Құқық нормалары
Жоспар:
- Құқық және құқық нормалары
- Құқық нормаларының мазмұны
- Құқық нормалары және дара кесімдер
- Құқықтық нормаларының құрылымы (структурасы)
- Құқық нормаларының жіктелуі
- Қолданылған әдебиеттер тізімі
- Құқық және құқық нормалары
Құқық жалпы ұғым болып табылса, құқықтық нормалар құқықты қалыптастыратын, дара ұғымдарының көп сандағы жиынтығы. Құқықтық нормалар құқықтың формалық болмысы, өмір сүруінің тыныс-тіршілігі, объективтендірілген түрі және сипаты. Құқық тек құқықтық нормалар арқылы өмір сүреді, қоғамдық қатынастарды реттейді және қорғайды. Сондықтан құқықтық нормалар құқықтың клеткалары болып табылады.
Норма сөзі латын тілінен аударғанда «үлгі», «ереже» деген мағынаны білдіреді. Құқықтық нормаларды қабылдау, бекіту әр уақытта мемлекет тарапынан болды және олардың мазмұнында қоғамдық қатынастарға түскен субъектілердің мінөз-құлықтары, әрекеттері туралы информация бекітіледі. Субъект өмірдегі сан алуан ситуацияларға тап болған жағдайларда оның сол сөттегі әрекеттері құқық нормаларымен реттеледі, немесе қорғалады. Мысалы, субъект үйін сату үшін нотариустың қатысуымен сату туралы келісімшарт жасауы тиіс, некеге тұру үшін кәмелеттік жасқа толу керек т.б. әрекеттер.
Құқықтық нормалардың өзіне тән мынандай ерекшеліктері бар:
- Құқықтық нормалар бекіткен үлгі, талаптар бәріне бірдей қолданылады. Құқық нормаларының мәтінінде көрсетілген информация ситуацияға түскен субъектілердің әрекеттерін реттейді, шешімін бекітеді. Мысалы, Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 23-бабы (нормасы) он төрт жасқа дейінгі кәмелетке толмағандар үшін мәмлелерді олардың атынан ата-анасы, асырап алушылары немесе қорғаншылары жасайды деген ережені бекіткен. Яғни, бұл норма 14 жасқа толмағандардың бәріне бірдей болып табылады.
- Құқық нормаларында халықтың, таптардың, топтардың, тіпті жеке адамның еркі де бекітіледі. Адамзат тарихында жеке адамның еріктерінің құқықтық нормаларында бекітілуі көп болған. Мысалы, коммунизм идеологиясының негізін қалаушы Карл Маркс өзінің «Коммунистік партияның манифесті» деген еңбегінде буржуазиялық қоғамдағы мұрагерлік туралы заңның өте қатаң талаптарын жоюды өз өмірінен алған. К.Маркс өзінің құдай қосқан әйелі бола тұрып, отбасында қызметші болған Ленхен деген әйелмен көңілдес болып, бала туғызған. Әйелінен сескенген К.Маркс Ф.Энгельске сәбиді «менікі» дегізеді, бірақ оған өзінің мұрасын бөліп беруді армандайды. Өкінішке орай сол көздегі заң бойынша заңды некеден туған балаларға ғана мұрагерлік берілген. Социалистік идеологияны жазу барысында К.Маркс «Коммунистік партияның манифесінде» қатаң мұрагерлік заңын жоққа шығаруды талап етті.
- Құқықтық нормалар қажет болған жағдайларда мемлекеттік күшпен қамтамасыз етіледі. Сот, прокуратура полиция және басқа да мемлекеттік органдар құқық нормаларын бұрмалаған немесе орындамаған субъектілерге күш қолданады, жауапқа тартады.
Құқықтық норма дегеніміз мемлекет бекіткен, бәріне бірдей, формаларды — айқын және орындалуы, сақталуы, қажет болған жағдайда күшпен қамтамасыз етілетін мінөз кұлықтың үлгісі.
- Құқық нормаларының мазмұны
Құқықтық нормалар жеке тұлғалар мен заңды тұлғалардың нақтылы мағынадағы құқықтық жағдайларын, мінөз-құқықтарын бекітеді. Құқықтық қатынасқа түскен субъектілер құқық нормаларындағы ереже, үлгі талаптарына сай ғана әрекеттер істеулері тиіс. Формула жүзінде:
«Мен солай істеуім керек, құқық нормасы менен соны талап етеді» деген талап іс жүзіне асырылуы тиіс. Осыған байланысты құқықтық нормаларының мазмұны мынандай ерекшеліктермен айшықталады:
- Құқықтық нормаларда қайсыбір болмасын заманның, тарихи жағдайлардың тілек-талаптары мен қажеттілігі бекітіледі. Мысалы, Қазан төңкерісінен кейін Кеңес өкіметі қабылдаған құқық нормалар өтпелі дәуірдің барлық талаптарын бекітті (жерді тартьш алу, завод, фабрикаларды тәркілеу, байларды сайлау құқықтарынан айыру, қалыңмалды, әмеңгерлікті, көп әйел алушылықты жою).
- Субъектілердің құқықтары мен міндеттері нақтылы, айқын мағынада бекітіледі. Жеке және заңды тұлғалар тек талаптар негізінде құқықтары мен міндеттерін атқара алады. Құқықтық норма үлгісінен тыс әрекеттер заңсыз деп танылады.
- Құқықтық нормалардың мазмұны, түсініктілігі және санаға ұғымдылығы оны жазған, қабылдаған органдардың сауаттылығына тікелей байланысты болды. Шашыраңқы, түсініксіз, қайталауы басым, дұрыс дәрежеде аударылмаған құқықтық нормаларды қолдануда көптеген қиындықтар туындайды. Құқықтық нормалар математикалық формулалар сияқты нақтылы, айқын және қысқа болулары шарт. Көпсөзділік, мағынасы түсініксіз нормалар бұрмалауға жол ашады, заңсыздыққа әкеп соқтырады.
- Белгілі күштер, партиялар, топтар және таптар лоббизм тетіктерін пайдалану арқылы өз мүдделерін құқық нормаларында бекітеді.
- Әр көзде тиімді құқықтық нормалар қоғамдық қатынастарды реттеуде қоғамды прогреске жетелейді, шиеленістердің болуын тежейді. Керісінше, тиімсіз нормалар өмірдің дамуын тежеп, керітартпалық рөл атқарады. Құқық жасаушылықтың мақсаты заң ғылымының жетістіктерін пайдалану арқылы тиімді құқық нормаларын қабылдау болып табылады. Құқық нормаларының мазмұнын аталмыш ерекшеліктерді біртұтастық мағынада танып, зерттегенде ғана оның барлық сипаты мен тиімділігіне баға беруге болады.
- Құқық нормалары және дара кесімдер
Құқықтық нормалар басқа әлеуметтік нормалармен салыстырып қарағанда жалпы мазмұнға ие, бәріне бірдей қолданылатын мінөз- құлықты бекітеді. Осыдан мынандай қорытынды туындайды: Құқықтық нормалар өмірде болған жағдайларға сан алуан рет қолданылады және ол жеке бір субъектке бағытталмайды жалпыға бірдей болып табылады. Мемлекеттік органдар өздерінің құқық бекіткен құзырлары бойынша құқықтық нормаларды қабылдайды. Бірақ, қабылдаған нормалардың бәрі құқықтық нормалар болып саналмайды. Олардың шығарған көптеген кесімдері әр түрлі жағдайларға байланысты болған сәттерге арналып шығарылады. Мысалы, Қазақстан Республикасының Президентінің бір адамды орденмен марапаттау туралы шығарған жарлығы, министрдің төменгі сатыда тұрған бөлім, басқарма бастықтарын тағайындау туралы шығарған бұйрықтары, облыс әкімінің аппараттағы бөлім басшысын тағайындау туралы шығарған бұйрықтары және т.б. бұл жерде лауазымды тұлғалардың шығарған кесімдері өздерінің құзырларына байланысты, бір ғана жағдайларға байланысты бір ғана жағдайларға қатысы бар, басқа адамдарға ешқандай қатысы жоқ. Судьяның заң негізінде шығарған шешімдері мен үкімдері де дара кесімдер қатарына жатады. Дара кесімдер құқық нормалар сияқты нормативтік сипатқа ие бола алмайды, бір ғана жағдайларға қолданылады, сонымен өзінің қүшін жояды.
- Құқықтық нормаларының құрылымы (структурасы)
Құқықтық нормалардың өздеріне тән арнайы құрылымы болады. Құқықтық нормалардың құрылымы танудың теорияға және тәжірибеге мәні өте зор. Оны меңгеру, білу арқылы заңгерлер құқықты қолдану процесі қызметінде қеңінен пайдаланады.
Құқықтық норманың құрылымы дегеніміз қисынды мағанамен оның ішкі мазмұнының элементтерін айқындап көрсету. Құқықтық нормалардың құрылымы мынандай элементтерден тұрады:
- Гипотеза (шарт, жағдай)
- Диспозиция (мінез-құлық)
- Санкция (жаза)
Гипотеза — өмірде болатын нақтылы жағдайларда құқықтық норманың қолданылуы. Негізінде «Егер» деген мағынамен қамтылады. Гипотеза құрамдық мағынасына байланысты мынандай түрлерге бөлінеді:
- Жай (жұпыны) гипотеза бір ғана жағдай болғанда құқықтық норманың дипозициясы іс жүзіне асырылады, немесе қолданылады.
- Күрделі гипотеза екі немесе бірнеше жағдайлар арқылы диспозиция қолданылады. Мысалы, «Қазақстан Республикасының сайлау туралы» заңының 3-мынандай күрделі гипотезаңы бекітеді: «Республика Президентің, Парламент Мәжілісінің және мәслихаттарының депутаттарын жергілікті өзін-өзі басқару органдарының мүшелерін сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру жағдайында өткізеді». Бапта көрсетілгендей сайлаудың өтуі үшін бірнеше жағдайлар, шарттар бекітілген.
Дәрежелі кесімділік сипаты бойынша болжамдар абсолюттік-кесімді жене салыстырмалы кесімді болып бөлінеді.
Абсолюттік-кесімді гипотеза өзінің мәтінінде құқықтық норманы қолданудың және іс жүзіне асырылуының нақтылы жағдайлары мен шарттарын көрсетеді. Мысалы, «Қазақстан Республикасы неке және отбасы заңының» 11-бабы абсолюттік-кесімді гипотезаға жатады:
«Некеге тұруға;
1) біреуі болса да басқа тіркелген некеде тұрған адамдардың;
2) тікелей ата-тегі бойынша және өзінен тарайтын жақын туыстардың (ата-аналар мен балалардың, атасының, әжесінің және немересінің), ата-анасы бір және ата-анасы бөлек әкесі немесе анасы ортақ ағалы-інілер мен апалы-сіңілілердің (аға-қарындастарының);
3) асырап алушылар мен асырап алынғандардың;
4) біреуін болса да психикалық ауруының немесе ақыл-есі кемдігінің салдарынан сот әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың арасында жол берілмейді».
Немесе, Қазақстан Республикасының Азаматтық іс жүргізу кодексінің 249-бабы абсолюттік кесімді нормалар санатына жатады: «сот егер :
1) талап қоюшы осы санаттағы істер үшін заңда белгіленген дауды алдын ала сотқа дейін шешудің міндетті тәртібін сақтамаса және осы тәртіпті қолданудың мүмкіндігі жоғалмаса;
2) арызды әрекетке қабілетсіз адам берсе;
3) арызға қол койған және оны берген адамның арызға қол коюға және оны беруге өкілеттігі жоқ болса;
4) осы немесе басқа соттың іс жүргізуінде осы тараптар арасындағы, сол мәселе туралы дау бойынша және сол негіздер бойынша бұрын қозғалған іс бар болса;
5) тараптар арасында бұл дауды заңға сәйкес аралық соттың шешіміне беру туралы келісім жасалса және жауапкерден істі мәні бойынша қарау басталғанға дейін дауды сотта шешуге қарсылык білдірсе;
6) өздерінің қатысуынсыз істі қарауды өтінбеген талап қоюшы екінші шақыру бойынша сотқа келмесе;
7) өзінің қатысуынсыз істі қарауды өтінбеген талап қоюшы екінші шақыру бойынша сотқа келмесе, ал жауапкер істі мәні бойынша қарауды талап етпесе;
8) өзінің мүддесіне сай іс қозғалған адам мәлімделген талапты қолдамаса;
9) талап арызды қайтарып алу туралы өтініш берілсе, ал жауапкер істі мәні бойынша қарауды талап етпесе;
10) көрсетушіге арналған күші жойылған бағалы қағаздар және ордерлі бағалы қағаздар бойынша құқықты қалпына келтіру туралы істер жөніндегі өтініш жарияланымнан бастап үш ай мерзім аяқталғанға дейін берілсе, арызды қараусыз қалдырады». Осы көрсетілген шартгардың бірі анықталатын болса сот арызды қараусыз қалдырады, яғни диспозиция өзінің құқықтық күшіне енеді.
Салыстырмалы-кесімді гипотеза құқық нормаларын іс жүзіне асыратын субъектілерге арнайы шеңбер көлемінде шарттардың бірнеше мүмкіндіктерін беруді бекітеді. Мысалы, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 90-бабы салыстырмалы-келісімді гипотезаға мысал бола алады, «Егер мемлекеттік тұрғын үй қорындағы түрғын үйде… тұрғын үй сақталатын уақытша болмаған жалға алушының отбасы мүшелері тұрмайтын болса, жалға алушы сақталған тұрғын үйге қосымша жалғау шарты бойынша тұрғындарды кіргізуге не тұрғын үйдің сақтау мерзімінде уақытша тұрғындарды тұрғызуға құқылы». Құқықтық норма жалға алушыға салыстырмалы кесімді гипотеза арқылы екі мүмкіндік шартын бекітіп отыр.
Баяндау тәсілі бойынша гипотезалар абстрактілі және казустік болып екі түрге бөлінеді. Абстрактілік гипотезада дара, жеке жағдайлар көрсетілмейді, жалпы мағынамен ғана беріледі. Мысалы, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 73-нормасында: «Қылмыс жасағаннан кейін оның өз іс әрекетінің (әрекетсіздігінің) іс жүзіндегі сипаты мен қоғамдық қауіптілігін ұғыну не оған ие болу мүмкіндігінен айыратын психикасы бұзылуы пайда болған адамды сот жазадан босады, ал жазасын өтеп жүрген адамды одан әрі өтеуден босатады». Нормада «психикасы бұзылуы» деген ұғым абстрактілік болжамдар сипатын дәлме-дәл беріп тұр. Себебі, қандай аурулар екені нақтылы, жекеленіп көрсетілмеген: шезофрения ма, эпилепсия ма, депрессиялық психоз ба. Абстрактік гипотеза негізінде құқықтық нормалардың көлемін қысқарту мақсатын көздейді.
Казустық гипотеза деп құқық нормаларында нақтылы, жеке жағдайлардың барлық сипаттамаларын айқындап белгілеуді айтады. Казустық гипотезаға, мысалы Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 115-бабын жатқызуға болады. Бұл нормада жеке мүліктік емес игіліктер мен құқықтар жеке жағдайлармен нақтылы берілген: жеке адамның өмірі, денсаулығы, қадір-қасиеті, абырой, игі атақ, іскерлік бедел, жеке өмірге қол сұқпаушылық, жеке кұпия мен отбасы құпиясы, есім алу құқығы, автор болу құқығы, шығармаға қолсұқпаушылық құқығы. Бірақ, казустық нормаларды қалыптастыру барысында кейбір қатынастар немесе кейбір объектілер оның кұрамына, тізіміне кірмей қалу қаупі бар. Бұл жағдайларда (казус) құқық қолдану барысында айтарлықтай қиындықтардың тууы мүмкін.
Диспозиция деп құқық нормасы бекіткен субъектілердің мінез-құлық ережелерін айтады.
Диспозиция құқықтық әдебиетте негізінде екі түрге бөлінеді: баяндау тәсілі бойынша және құрылымы бойынша. Баяндау тәсілі бойынша диспозициялар жай, суреттемелік, сілтеме, бланкеттік болып бөлінеді.
Жай диспозицияда бір жағдай болғанда құқықтық норманың жай диспозициясы бір ғана, нақтылы зардаптардын болуын бекітеді. Мысалы Қазақстан Республикасының, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 27-бабы уақытша тұрғындар жалдау шарты тоқтатылған жағдайда басқа тұрғын үй-жай берілместен шығарылатынын жай диспозиция мағнасымен бекіткен.
Суреттемелік диспозиция — субъектілердің мінез-құлықтарының негізгі нышандарын ерекшелеу сипатымен айқынды бастапқылықпен баяндайды. Мысалы, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 175-бабы (нормасы) ұрлықты «бөтен мүлікті жасырын ұрлау» деген суреттемесін диспозициямен сипаттау арқылы ұрлықтың мәнін көрсеткен. Азаматтардың мүліктері жасырын түрде ұрланса, ол ұрлық болып саналады. Немесе, 179-бап қарақшылықты «бөтен мүлікті ұрлау мақсатында шабуыл жасауға ұшыраған адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті күш көрсетумен немесе тікелей осындай күш қолданамын деп қорқытумен ұштасқан шабуыл жасау» деген суреттемелік диспозициямен берген.
Сілтемелік диспозиция — нормативтік кесімнің басқа баптарына, немесе нақтылы норманың баяндалған тармақтарына сілтеу жасайды. Негізінде құқық теориясында мұндай тәсіл көпсөзділікті шектеу және қайталауды тежеу мақсатында пайдаланылады. Мысалы, Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 227-бабында сілтемелік диспозиция мына мағынада берілген: «Тексеру, куәландыру, эксгумация жүргізу туралы тергеуші осы Кодекстің 203-бабының талаптарын сақтай отырып хаттама жасайды». Қылмыстық қодекстің көптеген нормалары сілтемелік диспозициядан қалыптасқан. «Нақ сол әрекеттер» деген сөзбен баптың алдыңғы тармақтарына сілтеме жасалынған.
Бланкттік диспозиция — құқық нормасы өзінің диспозициясында субъектілердің мінез-құлықтарын жалпылама бекітіп, басқа нормативтік құқықтық кесімдерге сілтеме жасайды. Мысалы, Қазақстан Республикасы Қонституциясының 62-бабының 8-тармағы «Республиканың заң және өзге де нормативтік-құқықтық актілерін әзірлеу, ұсыну, талқылау, күшіне енгізу және жариялау тәртібі арнаулы заңмен Парламент пен оның Палаталарының регламенттерімен реттеледі» деп басқа заңға бланкеттік диспозиция арқылы сілтеме беріп тұр.
Құрылымы бойынша диспозия жай, күрделі және балама (альтернативтік) болып қаралады.
Жай диспозицияда мінез-құлық нақтылы мағынада, оның арнайы ерекшеліктері мен мазмұндық мағыналары айқындалып көрсетілмейді. Мысалы, «Қазақстан Республикасының Неке және отбасы туралы» заңының 24-бабының 2-тармағында «Мәжбүрлеп қиылған неке жарамсыз деп табылуы мүмкін»
Күрделі диспозицияда — субъектілердің мінез-құлықтарының ереқшеліктерін, мазмұндық мағыналарын толық және жан-жақты дәрежеде ашып көрсетіледі. Мысалы, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 129-бабында: «Жала жабу, яғни басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтіретін немесе оның беделін түсіретін көрінеу жалған мәліметтер тарату» деген мағынамен жала жабудың барлық нышандары мен сипатын күрделі диспозициямен айқындап тұр.
Альтернативтік диспозицюща — құқық субъектісі құқықтық қатынастарға түскен жағдайда мінез-құлықты өз тарапынан таңдап алуға мүмкіндігі болады. Мысалы, «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңның 15-нормасы «жер учаскелерінің мемлекеттік қажеттері үшін алынуына (сатып алуына) байланысты тұрғын үй беріледі немесе түрғын үйдің нарықтық құны мөлшерінде өтемақы төленеді». Бұл норма құқық субъектісіне таңдап алу құқын беріп тұр.
Сонымен қатар теорияда диспозиция өзінің формалық әлпеті бойынша тыйым салатын, міндеттейтін және құқық беретін түрлерге бөлінеді.
Тыйым салатын диспозиция құқық субъектісіне арнайы бір әрекетті немесе әрекетсіздікті жасауға қатан тыйым салады, оны құқық бұзушылық санатына жатқызады. Мысалы, «Неке және отбасы туралы» заңының 11-бабының диспозициясы некеге тұруға мынандай жағдайларда тыйым салады: «1) біреуі болса да басқа тіркелген некеде тұрған адамдардың;
2) тікелей ата-тегі бойынша және өзінен тарайтын жақын туыстардың (ата-аналар мен балалардың атасының, әжесінің және немерелерінің), ата-анасы бір және ата-анасы бөлек әкесі немесе анасы ортақ ағалы-інілер мен апалы-сіңілілердің (аға-қарындастардың);
3) асырап алушылар мен асырап алынғандардың;
4) біреуін болса да психикалық ауруының немесе ақыл-есі кемдігінің салдарынан сот әрекетке қабілетсіз деп танылған адамдардың арасында қабілетсіз деп танылған адамдардын арасында жол берілмейді». Немесе Қазақстан Республикасы Конституциясының 5-бабының 3-тармағында:» Мақсаты немесе іс-әрекеті Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауіпсіздігіне нұқсан келтіруге, әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тектік-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бірлестіктер құруға тыйым салынады» — деген тыйым салатын норманың диспозициясы бекітілген.
Міндеттейтін диспозиция — құқық субъектілеріне арнайы міндеттерді жүктейді және қажетті мінез-құлықты істеуді жариялайды. Мысалы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 34-нормасының диспозициясы: «1.Әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен ар намысын құрметтеуге міндетті».
Құқық беретін диспозицияда субъектілерге құқық нормалары шеңберіңде арнайы бір әрекеттерді іс жүзіне асыруға, әрекет жасауға құқық береді. Мысалы, Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 18-бабында: «Әркімнің жеке салымдар мен жинақ ақша, хат жазысу, телефонмен сөйлесу, поштамен, телеграф арқылы және өзге де хабарламалар алысу құпиясына құқығы бар» деген құқық беретін диспозицияны бекіткен.
Санкция — мемлекет тарапынан құқық нормасын субъектілерге қолданылатын жаза, заңды жауапкершіліктің түрлері. Мемлекет және құқық теориясында санкциялар құқық салалары бойынша, нақтылы дәрежесі бойынша және көлемі бойынша болып бөлінеді, құқық салалары бойынша қонституциялық, әкімшілік, қылмыстық, экологиялық, қаржылық және т.б. құқық салаларын қамтиды.
Нақтылы дәрежесі бойынша санкция абсолюттік кесімді, салыстырмалы кесімді және альтернативтік болып бөлінеді. Абсолюттік кесімді санкция Кеңес үкіметі орнаған кезеңнің алғашқы жылдарында кеңінен пайдаланылды, жаза қолдану нақтылы сипаттан ада болды, тіпті «заңның барлық қатаңдығын пайдаланып жазаға тарту» деген абсолюттік кесмді ұғымдар бассыздықка, репрессияға тікелей жол ашты. Қазіргі кезеңде абсолюттік кесімді санкциялар Қазақстаннның құқықтық жүйесінде жиі кездеспейді. Себебі, жазаның істеген әрекетіне қарай даралануына кедергі келтіреді.
Салыстырмалы кесімді санкцияда жазаның төменгі және жоғарғы шеңбері нақтылы көрсетіледі. Мысалы, 2 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру, немесе 3 жылға дейін. Салыстырмалы-кесімді санкция Қазақстан Республикасының барлық кодекстерінде жиі кездеседі және бұл жаза судьяға жазаңы даралауға, әркімнің істеген әрекетіне оның қауіптілігіне қарап жаза тағайындауға мүмкіндік береді.
Альтернативтік санкция судьяларға құқық нормада көрсетілген бірнеше жазадан субъектінің жасаған құқықтық бұзушылығының ауырлығы мен қауіптілігіне байланысты таңдауға мүмкіндік береді. Мысалы, Қылмыстық кодекстің 105-бабы денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіргені үшін субъект «елу айлық есептік көрсеткіштен жүз елу айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде немесе сотталған адамның үш айға дейінгі кезеңдегі жалақысы немесе өзге табысы мөлшерінде айыппұл салуға, не жүз сексен сағаттан екі жүз қырық сағатка дейінгі қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына, не үш айға дейінгі мерзімге қамауға жазаланады»
Көлемі бойынша санкция жай және күрделі болып бөлінеді. Жай санкцияда әрекет үшін бір ғана жаза көзделеді. Қазақстан Республикасы Азаматтық кодекстің 159-бабының 5-тармағында есуастық немесе ақыл-есі кем болуы салдарынан әрекет қабілетгілігі жок деп танылған адам жасасқан мәмле жарамсыз болатыны нақтылы көрсетілген.
Күрделі санкцияда құқыққа қарсы жасалған әрекет үшін бірнеше жаза қолдану нақтылы нормада көрсетіледі. Мысалы, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 179-бабының (Қарақшылыкқ) «Г» тармағы белгіленген. Егер ұрлық немесе қорқытып алушылығы үшін бұрын екі немесе одан да көп рет сотталған адам жасаған қарақшылық — мүлкі тәркіленіп, сегіз жылдан он бес жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Бұл күрделі санкцияға жатады.
- Құқық нормаларының жіктелуі
Құқық нормаларының негізгі функциялары қоғамдық қатынастарды реттеу және құқық бұзушылықтан сол қатынастарды тиімді қорғау болып табылады. Құқықтық нормаларды реттеу функцияларына байланысты топтастырып қарағанда арнайы бір қоғамдық қатынастарды реттейді. Кейбір құқықтық нормалар мүліктік қатынастарды реттесе, басқалары экологиялық, қаржы, отбасы, әкімшілік, банк, сайлау, инвестиция, жер сияқты қатынастарды реттейді. Осыған байланысты құқықтық нормалар реттеу пәніне байланысты конституциялық-құқықтық, әкімшілік құқықтық, азаматтық-құқықтық және т.б. болып жіктеледі. Ал, құқықтық нормалар өздерінің іс жүзіне асырылуына байланысты мынандай түрлерге бөлінеді:
- Міндеттейтін (диспозицияда көрсетілген)
- Тыйым салатын (бұл да диспозицияда көрсетіледі)
- Құқық беретін (көрсетілді)
- Дефинитивтік нормалар дегеніміз нормада заң ғылымдарының жетістіктерінің нәтижесінде бір ұғымның анықтамасының берілуі. Бұл нормаларда субъектілердің құқықтары мен міндеттері нақтылы дәрежеде, не мағынада көрсетілмейді. Бір дефинитивтік нормалар пәнінің негізгі категорияларын анықтайды үлкен маңыздық рөл атқарады және Қазақстан Республикасының құқықтық жүйесінде, құқық салаларында жиі кездеседі.
Мысалы, Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 9-бабы қылмыстық ұғымының мына анықтама мағынасында бекіткен: «Осы Кодексте жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты қоғамдық қауіпті әрекет (іс-әрекет немесе әрекетсіздік) қылмыс деп танылады»
«Неке және отбасы туралы заңның» 1-бабында некенің ұғымын, «неке ерлі-зайыптылар арасында мүліктік және мүліктік емес жеке қатынастарды туғызатын, отбасын құру мақсатымен заңдарда белгіленген тәртіппен тараптардын ерікті және толық келісімді жағдайда жасалған еркек пен әйелдің арасындағы тең құқықтық одақ», — деген дефинициямен берген.
- Декларативтік нормаларда негізгі құқықтық идеялар жариялану мағынасында көрсетіледі. Мысалы, Қазакстан Республикасы Қылмыстық іс жүргізуге кодекісінің 8-нормасында қылмыстық процестің барлық міндеттері былай деп жарияланған: «Қылмыстық процестің міндеттері қлмыстарды тез және толық ашу, оларды жасаған адамдарды әшкерлеу және қылмыстық жауапқа тарту, әділсот талқылауы және қылмыстық заңды қолдану болып табылады».
- Құқықтық реттеу тәсілі бойынша құқықтық нормалар диспозитивтік, императивтік, мадақтайтын және ұсыныс беретін түрлерге жіктеледі. Диспозитивтік нормалар субъектілерге өз тараптарынан құқықтары мен міндеттерін өз қалаулары бойынша іс жүзіне асыруға мүмкіндік және құқықтық қатынастарға түскен жағдайда еркіндік таңдау мінез-құлқы қамтамасыз етіледі. Мысалы, азаматтық құқықтың нормалары осы санатқа жатады. Императивтік нормалар қатан сақталуды, орындалуы талап етеді және екі жақтың келісімі бойынша өзгертуге жатпайды. Әкімшілік құқықтың нормалары императивтік болып саналады.
Мадақтайтын нормаларда құқықтық қатынастарға түскен субъектілердің мінез-құлықтары қызметтерінің тәртіптері мен түрлері бекітіледі. Сол арқылы субъекттер арнайы белгіленген мадақтауға ие болады. Мысалы, бекітілген норма бойынша жазасын түзеу колониясында өтеп жүргендер үлгілі тәртібі үшін мерзімінен бұрын босатылуы мүмкін. Немесе адам көмбе тауып алған болса Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексі 247-бабының 2-тармағы мынандай марапаттайын норманы бекітеді: «Тарих және мәдениет ескерткіштеріне жататын заттардан тұратын көмбе табылған ретте олар Қазақстан Республикасының меншігіне берілуге тиіс. Бұл орайда ондай көмбе табылған жер учаскесін пайдаланушы немесе қозғалмайтын мүлікті меншіктенуші және көмбені тапқан адам осы көмбе құнының елу проценті мөлшерінде сыйақы алуға құқылы».
Сонымен қатар мемлекет және құқық теориясында ұсыныстық нормалар да жиі пайдаланылады. Мысалы, Қазақстан Республикасы Президенті қабылдаған жарлықтарында Үкіметке арнайы бір саланы реттеуге қаулы қабылдау керек екеніне ұсыныс жасауы мүмкін.
Функциялары бойынша құқықтық нормалар реттейтін және құқық қорғайтын нормалар болып бөлінеді. Реттейтін нормалардың диспозицияларында құқықтық қатынасқа түскен субъектілердің құқықтары мен міндеттері бекітіліп, қоғамдық қатынастар реттеледі, шиеленістер мен қақтығыстар тәртіптік жүйеге түседі. Сатып алу, айырбас жасау, шартқа отыру, некеге тұру, мұрагерлікке ие болу, ипотека және т.б.
Құқық қорғайтын нормалар құқық бұзушылыққа барған субъектілерге мемлекет атынан шара, күш қолдану арқылы қол сұғылған, бұзылған құқықтарды орнына келтіреді, реттейтін нормаларды қорғау функциясын атқарады. Құқық қорғайтын нормалар негізінде әкімшілік, қылмыстық кодекстің ерекше бөлімдерінің баптарында нақтылы мағынада бекітілген.
Қолданылған әдебиеттер тізімі
- Т. Ағдарбеков. Мемлекет және құқық теориясы. Алматы, 2003.
- СА.Табанов. Салыстырмалы құқықтану негіздері. Алматы, 2003.
- А.А.Матюхин. Содержание гипотезы правовых норм. //В кн: Проблемы теории права и государства, истории политико-правовой мысли. Алматы, 2005.
- Н.Н.Рыбушкин. Запрещающие нормы в советском праве. Казань, 1990.
- С.С.Алексеев. Общие дозволения и запреты в советском праве. М., 1989.
- Социальные отношения. Введение в общую теорию. Коллектив авторов. М., 1984.
- С.А.Голунский. К вопросу о понятии правовой нормы в теории социалистического права. //Советское государство и право, 1961, №4.
- Б.А Деготь. Классификация норм советского права по их структуре. Саратов. 1977.