АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Реферат. Қазақстандағы ұлттық табиғи саябақтардың жағдайы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ БІЛІМ МИНИСТРЛІГІ

 

Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті

Шымкент институты

 

                             Жалпы биология және экология кафедрасы

 

 

Ғылыми жұмыс

Тақырыбы: «Қазақстандағы ұлттық табиғи саябақтардың жағдайы».

 

 

Орындаған: Досқараева Г.

Тобы: 945-16.

Ғылыми жетекші, доцент:Бедебаев М .

 

 

 

 

 

 

 

ШЫМКЕНТ — 2007 ж

 

 

Жоспар

І. Кіріспе

ІІ. Негізгі бөлім

            А) Ұлттық табиғи саябақтардың шығу тарихы

            Б) Ұлттық табиғи саябақтардың түрлері мен маңызы

            В) Сайрам — Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы

            Г) Қаратау – Эндемиктердің Отаны

ІІІ. Қорытынды

ІV. Пайдаланылған әдебиеттер тізімі. 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Кіріспе

            Табиғат  — Ана экологиялық жағдайлардың қол шоқпарына айнала тұра, бүкіл тіршілік атаулының құтты қоныс мекені, алтын ұя бесігі екеніне дауымыз жоқ. Ал адам үшін табиғат ең қасиетті де, қастерлі ұғым. Қазақ халқының бар өмірі табиғатпен тікелей байланыста өтіп келеді. Сан ғасырлар бойы халқымыз табиғат аясында тіршілік өте отырып, оның сан алуан құпия сырларына көңіл бөлді. Халқымыздың табиғат жөніндегі ой-пікірлері табиғат құбылыстары мен заңдылықтарымен үнемі үндесіп жатады. Сондықтан да халық өзін табиғаттың бөлінбес бір бөлшөгі, құрамдас бір тобы деп есептеді. Табиғаттың қатаң жағдайына, түрлі өзгерістеріне сай көшіп-қонып жүріп, өз шаруашылығын табиғатпен үйлесімді жүргізді, сондай-ақ табиғатқа аялы алақан, көз қарашығындай  қамқорлық керек екенін ерте сезінді.

Егер Жер – Анаға тіл бітсе: — Ей, адамзат баласы! Сен менің бауырымда тіршілік еткен ең тамаша перзентімнің. Саналы, парасат  — пайымды төлімсің. Бірақ менің перзентім жалғыз сен ғана емес, басқа да тіршілік иелері – менің төл балаларым. Сенің өзіңмен бірге туғандарыңа, яғни жануарларға, аң – құстраға жасаған қиянатың — өзіңе, келер ұрпағыңа жасаған қастандығың дер еді.

            Ағылшын халқында «Жер бетінде жалғыз ағаш, жалғыз көл, жалғыз өзен қалғанда ғана өміріміздің қаншалықты қажеттілігіін түсінеміз» деген нақылы бар.

            Еліміз Егемендік алған күннен бастап – ақ Республикамызда табиғат қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөлініп келеді. Әсіресе, ерекше қорғалатын аумақтардың жер көлемін кеңейту және көркейту шараларын мейлінше кеңінен жүргізуді насихаттау жұмыстары қалың бұқара қалың арасында жан – жақты жүргізіліп келеді.

            Елімізде «Ерекше қорғалатын аймақтар туралы» Заң 1997 жылы 6 тамызда қабылданған. Онда ерекше қорғалатын аумақтарға Республикамыздағы арнайы бөлініп алынған жер алқаптары, су айдындары, ормандар және жер қойнауы ерекше ережеге сай құқықтық тұрғыдан да және шаруашылық тұрғыдан да қатаң тәртіп пен қорғалып, табиғатты сақтап қалу үшін, әрі қалпына келтіру үшін бөлінеді деп атап көрсетілген. Қазіргі кезде Республикамызда ерекге қорғалатын табиғи аймақтар санатына: мемлекеттік қорықтар, ұлттық табиғи саябақтар, табиғи ескерткіштер, қорықшалар, ботаникалық бақтар жатады. 

 

 

 

 

 

 

 

 

Табиғатты қорғауға арналған ұйымдар – ол қорықтар, ұлттық саябақ, ескерткіштер  және т.б. Ұлттық саябақ мемлекеттік қорықтардан елеулі айырмашылықтары бар. Қорықтарда табиғат байлықтары сол аймақтың ландшафты — географиялық белдеуінің үлгісі ретінде қорғалады. Мұндағы жерлер, шаруашылық айналымынан босатылады да, барлық экологиялық процестер өз бетінше жаратылыстың заңына сәйкес дамиды. Адам оның тек бақылап — зерттеушісі, тыныштығын сақтайтын қорғаушысы ролін атқарады. Ал ұлттық саябақтарға жүктелетін міндет бұған қарағанда әлдеқайда күрделірек. Оларда табиғат кешендерін адамдардың тынығып демалуымен ұштастыра отырып, қорғаудың ғылыми негізгі әдістері іздестіріліп, жүзеге асырылады.

Көпшілік дүние жүзінің елдерінде табиғаттың қорғалатын учаскелерінің негізгі сферасы ұлттық саябақ, Мысалы, Солтүстік Америкада бизондар, ақ тырналар Азияда жолбарыстар, Галапагос аралында піл тасбақасы, Оңтүстік Америкада басқа да сирек кездесетін қалталы сүтқоректілер, Жаңа Зеландияда тотықұс, Африкада гориллалар, арыстандар, гепардтар, бегемоттар және басқа да ірі жануарлар күні бүгінге дейін ұлттық саябақта сақталынып, саны көбейіп келді.

Алғашқы ұлттық саябақтарда АҚШ-та өткен ғасырдың екінші жартысында ұйымдастырыла бастады. Бұл іс одан кейін Жапония мен Канада да дамыды. Солардың ең елеулісі— Литвада 1974 жылы ұйымдастырылған Аукшайтин ұлттық саябақ.

Өзіндік ерекшелігі, көркі бар Литва жерінің табиғатын қорғау, оның жануарлар мен өсімдіктер дүниесін, экологиялық заңдылықтарын зерттеу және көпшілік қауымды табиғатқа жанашыр болу рухында тәрбиелеу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуге болатыны сөзсіз.

Саябақтың жер көлемі мен оның шекаралары сондағы ірі жануарлардың бүкіл маусымдағы тіршілігін қамтамасыз етеді. Туристер саябақта кездесетін жануарларды мазаламайды, негізгі қорғалатын объектілер тек арнайы салынған жолмен байқау алаңынан көрсетіледі. Ұлттық саябақтың барлық территориясы — қорғалатын аймақ, келгендерге объектіні көрсететін алаң, шаруашылықты жүргізетін жер және т. б. учаскелерге бөлінген. Мұның бәрі ұлттық саябақтың территориясының дұрыс сақталуына және келушілерге өте ыңғайлы.

Сөйтіп, ұлттық саябақ бірегей ландшафтардың, өсімдіктер мен хайуанаттардың сирек кездесетін әрі бағалы түрлерінің сақталуын қамтамасыз етеді. Сонымен бірге демалыс пен туризмнің де тамаша орны болып табылады, оларды күтіп-баптауға кететін шығындарын толық ақтап, едәуір кіріс кіргізеді.

Ұлттық саябақтар —  табиғат қорғаудың бір түрі. Әр мемлекеттің табиғаты  сұлу,   көрікті  жерлері,  ерекше  тарихи  ескерткіштері, бағалы өсімдіктер мен жануарлар жайлаған, ақшаға сатылмайтын, халықтың мақтанышы болған  жерлері  бар. Осындай жерлерде ұлттық саябақтар ұйымдастырылып, олар мемлекет   тарапынан қорғауға алынады. Онда өндірістік немесе ауыл шаруашылығы жұмыстары жүргізілмейді. Табиғат қорғаумен қатар халықтың демалуына, туристер жүруге толық жағдай жасалады. Жер жүзінде қазір  200 ұлттық саябақ бар. Олардың ішінде ең  ірілері  Гренландия ұлттық саябақ, жер көлемі 7 миллион гектар, Ботсвандағы орталық Қалахар резерваты — 5,3 миллион гектар, Канададағы Вуд-Буфалло — 4,3 млн. гектар, Монғолиядағы үлкен Гоби — 4 млн. гектар.                                  

 

Талай аңызға арқау болған қарт Қаратауды білмейтін адам кемде-кем. Ол Жамбыл, Қызылорда, Оңтүстік Қазақстан облыстарының аумағында орналасқан. Солтүстік-батыстан оңтүстік-шығысқа дейін 420 шақырымға созылып жатыр. Ені кей тұстарында 60-80 шақырымға дейін созылады. Оның ең ұшар шоқысы — Бессаз тауының биіктігі 2175 метр. Қойнауы қазынаға бай Қаратау бір-бірімен қатарласа орналасқан, арасын тауаралық аңғарлар бөлетін Үлкен және Кіші Қаратау жоталарынан тұрады. Зерттеушілердің сипаттамаларына сүйенсек, бұл екі таудың да жоталарының басы біршама тегіс, жазықты болып келеді де, ал, беткейлері шатқалды, тік жартасты. Оңтүстік-Батысынан Сырдария, солтүстік-шығысынан Шу және Талас өзендері ағып өтетін Қаратау бұдан бірнеше миллиондаған жылдар бұрын Жерорта теңізі мен Тынық мұхитының түбінен біртіндеп көтерілген ең ежелгі тау жоталарының бірі болып саналады.

Қаратаудың осындай табиғатының ерекшеліктерін ескере отырып 2004 жылы 1 наурызда Қазақстан Республикасы Үкіметінің №249 қаулысымен «Қаратау мемлекеттік қорығы» ұйымдастырылды. Жер көлемі — 34300 гектар. Табиғаты — құрғақ далалы және шөлейтті өңірлермен шектесіп жатқан оазисті аймақты құрайды. Қорық Батыс Тянь-Шань тау жотасының солтүстік-батыс сілемдерімен шекаралас Қаратау жотасының орталық бөлігінде орналасқан. Айналасын Қызылқұм, Бетпақдала және Мойынқұм шөлдері қоршап жатыр. Бұл аймақтың ауа-райы күрт құбылмалы болып келеді. Зерттеушілер дерегіне жүгінсек, онда жылына орта есеппен 300-500 мм. шамасында ғана ылғал түсетін көрінеді. Жазы ыстық, әрі құрғақ, шілде айының орташа температурасының өзі +22 +26°С.

Бұл өлке археологиялық ескерткіштерге өте бай. Онда тасқа қашап салынған суреттер, ертеде өмір сүрген адамдардың тұрақтары мен олар пайдаланған еңбек құралдары, обалар мен сағаналардың қалдықтары молынан сақталған. Сонымен бірге, ерекше мүсінді түйетас, кемпіртас, хантағы және т.б. кейіптегі табиғаттың өзі ғасырлар бойы жасаған тас бейнелер де кездеседі. Олар жайында ел аузында сақталып қалған сан алуан сыршыл аңыздар Сізді өзімен бірге тарихтың түу тереңіне еріксіз тартып әкететіні бар.

Қаратау қорығының аумағындағы өсімдіктер мен жануарлар құрамы жағынан да мүлдем ерекше. Сондықтан да бұл алқаптың өсімдіктері биолог ғалымдардың назарына ертеден-ақ ілінген.   Ғалымдардың зерттеулері бойынша қорық аумағында өсімдіктердің 1666 түрі өседі. Ал, оның 154-нің тек осы өңірде ғана өсетіні анықталып отыр. Қаратау қорығы республика көлеміндегі эндемик (тек осы аймақта ғана өсетін) өсімдіктер түрлері өте көп өсетін бірден-бір аймақ бо­лып саналады.

Соңғы жылдары ботаник ғалымдар эндемик өсімдік түрлері өсетін жекелеген 34 жерді анықтады. Аталмыш қорық солардың бірегейі болып тұр. 1981 жылы жарық көрген Қазақстанның өсімдіктерге арналған «Қызыл кітабында» Қаратау қорығының аумағында кездесетін өсімдіктің 45 түрі тіркелген. Бұл да болса қорықтың «Эндемик өсімдіктердің Отаны» екендігін дәлелдемек. Қаратау қорығында өсетін жалпы өсімдік түрлерінің 9 пайызы эндемик түрлерге жатады. Ондай өсімдік түрлерінің бір тобы мынадай: Қаратау рапонтикулы, Қаратау көкбасы, Қаратау ырғайы, Қаратау үшқаты, Қаратау лепидолфасы, Қаратау ақшешегі, Қаратау жыланбасы, Қаратау кекіресі, Қаратау қауы, Қаратау маралтамыры, Қаратау томағашөбі.т.б. Өсімдік атауларындағы «Қаратау» сөзінің қосарланып жүруі сол өсімдіктің тек осы өңірде ғана өсетінін айғақтайды.

Қаратау қорығында жа­нуарлар дүниесі де саналу­ан. Мұнда сирек кездесетін ерекше құс — жұмбақторғай мекендейді. Ол сонау Үндістан елінен ұшып келіп, осы Берікқараның ағаштарына ұя салады. Қорықта құстың 55, сүтқоректілердің 16 түрі кездеседі. Бүркіт, ителгі, қара дегелек, жыланжегіш,тас сусары, үнді жайрасы, Қаратау арқары сияқты ең сирек кездесетін жа­нуарлар да осында өмір сүреді.

Қаратау қорығында өсетін тек ақ теректің өзі әлемге әйгілі. «Қаратаудың ақ терегі» десе шетелдік ғалымдардың өзі елеңдесіп қалады. Бұл теректер Қаратаудың Билікөл көлі орналасқан шығыс жақ беткейіндегі Берікқара деп аталатын шатқалда ғана өседі. Берікқараның ақ терегі тау шатқалының 1000-1200 метр биіктігінде 8 соттық шағын ғана жерде топтанып, өзінше тоғай құрайды. Айналасына жайыла өсетін жас бұтақтарының сырты ақ түкті болып келетіндіктен «ақ терек» деп аталған. Ең ірі ақ теректердің биіктігі 25-30 метрге дейін жетеді. Теректің діңі өте қатты. Егер темірмен ұрғыласа шаңқ-шаңқ етіп дыбыс шығады. Ақ теректі сақтап қалу мақсатында ол арада бұрыннан-ақ Берікқара ботаникалық-қорықшасы ұйымдастырылған.

Теректің бұған ұқсас бір түрі кезінде Өзбекстанның Заравшан өңірінде өскен екен. Ол — Заравшанның ақ терегі деп аталыпты. Алайда, адамдардың ұқыпсыздығынан бұл терек түрі 1930 жылдары жер бетінен мүлдем жойылып кеткен.

Әрине, тым өкінішті-ақ. За­равшан терегіне өте ұқсас Берікқара ақ терегі қазір әлем ғалымдарының назарын аударуда. Ал, канадалық бір топ ғалымның Қаратау мемлекеттік қорығының дәл ортасынан орын алған әлгі ақ теректердің тағдырына соншалықты алаңдайтыны таңқалдырмай қоймайды. Олар бұрын әр төрт жыл сайын Қазақстанға арнайы келіп, әлгі теректердің өсіп-өнуін қадағалап отыратын. Ендігі жерде канадалық ғалымдар сол «сапарын» жиілете түсуді әрі эндемик өсімдіктерді де толықтай зерттеу керектігін ойлап отыр.

Дүниежүзінің көптеген елдерінде халықаралық табиғат қорғау одағының    ұсынысы бойынша жалпы мемлекет аумағының 10 пайыз жерін ерек­ше қорғалатын табиғи аумақтарға айналдыру   көзделген. Осыған байланысты біздің елімізде де соңғы жылдары ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жер көлемін ұлғайтуға ерекше мән беріліп отыр. 2006 жылдың 7-шілдесінде «Ерекше   қорғалатын  табиғи аумақтар туралы» заңның қабылдануының өзі елімізде табиғат қорғау мәселелеріне басты назар аударылып отырғандығының нақты   дәлелі бола алады.

Қазіргі таңда ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға бөлінген жалпы жер көлемі өлкемізге 17 млн 874 мың гектар алқапты алып жатыр. Бұл көрсеткіш республикамыздың жалпы жер көлемінің 6,5 пайызына тең. Таяу жылдарда еліміздегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жер көлемін тағы да 1 млн. 800 мың гектар алқапқа ұлғайту жоспарланып отыр.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы 52 қаулысы арқылы 2006 жылы 26 каңтарда Сайрам-Өгем мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы ұйымдастырылды. Бұл ұлттық табиғи саябақтың Батыс Тянь-Шань тау жотасының табиғаты ерекше көрікті өңірлерін қорғау үшін маңызы ерекше. Ұлттық саябақ Оңтүстік Қазақстан облысы, Түлкібас, Төле би және Қазығұрт аудандарының табиғаты ең көрікті алқаптарын қамтиды. Сайрам-Өгем ұлттық саябағының алып жатқан жер көлемі әзірше 149 мың гектардан астам. Келешекте ұлттық табиғи саябақтың жер көлемін ұлғайту көзделіп отыр. Бұл ұлттық табиғи саябақты ұйымдастырудағы басты мақсат-Батыс Тянь-Шань тау жоталарындағы ғылыми тұрғыдан құнды табиғат байлықтарын қорғап қалу, қалпына келтіру және еліміздегі экологиялық туризмді дамыту, көпшілік арасында экологиялық үгіт-насихат жұмыстарын кеңінен жүргізу.

Сайрам-Өгем ұлттық табиғи саябағы орманды дала биігінен биік таулы алкапқа дейінгі 7 табиғи белдемді қамтиды. Бұл ұлттық табиғи саябақта өсімдіктердің 1635, құстардың 300-ге жуық, сүтқоректілердің 60-қа жуық түрі бар. Ұлттық саябақтың жаңадан ұйымдастырылуына сәйкес ғылыми-зерттеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлу жоспарланған.

Сайрам-Өгем ұлттық табиғи саябағының жері табиғат қорғау жұмыстарының ерекшеліктеріне байланысты жеке 3 аймаққа бөлінген. Оның ішкі өзекті аймағы қорықтық аймақ деп аталады. Ондағы табиғат қорғау шаралары қатаң түрде жүргізіледі. Бұл аймақта негізінен ғылыми-зерттеу жұмыстарына басты назар аударылады. Ұлттық табиғи саябақтағы қорықтық алқапқа 74970 гектар жер бөлінген, бұл жалпы саябаққа бөлінген жердің 50,4 пайызына тең. Ұлттық табиғи саябақтың екінші аймағы туристік аймақ деп аталады. Онда туристердің келуіне рұхсат етіледі және бұл аймақта экологиялық, танымдық және тәрбиелік жұмыстарды жүргізуге ерекше көңіл бөлінеді. Саябақтағы туристік аймаққа бөлінген жер көлемі 38882 гектар алқапты қамтиды, бұл жалпы саябақ аумағының 27,7 пайызы. Туристік аймаққа бөлінген алқапта табиғатты қалпына келтіретін рекреациялық жұмыстарды кеңінен жүргізу шаралары көзделген. Ұлттық табиғи саябақтың үшінші шеткі аймағы шектеулі шаруашылық жұмыстары жүргізілетін аймақ деп аталады. Мұндай жұмыстар жүргізілетін аймаққа бөлінген жер көлемі 40207 гектар, бұл жалпы саябақ жерінің 26.9 пайыз  аумағына тең. Бұл аймақта саябақтың табиғат байлықтарына ешқандай зиян келтірмейтін шаруашылық жұмыстарын жүргізуге рұхсат етіледі.

Орманмен көмкерілгені 27553 гектар 18,5 %, егістік – 92, шабындық – 261, жайылым 51459, жолдар – 89, усадьба – 60, сулар – 315, мұздықтар – 1135 басқа пайдалануға жарамды жерлер 44 538 гектар.

Сайрам-Өгем ұлттық табиғи саябағының аумағы солтүстіктен оңтүстік бағыт бойынша 135 км-ге созылып жатыр. Ұлттық саябақ әкімшілік-аумақтық тұрғыдан табиғаты ерекше 3 алқапқа бөлінген. Оның біріншісі-76573 гектар жерді қамтитын Өгем бөлімшесі. Екіншісі — 45509 гектарды алып жатқан Төле би бөлімшесі. Ал үшіншісі 26971 гектар жерді қамтитын Түлкібас ауданының шекарасында орналасқан бөлімше.

Сайрам-Өгем ұлттық саябағының аумағында ғылыми құндылығы ерекше саналатын аршалы орман алқабы бар. Мұндағы ірі аршалардың кейбіреулері 700 жылдан бері өсіп тұрғандығы анықталған. Ондай аршалы орман алқабы теңіз деңгейінен 2500 метр биіктікте орналасқан. Арша ағашын халқымыз ежелден-ақ киелі ағаш деп қастерлегені белгілі. Бұл ұлттық табиғи саябақ аумағында дүниежүзінің ешбір аймағында кездеспейтін өсімдіктің 35 эндемик түрі өседі. Бұларды ғылыми тұрғыдан зерттеудің мәні өте зор. Саябақтағы аршалы орман алқабында аршаның 3 түрі өседі. Оның бірі-қара арша (шар пішінді зеравшан аршасы) деп аталады. Екінші түрі сауыр арша (жарты шар пішінді арша), ал үшінші түрі  балғын  арша (түркістан аршасы немесе төсемелі  арша) деп  аталады. Аршаны  халқымыз орман  анасы деп ерекше дәріптеген. Арша өте баяу өсетін ағаштың бірі. Оның тұқымының сыртқы қабығы қатты болады. Ол топырақ ішінде бірнеше жыл жатып өне береді. Оның табиғи өсімі өте баяу жүреді. Саябақ қызметкерлері аршаны көшет түрінде егіп көбейтуді қолға алуды жоспарлап отыр. Саябақтағы арнайы көшеттер өсетін тәлімбақ (питомник) аумағы әзірше 4-5 гектар ғана. Онда тек сирек кездесетін ағаш түрлерімен бірге әсемдік — сәндік  мақсаттағы өсімдік түрлерін өсіруді де қолға алу көзделуде.   

Өсімдік жамылғысы өсімдік бірлестіктерінің негізгі үш типін құрайды:

  1. Сирек аршалы орман — көпшілік жағдайда бұталы әртүрлі шөптесін өсімдіктермен жамылған, оңтүстік экспозициясының бөктері саваноидты шалғынды-далалы, және тығыз пародалардың жақын жатуынан топырақтың қабаты нашар, солтүстік экспозицияның бөктері — шалғынды. Сирек аршалы орманның толықтығы 0,1-0,4 құрайды, қалың аршалы ормандар да кездеседі.
  2. Бұталы және шөптесінді — бұталы, көпшілік жағдайда жеке долана ағаш-тарымен қамтылған орман және шалғынды жамылғылы. Солтүстіктің жұмсақ бөктерінде және қойнауларда долана орман құрауы мүмкін. Көбінесе солтүстік, кейде шығыс экспозицияларының бөктерін осы бұталы және шөптесін өскіндер құрайды.
  3. Ірі эфемероидты астықты және сава­ноидты әртүрлі ірі шөптерден тұратын қауымдастық негізінен оңтүстік және шығыс бөктерлердің құрғақ және ыстық жерлерінде ірі эфемерлі астықтылар және ірі шөптесін саванноидтардан тұрады.

Өсімдіктер дүниесін сақтау жүйесінде келешекте ертең, бұрын кесілген және зиянкестердің әсерінен қураған орман қоры жерлерінде екпе ормандардың көлемін ұлғайту, өрт қауіпсіздігін және қорғаныс шараларын жетілдіру жоспарланып отыр, сол сияқты өсімдіктердің нақты сандарын, олардың түрлерін анықтау, жоғалып бара жатқан түрлерін сақтап, көбейту және кадастрлық жұмыстарын қолға алу көзделуде.

Мемлекеттік мекеменің бекітіліп берілген жерлерінде жануарлар дүниесін қорғау және өсімін молайту бағытында іс-шаралар жасалынып, мына жұмыстарға баса көңіл бөлінеді: аңдар мен құстардың нақты сандарын, олардың түрлерін анықтау; олардың сандарын арттыру және пайдалану жолдары; жоғалып бара жатқан аң-құсымызды сақтап, көбейту; бұрын болған, қазіргі кезде жоғалған аң-құстардың түрлерін зерттеп, оларды өсіру жолдарын қолға алу; биотехникалық іс-шараларды сапалы жүргізіп, жануарлардың мониторлық кадастрлық жұмыстарын жетілдіру.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарында «Табиғат жылнамасын» жүргізумен қатар, негізгі орман құраушы аршаларды ұрығымен және вегетатив жолмен көбейтудің кешенді тех­нологиясы жасалынуы және шаруашылық жағынан құнды грек жаңғағының биологиялық ерекшеліктерін ескере отырып, (түр ішіндегі әралуандығы) суыққа шыдамды түрлерін таңдау және интродукциялау жолымен әр түрлі сорт үлгілерін жинақтау арқылы, оның көлемін көбейту көзделіп отыр.

Экологиялық ағарту және туризм бағытында:

—  туристік бағыт жүйелерін құру;

— туристік топтарды қабылдау және олардың демалуына қолайлы жағдай жасауды ұйымдастыру;

Туристік фирмалармен, мекемелермен, жерді пайдаланушылармен бірігіп, саябақ аумағында экологиялық талаптардың бұзылмауын қадағалау. 

Сайрам-Өгем ұлттық табиғи саябағында жануарлардың си­рек кездесетін түрлері де бар. Ондай жануарлардың бірі-көк суыр. Оны   ғылыми   тілде мензбир суыры деп атайды. Соңғы санақ мәліметтері бойынша саябақ аумағында 23 000 көк суыр кездеседі. Мұндағы көк суыр саны соңғы 15 жыл ішінде 80 % азайып кеткен. Суырдың бұл түрі батыс Тянь-Шань тау жотасының эндемик түріне жатады. Саны соңғы жылдары өте көп әрі заңсыз аулаудың салдарынан күрт азайып кеткендіктен халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл кітабына тіркелген. Қазіргі кезде заңсыз ауланған әрбір суыр үшін 412 000 теңге айыппұл төленеді. Саябақта көк суыр топтары Бадам, Өгем, Қасқасу және Сайрамсу өзендерінің таудан басталар жоғары белдемінде ғана сақталған. Саябақ аумағында жабайы шошқа, арқар, қоңыр аю және т.б. жануарлар да кездеседі.

Мензбир суыры — (Marmota menzbieri) Батыс Тянь-Шанның эндемигі, ол Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанда таралған. Кейбір мәліметтерге қарағанда, Тәжікстандағы популяциясы жойылып кеткен. Соңғы 10 жылдық деректерге сүйенсек, бұл түрдің саны күрт төмендеп, құрып кету қаупі бар. Заңсыз мал жаю және аң аулау оның тіршілік ету ареалының тарылуына алып келді.

Қазақстанның таулы аймағында Сайрам жотасынан Өгем жоталарына дейінгі 50 км2  ауданында суыр популяциясы сақталған. Мензбир суырының дене тұрқы — 0,5 м, ал құйрығының ұзындығы -10 см. Жүні өте тығыз сары-қоңыр түсті, басында ғана телпек сияқты қара дағы бар.

Орта есеппен суырдың ұйықтау мерзімі тамыздан маусымға дейін, 7-8 айға созылады. Ұйқыға кеткенге дейін салмағы 5 кг болса, ұйықтау мерзімі аяқталғанда 2-3 кг шамасында болады. Бұл жануарлар аналығы, аталығы және ұрпақтары бірігіп тіршілік етеді. Індері терең, 3-4 м шамасында болады. Суыр 2000-3500 м биіктікте тіршілік етеді және өсімдіктермен қоректенеді. Суыр майы емдік мақсатта қолданылатындықтан өте жоғары бағаланады. Сондықтан жыл сайын суырдың терісі мен майына сұраныс артып келеді. Жаз мезгілінде адамдар апталап, тіпті айлап Мензбир суырын аулайды, бұл іс-әрекет суыр санының күрт төмендеп кетуіне әкеп соқты. Сайрам-Өгем ұлттық табиғи саябағында тұрақты түрде «Табиғат жылнамасын» жазып отыру ісі қолға алынып, онда саябақ аумағындағы табиғат байлықтары жөнінде нақтылы деректер тіркеліп отырады.

Мемлекеттік қорықтар мен саябақтардағы табиғат байлықтарына орасан нұқсан келтіретін жәйттің бірі-өрт. Сайрам-Өгем ұлттық табиғи саябағында 2006 жылы 17 өрт оқиғасы орын алған. Соның салдарынан 1137,4 гектар орман алқабын өрт шалған. Алға қарай орман өртіне жол берілмеуі керек.

Еліміздегі әрбір қорықтың, немесе ұлттық табиғи саябақтың табиғат байлықтарын қорғауда алатын маңызы ерекше. Сондықтан келешек ұрпақ үшін олардың танымдық та, тәрбиелік те мәні зор екендігін ешуақытта естен шығармауымыз қажет.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

  1. Евразия — KZ  № 38 (93) 22.09. 2006 ж. 10-11 бет.
  2. Атамекен KZ № 8  15 мамыр – 1 маусым. 2006 ж.  3-бет.
  3. Атамекен KZ № 11   15-шілде – 1 тамыз. 2006 ж.  3-бет.
  4. Евразия – KZ № 50 (105).  12.2006 ж. 10-11 бет.
  5. «Биология» М.Қ. Смағұлова. «Арман» баспасы. 2003 ж. 384 –бет.
  6. «Табиғат қорғау» С.Қаженбаев., С.Махмутов. Алматы. 1992 ж. 126-128 бет.
  7. «Экология негіздері» Ғ.Сағымбаев. Алматы.   268-269 бет.
  8. Атамекен KZ. Р.Сәтімбекұлы. 24 қараша 2006 ж. 4-бет.
  9. Атамекен KZ. Ә.Бейсенова, А.Самақов.  10 тамыз  2006 ж.  4-бет.
  10. География және табиғат. З.Қажиақбарова ., Р.Сәтімбеков. 1.01.2005 ж. 3-6 бет