Қансырауды тоқтату.
Уақытша қан тоқтату әдістері. Жараланған мал қансырап тұрған жеріндегі қанды тоқтатып, сол ауру малға көмек көрсету керек.
Уақытша қан тоқтату әдістері неше түрлі кездесіп отырады. а) Қансырап тұрған жерді басып, қысып тастайтын таңғыш арқылы аққан қанды тоқтату әдісі. Қансырап тұрған жерге дәкені бірнеше қабатттан салып сонымен орап тастау керек. Осылай еткенде ғана тезірек тромб пайда болып, қансырау тоқтайды. Жараға байланатын дәке мата микроптардан таза болу үшін, бұларды алдын ала үтіктеу керек. Жаралану, жарақатттану ойламаған жерде, аяқ астынан болып қалса микроптардан таза, арнайы заттарды пайдалану керек. ә) Қансырап тұран артерия қан тамырларын жақын жердегі сүйекке бармақпен басып, ағып тұрған қанды тоқтату әдісі болады. Саусақпен басып қан тоқтату әдісі сирек қолданылады. Себебі, шаршаған саусақты ауыстырған кезде қан шапши береді. Басқа амал болмағандықтан осы әдісті есте сақтаған дұрыс.
Қан тамырын сүйекке басқандықтан тамырмен бірге жүйке жүйесі де қатты қысымға түсетініде хақ. Ондайда басып тұрған жердің зардабы күшейіп үдей түседі.
Дегенмен, бармақпен қан тамырын басу әдісі операция кезінде қолданылады. Б) Жараланған малдың шапшып тұрған қан тамырын қысқыш аспаппен қысып, қанын тоқтатады. В) Малдың аяқтарын немесе жараланған жерінен жоғары, бұлшық еттерді сүйекке резеңкемен қыса буса, қансырап тұрған қан тамыры қысылып, аққан қан тоқтайды. Жалпы қан тоқтату үшін орамал, белбеу,резеңке, түтіктер қолданылады. Эсмарх деген хирург, 1873 жылы ширатылған созылғыш резинаны ұсынған еді, қан тоқтату үшін сол құрал күні бүгінге дейін қолданылып келеді.
Қансырауды біржола тоқтату әдістері. Қансырап тұрған жердің қаның біржолата тоқтату әрекеті тек қана малдәрігерінің қолында. Біржолата қан тоқтату әдістері 4 топқа бөлінеді. а) механикалық әдістер; ә) мұздату және ыстық арқылы тоқтату әдістер; б) биологиялық әдістер; в)химиялық әдістер.
Қансырап жатқан малдың қанын тоқтату үшін тек бір әдісті қолданып қоймай, жағдайға байланысты малдәрігер бар білімін, тәжірибесін салады. Сонымен қатар қансыраудан пайда болған өзгерістерді емдеуге де кіріседі.
Механикалық әдістер. Ұсақ қан тамырлары жараланып, қансырап тұрған шақта жараны таңғышпен қатты қысып байласа, қансырау тоқтауға тиіс. Тоқтамаса паренхиматозды органдар қансырап тұрса, жараны операциялық жолмен тығындап, қан тоқтату үшін жараның аузына салатын кішкене мақта немесе дәке тастайды. Дәкені ұзыншалап кесіп, операция кезінде, соны жараға бірнеше қабат қылып бүктеп кіргізеді. Қансырап тұрған жараны тығындау қан тоқтататын әдістің бірі. Паренхиматозды органдардан басқа жатырдан, танау қуысынан, жамбас ішіндегі оргондардан қан кеткенде де осындай әдісті қолданады. Тығын ретінде салынған дәке 48 сағаттан кейін алынуы керек. Қанның біржолата тоқтауына осы мерзімжеткілікті.
Мұздату және ыстық арқылы тоқтату әдістері. Физика заңдарына сәйкес суықтық (төменгі температура) қан тамырын құрастырып, өзегін жіңішкертеді, ал ыстық (жоғарғы температура) белокты бүрістіріп, қан ұю процесін тездетеді. Осыны ескеріп малдәрігерлері қан тоқтатуға ыстық, суықты кең қолданып келеді.
Суық су құйып, қар мұзды қансырап тұрған жерге баса қойса, тамыр өзегі жіңішкеріп, тромбының пайда болу процесі тездейді. Ішкі мүше тамырларынан қан кетсе, оны суық сумен жуып, оның үстіне мұз салып резеңке ыдыс қояды. Малдың дене қызуынан қойылған мұз тез еріп кете береді. Осыған байланысты мұзды жаңартып отыру керек. Сонда ғана қансырау процесі азайып, тоқтайды.
Сонымен қатар паренхималық органдар мен ұсақ қан тамырлардан қан аққан жағдайда, қайнап тұрған тұзды су пайдаланылады, оның қан тоқтатар қасиетін білу керек.
Ағзаға аралата тоқ жіберіп, денені қыздырып емдеу әдісін диатермия дейді. Жараланған қан тамырындағы қанды тоқтату үшін хирургиялық диаметрия әдісі қолданылып, жылу беретін аспаптың қуаты жоғары болғандықтан, тамыр күйіп, бүріліп қалады да, қан тоқтайды. Бұл әдісті ұсақ және орталай диаметрлі тамырларға қолданылады.
Әдістің пайдалы жері сол – ол операция жасауды тездетеді, тамыр байлаудың қажеті болмай қалады.
Сонғы жылдары О.К. Скобелкиннің басқаруымен хирургия саласында жаңа бір жаңалық туды, ол-лазер сәулесінің қасиетін пайдаланып, ірі операциялар жасау. Бұл әдістің ұғымды жері сол-лазер сәулесі тиген жерде қан ұйып, ағым тоқтап микроптар жойылып, жара іріңдемей тез жазылады.
Ал қан тоқтауда В.С. Савельев ұсынған плазмалық скальпелдің келешегі зор.
Биологиялық әдістер.
Бұл әдістер бірнеше топқа бөлінеді. Олар:
а) қансырап тұрған жараны операция кезінде малдың майы, бұлшықеті фасция, іш май шарбысымен тығындайды:
ә) витаминдер енгізеді;
б) бұлшықетке жануардың қанынан алынған, жұқпалы ауруға қарсы қолданылатын сұйық затты егеді;
в) қансыраған жерге қанның неше түрлі бөлшектерін енгізеді (тромбин, қан тоқтататын губка, фибриндік пленка, биологиялық антисептикалық тығын);
г) қансыраған малға қан құю, қанның сұйық бөлімі, тромбоциттер массасы, антигемофильді глобулин А.
Қан жатқан малға консервленген қаннан 200-500мг. Құйса, ол қанды ұйытып ағу процесін тоқтатады. Жаңа ғана дайындалған цитрат қосылған қанды құйса, оның да қан тоқтатар қабілетінің жоғары екенін байқатады.Қол астында дайын қан болмай қалса, қан бөлшектерін, сары суын немесе плазманы тамырға жіберіп, қан тоқтатуға болады.
Ең бір қиында ұзаққа созылатын операциялардан кейін немесе қансырау салдарынан ағзада қан ұю процесі бұзылып, фибринолиз дейтін жағдай пайда болады.Осындай жағдайда плазмадан алынған фибриноген дәрісі қолданылады.Ауру малдын қан тамырына енгізілген фибриноген тромбин әсерінен, ұйыған қан ерімейтін фибринге айналып, қанның ұю процесін тездетеді.Фибриноген ұнтақ дәрі. Оның 1-2 грамын 250-500 мл. Физиологиялық ерітіндісінде ертіп, күре тамыр арқылы жіберіп отырады.
Қанның ұю процесін қалыпқа келтіруге себепкер болатын – витаминдер. Қансыраған жануарға С (аскорбин қышқылы), К (викасол) витаминдері қолданылады.Сол сияқты қан бөлшектері – тромбин атты зат қанды ұйытуға белсене қатысады. Егерде осы затты тамыр арқылы енгізсе, ол қансырап тұрған тамырдын қанын ұйытып қана қоймай тамырдың өз ішіндегі қандыда ұйытады.Сондықтан да осы дәріге дәкені малып, жараға таңғыш ретінде ғана салуға болады. Месқарын немесе қуықтан аққан қанды тоқтатуға амал қалмаса, осы томбинді яғни оның ерітіндісін осы органдардың ішіне енгізіп, пайдалануға болады.
Соңғы кезде тромбинді жараға жеке түрде ғана емес, сонымен қатар фибриндік мақта, желатиндік губкамен қосып салатын болып жүр.
Осы губканы қансырап тұрған жараға, не ұнтақ ретінде, не тампон ретінде салып қойса, қансырау тоқтайды.
Іріңдеген жараға қансыраған кезінде, іріңге де қарсы, қан тоқтататын әсері бар биологиялық антисептикалық тығынның көмегі зор. Аталмыш тығынның құрамына қанның сұйық бөлшегі плазма, антибиотик, желатин басқа да дәрі-дәрмектер кіреді.
Жылқының немесе донор болған малдың қан сарысуын қансыраған малдың бұлшықетіне енгізсе, қан ұю процесі тездетіледі, қансырауды тоқтатады.
Операция кезінде бүйректен, көк бауырдан, мидан, бауырдан аққан қанды тоқтату үшін қансырап тұрған органның жарасын тромбоминазаға бай іш май – шарбымен, не бұлшықпен тығындайды. Осы әдіс айтарлықтай көңілдегідей әсер етеді.
Химиялық әдістер. Химиялық заттардың қан тамырына беретін әсері – қан тамырының өзегін тарылтып, тамыр өзегінің диаметрін кішірейтеді, екіншіден, қан тамырындағы қанның ұю процесін тездетеді. Тамыр өзегінің диаметрін тарылтатын дәрілерге адреналин жатады. Тағы бір қолданылатын дәрінің аты – спорынья. Қан тоқтату үшін спорынья – қастауыштан дайындалған дәрілер жатыр, өкпеден аққан қанды тоқтата алады.
Қанның ұю процесін жақсартып, аққан қанды тоқтату үшін химиялық заттардың арасында кең өріс алғандарды атап өтсек: кальций хлориді, натрий хлориді, глюкоза және т.б.
Кейбір жағдайларда аминокапрон қышқылын не ішуге, не қан тамыры арқылы енгізуге болады. Кейбір созылмалы аурулардың салдарынан тамырдан аққал қан көлемсіз, бірақ күнделікті ағып тұрғандақтан ауру мал әлсіреп, созылмалы қан жоғалту жағдайына ұшырайды. Мұндай малды дұрыс емдеу үшін алдымен оның негізгі дертін емдеу керек. Яғни малдың іш қуысында жарақат болса, біріншіден, осы ауруды дұрыс емдесе қансырау өзімен тоқтайды.
Біз пәлендей терең кетпей, қан тамырларынан аққан қанды тоқтату әдістерімен жалпы түрде таныстырдық. Енді қансыраған, қанын жоғалтқан малдың жағдайы, оны емдеуде кеткен қанды толықтыруда малдәрігері атқаратын жұмысқа тоқтамақпыз.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Ілиясов Б.К. Ветеринарлық хирургия. Алматы, 2009ж.
- Мүрәлінов К.Қ. Оперативтік хирургия. Алматы, 2006ж.
- Абсатров Е.А. Хирургиялық аурулар. Алматы, 1997ж.
- Ілиясов Б.К. Алғашқы ветеринарлық жәрдем. Алматы, 2001ж.