді. Сол арқылы сараңдықты жомарттыққа итермелейді. Соның көмегімен (халық) мақсатына жетіп, меңзеген қайғы мұңынан құтылады. Бұл өзі бір өтімді де ұтымды, нағыз даналық десе даналық. Өйткені, жұрт кемеліне келген, кемшілік, мінсіз әдемі нәрсені ғана қабыл алуы мүмкін.

Әр халықтың мақал-мәтелі сол халықтың өзі жасаған логикалық формуласы, ережесі, ол кез-келген оқиғаның, мәселенің тұсында еске түседі, оралады. Сөйтіп, көп ойлануды, ұзақ баяндауды керек етеді. Қиын нәрсені жеп-жеңіл, оп-оңай бір ғана сөзбен түсіндіреді, ұғындырады. Туған елдің қадір-қасиеті туралы балаға ұзақ әңгімелемей-ақ «Ел іші алтын бесік», «Кісі елінде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген сияқты екі-үш ауыз сөзбен Отан қадірін түсіндіруге болады.

Мақал-мәтел-егіз жанр, туыс жанр.

Дегенмен мағынасына, құрылысына, атқаратын қызметіне қарағанда өзіндік айырмашылығы бар. Мақал аяқталған бір тиянақты ойды білдіреді, өз алдына тұрып та дербес мағына береді. Мысалы: «Талмасқа құйма, таймасқа берме»?.

Мақал-мәтелдер ой дәлдігімен, терендігімен, шыдамдылығымен ерекшеленеді. Онда өмірдің сан алуан құбылыстарына баға беріп, үлкен түйін жасалады, ғасырлар бойғы тәжірибесі қорытындылады.

Мақалды айтушылар да, тұтынушылар да халық. Сондықтан мақал халық тәжірибесінің тыныс-тіршілігі.

«Түйеге мінген қазақ төрт ауыз өлең біледі» дегендей, философиялық мәні бар мақал-мәтелді қолданып сөйлеу ерте кезден бері қарай қазақ халқының психологиясына сіңісіп, әдет болған. Онда ел, халық, отан, бірлік, өнер, білім, еңбек, жанұя, бала тәрбиесі, төрт түлік мал, жан-жануар, ас-қасық, ауру-сырқау, дау-шара, жақсылық пен жамандық, адамгершілік парыз жайында айтылған, өнегелі сөз көп. «Туған жерге туын тік», «Ер өзі үшін туады, елі үшін өледі», «Ел іші алтын бесік» деген мақалдар елдікті білдірсе, «Ырыс алды ынтымак,», «Бірлік болмай тірлік болмас» деген мақалдар халық бірлігіне, ынтымағына ұласады.

Мақал-мәтелдер — халық творчествосының төл жемісі, халықтың моральдық кодексі, тәрбие теориясы. «Адамға өткен дәуірдің бәрі сабақ». Олай болса, заманалар тәжірибесінен сұрыпталған тұжырымдар кейінгі ұрпаққа кітап сөзіндей аса қымбат болғаны да, болатыны осында. Мақал мәтелдерді көне түркі тілінде аталар сөзі деп те атайды, яғни бұл атадан балаға мирас болып келе жатқан қазына.

Мәтел құбылысы ойды түйіндеу жағынан мақалдан өзгеше. «Әлін білмеген әлек», «Көппен көрген ұлы той» деген мәтелдерде тұспал ғана бар, мағына ашық емес, қорытынды пікір жоқ. Осы бейнелі сөз айшығы арқылы берілген ойды тыңдаушы өзі топшылайды, мәтелде дәлелдеу де, тиянақты тұжырым да болмайды.

Мақал-мәтелдердің тақырыптары әр алуан. Ол халықтың әлеуметтік, моральдық, рухани өмірін түгел қамтиды. Мақал-мәтелдің басты-басты тақырыптары — отан, туған жер, атамекенге байланысты. Елін, Отанын шексіз сүюді ұрпағына өсиет еткен. Халықтың туған жеріне, атамекеніне, Отанына, еліне деген сүйіспеншілігі терең түйінделген. Мысалы, «Ел-елдің бәрі жанры, өз елің бәрінен жақсы», «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас», «Өз елің алтын бесік», «Өз елім — өлең төсегім», «Ер жігіт ел үшін туады, ел үшін өледі «т.б.

Еңбекке байланысты. Халық еңбекті ер уақытта ардақтап, бүкіл игіліктің кезі деп білген. Халық еңбек пен уақытты егіз деп қараған. Сонымен қатар халық еріншекпен, жалқаулықты шеней отырып, еңбек адамды биіктеткен. Мысалы: «Еңбек түбі — береке, көптің түбі — мереке», «Еңбек етсең емерсің», «Ер дәулеті — еңбек», «Бейнет, бейнет түбі зейнет», «Еңбек ет те, егін ек — жарымасаң маған кел, белді бу да бейнет қыл — байымасаң маған кел», «Еңбегіңе қарай —құрмет, жасыңа қарай — ізет», «Еңбек — ерлікке жеткізер, ерлік — елдікке жеткізер», «Еңбек еткен — мұратқа жеткен», «Жұмысы жоқтың — ырысы жоқ», «Жақсы болар жігіттің жұмыссыз жүрген күні жоқ, жаман болар жігіттің еш жұмысқа қыры жоқ…» т.б.

Ерлікке, батырлыққа байланысты. Халық ерлік пен елдікті бірдей көрген. Мақал мен мәтелдерде ер мен ез, батыр мен қорқақ қатар айтылады. Сөйтіп, елден туған ерді үлгі-өнеге етеді, қоян жүрек қорқақты сынайды. Жастарды ерлікке баулуды мақсат етеді. Мысалы: «Батыр туса ел ырысы, жаңбыр жауса жер ырысы», «Ер бір рет өледі, ез мың рет өледі», «Ер — елімен жақсы», «Елі жоқ — ел жетім», … т.б.

Ынтымақ, бірлікке байланысты. Халық байлықты да, ырыс-берекені де, елдікті де, күшті де, бірлікте деген үлкен түйін жасаған. «Байлық-байлық емес, бірлік байлық«, «Ынтымақ жүрген жерде ырыс бірге жүреді», «Ер ынтымақты елде жоқшылық болмайды»,… т.б.

Оқу, өнер-білім, ғылымға байланысты.

Халық олардың қоғамдық өмірдегі орнын ерекше бағалаған. Адамзат баласының дүние тіршілігіндегі қол жеткен табыстары адам еңбегінің, ғылым-білімнің жемісі. Сондықтан халқымыз «Білімді. өлмес-қағазда оты қалар, ұста өлмес-істеген заты қалар», Өнер-ағып жатқан бұлақ, ғылым-жанып тұрған шырақ», «Оқусыз білім жоқ, білімсіз күнің жоқ» — деп, өнер-білімге үндеген.

Адамгершілікке байланысты мақал-мәтелдерде қазақ мақал-мәтелдерінің ең бір адамгершілікке итермелейтін саласы. Мысалы: «Әдептілік, ар-ұят адамдықтың белгісі», «Жарлы болсаң да, арлы бол», «Тәні сұлу-сұлу емес, жаны сұлу-сұлу»… т.б.

Мақал-мәтелдер көркемдік бейнелі сөз айшықтарымен әсері, олардың айтуға оралымдылығы, тілге үйіріле кететіндігі, ойдың өткірлігі ұшқырлығы, тереңдігі көркемдікке байланысты.

Мақал-мәтелдер — адам іс-әрекетінің себебін тікелей бақылау арқылы өзінше ой түйіндейді. Олар ғылыми бақылаудан гөрі, өзінің кездейсоқтығымен, арнайы жоспарланбағандығы мен өзгешеленеді. Алайда, өмірде жиі қайталанатын сансыз бақылау күнделікті тәжірибенің өлшемі ретінде қорытыла келе психологиялық ойдың өзегіне айналады.

Мақал-мәтеддер белгілі бір шешім, не істің дұрыстығын анықтайтын логикалық қызметтің эталоны тәрізді адамның ой-әрекетінде маңызды роль атқарады.

Көшпелі тұрмыс салтында мақал-мәтелдер мектеп пен мұғалімнің, кітап пен баспасөздің қызметін атқарады. Ол айнала дүние туралы білімнің жиынтығы, өзінше шағын ауызекі энциклопедия ғана болып қоймай, ұстаздық, тәлімгерлік міндетті де атқарады. Адам бойындағы барлық жақсылықты паш етіп, жамандық атаулыны жерлеп, күлкіге, келекеге айналдырды…

Мысалы:«Қысыр сөзде қырсық көп», «Тіл тас жарады, тас жармаса бас жарады», «Көп жасағаннан емес, көп көргеннен сұра».

 

 

 

Әдебиеттер

  1. Ә.Табылдиев. Халық тағылымы. Алматы, ҚазақУниверситеті. 1992 ж.
  2. Ә.Қоңыратбаев. Қазақ фольклорының тарихы. Алматы, Ана тілі. 1992 ж.
  3. С.Қалиев. Халық педагогикасының ауыз әдебиетіндегі көрінісі.
  4. Қазақ жұмбақтары. Алматы, Ана тілі. 1992 ж.
  5. Шешендік сөздер. Алматы, Отау. 1992 ж.
  6. Педагогика тағылымдары. Алматы, Рауан. 1991 ж.
  7. К.Қожахметова. Халықтық педагогиканы зерттеудің кейбір ғылыми және теориялық мәселелері. Алматы, 1995ж.
  8. Қ.Жарықбаев. Аталар сөзі — ақылдың көзі. Алматы, 1980ж.
  9. Қазақтың би-шешендері. І-ІІ кітап. Алматы, 1993 ж.
  10. Ә.Табылдиев. Қазақ этнопедагогикасы. Алматы, 2001 ж.