Қазақстан Республикасының білім және ғылым
министрлігі
Тұрар Рысқұлов атындағы Қазақ экономикалық
университеті
Тақырыбы: Қазақстан Республикасында қолданылатын қолма-қолсыз есеп айырысу нысандарына сипаттама.
Қабылдаған: Гумар Н.А.
Орындаған: Кумашева А.А.
«Қаржы ж/е Есеп» ф-ті 208т.
Алматы қаласы 2008 ж.
ЖОСПАР:
І. Кіріспе………………………………………………………………..3
ІІ. Негізгі бөлім
1.Төлем тапсырмасы…………………………………………………5
2.Төлем талап-тапсырмасы……………………………………….8
3.Инкассалық өкім…………………………………………………..10
4.Чекпен есеп айырысу…………………………………………….12
5.Вексельмен есеп айырысу……………………………………..14
6.Төлем карточкаларымен есеп айырысу……………….16
ІІІ. Қорытынды……………………………………………………19
Қолданылған әдебиеттер……………………………………..20
Кіріспе
Банктің есеп айрысу — кассалық операциялары екі формада жүзеге асады : қолма-қол ақшалар және қолма-қолсыз ақшалармен есеп айырысу.
Қолма-қол ақшалармен есеп айырысулар – бұл нақты ақшалармен төлемдер және аударымдар жасауды сипаттайды.
Мұндағы нақты ақшаларға : банкноталар және монеталар жатады. Қолма-қол ақшалармен есеп айырысулар көбіне кассалық операциялар көмегімен іске асады.
Есеп айырысу операцияларының басым бөлігі қолма-қолсыз түрде жүреді.
Қолма – қолсыз ақшалармен есеп айырысулар — клиенттердің банкте ашқан шоттары көмегімен, олардың тапсырмасы негізінде бір шоттан екінші бір шотқа аударылатын төлемдердің жиынтығы.
Мұндағы, қолма-қолсыз ақшалар – чектер, пластикалық карточкалар электрондық аударымдар көмегімен пайдаланылатын клиенттердің шоттардағы сақтаған ақшалары (депозиттер).
Қолма-қол ақша мен қолма-қолсыз ақшалар арасында тығыз байланыс пен өзара тәуелділік бар. Ол ақшаның үнемі бір айналыс сферасынан екінші біріне өтіп отыруынан байқалады. Айталық, қолма-қол ақшалардың банктегі депозитке салынуы, олардың қолма-қолсыз ақшаға айналуын білдірсе, ал, банктен жалақы, жәрдемақы, шәкіртақы, зейнетақы және т.с.с. төлеу үшін ақша алған жағдайларда қолма-қолсыз ақшалар қолма-қол ақшаларға ауысуы байқалады.
«Қазақстан Республикасы аумағында төлем құжаттарын пайдалану және қолма-қолсыз төлемдер мен ақшалай аударымдарды жүзеге асыру ережесі» туралы ҚР Ұлттық банк Басқармасының 2000 жылға 25 сәуірде бекіткен №179 Қаулысына сәйкес, заңды тұлғалар арасындағы 4000 айлық есеп көрсеткішінен асатын мөлшерде есеп айырысулар тек қана қолма-қолсыз тәртіпте жүзеге асырылуға тиіс. Осы ережеге сәйкес қолма-қолсыз есеп айырысуларда қолданылатын төлем құжаттарының түрлеріне мыналар жатады:
- төлем тапсырмасы;
- төлем талап-тапсырмасы;
- инкассолық өкім;
- чекпен есеп айырысу;
- вексельмен есеп айырысу;
- төлем карточкаларымен есеп айырысу.
Аталған төлем құжаттарының мынадай өзіне тән көрсеткіштері болуға тиіс:
- төлем құжатының атауы;
- төлем құжатының номері, толтырылған күні, айы, жылы;
- ақшаны аударушының (төлеушінің) толық аты-жөні және жеке идентификациондық коды;
- ақшаны аударушы банктің толық аты-жөні және банктік идентификациондық коды;
- бенефициардың (ақшаны алушының) толық аты-жөні және жеке идентификациондық коды;
- бенефициар – банктің толық аты-жөні және банктік идентификациондық коды;
- төлемнің тағайындалу коды;
- санмен және жазбаша түрде берілген төлем сомасы;
- төлемді немесе ақшалай аударымды жасайтын тұлғаның қолдары мен мөрлері (егер құжат қағаз түрінде толтырылған болса);
- бенефициардың және ақшаны аударушының салықты төлеуші ретіндегі тіркеу номері(СТТН).
Төлем құжаттары қағаз және электрондық жолмен толтырылуы мүмкін. Төлем құжаттарының дұрыс толтырылуына үлкен мән беріледі. Әсіресе, ондағы төлемнің тағайындалу коды 1999 жылғы 15 қарашадағы «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік классификаторы – төлемдердің тағайындалуының бірдей классификаторын пайдалану ережесі туралы» ҚР Ұлттық банктің Басқармасының бекіткен №388 Қаулысына сәйкес болуға тиіс.
Төлемдердің тағайындалуының бірыңғай классификаторы толтырылатындарға мынадай төлем құжаттары жатады:
- төлем тапсырмасы;
- төлем талап-тапсырмасы;
- салық (кеден) органдарының инкассолық өкімі;
- аударуға берген өтініші.
Төлем тапсырмасы
Төлем тапсырмасымен есеп айырысу – бұл қазіргі кезде кеңінен қолданылатын есеп айырысу формасы.
Төлем тапсырмасы – ақшаны аударуышының (төлеушінің) аталған тапсырмада көрсетілген ақша сомасын бенефициарға аудару туралы қызмет көрсетуші банкке берген тапсырмасы.
Төлем тапсырмасымен есеп айырысу мынадай төлемдерді жүзеге асыру үшін қолданылады: алынған тауарлары мен көрсеткен қызметтері үшін, тауарлы емес операциялар (зейнетақы және сақтандыру қорына төлемдер, салықтық төлемдер, банкке комиссиондық және т.б. төлемдер) бойынша, жабдықтаушылар мен мердігерлерге тауары және көрсетілген қызметтері үшін алдын ала төлеуге, аванстық төлемдер.
Төлем тапсырмасы оны толтырған күннен бастап (оны толтырған күн есепке алынбайды) он күнге жарайды және төлеушінің шотында қаражат болған жағдайда ғана іске асырылады. Екі жақтың келісуі бойынша төлем тапсырмасы мерзімді, мерзімінен бұрын және кешіктірілген болуы мүмкін. Мерзімді төлем – бұл тауарды жөнелткенге дейін төлеу арқылы жүргізіледі. Мерзімінен бұрын және кешіктіріп төлеу бұл жақтың қаржылық жағдайына зиян келмеуі үшін жасалған келісім негізінде төленуі мүмкін.
Төлем талап-тапсырмасы – бұл қолма-қолсыз ақшамен есеп айырысудың жаңа формасы, біздің тәжірибеге 1990жылы енгізілген болатын. Мұнда төлем талабы және төлем тапсырмасының элементтері қатар қамтылған.
Қазақстан Республикасы заң актілерінің талаптарына сәйкес бірінші кезекте атқарылуға тиісті төлем құжаттары бар болып, тапсырманы орындауға жөнелтушінің банктік шотында қажетті ақша сомасы жеткіліксіз болса, алушы банк төлем тапсырмасын орындамауға және оны акцептеуден бас тартуға құқылы.
Шарттарының бірі валюталау күні болып табылатын төлем құжатын акцептеу кезінде, алушы – банк акцептелген төлем тапсырмасындағы ақша сомасын жөнелтушінің банктік шотынан алуға құқылы. Мұндай операциялар есебін алушы-банк арнайы дербес шотта жүргізеді және осындай төлем тапсырмасының міндеттемелерін орындауға келесі делдал банк немесе бенефициар банктің уақыты жеткілікті болатындай етіп жолдайды.
Төлем талап-тапсырмасы
Төлем талап-тапсырмасы – бенефициардың төлеушіге оған қызмет көрсетуші банкке бағытталған, жөнелтілген өнім, атқарылған жұмыстар және көрсетілген қызмет құнын жіберілген есеп айырысу құжаттары негізінде төлеу талабы.
Төлем талап-тапсырмасын бенефициар толтырады да, оны коммерциялық құжаттармен бірге бірден аударушының банкіне жібереді. Аударушының банкі, ол төлем талап-тапсырмасын төлеушіге береді. Ал аударушы, банкке келіп түскеннен бастап, үш күн ішінде төлем туралы банкке келісімін беруге тиіс.
Төлем талап-тапсырмасы банктегі аударушының шотында ақша болған жағдайда ғана қабылданады. Төленбеген төлем талап-тапсырмасы 3 күннен 30 күн аралығында №1 картотекаға орналастырылуы мүмкін. Төлем талап-тапсырмасы бойынша төлеуден бас тартатын болса, оны осы үш күн ішінде банкке хабарлайды. Сөйтіп төлем талап-тапсырмасы жөнелту құжаттарымен және төлеуден бас тартуын хабарлайтын құжатпен бірге тікелей бенефициарға қайтарылады.
Төлем талап-тапсырмасымен есеп айырысудың мынадай артықшылықтары бар: келісімшарт тәртібінің нығаюына мүмкіндік береді және құжат айналымын жылдамдатады.
Төлем талап-тапсырмасын толықтай немесе жартылай төлеуден бас тарту кезінде, төлеуші өз банкін осы үш күн ішінде хабардар етеді және төлем талап-тапсырмасын тиеу құжаттарымен және төлемнен бас тарту туралы хабарламамен бірге бенефициарға қайтарады.
Төлемге келісім білдірілген жағдайда аталған талап-тапсырмасы акцептеледі. Жөнелтушінің төлем талап-тапсырмасының акцептеуді талап етпейтін төлем талап-тапсырмасынан басқалары соңғының аталған талаптарға сәйкес төлем жүргізуге келісімін білдіреді.
Инкассалық өкім
Инкассалық өкім – заң актілерінде көзделген жағдайда ақшаны жөнелтушінің келісімінсіз, оның банктік шотынан ақшаны алу үшін пайдаланылатын төлем құжаты.
Инкассалық өкім салық және кеден органдарына төленбеген төлемдерді, сондайә-ақ соттың шешімі бойынша басқа да төлемдерді талап ету жағдайында қолданылады. Мұндағы салық және кеден органдарының инкассолық өкімнен басқасы міндетті түрде соттың шешімдері, бұйрығы, қарары және қаулысы бойынша берілетін орындау парағымен бірге жүреді. Инкассалық өкімдерге төлемнің тағайындалу ақшаны аударушының банктік шотынан, оның келісімінсіз ақшаны алуға құқық беретін заңдық актіге сілтеме көрсетіледі.
Салық және кеден органдарынан келіп түскен инкассолық өкім сомасы аударушының шотындағы қаражат көлемінде төленуі мүмкін, яғни қаражат көлемі толық жетпеген жағдайда, сол құжаттың келесі бетіне «жартылай төленді» деген белгі қойылуға тиіс. Қалған сома қаражаттың шотқа түсуіне қарай төленеді. Тек қана соттың шешімімен келетін инкассолық өкімдер шотта қаражат сомасы жеткілікті болған жағдайда төленеді, керісінше жағдайда ол шоттағы қаражат қозғалысына тыйым салынады. Мұндай төлем құжаттары басқа құжаттарға қарағанда кезектен тыс төленуге тиіс.
Чекпен есеп айырысу
Чекті есеп айырысу барысында төлем құралы ретінде заңды және жеке тұлғалар пайдалана алады. Чек арқылы есеп айырысудың қолайлығы мынада:
- егерде төлеуші тауарды алғанға дейін төлегісі келмей, ол жабдықтаушы төлеуге кепіл бергенше тауарын жібергісі келмеген жағдайда;
- сатушы белгісіз болған жағдайда.
Еліміздегі чекті пайдалану барысы 1998 жылғы 5 желтоқсанындағы ҚР Ұлттық банкі Басқармасының бекіткен №266 Қаулыға сәйкес жүзеге асады.
Чектер қолма-қолсыз төлемдерді жүзеге асыру және қолма-қол ақшалай алу үшін пайдаланылады. ҚР-да чекпен есеп айырысу тек қана ұлттық валютада жүзеге асады. Банктен қолма-қол ақшалар алуға арналған чектің түріне ақшалай чек жатады. Мұндай чектің түрін Ұлттық банктің бекітілген формасында 2003 жылдың 1 қаңтарына дейін екінші деңгейдегі банктер өздерінің клиенттеріне беріп келсе, бүгінгі күні кез келген коммерциялық банк өзінің формасында чекті шығарып отыр. Чекті пайдалану банктен алатын чектік кітапша негізінде іске асады. Чек алу үшін шот иесі банкке чектік кітапша алуға өтінішін жасайды.
Аталған ережеге сәйкес чектер төмендегідей түрлерге бөлінеді:
Кепілденген чек – чек берушінің банкіндегі шотындағы қаражаттың көлеміне байланыссыз чекте көрсетілген соманы төлеуге қызмет көрсетуші банктің беретін кепілін көрсететін чек.
Кепілдендірілмеген чек – чек беруші банктің кепілдігі көрсетілмеген чек.
Қамтамасыз етілген чек – банкке алдын ала салған депозитпен қамтамасыз етілген чек;
Қамтамасыз етілмеген чек – депозитпен қамтамасыз етілген чек.
Ережеге сәйкес, чек – бұл чек берушінің чекті қабылдаушы банкке, өзара жасалған келісімшарт негізінде чекте көрсетілген соманы чекті ұстаушыға төлеу туралы бұйрығы.
Чектің өзіне тән төмендегідей көрсеткіштері болады:
- «чек» деген атауы;
- чек номері мен сериясы;
- чектің қызмет ету мерзімі;
- чек берушінің аты-жөні;
- чек берушінің СТТН-і.
- санмен және жазбаша түрде көрсетілген сомасы, күні, айы, жылы, чек берген жері және чек берушінің қолы мен мөрі;
- чек ұстаушының аты-жөні;
- чек ұстаушының СТТН-і;
- чекті төлеуге міндетті чек беруші банктің атауы;
- чек беруші банктің жеке банктік коды;
- «бұйрық бойынша төлеңіз» кестесі;
- «төлемнің тағайындалу» кестесі.
Чекті төлем ретінде қабылдағаны туралы чек ұстаушының белгі соғатын орыны.
Вексельмен есеп айырысу
Вексель қолма-қолсыз есеп айырысу бір құралына жатады. Себебі, вексельдің атқаратын басты қызметі — төлем құралы. Есеп айырысу барысында пайдаланылатын вексельдің түрлері: жай және аудармалы болып келеді. «Вексель» сөзі ағылшынша bill note – міндеттеме шоты дегенді білдіреді.
Вексель – белгілі бір соманы алдын ала келісілген мерзімді және белгіленген жерде төлейтіндігі туралы борышқордың қарыздық міндеттемесі.
Вексельдің екі түрі бар: жай және аудармалы. Вексельдің түрлеріне «ҚР-ғы вексель айналысы туралы» ҚР заңында мынадай түсініктемелер берілген:
Жай вексель (соло) – вексельді ұстаушыға вексельде көрсетілген соманы белгілі бір уақытта немесе талап етуге байланысты төлеу туралы вексель берушінің еш нәрсемен негізделмеген міндеттемесін сипаттайтын вексель.
Аудармалы вексель (тратта) – вексельде көрсетілген соманы белгілі бір уақытта алғашқы вексельді ұстаушыға (ремитентке) төлеу туралы үшінші бір тұлғаға (трассатқа) вексель берушінің (трассанттың) еш нәрсемен негізделмеген ұсынысын (бұйрығы) сипаттайтын вексель.
Жай және аудармалы вексель – коммерциялық вексельдің түрлері ретінде қарастырылады.
Вексель айналысын бірінші болып қолджаушылардың қатарында Казкоммерцбанк тәжірибесін атап кетуге болады. Бұл банк «1996 жылғы астықтан бидайды мемлекеттің сатып алуы туралы» 1996 жылғы 7 ақпанда қабылданған №173 ҚР Үкіметінің Қаулысына сәйкес өзінің 500, 1000 және 5000 АҚШ долларындағы «астық» вексельдерін айналымға шығарып, оларды несие құралы ретінде клиенттеріне берді.
Сол клиенттерінің ішінде атап айтсақ сыртқа астық сатумен айналысатын «Астық» акционерлік компаниясы 5000 АҚШ долларындағы вексельді тендер бойынша жеңіп алып, оны өзінің жабдықтаушылары арасында төлем құралы ретінде пайдаланды.
Сонымен қатар, осы банк 2003 жылғы домицилиант ретінде «Қазақстан темір жолы» ҰҚ-ның 200,0 млн теңгеге бағалаған вексельдерін өтеді.
Мұндағы, «домицилиант» — вексельде көрсетілген төлемді жүзеге асыратын, вексельде делдал ретінде қатысатын банк.
Төлем карточкаларымен есеп айырысу
Төлем карточкаларымен есеп айырысулар компьютер торабының, ақпараттарды автоматты түрде өңдеу құралдарын қолданатын байланыс жүйелері арқылы жүзеге асыратын банктер және олардың клиенттері, сатушылар мен сатып алушылар арасындағы төлемдер жиынтығы.
Төлем карточкалары – пластикалық карточка формасында болады. Олар екі түрлі болып келеді:
Дебеттік карточка – карточкалық шот иесіне банкоматтан қолма-қол ақша алуға және карточкамен қызмет көрсететін сауда үйлерінде, мейрамханаларда және т.б. орындарда сатып алынған тауары мен қызметтері үшін есеп айырысуға мүмкіндік беретін төлем құралы.
Банкомат – банктік карточка көмегімен және ондағы сақталған қаражат көлемінде, оның иесіне қолма-қол ақшаны алуға мүмкіндік беретін автоматтандырылған құрылым.
Банкоматтан карточка көмегімен ақша алу үшін әрбір карточка иесіне арнайы ПИН-код тағайындалып атаулы карточка беріледі.
ПИН-код – (ағыл.Personal Identification Number – жеке идентификациялық номер) – банктік картаның иесіне банкомат немесе Pos-терминалдар арқылы қызмет көрсетуге мүмкіндік беретін жеке идентификациялық номері.
Банктік карточканың мынадай өзіне тән реквизиттері бар:
- логотипі, яғни карточканың қай төлем жүйесіне тиіс екндігі, мысалы: «Master Card», «Visa» және т.с.с.;
- карточканың номері;
- карточка иесінің аты-жөні;
- карточканың эмитентінің атауы;
- карточканың қызмет ету мерзімі;
- карточка иесінің қол қою үлгісі.
Қорытынды
Қолма-қол ақша мен қолма-қолсыз ақшалар арасында тығыз байланыс пен өзара тәуелділік бар. Ол ақшаның үнемі бір айналыс сферасынан екінші біріне өтіп отыруынан байқалады. Айталық, қолма-қол ақшалардың банктегі депозитке салынуы, олардың қолма-қолсыз ақшаға айналуын білдірсе, ал, банктен жалақы, жәрдемақы, шәкіртақы, зейнетақы және т.с.с. төлеу үшін ақша алған жағдайларда қолма-қолсыз ақшалар қолма-қол ақшаларға ауысуы байқалады.
«Қазақстан Республикасы аумағында төлем құжаттарын пайдалану және қолма-қолсыз төлемдер мен ақшалай аударымдарды жүзеге асыру ережесі» туралы ҚР Ұлттық банк Басқармасының 2000 жылға 25 сәуірде бекіткен №179 Қаулысына сәйкес, заңды тұлғалар арасындағы 4000 айлық есеп көрсеткішінен асатын мөлшерде есеп айырысулар тек қана қолма-қолсыз тәртіпте жүзеге асырылуға тиіс.
Қолданылған әдебиеттер:
- «Банк ісі» — С.Б.Мақыш
- «Банктегі бухгалтерлік есеп» — С.Т. Міржақыпова
- nationalbank.kz
- kick.kz
- minfin.kz
- «Егемен Қазақстан» газеті