ҚҰҚЫҚТЫҚ НОРМАЛАР
Жоспары
Кіріспе
- Құқықтық норманың түсінігі мен мазмұны
- Құқықтық норманың құрылымы, жүйелері және түрлері
- Қазақстан Республикасының нормативтік актілері
Қорытынды
Қолдаланылған әдебиеттер тізімі
Кіріспе
Құқықтық норма – қоғамдық қатынастарды реттеуге қолданылатын әлеуметтік ережелердің бір түрі. Ол бүкіл халықтың мүддесін қорғаудың, мемлекеттің билігін, саясатын іс жүзіне асырудың құралы. Құқықтық норма қоғам мүшелерінің мінез-құлқын, іс-әрекетін арнайы ережелермен реттейді.
Жеке дара норма немесе нормалардың бір жүйесі құқық бола алмайды. Құқық деп қоғамның билігін, саясатын, мүддесін іс жүзіне асыруды толық қамтыған нормативтік актілердің жиынтығын айтамыз. Сонда да жеке дара құқықтық норманың маңызы зор. Оның мазмұны өте күрделі мәселелерді: қоғамдық мүддені, саясатты, мемлекеттік билікті, бостандықты, теңдікті, әділеттікті, адамгершілікті, заңдылықты, тәртіпті, білімді, ғылымды, рухани сананы, халықтың әлеуметтік жағдайын, денсаулығын т.б. демократиялық іс-әрекеттерді біріктіреді.
- Құқықтық норманың түсінігі мен мазмұны
Құқықтық норма қоғам мүшелерінің мінез-құлқын, іс-әрекетін арнайы ережелермен реттейді. Құқықтық норма – қоғамдық қатынастарды реттеуге қолданылатын әлеуметтік ережелердің бір түрі. Ол бүкіл халықтың мүддесін қорғаудың, мемлекеттің билігін, саясатын іс жүзіне асырудың құралы.
Құқық – жалпыға бірдей міндетті, мемлекетпен қамтамасыз етілетін, қоғамдық қатынастарды реттейтін нормалардың жиынтығы. Құқықтық норма – құқықтың бір клеткасы, қоғамдық қатынастарының жақсы дамуының үлгісі деуге болады. Ол адам істерінің, жұмысының, тәртібінің шеңберін анықтап, олардың бостандығын және қарым-қатынасын реттеп, басқарып отырады.
Адамдардың бостандығын реттейтін норма екі тұрғыдан қарастырады: бірінші – адамдардың өздерінің, өз істерін, өз тәртібін жобалау – жоспарлауы (ішкі бостандық); екінші – өз мүдде-мақсаттарын өздері анықтап, оны өздерінің жүзеге асыруы (сыртқы бостандық).
Қоғамдағы барлық процесс, барлық қарым-қатынастар құқықтық нормалар арқылы реттеліп, басқарылып жатады. Нормативтік актілер әлеуметтік жеке мемлекеттік ықпал ету қасиеттерін біріктіріп, қоғамның дұрыс, жағымды дамуына, жалпы халықтық тәртіптің нығаюына мүмкіншілік жасап отырады.
Құқықтық норманың негізгі сипаттары:
- Норма қоғамға, адамдарға ең қажетті, керекті қарым-қатынастарды реттеп, басқарып отырады. Ол қатынастардың басым көпшілігі бостандықты, әділеттікті, теңдікті, адамгершілікті және қоғамның экономикалық, саяси, әлеуметтік, рухани, мәдени т.б. даму бағыттарын қамтып, реттеп, басқарады. Бұл басқарудың негізгі бағыттары, қағидалары Конституцияда және заңдарда көрсетілген.
- Норма көп қатынастардың мазмұнын, орындалу бағыттарын, әдіс-тәсілдерін алдын ала анықтап, көрсетіп отырады. Болашақ қатынастың, оны реттеудің, орындалуының «үлгісін» жасайды. Міне осы «үлгілерді» зерттеу арқылы ғалымдар мемлекеттердің өткен тарихымен танысып жатады.
- Нормативтік актілердің көпшілігі өзгермей қатынастарды көп жылдар дұрыс, жақсы реттеп, басқарып тұрақты нормаға айналады. Бұл екі жақты әлеуметтік тұрақты процесті типизация деп атайды. Мұның маңызы өте зор. Заңдылықты нығайтуға, құқықтық тәртіпті сақтауға зор үлес қосады.
- Нормативтік актілер жалпы мемлекеттік норма, оның орындалуы жалпы қоғамдық міндет, оны халық түсінеді, біледі. Сондықтан олар ол нормалардың дұрыс орындалуына үлес қосады.
Құқықтық норманың жоғарыда көрсетілген сипаттары, оның мазмұнын, маңызын, қоғамдағы қарым-қатынастарды реттеп, басқаруын толық түсінуге болады.
Құқықтық нормалардың белгілері:
- Норма мемлекеттік органның қабылдаған бекіткен актісі, оның заңды күші бар. Мұндай нормалар қоғамдағы тәртіптің үлесіне айналады. Өйткені ол нормаларды халықтың басым көпшілігі дұрыс орындайды.
- Нормада субъектілердің құқығы мен міндеттері, орындалу жолдары толық көрсетіледі. Егер де көрсетілмесе субъектілердің өз еркінде, тек заңға нышан келтірмеулері керек.
- Норма ерікті түрде орындалмаса, еріксіз орындатылуы.
- Құқықтық нормалардың жүзеге асырылуын, орындалуын мемлекет қамтамасыз етеді.
- Құқықтық норма адамдардың, қоғамның тәртібінің кепілдігі болуы.
Құқықтық нормасыз қоғамда ешқандай дәрежелі заңдылық, тәртіп, жоспар, мағыналы, сапалы қарым-қатынас болуға тиіс емес. Құқықтық норманың мазмұны толық болуы керек. Сонда ғана оны дұрыс орындауға болады. Өмірде мазмұны толық емес нормалар кездеседі. Бір нормада қатынастың мазмұны көрсетіледі, екіншісінде – оны қашан, қандай жағдайда қолдануды көрсетеді, үшіншіде – қолдану нәтижесін көрсетеді. Үшеуін біріктірсе бір толық норма болып шығады. Мұндай норманың құрылысы өте сирек кездеседі. Нормалардың басым көпшілігі толық түрде болады. Егерде толық болмаса, жетіспейтін элементтерін сілтеме арқылы тауып алуға болады.
Сонымен, кұқықтық норма – қоғамдағы қатынас субъектілерінің құқықтары мен міндеттерін реттеп, басқарып отыратын жалпыға бірдей мемлекетпен қамтамасыз етілетін ереже-қағида.
- Құқықтық норманың құрылымы, жүйелері және түрлері
Негізгі заңды нормаларда элементтердің мазмұны норманың кіріспесінде немесе бірінші бабында толық көрсетіледі. Мысалы, Қазақстан Республикасының «Салық туралы» заңында норманың элементтері 1-бабында көрсетілген.
Тәртіп ережелерінің нормаларында элементтер нормативтік актілердің баптарында, бөлімдерінде көрсетіледі. Құқықтық нормалардың элементтері: диспозиция, гипотеза, санкция.
Диспозиция – қатынастың мазмұны мен субъектілердің құқығы мен міндеттерін көрсетеді. Диспозиция норманың діңгегі, құқықтық тәртіптің үлгісі-моделі. Мысалы, КР, АЗК, 482 б. Екі немесе көп жақты мәмілелер мен шарттардағы тұлғалардың міндеттері мен құқықтары айқын көрсетілуі. Диспозицияның үш түрі болады:
— жалпылама түрі – нормада субъектілердің құқығы мен міндеттері айқын көрсетілмейді; мысалы жұмыссыздық туралы заңда республикалық, облыстық, аудандық органдардың міндеттері жалпылама көрсетілген;
— айқын түрі – диспозицияның мазмұны нормада анық көрсетіледі. Мысалы, қылмыстық кодекстің баптарына диспозицияның мазмұны толық көрсетіледі;
— сілтеу түрі – диспозицияның мазмұны туралы басқа нормаға сілтеу жасалады. Мысалы, азаматтық кодекстің бірнеше баптарына сілтеме қолданады.
Гипотеза – диспозиция қашан басталады, аяқталады, нормативтік акті қалай орындалуы керек, осы жағдайларды көрсетеді. Мысалы, бұзақылық үшін жауапқа тартылатын адам қоғамдық тәртіпті бұзуы керек (КР, ҚК-7 б.). Гипотезаның үш түрі болады:
— егерде норманың іс-әрекеті бір жағдайдың болуы немесе болмауымен байланысты болса, мұндай гипотезаны жалпылама деп атайды;
— егерде норманың жұмысы бірнеше жағдайдың болуы немесе болмауымен байланысты болса, ондай гипотезаны – күрделі гипотеза деп атайды;
— егерде норманың, іс-әрекеті бірнеше жағдайдың біреуін таңдау арқылы басталса, мұндай гипотезаны альтернативтік гипотеза деп атайды.
Санкция – диспозиция мен гипотеза дұрыс орындалмаса, оның жағымсыз салдары және жауапкершіліктің басталуы мен қолдануы. Санкцияның үш түрі болады:
— абсолютті айқын санкция: жұмыстан шығару, қызметін төмендету, айып төлеу т.б.;
— салыстырмалы айқын санкция: минимум мен максимумның арасындағы жауапкершілік (қылмыстық кодекстік баптар);
— альтернативтік санкция. Санкцияның көрсетілген түрлерінің қайсысын қолдану тиісті мекеменің еркін құзырында.
Осы үш элементтер толық болса ғана нормативтік акті өз міндетін, өз рөлін дұрыс, уақытында, жақсы орындай алады. Егерде нормада бір екі элементтері жоқ болса, сілтеме арқылы оларды тауып алу керек.
Нормативтік актілердің жеке баптарында норманың элементтері толық болмайды. Конституцияның баптарында тек гипотеза мен диспозиция ғана болады. Қылмыстық кодексте тек диспозиция мен санкция ғана болады. Іс жүзінде норманың элементтері нормативтік актінің әр баптарында болуы мүмкін немесе бірнеше нормативтік актілердің баптарында болуы мүмкін. Оны тауып алуға болады.
Құқықтық нормалардың элементтерінің кұрылу тәсілдері.
- Тікелей норманың үш элементін (гипотеза, диспозиция, санкция) толық келтіру. Мұндай тәсіл нормативтік актілердің көбінде қолданылады. Бұл құқықтық нормалардың іске асуын, орындалуын жеңілдетеді.
- Сілтеме тәсіл норманың жетіспейтін элементі туралы осы заңның басқа бөліміне, тарауына, бабына сілтеме жасалады.
- Бланкеттік тәсіл-норманың жетіспейтін элементі туралы басқа заңға, қаулыға сілтеме жасау.
Сонымен құқықтық норма, заңның немесе нормативтік актілердің баптарында элементтердің толық болмауы мүмкін. Оларды міндетті түрде іздестіріп табу қажет.
Құқықтық нормалар бірнеше түрге бөлінеді:
- Қоғамның әр саласына қарай өндірістік, ауыл-шаруашылық, құрылыс, мәдениет, экономика, әлеуметтік, білім, ғылым т.б. бағыттағы нормалар.
- Құқықтың саласына қарай мемлекеттік, әкімшілік, қаржы, еңбек, жанұя, азаматтық, қылмыстық, азаматтық-процессуалдық, қылмыстық-процессуалдық т.б. саладағы нормалар.
- Атқаратын жұмысына қарай нормалар екіге бөлінеді: реттеуші нормалар; қорғаушы нормалар.
- Мазмұнына қарай нормалар үшке бөлінеді: міндеттеуші нормалар; тыйым салушы нормалар; ерік беруші нормалар.
- Норма элементтерінің құрылымына қарай нормативтік актілер үшке бөлінеді: нақты белгілі нормалар – мазмұны толық анық жазылған элементтері түгел; салыстырмалы нормалар – мазмұны, элементтері түгел емес, мәселені болған істің жағдайына қарай шешу; балама (альтернативтік) нормалар – істің орындалуының, норманың жүзеге асуының бірнеше бағыты, әдісі болуы.
- Субъектілеріне қарай нормалар екіге бөлінеді: жалпылама нормалар, арнаулы нормалар.
- Мамандандырылған құқықтық нормалар – қоғамның мамандық салаларының қарым-қатынасын реттеп, басқаратын нормалар. Мысалы, азаматтық, қылмыстық, заңгерлер, дәрігерлер, мұғалімдер, инженерлер бағыттағы нормалар.
Міне осы көрсетілген бағыттар бойынша құқық өзінің күнделікті қоғам өмірін реттеп, басқарып отырады. Мазмұны жағынан құқық нормалары зандылық пен құқық тәртібі, азаматтардың құқығы мен міндеттері, зандарды өзгерту, жетілдіру, толықтыру жөніндегі пікірлер мен көзқарастарды жинақтап құқықтың қоғамдағы міндеттерін орындаудағы жұмысын дамытып, жақсартып отырады. Құқықтық нормалардың мүлтіксіз орындалуы азаматтарды тәрбиелеу, бақылау әдістерімен қатар әкімшілік немесе соттық жауапқа тарту арқылы қамтамасыз етіледі.
Құқықтық норма — қоғамдық қатынастарды реттеуге қолданылатын әлеуметтік ережелердің ең күрделі түрі.
- Қазақстан Республикасының нормативтік актілері
Қазақстан тәуелсіздікке қолы жетіп, егеменді мемлекет құру кезінде құқықтың даму процесі басталып, аяқталмаған жағдайда нормативтік актілердің дамуын жан-жақты зерттеп жақсы түсінуге толық мүмкіншілік бар.
Өткен тақырыптарда көрсетілгендей құқық пен мемлекет қоғамның экономикалық, әлеуметтік даму процесін, жеке және заңды тұлғалардың қарым-қатынастарын реттеп, басқару үшін өмірге келді. Бұл объективтік процесс. Сондықтан құқықтың қоғамда қалыптасуы үш бағытта дамиды. Қазақстан Республикасының құқығы да осы үш бағытта дамуда:
— қоғамда өмірге келіп, қалыптасқан қатынастарды реттеп, басқару үшін құқықтық нормалар қабылданып, қызмет жасауда;
— қоғамның объективтік даму процесінің болашағын болжап, оларды басқару үшін алдын-ала нормативтік актілерді дайындау;
— қоғамның өткен дәуірін ғылыми тұрғыдан зерттеп заңды тәжірибелік қорытындылар жасап, құқықтық нормалардың сапасын жақсарту.
Құқықтық нормалар қоғамның экономикалық-әлеуметтік қажеттіліктері арқылы өмірге келіп құқықты қалыптастырады. Құқық тек қоғамның әлеуметтік-экономикалық даму процесін басқарумен шектелмейді. Сонымен бірге адамдардың және занды тұлғалардың қарым-қатынастарында реттеп, басқарып отырады.
Осы процесте халықтың, ұйымдардың қоғамның дамуы қажеттілігін, тілектерін жақсы дұрыс түсінуін – объективтік құқық дейді. Ал сол объективтік процесті нормативтік актілер арқылы басқаруды – субъективтік құқық дейді.
Бұл екі процестің арасында тығыз байланыс, бір-біріне тәуелділік, іс-әрекетінде бірлестік болады. Бұларсыз объективтік және субъективтік процесс дұрыс, жақсы дамымайды. Сондықтан мемлекет бұл процестің біржақты дамуына жол бермеуге тиісті. Субъективтік құқықтың белгі-нышандары:
— субъектілердің құқықтарының заңды түрде болуы;
— ол құқықтарды іске асыруға, пайдалануға мумкіншіліктің болуы;
— субъектілердің бостандығы, құқықтарының дұрыс дамуы мемлекеттің бақылауында, қорғауында болуы.
Қазақстан мемлекетінің құқығының объективтік және субъективтік қалыптасу жолдары осыңцай. Бұл жолмен әлемдегі барлық мемлекеттер де өтті. Құқықтың даму негіздері де, нысаны да ұқсас деуге болады. Тек аздап ерекшеліктері бар. Мысалы, біздің Қазақстан мемлекетіміздің құқығының даму процесінде діни нормалардың тәжірибесін және прецеденттік нормаларды өте аз пайдаланады. Дамыған елдердің демократияны дамыту тәжірибелерін өте кең пайдаланамыз. Қазақстан Республикасының құқық нысанының түрлері:
— құқықтық әдет-ғұрып, салт-дәстүр;
— құқықтық прецедент;
— нормативтік шарттар;
— нормативтік құқықтық актілер.
Қазақстан мемлекетінің нормативтік актілерінің түрлері, жүйелері Конституцияда толығымен көрсетілген. Мемлекеттік органдар, қоғамдық ұйымдар мен бірлестіктер, саяси партиялар, еңбек ұжымдары өздерінің құзыретіне, өкілеттілігіне сәйкес нормативтік актілер шығарады. Олар Конституцияға нұқсан келтірмеуге міндетті. Конституцияның талаптарының дұрыс орындалуын Президенттің аппараты мен Конституциялық Кеңес бақылап отырады.
Республика Конституциясында көрсетілген жағдайда Президент заң күші бар және жай жарлықтар шығарады. Республика Президентінің жарлықтары Конституция мен Республика заңдарының негізінде және оларды орындау үшін шығарылады. Республика Президентінің жарлығымен:
- Республика Президентінің актісін шығаруды талап ететін Президенттің конституциялық өкілеттігі жүзеге асырылады.
- Конституцияда және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілік заңдарында белгіленген мемлекеттік биліктің барлық тармағының үйлесімді жұмыс істеуін қамтамасыз ету мәселелері шешіледі:
- Парламенттің заңды міндетіне кірмейтін, сондай-ақ Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдардың заңда көрсетілген міндеттеріне жатпайтын мәселелерді құқықтық жүйелендіру жүзеге асырылады.
- Республиканың экономикалық және саяси-әлеуметтік дамуы жөніндегі стратегиялық мәселелер бойынша шешімдер қабылданады.
Республика парламентінің актілері: Парламент Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар Республиканың заңдары, оның ішінде Парламенттің Конституциялық және заңдарды қолдануды енгізу мәселелері жөніндегі Парламенттің нормативтік қаулылары түрінде заң актілерін қабылдайды, Парламент, өз құзыретіндегі мәселелер бойынша, сондай-ақ дара сипатты қаулылар қабылдайды.
Парламент пен Палаталар өз құзыретіндегі мәселелер бойынша үндеулер, декларациялар, мәлімдемелер және заңдық сипаты болмайтын өзге де актілер қабылдауға хақылы. Парламент заң актілерін және басқадай актілерді палаталар бірлескен отырыстарында қабылдаған кезде дауыс беру Палаталар бойынша бөлек жүргізіледі.
Үкімет актілері – заңдардың және Республика Президенті актілерінің негізінде және соларды орындау үшін шығарылатын Үкіметінің нормативтік актілері және жеке қаулылары. Үкімет актілері алқалық отырыстарында дауыс беру арқылы қабылданады, оған Премьер-Министр қол қояды. Премьер-Министр өз құзыреті бойынша жеке өкімдер шығарады. Үкімет қаулыларының және Премьер-Министрдің өкімдерінің Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші болады. Үкімет қаулыларының күшін Республика Президенті мен Үкіметтің өзі, ал Премьер-Министрдің өкімдерінің күшін Республика Президенті немесе Премьер-Министр жоя алады.
Жоғарғы сот актілері – Республика сот билігінің жоғарғы органының заңды нысанда еркін білдіруі. Бұл Жоғарғы Соттың Президимуы, Пленумдары мен Төралқасының қаулылары мен өзге де актілері. Сот практикасының мәселелері бойынша соттарға түсінік беретін нормативтік актілерді Республикасының Жоғарғы Сот Пленумының қабылдауға хақысы бар.
Министрлік-ведомстволар өз құзыреті бойынша бұйрық, нұсқау береді. Өздерінің жүйесінде бұл актілердің заң күші болады. Олардың орындалуын өздері бақылап отырады.
Жергілікті мемлекеттік басқару органдарының актілері – Кеңестер, Мәслихаттар өз құзыретіндегі мәселелер бойынша шешімдер, ал губернатор, әкімдер – тиісті әкімшілік-аумақтық бөліністің аумағында орындалуға міндетті шешімдер мен өкімдер қабылдайды. Конституцияға сәйкес мәслихаттардың жергілікті бюджет кірісін қысқартуды немесе шығысын ұлғайтуды көздейтін шешімдерінің жобалары әкімнің оң қорытындысы болған кезде ғана қарауға енгізілуі мүмкін.
Парламентгік Республика. Заң жүзінде жоғарғы өкімет органы парламент, сайлауда жеңіп шыққан саяси партия өкілдерінен Үкімет құрылады. Үкімет өз жұмысы жөнінен парламентке бағынышты және оның алдында есеп береді. Парламент конституциялық, төтенше тағы басқа заңдарды қабылдайды, бекітеді, қаулылар қабылдайды, шығарады.
Мемлекеттің басқа органдарының (президенттің, үкіметтің, премьер-министрдің, сот органдарының, жергілікті басқару органдарының т.б.) нормативтік актілер шығару, қабылдау, бекіту құзыреттері Президенттік Республикадан көп айырмашылығы жоқ. Қазақстан 1993ж. Конституция бойынша Парламенттік Республика, 1995 ж. екінші Конституцияға сәйкес – Президенттік Республика болды.
ҚҰҚЫҚТЫҚ НОРМАНЫ ҚОЛДАНУ АКТІСІ
Құқықтық норманы қолдану
Қорытынды
Құқықтық нормалардың элементтері бірігіп, оның құрылымын қалыптастырады. Бірақ ол элементтердің болуы, тізілу қатары, бағыты, мақсаты нормативтік актілердің түріне байланысты. Құрылымы жөнінде құқықтық нормалар екі түрге бөлінеді: негізгі заңды нормалар және тәртіп ережелерінің нормасы.
Құқықтық норманың құндылығы:
— құқықтық нормалар қоғамды реттеп, басқарудың құралы, сол арқылы адамдардың, заңды тұлғалардың қарым-қатынастарына дұрыс бағыт беріп отырады;
— құқықтық нормалар қоғамдық құрылыс жүйені қорғаудағы ең сапалы құрал, нормативтік актілер қоғамға зиянды іс-әрекеттерге жауапкершілікті күшейтіп отырады;
— құқықтық нормалар қоғамның дамуына пайдалы қатынастарды қолдап, қолайсыздарын қысқартып, экономиканың, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына мүмкіншілік жасап отырады;
— құқықтық нормалар қоғамда әділеттікті, теңдікті, бостандықты т.б. демократиялық қағидаларды қалыптастырады;
— құқықтық нормалар халықаралық, мемлекетаралық байланысты, қатынасты жақсартудың құралы.
Қолдаланылған әдебиеттер тізімі
- Қазақстан Республикасының Конституциясы. Алматы, 1995 ж.
- Қазақстан Республикасы Конституциясының түсіндірме сөздігі.
- Бейсенова А., Біржанова К. Қазақстан Республикасы мемлекет және құқық негіздерін оқып үйренушілерге көмек. Алматы: Жеті Жарғы, 1997.
- Сапаргалиев Г.С. Основы государства и права Казахстана. Алматы, 1994.
- Сапаргалиев Г.С. Заң терминдерінің сөздігі. Алматы: Жеті Жарғы, 1996.
- Ибраева А.С. Заң терминдерінің қазақша-орысша және орысша-қазақша түсіндірме сөздігі. Алматы: Жеті Жарғы, 1996.
- Сапаргалиев Г.С., Ибраева А.С. Мемлекет және құқық теориясы. Алматы: Жеті Жарғы, 1997.
- Сапаргалиев Г.С. Основы государства и права. Учебное пособие. Алматы: Жеті Жарғы, 1997.
- Теория государства и права в схемах и определениях. В.К. Бабаев, В.М. Баранов, В.А. Толстик М.,1998.
- Сапаргалиев Г.С., Ибраева А.С. Мемлекет пен құқық теориясы. Алматы: Жеті Жарғы, 1998.