АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Реферат. Қоғам жүйе ретінде

Қоғам жүйе ретінде

 

Қоғам ұғымы, әлеуметтанудың басты санаттарының бірі болып табылады.

Бірақ қоғамның анықтамасын бермес бұрын “табиғат” пен “қоғам” сияқты кең ұғымдарды шектеу, олардың ара жігін айқындап алу қажет. Бұл әлеуметтік-философиялық проблеманың дұрыс шешілуінің әлеуметтану үшін басты, әдістемелік маңызы бар.

Біз, әдетте, адам, қоғам — табиғаттың бір бөлігі деп жиі айтамыз және оның негізі бар. Бұл жерде “табиғат” ұғымы бүкіл дүниенің, барлық шынайылықтың (органикалық және бейорга­никалық дүниенің, адамның, қоғамның) табиғи бірлігін білдіретін аса кең мағынасында қолданылады. “Қоғам — табиғаттың бір бөлігі” деген тезис мына бір фактіні растайды: адам, демек қоғам да табиғаттан пайда болады; адам — басқа жанды тіршілік иелерімен ортақ қасиеттері көп және табиғат заңдарына бағынатын биологиялық тіршілік иесі; адам баласы тірі табиғат дамуының жоғары сатысы болып табылады; қоғам табиғи ортамен органикалық байланыста және тығыз қарым-қатынаста болады және табиғаттан тыс және одан қол үзіп өмір сүре де алмайды, дами да алмайды; табиғат та, қоғам да өз дамуында ортақ іргелі заңдарға бағынады және т.с.с.

Қоғамды табиғатқа қарсы қоятын басқа бір жағдайда “табиғат” ұғымы деп адамға, қоғамға қатысты сыртқы (табиғи-географиялық) орта ретіндегі тұтас шынайы дүние емес, оның тек бір бөлігі ғана түсініледі. Адам — мейлі ол өзінің көрінісінің жоғары нысанында болсын, биологиялық (тірі, табиғи) тіршілік иесі ғана емес, адамдардың бір-бірімен қарым-қатынасынан өрбитін тек өзіне ғана тән әлеуметтік сапалар мен қасиеттері бар, сапалық тұрғыдан жаңа, принципті ерекше құбылыс; ал қоғам өмірі — әлеуметтік санадан жұрдай және өзін жануарлар әлемінен бөліп көрсетпейтін жеке биологиялық түрлер әрекет ететін биологиялық өмірге (ұйымшыл-дығы жоғары жануарлар — адамға ұқсас маймылдардың өміріне) қосылмайтын сапалық өзіндік ерекше, әлеуметтік өмір екендігін көрсету және атап өту қажет болған кезде мұның ерекше маңызы бар. К.Маркс адам болмысын қоғамдық қарым-қатынастардың жиынтығы ретінде анықтаған кезде, ол осы арқылы адамның ең алдымен қоғамның өнімі екендігін атап өтуге тырысқан.

Әлеуметтануда “қоғам” санатына әр түрлі тұжырымдамалық көзқарастар жасалған [2]. Мысалы, “атомистикалық” теория бар, оған сәйкес қоғам әрекет етуші адамдардың немесе олардың арасындағы қарым-қатынастардың жиынтығы болып шығады. Бұл тұжырым-даманы шегіне жеткізген Г.Зиммель теориясы болды, ол “қоғам” жеке адамдардың өзара іс-қимылын білдіреді деп ұйғарды. Г.Зиммельдің пікірінше, өзара іс-қимыл әрқашан белгілі бір нәрсеге берілу немесе белгілі бір мақсат үшін қалыптасады. Эротикалық инстинкттер, іскерлік мүдде, діни импульстер, қорғаныс немесе шабуыл, ойын немесе кәсіпкерлік, көмектесуге, үйренуге ұмтылу, сондай-ақ көптеген өзге де уәждер адамды басқа адамдар үшін, басқа адамдармен бірге, басқа адамдарға қарсы әрекет етуге, ішкі жан дүниесін үйлестіруге және келістіруге, яғни ықпал етуге және өз кезегінде ықпалына көнуге итермелейді. Осы өзара ықпал ету жеке қозғаушы импульстер мен мақсаттардың жеке көздерінен бірлестік, “қоғам” құралатындығын білдіреді.

“Әлеуметтік топтар” теорияларында қоғам — бір басым топтың сан алуан түрі болып табылатын адамдардың түрлі топтарының жиынтығы ретінде түсіндіріліп келді. Қоғамды адамдардың неғұрлым жалпылама жиынтығы ретінде қарастыра отырып, бұл тұжырым-даманың авторлары “қоғам” ұғымын “адамзат” ұғымымен теңестіреді.

“Қоғам” санатының анықтамалар тобы әлеуметтік институттар мен ұйымдар жүйесін білдіреді. Қоғам — тұтас бір институттар мен ұйымдар шегінде бірлесе отырып, әлеуметтік өмір құрайтын адамдардың үлкен тобы.

Функционалдық тұжырымдама қоғамды іс-әрекеттердің өзін-өзі қамтамасыз етуші жүйесін білдіретін адамдар тобы ретінде сипаттайды.

Әр түрлі тұжырымдамалық анықтамалар негізінде әлеуметтану­да, сондай-ақ, ішкі ұйымдас­тыры­луымен, аумақтығымен, мәдени алуандығымен және табиғи өсуімен сипатталатын салыстырмалы дербес немесе өзін-өзі қамтамасыз ететін халық ретінде талдамалық анықтама қалыптасқан.

Түрлі әлеуметтану мектептері өкілдерінің қоғам анықтамасын қамтитын әлеуметтік санаттарының қоғамның табиғаты мен сипатын түсіну үшін маңызы зор.

Қоғам әр түрлі әлеуметтік байланыстардың, өзара іс-әрекеттер мен қарым-қатынастардың тығыз астасқан шоғырынан тұрады.  Бірақ қоғамды жеке адамдардың, олардың байланыстарының, өзара іс-әрекеттері мен қарым-қатынастарының қарапайым қосындысы деп қарауға бола ма? Қоғамды жүйелілік тұрғысынан талдайтын болсақ, ол — қосынды емес, тұтас жүйе. Жүйе — өзара байланыстар мен қарым-қатынастарда болатын, бірыңғай тұтастықты білдіретін және тіршілік етуінің сыртқы жағдайларына қарай құрылымын өзгерте алатын элементтердің сапалық анықталған жиынтығынан тұратын пән, құбылыс немесе процесс. Кез келген жүйенің маңызды сипаты оның тұтастығы мен бүтіндігі болып табылады. Қоғам деңгейінде жеке әрекеттер, байланыстар және қарым-қатынастар жаңа жүйелі сапаны — элементтердің қарапайым қосындысы деп қарауға болмайтын ерекше сапалық күйді білдіреді. Қоғам өзіне кіретін элементтердің, жеке алғанда, ешқайсысында жоқ сапалардың тұтас жүйесі болып табылады. Өзінің интегралдық сапаларының салдарынан әлеуметтану жүйесі оны құрайтын элементтерге қарағанда белгілі бір дербестікке, өз дамуының салыстырмалы дербес тәсіліне ие болады.

Қоғам тұтас жүйе ретінде мынадай ішкі жүйелерден тұрады: экономикалық, әлеуметтік, саяси және идеологиялық. Бұлардың әрқайсысын өз кезегінде жүйе ретінде қарастыруға болады. Бұл ішкі жүйелерді әлеуметтік жүйенің өзінен ажыратып қарау үшін оларды социетальді деп атайды. Бұл жүйелер арасындағы өзара қарым-қатынаста себеп-салдар байланыстары басты рөл атқарады. Мұның өзі осы жүйелердің әрқайсысы өз бетінше өмір сүрмей, басқа жүйелерге себеп-салдарлық тәуелділікте болатынын білдіреді. Бұл жүйелердің барлығы иерархияланған құрылымды білдіреді, яғни олар тізбектелген тәртіппен субординация, бағыныøтылық арақатынаста болады. Сөйтіп, бұл жүйелердің алдыңғылары кейінгілеріне анықтаушы ықпал етеді, ал олар өз кезегінде алдыңғысына кері ықпал жасайды.

Әлеуметтік байланыстардың сипаты мен түрі алдыңғы қатарға шыққан жағдайда қоғам әлеуметтік жүйе ретінде мынадай ішкі жүйелерді қамтиды: әлеуметтік қауымдастықтар, әлеуметтік топтар, әлеуметтік институттар мен ұйымдар, әлеуметтік рөлдер, нормалар және құндылықтар. Олардың әрқайсысы бұл жерде де өзінің ішкі жүйелері бар айтарлықтай күрделі әлеуметтік жүйелерді білдіреді.

Материалды қорыту деңгейі бойынша қоғамды әлеуметтік жүйе ретінде зерттеудің өзара байланысты үш қыры бар:

а) “жалпы қоғамды” зерттеу, яғни қоғамның жалпылама, әмбебап қасиеттерін, байланыстары мен ахуалдарын (әлеуметтік филосо-фиямен тығыз байланыста және оның жетекші рөлімен бірге) бөліп көрсету;

ә) қоғамдардың нақты-тарихи түрлерін, өркениеттің даму сатыларын зерттеу;

б) жеке нақты қоғамды, яғни нақты өмір сүретін елдер мен халықтар қоғамдарын зерттеу.

Сонымен әлеуметтану ғылымы қоғамды:

  • тұтастығымен, орнықтылығымен және біріктірушілігімен;
  • өзін-өзі байытуымен, жеткілікті болуымен, реттеп отыруымен;
  • мәдениет дамуының әлеуметтік байланыстардың негізін құрайтын нормалар мен құндылықтар жүйесін жасауда көрініс табатын деңгейімен сипатталатын адамдардың бірлестігі деп қарастырады.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, әлеуметтанушылар қоғамның мынадай жалпы әлеуметтану анықтамасын береді: Қоғам — адамдардың өз қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында өзара байланыстары мен өзара іс-әрекетінің тарихи қалыптасқан нысандарымен біріккен әрі тұрақтылығымен және тұтастығымен, өзін-өзі байытуымен, жеткілікті болуымен, реттеп отыруымен және өздігінен дамуымен, мәдени дамуының өзара байланыстары мен өзара іс-әрекетінің негізін құрайтын ерекше әлеуметтік нормалар мен құндылықтар көрініс табатын деңгейімен сипатталатын жиынтық” [3].

Қоғам — өзінің жүйесін құраушы элементтері мен ерекше интегралдық қасиеттері бар сапасы жағынан әр түрлі әлеуметтік ішкі жүйелер жиынын қамтитын төтенше күрделі құрылым. Олардың негізгілері әлеуметтік қарым-қатынастар негізін құрайтын әлеуметтік топтар мен қауымдастықтар, институционалдық және ұйымдық байланыстарды құрайтын әлеуметтік институттар, әлеуметтік бақылау негізін құрайтын әлеуметтік нормалар мен құндылықтар болып табылады.

Қоғамды зерттей отырып, әлеуметтану ғылымы әлеуметтік байланыстар мен қарым-қатынастарды заң және заңдылық деңгейінде зерттейді. Әлеуметтану заңдарында біреудің екінші біреумен, қандай да бір қауымдастықтың қоғаммен, жеке тұлғаның қоғаммен, әлеуметтік жүйелердің, процестердің, институттардың бір-бірімен және қоғаммен байланыстары туралы сөз болады. Әлеуметтану заңдарын қоғам тудырады және ол заңдар сол қоғамда қолданылады. Әлеуметтану заңдарының неғұрлым елеулі белгілері [4]:

Бірінші маңызды белгісі — қоғамның әлеуметтік жүйелерінің, оның қауымдастықтарының, институттарының, ұйымдарының жасампаздық күшін көрсететіндігі. Солар арқылы қоғамның және оның құрамдас бөліктерінің оң және теріс қызметі, әлеуметтік белсенділігі көрсетіледі. Кез келген әлеуметтік объект осындай іс-әрекет арқылы қоғамдағы қайшылықтарды, ескі ұғымдарды жеңіп, жаңаны нығайта отырып, болашаққа жол ашады.

Екінші белгісі — әлеуметтану заңдарының бір-бірімен өзара байланыстылығы, тәуелділігі. Қоғамдар арасында немесе қоғамның ішінде қандай деңгейде, қоғамның қандай бөлігінде қолданыста болатындығына қарамастан, әлеуметтану заңдары бірін-бірі өмірге келтіреді, бірін-бірі толықтырады, олардың қолданылу және көріну механизмдерін жасайды.

Үшінші белгісі — жеке әлеуметтану заңдары арасындағы тұрақты өзара шарттылық пен бір-бірін толықтырып отыру. Олардың бірде-бірі екіншісінен оқшау бола алмайды. Қоғамның барлық құрамдас бөліктері, әсіресе әлеуметтік ішкі жүйелер, процестер, қауым-дастықтар, институттар, ұйымдар өзара байланыста, өзара шартты-лықпен дамиды. Бұл олардың мән-мағыналы байланыстарының бір-біріне тәуелділігін айқындайды, олардың барлық қарым-қатынастарына жағдай туғызады. Қандай да бір әлеуметтану заңын басқаларынан оқшау қарастыруға тырысу тұтас әлеуметтік организмді біржақты қарауға әкеп соғады.

Төртінші белгісі — әлеуметтану заңдарының әлеуметтік табиғаты. Ол — әлеуметтік организмнің қозғаушы күші, ол қоғамдағы байланыстардың әлеуметтік ерекше сипатûí көрсетеді. Бұл оларға басқа ғылымдардың заңы бола алмайтын ерекшелік береді. Оларды тарихшылар, экономистер, заңгерлер өз ғылымдарының заңдарын зерттеу үшін әдістемелік алғышарттар ретінде пайдалана алады, бірақ өздерінің заң жүйесіне қоса алмайды. Әлеуметтану заңдары — әлеуметтану ғылымының теориялық негізі.

Бесінші белгісі — бұл әлеуметтану заңдарының субъективті жағы. Әлеуметтану заңдары субъективті жағдайды өздерін саналы тіршілік иесі ашып, танып, қалыптастыратын болғандықтан ғана емес, сонымен бірге өздерінің табиғаты адамзаттың, адамның қызметі нәтижесінде туындап, дамитын болғандықтан да иеленеді.

Әлеуметтану заңдары жалпы әлеуметтану және жеке әлеуметтану болып бөлінеді. Бөлу өлшемдері ретінде заңдармен бейнеленетін объектінің көлемі алынады: қоғам тұтас жүйе  немесе қоғамның ішкі жүйесі, оның құрамдас бөлігі ретінде бейнеленеді, пәрмені шағын  топтарға, белгілі бір әлеуметтік стратаға, әлеуметтік топқа немесе тапқа және тұтас қоғамға қолданылатын заңдар бар. Жалпы әлеуметтану заңдары — өздігінен дамитын әлеуметтік жүйе ретінде бүкіл қоғамның маңызды байланыстарын көрсететін заңдар. Жеке әлеуметтану заңдары қоғамның құрамдас бөліктерінің маңызды байланыстарын, олардың ішкі дамуы мен қызмет атқаруын, сондай-ақ тұтас әлеуметтік организм ретінде қоғаммен байланысын көрсететін заңдар болып табылады.

Бұдан басқа, әлеуметтануда әлеуметтік заңдар бес санатқа бөлінеді, олар:

  • әлеуметтік құбылыстардың қатар өмір сүруін көрсететін заңдар;
  • әлеуметтік құбылыстар арасындағы байланысты белгілейтін заңдар;
  • даму үрдістерін белгілейтін заңдар;
  • әлеуметтік құбылыстар арасындағы байланыс себебін белгі-лейтін заңдар;
  • әлеуметтік құбылыстар арасындағы байланыстардың мүмкін-дігін немесе ықтималдығын бекітетін заңдар [5].

Әлеуметтік заңдардың қоғамдық құбылыстарды зерттеуде, әлеуметтік процестерді басқаруда маңызы зор. Әлеуметтік заңдардың болуы және пәрменді болуы әлеуметтануда ғылыми тәсілді пайдалану мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Қоғамдағы адамдардың мінез-құлқын алдын ала болжауға болмайтындығын, оның ретсіз және ала-құла екенін ғылыми әдістердің көмегімен зерттеу мүмкін емес; керісінше адамның мінез-құлқын алдын ала болжауға болатындығы, оның қайталанып отыратындығы, көптеген қырларының кездесетіндігі адамзат қоғамын зерттеумен шұғылданатын ғалымдарға әлеуметтік заңдар ашуға, олардың қолданылу шарттарын анықтауға және әлеуметтік топтар мен қоғамдағы адамдардың мінез-құлқын алдын ала көре білуге мүмкіндік береді.