АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Реферат. Қадырғали Жалайыридың «Жами Ат Тауарих» атты шежіресінің тілі

ШЕЖІРЕ ТІЛІНІҢ ЛЕКСИКАСЫ МЕН ФРАЗЕОЛОГИЯСЫ

Қадырғали туындысы тілінің лексикалық негізін қыпшақ тобына жататын түркі сөздері құрайды. Мысалы, осы тұстағы өзге түркі ескерткіштерінде ау, ел / ал, ев / еу болып келетін сөздер мұнда аң (аңға чықты, аңға атланды), қол, үй түрінде қыпшақша, оның ішінде қазақша тұлғада жұмсалған. Сол сияқты бөлек, билеу (ел билеу), күйеу, біреу, ақча, башлық, йақа (жаға), йарылқа, қыр, ой  урушты, ұчрады, чапты дегендер таза қыпшақ сөздері. Тек жеке сөздер емес, тұрақты немесе лексикалық тіркес болып келетін сөздер де қыпшақ тілдеріне, оның ішінде сол кезеңдегі (және қазіргі) қазақ тіліне тән қолданыстар екенін көрсетуге болады. Мысалы, шежіре тілінде кездесетін қыз берді, ел болды, ажабқа қалды, бәнде қылды (тұтқын етті), фарман қылды, кіріфтарлық чекті, хуш келді деген тіркестер беретін мағыналары мен жұмсалатын орындарына қарай қазіргі қазақ тілімен бірдей түседі. Бұл ретте әсіресе образды тұрақты тіркестердің шежіре тілі мен қазіргі қазақ тіліндегі бірдейлігі өте-мөте көзге түседі. Олардың бірқатары бұл күнде сол мағынада тек қазақ тілінде жұмсалатындығы — Қадырғали шежіресінің тілін қазақ тіліне жақындататын, яғни  оны  қазақтың  жазба  әдеби  тілі  деп  танытатын белгілердің бірі. Мысалы, аяқ асты болды, балдызлап берді, бір йашады, ол хатунын йеңгелете (жеңгелей) алды, көңүл қалышты, қыз айттурды, тілегін тіледі, хатун йіберді, хатунны айырды, сөзінден чықмады деген ондаған фразеологизмдердің біз әңгіме етіп отырған шежіре тіліндегі беретін мағыналары мен тұлғалық көрінісі қазақ тілімен дәлме-дәл түседі.

Әрине, Қадырғали жылнамасы тілінде қазақ тіліне тән емес, немесе қазіргі нормаға сай келмейтін сөздер мен тұлғалардың, тұрақты тіркестердің аз емес екендігі сөзсіз. Әсіресе фонетикалық тұлғалануы бөлекше йағмур (жаңбыр), тигәр (тиер), таг (тау), тугды (туды), сығыр (сиыр), төгүрек (төңірек), қатығ (қатты) тәрізді сөздер мен үкүш (көп), біту (жазу), айу (айту), нүң (не), өнгін (өзге), қайу (қайсы) сияқты көне сөздердің жақша ішіндегі сол кездегі (және қазіргі) қазақ авторының ана тіліне тән варианттарымен қатар қолданылғаны байқалады.

Ескерткіш тілінің лексикалық қазынасына тән тағы бір сипат — сөздердің жарыспалылығы, яғни бір мағынадағы сөздің көне-жаңа, қыпшақтық-оғыздық, түркілік-арабтық, түркілік-парсылық, арабтық-парсылық түрлері (варианттары) ретіне қарай бірінің орнына бірі қолданыла берген. Бұл жарыспалылықтың кейде тіпті ешқандай стильдік не өзге себептері де жоқ болып келуі мүмкін. Ал кейде бір мағынада алынған сөзді оның екінші эквивалентімен түсіндіріп отыру әрекеті де байқалады. Мысалы, «әмірші» мағынасындағы бек, әмір сөздерін кейде қазақтың аға сөзімен алмастырып атайды: мың бегі/мың ағасы; әміршінің (ханның, бектің) некелі жұбайы мағынасындағы мауазымды (титулды) білдіретін хатун (қатын) сөзі осы мағынадағы қытайдың фужин, монғолдың еке сөздерімен қатарласа (бірінің орнына бірі) жүреді.

Бірінің орнына бірі жұмсала беретін белгілі/мәшһур, йазылды/шарх берілді, күн туғуш/машрақ, бу күн/һануз, йурт/мақам, йағы/душман, улуғ/бузург, йарлуқ/фарман, оғул/фарзанд, мың/һазара, кіші/нафар, бөлік/қисм, көб / аксар деген сөздердің алдыңғы қатарын түркі тұлғалары құраса, екінші қатары араб пен парсы сөздері болып келеді.

Мұндай лексикалық жарыспалылық — тек біз талдап отырған шежіренің тіліне ғана емес, жалпы ортағасырлық түркі ескерткіштерінің көпшілігіне тән сипат. Бұл, бір жағынан, әлі жеке-жеке ұлттық тілдер болып қалыптасып бітпеген ортағасырлық түркі жазба тілдерінің лексикалық нормасы тұрақталмағандығын танытса, екінші жағынан, орта ғасырлардағы түркі жазба дүниесінің араб және парсы әдебиетімен (демек, тілдерімен де) тығыз байланысты болғандығын көрсетеді. Үшіншіден, кене түркі орхон-енисей жазбалары тілі мен ерте орта ғасырлардан (XI—XII ғ.) келе жатқан шығыстүркістандық (көне ұйғыр) жазба әдеби дәстүрінің әсері әлі де бар екендігін байқатады. Мысалы, көне біту (жазу), үкүш (көп), ерді (еді), нүң (не) сияқты сөздер мен шығыс септіктің -дың (-дін, -тын, -тін) жалғауы, екінші буында езуліктің орнына еріндік у әрпін жазу (алтун, хатун, йаруқ, нечүк, берү)— өте ертеден келе жатқан дәстүрдің сарқыншақтары. Бұл да тек қазақ шежіресі тілінің белгісі емес, сол кезендердегі барлық түркі жазбаларына тән белгі.

Біздің шежіреміздің сөздік қабатын әңгімелегенде, онда бөгде тілдік сөздердің мол екендігін көрсету керек. Олар негізінен араб және парсы сөздері. Бұл сөздердің дені дерексіз (абстракт) ұғым атаулары. Өзге түркі ескерткіштеріндегідей мұнда да араб, парсы сөздерінің түркілік ет-, қыл- бол- деген сияқты көмекші етістіктерімен тіркесіп, қимыл атауларын жасайтыны көзге түседі. Ол етістіктердің көбі түркі тіліндегі эквиваленттерінің орнында жұмсалады. Мысалы, Қадырғали түркінің (қазақтың) талау сөзі тұрғанда оның орнына ғарат ңылу деген араб-түркі сөздерінен жасалған күрделі етістікті қолданады. Сол сияқты жерлеу (өлікті жерлеу) етістігінің орнына дафн қылу, жинау деудің орнына жам қылу, қорғау дегеннің орнына ихтийат қылу деген араб сөздерін қатыстырып жасаған күрделі етістіктерді пайдалану — шежіре тілі үшін кәнігі амал.

Жылнама тексінде араб, парсы сөздерінен басқа бірен-саран монғол және қытай сөздері бар. Олардың көбі әр алуан лауазым атаулары (титулатура) мен қызмет иелерінің атаулары және сипаттама атаулар болып келеді. Бұларға монғол тілінің нойан, гүрген (күйеу бала), боқаул, қорчы, йарғучы, сечен, казик, екечі сияқты сөздері жатады. Сондай-ақ мұнда монғол тілінен алынған шусун (әскерге арналған азық-түлік), түмен (он мың), жуңқар (оң қанат), күрен (1000 үйден құралған ауыл), йаса (заң), йусун (әдет), улағ (ылау, көлік), буғтақ (тұрмыс құрған монғол әйелінің бас киімі) деген сөздер де пайдаланылған. Отчигин (кенже бала), буржуқин (көк көзді) сияқты бір-екі сөз сипаттама эпитет болып келеді. Монғолша жеті атаның аттарын (ичигә — өз әкесі, бурқы — атасы, алынчыл — үшінші атасы, тағы осылайша кете  береді)   мен  жыл  аттарын   (моғай  йыл — жылан  жылы, ноқап йыл — ит жылы, қақай пыл — доңыз жылы т. т.) білдіретін сөздер бар.

Шежіреші автор қолданған стильдік ерекшеліктердің бірі — ол монғолдың осындай сөздерін келтіре отырып, қасына (кейде йани деген шылаудың көмегімен) түркіше эквивалентін көрсетеді: һукәр йыл, йши сығыр йылы болғай (яғни сиыр жылы болады), ичигә өз атасы, будуту төртүнчі атасы

т. б.

Шежіре тіліндегі қытай сөздері көп емес, 5—10 сөз. Олардың өзі негізінен жалқы есіммен қатар қолданылатын лауазым атаулары болып табылады: фужин — түркіше хатун, монғолша еке деген сөздердің баламасы, тайши — мемлекеттік дәрежеде мәртебесі бар ақсұйек (сановник) дегеннің баламасы, гөйәң — ұлы әмірші, анши — түмен басы, гөрхан — хандардың ханы, уаң — патша т. б. Мысалдар: Бөрте фужин, Сүйінгіл фужин, Нәкүн тапши, Қон тайіии, Муцалы гөйәң, Ойар анши, Туған анши

т. б.

Индоевропа тілдерінен жалпы есімдерден көрәл — корольдық және улкрстан — христиандар деген екі-ақ сөз бар.

Қадырғали шежіресінде бөгде тілдік сөздердің қолданылуының бірнеше себептері бар. Араб және парсы сөздерін молынан қолдану — өз тұсындағы түркі жазба әдебиетінің барлығына тән тілдік норма. Оның үстіне Қадырғали туындысының дені парсы тілінен аударма болғандықтан, автор кейбір парсы сөздерін олардың түркіше тепе-тең баламасымен жарыстыра қолданған. Мысалы, даст/ қол, дүйм/екінчі, хуб/йахшы, бисйар/көб, бузург/улуғ. Автор кейде тіпті парсыша тұтас блоктарды қолданады. Мысалы, асел ләшкәр (әскердің негізі), лафз моғол (монғол тілі). Бұл — сол кездегі жазба тілдің белгісі емес, автордың стиліне жататын жеке өз басының ерекшелігі.

Дегенмен XVI—XVII ғасырларда түркі халықтары тілдеріне енген араб, парсы сөздері едәуір мол болған, оларды түркі жазба ескерткіштері, оның ішінде қазақ жазбалары да еркін қолданған. Сонымен қатар бұл кезендегі түркі жазба әдеби тілдеріне тән белгінің бірі — халық тіліне  енбеген, көбінесе дерексіз ұғым атаулары болып келетін араб пен парсы сөздерін де актив қолданғандары, бұл ретте әсіресе   араб,   парсы   сөздерінің  түркі  тілінің  көмекші етістіктерімен   тіркесуі   арқылы   күрделі   етістік   жасап пайдалану өте-мөте көзге түседі.                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                                      

Сөз болып отырған кезеңдегі жазба әдеби тілде лексикалық нормалану процесі әлі аяқталмаған, жүріп жатқан әрекет болғандықтан, бұл кезеңдегі әдеби тілде лексикалық жарыспалылық (варианттылық)  айтарлықтай орын алған.

Сөйтіп, XVI ғасырдағы қазақ жазба әдеби тілінің лексикалық сипатын қысқаша былайша көрсетуге болады: сөздік қазынаның негізі қыпшақтық (қазактық), ішінара оғыз сөздері мен көне ұйғыр элементтері қолданылса, ол — әдеби тш дәстүрінің жалғастылық, іліктестік принципіне карай болған құбылыс, ал дәстүр жалғастылығы ортағасырлық түркі жазба тілдерінің барлығына тән заңдылықтардың бірі болды; араб, парсы тілдерінен алып қолданылған лексикалық қабат мол болды, олардың бір тобы халық тіліне енген кірме сөздер болса, екінші тобын көпшілік қолданысында жок, бірақ сол кездердегі мұсылманша сауатты оқырмандар үшін жат болып көрінбейтін ( өйткені олар араб және парсы тілдерін жақсы меңгергендер болатын) сездер құрайды. Бұл да ортағасырлық түркі жазба дүниелеріне тән лексикалық норма болып танылады. Осы екі ерекшелік жазба туындылардың тексінде лексикалық жарыспалылылқтың пайда болуына әсер етті. Бұл зандылықтардан қазақ жазба тілі де тысқары қалмады.

XVI ғасырда Қадырғали шежіресі арқылы көрінген казақ жазба тілінің орхон-енисей ескерткіштері мен көне ұйғыр жазбаларынан жалғасып келе жатқан көне элементтерден едәуір арылғаны байқалады, сондай-ақ ескі өзбек, ескі татар тілдеріне қарағанда араб тілінің ықпалынан да іргесін алшақтата бастағанын  көруге болады. Мысалы, ескі езбек тілінде орын алған ғалиба (мүмкін), алал хусус (әсіресе), филд жүмлә (тұтас алғанда), хала (енді) сияқты көптеген үстеулер мен бікін, йаңлығ, қатыға, тақлын дамасыда, утрусыда, бақа, дәгрү, нары, чунки сияқты шылаулар мұнда жоқ.

Грамматика саласына келсек, мұнда Қадырғали жылнамасының тілі шағатай тілі нормаларын сақтаған, атап айтқанда:

1) Ілік, табыс, шығыс септік жалғауларының қазіргі қазақ тіліндегідей фонетикалық варианттары жоқ, олар сөздің соңғы дыбысының дауысты, қатаң, ұяң болып келетіндігіне қарамастан, бір ғана тұлғада (-ның/-нің, -ны/-ні, -дан/-ден -дын/-дін) жалғанады. Тек барыс септігі қатаң -қа/-ке және ұяң -ға/-ге болып түрленеді. Бұл — ертеден келе жатқан (көне ұйғырдан) түркі емлесін сақтаудан туған жайт, емледегі мұндай заңдылық жазба дүниелерде   ұзақ   уақыт   бойы   сақталып   келгені   тек қазақ   жазбаларына   емес,   өзге   де   ортаазиялық   түркі жазба тілдеріне тән.

2) III жақтағы тәуелдік жалғаулы сөзге жатыс, барыс, шығыс септік қосымшаларының арасына қыстырма-дәнекер н дыбысы (интерфиксі) қосылады: хак, йол-\-ы-\~н-\-да, хақ йол-\-ы-\-н-\-а, душманлар-\-ы-\-н-\-а, ата-\-сы-\-н-\-дан. Бұл — қыпшақ тілдерінің заңдылығы. Сонымен қатар Қадырғали   шығармасы   тілінде   септеудің  шағайтайша-ұйғырша типі (көңіл-гі+де, дарийа йақа-\-сы-\-да, ана-\-сы-\—\-ға)  де, яғни н  қыстырма дыбысынсыз келгендері де бар. Бұл — Қадырғали заманындағы түркі жазба әдеби тілінің нормасы. Бұл жерде қазақ жазба әдеби тілінің шағатайлық нормадан біртіндеп бойын аулақ сала бастағаны байқалады.

3) Шығыс септіктің екі түрлі вариантта: -дын және -дан     түрлерінің   жарыса   қолданылуы  да  екі   күштің (тілдік екі стихияның), яғни қыпшақ тілдері мен көне ұйғыр жазба дәстүрінің «теке тіресінен» туған құбылыс.

4)Септік жалғаулары жуан-жіңішке болып, сөз түбірімен үйлесіп отырады, бұл — ескерткіш тілінің қыпшақ тілдерінің дауыстылар үндестігі деп аталатын нормасына бағынуы.

5) Қадырғали   жылнамасының   тіліне  қарасақ,   ескі қазақ жазба дәстүрінде етістіктің шақ, рай, есімше, көсемше категориялары қыпшақ тілдерінің, оның ішінде қазақ тілінің   нормасымен   келеді.   Ара-тұра   шағатай   тілінің кейбір тұлғалары да қолданылғаны байқалады. Мысалы, бір-екі   жерде   есімшенің   -ған   жұрнақты   тұлғасының орнына -мыш жұрнақты варианты және келер шақтың -ғусы/-гүсі  жұрнақты түрлері  түркі ескерткіштері  тілдерінде бұрыннан келе жатқан дәстүрлі қолданыстар. Көсемшенің көне -у/-йу жұрнақты түрлері мұнда жоқ.

6) Қазақтың орта ғасырлардағы ауызша да, жазба да  тілінде  ауыспалы  шақты  білдіретін -ғай  жұрнақты етістік тұлғасы жиі қолданылған, бұл осы күнгі -а-\-ды (болады, келеді дегендер сияқты) қосымшаларымен келген етістік тұлғасының мағынасын береді: қойын йылы болғай, йа ни қой йылы болғай. Бұл сөйлемді қазіргіше айтсақ, қойын жылы, яғни қой жылы болады деген түрде келер еді.

7)Қимыл  есімі  -ғу/гү,   -мақ/-мек  жұрнақтарымен жасалған. Бұл да қазақ тілінен алшақтамайды.

8) Қадырғали автор -ман жұрнақты етістікті (барман, айтпан) дәл қазақ тіліндегідей шақтық мағынада жұмсайды. Шағатай тілінде бұл тұлғаның шақтық  мағынада қолданылуы кемде-кем.

9) Кейбір жіктеу есімдіктерінің септелген түрлері өзге қыпшақ тілдеріне тән тұлғада келеді: менім, аның. Ал мендін, сендін, меңе (менге), аңа, аңар сияқты тұлғалар, әрине, шағатайлық.

Сөйтіп, қазақтың ескі жазба әдеби тілінің морфологиялық құрылымында қыпшақ элементтерінің үлесі айтарлықтай. Дегенмен оның негізі шағатай тілі болғандықтан, осы жазба дәстүр бойынша қолданылған оғыз және көне ұйғыр тілдеріне тән тұлғалар да едәуір орын алған. Бұл ерекшелік ортағасырлық түркі жазба тілдерінің барлығына тән.

 

 

 

 

 

Ж о с п а р

 

1.Қадырғали Жалайыридың   «Жами Ат  Тауарих»  атты  шежіресінің тілі

  1. Қадырғали шежіресінің құрылымы
  2. Шежіре тілінің лексикасы мен  фразеологиясы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған  әдебиеттер

 

  1. М. Балақаев «Қазақ әдеби тілінің  тарихы» Алматы, 
  2. Р. Сыздықова «Қазақ  әдеби тілінің тарихы» Алматы,  1989 ж.