Қазақстанның отын – энергетикалық қорлары
Қазақстанның отын – энергетикалық қорлары өте мол, қазақстанда мұнай, табиғи газ, көмір, ағаш отын, шымтезек және жанатын тақтатастың мол қоры бар.
Көмір. Қазақстан жерінде көмірдің мол кендері орналасқан. Қазірдің өзінде төрт жүзден астам кен орындары ашылып, олардың есептелген көмір қоры 162 млрд. т-дан асып отыр.
Кеңес дәуірі тұсында Қазақстанда жүздеген көмір кендері ашылды, олардың көпшілігі Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Павлодар, Семей және Шығыс Қазақстан сияқты ауыр өнеркәсібі дамыған облыстардың жерлерінде орналасқан.
Республикамыздың негізгі көмір орталығы — Қарағанды. Кен орнының басты ерекшелігі — онда металлургия, химия өндірісіне қажетті кокс көмірінің едәуір қоры бар.
Карағанды бассейнінің алып жатқан аумағы мың шаршы километр, ал оның көмір қоры 52 млрд. т-дан асады. Кен орнында қырықтан астам бүгінгі күннің техникасымен жабдықталған шахталар жұмыс істейді. Олар тәулігіне мыңдаған тонна кокс және энергетикалық көмір түрлерін өндіреді. Қарағанды көмірімен Қазақстаң Магниткасы, Магнитогорск, Орск-Халиловск металлургия комбинаттары, Ақтөбе ферробалқу заводы, Жезқазған және Балқаш мыс қорыту комбинаттары, Орал, Орта Азия мен Қазақстанның көптеген жылу электр станциялары жұмыс істейді.
Еліміздің энергетикалық отын қорларын сөз еткенде, біз ең алдымен Екібастұз көмір бассейнін атаймыз. Оның алып жатқан, аумағы аса үлкен болмағанымен (120 км2), көмір қоры жағынан ол Франция мен Бельгия сияқты елдердің көмір қорынан әлдеқайда көп. Мұнда көмір қабаттары жер бетіне жақын орналасып, қалыңдығы 100—120 м-ге дейін жетеді, ал жалпы көмір қоры 10 млрд. т шамасында. Сондықтан да Екібастұзда өндірілетін энергетикалық көмір ашық тәсілмен (карьер) алынады, оның әрбір тоннасының құны шахталарда ендірілетін көмірден екі-үш есе арзан.
Қазақстан Республиканың басқа да жерлерінде көптеген көмір қабаттары кездеседі. Алда тұрған келелі міндеттердің бірі — жалпы халық шаруашылығының тиімділігін арттыру және қоршаған орта тазалығын белгілі деңгейде сақтау үшін жергілікті жерлердің отын қорларын пайдалану.
Жанатын тақтатас. Құрамында елу проценттен асатын әр түрлі минералды қосылыстар кездесетін, жылулық-қасиеті қоңыр көмірден әлдеқайда төмен жанатын тақтатас да отын қорларының қатарына жатады. Ол жер қойнауында мол тараған және дүние жүзінің көптеген аймақтарында жергілікті отын ретінде кеңінен қолданылуда.
Жанатын тақтатастар да жер қойнауында көмір сияқты органикалық қалдықтардың ұзақ жылдар бойы шөгуінен пайда болған. Табиғатта шірінді және сапропельді тақтатастар жиі қездеседі. Шірінді тақтатастардың құрамы негізінен өсімдік қалдықтарынан тұратын болса, сапропель су айдындарында тіршілік ететін планктондар мен бентос сияқты организмдердің қалдықта-рынан пайда болады.
Ғалымдар дүние жүзінде 700 млрд. т-ға жуық, ал Тәуелсіз Мемлекеттер жерінде 150—170 млрд. т жанатын тақтатастардың қоры бар деп мөлшерлеуде.
Тақтатас Қазақстанда да ертеден жергілікті отын ретінде пайдаланылып келеді. Мысалы, Орал өңіріндегі Чернозатон, Тоқсай және Новосеменовка кендерінен алынатын тақтатас көп жылдардан бері пайдаланылуда. Бұл кен орындарындағы тақтатастың сапасы төмен (күл қалдығы 22—60% аралығында, қызулығы 2500 кал мөлшерінде).
Жергілікті отын мұқтаждығын, мысалы, Кендірлі тақтатас кен орны толығымен қамтамасыз етіп отыр. Ондағы тақтатас қабаттары жер бетіне жақын орналасқан, жылулық қасиеті жақсы және ашық карьер әдісін пайдалану арқылы өндіріледі. Оның сапасы жоғары, одан құрғақ айдау технологиясы арқылы орта есеппен 19% бензин, 9% лигроин, 27% дизель жанармайын, әр түрлі реагенттер, майлар, асфальт және басқа да заттар ажыратып алуға болады.
Жалпы Қазақстан жерінде тақтатастың мол қоры бар 25-тен астам кен орындары табылып отыр. Олар келешекте республикамыздың энергетикалық қорларын тиімді пайдалануда елеулі орын алатын болады, сонымен бірге, олар химия өнеркәсібін дамытуға қажетті шикізат та бола алады.
Шымтезек. Адамдар шымтезекті отын ретінде ерте кезде-ақ пай-даланған. Оның құрамы барлык кен орындарында бірдей емес. Шымтезек кендері негізінен көлдер мен су қоймаларындағы сулар тартылғаннан кейін, оларда мол жиналған өсімдік қалдықтарының құрғауынан пайда болады. Бұл, әрине, ұзақ уақыт жүретін күрделі табиғи процесс. Ғылыми болжамдарға қарағанда, қалыңдығы бір метр шымтезек кені кемінде 30—50 жылда түзіледі. Шымтезектің кептірілген түрлерінде орта есеппен 60% көміртек, 6% сутек, 32% оттек және 2% азот, болады. Оның жылу бергіштігі ағашқа қарағанда жоғары көмірге қарағанда төмен болғанымен, құрамында күкірттің болмауы және күл қалдықтарының аздығы оларды энергетикалық ірі өндіріс орталықтарыңда, сондай-ақ ауылдық жерлерде тұрғын үйлерді жылытуға тиімді арзан отын ретінде пайдалалуға мол мүмкіндігін туғызады.
Қазақстанда шымтезек Қостанай, Көкшетау және Солтүстік Қазақстан облыстарының жазық далаларында көп кездеседі. Қостанай өңірінде кездесетін шымтезек сапасы жоғары, жанғанда 3500—4200 кал-ға дейін жылу бөледі. Осы аймақтың ең ірі шымтезек кендері Тобыл мен Тоғызақ өзендерінің алқаптарындағы Қайыңдыкөл, Шәкірай, Өтегенкөл, Шайтомар, Аюкел, Ащы-өзек атты жерлерде және Меңдіқара ауданының көлтомарларында орналасқан. Іле Алатауының жазықтарынан да, Ақтөбе облысынан да шымтезектің қорлары табылып отыр.
Өкінішке орай, Қазақстанда шымтезек кендерін халық шаруашылығы салаларында, әсіресе, жергілікті жерлерде жылу мен электр-энергияларын өндіруге пайдалану мәселелері орынды шешілмей отыр. Табиғаттың ең арзан энергетикалық қоры,— шымтезекті халық шаруашылығында тиімді пайдалану мәселелері дұрыс шешілуі қажет.
Ағаш отын. Адамзат мыңдаған жылдар бұрын ең алдымен жылу көзі ретінде ағаш отынды пайдаланған. Тек XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап, дүние жүзінің көптеген елдерінде оның отын балансындағы ролі кеми бастады. Оның себебі, біріншіден, жер бетіндегі орман алқаптарының көлемі кеміп, ағаш қоры азая бастауы болса, екіншіден, жаңадан табылған минералды қазба отын түрлерінің (көмір, мұнай, газ) жылулық қасиеттерінің ағаш отынға қарағанда екі-үш есе жоғары болуынан еді.
Ағаш отынның құрамында 50% көміртек, 6% сутек және 44% оттек бар, ал оның әбден кепкен бір килограмы жанғанда бөлінетін жылу мөлшері 4500 ккал-ға. дейін жетеді. Ол неғұрлым құрғақ болса, солғұрлым жақсы жылу, береді. Мысалы, дымқылдығы 50% ағаштың әрбір килограмы небәрі 2000 ккал ғана жылу береді. Жаңадан кесілген ағаштардың құрамында 60%-тей су, ал оларды екі жыл бойы кептіргеннің өзінде, оның бойындағы су мөлшері 15%-тен кем болмайды.
Қазақстанның орман алқабының көлемі 22 млн. гектарға жуық. Бұл өте аз, жан басына шакқанда бір гектардан сәл ғана асады. Біздің республикамызда энергетикалық мақсатқа ағаш кесілмейді, керісінше, орман шаруашылығында жыл сайын жүз мың гектардан астам жерге көшеттер отырғызылады.
Орман алқабын энергетикалық отын ретінде пайдалану, табиғи ортаға үлкен зияңды әсер ететінін ескерген жөн. Ғылыми деректерге қарағанда, отырғызылған көк шыбық 100—150 жылда ғана биік бәйтерек болып өседі екен. Бұл аз уақыт емес. Сондықтан көк алқапты сақтаған дұрыс.
Мұнай. Ертеде жер бетінің әр жерінде іркіліп немесе ағып жататын «тас майы» мен «жер қаймағын» адамдар жараны емдеуге, қайық майлауға және т.б, өмір тіршілігінде пайдаланған. Оның жанатын қасиетін білгеннен кейін жарық, жылу көзі есебінде қолданған. Кейінірек гректің ұлы оқымыстысы Гиппократ мұнайдан бірнеше дәрі жасаған. Өздерінің атақты бальзамдарын жасағанда египеттіктер мұнайды кеңінен пайдаланған.
Мұнай — өте күрделі жай қоспа, негізгі құрам бөлігі әр түрлі көмірсутектер (90%-ке жуығы). Олардан басқа аз-аздап оттекті, күкіртті және азотты қосылыстар болады. Көмірсутек жанғанда аса көп мөлшерде жылу бөлінуіне байланысты, мұнай жанғанда сапалы көмір жанған кезде бөлінетін жылудан бір жарым есе көп жылу бөлінеді. Оның құрамында су және минералды қосылыстар мүлде кездеспейді десе де болады, ал олардың кездесуі қандай заттың болса да жылулық қасиетін төмендетеді.
Қазақ жеріңде алғашқы мұнай көздері оның батыс аудандарында өткен ғасырдың аяғына қарай белгілі болды, бірақ өндірістік жолмен алғашқы мұнай 1911 жылы Доссор мен Ембіден, ал 1965 жылы Мақат кен орындарынан алынған еді, Жан-жақты жүргізілген геологиялық барлау жұмыстарының нәтижесінде, Маңғыстау түбегінен Жетібай, Өзен, Қаламқас, Қаражамбас, Бозашы, Теңге, Тасболат сияқты ірі-ірі мұнай кен орындары ашылып, Қазакстан ірі мұнайлы аймаққа айналды.
Қазіргі белгілі Орал-Ембі мұнайлы алқабы. Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының жерлерін қамтиды, оның жалпы аумағы бес жүз мың шаршы километрден асады. Ақтөбе облысында табылған Жаңа-жол, Шұбарқұмдық, Жақсымай мұнай кендерінің болашағы зор. Каспий ойпатынан ашылған Кеңқияқ, Прорва кен көздері қазірдің өзінде едәуір көлемде мұнай беріп отыр. Шу— Іле және Балқаш — Алакөл аймақтары да мол мұнайлы аудандар қатарына қосылуда. Мұнай Торғай мен Жезқазған облыстарының жерлерінен дс табылуда. Сондай-ақ Қызылорда облысындағы Сексеуіл ойпаты мен Солтүстік Қазақстан облысының солтүстік жазықтары да мамандардың бағалауынша, мұнайлы аудандардың қатарына жатады. Қорыта айтқанда, Қазақстан жері мұнай қорына бай және бүгінгі мүмкіндік-тер келешекте оны өндіру жөнінен алдыңғы орындардың бірінде болатынын айқындай түседі.
Табиғи газ. Табиғатта мұнай шыққан жерлерде газ да қөп мөлшерде кездесіп отырады. Адамзатқа ол ертеден белгілі болғанымен, тұрмыста мұнайға қарағанда едәуір кеш қолданылды. Тарихи мәліметтерге қарағанда, 615 жылы Жапонияда алғашқы газ скважиналары бұрғыланған. Шамасы осы кезеңде Үндістан, Парсы елдері мен Баку қаласы төңірегіндегі елді мекендер газды тұрмыста, көбінесе шырақ жағу үшін пайдаланса керек.
Табиғатта газ түрлері көп, бірақ олардың ең көп тарағаны — метан газы. Бұл газ көмір шахталарында, кейде шымтезек пайда болған жерлерде жиі кездеседі. Дегенмен табиғи газдың мол қоры мұнай кен орындарымен байланысты. Мұнай кендеріндегі мұнай мен газдың өзара қатынасына байланысты табиғи газ орындары бірнеше топқа бөлінеді. Егер бір тонна мұнайға келетін газ мөлшері бірнеше жүз текше метрден аспаса, онда газ «қосалқы», ал газ мөлшері 1000—20000 м3-қа жетсе, ол газ конденсатты кен орны деп аталады. Ал 1 т мұнайға 20000 м3-тан астам газ келген жағдайда, ондай жерлерді таза газ кендері деп атайды. Miнe, осыған қарағанда табиғи газдың жер қойнауында қалыптасқан орындары өте көп. Олардың жалпы қоры да орасан мол.
Қазақстанда Маңғыстау түбегін зерттеу жұмыстары 1957 жылы басталды. 1961 жылы түбекте бұрғыланған скважиналардан алғашқы газ фонтандары атқылап, бұл өңірдің мұнай мен газ кендеріне бай екендігі белгілі болды. Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының жерлерінен, Орал-Ембі алқабынан қазірдің өзінде елуден астам мұнай мен газ кен орындары ашылып отыр. Мұнай мен газдың барланған қоры бойынша Каспий өңірі алдыңғы қатарлы орынға шықты, мұнда ірі мұнай-газ кешені қалыптасуда ал Шу — Іле, Балқаш — Алакөл ойпаттары, Қызылорда облысындағы Сексеуіл ойпаты, Торғай даласы мен Солтүстік Қазақстан облысының солтүстік жазықтары мұнай мен газ кеніне бай аудандар ретінде бағаланып отыр.
Қорыта айтқанда, болашақта Қазақстан энергетикалық отын қорларын өндіру жөнінен дүние жүзінде алдыңғы қатардан орын алары сөзсіз.