Құқық нормаларын іc жүзіне асыру
Жоспар:
- Құқық нормаларын іс жүзіне асырудың ұғымы және әдістері
- Құқық қолданудың негізгі сатылары
- Құқықтағы кемшіліктер және оларды толықтырудың тәсілдері
- Заң коллизиясы және құқық нормаларының бәсекелестігі
- Қолданылған әдебиеттер тізімі
- Құқық нормаларын іc жүзіне асырудың ұғымы және әдістері
Заң шығару, құқық нормаларын қабылдау қоғамдық қатынастарды реттеудің тек басы ғана. Сол қабылдаған нормативтік — құқықтық кесімдерді іс жүзіне асыру, қоғамдық қатынастарды тиімді реттеу, нормаларға қозғалыс, жан беру ең күрделі мәселелердің бірі. Іс жүзіне асырылмаған құқық нормалар тек ғана жақсы тілек ретінде қалып қояды, жансыз нәрсе ретінде қабылданды. Құқық нормалары қабылданғаннан кейін мемлекеттік аппараттың барлық буындары оларды іс жүзіне асыруға белсенді қызмет атқарулары тиіс, құқық жасаушы органдардың қоғамдық қатынастарды реттеудегі алдына қойған мақсаттары орындалуы тиіс. Сондықтан құқық нормаларын іс жүзіне асыру құқық нормаларының функцияларының формасы, олардың қоғамдық қатынастарды реттеудегі қызметі. Егер қабылданған құқықтық нормалар іс жүзіне асырылып жатса, онда олардың әрекеті және қүші бар деген мағананы білдіреді. Ал, қоғамдық қатынастарды реттеуде әрекетсіздіқ танытып жатса қағаз жүзінде қалып қояды. Сондықтан құқық нормаларын іс жүзіне асырудың мәні өте зор.
Құқық нормаларын іс жүзіне асыру деп құқық субъектілерінің құқық нормаларының талаптарымен келісіп, құқыққа сай мінез-құлықтың қалыптасуы, адамдардың өздеріне жүктелген субъективтік құқықтары мен құқықтық міндеттерін іс жүзіне асырудағы қызметтерін айтады.
Теорияда құқық нормаларын іс жүзіне асырудың негізінде төрт әдісі бар: сақтау, орындау, пайдалану және қолдану.
Құқық нормаларын сақтау индивидтердің, субъектілердің мемлекет қабылдаған барлық нормативтік құқықтық кесімдерді саналы түрде сақтау. Адам өз тарапынан тыйым салатын және міндеттейтін құқықтық нормаларды сақтаулары тиіс. Сондай жағдайда ғана құқық нормалары іс жүзіне асады, құқық бұзушылыққа жол берілмейді. Мысалы, Қазақстан Республикасы Конституциясының 34-бабы:
- «Әркім Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен ар-намысын құрметтеуге міндетті».
- «Әркім Республиканың мемлекеттік нышандарын құрметтеуге міндетті» — деген норманы бекітеді.
Бұл конституциялық норма аталмыш талаптарды сақтауға міндеттейді. Немесе, міндеттейтін нормаларды іс жүзіне асыру үшін субъект өз тарапынан, саналы түрде белсенділік танытуы тиіс. Мысалы, Азаматтық кодекстің 337-бабы «Кепілпұл туралы келісім кепілпұлдың сомасына қарамастан жазбаша нысанда жасалуға тиіс. Бұл ереже негізгі міндеттеме нотариалдық жолмен куәландырылуға тиіс болатын жағдайда да қолданылады. Келісімнің жазбаша нысанда жасалуын сақтамау кепілпұл келісімін жарамсыз деп тануға әкеп соқтырады». Белсенділік танытпай кепілпұлды жазбаша жасалмаса, құқық нормасының талаптары сақталмаған болып табылады, берілген ақша қайтарылмайды.
Орындау арқылы құқық нормалары субъектінің белсенділігімен іс жүзіне асырылады. Мысалы, Қазақстан Республикасының Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 451-бабы орындау мәселесіне байланысты мынандай норманы бекітеді: «Үкім орындалғанға дейін іс бойынша төрағалық етуші немесе сот төрағасы қамауда ұсталып отырған сотталушыньщ еріне (зайыбына), жақын туыстарына олардың өтініші бойынша сотталушымен жүздесу және телефон арқылы сөйлесу мүмкіндігін беруге міндетті». Судья заң талаптарына сәйкес белсенді әрекет таныту арқылы сотталушының туыстарымен, бала-шағаларымен жүздесуіне барлық мүмкіндіктерді жасауы тиіс. Сонда ғана аталмыш құқықтық норма іс жүзіне асырылады, орындалады. Немесе Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 647-нормасының 3-тармағы мынандай талаптарды орындауды міндеттейді: «Жасаулы әкімшілік қамауға әкеліп соғатын әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама мен істің басқа материалдары алынған күні, ал әкімшілік ұстауға ұшыраған адам жөнінде — ол ұсталған кезден бастап қырық сегіз сағаттан кешіктірілмей қаралады». Бұл жерде судья істің қаралу мерзімін қатаң орындауға бағыттауы тиіс, барлық қимыл-әрекетін норманы орындауы тиіс. Бапта көрсетілген міндеттерін орындалмаса, шағым бойынша жауапқа тартылады.
Сонымен қатар орындау арқылы жоғарғы органдардың төменгі сатыда тұрған органдарға берген нұсқаулары іс жүзіне асырылады. Құқықты іс жүзіне асырудың келесі әдістердің бірі — пайдалану. Пайдалану субъекттер заң, құқық нормалары бекіткен құқықтарын іс жүзіне асыру арқылы мақсаттарына жетеді, бұзылған немесе қол сұғылған игіліктерін қалпына келтіреді. Мысалы, Қазақстан Республикасы Азаматтық қодексінің 260-бабы: «Меншік иесі өзгеден заңсыз иеленген өз мүлкін талап етуге құқылы». Бұл жерде меншік иесі өзінің меншікке деген иемдену, пайдалану билеу құқын пайдалану арқылы меншікті даулап алуға құқы бар. Немесе, Қазақстан Республикасы Конституциясының 57-нормасының 6-тармағы Парламенттің әр Палатасы, дербес, басқа Палатаның қатысуынсыз… «депутаттардың жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша Республика Үкіметі мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есептерін тыңдауға және Үкімет мүшесі Республика заңдарын орындамаған жағдайда Палаталар депутаттары жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен оны қызметтен босату туралы Республика Прөзидентіне жүгінуге хақылы, егер Республика Президенті мұндай өтінішті қабылдамай тастаса, онда депутатгар Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің көпшілік даусымен алғашқы өтініш берілген күннен бастап алты ай өткеннен кейін Республика Президентінің алдында Үкімет мүшесін қызметтен босату туралы мәселені кайталап қоюға хақылы. Мұндай жағдайларда Республика Прөзиденті Үкімет мүшесін қызметтен босатады».
Пайдалану құқық нормаларын іс жүзіне асырудың әдісі ретінде оның субъектілеріне мемлекеттік органдар, мемлекеттік емес ұйымдар да жатады.
Құқық нормаларын іс жүзіне асыруының төртінші әдісіне құқық нормаларын қолдану жатады. Адам құқық нормаларын өзіне-өзі қолдана алмайды. Құқықты қолдану мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғаларға берілген құзыр. Сондықтан құқық нормаларын қолдану оларды іс жүзіне асырудың тәсілі болып саналады. Тәжірибеде құқық қолдану мынандай ерекшеліктерге ие:
- Құқық қолдану әрқашанда арнайы өкілеттілікке ие болған мемлекеттік органдардың (сот, прокуратура, полиция, әділет және т.б.) біліктілік қызметтері және функциялары арқылы іс жүзіне асырылады.
- Құқық қолдану арқылы мемлекет субъектілердің құқық нормаларын сақтауға, орындауға міндеттейді, бұзылған, қол сұғылған құқықтар мен игіліктер қалпына келтіріледі.
- Мемлекет құқық қолдану барысында тек ғана заңға бағынуы тиіс. Заң бұрмаланып қолданылған құқықтық нормалар адам құқықтарын аяққа таптауға және бассыздық пен заңсыздыққа әкеп соқтырады. Мысалы, құқық қолдану барысында қамауға алу, айыпкерге жасаған әрекетіне қатысы жоқ құқық нормасын телу, әділетсіз үкім шығару және т.б. әрекеттер. Сондықтан құқық қолдану құзырына ие болған мемлекеттік қызметтегі лауазымды тұлғалардың «саяси аппараттың қызметі жеке адамдардың қызметіне, беделіне негізделуге тиіс. Беделсіз жеке адамның мемлекеттік билік жүргізу құқы жоқ…мемлекетті басқару арнайы кәсіби дайындықтан өткен, сауатты, беделі мол жеке адамдарға берілуі ең негізгі талап… Мемлекетті басқару аппаратты міндеттерін мүлтіксіз атқару үшін сол жүйенің лауазымды адамдары ең алдымен мемлекеттік, ұлттық мүддеге кіршіксіз таза көңілмен қызмет етуге тиіс. Жеке бастың пайдасын ойлау, лауазымды мемлекеттік қызметті қара бастың қамына пайдалану — халыққа, мемлекеттік құрылымға қарсы жасалған және заң алдында жауапқа тартылуға тиісті зиянкестік».
- Құқық қолданудың негізгі сатылары
Құқық қолдану құқық нормаларын іс жүзіне асырудың ең маңызды тәсілдерінің бірі. Құқық қолдану күрделі процесс ретінде бірнеше сатылардан тұрады және оларға қойылатын талаптар өте зор. Құқық қолданудың бірнеше сатылардан өтуінің негізгі мақсаты істі, оқиғаны жан-жақты, терең мағанада ұғыну, зерттеу және сол арқылы қателіктер мен әділетсіздікке жол бермеу болып табылады. Құқық қолдану мынандай сатылардан тұрады.
Бірінші сатысы — қаралатын істі жан-жақты зерттеу, танып білу. Бұл сатыда құқық қолданатын орган болған жағдайларды дәлелдер мен айғақтардың қорытындыларын зерттей келе жағдайлардың, болған оқиғалардың шынайы көрінісін жасау болып табылады. Мысалы тергеуші прокурор, судья шағым, қозғалған іс бойынша болған істін мән-жайларын толыққанды дәрежеде зерттеп, материалдарды, алынған ақпараттарды салыстырмалы мағынада пайдалану барысында ақиқатты анықтайды. Бұл сатыда құқық қолданатын органдар мынадай мәселерге назар аударады:
- Қаралып отырған іс сол органның құқықтық құзырына жата ма, әлде жатпай ма?
- Істі зерттеу барысында лауазымды тұлға, мемлекеттік органдар тек заңдылық шеңберінде өз қызметтерін атқарулары тиіс. Заңды бұрмалау арқылы алынған айғақтар мен информациялар заңсыз деп танылуы тиіс.
- Жан-жақты зерттеу құқық қолданатын лауазымды тұлғаға өте жауаптылықты жүктейді. Үстірт біржақты, немесе бұрмалаушылық таныту арқылы қарау мемлекеттік органның халық алдында беделін түсіруге тікелей жол ашады, заңсыздық пен бассыздыққа әкеліп соқтырады.
- Жасалған қорытындылар міндетті түрде дәлелдер негізінде нақтыланулары тиіс.
- Қаралып отырған іс бойынша адам құқықтары қатаң сақталуы тиіс.
Екінші сатысы — қаралып отырған іске, оқиғаға, сол қатынастарды реттейтін, қорғайтын құқық нормасын табу және жасалған әрекеттің квалификациясын дәлме-дәл беру. Бұл саты ең күрделі және құқық қолданатын лауазымды тұлғалар мен мемлекеттік органдардан асқан жауапкершілікті және білімділікті талап ететін сәт болып табылады. Мысалы, судья қылмыстық, немесе азаматтық істі қарау барысында субъектінің жасаған әрекеттерін реттейтін, немесе сол әрекеттің қандай құқық нормаларындағы диспозицияларға дәлме-дәл сай келетінін мұқият зерттеп, баға беру арқылы қвалификациясын жасайды, яғни құқық қолданады.
Үшінші саты — құқық қолдану кесімін шығару. Кесім мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың мәртебелері мен құқықтық жағдайларына байланысты жарлық, өкім, шешім, бұйрық, үкім болуы мүмкін. Мысалы, Қазақстан Республикасының Президенті он бала туған ананы «Алтын алқа» орденімен марапаттау туралы Жарлық шығарады, немесе жұмыста қыдырымпаздық жасаған субъектке сөгіс, қатан сөгіс, тіпті жұмыстан, қызметтен шығару туралы бұйрық шығарады, судья қылмыс жасаған адамға үкім шығарады. Аталмыш мысалдардың бәрі құқық қолдану кесімдері болып табылады.
Құқық қолданудың төртінші сатысы — кесімдерді іс жүзіне асыру, яғни олардың нақтылы мерзімде орындалуын қамтамасыз ету. Егер құқық қолдану кесімі іс жүзіне аспаса, орындалмаса бүкіл құқық қолдану процесінің қызметі зая кетеді, тек тілек ретінде қағаз жүзінде қалып қояды. Мысалы, судьяның шығарған үкімі, немесе қабылдаған шешімі міндетті түрде орындалуы тиіс. Сотталған адам түрмеде жазасын өтейді, алимент кесу туралы шығарылған судьяның шешімі мұқтаж болған балаға әкесінен, не шешесінен ақы берілуі тиіс.
Заң әдебиетінде құқық қолдану кесімдері негізінде екі түрге бөлінеді. Біріншісі — реттейтін және екіншісі құқық қорғайтын. Реттейтін құқық қолдану кесімдері өмірдің барлық салаларын қамтиды және кең, ауқымды салалар мен қатынастарға әсер етеді. Атап айтқанда экономика, әлеуметтік, саяси, қатынастарды реттеу, дамыту сияқты мәселерге байланысты қолданылады. Мысалы, аудандық әкім Қазақстан Республикасының Жер кодексі негізінде арнайы бір аудан аумағын экологиялық зардаптардан сақтау туралы шешім шығарады. Бұл құқық қолдану кесімі реттейтін түрге жатады.
Құқық қорғайтын кесімдерге негізінде құқық қорғайтын арнайы мемлекеттік органдардың (сот, прокуратура, ұлттық мемлекеттік қауіпсіздік, полиция, тергеу) шығарған кесімдері жатады.
- Құқықтағы кемшіліктер және оларды толықтырудың тәсілдері
Құқық қорғау органдарының тәжірибесінде кейбір жағдайларда өмірде болған жағдайлар, немесе құқықтық қатынасқа түскен субъектілердің мінез-құлықтары құқық нормаларымен реттелмеуі мүмкін. Себебі өмір кең болғандықтан заң шығаратын орган заңнамада адамдардың барлық қимыл-әрекеттерін қамти алмайды және құқық нормаларында бекітуіне мүмкіндігі жоқ. Қоғамдық қатынастар күрделі, шиеленісті, ауқымды, адамдардың саналық қызметтері мен әрекеттерінен қалыптасады. Бір әрекет бір әрекетке ұқсамайды, дара, ерекше сипаттарға ие. Жаңа қалыптасқан қоғамдық қатынастар құқықтық вакумды қалыптастырады, жаңа құқықтық норманы қабылдауды талап етеді. Құқықтағы кемшіліктер мынандай себептерден қалыптасады:
- Құқық жасайтын органдардың құқық нормаларын қабылдау кезінде заң ғылымының жетістіктерін ескермеу және оны пайдаланбау.
- Лоббизмнің әсерінен, немесе оның тікелей ықпалынан, бір ғана топтың, мүдденің құқық нормаларында бекітілуі. Мысалы, бір заң жобасын парламентке бір партийный, мемлекеттік органның тікелей ықпалымен, араласуымен және депутаттарға әсер ету, қысым жасау арқылы қабылдануы.
- Құқық нормаларының мәтінінің түсініксіз болуы, соның нәтижесінде құқық қолдану барысында түсінбеушіліктің пайда болып, бұрмалауға әкеліп соқтыруы.
Міне, осындай жағдайларда құқықтағы кемшіліктерді толықтыру мәселесі туындайды. Мемлекет және құқық теориясы кемшіліктерді толықтырудың екі түрін пайдаланады:
Біріншісі — заң аналогиясы (ұқсастығы), екіншісі — құқық аналогиясы.
Заң аналогиясы дегеніміз өмірде болған жағдайлар мен оқиғалардың құқық нормаларында көрсетілмегендігіне байланысты ұқсас норманы қолдану.
Мысалы, бір адам қоғамға қауіпті бір әрекет жасады, бірақ оның сол мінез-құлқы құқық нормаларында нақтылы бекітілмеген. Сондай жағдайда ұқсас норма қолданылады. Бірақ, Қазакстан Республикасының Конституциясының 77-бабының 10-тармағы:«Қылмыстық заңды ұқсастығына қарай қолдануға жол берілмейді»деп атап көрсеткен. Бұл Конституциялық норма Қылмыстық кодекстің 9-бабында дәлме-дәл қайталанып берілген.
Құқықтың аналогиясы дегеніміз нақтылы қаралып жатқан іс бойынша ұқсас құқықтық норманың жоқ болуына байланысты қабылданған құқықтық қағидалар негізінде шешім қабылдау.
Жалпы теорияда құқық аналогиясын қолдануға жол берілмейді. Бұл көрініс негізінде жаңа қалыптасып, құрылып келе жаткан құқықтық жүйелерге тән қасиет. Мысалы, Қазаң төңкерісінен кейін Кеңес өкіметі жаңа құқық жүйесін қалыптастырғанға дейін құқық аналогиясын құқық қорғау органдардың тәжірибесінде жиі пайдаланды. Өркениетті, құқық жүйесі дамыған мемлекеттерде аналогияға жол берілмейді, адам құқын аяққа таптау, заңдылықты өрескел бұрмалау болып саналады.
- Заң коллизиясы және құқық нормаларының бәсекелестігі
Мемлекет қабылдаған құқық нормалар қоғамдық қатынастарды реттеу барысында бірін-бірі қайталауы әбден мүмкін. Соның салдарынан оларды қолдану барысында шиеленісті қайшылықтар тууы әбден ғажап емес. Теорияда заң коллизиясы деп бір қоғамдық қатынастарды реттейтін нормативтік құқықтық кесімдердің арасындағы қайшылықтарды айтады. Заң коллизиясы осы күнге дейін көптеген мемлекеттерде кездеседі. Оның негізгі себебі құқық жасау барысында құқықтық сауа-сыздықтан туындайды. Жалпы қабылданған ереже бойынша заңдар коллизиясы пайда болған жағдайда мынандай ереже қолданылады:
- Егер Конституция мен Парламент қабылданған заңдар арасында қайшылыктар пайда болса, Конституцияның нормалары қолданылады. Негізгі заңның басқа нормативтік-құқықтық кесімдерге қарағанда ең жоғары күші бар.
- Егер заң мен заңға сәйкес қабылданған нормативтік құқықтық кесімдердің арасында қайшылықтар туса, заң іс жүзіне асырылады, қолданылады. Мысалы, Қазақстан Республикасының Президентінің шығарған жарлығы Парламент қабылдаған заңға қайшы келген болса, заң қолданылады.
- Құқықтық мәртебесі жағынан төмен тұрған органның шығарған кесімдері жоғары органдардың нормативтік құқықтық кесімдеріне қайшы келетін болса, жоғарғы органның шығарған кесімдері қолданылады.
- Әр кезде бір органмен қабылданған кесімдер арасында қайшылықтар туған болса, соңғы қабылданған нормативтік құқықтық кесімдер пайдаланылады. Бұл ежелгі Рим құқы қалыптастырған ереже. «Lex posterior derogat priori (Лекс тостэриор дэрогат приори» — кешірек қабылданған заңмен ерте қабылданған заң жоққа шығарылады).
- Егер бір орган қабылданған нормативтік-құқықтық кесімдер арасында қайшылықтар пайда болса, жалпы кесім емес, арнайы қабылданған кесімдер қолданылады. Бұл туралы Рим заңгерлері: «Lex specialis derogat generali» — арнайы заң жалпы заңның қолдануын жоққа шығарады» (лекс спэциалис дэрогат гэнэрали).
- Егер жалпы және арнайы нормативтік құқықтық кесімдер арасында қайшылықтар туса және олар әр түрлі органдармен қабылданған болса, жалпы кесім қолданылады.
Сонымен қатар мемлекет және құқық теориясында құқық нормаларының бәсекелестігі деген мәселе бар. Бұл туралы академик В.Н.Кудрявцев былай дейді: «Құқық танушылар екі норма бір мағынадағы ережені бекіткенде «нормалар бәсекелестігі» дегенді айтады. Кейбір жағдайда бұл пайдалы. Бірақ, кейде басқаша болады: жаңа нормалар іс жүзіндегі нормалар жүйесін еске алмай қабылданады». Жалпы құқық қорғау органдарының тәжірибесінде құқық бәсекелестігі сирек кездеседі.
Қолданылған әдебиеттер тізімі
- Ю.В.Мухина. Проблемы юридических коллизий.// Сибирский юридический вестник. 2003, №2.
- Общая теория права и государства. М., 2002.
- Т.Л.Падалко. Способы предложения пробелов в праве. Спб., 2000.
- Н.В.Попова. Пробелы в праве: Основные проблемы судебной практики. Спб., 2002.