АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Реферат. Көне жазба әдебиет пен қазақ ауыз әдебиетінің өзара байланысы

Реферат.

 

          Бітіру жұмысының тақырыбы:

          «Көне жазба әдебиет пен қазақ ауыз әдебиетінің өзара байланысы»

          Бітіру жұмысының көлемі:45 бет.

          Бітіру жұмысының негізгі мақсаты: Сақтар мен ғұндар дәуірінде  хатқа түскен  әдеби жәдігерліктерді зерттеп, сол әдеби мұралардың қазақ халқының өзінің  төл әдебиетінің қалыптасуына  қалай әсер еткенін ашып көрсету.Шығыс жазба әдебиетінің көптеген хикаялары, рауаяттары халық арасына  ауызша таралып кеткен . Міне, осы шығыстың қисса-дастандардың қазіргі ауыз әдебиетіндегі варианттарын танып білу.

          Бітіру жұмысының құрылымы:

          Жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытынды және пайдаланған әдебиеттерден тұрады.

         Бірінші тарауда:  Түркі тілдес халықтардың арғы ата-тегі саналатын  сақтар мен ғұндар дәуірінде хатқа түскен  әдеби жәдігерліктер мен  түркі-оғыз қағанаттары дәуірлеріндегі жазба ескерткіштерде кездесетін ауыз әдебиеті элементтері  жайында  сөз болады.

         Екінші тарауда: Көне түркі  жазба әдебиетіндегі  хикаяларды, рауаяттарды  ауыз екі таралған үлгілермен салыстырғанымызда, олардың мазмұнында, композициялық құрлысында біршама айырмашылықтар бар екенін көрсетуге тырыстым.

         Бітіру жұмысының мазмұнын сипаттайтын тірек сөздер:

         Бітіру жұмысында пайдаланылған әдебиеттер саны: 38. 

 

 

 

Мазмұны

 

Кіріспе

 

Бірінші тарау. Қазақ ауыз әдебиетінің көне дәуірлерде хатқа түскен

нұсқалары

1.1    Сақтар  дәуірінде  хатқа  түскен әдеби жәдігерліктер

1.2    Түркі қағанаты дәуіріндегі жазба ескерткіштерде кездесетін ауыз   

әдебиеті элементтері

1.3 «Оғыз-қаған» жырындағы ауыз әдебиетінің белгілері

 

Екінші тарау. Көне түркі жазба әдебиетінен ауыз әдебиетіне ауысқан

үлгілер.

2.1  «Диуани лұғат ат-түрік» ескерткішінде кездесетін жанрлардың

ауыз әдебиетіндегі  көрінісі

2.2    «Қисса Жүсіп» дастанының ауыз әдебиетіндегі варианттары

2.3    «Қисас-ул әнбиядағы» қисса-хикаялардың ауыз әдебиетіндегі сюжеттері

 

Қорытынды

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

Кіріспе

 

  Көне  тарихтың куәсіндей болып, бізге қадым замандардан жеткен ежелгі түркі әдеби жәдігерліктерін жан-жақты зерттеп, олардың ішінен інжу-маржандай ең асылдарын сұрыптап ала білу, әрі сан ғасырлар бойы халық даналығы тудырған асыл қазынаны бүкіл қоғамдық ой-сананы қайта құрып жатқан егеменді еліміздің игілігіне айналдыру-қазақ әдебиеттану ғылымының алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі деп білеміз.Сондай-ақ көне жазба әдебиет пен қазақ ауыз әдебиетінің өзара байланысын зерттеп, сол арқылы әдеби мұралардың қазақ халқының төл әдебиетінің қалыптасуына қалай әсер еткенін ғылыми негізде ашып көрсету болашақтың ісі деп санаймыз.

Қазақ елінің қоғамдық, әлеуметтік, мәдени, әдеби, жалпы рухани тарихы қайта жазылып жатқан бүгінгі таңда ежелгі әдеби жәдігерліктердің әр қайсысын жеке-жеке, дербес күйінде зерттеумен шектеліп қалудың өзі жеткіліксіз болып отыр. Ендігі міндет-ежелгі тарихтың түрлі кезеңдерінде өмірге келген әдеби шығармалардың бірінен-бірі туындап жататын ішкі логикалық байланыстарын, өзара ықпал әсерін, даму жолдарын көне жазба әдебиет пен қазақ ауыз әдебиетінің арасындағы өзара байланыстарын талдау, сұрыптау болып табылады.  Ал, бұл аса жауапты міндетті жүзеге асырудың өзі ежелгі әдеби жәдігерліктерді өзара байланысты түрде алып қарастыруды талап етеді. Дәлірек айтсақ, қазақ әдебиетінің түп-төркінін, қайнар бастауларын объективті түрде зерттеудің ғылыми принциптерінің бірі-ежелгі әдеби жәдігерліктерді ауыз әдебиеті үлгілерімен өзара байланысты түрде алып талдау болып табылады.

 Әрбір ұрпақ өзінен бұрын ғұмыр кешкен барлық ұрпақтар жасаған рухани мұраны игеріп,оны жаңа қоғамдық-тарихи жағдаиға сәйкес жетілдіріп отыруы тиіс.Сонда ғана қоғам дамуының рухани мүмкіндіктері объективті түрде жүзеге асады.Міне, сол себепті біз ежелгі түркі әдебиеті мен қазақтың халық ауыз әдебиеті арасындағы сан ғасырлар бойы үзілмей ұласып келе жатқан көркемдік дәстүр жалғастығы проблемасын осы тұрғыдан зерттеуді жөн көрдік.

  Тақырыптың өзектілігі:  Көне жазба әдебиет пен қазақ ауыз әдебиеті арасындағы өзара байланыс-қазақ әдебиеттану ғылымында тарихи және теориялық жағынан барлық қыры толық күйінде, жан-жақты зерттеле қоймаған аса күрделі проблемалардың бірі болып табылады. Ал, бұл мәселені ғылыми тұрғыдан зерттеу-ұлттық сөз өнерінің эстетикалық қуатын, философиялық мән-мағынасын әрбір әдеби жәдігерліктердің өмірге келу себептерін айқындап алуға мүмкіндік береді. Бүгінгі қоғамдық, әлеуметтік, рухани өмірімізде орын алып отырған қыруар өзгерістердің өзі ежелгі көне жазба әдебиет пен қазақ ауыз әдебиетінің өзара байланысын ғылыми негізде

айқындап алуды қажет етіп отыр.Рас, соңғы жылдары қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірін зерттеуге арналған бірқатар қуынды еңбектер өмірге келді.Алайда, қазақ әдебиетінің түрлі кезеңдерін, сан қилы мәселелерін, жанрларын тағы басқаларын зерттеуге арналған мұндай ғылыми еңбектер өзара жалғаспай, бірін-бірі толықтырмай, сол арқылы ежелгі дәуір әдебиеті тарихының тұтас ғылыми картинасын жасамай, әрқайсысы жеке-жеке күйінде қалып отыр.

   Көне жазба әдебиеттің ауыз әдебиетіне, ауыз әдебиетінің көне жазба әдебиетіне өзара әсер ықпалын, байланысын қарастыру әдебиет тарихындағы елеулі мәселелердің бірі.Осы құбылыстың табиғатын тану, қыры мен сырын түсіну қажеттігі тақырыбымыздың өзектілігін айқындайды.

  Зерттеудің мақсаты мен міндеттері: Ауыз әдебиеті мен жазба әдебиетінің қалыптасу, даму динамикасын қадағалау әдебиет тарихының үлесіне тиеді. Бұлардың өзара сабақтастығын,  байланысын анықтау- осы ғылым саласының басты проблемаларының бірі. Осыған орай ежелгі түркілердің арғы ата-тегі саналатын сақтар мен ғұндар дәуірінде хатқа түскен әдеби жәдігерліктер мен түркі-оғыз қағанаттары дәуірлеріндегі жазба ескерткіштерде кездесетін ауыз әдебиетінің элементерін, уыз әдебиеті  үлгілерін тауып талдауды алдымызға басты мақсат етіп қойдық. Сондай-ақ Махмұт Қашқаридың «Диуани-лұғат-ат түрік » еңбегіндегі үлгілердің және Әлидің «Қисса Жүсіп »,Рабғузидің «Қисса-ул әнбия» сияқты туындыларының ауыз әдебиетіне әсер- ықпалын ашуды да мақсат деп алдық.

Осы аталған мақсаттардан төменгідей міндеттер келіп саяды:

-Сақтар мен ғұндар дәуірінде хатқа түскен әдеби жәдігерліктерді зерттеп, сол әдеби мұралардың қазақ халқының өздерінің төл әдебиетінің қалыптасуына қалай әсер еткенін ашып көрсету.

-Шығыс жазба әдебиетінің көптеген хикаялары,рауаяттары халық арасына ауызша тарап кеткен.Міне осы шығыстық қисса-дастандардың қазіргі   ауыз әдебиетіндегі варианттарын танып білу.

Дерек көздері және тақырыптың бұған дейінгі зерттелу деңгейі:

Көне түркі әдеби жәдігерліктерін бір-бірінен дербес, жеке –жеке күйінде алып  зерттеу ісі XIX ғасырдың алғашқы жартысында-ақ басталған еді. Алғашқы зерттеушілер көне мұралардың мәтінін оқып, түрлі қолжазба нұсқаларын өзара салыстырып, құнды нұсқаларын басып шығарумен шектелді.

Ал, біртіндеп келе, XX ғасырдың бас кезінде ежелгі түркі көркем сөз жәдігерліктері тарихи, әлеби және тілдік тұрғыдан жан-жақты зерттеле бастағаны мәлім. Бұл орайда ,әсіресе, Е.С.Малов, В.В.Томсен ,Ж.Амадес, Г.Вомбери, В.В.Радлов, В.В.Бартольд,Е.Э .Бэртельс,А.К.Баровков, А.Н.Кононв, Г.Ф.Благова А.Н.Веселовский, Н.А.Баскаков, .М.Мелетинский,  Б.Н.Путилов,В.М.Жермунский,А.Ю.Якубовский,Л.Н.Гумиллев,Д.С.Ликашев,И.В.Стеблева,А.С.Бушилин тағы басқа Еуропа және орыс ғылымдарының ежелгі түркі поэзиясына қатысты ғылыми еңбектерін таяныш тұттық.Олар негізінен түрлі тарихи кезеңдерде жазылған көне түркі әлеби жәдігерліетерін тауып,олардың сан қилы нұсқаларын өзара салыстыру арқылы ғылыми жүйеге негізделген толық мәтінін аяқтап алуға мол үлес қосқаны мәлім. Міне, сол себепті қазақ, өзбек, қырғыз, түркімен, әзербайжан, түрік, татар, ұйғыр тағы басқа түркі тілдес халықтарының тарихшылары, әдебиетшілері, тіл мамандары ежелгі түркі көркем сөз жәдігерліетерін өз ұлттарының қазіргі рухани ерекшеліктері тұрғысынан жан-жақты зерттей бастады.Бұл салада атқарылған игілікті істер аз емес еді.Әсіресе, А.Хайтметов, С.Муталлибов, Қ.Каримов, Н.Маллаев, М.Халираев, Р.Қыдырбаева, Г.Араслы, И.Алиев, М.Гайнуллин, Х.Қороғлы, Ә.Нәкіп, Ф,Көпрулузаде, Б.Аталай, Н.Банарлы, Р.Арат, А.Инан тағы басқалардың зерттеулері ерекше назар аударылады.

Соңғы жылдары көне түркі поэзиясы мен қазақ әдебиетінің өзара дәстүрлі байланысына, сол байланыс  арқылы көрінетін тұтас кешенді мәселелерге арналған зерттеулер жарық көре басталды.Ал, мұның өзі әлемдік әдебиеттану ғылымына түркі ғылымдарының соның ішінде, қазақ зерттеушілерінің де едәуір үлес қосып келе жатқандығын тағы да дәлелдей түсті.

Дипломдық жұмысты жазу барысында қазақ әдебиетінің түп-төркініне, қайнар-бастауларына қатысты болып келетін жекеленген проблемаларды түрлі аспектіде зерттеуге арналған Мұхтар Әуезов , Әлкей Марғұлан, Б.Кенжебаев, Қ.Жұмалиев, Ә.Қоңыратбаев, Х.Сүйіншәлиев, М.Жолдасбеков, Р.Бердібай,  Т.Кәкішев, Ә.Дербісәлин, Ш.Сәтбаева, С.Қасқабасов,  М.Мағауин, М.Мырзахметов,  М.Жармұхаметов, А.Қыраубаева, Н.Келімбетов, Ө.Күмісбаев, Ж.Тілепов, Ш.Ыбыраев, А.Егеубаев тағы басқа зиялылардың еңбектерінің септігі тиді.

Бітіру жұмысының құрылымы:

     Жұмыс кіріспеден, екі тараудан, қорытынды және пайдаланған әдебиеттерден тұрады.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Бірінші тарау. Қазақ ауыз әдебиетінің көне дәуірлерде хатқа түскен

нұсқалары

 

1.1. Сақтар дәуірінде хатқа түскен әдеби жәдігерлер.

 

Әдебиеттану ғылымында қазақ көрем сөз өнерінің қайнар-бастаулары руналық жазбаларда жатыр деген пікір қалыптасқан.Әрине, мұның өзі ғылыми негізі бар тұжырым деуге болады.Алайда сол «ежелгі түркілердің тарихнамасы» саналатын руналық жазудағы ерлік дастандары бір күнде ғайыптан пайда бола қойған жоқ.Басқаша айтсақ, түрік қағанаттарының әскери қолбасшысы Күлтегін батыр мен Білге қаған мен және олардың кеңесшісі Тоныкөкке арналған ғажайып жыр-дастандарды жазуға үлгі-өнеге болған қаһармандық дастандар болды ма?-деген орынды сауал туады.Әрине, болды. Ең бастысы- «Күлтегін» және «Тоныкөк» жырларын жазуға үлгі-өнеге болған бұл қаһармандық дастандары Түрік қағанаты құрылуынан сан ғасырлар бұрын,тіпті біздің жыл санауымызға дейінгі сақтар мен ғұндар дәуірінде өмірге келген еді.Олар «Алып Ер Тоңға», «Шу» батыр, «Атилла», «Мөде» қаған және  «Ергенекөн » дастандары сақтар мен ғұндар дәуірлері ауыз әдебиеті саналатын бұл дастандар бізге толық күйінде емес, жеке-жеке үзінділер күйінде ғана жеткен.Ал, кейбіреулерінің жалпы сюджеттік желісі ғана сақталған.Басқа да түркі тектес халықтар сияқты қазақ елі сонау қадым замандардан бізге жеткен осы асыл қазыналардың – байырғы батырлық дастандарының заңды мұагері болып табылады. Бұл туралы академик Ә.Марғұлан: «Қазақ халқының көп хасырдан бері мұра болып келе жатқан ғажайып аңыздарды, мазмұны, ертегіге айналған скифтерді, жан күйін көкке сермейтін асқақ ерлік жырларын, фәлсафалық қария сөздерін тереңнен алып қарасақ, онда бүіл дүние мәлениетіне қосылатын бір үлкен сәулетті сыр бар екені көрінеді.Бұл жойқын шығармалардың ту баста келіп шығуының өзі бір-жарқын дүние.Оны ең алғаш келістіре шығарған елдер ерлік дәуірін бастан кшірген, қазақтың байтақ сахарасын қоныстаған сақтар, ғұндар, үйсіндер, қаңлылар олардың соңын ала қарыштаған ұрпақтары-оғыздар, қыпшақтар, қарлұқтар, наймандар, керейлер»-дейді.[22,19]

Алдымен осы жерде сақтар дәуірі жөнінде айта кеткен жөн сияқты.

Ежелгі түркілердің арғы ата-тегі саналатын сақтар-қазіргі Қазақстан, Орта Азия мен Шығыс Түркістан жерін біздің заманымыздан бұрынғы (қысқаша б.з.б) бірінші мыңжылдықта мекен еткен ежелгі тайпалар .Көне грек тарихшылары сақтарды «скифтер» немесе «азиялық скифтер» деп те атағаны мәлім.Ал парсылар сақтар кезінде «сақ», «сақа», «саға» деген.[21,19]

«Сақ» сөзі қазақ жерінде күні бүгінге дейін сақталған.Мысалы: Сақа (асық), сақшы, сақпан, қарсақ, сақсыну  тағы басқа.Сақтар жауынгер болған.Жауынгер көшпенділердің батырлары туралы аңыз-әңгімелер б.з.б V  ғасырда өмір сүрген грек тарихшысы Гередоттың «Тарих» атты кітабында , қытайлықтар Сыма-цяньның «Жылнама», Бань-Гудің  «Ханнама» атты кітаптарында жазылған.Олар біздің заманымыздан бұрын гректермен мәдени-сауда-саттық байланысын орнатқан. Византиялық Феофилакт Симокатта: «Күн шығыста тұрған скифтерді біз түркілер деп атаймыз»,-деген.[28,6]

«Сақтардың» біздің заманымызға дейінгі дәуірлерде-ақ 26 әріптен тұратын өз жазуы болған .Оның дәлелі ретінде Алматы маңындағы Есіктен табылған Алтын адамның жанындағы күміс тостағандағы жазуларды айтуға болады.Жазуы бар жерде әдебиет, мәдениет дамитыны анық.Күміс тостағандағы: «Аға, саңа,очуқ! Без чөк! Бүкүн ічре азуқ».Аудармасы:Аға саған(бұл) ошақ! Ошағынан безгендер,тереңді бүк! Халықта азық-түлік (мол болғай)! (А.Аманжолов оқып шыққан ),-деген жолдарды жазған ел-жұрттың бұдан да көлемдірек шығармалары болу керек.сөйлеу тілінің өзімізге мәлім түркі тілі екені көрінеді.[28,6]

Міне осы сақтардан бүгінгі күнге дейін жеткен дастандарының жалпы сюжеті мен жекелеген үзінділері ғана жеткен. Әйтсе де сол үзінді түрінде сақталып келген мұралардың өзінен-ақ сюжеттік желісін,басты идеясын,көркемдік дәрежесін аңғару қиын емес.Сондай дастанның бірі-Алып Ер Тоңға. Алып Ер Тоңға – аты аңызға айналған тарихи тұлға. Алып Ер Тоңға-Тұран елінің билеушісі, сақтар әскерінің қолбасшысы, ер жүрек батыры.Дастанда оны елдің көреген көскмі ретінде де бейнелейді.

Туран әскері қолбасшысының атына қосылып айтылатын  «Алып»сөзі сол заманда «күшті», «батыр», «қаһарман», «ержүрек» деген мағынаны білдірген.Алып-сақтар мен ғұндар заманынан бері ел қорғаған батырдың,қолбасшы ерлердің атына қосылып айтылып келе жатқан мәртебелі есім.Түрік қағанаты тұсында бұл сөз әскери титул мағынасында да қолданылған.Ежелгі түркі халықтары өз батырларының атына  «алып» сөзін қосып айтатын болған.Мәселен:Алып Тегін,Алып Арсылан, Алып Бамыс /Алпамыс/, Көк Алып сияқты қол бастаған батырлар болған. «Алып Ер Тоңға» — түркі елінің аты аңызға айналған көсемі, билеушісі, батыры, даңқты қолбасшысы,оны парсылар Афрасиаб деп те атаған.

 Бұл дастандағы батырдың есіміне қосылып отырған  «ер» сөзі ежелден-ақ «батыр», «қаһарман», «жаужүрек» деген ұғымдарды білдіретінін аңғару қиын емес .Сақтар дәуірінің осы дәстүрі сан ғасырлар бойы сақталған, бертін келе қазақтар да өз батырларына «ер» сөзін қосып айтқаны жақсы мәлім.Мәселен: «Ер Тарғын», «Ер Қосай», «Ер Көкше», «Ер Сайын» тағы басқа батырлар есімі бұл сөзімізге дәлел.

Кезінде Туран мен Иран елдері арасында болған  соғыс кездерінде Алып Ер Тоңға сан рет Туран әскерін басқарып, талай мәрте ғажайып жеңістерге жеткен.

Алып Ер Тоңға туралы кезінде Әбу Райхан әл-Бируни,М.Қашқари,Хамза Исфахани,Рашидад –дин, тағы басқалар пікір айтқан.Бұлардың бәрі де Алып Ер Тоңғаны сақтар дәуірінде өмір сүрген қайраткер ретінде көрсетеді.

Қалай болған күнде де Алып Ер Тоңғаның тарихи тұлға екені ,ежелгі түрік жұртын билеген әмірші болғаны,Туран мен Иран арасындағы соғыста сақ әскерін басқарғаны анық.Кейінде оның Мауранахр , Жетісу, Сауран,

Шаш(Ташкент),Сайрам (Исфиджаб), Талас, Шу уәлаяттарына билік жүргізгені де, бізге аңызға айналған тарихи деректер арқылы жеткен.

          Сондай-ақ  «Алып Ер Тоңға»  дастаны жайындағы мәліметімізді толықтыра түсуге бұл салада жемісті еңбек еткен Туркияның әдебиет тарихын зерттеуші ғалымдар- Б.Аталай,Р.Арат, Ш. Ертайлан, Ф.Көпрүлузаде, Н.Банарлы тағы басқалар еңбек сіңірді.

         Бір қызығы – парсы елінің ұлы шайыры Әбілқасым Фердауси осы «Алып Ер Тоңға» дастанын толық күйінде оқыған сияқты.Ол өзінің әлемге машһур «Шахнамасында» Туран елінің патшасы,әскери қолбасшысы, даңқты батыры Алып Ер Тоңға жайындағы эфсана-аңыздарды, тарихи деректерді , мақтау өлеңдері мен жоқтау жырларын аса дарынды сөз зергерлеріне ғана тән шеберлікпен пайдалана білген.. Алып Ер Тоңға- Туран  елі үшін  жағымды қаһарман, ал Иран жағы үшін ол нағыз жау, басқыншы патша екені мәлім.Сол себепті ұлы шайыр «Шахнамада»  Алып Ер Тоңғаны, яғни Афрасиабты  бір жағынан жанкешті батыр, орасан күштің иесі, дарынды қолбасшы етіп көрсетсе, екінші жағынан, Иран елін қанға бөгеуге әзер тұрған залым патша ретінде бейнелейді. Соның өзінде, Фердауси өз шығармасында  Алып Ер Тоңғаның түркі дастанындағы батырлық келбетін көп өзгертпей сол күйінде сомдап берген сияқты.

         Ежелгі түркі әдебиетіне тән дәстүрлердің бірі-батыр шешуші шайқасқа шығарудың алдында қорқынышты түс көреді. Алып Ер Тоңғаның түс көруіне арналған дастанның жыр жолдарын Фердауси өз шығармасында зор шеберлікпен пайдалана білген.Мұнда «Афрасиабтың қорқынышты» түс көруі деп аталатын жырда төмендегідей жолдар бар.

                   Иран қолы қарақұрым қаптаған,

                   Жерімізді аямай-ақ таптаған.

                   Әр найзаға бір-бір басты іліпті,

                   Бір-бір басты қолтықтап та жүріпті.

                   Жарқ еткізіп алмас қылыш жасқады,

                   Қақ ортасынан екі бөліп тастады.

         Жаудың келе жатқанын батырдың түс көруі арқылы жеткізу тәсілі қазақтың батырлық жырында да ұшырайды.Мәселен, «Алпамыс батыр» жырында қазақ елін шабуға әзірленіп жатқан қалмақ ханы Тайшық батыр да түсінен шошып оянады.Ол түсінде қалмақты қырғалы келе жатқан Алпамыс батырды көреді.  

                   Мен бір бүгін түс көрдім,

                   Түсімде жаман іс көрдім,

                   Құрсаулы қара бура кеп,

                   Қарсы қарап шабынды,

                   Айдарлымды құл қылды,

                   Тұлымдымды тул қылды[8,43]

         Ежелгі түркі әдебиетіне тән бұл көркемдік дәстүрдің сол көне дәуірдің өзінде жазба әдебиеттен жалғасын тапқанын көреміз.Біз сөз етіп отырған «Алпамыс батыр» жыры — Қорқыт ата кітабындағы (VIII ғасыр) «Байбөрі баласы Бәмсі – Байрақ туралы жырдың » сан ғасырлар бойы талай өзгерістерге ұшырап, біздің заманымызға жеткен нұсқасы.Бұл екі жырдың да сюжеттік желісі де, сөз қолдану тәсілдері де, композициялық құрылысы да бір-біріне жақын тұр.

         Жүсіп Баласағұн «Құтты білік» дастанының 277-286-ші бәйттерін түгелдей Алып Ер Тоңға мадақтауға арналған:     

Түркі бекеттеріне  назар салып қарасаңыз,

Олар ішінде әлемге атты әйгілі,даңқтылары көп.

Түрік бектері ішінде мәртебесі ең биік тұрғаны.

Елге құт болғаны-Алып Ер Тоңға 

Дастанда ақын Алып Ер Тоңғаны қалың қол бастаған батыр ғана емес,сонымен бірге, көреген көсем,білімді жан,ақылды ел ағасы , елге тұтқа болған қаһарман ретінде бейнелейді:

Оның күші мен ерлігіне ешеім тең келмес,

Ал, ақыл мен даналығы бәрінен де асқан.

Қаншама ержүрек ,даңқты жандарды,

Мына жалған бір сәтте ғайып(үнсіз) етіп жібереді.

Сондай-ақ ақын  мемлекет тұтқасын берік ұстап тұру үшін білім мен парасат қана емес,сонымен бірге,ерік,жігер, қаһарман, өктемдік, өзгелерге үстемдік ететіндей ызғар қажеттігін айтады.Дәл осындай қаһарман Алып Ер Тоңға   деген түйін жасайды.

Сонымен, ақын Жүсіп Баласағұн сақтар көсемі туралы дастанды түпнұсқадан оқи отырып, Алып Ер Тоңғаның жарқын бейнесін жасағаны дау тудырмайды.

Қорыта айтқанда, «Алып Ер Тоңған» дастанының негізгі идеясы-Туран елін сыртқы жаудан қорғау, түркі жұртын ішкі ынтымақ – бірлікке үндеу, туған жердің абырой-даңқын арттыра түсу болып табылады.Бұл дастан Алып Ер Тұнғаның қайтыс болып, бүкіл түркі елінің күңіренген жоқтау жырымен аяқталады.

         «Алып Ер Тоңғаны жоқтау» деп аталатын жыр М.Қашқаридың «Диуани лұғат -ат түрік» атты сөздігі арқылы бүгінгі күнге ешбір өзгеріссіз жеткен.Бұл жоқтау «Алып Ер Тоңға»  дастанының ең соңғы тарауы болса керек.Аяулы батыры қаза болғанда жоқтау айту дәстүрі түркі халықтары арасында күні бүгінге дейін сақталған.Жоқтау айту дәстүрі қазақ ауыз әдебиетінде кең тарағаны мәлім.Бұл жоқтау төмендегідей жыр жолдарымен басталады:

-Алып Ер Тоңға  өлді ме?

Жаман дүние қалды ма?

Заман өшін алды ма?

Енді жүрек жыртылар.[33,70]

 

Замана сәтән түзетті,

Ұрысы құрды тұзақты;

 

Бектер бегін аздырды ,

Қалай қашып құтылар?! [33,333]

«Алып Ер Тұнға  »дастанында ақын батырды жоқтай отырып, өмірдің барлық адамдар үшін өткінші екенін, ғұмырдың мәңгі еместігін, тәңір адамда ажалмен сынайтынын, тағдыр оғы тисе, тау шыңдары да быт-шыт болатынын зор күйінше сезіммен жеткізеді:

Замана күнін тебірентер,

Пенденің күшін кемітер.

Әлемдегі ерді сиретер,

Қашса тағы ,қуалар (іздер)[33,481]

Әдеті нақ осындай,

Бұдан басқа бар себеп.

Дүниеге қарап оқ атсаң,

Таулардың басы кертілер.[33,191]

Алып Ер Тоңға  қайтыс болғанда бүкіл ел қайғырғанын,ең қатыгез батырлардың өзі еңіреп жылағанын, адамдардың нұрлы жүздері сарғайып кеткенін, батырлар өз жырларын жыртып, айғай салып жылағанын батыр эмоциялық тұрғыда әсерлі етіп жеткізген.Мұнда «тау қойнауы жыртылар», «атса оны кезеп», «атын болдыртты», «қайғы тоздыртты», «жүз сарғайтты», «запран жаққандай» деген сияқты тұрақты сөз тіркестері жиі ұшырайды.

Жоқтау өлеңдерін Абай да жазған.Әбдрахманның әйелі Мағышқа Абай шығарып берген жоқтау бұл сөзімізге дәлел:

         Қызықтың заңғар басынан,

         Қорлыққа кеттім жығылып.

         Құдай қосқан қосақтан,

         Жалғанда қалдым жырылып.

Қайғыңда қалдым қамалып,   

Қызығым кетті сырылып.[23.24]

         «Алып Ер Тоңға  » дастаны- түркі  тайпаларының байырғы поэтикалық өлшемінде-көг өлшемінде туған.Бұл өлшем бойынша, жырдың алғашқы үш жолы  өзара ұйқасады да, төртінші жолы келесі шумақтың төртінші жолымен ұйқасып отырады.Көне түркі поэзиясының көг өлшемі негізінен а-а-а-ә ;б-б-б-ә;в-в-в-ә; түрінде болып келеді.Бұған жоғарыда келтірілген жыр    жолдары дәлел .

Ежелгі түркі жырларына тән ұйқастың мұндай түрі бертін келе қазақтың ақын-жыраулары поэзиясынан да кең орын алғаны мәлім.Мәселен, Доспамбет жырау, Шалкиіз жырау толғаулары мен Дулат, Абай сияқты ақындардың өлеңдерінде көг өлшемі жиі ұшырайды. Көне түркі ауыз әдебиеті тудырған мұндай жыр өлшемін ұлы Абай өзіне ғана тән шеберлікпен жазба  әдебиетте көркемдік дәстүр ретінде жалғастыры түсті. Мәселен,Абай өзінің «Білімдідін шыққын сөз» деген өлеңінде:

Әбілет басқан елерме                               а

Сөзге жуық келер ме?                               а

 

Түзу сөзге сенер ме,                                 а

Түзелмесін білген ез?                               ә

        Сөйтіп «Алып Ер Тоңға  » дастаны-түркі халықтарының ежелгі ерлік тарихын аңызға айналған шежіре-деректер негізінде баяндайтын,көне түркі фольклорының дәстүрлі талаптарына сәйкес туындаған қаһармандық жыр.  

          Қорыта айтқанда, сақтар, ғұндар, ежелгі түркілер  өздерінің ерлік дастандарында («Алып Ер Тонға », «Шу», «Атилла», «Ергенекөн», «Күлтегін» тағы басқа жырлары) батыр мінген аттың ер тұрманын бейнелеп көрсетуге әрқашанда ерекше мән беріп отырған.Қазақтың батырлық жырларында («Ер Қосай», «Ер Көкше»,«Қарасай» тағы басқа) ер-тұрманды бейнелеп,жырлау дәстүрі өз жалғасын тапты.

         М.Қашқаридың «Диуани лұғат – ат түрік» атты еңбегінде  Шу батыр біздің заманымыздан бұрынғы  VI ғасырда өмір сүрген сақ билеушілерінің бірі екені айтылды.

         Ежелгі түркі ауыз әдебиетін зерттеуші ғалымдардың пікірі бойынша «Шу» дастаны қадым заманда сақтар дәуірінде-ақ өмірге келген жыр.Белгілі түрік ғалымы Н.С.Банарлы өзінің «түрік әдебиетінің тарихы» атты зерттеуінде «Шу» дастаны бізге қытай көне жазбалары арқылы жеткені, соның өзінде, дастанның жалпы сюжеттік желісі мен жеке үзінділері сақталғанын айтады.Қытай жазбалары арқылы жеткен мәліметтер бойынша, сақтар өз мемлекетінің ұланғайыр бір аймағын Шу өлкесі деп атаған екен. «Әлемдік әдебиеттер тарихында түрлі аңыздарды өзінің сюжеттік желісіне арқау етіп алған дастандарды зерттеген ғалым Н.С. Банарлы. Түрік дастандары негізінен тарихта орын алған маңызды оқиғалардан елес беретінін ескертеді.

         Ежелгі дәуірлерде қазіргі Қазақстан жерін мекендеген көне тайпалар тарихын жан-жақты зерттеген қазақ ғалымдары К.Әкішев пен Г.Кошаев өздерінің бірігіп жазған «Іле өзені алқабындағы сақтар мен үйсіндердің ежелгі мәдениеті»(1963) деп аталатын зерттеуінде біз сөз етіп отырған кезеңдегі сақтардың тұрмыс-тіршілігі,өмір салты, биік мәдениеті жайында аса құнды деректер келтіреді.[2.9-25]

         Сонымен  «Шу» батыр дастанында сол өңірдің көз тартатын ғажайып табиғат көріністері ,  бау-бақшалы егістік алқаптар, жыландай бұралаңдап ағатын өзендер мен айдында аққу құстар қиқу салған көлдер, өзен бойында қалың болып өскен құрақ қамыстар суреттеледі.Байырғы Баласағұн шахарының маңайынан жас әмірші Шу батыр жаңадан салдырған шу қала қамалының сәулеті жайында айтылады.

         Бұл көк орданың айналасындағы саф алтынмен апталған биік діңгектер ұшында іліп қойылған әшекей  құмыралар ішіндегі хош иісті май қараңғы түсісімен лаулап жанып, айналаны жап-жарық етіп тұр.Алайда бізге Көк сарай туралы ұзақ жырлардың қысқа-қысқа үзік жолдары ғана келіп жеткен.Соның өзінде –ақ түріктердің арғы атасы

болып саналатын сақтар мен ғұндардың Көк тәңірісіне табынып, көк бөріні тотем тұтқаны, көк түсті киелі санағаны, көк түсті байрақтарын желбіреткені тарихтан жақсы мәләм.

         Жалпы түркі тектес көшпелі тайпалар ежелгі дәуірлерден бері көшіп-қонуға қолайлы, қыста адам тоңбайтын, жазда ысып кетпейтін, дауылға құламайтын , қар-жаңбыр өтпейтін киіз үйде тұрып келген.Тарихта «Көк түріктер» деп аталып кеткен осы халықтың тайпалық дәуірдегі ата-бабалары да өздерінің киіз үйлерін көк түске бояп немесе үйінің сыртын көгілдір жібекпен орап қоятын болған.Бұл туралы атақты турколог ғалым Ю.Немет  мынандай пікір айтады: «Тюркское слово кок – название небо и свяшенного небесного света –встречается не только  в этнонимах  kök –türk, kök-culut, köke-mongol,но часто и в личных именах.Сын легендарного Огуз-хана, согласно тюркской национальный традиций, именовался Kök-Qan;есть также имена kök Böri (синий волг),kök Tas (Синий Камень)[35.300]

         Бұл дастанда тағы да назар аударарлықтай көрніс бар. Шу батырдың көк шатырының үстінде мұздай қару –жарақ асынған арғымақ атқа мінген 12 нөкер күндіз-түні қоршап тұрады. «Шу» дастаны бізге толық күйінде жетпесе де шағын үзінділері бойынша-ақ мұның өзі көлемді, оқиғасы тартымды, желісі ширақ, көркемдік дірежесі жоғары, сол дәуірдің тарихынан мол мәлімет беретін шежіре дастан болғанын аңғару қиын емес.Сақтар дәуіріндегі ауыз әдебиеттің ғажайып үлгісі болып табылатын Шу батыр жайындағы дастан өзінен кейінгі түркі жазба әдебиетінің қалыптасуына зор әсер етті. Мәселен,Шу батыр үлкен бір іске кірісер алдында елдің батырларын, ұлықтарын, бектерін шақырып алып, оларға қарата үндеу-сөз айтады.Шу батырдың халқына қарап айтқан мұндай үндеу-сөздері бізге сол күйінде,яғни поэзия түрінде жетпеген. Шу батырдың сақтарға қарата айтқан монологы бізге зерттеуші ғалымдардың прозалық баяндауы арқылы ғана жеткен. Ал ел бастаған қағанның өз халқына қарата айтқан ұран- сөзі «Күлтегін» жырында да кездеседі:

         Тәңірдей тәңір жаратқан

          Түрік Білге  қаған   

          Бұл шақта отырдым.

          Сөзімді түгел естіңдер

          Бүкіл жеткіншегім ұланым

Бірікен халқым әулетім  [20,40]

 «Қорқыт ата кітабында» Қазан ханға қарата айтылатын Қорқыттың осындай сөзі бар: «О,Қазан хан! Сені жұрт барлық оғыз жігіттерінің,ұстыны, біздей кем кетіктің қорғаны, Баяндүр ханның күйеуі, Төле құстың тұқымы, Түркістанның діңгегі, тайпалармен рулардың арыстаны, қара тобырдың жолбарысы, қара аттың иесі, Ораз ханның әкесі деп айтушы еді. [26,49] Бұл ияқты өз халқына немесе ел басқарған ханына   қарата сөз айту дәстүрі қазақтың батырлық жырларында да жиі ұшырайды.

      Бұл дәстүр бертін келе Махамбет Өтемісұлының отты жырларынын  да өзінің көркемдік дәстүр жалғастығын тапты. Ақын өзінің Баймағанбет сұлтанға айтқан өлеңінде:

«Ханым, ханым»дегенге

Көтере берме бұтыңды,

Көптіре берме ұртыңды,

Күндердің күні болғанда,

Өзіңнен мықты жолықса,

Ту сыртынан жармай алар өтіңді,-дейді[8,190]

         Алайда, сақ, ғұн, оғыз және қыпшақ тайпаларының ең асыл қазнасы санлатын рухани байлығы-ауыз әдебиеті жайында жазылған зерттеулер жеткіліксіз дәрежеде деуге болады. Біздің жыл санауымыздан бұрынғы ғұндар дәуірінде өмірге келген түрлі аңыз -әфсаналар, мақал-мәтелдер, тұрмыс салт жырлары, лирикалық өлеңдер және батырлық эпосы әлі күнге дейін толық зерттеле қойған жоқ.Ауыз әдебиетінің бұл үлгілері біздің заманымызға толық күйінде емес, қысқа-қысқа үзінділер түрінде жетті. Ал, кейбір батырлық жырлардың жалпы сюжеттік желісі ғана сақталып қалған. Бұлар негізінен көне заман тарихшылары Геродот, Ктезий,Полиэн,Харес Матиленскийдің еңбегі арқылы белгілі болып отыр.Өздері орта ғасырда өмір сүрген Табари, Масуди, Исфахани, Бируний сияқты ғұламалардың кітаптарынан да ежелгі ауыз әдебиетінің ғажайып үлгілерін табуға болады.

         Ал, біздің жыл санауымыздан көп ғасырлар бұрын Еуропаға  қоныс аударған дала қыпшақтарының арғы ата-бабалыры  саналатың ғұндардың ерлікке толы өмірі, тұрмыс- тіршілігі  халқына «Вальтария», «Нибелунгтер туралы жыр» деп аталатын көне герман эпостық жырларында айтылады.

         Сонымен, қадым заманның батырлық жырлары да өмірде болған тарихи туындыларды, қоғамдық құрылыстарды бейнелейді. Алайда  ерлік эпостарында  «тарихи оқиғалардың сол күйінде, ешбір өзгеріссіз, қайталанып  айтылуы шарт емес.Мұнда негізгі тарихи деректер сақталып қалады.Әйтсе де бұл оқиғаның өзі халық қиялынан туған ғажайып қызық оқиғаға бүркемеленіп беріледі».[12,8-49]Басқаша  айтсақ, ерлік эпостарының өмірге келуінде халық өмірінде маңызды рөл атқарған тарихи тұлғалар жайында  аңыздар ерекше орын алады.Ежелгі батырлық жырларында табиғат пен адамның пайда болуы жайындағы мифологиялық түсініктерге кең орын беріледі.Мұның өзі адамдардың пайда болуы жөніндегі халықтық-поэтикалық концепциядан  туындайды.Бұл туралы орыс ғалымы Е.М. Мелетинский мынандай пікір айтқан: «» исследуя пути формирования героического эпоса, в котором содержится  определенная нородно-поэтическая концепция  исторического, прошлого, необходимо учитывать наиболее древние мифологичиские воззрения но  происхождение природы и  «человеческого» племени.[34,26]

 

1.2. Түркі қағанаты дәуіріндегі жазба ескерткіштерде кездесетін ауыз әдебиет элементтері.

 

         Көк түріктер дәуірінде де ауыз әдебиетінің бірқатар ғажайып үлгілері өмірге келді.Олар : «Көк  бөрі»(«Бозқұрт ») және «Ергенекөн» дастанындары. Бізге бұл екі дастанның да мазмұндық желісі ғана жеткен. «Ергенекөн» дастанындағы кейбір тарихи оқиғалар туралы белгілі тарихшы-шежіреші Әбілғазы Баһадүр хан (1603-1664жж) өзінің «Түріктер шежіресі » атты еңбегінде жазғаны мәлім.

         « Көк бөрі » дастаны – ұлы Түрік қағанаты  құрған көк түріктердің ежелгі ата-тегінің шығу тарихын, олардың халық ретінде қалыптасқанын, түрлі аңыздар негізінде жыр еткен эпос.Алайда, дастан түгел сақталмай, бізге қытай көне жазбаларындағы шағын прозалық үзінділер арқылы жеткен.     

          « Көк бөрі » дастанындағы аңыздар көне дәуірдің тарихи шындығынан алыс емес.Өйткені Көк түріктердің көне тарихын зерттеуші ғалымдардың барлығы дерлік осы « Көк бөрі »  дастанында айтылатын ғұндар тайпасына  енетін Ашина руы жайындағы аңыздарға назар аударып отырады. Кейде тіпті осы аңыздар мен  тарихи шындықтың арасын ажыратып алу қиын. Дегенмен, « Көк бөрі » дастанын дұрыс пайымдау үшін алдымен аңызға айналған тарихи шындықтың өзін қысқыша айтып өтейік.

         Біздің заманымызға дейінгі 109-жылы ғұндар тарихында ерекше жыл болды. Дәл осы жылы ғұндердың көсемі Мөде ғұндардаң мәртебесін арттыру үшін Орталық Азияны мекен еткен осы тайпалардың басын қосып, жорыққа шықты. Саян-Алтай таулары өңірінен табғаштарды ығыстырып шығарды. Ғұндардың қуатты мемлекетін құрды. Міне, сол Мөде тұсында Алтай таулары өңіріне барып орналасқан ғұн тайпалары арасында бертін  келе өзара келіспеушілік пайда болады. Ақыры ғұндардаң бір тобы Батысқа қарай ығысып, көптеген жерлерді жаулап алады.Олар  қуатты ғұндар мемлекетін құрады.Бертін келе Еуропадағы ғұндар империясы ыдырап, олардың көшпелілігі Қыпшақ даласына қайта оралғаны тарихтан белгілі. Міне, осы Еуропадан, яғни Батыстан қазіргі Орта Азия мен Қазақстан жеріне қайта оралып келген ғұндар-түркі халықтарының арғы ата-тегі саналады. Бұлар Орталық Азиядағы түрлі тайпалық одақтарды біріктіріп, кезінде дүниені дүр сілкіндірген Түрік қағанатын орнатқаны тарихтан мәләм.

         « Көк бөрі » дастанында ғұндардың «Ашина» деп аталатын «бес жүз шаңырақ руы»  туралы түрік тайпалары  осы Ашина тайпасынан тарағаны хақында, алғашқы Түрік мемлекетін басқарған көсемнің есімі де Ашина болғаны жайында хикая айтылады. [26,221] Ашина сөзі «асыл текті қасқыр, бөрі » деген мағына береді.Ал, ежелгі түріктер өздерін  көк бөріден шыққанбыз деп түсінген.Түріктер үшін қасқыр тотем болған.Түік байрақтарына бөрінің басы алтынмен әшекейленіп салынған.[26,220]

         « Көк бөрі » дастанының негізғі сюжеттік желісі болып табылатын Ашина, яғни Көк бөріден табылған түріктер жайындағы ежелгі аңыз -әңгімелерді Н.Я.Бичурин көне қытай жазбаларынан және «Нибелунга туралы жырдан» алған.Ал, Л.Н. Гумилев өзінің «Көк түріктер» деп аталатын еңбегінде Н.Я.Бичурин еңбектеріне сілтеме жасайды.[12,23]

         Сонымен , « Көк бөрі » дастанының сюжеттік желісі төмендегідей:

         Қадым замандарда Алтай өңірінде бақытты өмір сүріп жатқан ғұн тайпасының бір руы ағайындарына өкпелеп, өте алыс өлкелерге – күнбатыс жаққа көшіп кетіпті. Бұлар барған жерлерге үлкен-үлкен қалалар салып, мемлекет құрыпты. Тұрған жерлерін бау-бақшалы гүлстанға айналдырыпты.Көрші елдермен сауда-саттық жасапты. Ғұндар сол алыс өлкелерде өсіп-өніп, халқы көп болыпты.Көк темір қару асынған әскері де сансыз көп екен.

          Күндердің күнінде ғұндердың көсемі Аттила  батыр қайтыс болып, бүкіл халық, барша сарбаздар жылап-сықтап жатқанда ойда жоқта бұлардың  еліне қалың қол келіп, жау шауыпта. Елдің күллі халқын қан жоса етіп, қырып салыпты.Тек тоғыз жасар бір ұл бала ғана тірі қалыпты.Қаладан шығып бара жатқан жау әскерінің бір нөкері қайтып келіп әлгі тірі қалған баланың аяқ-қолын кесіп, тоғайдағы саздаққа лақтырып тастайды. Тоғайла жортып жүрген бөрінің бір қаншығы саздақта қансырап жатқан баланы тауып алып, өз ініне апарып асырайды.

         «Көк бөрі» дастанында бұлардан басқа да аңыз-хикаялар айтылады.Әйтсе де бәрінің негізгі айтар ойы – ежелгі түркілердің ата-тегі бөрі деген түйінге келіп саяды.

         Көк бөріні киелі санап, оны тотем түсіну қазақ қауымы арасында соңғы кезге дейін сақталып келген.Ал, мұның бір көрінісін қазақтың батырлар жырынан аңғаруға болады.Мәселен, «Ер Тарғын» жырында батырдың ерлігін, төмендегідей етіп сипаттайды:

         Келген қалмақ жолықты

         Тарғын сында бөріге

         Қойға кірді бір бөрі

         Бөріктіре қырады

         Талай қалмақ құлады[4,136]

         Қорыта айтқанда,  « Көк бөрі » дастаны  заманымызға кейінгі кезеңде өмір сүрген, бертін келе этностық тұрғыдан түркі тектес халықтарды қалыптастырған Батыс ғұн тайпалары тарихынан көп мәлімет беретін, түрлі аңыз-хикаяларға негізделген эпостық туынды.

 

Орхон жазба ескерткіштері

 

         Кезінде дүниені дүр сілкіндіріп, жұмыр жердің жартысына билік жүргізіп тұрған Ұлы Түрік қағанаты жайында жазылған ғажайып тарихи дастандар бар екені мәлім.Оны жазған Түрік қағанаты қабырғалы бектерінің

бірі өз дәуірінің кеменгер ойшылы, шешендік сөздің жүйрігі ұлы ақын Йоллығтегін еді.

         Тасқа қашалып жазылған дастандардың бірі Түрік қағанатының бүкіл әлемді аузына қаратқан айбарлы да абыройлы дәуірлерін суреттеуден басталады.Мұнда исі түріктің басын қосып, қуатты мемлекет орнатқан Бумын қаған мен Істеме қаған барынша мадақталады.

Биікте көк тәңірі,

Төменде қара жер жаралғанда

Екеуінің арасында адам баласы жаралған.

Адам баласы үстіне ата-тегім

Бумын қаған,Істеме қаған отырғаған.

Отырып түркі халқының

Ел-жұртын қалыптастырған, иелік еткен.[20,34]

Бұл  жыр жолдары Түрік қағанатының  әскери қолбасшысы Күлтегін батырға арналған дастаннан алынып отыр.

Көне түріктердің ежелгі шынайы тарихы мен тасқа қашалып жазылған дастандарды өзара салыстыра отырып, Күлтегін және Тоныкөк ескерткіштері жылнама шежіре емес, сол дәуірдің өзіне тән поэзиялық дәстүрлерімен жазылған  әдебиет үлгілері деген түиін жасаймыз.

         Әрине, көркемдеу дәрежесі меәілінше жоғары, шешендік сөздері мол,көріктеу құралдары  айшықты болып келетін «Күлтегін» және «Тоныкөк»  сияқты ғажайып дастандардың ғайыптан, өзінен-өзі  өмірге келуі мүмкін емес.Демек, бұл дастандарды жазған Йоллығтегін өзінен  бұрынғы түркі поэзиясының көркемсөз дәстүрін жақсы меңгерген ақын. Басқаша айтсақ, Иоллығтегін сақтар мен ғұндар дәуірінің «Алып Ер тоңға», «Оғыз қаған», «Атилла», «Шу дастаны », «Көк бөрі», «Ергенекей» сияқты дастандарды үлгі тұтқан.Бұл жәйтті,әсіресе, осы екідәуір дастандары арасындағы бірқатар көркемдік ұқсастықтардын аңғаруға болады. Ғұндар дәуірінің ауыз әдебиетінде қолданылған  көріктеу құралдары ,қанатты сөздер, мақал-мәтелдер кейде Орхон жазба ескерткіштерінде де қайталанып отыр.

         Ежелгі түркі жұртында қалың қол бастап, халқын сыртқы жаудан қорғаған дарабоз батырлары қайтыс болғанда бүкіл ел күңіреніп, аза тұтып, жүрек тебрентерліктей қасиетті жоқтау жырларын айтатын дәстүр болған. Бір адамның қайғысы бүкіл елдің қайғысына айналған.Сол арқылы ел қорғаудың киелі, қасиетті іс екені күллі қауымға жария етілген, бұл жәйтті жоғарыда талданған сақтардың ауыз әдебиеті үлгісі болып табылатын, «Алып Ер Тоңғаны» жоқтау өлеңінен көруге болады.

         Бұл жырда Алып Ер Тоңға қазасына байланысты ер азаматтардың өзі жағаларын жыртып, бөрідей ұлып жылағаны айтылады.Тіпті,жылап-сықтаудың ,ауыр қайғы-қасіреттен  адамдардың көздері көрмей қалады.

Бөрідей елдер ұлысты,

Бақырып жаға жұлысты,

Дауыс салып жырлары,

 

Суалды көзі жылады [33,226]

Мұнда ақын ажал қасіреттің ауырлығын нақты түрде жеткізу үшін  «бөрідей уласты», «жаға жұлысты»,  «көзі суалды» деген сияқты тұрақты сөз тіркестерін пайдалана білген .Алып Ер Тоңғаны жоқтауды ежелгі дәуір ақыны білгір сөз зергері ретінде мейлінше тереңдете түскен.Бұл жоқтауда ел қорғаған батырдың өлімі «ішті өртеді», «жараны тырнады», «өткенді іздіді » деген сияқты тұрақты сөз тіркестерін ұтымды қолдану арқылы шебер жеткізген :

Көңілім ішті өртеді,

Тырнады біткен жараны,

Өткен күнді (уақытты) іздеді,

Күн-түн келіп сұрады [33,290]

Түрік қағанатының әскери қолбасшысы Күлтегін  батыр қайтыс болғанда да күллі көк түріктер елі шексіз қайғыға батады.Ауыр қасіреттен аспан айналып жерге түскендей болады.Бүкіл ел болып аза тұтқан сәттегі жоқтау сөздерін ақын Йоллығтегін  төмендегідей жыр жолдары арқылы жеткізген:

Інім Күлтегін қаза болды,

Өзім қайғырдым

Көрер көзкім көрместей,

Білгір ақылым білместей болды. [20,55]

Қалай болған күнде де тарихта ерлік дәуірі деп аталған ғұндар заманының ауыз әдебиеті Күлтегін,Білге қаған сияқты батырлар бейнесін жасауға өзіндік-ықпал-әсерін тигізді.Әсіресе,батырдың мінген тұлпарын, асынған қару жарағын,сүйген жарын, сағынған елін, туған жерінің табиғатын суреттеу тұрғысынан ғұндар заманының эпосы  бертін келе қалыптасқан Түрік қағанаты дәуірінің жазба әдебиеті үшін үлгі — өнеге болды.

Дегенмен, алдымен  «Күлтегін» , «Тоныкөк» жырларының көркемдік және жанрлық ерекшеліктеріне тоқталып өтелік.Сол арқылы ғана көк түріктер дәуірінің ғажайып туындылары «Күлтегін» , «Тоныкөк»  жырларының өзінен кейінгі кезеңдерде қазақ ауыз әдебиетінде туындаған барлық жырлардың қалыптасуына қаншалықты терең әсер еткенін пайымдауға болады.

Орхон ескерткіштерінің жанрлық ескерткіштері туралы соңғы кезге дейін өзара  қарама-қайшы екі түрлі көзқарас орын алып келеді.Бірі- Күлтегін және Тоныкөк  ескерткіштері көркем әдебиетке,соның ішінде, поэзияға ешқандай қатысы жоқ, Түрік қағанатының дәлме-дәл  жазылған тарихы деп қарады.Екіншісі-руна жазуындаға бұл ескерткіштерді поэзиялық туындығы тән барлық белгілері бар,ежелгі түркілердің өзіндік әдеби дәстүріне негізделген көркем туынды деп таныды.Бұл екі түрлі көзқарас ұзақ жылдар бойы әдебиетшілер, тілшілер, тарихшылар тағы басқа арасында алуан түрлі пікір таластарын тудырып келеді. Ал, қазір Күлтегін және Тоныкөк ескерткіштері көркем туынды екеніне ешкім күдіктенбейді.Орхон ескерткіштерін поэзия , ерлік жыры деп алғаш бағалаған ғалымдардың бірі- академик –жазушы  М.Әуезов болды.Ол руа жазуындағы ескерткіштердің мазмұны мен сипаты туралы айта келіп,былай деп жазды: «Оларадың мазмұнында эпостық баяндау сазы басым,аңыздың көркемдік түрі де соған орайлас. Күлтегін ,Тоныкөк немесе Суджа жазуларында қанша адам, қанша ерлік бейнеленген десеңізші?! Оларда әр алуан рулар мен тайпалардың кескілескен шайқастарының , соғыс суреттерінің , батырлар ерлігінің , жорықтардың шежіресі бар.Тіпті сол жазулардың бірталайында Күлтегіннің ежелгі жырларындағыдай жеңілуді білмейтін батыр болғандығы баяндалады. Ол жазуларда хронологиялық тәртіп те бар.Күлтегіннің он алты жастан қырық жеті жасына дейін, яғни өлгенге дейінгі өміріндегі ерлік қимылдары баян етіледі.Мұнда батырдың жас шағынан бастап,өмірінің ақырына дейінгі ерліктерін жырлайтын  батырлық дастандырдың сюжеттік құрылысында ұқсастақ бар» [113,136]

Жырдың мазмұнында нәр беріп, сыртқы түрін ажарландыра түсу үшін «Күлтегін » және «Тоныкөк » жырларында теңеу, метафора, аллегория, гипербола, эпитет, қанатты сөздер, мақал-мәтелдер жиі қолданылады:

«Күлтегін» жырында шындықты пернелеп айту,яғни  оқиғаны аллегориялық әдіспен жеткізетін тұстар да аз емес.

Қаладағылар өрлепті,

Таудағылар індепті  [20,47]

Сондай-ақ Орхон жазуларында суреттеліп отырған көріністерді тағы да ажарландыры, құбылта түсу үшін оны соған ұқсас өзге затқа балау әдісін, яғни метефораны шебер қолданды.Мұндай метафораларға  «Тоныкөк» жыры да бай.

Жауымыз тегіс жыртқыш құстай жыртқыш еді

Біз жемтік едік   [20,69]

Бұған ұқсас теңеулер қазақтың батырлық жырында да кеңінен қолданылатыны мәлім.Мәселен,қазақтың «Қарабек» жырында Ханбибі атты аруды төмендегідей етіп бейнелеген :

 Шекер, шырын,бал сөз

 Алма мойын, аршын төс,

Күйкентай көз қалам қас,

Көрген кісі  дидарым Хор қызына балаған.

Бір қызығы-VIII  ғасырда өмір сүріп, елтеріс пен Білге қағандардың кеңесшісі болған Тоныкөктің тарихи бейнесі араға мың жыл салып, барып Абылай ханның кеңесшісі Бұқар жырыу (XIII ғасыр) бейнесінде дәлме-дәл қайталанған сияқты  Бұқар жырау да Абылай ханға ұдайы кеңес айтып отырады, әрі хан жасақтарымен бірге жауға қарсы күреске шығады.

Кемеңгер Тоныкөктің философиялық ой-пікірлері Бұқар жыраудың дидактикалық-шешендік сөз үлгілеріндегі тоғауларымен астасып жатады.Тоныкөк түрік қағанатын сақтап қалу үшін ең алдымен елдің ішкі бірлігі қажет екенін пернелеп, астарлап,нақыл-өсиет арқылы жеткізеді.

 

Жұқаны бүктеу –оңай,

Жіңішкені үзу-оңай

Жұқа қалыңдаса,(оны тек) алып бүктейді

Жіңішке жуандаса,(оны тек) алып үзеді.[20, 69 — 70]

Ежелгі түркі поэзиясындағы кейбір сөз тіркестері перифраз секілді болып келеді.Мәселен,Орхон жазбаларында Йоллығтегін  «адамдар» деп айтудың орнына  «ел-жұрт», «адамзат ұлдары» деген сөз тіркестерін жиі қолданады:

Күллі түркі халқы былай десті:

«Елді халық едім,

Елім қазір қайда,

Кімге ел-жұрт іздермін?»-десті [20,45]

Ежелгі түркі поэзиясында айтар ойды нақты, қысқа түрде , әрі бейнелі етіп жеткізу үшін қолданылатын кейбір сөз тіркестері мақал-мәтел сияқты естіледі.Мәселен, Күлтегін ескерткішінде төмендегідей жыр жолдары бар:

Аштықта  тоқтықты түсінбейсің,

Бір тойсаң, аштықты түсінбейсің.[20, 42] 

Қазақ жырыулары ежелгі түркі ақындарының дидактикалық-шешендік өнерін өз тоғауларында жетілдіре түсті.

 Асан Қайғы:

…Қадірін жеңге білмес,

Бойға жеткен қыз ғаріп.

Ел жағалай қонбаса,

Бетегелі бел ғаріп [5,25]

 

«Күлтегін» мен «Тоныкөк» жырларына тән тағы сипат-бұл жырлардың кіріспесінде  және қорытынды бөлімінде лепті үнмен мәнерлеп ғибрат айту көтеріңкі сарынмен үндеу тастап, асқақтап сөйлеу сияқты эмфатикалық дауыс ырғағы басым болады. Мәселен, қарт данышпан Тоныкөктің бүкіл түркі еліне қарата айтқан мыны бі монологі бұған толық дәлел болса керек.

  • Мен , Білге Тоныкөкпін

Алтын қойнауын асып келдік

Ертіс өзенін кешіп келдік

Көп (екен) деп неге қашамыз ?!

Абыз деп неге қорқамыз ?! [20, 77-75]

Міне осылайша көпшілік қауым алдында көтеріңкі екпінмен

үндеу тастап, ақыл-өсиет айту, асқақтата сөйлеу араға сан ғасырлар салып барыпқазақтың жыраулар поэзиясында қайталанады.Мәселен, марғасқа жыраудың Ташкентханы Тұрсынға қарата айтқан толғауы:

         Ей, Қатағанның хан Тұрсын,

         Кім, арамда ант ұрсын,

         Жазықсыз елді еңретіп,

         Жер тәңірісіп жатырсың,-дейді [5, 56]

 

Орхон  жазба ескерткіштері ішінде  «Тоныкөк» жыры» ерекше орын алады.Бұл жырдың авторы бөлек , оны Тоныкөктің өзі, жазған деген болжам бар.

         Әйтсе де бұл жыр өзінің жазылу стилі, көркемдік тәсілдері , композициялық құрылымы, идеялық мазмұны жағынан «Күлтегін» жырына өте-мөте ұқсас.

Әрине, «Тоныкөк» жырының сюжеті,  оқиғалары басқаша екені даусыз.Мұндағы басты қаһарман қағанның кеңесшісі – Тоныкөк.Егер «Күлтегін » жырында түркі елінің белгілі бір соғыстағы жеңісіне себеп болған негізгі нәрсе-Күлтегін батырдаң ерлігі деп көрсетсе , ал «Тоныкөк»жырында автор дәл сол жолғы шайқаста  жеңіске Тоныкөктің  ақыл-айласы арқасында ғана жеттік деп көрсетеді.Бұл жырдың басты қаһарманы батыр емес, бүкіл түркі елінің дана қарты , тіпті Білге қаған мен Күлтегіннің әкесі Елтеріс қағанға да кезінде ақылгөй болған  Тоныкөк қарт.Сондықтан бұл жырда уағыз-өсиет, нақыл сөздер  көбірек ұшырасады. «Тоныкөк» жыры да көлемді.Мұнда түркілердің өз елі, жері үшін жүргізген  соғыстарын атап-атап айтады да , соның бәрінде түркілердің жеңіске жеткенін, сол жеңістер өзінен-өзі келмегенін, оған Тоныкөк өзінің ақыл-кеңесімен, ерлік істерімен қыруар күш қосқаны  сөз зергеріне ғана тән шеберлікпен суреттеді..

«Күлтегін» жырының  ерлікті, елдікті, мадақтау дәстүрі қазақтың  батырлық  жырында өз жалғасын тапты.Мәселен, «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр» сияқты жырларында батырдың жастық шағынан бастап,өмірінің соңына дейінгі ерлік істері жазылған.

         Түрік қағанатының есімі мәшһүр әскери қолбасшысы,даңқты батыры      Тоныкөктің он алты жасынан бастап,қырық жеті жасына дейін, яғни өлгенге дейінгі ерлік істері эпостық сарынмен жырланады. Күлтегін тарихи адам болса да жырда ол бейне бір аңыз қаһармандай ешқашан жеңілуді білмейтін батыр ретінде көрсетілген.Осы арада батырлық жырдың ең басты ерекшелігі жайында белгілі ғалым Р.Бердібаевтің төмендегі пікірін еске алғанымыз жөн: «Классикалық қаһармандық жырдың ең биік уәзипасы ешкімнен, ешқашан жеңілмейтін батырдың тұлғасын мүсіндеу екені ертеден бері белгілі. Егер мұндай шаттылыққа  «өзгеріс» ене қалса , ол жырға басқа жырлардың ықпалы тигені болып табылады».

«Күлтегін» жырының эпостық баяндау сазы басым екенін баяндай келіп, М.Әуезов: «Мұнда батырдың жас шағынан бастап өмірінің ақырына дейінгі ерліктерін жырлайтын батырлық дастандардың сюжеттік құрылысында ұқсастық бар» деп көрсеткен болатын.

Күлтегін ескерткіші, ежелден еркіндік аңсаған түркі халқының бақытты өмір жайындағы арман-қиялын , тәуелсіздік үшін ғасырлар бойы жүргізіп келген ерлік күресін , кескілескен шайқастарда  қол бастаған хас батырларын жыр еткен батырлық эпосының алғашқы үлгілері дап танығанымыз жөн сияқты.

Міне, осы тұрғыдан қарағанда тайпа-ұлыстық дәуірде өмірге келген  «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Қобыланды батыр»  және «Шора батыр»  сияқты қазақ эпостарының да  «Күлтегін» жыры сияқты тарихи негіздері бар болуы ықтимал. Бұл туралы академик Ә.Марғұлан өзінің «Қазақтың ерлік жырындағы әлеуметтік сарындар» деген  мақаласында қазақ эпосының халықтық сипаты мен тарихи негіздері болғанын ерекше атап көрсетті.

Қазақ ауыз әдебиеті бай, әрине, ежелгі дәуірден көненің көзіндей сақталып келе жатқан дәстүрлі дастандар-батырлық жырлары көбірек дамыған деуге болады.Эпикалық шығармалар желісіне қара бастың қамы емес, халықтың мұрат-мақсаты үшін күрескен батырлар мадақталады.Қамбар батыр, Қобыланды батыр және Алпамыстың ел үшін атқарған ерлік істері олардың туған жері ,елі үшін өз басын ажалға тігуге бұл сөзімізге толық дәлел.

Түркі халқын сыртқы жаудан қорғау үшін «түн ұйықтамай,күндіз отырмай », тыным таппай жүрген Күлтегіннің қанды шайқастардағы  ең жақын көмекшісі ,оның мінген тұлпары  болып көрінеді. «Ер қанаты-ат» екені «Күлтегін» жырында да айтылады.Қанды шайқастарда  Күлтегін батыр өзінің жеңіске жетуінің бір себебі астындағы тұлпары деп есептейді.

         «Күлтегін» жырында  Түргеш елімен болған соғыс кең көлемде  жырланған деуге болады.Бұл соғысқа Күлтегін әскері Інжу өзенінен өтіп барады. Мұнда автор Күлтегін әскерінің    «аты арық жемі жоқ еді » дейді.Бұларға қарсы шыққан жау «қорқынышты кісілер, алып кісілер болатын», Күлтегін шағын қолмен оларға қарсы болды.Жойқын соғыс ашты.Жаудан жасқанбайды. Өйткені Күлтегіннің мінгені алып Шалышты ақ ат болатын. Бұл соғыс «Күлтегін» жырында төменгідей етіп берілген

         Алып Шалшы ақ атқа мініп шапты,

         Баршасы түркеш халқының

         Сол кезде өлім тауыпты.[33,53]

     Бұдан кейін жырда түркілердің қарлұқтармен соғысы баяндалады.Тамағ  шыңында болған осы шайқаста қарлұқтарды қырып салады.Өйткені алып Шалшы ақ ат бәрінен  де жүйрік, бәрінен де тегеурінді еді.

      Күлтегін талай рет Азман ақ атына мініп, жауды шапқанда да ұдайы жеңіске жетіп отырады:

         Күлтегін Азман ағын мініп,

         Шапты, талқандады.

         Әскерін жеңдік,жауын алдық.[20,54]

         Сөйтіп «Күлтегін»  жырында  шығарманың басты қаһармандарының бірі ретінде батырдың жорыққа мінген сәйгүлік аттары бейнеленген.Күлтегін соғысқа мінген боз ат пен Торы ат, Алып Шалшы мен,Азман арғымақтар туралы Йоллығтегін сүйсіне жырлайды.Түрік қағанатының әскери қолбасшысы мінген сан түрлі қолбасшысы сәйгүліктер туралы оқи отырып,

қазақтың батырлық жырларындағы «әр аяғы келідей, он екі құлаш Шұбар» тұлпарды [4,283], «бір өзі он екі түйені еміп өскен ат» — Ғиратты [4,145], «бір төбенің шаңын бір төбеге қосатын тайбуырылды» [4,60], «бір күн шапса айшылық жолды алатын Байшұбарды» [4,207] еске түсіреміз.

         Қазақтың батырлық жырларында да батырдың жорыққа мінген тұлпары да шайқас үстінде құлап, жаудан жарақаттанып, жатқан кездері де болды.Мәселен, Тайбуырыл Қобыландының мінісіне шыдамай осылайша құлайды:

         Екпіндеп шапқан Тайбуырыл,

         Етпетінен жығылды.

         Жығылғасын Қобыланды

         Аттан түса қалады. [4,105]

         Болашақ батырдың шайқасқа түсетін тұлпарын тай кезінен танып, «түтікпенен су беріп, түтікпенен күн көрсетіп, кекіл-жалын тарап өсіреді».

 

         Сонымен, Орхон жазба ескерткіштері мен қазақтың батырлық жырлары арасындағы байланысты талдай келіп төмендегідей түйін жасауға болады. «Күлтегін» және «Тоныкөк» жырлары өзінің идеялық мазмұны мен композициялық құрылысы, көркемдік бейнелеуі жағынан қазақтың ерлік пен елдікті жырлаған қаһармандық жырларының алғашқы үлгілері болып табылады.

          Бұл жырдың қазақтың батырлық эпосына тән шынайы белгілер айқын көрініп тұрғанын аңғару қиын емес.Елдің қамын ойлаған ержүрек батырға тән басты белгілер: батырдың текті ортадан шығыуы, жастайынан халық қамын ойлауы, өзінің бейесін елес ете танытуы, нағыз батырға лайықты тұлпар таңдауы, елін жаудан қорғау үшін сан рет шайқасқа шығыуы, әр батырдың шайқаста міндетті түрде жеңіске жетіп отыруы, сол арқылы халық құрметіне бөленуі сияқты болып келеді.Ал, бұл қасиеттердің барлығы Күлтегін батырдың бойынан табылады.

 

 

 

  • «Оғыз – қаған » жырындағы әдебиетінің белгілері.

 

         Ғұн-оғыз дәуірінде өмірге келген осындай ерлік эпосының бірі «Оғыз қаған» дастаны деуге болады .

         «Оғыз – қаған » дастаны  — түркі тектес халықтардың ежелгі шежіресін генеологиялық аңыздар негізінде  көркем тілмен баяндайтын эпостық туынды. «Оғыз – қағанның » атауы жайында әр кезде әр түрлі пікір айтылып келеді.Бірқатар зерттеушілер оны күні бүгінге дейін  «Оғыз-наме»  деп атайды. «Наме» сөзі парсы тілінде «хат», «өтініш», «трактат», «кітап» деген мағына беретіні мәлім.Сол себепті «Наме» сөзі көбнесе жазба түрінде өмірге келген, авторы белгілі шығармалардың тақырыбына қосылып, оған анықтамалық мағына береді. Мәселен, -«Шахнаме»-«Шах туралы кітап », «Мухаббат – наме »- «Махаббат жайындағы дастан», «Бабурнаме»-

«Бабыр кітабы» тағы басқа.

         Ал енді «Оғыз қаған» дастаны әуелде ауызша жасалып, бертін келе  IX-X ғасырларда қағазға түсірілген сияқты.Бұл көне заман мұрасын ұзақ жылдар бойы зерттеген түрік ғалымы Н.С.Банарлы оны батырлық жырлары қатарына қосып, «Оғыз қаған» дастаны деп атайды. Бұл пікірге ғалым «Оғыз қағанның» тақырыбы мен сюжетін қаһармандарын  және олардың әрекетін, баяндау тәсілдері мен тілдік құралдары егжей-тегжейлі зеттелу арқылы келіп отыр.

         «Оғыз қаған» дастанында негізінен Оғыз батырдың әскери жорықтары, түркі елін сыртқы жаудан қорғаудағы ерлік істері,ел әдебиетінің ғажайып үлгілерінің бірі саналатын «Оғыз қаған» дастанының идеялық мазмұнын терең пайдалану үшін оғыз тайпалары туралы  кейбір тарихи деректерді еске түсіру.

Міне, бұл зор жеңістердің бәрі Оғыз мемлекетінің күш-қуатын, саяси беделін бұрынғыдан да арттыра түседі. Оғыздардың жаужүрек ерлігі туралы алуан түрлі аңыздар тарайды. «Оғыз-қаған» дастаны оғыздар жайындағы осындай аңыз-әпсаналар желісіне құрылған эпостық туынды. Тарихи деректер бойынша, қыпшақтардың қатты тегеурініне төтеп бере алмаған оғыздар XI ғасырдың орта шенінде Дешті Қыпшақтан Батысқа қарай ығысып кетеді. Бірақ олардың бәрі бірдей қоныс аударған жоқ еді. Қазақ жерінде қалып қойған оғыздар бірте-бірте қыпшақ, қаңлы,тағы басқа түркі тектес тайпалармен араласып, солардың этникалық құрамына біржола сіңісіп кеткені мәлім.

Оғыз қаған дастанында діни-мифалогиялық көрністер едәуір орын алған. Алғашқы қауымдық құрлыста өмір сүрген  адамдар озін қоршаған табиғаттың дүлей күші жайында сан қилы аңыздар шығарғаны мәлім. Сол рулық-тайпалық қоғамда адамдар тобырының шығу тегін белгілі бір табиғат құбылыстарына немесе кейбір жануарларға тікелей байланысты деп қараған.Көрнекті  ғалым Н.Я.Бичурин көне түркілер жөніндегі аңыз-әпсанаға сүйене отырып, түркілер өзін көк бөріден тарағанбыз дейтін ойын дәлел етеді.  Көне қытай жазбаларына сүйенген ғалым түркі тайпаларының Көк тәңірге табынып, жақсылықты да, жамандықты да көктен, яғни аспаннан күтетінін айтады.  Бұл сөзімізге  Оғыз қағанының үйлену салты және оның Ай, Күн, Жұлдыз, Тау, Көк, Теңіз деп балаларына ат қоюы дәлел. Мәселен, дастанда бір күні Оғыз батыр Көк тәңірісіне  жалбарынып отырған сәтте көктен бір жарық сәуле жарқ  етіп  жерге түседі. Батыр әлгі жерге барып қараса, бір ғажайып сәуле қыз отыр екен.

           Қараңғылық түсіп,

          Көктен бір көк жарық түсті

          Осы жарықтың арасында

          Жалғыз қыз отыр

Ежелгі түркі ауыз-эфсаналарында  бақытты болатын  адамның төбесінен нұр-шұғыла жауатыны туралы көп айтылады. Бұл дәстүр түркі халықтарының ерлік дастандарынан  да орын алған. Мәселен, қырғыздың «Манас» эпосында болашақ батыр Манаста жолына нұр төгілген, ал өзін көкжал бөрі қоршап , қорғап жүрген қаһарман болып келеді:

             Арқасында баланың,

             Қара көк жалы көрінді.

             …Нұр төгіліп жолына,

             Бәрі ойлаған баланың,

            Манас деп аты табылды.

Манастың есіміне жиі қосылып айтылатын теңеулердің бірі-«Көкжал бөрі». Манас эпосының басынан аяғына дейін басты қаһарманды ұдайы «көкжал Манас» деп аталады. Бұған «Манас» эпосының мысал келтірейік:

            Туылғандан шер болгон,

             Атағы чығып далайға.

             Қабылан Көкжал эр болгон.

Ал, « Қобыланды батыр» жырында қазақтың алып батыры өзінің қарсыласы Шошай хан туралы:

             Көк шекпенді көк бөрі-

             Қызылбастан хан Шошай.

             Менен туған ұл болсаң,

             Баненбай, қалма артынан!-дейді

Мұнда Қобыланды батыр өзінің қарсыласы Шошай ханның қазақ елі үшін осал жау емес екенін меңзеп отыр. Мұндай көркемдік дәстүр қырғыз елінің «Манас» эпосында да өз көрнісін тапқан. Мұнда Манас батырдың келбеті, дүлей күші, қайратты Оғыз батырды еріксіз еске түсіреді.Бұл сөзімізге төмендегі «Манас» эпосынан келтірілген жыр жолдары дәлел:

            Қаны бир қара, бети көк,

            Бөору чыбыр. Сырты көк.

             О, мына чоң тай сарнер эдл,

             Батыр бир Манасын сұрасаң.

Көкжал бир дөбөт бөрү эдл [44.28.29.]

Сонымен, бүкіл түркі тілдес халықтарының ортақ мұрасы болып табылатын «Оғыз қағанаты» дастаны мен қазақтың батырлық жырларының арасындағы дәстүрлі көркемдік байланыс бар екенін айқын көреміз. Шынында да Оғыз батыр  жайындағы дастан мен қазақтың батырлық жырлары арасындағы сюжеттік, стильдік, образдық, тілдік ұқсастықтар мол болып келеді. Айталық, Оғыздардың жанкешті ерлігі  қазақтың кезінде жоңғар қалмақтарына қарсы шыққан жау жүрек  батырларын еріксіз еске салады.

Қазақтың батырлық жырларында үш, жеті және қырық сандары жиі ұшырап, көбінесе олар батырдың өміріндегі киелі құбылыстарды аңғартады. Қазақ әдебиетінің дәуірін зерттеуші белгілі ғалым  М.Жармұхамедов «Оғыз-нама» мен «Қорқыт ата» кітабында жиі ұшырайтын «үш», «жеті» және «қырық» сандарының түпкі этимологиялық мағынасы туралы айта келіп, «Мұның бәрі түйіп айтсаң, бұл туындылардың алғашқы бұлақ бастауының бірлігі мен көне тамырластығын да біршама ашып танытса керек» деген тұжырым жасайды.

 Оғыз батырдың Көк тәңірге табынып отырған  сәтінде аспаннан шұғылалы нұр сәуле түсіп, ішінен сұлу қыздың жарқ етіп шыға келуі немесе көктен түскен көгілдір нұр ішінен  көк бірдеңенің шыға келіп, Оғыз әскеріне жол бастауы сияқты көріністер  қазақ ауыз әдебиетінде де жиі ұшырайтын  бейнелер болып табылады. Ал, мұның өзі кездейсоқ ұқсастық емес, сан ғасырлық тарихы мен тағдыры тығыз байланысып жатқан Оғыз және Қыпшақ тайпаларының эпостық туыстығынан туындайтын объективті құбылыс.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Екінші тарау. Көне түркі жазба әдебиетінен ауыз әдебиетіне ауысқан

үлгілер.

 

2.1  «Диуани лұғат  ат — түрік» ескерткішінде кездесетін жанрлардың ауыз әдебиетіндегі көрінісі

 

Махмұт Қашқари (XI-ғасыр)-түрік халықтарының тұңғыш ұлы филологы, ауыз әдебиеті үлгілерін жинап, зерттеуші ғалым.М.Қашқаридың «Диуани лұғат ат-түрік» атты зерттеуі тек түркіше-арабша түсіндірме сөздік қана емес, сонымен бірге, ол ежелгі түркі тілдері мен ауыз әдебиетін зерттеп, танып білу үшін  аса қажетті, теңдесі жоқ- ғылыми еңбек болып табылады.Біз үшін ең маңыздысы- біздің жыл санауымыздан бұрынғы қадым замандарда жасаған сақтар мен ғұндар дәуірінде және түрік қағанаты (VI-IX ғасыр) тұсында өмірге келген тұрмыс-салт жырларының үлгілерін, мақал-мәтелдерді, шешендік сөздер мен афоризмдерді М.Қашқари өз «Сөздігіне» мысал ретінде енгізген.

«Түркі тілдері жинағының» әдеби мәні ерекше зор.Бұл кітапты белгілі бір мағынада «көне түркі әдеби жәдігерліктерінің хрестоматиясы» немесе «ежелгі түркі ауыз әдебиетінің энциклопедиясы» деуге болар еді.Өйткені мұнда автор өмір сүрген дәуірде ғана емес, содан сан ғасырлар бұрын өмірге келген халықтық өлең -жырлардың, мақал-мәтелдердің, қанатты сөздердің, көркем  теңеулердің, фразеологиялық тіркестердің, тағы басқа ғажайып үлгілері бар. Бұл туралы М.Қашқари:« мен бұл кітапты,хикмет сөздер, сежілер(ұйқас сөздер), мақал-мәтелдер,өлең жырлар, режу(батырлардың жырларынан үзінді) және несір( бейнелі сөз) секілді әдеби сөздермен безендіріп, мақсұс әліппесі ретімен тізіп шықтым.Үйренушілер мен қызығушылар кезекті сөздерді тез, оңай табуы үшін көп жылдар бейнет шегіп, сөздерді орын-орындарына қойдым. Көмескілерін аштым, жарық еттім, қателерін жұмсарттым, түзеттім деп жазады Әрине, «Диуани лұғат ат-түріктегі» өлең-жырлардың қайсысы қай  кезде жазғанын дәлме-дәл анықтап білу қиын. Әйтсе де сол әдеби шығармалардан алынған үзінділердің мазмұнына, тілі мен жазу стиліне қарап қай дәуірдің әдеби туындылары екенін шамалап айтуға болады. Көптеген өлең  жырлардың өте-мөте ертеде, тіпті,  алғашқы қауым кезінде өмірге  келгенін аңғару қиын емес. Мұндай көне жырларда, мақал-мәтелдерде түрлі тайпалардың өте ерте замандағы өмірі, алғашқы қауымдағы адамдардың тұрмыс-тіршілігі, олардың Көк тәңірісі мен Күнге табынуы, табиғат құбылыстарынан зәресі қалмай қорқуы бейнеленді.

«Түркі тілдері жинағында» табиғат көріністеріне қатысты жыр жолдары көп. Мұнда «бұлттар ойнай бастағанын», «сай-салаға су толғанын», «түрлі-түсті бәйшешек өсіп шыққанын», «арқар-киік асыр салғанын» бейнелейтін өлеңдер жиі кездеседі. Мәселен, Еділ өзені жайында  төмендегідей жыр жолдары бар:Мазмұны:Еділ суы биік жар (қия) түбін соққылап ағып жатыр.Өзен тасқынынан  пайда болған көлшіктерде  балық пен бақа толып жүр.

Мұнда тіпті «Қыс» пен «Жаз» адамдар бейнесіне түсіп, өзара айтыса бастайды.Мұның өзі түркі халықтары арасында айтыс өнерінің қауым заманында-ақ кең тарағанын аңғартса керек.

Қыс жазға қарата айтады: Адам, ат бәрі қыс мезгілінде күшейеді, қыста ауру-сырқау азаяды, адамның жан-тәні ширай түседі.

Қыс жазға қарата айтады: Қар қыста жауады, одан жер нәр алып, астық, бидай, тары өсіп шығады. Қыста адамдар тынығады, жазда қайта қозғала бастайды.

Қыстың бұл айтқан сөзіне Жаз өзінше дәлел айтып, қарсы жауап береді: Жаз қысқа қарата айтады:Жылқы жазда семіреді, оңалады, бектер семіз атқа мінеді, үйірде жылқы ойнақтап, бірін-бірі тістелеп ойнайды.

Жаз қысқа қарата айтады: Қыс кезінде құстар безіп кетеді, ал жазда қарлығаш сайран салады, бұлбұл түрлі әуенмен шырқайды, ер мен әйел кездесіп тұрады.

Сондай-ақ алғашқы қауым адамдарының тіршілік көзі аңшылық болғаны жақсы мәлім. «Түркі тілдері  жинағында» халық ауыз әдебиетінің аңшылық жайындағы өлең- жырлары  жиі ұшырайды.

Жастарға қаршыға беріп, құс салдырып үйретейік ;аңдарды тазы қосып тістетейік; түлкі;доңызға тас лақтырайық, өнер-қабілетімізбен мақтанайық.

«Түркі тілдерінің жинағында» ерлікті, батырлықты мадақтайтын жырлар көп. «Сөздікте» мысал ретінде келтірген шағын өлең жолдары қазақтың көнеден  дәстүрлі дастандары- батырлық жырларындағы сюжетті баяндау сарынының,батырларды таныстыру тәсілін, жекпе-жекке шақыру мәнерін, қазалы үйге ат шаптырып  келу дәстүрін, тағы басқаны еріксіз еске түсіреді. Мәселен, «Қобыланды батыр», «Қамбар батыр», «Алпамыс батыр» және «Ер Тарғын» жырларында халықтың ерлік гороикасы, махаббат пен достық туған жерге деген сүйіспеншілік осылайша жырланады.

М.Қашқари «Сөздігінде» қазақ ауыз әдебиет үлгілеріне мейлінше жақын тұрған жыр үзінділері бар. Бұлар негізінен батырдың өліміне байланысты айтылатын жоқтау өлеңдер деуге болады. «Сөздікте» Тұран елінің әміршісі Алып Ер Тоңғаның қазасына байланысты айтылған ұзақ жоқтау бар.Бұл туралы біз осы еңбектің бірінші тарауындағыдай  ежелгі түркі поэзиясына тән  осындай жоқтаудың үлгісін сөз етпекпіз. Бұл жоқтаудың басқа да ежелгі түркі поэзиясындағы жоқтаулардан ерекшелігі бар.Мұнда жоқтау басқа жоқтау өлеңдеріндегі  сияқты қаза болған батырды іздеуден, сұраудан басталмайды.»Кім еді» деп аталатын біз сөз етіп отырған жоқтау өлең  қайтыс болған батырдың бейнесін суреттеуден, оның елге жасаған  жақсы істерін жіпке тізгендей етіп айтудан басталады.

Жұртқа ас-дәм беріп тұратын ер еді; зұлым жауды қайтарып  мойнын үзгенді;енді оның өзін   жер жұтып отыр. Ол жаудың отын  өшіріп,  ордасын қиратқан; Қиын істерді тындырған жан еді.Енді оған ажалдың оғы тиді.

Бұл жоқтаудан ежелгі түркі тайпалары тілдерінің өзіндік ерекшеліктерін аңғару қиын емес. Ежелгі түркі тілін зерттеуші ғалымдар жалпы түркі тілдерін екі топқа бөліп қарастырады. Біріншісі-түркі тілдерінің солтүстік тобы деуге болады . Бұл топқа есімшенің «ған», «ген» жұрнақтары арқылы айту формасы  басым болып келеді.Екіншісі-түркі тілдерінің оңтүстік тобы деуге болады.Мұнда есімшенің «мыш» формасы жиі ұшырайды.Ежелгі түркі поэзиясында жиі ұшырайтын есімшенің осы «ған»және  «ген» формалары  қазақ поэзиясында соның ішінде, тұрмыс-салт жырларын, жоқтау және мадақтау өлеңдерінде эпостық жырларда батырларды сипаттау кезінде қолданылатын бірден-бір стильдік –тілдік  құрал деуге болады.М.Қашқари дәуірінде, одан сан ғасырлар бұрынғы қауым заман поэзиясында кезінен қолданылып келген «ған», «ген» формалары бертін келе, XV-XIX ғасырлардың поэзиясынан кеңінен орын алды.Әсіресе, қазақтың батырлық жырларынын кең көрініс тапты деуге болады.Бұған «Қобыланды» жырынан мысал келтіре кетейік .  Қобыландының  ерлігін  сипаттау  барысында  жыршы – ақын  есімшенің «ған»,  «ген»  формаларын  жиі  қолданады.  Мәселен,  есімшенің  «-ған» формасы    арқылы  сипатталған  Қобыланды  батырдың  бейнесіне  назар  аударайық:                   

                Қылыш  найза  асынған,

                Жауды  қуып  қашырған,

                Ерлігін  жаннан  асырған,

                Ойы  терең  асылдан,

                Сөзі  терең  тасыған.

                 Қашқан  жауды  қоймаған,

                Ұстап  алып  айдаған.[4.244]

Сонымен  қатар,  «Түркі  тілдері  жинағында»   көптеген  мақал – мәтелдер  кездеседі.Мысалы: 

  1. Заман өтер, кісі тоймас,

         Адам ұлы мәңгі қалмас.[33,73]

  1. Ізгілікпен кел ,

Жамандықпен келме.[33,116]

  1. Айламен арыстан тұтылар,

Күшпен қарақшы тұтылмас.

Ежелгі  түркі  поэзиясында  дидактикалық – эпикалық  сарында  айтылатын  жырлар өзінің  формасы  жағынан  жоғарыда  айтылған  жоқтау  өлеңдерінен өзгешелеу  болып  келеді.  Дидактикалық  мазмұндағы  жырларды  айтылуы  интонациясы  төмен,  ырғағы  баяу,  еркін  ұйқас  түрінде  айтылады: 

Кімге  байлық  көбейсе,  соған  дәреже – бектік  өзі  үйіріліп  баратынын,  ал  қолдан  байлық  кетсе,  жұрт  бектен  безіп  кететінін  айтады.

Тағы  бір  мысал  келтірейік:    Ата – ананың  айтқанын  тыңдау  керектігін,  байып  кеткен  кезде  де  адамгершілікті  сақтау  керектігі  айтылады.

М  Қашқари  өмір  сүрген XI  ғасырда,  тіпті  одан  бұрынғы  қауым  замандардағы  поэзия  үлгілерінің  ұйқас  түрі  сан  алуан  формада  болып  келеді.  Соның  ішінде,  батырлық  жырлары  мен  табиғат  көріністерін  бейнелейтін  өлеңдерде  ұйқас  негізінен  бір  қалыпты  тұрақты  болып  келеді.  Бұл  сияқты  тұрақты  ұйқастың  өлең – жырдағы  қалыпты  орнын  төмендегі  поэзия  үлгілерінен  көруге  болады.

      Қаһарым  келіп  атылдым,      а

     Арыстандай  ақырдым,             а

      Батырлар  басын  турадым,      а

      Енді  мені  кім  тұтар[33,155]   ә

 

      Менімен  кеңесті,                      б

      Білігі  маған  теңесті                 б

      Еренменен  сүңгілесті                б 

      Алыптар  басын  ол  жулар[33,523] ә

Ежелгі  түркі  батырлық  жырларының  үлгісі  ретінде  бізге  жеткен  осы  өлең  12  жолдан  немесе  12  тармақтан  тұрады  мұнда  көне  түркі  поэзиясының  «көг»  деп  аталатын  ұйқас  түрі  қолданылған.  Белгілі  ретпен  топтасқан  екі  шумақтың  әрқайсысы  төмендегідей  түрде  ұйқасады:  а-а-а,  б-б-б.  Ал  өлеңнің  төртінші  жолдары  ә-ә  түрінде  өзара  ұйқасып  жатады.

Ал,  дидактикалық  сарындағы  ежелгі  түркі  жырларының  ұйқас  түрі  жоғарыда  аталған  ұйқастан  гөрі  өзгешелеу  болып  келеді.  Өйткені  дидактикалық – моральдық  ой – пікірді  айтып  жеткізу  үшін  ақылға  мүлдем  басқаша  ырғақ,  өзгеше  ұйқас  қажет  болар.  Дәлірек  айтсақ,  өсиет – уағыз,  үгіт – насихат  сарынында  айтылатын  өлеңдерде  ұйқас  көбінесе  дерлік  еркін  болады.  Бұған  бізге  қадым  замандардан  М. Қашқаридың  «Сөздігі»  арқылы  жеткен  төмендегі  өлең  жолдары  дәлел:

                Туыс  қоңсы  қолаңды,

                Құрметте  де  қәдірле,             

                Сайын  алып,  одан  да

               Жақсы  тауар  қарым  бер.[33,145]

Сөйтіп, XI  ғасыр  ауыз  әдебиетіне  тән  болып  келетін  осы  бір  ұйқастың  түрі  ертеректе  «Күлтегін»  және  «Тоныкөк» VIII ғасыр  жырларынан  да  бұрын  өмірге  келген  сияқты.

Дидактикалық – шешендік  толғау  өлеңдер  қазақ  поэзиясында  мейлінше  мол  ұшырайды.  Бұл  толғаулар  өзінің  стилдік,  тілдік,  моделдік  сипаты  жағынан  өзара  ұқсас  болып  келеді.  Дидактикалық – шешендік  толғауларды  белгілі  бір  тарихи  кезең  аясында  ғана  шектеп  қойып,  оған  талдау  жасау  қателік  болар  еді.  Өйткені  мұндай  толғаулардың  тарихи  тамыры  өте  тереңде,  қадам  замандарда  жатыр.  Оның  үстіне,  философиялық  сарындағы  дидактикалық – шешендік  толғаулары  көне  түркі  дәуірінде  өмірге  келген  мақал –мәтелдермен  сабақтасып  жатады.  Қадым  заман  данышпандары  өздерінің  аса  күрделі  болып  келетін  сөз  тіркестері  шешендік  толғаулардың  өмірге  келуіне  негіз  болып  қаланған.  Бертін  келе  мазмұны  мен  формасы  жағынан  мақалға  өте  ұқсас  болып  келетін  осындай  шешендік  сөздер  жазба  әдебиеттен  өз  көрінісін  тапты.

Бұған  түрік  қағанаты  тұсындағы  жазылған  «Күлтегін»  жырынан  бір  мысал  келтірейік:

   Жырақ  болса,  жаман  силық  берер

   Жақын  болса  жақсы  силық  берер.[20,41]

Міне  осы  жолдардан  да  мысалға  келтірілген  жыр – жолдары  өзінің  тілдік – стильдік,  моральдық  сипаты  жағынан  мақалға  өте  ұқсас  болып  келеді.  Бұл  өлең  жорлдарының  баяндауыш  түрлері – сер, — үр;  -сер, — үр;  формасында  өзара  жұптасып  қайталанып  келеді.  Ал  жырдағы  «ырақ»  (жырақ) – йағұқ  (жақын)  және  «йаблақ»  (жаман), — «едғү»  (жақсы)  түрінде  қайталанатын  сөздер  бір –біріне  қарама-қайшы,  яғни  айтарлықтай  жұп  жасап  тұр.  «Күлтегін»  жырынан  алынған  жоғарыдағы  өлең  жолдары  бертін  келе, XI  ғасырда  қағазға  түсірілген  мақал – мәтелдер  формаларына  ұқсас  болып  келеді.  М. Қашқари  XI ғасырда  жазып  алған  бұл  мақал – мәтелдерде  болса  және  болғандар  жұптасып тұрады.  Әрине,  бұл  мақал – мәтелдер XI  ғасырдың  жемісі  емес,  одан  жүздеген  жылдар  бұрын  қалыптасқан  қанатты  сөздер: 

              Түйе  сілкінсе,

              Есекке  жүк  шығар[33, 354]

              Атасы  ащы  алма  әкелсе,

              Ұлының  тісі  қамар[33, 451].

Ауызекі  сөйлеу  тілінде  жүздеген  жылдардың  жемісі  ретінде  әбден  қалыптасқан  үлгі  формалары  болады.  Дәл  осы  тұрақты  модель – формалар  бұрыннан  айтылып  келе  жатқан  мақалға  өзімен  тақырыбы  және  мағынасы  жағынан  жақын  болып  келетін  шешендік  сөздерді  жасауға  тілдік – стильдік  мүмкіндік  тудырады. Әдетте  көне  мақал – мәтелдер баяндауыш формалары жағынан барынша  тұрақты  болып  қалыптасады.  Сонымен,  көне  мақал – мәтелдер  бұрыннан  қалыптасқан  модел  формадағы  тұрақтылық,  шектеулілік,  шарттылық  қасиеттеріне  ие  болады.  Мәселен,  ауызша  сөйлеу  тілінде  мақал  тектес  сөйлемдерде  әртүрлі  қалыпта  құбылтып  айта  беруге  болады: «Інген  ыңыранса  бота  боздайды»  немесе  «інген ыңыранғанда  бота  боздайды»  яки  «іңген  ыңыранғанда  бота  боздады».  Алайда  мақалды  жоғарыдағыдай  етіп  әркім  ойынан  келгенше  өзгерте  алмайды.  Өйткенде  мақалда  еркіндік  жоқ.  Мақал  күні  бұрын  жасалып  қойған  қалып  формада  өмірге  келеді.

Арыстан  күркіресе,

 Аттың  аяғы  шалынар[33, 205].

Сөз  дәмін  алса

(Сөзге) тұтқын болар.

Далада  бөрі  ұлыса

Үйде  иттің  бауыры  сыздар  [33, 343]

Сөйтіп,VIII-XII  ғасыр  жазба  жәдігерлігіне  тән  осы  тілдік – стильдік,  модельдік  ішкі  заңдылық  бертін  келе, XV-XIX  ғасырдағы  ақын- жыраулары  поэзиясындағы  дидактикалық- шешендік  жыр  толғауларға  да  тән  қасиет  болып  шықты.  Бұл  сөзімізге  мысалы:

Шалкиіз  жырау

Көлді  тастап  қарға  ұшса,

Одағы  бір  тарланға  жолығар!                                                          

Далада  құлан,  домбай  шұбырса

Одағы  бір  егеулі  оққа  жолығар.[8,47]

2.2 «Қисса Жүсіп» дастанының қазақ ауыз әдебиетіндегі варианттары.

 

Қазақ арасында «Жүсіп-Злиха» деген атпен белгілі болған  бұл сюжеттің негізін ежелгі мифтерден, Турат пен Інжіл, Құран оқиғаларынан алып, алғаш түрік әдебиетінде XIII ғасырда (1212-1213 жылдар арасында) тірілткен адам-Әли. Одан кейін XV ғасырда «Иусуф уа Зулайха»атты поэма жазған Дүрбек, өзін осы сюжетті түрік тілінде бірінші жырлаған кісімін деп білген. «Қисса Жүсіп» 609-630 қыжырада (1212-1233 жылдар арасында) жазылған. Көшірмелері Берлин, Дрезден, Ленинград, Қазан қалаларында сақтаулы. Ең ерте басылымдардың бірі 1839 жылғысы. Бұл қиссаның қазіргі қазақ тілінде белгілі қиссашы Жүсіпбек Шайхұсламұлы қаламынан туған нұсқасы бар. Біз Әли мен Жүсіпбек қиссасын қатар ала отырып қарастырдық.

Жүсіп пайғамбар оқиғасын парсы-түрік тілдерінде көптеген ақындар жазды.Оның түпкі нұсқасы, әрине, Құранның он екінші сүресі және  Фирдауси жырлаған «Жүсіп – Злиха». Бірақ Әли, Жәми, Дүрбек-үшеуі сүйенген  бір ортақ негіз XI ғасырда өмір сүрген Герат ғалымы Абдаллах Ансаридің (1006-1088) прозалық сюжеті екені анықталып отыр.

Фирдауси дастанында да, Әли мен Жәмиге дейінгі назиралық үлгілерінде де, Жүсіп мифтерінен негізгі фабуалық жүйе ретінде әке мен бала махаббаты (Жақып пен Жүсіп) алынса, Әли, Жәмиде өзекті мәселеге Жүсіп пен Злиха махаббаты алынады. Бұған қарағанда,түрік әдебиетінде көне мифтердің ішінен сүйіспеншілік мәселелердің  көтеріле бастауы Әлидің «Қисса Жүсібімен» байланысты деуге болады.Әлиден кейінгі түрік ақындары Дүрбек, Науаи да осы іспен жырлаған.Түрік ақыны Шайад Хамза осы сюжетке діни жағынан келе отырып, оның ішінен «әділ де айбарлы патша» желісін дамытады.Бұл мәселеге Әли де айырықша мән берілген.

XIII ғасырдағы түрік әдебиетінде осы дәстүрді жалғастырушы Әли «Қисса Жүсіпте»  негізгі кейіпкер Жүсіп бейнесі арқылы «әділ де қадірлі патша қандай болу керек?» деген сауалға жауап іздейді.Сөйтіп мінсіз патшаның бейнесін жасап шығады.Жүсіп-сұлулық нысыныны айналған кейіпкер.Өйткені Таурат, Құрандағы Жүсіп мифтеріндегі бірінші қасиеті- сұлулығы болатын.(Иосиф Прекрасный ). Бірақ Жүсіп пайғамбар бала күнінде өзін айнадан көріп, таң қалғаны үшін, мақтанға салынғаны үшін Алла тағала жазалайды.Оны кейін ағалары Мысырға құл етіп сатып жібергенде Жәбірейіл періште былай дейді:

Иә, Жүсіп сен айнаға қарап па ең,

Айнадан көркін көріп таңданбап па ең?

«Мен сатылар құл болсам,-демеп пе ең,

Менің бағыма кім жетер!»-демеп пе едің.

 

Сөйтіп: «Бағама кім жетер!»-деп мақтанған Жүсіптің түкке тұрғысыз болып сатылғанын алдына келтіреді.Патша болған кісіге мақтаншылық жараспайтынын қиссада екі рет ескертеді.Екіншісінде Құддыс бегі Жүсіптің жүзін көріп, ол келе жатқан керуенге айырықша құрмет көрсетеді, тіпті оны сатып алып келе жатқан Мысыр көпесінен тартып алмақшы да болады.Сонда Жүсіптің  жүзін  бір көрген 12 мың әскер түгел құлап қалады.Бұл жерін Жүсіпбек Шайхұсламұлы былай суреттейді:

         Он екі мың кісі еді келген шауып,          

         Бірі қалмай құлады есі ауып.

         Керуен күштеп жөнелді аман-есен,

         Дұшпаннан кетті алысқа қылмай қауіп

 

         Олардың басы айналып, естен танды,

         Керуен халқы бұл іске қайран қалды.

         Мендей көрікті жаһанда жан бар ма деп,

         Жүсіп тағы бұл істі көңіліне алды.

Алла тағала Жүсіпті ол жерде де Тәубасына келтірді:Керуен тағы бір барған жерде Жүсіпке ешкім қарамай қояды.Сөйтсе, ол қаланың адамдары Жүсіптен де әдемі екен. Оның себебін түсінген Жүсіп, Алла тағаланың ісіне шүкіршілік қылады. Осы екі мысал арқылы , Әли патшаға мақтансүйгіштіктің керек емес екенін ұқтырады.

Жақыпқа балалары Жүсіпті қасқыр жеп қойды деп көйлегін қанға бояп әкелгенде, ол қасқырды куәлікке шақырады.Ол өзі жоғалған бөлтірігін іздеп шыққан болады. Бұл тұста ежелгі мифтер үрдісі бойынша алынған, бөрі-бір тайпа ел бейнесі болуы мүмкін (бөрі төтемі).Көйлекті қанға бояп көрсету желісі «Қорқыт ата кітабында» да бар.Банушешектің (Бамсы  Байрақтың қалыңдығы) ағасы Қашқар Бамсының көйлегін қанға бояп, Байындыр ханға әкеледі.     

          — Ей, бұл не көйлек ? – деді

-Сұлтаным, бұл Бәйректің көйлегі,оны Қара Дербендте өлтірген, еді.Көйлекті көрген Бектер  бұған нанып, өкіре-өкіре жыласып, айғай-шу, азан-қазан болады.

Барлық қиыншылықты басынан өткізген Жүсіп халқына қайырымды патша болып, 7 жыл ашаршылықта елді азғындатпай ұстайды.Сайф Сараи «Гүлстанда» : «Жүсіп патша Мысырда аштық болған жылы аштарды ұмытпас үшін тамақ  жемепті» деген қанатты сөзді келтіреді.  «Қисса Жүсіптетегі» Жүсіп — әрі Хакім (дана) әрі Әкім.Хакім мен Әкімнің даралануы, хакімнің қуғындалуына ұласады.

«Хакім мен Әкім» желісінің бір тармағы әдебиетте «Әкім мен Ақын » мәселесіне ұласқан. Бұлар- өз алдына салмақты зерттеуін күтетін тақырыптардың бірі.Ежелгі мифтер бойынша,  Жүсіпті жолдан тайдырмақшы болған Потифар деген Египет уәзірінің жұбайы айтылады.Ол кейін Жүсіп

пен Асенеф мифіне ұласқан жағдайы да болған.Осы оқиғаларды сіңіре отырып, Потифардың жұбайы Злихаға айналдырып жазып, ғашықтық оқиғасын қоюландыра түскен Фирдауси болатын.Ол тектен- текке дастанның «Жүсіп-Злиха» қоймағаны анық.

Злиха-мұсылман әдебиеті арқылы қосылған бейне, бастапқы да Жүсіптіп идеал патшаға лайық  мінездерін аша түсу үшін алынған.Сөйте тұра қиссаларда өзінің мақсатына жету үшін күресуші кейіпкер ретінде елеулі тұлғаға айналып, Жүсіп сюжетіне өзіндік өзек болып тартылған.Сүйгеніне деген адалдық пен үміт отын сөндірмей Жүсіптің жолына қырық жыл тоқсан Злиха, ақыры дегеніне жетеді.(Қазақ эпостарында : Гүлбаршын 7 жыл күтеді, «Ер Төстікте» — Кенжекей ).

Злиха бейнесі кейінгі дәуірлердегі әдебиетте дараланып, ғашықтық дастандардың негізгі кейіпкеріне айналады.Мінсіз әйел бейнесін жасау дәстүрге айналады.

Әли мен Жүсіпбек қиссаларын салыстыра оқи отырып, екеуінің арасындағы оқиғалық айырмашылық жоқ екенін көреміз.Тіпті жолма-жол ұқсастықтары аңғарылады.Осыдан Жүсіпбек «Жүсіп-Злиханы» Әли нұсқасын пайдалана отырып жазған деген қорытындыға келеміз.Ол Қазан баспасын оқып көрген болса керек.

         Әлидің «Қисса Жүсібінің» қазақ әдебиетіне қаншалықты жақын екенін мына өлең жолдарының Мағауияның (1869-1904) «Медғат-Қасымымен» ұқсастығынан аңғарылса керек. «Медғат – Қасымдағы » Қасым бейнесін салыстырып қарайық:

         Дейтұғын бір құлы бар Қасым атты,

         Қара сұрлау пішіні, зәңгі затты.

         Отты қара көзі бар, ұзын бойлы

         Тәкәппар, тәуекелшіл бек қайратты.

         XIII-XIV ғасырдағы түрік әдебиетінде Оянушылық идеясы алғаш көтерілген шығарма-Әлидің «Қисса Жүсібі» деуге болады.Ондағы түрік оянушылығының көріністерінің Жақып бейнесінің Қорқытқа ұқсауынан аңғарар едік:

         Жақып пайғамбар сәлем берді,жай сұрасты,

         Періштелер Жақыпқа және жауап берді:

         «Алланың бір досына ажал ерді,

Сол үшін көр қазамыз дейді енді».

Бұл жердегі айтылатын ойдың «Қорқыт көрімен» ұштастығына күман келтіруге болмайды (Қорқыт аңыздары).Сондай-ақ «Қорқыт ата кітабында » Бамсы Байрақтың жейдесін қанға былғап әкеліп,Байындыр ханға көрсететін тұсы «Жақыпқа Жүсіптің көйлегін әкеліп көрсету» желісіне ұқсас.

         Сондай-ақ, Жүсіпке анасы моладан дауыс қылып: «Жаным ұлым!»-дейді. Бұл да орда ғасыр ескерткіштерінде Әлиден басқа кездеспейтін түрік эпитеті. («Жаным ұлым, бұл қорлықты неден таптың?»).

«Қисса Жүсіпте» түрік әдебиетінің дәстүрін мұрат тұтқанының тағы бір көрінісі:Жақып өлгенді оның жаны құс болып ұшады:

Бекзат тәннен айырылды ғазиз жаны,

Құсқа ұқсап жұмаққа (қарай) ұшар енді.

Бұл « кеудемнен  қос кептерім қош деп ұшты» (Кемпірбай ақын), немесе Төлеу Көбдіковтің:

         Айрылып өз бетімен жан кеткенде,

             Құр дене топырақ боп қалды да,  -деген жолдармен үндес екені өз-өзінен көрінеді.

Әли Злиханың іс-әрекетіне түріктік кесіптер береді.ол кейде «Ер Төстіктегі» Кенжекейге ұқсап кетеді.Перінің қызы Бекторының айласын сезіп, Сорқұдықтың басына қонғысы келмесе де, Ерназардың сөзін сыйлап қонған жерде, елден бұрын үйін тігіп жіберіп атасын қонақ қылатын желі Әли дастанына енген (Жүсіпте ол жері қысқарып қалған).Злиха  дереу үй әзірлеп, атасы Жақыпты шақырып, күтеді.Туған жері Ханааңдағы үйіне ұқсатып  жасауланғанына таңданған Жақыпқа: «Ол үйдің жай-жапсарын Жүсіптен сұрап алдым»-дейді.

 

2.3  «Қисса – ул әнбиядағы» қисса-хикаялардың ауыз әдебиетіндегі сюжеттері

 

         Көне түркі жазба әдебиетінің ауыз әдебиетіне айналған шығармалардың басты кейіпкерлері-пайғамбар.Олардың қай-қайсысының да атына «аллаһи с-салам» — тұрақты тіркесі қосылады. Сөзбе –сөз аударғанда «оған Аллаһтың сәлемі болсын»  деген сөз. Ғылыми еңбектерде бұл тіркес «Аллаһтың нұры жаусын» деген ауыспалы мағынада аударылып жүр. Басқаша айтқанда, пайғамбардың барлығы да- Аллаһтың сәлемін жеткізуші , осы себепті оларға барша халық Аллаһтың сәлемі (немесе рақымы) болған үстіне бола беруін тілейді.Бұдан «нұр үстіне нұр жаусын» деген халықтық ұғымның тектен – тек шықпағанын көреміз.

Жер бетінде адамдар ұрпағы өсіп тарала бастағаннан кейін, олар бірте-бірте Алла тағаланы ұмыта бастады. Алла тағаланың жүр деген жолымен жүрмейді. Тіршілік тауқыметінен және шайтанның азғыруымен жаратушыға қарсы шығып, мүлдем кәпір болды. Осындай кездерде халық арасына Алла тағаланың елшісі ретінде пайғамбар жіберілді.

Аллаһтың сәлемін, яғни пенделеріне деген қамқорлығын халыққа жеткізу үшін бір жүз жиырма төрт мың пайғамбар дүниеге келген. «Пайғамбар» деген сөз-парсының сөзі. Бұл да хабар жеткізуші деген мағына береді.

Нұх пайғамбар туралы аңыздар

«Қисас-ул  әнбияда» Нұх пайғамбардың үлкен ұлы Канан туралы мынадай дерек бар. «Нұх алайһи с-салам үлкен ұлы Канан еді  ». Ол мынадай бұйымды жасауды білетін.Өзі кәпір болатын. Нұх алайһи с-салам сөздері ұнамады. Шыныдан сандық жасап, ішіне біраз тағам толтырып, кіріп отырады.[3,90] Оны да су жалмады. Ал, ауызекі  айтылытын  әңгімелерде оқиға бұдан гөрі тереңірек баяндалады.Кәпірлер топан судан сақтану үшін, шыныдан үлкен-үлкен бөлме жасайды. Мұндай бөлмелер мыңдап жасалады да, әрқайсысының ішіне олар әулет-әулетімен жайғасады.Осындай шыны бөлменің біріне Нұх алайһи с-саламның үлкен ұлы Канан да орналасады.Қырық жылға жететін азығы болғандықтан топан судан қорықпайды.Ал адамдардың бір бөлігі биік таулардың басына орналасып алады.Топан су лап қойғанда Нұхтың кемесі де, шыны бөлмелері де қалқып су бетіне шығады.Су көтеріле – көтеріле биік таулардың да үстіне шығып кетеді.

Барша Қисас-ул әнбия Рабғузи  халық опат болады.Шыны бөлмелерге жайғасқан қиялдар өз заманының шонжарлары шыны үйлері мен біраз уақыт су бетінде қалқып жүреді.Бір күні құдайдың құдіретімен үлкен дауыл тұрады.Шыны бөлмелер біріне бірі соғысып, түгелдей быт-шыт болып қирайды. Дауылдан Нұхтың кемесі, ғана аман қалады.

Ауыз екі айтылатын бұл әңгімені «Қисас – ул әнбия» әңгімемен бір-ақ

ауыз сөз байланыстырып тұр. Ол- шишагер сөзі .Яғни Кананның ыныдан бөлме жасап алатындай өнері бар екендігі аталып көрсетіледі.Рабғузи пайғамбар туралы хикаяларды  қысқартып баяндағандықтан , мұндай детальдардың енбей қалуы заңда еді.

Нұхтың кемесі судың бетінде жүзіп жүргенде кеменің ішінде сан алуан оқиғалар болады.Олардың барлығы ел аузында сақталған. Кемеге байланысты оқиғаның ішінде халық арасында кең тарағаны-қарлығаш туралы әңгіме.

Қарлығашты қазақтар да, қырғыздар да жалпы түркі-манғол халықтарының бәрі де өздеріне дос санайды. Оны өлтіруге үзілді-кесілді тыйым салады.Кімде-кім қарлығашты саналы түрде өлтірсе, ол үлкен бәлеге ұшырайды, ауырады,  өледі, азып-тозады.Мәселенки, жазатайым өлтіріп алса , адам яки мал аяғы баспайтын таза жерге құрметтеп көмкіп, үстіне ағарған (сүт, айран т.б ) құюға тиіс.Қарлығаштың жақсылыққа жоритын нышандары да аз емес: егер қарлығаш күндіз ұшып келе жатып адамды қанатымен қағып өтсе немесе түнде ұйықтап жатқанда түсіне кірсе жақсы ырымның белгісі болып есептеледі.Ал үйдің төбесіне ұя сала қалса, одан да тәңір:, құт-береке қоса келеді.[4,69]Діни түсінік бойынша қарлығаш о,дүниеде адамға көмектесетін көрінеді: «тозаққа жанып жатқан адамдарға қанатымен су себеді-міс».

«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегісінің біз шартты түрде алған екінші бөлімінде атаулардың әр нұсқада әр түрлі қолданылғандығы ерекше көзге түседі.Бір нұсқада-ара,екінші нұсқада-сона, үшінші нұсқада –маса (қазақ ертегісінің екінші вариантында), төртінші нұсқада-қоңыз(абхаз ертегісінде ), тіпті «Қазақстан әйелдері » журналында жарияланған вариантта сонаға қоса шіркей де суреттеледі.Ал осы атаулардың қайсысы дұрыс? Аңыз-ертегілердің қай-қайсысы да ұшқыр қиялдан пайда болғанмен, өмірде болған реалды шындыққа арқа сүйейді.Мысылы, қарлығаштың құйрығы айрық екендігі шындық, жыланның құрбақаны жейтіндігі немесе құм жалайтындығы ,  қарлығаштың үйге ұя салатындығы шындық.Олай болса, әлгі аталғандардың тілі шолағы қайсысы екенін анықтауымыз керек.Араны алатын болсақ, адамдардың, яки жануарлардың қанын сорып қоректенбейді, шақса құйрығымен шағады, өсімдіктерден, гүлдерден бал жинайды; масаның тұмсығы қазір де ұзын, қоңыздың мұндай іс тындыруға мүлде ебедейлігі жоқ, ал сонаға келетін болсақ, біріншіден қан сорады, екіншіден тұмсығының шоп-шолақ екендігін тәжірбие жасаған екі адамның бірі аңғара алады.Қарлығаштың құйрығының айырықтығы сияқты, сонанаң тілінің шолақтығы көзге көрініп тұрған нәрсе. Осы себепті аталмыш атаудың архетипі сона деп есептейміз.Қалған атаулар әр халықта өзгеріске ұшыраған варияциялар.

         Осы екінші бөлімде бір нұсқада «еті тәтті» деген сөз тіркесі, екінші нұсқада «қаны тәтті»деген сөз тіркесі кездеседі.Мұның қайсысы дұрыс?Жылан ет жемейді, қан сорады.айдаһар болса, обып жалмайды.Сол себепті жылан сонаны «қай жан-жануардың қаны тәтті» деп біліп келуге жұмсаса, өңілге қонымды. «Қисас – ул анийада» «гөшті шырын» деген тіркес кездеседі. «Гөшт» парсыша «ет» деген сөз. «Шырын» сөзі грамматика заңдылығы бойынша ет сөзімен тіркеспейді.Керісінше, қан сөзімен тіркеседі. Қысқасы, көне нұсқада «қаны шырын» деген тіркес қолданылған да, оны кейін көшірмешілер өзгертіп жіберген деп қорытынды жасауға болады.Бұл айтылғандар осының алдында жазба нұсқаның алғашқылығы жөніндегі пікіріміздің дұрыстығын дәләлдейді.

Біз әңгімелеген жазба әдебиет пен ауыз әдебиетіне ортақ сюжеттерден мына жайт анық аңғарылады: халық өмірге қажетті,үлгі-өнеге боларлық оқиғаларды ғана ауызекі таратқан.

Лұқпен хакім әңгімелері.

Лұқпан қазақ фольклорына шығыс әңгімелерінен енген кейіпкер, данышпан, ғажайып емші. Лұқпанның есімі құранда да бар.Онда ол ислам дінін уағыздаушы және насихаттаушы ретінде суреттеледі.Бұл кейіпкердің көне түркі жазба ескерткіштерінде кездесуі ежелгі дәуірден келе жатқан сабақтастықты көрсетеді.

Орта ғасырдағы араб ғалымдары Лұқпанды Абиссинияда туып, Мысырда құлшылықта болған адам , дүниеде өмір сүргені ақиқат, шын деп сендіреді.Ал «Қисас-ул анбияда» бұдан сәл басқаша: Лұқпан – Дәуіт пайғамбардың тұсында өмір сүрген бір ағаш ұстасының құлы.Ғибадаты ұнағандықтан, 3500 жасқа келгенде оған Алла тағала екі періштесін жіберіпті.Олар: «Қаласаң пайғамбарлықты , қаласаң хакімдікті (ғалымдықты) таңда», -депті.Лұқпан: «Пайғамбарлық ұлық жол, алып жүре алмаймын, халыққа пайдасы тиетін хакімдік жетеді», -деп кішіпейілділік көрсетеді. Лұқпанның теңдесі жоқ хакім болуы сондықтан екен. Оның құранға енуіне де,сірә, бұрыннан бар осы аңыз себеп болса керек.

«Қисас-ул анбияда» Лұқпан хакім жайлы айтылатын тағы бір әңгіме халық ауыз әдебиетінде Сүлеймен пайғамбарға таңылған.Бұл әңгіме жазба әдебиетте  «Лұқпан хакім  және қарыз сұраушы» деп аталса, ауыз әдебиетінде «Жарлы Сүлеймен» деп аталады.Бұл әңгімелердің баяндаулары әр түрлі болғаныменен, сюжеті желілес екендігі мына төмендегі салыстырулардан айқын аңғарылады.

Ескерткіште былай басталады: Хазрет Лұқпан халыққа көп қайырым жасаушы еді. Кімде-кім мал немесе пұлдай қарыз алса, куәсіз беретін еді.Бір күні бір адам мың мысқыл алтын қарыз алды.Көңілінде «қайтарып бермеймін» деген қиял болды.Жолай оны бір шүберекке орап жанына қойып еді. Ет деп пайымдап бір қарға алып қашып, хазірет Лұқпанның алдынан өтіп бара жатқанда түсіріп алады. Алып көрсе, өзінің кісіге берген алтыны.Әкеліп үйіне қояды.

     Ал ауыз әдебиеті арқылы жеткен аңыз-әңгімеде оқиға былай басталады:

Ертеде Сүлеймен пайғамбардың заманында бір жарлы Сүлеймен отын арқалап сатады екен.Бір күні отыны өтпей, күні балалары аш қалыпты.  Сол

күні түнде Сүлеймен пайғамбар әскерлерімен әлгі жарлы үйінің қасына келіп оныпты.Таң атқан соң,жарлы Сүлеймен пайғамбарды көріп,арызын айтқалы

жүгіріп келеді…-тақсыр, сенің де атың Сүлеймен, менің де атым сүлеймен.Сізді алла тағала бақатты қылды.Бүгін түні базарда отыным өтпей балаларым аш жатты.Сізді көрген соң қуанып мұңымды айтайын деп келдім,-деді.Жарлы Сүлеймен қарсы алып,бір гауһар тас берді.Шал байғұс гауһарды алып қуанып үйіне қайтты.Жолда гауһарды бір бұтаның басына қойып,дәрет сындырады.Сол уақытта аспаннан бір қара құс келіп,жарқырап тұрған гауһарды алып кетті.

         Осы кіріспені бір-бірімен салыстырғанымызда, мыналарды аңғарамыз: Екеуінде де мұқтаж кісілердің өтініші қанағаттандырылады.Алайда сұрап алған дүниесін жол-жөнекей құс алып қашады.Қолданылған атау сөздер    екеуінде екі түрлі: бірінде-қарға,бірінде-қара құс, бірінде-алтын, бірінде-гауһар.Оқиғаның басталу ситуациясы да бір-біріне ұқсамайды.Лұқпанның халыққа қарыз беруі, одан арам пиғылды бір кісінің қарыз сұрап алуы шындық өмірде болуы әбден ықтимал оқиға.Ал жарлы Сүлейменнің отыны өтпей, балалары аш қалған күні Сүлеймен пайғамбардың үйінің қасына келіп, қона салуы-нағыз ертегі.Лұқпан хакім-мың мысқалды қарыз берсе, Сүлеймен пайғамбар гауһар тасты сыйға тартады.Бұл айтылғандардың жазба ескерткіштегі хикаяның ауыз әдебиетінде елеулі композициялық өзгеріске ұшырағанын көреміз.

         «Қисас-ул анбиядағы» тағы бір хикаяда былай делінген:»Лұқпан хакім баласына үш өсиет айтты: «Қатыныңа ешқашан сырыңды айтпа», «жыңадан байыған кісіге қарыздар болма», « жендетпен дос болма». Баласы әкесінің өсиетін сынау үшін, жаңа байыған кісіден қарыз алады,нөкермен дос болады,бір қойды сойып, әйеліне  «адам өлтірдім » деп айтады.Сөйтеді де, қорасындағы елеусіз жерге көміп тастайды.Көп ұзамай, бір себеппен араздасып әйелін ұрады.Әйелі байбалам салып, «енді мен өлтірейін » деп патшаға хабар береді.Адам өлтірушіні ұстауға ең алдымен дос нөкері құлшына кіріседі. «Дос едік қой» деп араша сұраса, маңына жолатпайды.Лұқпан хәкімнің баласын дырылдатып әкеле жатқан жолда, жаңадан байыған кісі ұшыраса кетеді.Ол «қарызымды бер » деп жағадан алады.Басқаша айтқанда , «Жау жағадан алғанда, ит етектен алады».Осылайша дабырласып, патшаның алдына келеді.Осы жерде шындық ашылады. Лұқпан хакімнің айтқан өсиеттері расқа шығады.

Бұл әңгімені қариялар да айтып отырады, «мың бір түнде» де бар. Бұл әңгімені бізге өзгеріссіз келіп жеткен әңгімелердің қатарына қосамыз.

Сүлеймен пайғамбар туралы хикаялар

Ел аузында көп айтылатын әңгімелердің бірі – Сүлеймен пайғамбар туралы аңыздар.Сүлеймен аллаһи с-саламға  «Қисас-ул анбияда» әжептәуір

орын берілген.

Сүлеймен пайғамбардың дүниеге қалай келгені жөнінде ел аузында былай әңгімеленеді: Дәуіт пайғамбар-бір жүз жиырма төрт мың пайғамбардың ішіндегі таңдаулылардың бірі.Өйткені,ол аспаннан түскен

қасиетті кітаптың бірі-«Забурдың» иесі.Оның үстіне балқып тұрған темірді қолмен илеген ұста болған.Өнеркәсіп бұйымдарын жасау, ұсташылық ет

осы Дәуіт пайғамбардан басталады.Дәуітке Алла тағала отыз ұл беріпті.Ол табиғат-ғибадат жасағанда он бес ұлы оң қанатында, он бес ұлы сол қанатында тұрып намаз оқиды екен. Бір күні Дәуіт пайғамбардың көңіліне тәкаппарлық еніпті. «Өзіміз бір қауым болып қалыппыз ғой» деп тоқмейілсиді.Көптің аз болуы,аздың көп болуы құдайлық іс екені есінен шығып кетеді.Діни ұғым бойынша, адамның екі иығында жақсылық, жамандақтарды жазып тұратын екі періште бар.Намаздың орта тұсында соларға сәлем берілуі қажет.Дәуіт пайғамбар «ассаламу алайкум» деп оң иығына қараса, сәждеге басын қойған бойы өліп жатқан он бес баласын көреді.»Ассаламу алайкум» деп сол иығына қараса, балаларының екінші бөлімінің де өліп қалғанын көзі шалады.Алайда Дәуіт пайғамбар толқымайды,абыржымайды, асқан сабырлықпен  намазын жалғастырып оқи береді.»Құдая,мұныңа шүкір» деп ешқандай ренжімейді.Дәуіт пайғамбардың бұл ісіне алла тағала риза болып,Жебрейіл алайһи с-саламды жібереді.Ол алланың: «Отыз  ұлыңды тірілтіп берейін бе? Деген сәлемін жеткізеді.Дәуіт пайғамбар: Өлер балаларым өлді ғой , отыз ұлға татитын бір ұл берсін» ,-дейді.

Халық Сүлеймен пайғамбарды міне,осылайша дүниеге келтіреді.Сүлеймен пайғамбар жан-жануардың тілін біледі.Сондықтан оның хайуанаттармен қарым-қатынасыда ерекше.Жануарларға байланысты пайда болған әңгімелердің көпшілігі үлгі-өнеге,ақыл-насихат беруге арналған.

Осындай әңгімелердің бірі-«Сүлеймен патша мен байғыз» деп аталады.

Қазақ ауыз әдебиеті көп томдығының «Ертегілер» аталатын 1-томында  «Хан мен құмырысқалар» атты ертек бар. Бұл ертегіде «Қисас-ул анбиядағы» аңыз бастан аяқ дерлік өзгеріп кеткен.Сүлеймен пайғамбардың орнына-хан. Хан-құрт-құмырысқаларға , ұсақ жәндікткрге «індеріңе кіріңдер» деп бұйрық береді.Бірақ құмырысқалар бұл бұйрықты тыңдамай ,ханды қарсы алып,нөкерлерімен қоса қонаққа шақырады. Ертегіде құмырысқа атауының әрқайысы бір-бір түйірден дән әкеліп, қонақтардың ат – көлігін тойындырады. Хан құмырысқалардың патшасын сүйіндірмек мақсатпен: «Бастарың неге сонша үлкен?» -деп сұрайды. «ақылымыздың молдығынан» ,-деп жауап қайтарады. «Белдерің неге қылмырықтай?» -деп сұрайды. «Еңбекқорлығымыздан белімізді буып аламыз»,-деп жауап береді.Бұл, біздің пікірімізше ,Сүлеймен пайғамбар мен құмырысқалардың патшасы Манзураның арасындағы диалогтан үзінді ғана. Қысқасы, Сүлеймен мен құмырысқа туралы адам танымастай өзгеріске ұшыраған.Ауыздан-ауызға айтыла – айтыла  осындай күйге жеткен.Немесе, халық ауыз әдебиетін меңгерген біреу саналы түрде, ертегінің формасына түсірген.

«Қисас-ул анбияда» Сүлеймен пайғамбардың жануарлардың тілін үйренген адам туралы аңыз бар.Жалынып қоймаған соң: «Бірде-бір адамға айтпа, айтсаң өлесің»,-деген шартпен жануарлардың  тілін үйренуге келісім береді.Әлгі кісі, уәде, антын берген соң, Сүлеймен пайғамбар бір дем салса ,жан-жануардың тілін өз-өзінен үйреніп шыға келеді.Үйіне келген соң есегі мен өгізінің әңгімелерінің куәгері болады.Бейнеттен қажыған өгізге еріккен есек «өтірік ауыр » деп ақыл үйретеді.Өгіз өтірік ауырады.Қожасы есекті есінен танытып жұмысқа салады.есек кешкісін еңсесі түсіп өгізге келеді.Өгіз: «Не болды досым?»-дейді. Есек: «Қожамыз, жолай қасапшыман сөйлесті. «Өгізім ауырып тұр, арықтамай тұрғанда соймасам болмас», деді.Осы сөзден кейін есім шығып кетіп тұрғаны».Бұл сөзді естіп өгіздің жаны шығып кете жаздайды. «Енді бұған не айла бар»,-деді. «Шөп жеп, су ішіп, ойнақ сал»,-дейді есек.Өгіз оның тілін алып, жөп жеп, су ішіп, құйрығын тігіп ойнақ салды.Қожасы мұны көріп, күліп жіберді.Тап осы кезде әйелінің сайтандай тап ете қалмасы бар ма. «Неге күлесің?»-деп жағасынан ала кетті.Күйеуі айтпады.Ол одан сайын есіре түсті: «Сенің менен жасырып жұрген бір сырың бар.Ашынаң ойыңа түсіп кетіп, күліп тұрсың, әйтпесе тектен-тек адам күле ме?» Әйеліне олай айтып, бұлай айтып сендіре алмады да, үш күн мәулет сұрап алды.Шынын айтса өледі, шынын айтпаса әйелі жанын алып барады.Басы қатып, үшінші күні әйеліне шынын айтуға оқталады.Кенет ағаштың басында отырған қораз жерге қарғып түсып,қанатын сілкіп-сілкіп жіберіп, мекиендерді қуа жөнеледі.Осы кезде әңгімеге ит араласады: « Ей, қораз, бүгін қожайының өледі, ал сен болсаң ерігіп ойнап жүрсің». Қораз айтады «Өлсе  өле берсін. Кім дән берсе, соған тауық бола саламын.Кім жуынды берсе, сен де соған ит бола саласың. Өлсе, ол ақымақтығынан өлгелі жатыр.Мына менің жиырма тоғыз мекиенім ашсам алақанымда , жұмсам жұдырығымда, оның бір қатынға шамасы келмей отыр.Егер қожа таяқтың астына алса, көрер едім ол қатынды.»Қожа бұл әңгімеден ғибрат алды да, қораздың айтқанындай етті. «Күлгенімнің себебі осы еді» деп таяқпен бастырмалата жөнелді.әйел басын әзер арашалап құтылды.

«Есек пен өгіз сырлары» атты ертегіде осы хикаяның үштен бір бөлігі ғана бар.Басталуы,аяқталуы жоқ.Өгіз бен есектің диалогі ғана бар. Олар пәлендей өзгеріске түспеген. Бұл әңгіменің «Қисас-ул анбийадан» тікелей алынғаны , бірақ саясатқа байланысты бас-аяғының қысқарып қалғандығы көрініп тұр.

«Қисас-ул анбияда» Сүлеймен пайғамбардың диюларды қалай бағындырғаны жөнінде бірнеше хикая бар, алайда олардың бірде біреуі халық ауыз әдебиетінде жоқ.Оқиғалары таңғажайып, өте қызық хикаялар мен күнделікті өмірде қажетке жарайтын практикалық маңызы бар, ақал-кеңес беретін әңгімелері ғана халық ауыз әдебиетіне енген.Мұхтар Әуезов  сөзімен айтқанда : «Халық дүниенің жаралыс сыры, адам туысы, қас ие, дос иелері тұлғасы, әрекеті жөнінде неше алуан бұлдыр, долбар сырлы қиялғажайып ұғым, нанымдар жасап алып, соны дін іргесі еткен.Және осы жайлардың бәрі

де ертегі , аңыз әңгіме түрінде туып, тараған.Осы ертегіге заманның білімі де, қоғамдық тартысы да, қиянат, зұлымдық туралы, әділет, араман туралы ұғым, нанымы да түгел жиылған. Сол күндегі адамның шама-шарқына қарай құрылған, өзінше асыл-қазынасы болған».

Қорытынды

 

Бүгінгі күнге қадым замандардан жеткен әдеби жәдігерліктерді объективті түрде зерттеудің ғылыми принциптерінің  бірі- ежелгі рухани мұраларды яғни көне жазба әдебиет пен қазақ ауыз әдебиетін өзара байланысты түрде алып қарастыру, оларды көркемдік дәстүр жалғастығы заңдылықтары арқылы ғана танып білу болып табылады. Біз зерттеу объектісі етіп алған ежелгі түркі әдеби  жәдігерліктерін бүкіл түркі халықтарына ортақ мұра ретінде қарастырдық. Соның өзінде, біз ежелгі түркі әдеби жәдігерліктерінің бертін келе қазақтың өзіндік төл әдебиетінің қалыптасуына қандай дәрежеде ықпал еткенін нақты деректерде талдау арқылы дәлелдеп көрсетуге өз мүмкіндігімізше әрекет жасадық.

Ауыз әдебиеті нұсқалары  орта ғасырларда-ақ жазылып алынып, хатқа түсе бастады. Керісінше, ислам дінін үгіттейтін жазба әдебиеттердің кейбір үлгілері ауызекі таралды. Бір-біріне тығыз байланысты бұл екі процестің әдебиет тарихын білуде өзіндік орны бар. Ашып айтқанда, орта ғасырларда жазып алынған ауыз әдебиетінің үлгілері сол дәуірдегі сөйлеу өнерінің дәрежесін анықтады,күй-жайын көрсетеді.Жазба әдебиетінің ауыз әдебиетіне айналуына келсек, мұның да өзіндік сырлары бар елеулі әдеби құбылыс. Бұдан да халық шеберлігі, дарыны, кеменгерлігі айқын танылады.

Ілгері заманда нақтылы өмірде болған белгілі бір оқиғаның уақыт өте келе аңызға айналып кететінін тарихтан білеміз.Өкінішке орай, ауыз әдебиетінің  хатқа түскен  нұсқалары аз ұшырайды. Оның есесіне шығыс жазба әдебиетінің көптеген хикаялары, рауаяттары халық арасына ауызша таралып кеткен. Бұлай болуының басты себебі ислам дінінің ықпалынан екендігі  түсінікті. Ауыз әдебиетіне айналған шығармалардың дені  пайғамбарлардың өмір тарихына байланысты  аңыз-әңгімелер. Алайда олар ауыз екі әңгімеге жайдан жай, жөн –жосықсыз айнала салмаған . Көпшілігінде тәрбиелік мән күшті, дидактикалық сарын басым .

         Халық өз талап, талғамына сәйкес шығыс жазба әдебиетінен мынадай тақырыптарды таңдап алған: Бірінші. Ақылдылық, данышпандық. Біз талдаған аңыздарда адамзат баласы қадірлейтін бұл қасиеттер Лұқпан хакімнің бойына жинақталады. Оның кемеңгерлігі соншалық ерекше психологиялық ықпал жасау арқылы патшаның тамағына тұрып қалған  сүйекті аластайды;зұлым патшаның қаһарына ұшырап зынданға түскенде қорекке алған мейізін бір-бірлеп сорып, тірі қалады; өзі жамандық жасап,  өзгелерден жақсылық күтетіндерді әшкерелейді;жаман қылықтардан, әділетсіздіктен сақтандырады;қиын қыстау кезеңдерде көмек көрсетеді. Қысқасы, Лұқпан хакім туралы кез-келген әңгіме ақыл-парасатқа, биік адамгершілікке толы.Екінші.Достық пен қастандықты.Адам баласына қастандық шығыс жазба әдебиетінде көбіне шайтан немесе жын-пері арқылы жасалады.Мысалы,жүзімнің шырынына ішімдіктің пайда болуы шайтанның әсерінен деп түсіндіріледі.Ішімдіктен қаншама адам баласы зиян көреді!!Нұқтың кемесін тышқанның тесуіне де себепкер-шайтан.Ол шошқаның арқасын сипағанда тышқан пайда болып,мұрнынан түседі. Ал шынайы достықтың бейнесін қарлығаштың қамқорлығынан көреміз ол адам қанын сормақшы болған жыланның қара ниетіне тосқауыл жасайды.Үшінші. Тапқырлық. Сүлеймен пайғамбар сүйікті әйеліне құстың қауырсынынан үй жасап бермекші болады.Әйелдің айтқанын істеген еркек те әйел екенін дәлелдеп, Байғыз асқан тапқырлық көсетеді. Лұқпан хакімнің ойының ұшқырлығы арқасында жала жабылған баланы қауіп-қатерден құтқарады.Төртінші. Тәкаппарлық, яғни өзін өзгеден артық санаушылық. Сұлеймен пайғамбарға өзінен данышпан жоқ сияқты көрінеді.Құмырысқа патшасы Манзурамен әңгімелескеннен кейін, өзінің білімі түкке тұрмайтынын аңғарып, тәубаға келеді.Ол өзінің басындағы бақ-дәулетке тасып кеткендігі соншалық, дүние жүзіндегі бүкіл жанды мақұлқатты бір күн асырауды ниет етеді. Жинап- тергенін еш етіп, бір жайын жұтып қояды.Сөйтіп, дүниенің тұтқасын ұстаған Сүлеймен пайғамбар бармағын тістеп қалады.Қанша мықты болсаңда Сүлеймен пайғамбардан мықты бола алмайсың, «адамдар көңілдеріңе тәкаппарлықты ұялатпаңдар» деген идея тастайды. Қорыта айтқанда, шығыс жазба әдебиетінің ауызша таралуына жоғарыдағы тақырыптардың біреуі болмаса біреуі мұрындық болған.

Көне түркі жазба әдебиетіндегі хикаяларды,рауаяттарды ауыз екі таралған үлгерімін салыстырғанымызда, олардың мазмұнында, композициялық құрлысында біршама айырмашылық бар екенін байқадық.Мысалы, жазба әдебиетте Нұх пайғамбар хикаялары ұзын-сонар баяндалады.Онда кәпірлерге мұсылман дінін үгіттеуі, топан судың қаптауы, кеме жүзіп жүрген кездегі оқиғалар, топан су қайтқаннан кейін іс-әректтер бәрі-бәрі бар.Ал ауыз екі таралған үлгілерде бұл әңгімелердің тобықтай түйіні ғана сақталған. Сондықтан оларды көп желілі сюжеттердің үзінділері, көріністері ретінде қабылдаймыз. Бұған «қарлығаштың құйрығы неге айыр?» ертегісі мысал бола алады.

Жинақтап айтқанда, түркі халықтарының жазба әдебиеті мен ауыз әдебиеті тығыз байланысты болды. Ауыз әдебиеті жазба әдебиетке қаншалықты ықпал жасаса, жазба әдебиет те ауыз әдебиетін байытып отырды. Бұлардың арасындағы сабақтастық аса зор шығармашылықтың үлгісі болып есептеледі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

 

  1. Абай. Шығармаларының екі томдық толық жинағы. I-том. Алматы: Жазушы, 1995.-336 б.
  2. Акишев.К.А.,Кушаев.Г.А. Деревния культура саков и усуней долини реки или Алматы. Науке. 1963-300 с.
  3. Әуезов.М.О. әр жылдар ойлары Алматы 1959-556 б.
  4. Батырлар жыры, I-II-III том, Алпамыс батыр ,Алматы:Жазушы,1986,- 264 б.
  5. Бердібаев.Р. «Кәусар бұлақ» Алматы 1989,360 б.
  6. Бердібаев.Р. «Қазақ эпосы» Алматы 1982.232 б.
  7. Бердібаев.Р. «Сарқылмас қазына» Алматы 1983,248 б.
  8. Бес ғасыр жырлайды, I том, Алматы: Жазушы, 1989.-383 б.
  9. Бичурин.Н.Я «Собрание сведний о народах, обитавших в срредней Азиий в древние времена, часть I. » М. – Л. : Наука, 1950.-382 с.

 Ғабдулин.М. «Қазақ халқының  әуыз әдебиеті» Алматы 1974,320 б.

  1. Ғабдулин.М, Сыдықов.Т. «Қазақ халқының батырлық жыры » Алматы         1972,338 б.
  2. Гумилов.Л.Н. «Көне түріктер», Алматы: Жазушы,1994.-480 б.
  3. Гумилов.Б.Н. «Геройческий эпос и действительность. Ленинград: Наука, 1989-224 б.
  4. ДУГ. Алматы. Ғылым, 1989.I том.656 б.
  5. ДУГ. Алматы. Ғылым, 1990.I том.584 б.
  6. Егеубаев. А «Ежелгі дәуірдегі қазақ әдебиетінің көркемдік жүйесі».док.дисс. Алматы, 1999.
  7. Ертедегі әдебиет нұсқалары. Алматы: Мектеп, 1967.-208 б.
  8. Жолдасбеков.М «Асыл арналар» Алматы:1986.-326 б.
  9. Жұмалиев. Қ «Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері» Алматы, 1958.-404 б.
  10. Ибраев.Ш «Қазақ эпосы» Салыстырмалы және жүйелі зерттеу мәселелері.Алматы,1987.-77 б.
  11. Йоллығтегін. «Күлтегін». Алматы: Жалын, 1986.-77 б.
  12. Келімбетов.Н «Ежелгі дәуір әдебиеті». Алматы: Атамұра, 2005.-334 б
  13. Келімбетов.Н «Ежелгі түркі поэзиясы мен қазақ әдебиетіндігі көркемдік дәстүр жалғастығы».док.дисс. Алматы, 2000.-368 б.
  14. Кенжебаев. Б «Әдебиет белестері».Алматы, 1986.-400 б
  15. Қасқабасов.С.М «Қазақтың халық прозасы».
  16. Қоңыратбаев.Ә «Қазақ эпосы және тюркология». Алматы. 368 б
  17. Қорқыт ата кітабы.Алматы, 1985.-368 б.
  18. Қараубаева.А «Ғасырлар мұрасы». Алматы: Мектеп,1988.-162 б.
  19. Қыраубаева.А «Ежелгі әдебиет». Алматы: Қазақ университеті, 1999.-138 б
  20. Жолдасбеков.М «Асыл арналар» Алматы:1986.-326 б.
  21. Жолдасбеков.М «Көне түркі әдеби ескерткіштер және олардың қазақ әдебиетіне қатысы».канд.дисс. Алматы, 1968.
  22. Жұмалиев. Қ «Қазақ эпосы мен әдебиет тарихының мәселелері» Алматы, 1958.-404 б.1984.-272 б
  23. Марғұлан.Ә «Ежелгі жыр аңыздар». Алматы, 1985.-368 б.
  24. Қашқари. М. «Түрік сөздігі».том.Алматы:ХАНТ,1997.590б.
  25. Мелетинский.Е.М «Пройсхождение героического эпоса ранние формы и архоического памятники». М.:Восточная литература, 1963. -461 с
  26. Немет.Ю «К вопросу об аварах». Л.: Наука, 1976.-412 с
  27. Өмірәлиев.Қ «Оғыз қаған эпосының тілі». Алматы, 1988.-280 б.
  28. Сағындықов.Н.Б «Көне түркі жазба ескерткіштері мен қазақ ауыз әдебиетіне ортақ сюжеттірдің ұқсастықтары мен айырмашылықтары (Аңыз әңгімелер,ертегілер,батырлар жыры хикаялар негізінде) » канд.дисс. Алматы, 1991.-128 б.
  29. Сүйіншіәлиев.Х «Ғасырлар поэзиясы». Алматы, 1987.-216 б.
  30. Шойхусламұлы.Ш «Жүсіп Злиха» Ғашықнаме. Алматы, 1976.-333 б.