АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Реферат. Құқықтық нормаларды іске асыру және оларға түсінік беру

 Құқықтық нормаларды іске асыру және оларға түсінік беру

 

Жоспары

Кіріспе

  1. Құқықты іске асырудың түсінігі, оның мазмұны
  2. Нормативтік-құқықтық актілерге түсінік беру

Қорытынды

Қолдаланылған  әдебиеттер тізімі

 

Кіріспе

 

Құқықтық нормалар қоғамдағы сан алуан қатынастарды реттеп, басқару үшін өмірге келіп, өзгеріп, ескеріп, жаңарып, дамып жатады. Ол нормалар адамдардың, бірлестіктердің, одақтардың, ұжымдардың, ұйымдардың іс-әрекеттеріне, жұмысына дұрыс ықпал жасап, қоғамдағы құқықтың жақсы іске асуына, орындалуына зор әсер етеді. Олардың барлығының жұмысын нормаларға сәйкес қоғамдық мүдде-мақсатты орындауға, адамдардың бостандығын, теңдігін қамтамасыз етуге бағытталған іс-әрекет. Құқықтық нормалар іс жүзіне асырылмаса, оның әлеуметтік маңызы болмайды.

Құқықтық норма – қоғамдық қатынастарды реттеуге қолданылатын әлеуметтік ережелердің бір түрі. Ол бүкіл халықтың мүддесін қорғаудың, мемлекеттің билігін, саясатын іс жүзіне асырудың құралы. Құқықтық норма қоғам мүшелерінің мінез-құлқын, іс-әрекетін арнайы ережелермен реттейді.

Жеке дара норма немесе нормалардың бір жүйесі құқық бола алмайды. Құқық деп қоғамның билігін, саясатын, мүддесін іс жүзіне асыруды толық қамтыған нормативтік актілердің жиынтығын айтамыз. Сонда да жеке дара құқықтық норманың маңызы зор. Оның мазмұны өте күрделі мәселелерді: қоғамдық мүддені, саясатты, мемлекеттік билікті, бостандықты, теңдікті, әділеттікті, адамгершілікті, заңдылықты, тәртіпті, білімді, ғылымды, рухани сананы, халықтың әлеуметтік жағдайын, денсаулығын т.б. демократиялық іс-әрекеттерді біріктіреді.

 

 

  1. Құқықты іске асырудың түсінігі, оның мазмұны

 

Құқықтық нормалардың орындалуы адамдардың тек заңды іс-әрекеттерімен немесе әрекетсіздігімен (заңды тиым салынған істерді жасамау) байланысты. Құқықтық нормаларды іске асыруда субъектілер екі топқа бөлінеді: мемлекет, оның органдары және халық, олардың ұйымдары. Құқықтың іске асуы нормативтік актілерді қабылдаудан, бекітуден басталады. Мемлекеттің жоғарғы органдары (парламент, президент) заң қабылдайды; Үкімет, министрлік-ведомстволар, сот және жергілікті басқарушы мемлекеттік органдар заңға тәуелді нормалар қабылдайды. Осы мемлекеттік органдардың бәрі де құқықтық нормаларды іске асыруға, орындауға зор үлестерін қосады.

Заңдарды, заңға тәуелді нормаларды қабылдау, бекіту үлкен істің басталуы ғана. Бұл істің негізгі міндеті сол қабылданған нормативтік актілерді іс жүзіне асыру, олардың мазмұнын шындыққа, ақиқатқа айналдыру. Өйткені бұл нормаларда қоғамның мүдде-мақсаты соған сәйкес мемлекеттің билік-бұйрығы басым орын алады. Бұл процесс құқықтық нормаларды объективтік тұрғыдан іске асыру. Ал, қатынастағы субъектілердің құқығы мен міндеттерінің орындалуын – субъективтік тұрғыдан іске асыру деп түсіну керек.

Құқықтық нормаларды орындаудың нысандары әр түрлі болады. Өйткені нысандардың өмірге келу себептері әртүрлі болады: а) қоғамдағы қатынастардың мазмұны әртүрлі болуы; б) нормативтік актілердің адамдарға әртүрлі әсер етуі; в) норманың ерекше мазмұнының әсері; г) құқықты іске асырудағы субъектілердің құзыреті мен өкілеттігінің әр түрлі болуы; д) субъектілердің құқықтық тәртібінің әр түрлі деңгейде болуы.

Құқықтық нормалардың негізгі мақсаты қоғамдағы қатынастарды дұрыс, уақытында реттеп, басқарып іске асыру. Қоғамдағы барлық қарым-қатынастарға құқықтың, ықпалы, әсері болуға тиіс сол арқылы жақсы дәрежеде жалпы қоғамдық тәртіп, заңдылық қалыптасады. Егер құқықтық нормада бір іс-әрекетке тыйым салынса, ол норма іс жүзінде орындалса, құқықтың мақсаты орындалды деуге болады. Егер құқықтық нормада бір іс-әрекетті жасауға нұсқау берілсе, ол орындалса, құқық өз мақсатына жетті деуге болады.

Құқықтық нормалар мемлекеттік органдардың, адамдардың, қоғамдық ұйымдардың қарым-қатынастары, іс-әрекеттері арқылы орындалып жатады. Құқықтық нормаларды іске асырудың ерекшеліктері:

а) құқықтың әлеуметтік мазмұнына сәйкес қоғамның даму процесін дұрыс реттеп, дұрыс басқаруға мүмкіншілігінің барлығы.

б) нормативтік актілерде көрсетілген іс-әрекеттерді дұрыс, уақытында орындауды қамтамасыз ету механизмінің барлығы. Ол механизм кезендері:

  1. Заңды нормаларды белгілеу құқықтық реттеудің негізі.
  2. Құқықтық қатынастың мазмұнын және субъектілерін анықтау.
  3. Субъективтік құқық пен заңды міндеттердің дұрыс орындалуы туралы акті жасау.

Құқықтық нормаларды іске асыру түрлері:

  1. Норманың мазмұнына қарай орындау үшке бөлінеді: норманың мүдде-мақсатын орындау; жалпы міндет – қағидаларын орындау; нақты құқықтық қатынастағы нақты норманы орындау.
  2. Норманы іске асырудағы қатынастың субъектілеріне сәйкес орындау түрі екіге бөлінеді: жекелік және топтық субъектілердің өз құқығын іске асыру. Құқықтық норманы субъектілердің өз мүдде-мақсатын іске асыру, пайдалану.
  3. Нормативтік актілер ерікті түрде орындалмаса, қоғамдық мүдде-мақсат үшін еріксіз іске асыру. Оның екі түрі болады: әкімшілік-тәртіпшілік және қылмыстық жауапкершілік.
  4. Құқықтық нормаларды іске асыруды саяси және идеологиялық әдіс-тәсілдерді пайдалану. Құқықтық нормалардың басым көпшілігінің орындалуы құқықтық қатынас арқылы реттеліп жатады. Бұл нормативтік актілерді іске асырудағы, ең көлемді, ең күрделі түрі. Құқықты іске асырудың әдіс-тәсілдері:

— нормативтік актілердің басым көпшілігінің ерікті түрде орындалуы (бұл заңның сапалы шығуының және жақсы тәрбиенің, білімнің нәтижесі);

— мемлекеттік аппараттың бақылауы арқылы орындалуы;

— үгіт-насихат арқылы нормалардың іске асуы;

— рухани сана-сезім көтеру арқылы нормалардың орындалуын жақсарту.

  1. Субъектілердің норманы іс жүзіне асыру іс-әрекеттері төрт түрге бөлінеді: сақтау, орындау, пайдалану, қолдану.

Сақтау – нормаларда тыйым салған іс-әрекеттерді субъектілер бұлжытпай орындауға міндетті. Бұл құқықтық қатынастарды реттеп, орындаудағы субъектілердің пассивтік тәртібі немесе заңды әрекетсіздігі. Мұны тыйым салынған нормалардың бұлжытпай орындау нысаны деп атайды.

Орындау – субъектілердің нормада көрсетілген міндеттерді толық орындауды қамтамасыз етуі. Мұнда субъектілер белсенді түрде іс-әрекет жасауға міндетті. Мұндай іс-әрекеттерді норманың орындалуының міндетті нысаны деп атайды.

Пайдалану – субъектілердің ерікті түрде нормативтік актілер арқылы өз мүдде-мақсаттарының орындалуын қамтамасыз етуі. Бұл заңда тыйым салынбаған барлық іс-әрекетті жасауға адамдардың еріктілігі.

Осы көрсетілген үш түрде нормативтік актілер қатынастағы субъектілердің өздерінің іс-әрекетімен немесе әрекетсіздігімен орындалып жатады. Бұл процесті құқықтық норманың тікелей іс жүзіне асырылуы, орындалуы деп атайды. Осы нысан арқылы нормативтік актілердің көпшілігі орындалып жатады. Бірақ, өмірде қоғамдағы қарым-қатынастарды реттеп, басқаруға жоғарыда көрсетілген үш түрі жеткіліксіз. Себебі қоғамдағы қатынастардың субъектілерінің өзара байланысында қайшылықтар, келіспеушіліктер болып жатады. Соларды заңды түрде реттеу үшін мемлекеттің өкілетті органдарының қатысуы объективтік тұрғыдан қажет болады және қоғамдық мүдде-мақсатты, саясатты, билікті іс-жүзіне асыру, орындау мемлекеттің міндеті. Сондықтан бұл міндеттерді мемлекеттік органдар нормативтік актілерді қолдану арқылы орындайды.

 

 

Құқықтық нормаларды іске асыру нысаны

 
   

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Құқықтық норманың түрлері

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ҚҰҚЫҚТЫҚ НОРМА, ОНЫҢ БЕЛГІЛЕРІ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Құқықты қолданудың жоғарыда көрсетілген үш түрден айырмашылығы: 1) қолдану мемлекеттік биліктің басқару, ұйымдастыру күшіне сүйене отырып жүргізіледі; 2) қатынастағы субъектілердің біреуі – мемлекеттік өкілеттігі бар органның болуы; 3) мемлекеттік органның қатысуы заңдылықгы, тәртіпті жақсартуға мүмкіншілік жасайды; 4) кейбір қатынастарда қолдану нормативтік актілерді пайдалану, орындау, сақтау түрлерінің процесіне бірлесіп, ол қатынастардың заңды сапалы аяқталуына үлес қосуы; 5) құқықтық нормаларды қолдану міндетті түрде нормативтік акті жасалумен аяқталуы, оның заңды күшінің болуы.

Құқықтық нормаларды қолдану тек мемлекеттік органдардың және лауазымды тұлғалардың жұмысы. Олар өз құзырының көлемінде ғана басқаруға құқықты. Қоғамдық ұйымдар мемлекет рұқсат берсе ғана құқықтық нормаларды қолдануларына болады. Мысалы, кәсіпшілер одағы өз жұмысында еңбек туралы заңның баптарын қолданады.

Демократиялық мемлекетте нормативтік актілерді қолдануда қатаң тәртіп болады: кім қандай заң қолданады, неге, себебі, уақыты, орны толық көрсетілуге тиіс. Осы мәселелердің, сұрақтардың бәрі мемлекеттің бақылауында болады. Мемлекеттік органдар жеке адамдардың және заңды тұлғалардың қарым-қатынастарына кіріспейді, оларға толық бостандық беріледі.

Мемлекеттік органдардың бұл қатынастарға кірісуге болатын жағдайлар: егерде қатынасты орындау барысында субъектілердің бірін-бірі түсінбеушілігі болса; екі жақты құқықтары мен міндеттерінің дұрыс орындалуын тексеру керек болса.

Құқықтық нормаларды қолдану кезеңдері:

  1. Істің нақты мазмұнымен және жағдайымен танысу, қарым-қатынастың басталуын, субъектілерін анықтау.
  2. Қатынастың заңды негізін анықтау, анализ жасау, іске заңды баға беру.
  3. Іс бойынша шешім қабылдау, құқықты қолдануды, тиімділігін анықтау, және осы рәсімдеу шешімді мүдделі тұлғаларға жеткізу.
  4. Шешімді жүзеге асыру.

Құқықты қолданудың кезеңдері осылай басталып, реттеліп аяқталады. Осы процесс толығымен мемлекеттік ресми органның бақылауында болады.

Мемлекеттік органның құқықтық норманы қолдануда үш функциясы болады:

нормативтік актілерді қолдану арқылы қоғамдағы қатынастарды реттеп, басқару;

— нормалардың орындалуын қамтамасыз ету;

— нормалардың дер уақытында іске асуын қорғау.

Құқықтық нормаларды қолданудың ең негізгі, ең күрделі түрі – мемлекеттің билігімен нормативтік актілерді іске асыру, орындау. Оның негізгі ерекшеліктері:

Бірінші – тек мемлекеттік билігі бар аппараттың нормаларды іске асыруы.

Екінші – бұл аппараттардың нормативтік актілерді қолдану туралы нұсқауының мемлекеттік күші болады.

Үшінші – олар өздерінің нұсқауын қағаз жүзінде орындайтын субъектілерді нақты көрсетіп береді.

Төртінші – нормаларды қолдануды тиісті заңға сүйене отырып береді. Ерікті орындалмаса, еріксіз орындалады,

Мемлекеттік аппараттың құқықты іске асыру процесіне кірісуге төрт себептері бар:

— егерде қатынастағы субъектілердің құқығы мен міндеттерін орындау барысында кедергі пайда болса. Мысалы, жұмыстан заңсыз шығару;

— егерде қатынастың бір субъектісі өз міндеттерін ерікті түрде орындамаса. Мысалы, мәмілелі қатынаста міндеттердің орындалмауы;

— егерде мемлекеттік ресми орган кіріспей субъектілердің қарым-қатынасы басталмайтын болса. Мысалы, оқуға түсу, қызметке алыну, пенсияға шығу;

— егерде субъектілердің арақатынасы, дұрыс заңды түрде аяқталмаса. Оның себептерін анықтау үшін және жауапкершілік түрлерін белгілеу үшін мемлекеттік ресми аппарат міндетті түрде қатысады.

Құқықты дұрыс қолдануда, уақытында, жақсы орындалуында мемлекеттік билігі бар органның, маңызы өте зор.

Құқықты қолданудың негізгі субъектілері: мемлекет, мемлекеттік органдар, лауазымды тұлғалар, рұқсаты болса, қоғамдық ұжымдар мен ұйымдар. Олардың құқықтары мен міндеттерінің шеңбері Уставы мен ережелерінде толық көрсетілуге тиіс.

Құқықты қолдануда, іске асыруда міндетті түрде акт жасалуга тиіс. Онда қандай норма, қашан, не үшін қолдануға тиіс, субъектілердің аты-жөні болу керек. Құқықты қолдану туралы актінің негізгі сипаттары:

— актінің мемлекеттік билік күшінің болуы; оны орындауға барлық қоғамдағы азаматтар, бірлестіктер міндетті;

— акті нақты бір іс, бір қатынас туралы жасалады, оны орындайтын субъект анық көрсетіледі;

— құқықты қолдану актісі заңдылықты қатаң сақтауға тиіс, ешқандай бостандыққа жол берілмейді;

— қолдану актісі мемлекеттің бекіткен форма-бланкаға жазылады. Ол форманы толтырудың қатаң ережесі бар. Қолдану актісі үш бөлімнен тұрады: кіріспе бөлімі, негізгі бөлімі, қорытынды бөлімі.

Қолдану актілер төрт түрге бөлінеді:

— мемлекеттің халық өкілді органдарының актісі;

— мемлекеттің атқарушы органдарының актісі;

— қоғамдағы тәртіпті қорғайтын органдардың актісі;

— конституциялық кеңестің актілері.

Сонымен құқықты қолдану процесінде заңды айғақтар және заңды құрам анықталуы керек. Сол арқылы басты айғақ немесе айғақты анықтайтын мүмкіншіліктер туады. Бұл айғақтар тиісті заңды шешуге жеткілікті болуы қажет. Жүзеге асырылатын істің негізі анықталуы керек: қажетті құқықтық норманы табу; оның тексінің дұрыстығын тексеру; норманың түпнұсқасы екендігін анықтау; оның кеңістіктегі, мерзімді күшін және субъектілерге қатыстығын анықтау; норманың мазмұнын айқындау. Осы көрсетілген әрекеттердің барлығы заңдылықты, құқыктық тәртіпті нығайту үшін қызмет істейді.

Қаралған іс бойынша құқық қолдану актісінің маңызы өте зор. Мұндай акт істің тағдырын шешеді. Өйткені ол акт заңға негізделіп, заң бойынша мемлекеттің атынан жасалады. Бұл акт нақтылы заң бойынша қарауға құзыреті бар, тараптардың құқықтары мен міндеттерінің бары-жоғын анықтайтын, соған сәйкес шараларды белгілейтін органның актісі.

Қолдану актілері мазмұнына қарай үшке бөлінеді: реттеуші, орындаушы және қорғаушы. Қатысушы субъектілер нормативтік актілерде көрсетілген өздерінің міндеттері мен құқықтарын дұрыс, уақытында орындауға тиіс. Сонымен олар құқықтық нормалардың реттеуші, басқарушы рөлін жақсартады. Егерде субъектілердің өзара қатынастарында нормативтік актілердің мазмұны бұзылса, онда сот немесе басқа тиісті мемлекеттік орган қарап, шешім қабылдап, түзетуге тиіс.

Мемлекеттің барлық құқықтық нормаларының жақсы, дұрыс орындалуының айғағы азаматтардың және қоғамның мүдде-мақсаттарының іске асып, заңдылықтың, тәртіптің нығаюы.

Құқықты қолдану – мемлекеттің, оның органдарының құқықтық нормаларды іске асыруы, орындалуын басқарып, реттеп отыруы.

 

 

  1. Нормативтік-құқықтық актілерге түсінік беру

 

Құқықтық нормаларды қолдану үшін оның мазмұнын азаматтар, бірлестіктер, органдар жақсы білуі керек. Егерде қоғамның құқықтық сана-сезімі төменгі дәрежеде болса, нормативтік актілер дұрыс қолданылмайды, заңсыздыққа жол береді. Құқық нормаларының маңызды ерекшеліктерінің бірі – олардың жалпылама қиялдық (абстрактылы) сипаты. Бұл нормаларды қолдану барысында нақтыландыру, талқылау, түсінік беру қажеттігі туады.

Сондықтан мемлекеттік органдар жаңа құжатты бекітсе, оған жан-жақты түсінік беріп отырады. Түсінік берудің негізгі мақсаты – жаңа норманы халық оқып, біліп сол арқылы оның дұрыс қолдануын, іске асуын қамтамасыз ету. Түсінік бергенде норманың өмірге келу себебі, оның қолдану тәсілі, жолдары, ондағы құқық пен міндеттердің орындалуы, жауапкершіліктің түрлері көрсетіледі.

Құқықтық нормаларға түсінік берудің екі бағыты болады: біріншісі – жеке адамдардың норманы өздері оқып, білуін қамтамасыз ету; екіншісі – үгіт, насихат арқылы халыққа жаңа норманың мазмұнын, мақсатын түсіндіру. Түсінік беретін мемлекеттік органдардың қызметкерлері өте сауатты, тәжірибелері мол болу керек. Сонда ғана олар түсінікті жоғары дәрежеде бере алады.

Құқықтық нормаларға түсінік берудің тәсілдері:

  1. Грамматикалық (филологиялық) түсінік беру – нормалардың, оның сөйлемдерінің, мазмұнының құрылуын тексеру, гипотеза, диспозиция, санкцияны анықтау.
  2. Жүйелік талқылау – нормаларды жүйе-жүйеге, сала-салаға бөліп, салыстырмалы түрде түсінік беру. Негізгі заңды анықтау, қосалқы нормаларды салыстыру. Мысалы: жол ережесін бұзуда қандай негізгі норма, қандай қосалқы нормалар бар соны жан-жақты оқып, түсініп барып қолдану керек.
  3. Саяси-тарихи талқылау – норманың өмірге келуінің уақыты, ол кездегі саясаттың мазмұны оның алдына қойған мүдде-мақсаты. Оның бәрі жан-жақты талқыланып, қорытынды жасалу керек.
  4. Логикалық талқылау өте күрделі, өте дұрыс қорытынды беретін тәсіл. Түсінік берудің барлық тәсілдерінің нәтижелерін біріктіріп қорытынды жасау.

Құқыққа түсінік беру субъектілері: Конституциялық кеңес, Жоғарғы Соттың Пленумы, нормативтік актілер шығаратын мемлекеттік органдар, заңгерлер, ғылыми ұйымдар мен ғалым қызметкерлер.

Қазақстан Республикасы Конституциялық кеңесі 72-бабы 1-тармағының 2-3 тармақшалары негізінде Парламент қабылданған заңдардың немесе халықаралық шарттардың Конституцияға сәйкестігін қарап түсінік береді. 72-бабы 2-тармағының негізінде, егер 78- бапқа сәйкес сот қолданылуға тиісті заң немесе өзге де нормативтік-құқықтық акт Конституциямен баянды етілген адамның және азаматтың құқықгары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп тапса, іс жүргізуді тоқтата тұруға және осы актіні конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық кеңеске жүгінуге міндетті.

Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты барлық соттардың заңдарды қолдану практикасын зерделейді және оны қолдану мәселелері бойынша Республика соттарына басшылық түсінік береді.

Парламент қабылдаған заңдар он күннің ішінде Республика Президентінің қол қоюына беріледі. Президент ұсынылған заңға он бес жұмыс күні ішінде қол қойып, оны жариялайды немесе оны қайтадан талқылап, дауысқа салу үшін қайтарады. Мәжілістің тұрақты комитетінде қарсылықты қараудың қорытындысы бойынша Республика Президенті депутаттардың, ұсыныстарын ескере отырып, заңның тұтас не оның тиісті жекелеген баптарының редакциясы туралы өзі білдірген қарсылығын өзгертуге хақылы.

Егер Парламент әр Палата депутаттары жалпы соның үштен екісінің көпшілік даусымен заң тұтас немесе оның тиісті жекелеген баптары бойынша бұрын қабылданған шешімді қуаттайтын болса, Республика Президентінің қарсылығы ескерілген болып есептеледі. Президент оған жеті күн ішінде қол қояды. Егер Президенттің қарсылығы ескерілмесе, сол Президент ұсынған редакцияда қабылданады деп есептеледі.

Құқық нормаларын талқылаудың, түсінік берудің қажеттілігі олардың белгілерінің, сырт көріністерінің ерекшеліктеріне байланысты. Әрбір құқықтық жүйе қоғамдағы қатынастардың белгілі бір саласын реттейді. Бұл жүйе-салалардың өзіндік ерекшелігі болады. Құқықтық норманы нақтылы қатынасқа қолданғанда оның ерекшеліктеріне байланысты кейбір жағдайларды анықтау қажеттілігі қолданылатын құқықтық норманың мағынасы қандай екені туралы сауалдар туады. Сол сауалдарға құқықтық норманы талқылау, түсінік беру арқылы дұрыс жауап беріп, нормативтік актілердің дұрыс қолдануын, орындалуын қамтамасыз етуге болады.

Қоғамдық өмірде жаңа қатынастар пайда болып отырады. Оларды заң дер кезінде реттеп үлгермеуі де мүмкін. Бірақ мұндай қатынастарды қолданылып жүрген заңның мазмұны қамтуы ықтимал. Бұл жағдайды да құқықтық норманың мазмұнын талдау, түсінік беру арқылы анықтауға болады. Демек, заң ұқсастығы бойынша тікелей көрсетілмеген қоғамдық қатынастарға қолданылуы мүмкін.

Түсінік беру кажеттілігі құқықтық норманың сыртқы ресмилендірілуінің, тілінің ерекшелігіне байланысты да тууы мүмкін. Кейде қолданылған сөздің, бірнеше мағынасы болады. Мысалы, «міндет», «қажет», «солай істеу керек», «тыйым салу», «қақылы», «істей алады» т.с.с. Құқықтық норманы нақтылы қатынасқа қолданғанда осы жағдайды да ескеру керек болады.

Өмірде халықтың көпшілігі нормативтік актілерді толық түсіне бермейді. Сондықтан мемлекеттің тиісті органдары қабылданған нормаларды халықтың түсінуін қамтамасыз ету үшін үгіт-насихат жұмысын жүргізіп, норманы әртүрлі түсінуге жол бермеуге тырысады. Түсінік берудің екі түрі болады: ресми түсінік беру, бейресми түсінік беру. Ресми түсінікті мемлекеттік орган береді, оның түрлері:

  1. Нормативтік түсінік беру – бұл түсініктің қорытындысы қаулы, инструкция түрінде шығады, оның мемлекеттік заңды күші болады. Бұл қаулы, инструкцияларды көп жағдайда қолдануға болады.
  2. Казуалдық түсінік беру – бұл түсінік беру тек бір мәселенің көлемінде ғана беріледі. Басқа істерге оның заңды күші болмайды.
  3. Сот органдарының ресми түсінік беруі – азаматтық, қылмыстық т.б. істерді қарағанда нормативтік актілерді қалай қолдану туралы түсінік береді. Жоғарғы Соттың ресми түсінігі барлық соттарға заңды күші болады.
  4. Әкімшілік органдардың түсінігі – өздерінің құзырындағы мәселелер бойынша заң күші бар түсінік бере алады. Олар өздерінің түсінігін нормативтік акті ретінде бланкаға жазып шығарады. Нормативтік актілердің кемшілігі болса немесе қатерлі болса соны түзеп жаңартады.
  5. Дәлме-дәл, сөзбе-сөз түсінік беру – заңның мазмұны мен нысанының бір-біріне дәл түсуі, тура келуі.
  6. Шектеулі түсінік беру – норманың мазмұнында бір шектеудің болуы. Мысалы: жұмыстан шығару үшін соттың немесе кәсіпшілер ұйымның шешімдері керек.
  7. Кеңірек (кеңейтілген) түсінік беру – норманың мазмұнын кеңейтіңкіреп түсінік беру. Мысалы: Конституцияның көптеген баптары жалпылама түрде беріледі. Ол баптарға қосымша заңдар қабылдану керек. Сонда ғана мәселе, толық, дұрыс шешіледі.
  8. Аутентикалық түсінік беру – нормативтік актіні қабылдаған мемлекеттік органның өзінің түсінік беруі.
  9. Құқыққа легальдық түсінік беру – норманы белгілі мемлекеттің органы қабылдайды, ал оған түсінікті басқа орган береді.
  10. Арнаулы – заңды түсінік беру – нормативтік актілердегі түсініксіз сөздерге-терминдерге мамандардың немесе мекемелердің толық дұрыс түсінік беруі.

Ресми түсініктер арнаулы бланкаға жазылып беріледі, оның мемлекеттік заңды күші болады. Оны орындау міндетті.

Бейресми түсініктерді лауазымды тұлға емес заңгерлер, мамандар, ғылыми ұйымдар береді. Бұл түсініктердің заңды күші болмайды, оларға сілтеме жасауға болмайды. Бірақ қоғамның жақсы дамуына, құқықтың сапасын көтеруге, нормативтік актілердің дұрыс іске асуына ресми емес түсініктердің маңызы өте зор. Мысалы, ғалым-заңгерлердің заңдарға, кодекстерге, ережелерге берген түсініктемелері бұл нормативтік актілердің орындалуын көп жеңілдетеді.

Бейресми түсініктердің екі түрі болады: доктриналық және жалпылама түсініктер. Доктриналық түсініктерді ғалым-заңгерлер, тәжірибелі заң мамандары береді. Олардың құқық туралы ғылыми мақалалары, кітапшалары, монографиялары нормативтік актілерді түсінуге, орындауға көп әсер етеді. Және құқықтың сапасын жақсартуға, қоғамдағы тәртіпті, заңдылықты күшейтуге айтарлықтай үлес қосады.

Жалпылама түсініктерді заңгерлерден басқа тәжірбиелі мамандар береді. Олар үгіт-насихат арқылы қалың бұқараның құқықтық нормаларды түсінуін, орындауын жеңілдетеді.

Қазіргі демократиялық мемлекет құру кезінде бұл ресми емес түсніктердің маңызы өте зор. Өйткені бұл іске қоғамның сауаггы азаматтарының қатысуына мүмкіншілік туады. Сонымен ресми емес  түсініктердің де мемлекет және құқық теориясын дамытуда рөлі өте зор.

 

Құқықтық норманың құрылысы

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Құқықтық нормаға түсінік беру

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 Құқықтық нормаға қорытынды түсініктердің түрлері

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қорытынды

 

Құқықтық нормалардың элементтері бірігіп, оның құрылымын қалыптастырады. Бірақ ол элементтердің болуы, тізілу қатары, бағыты, мақсаты нормативтік актілердің түріне байланысты. Құрылымы жөнінде құқықтық нормалар екі түрге бөлінеді: негізгі заңды нормалар және тәртіп ережелерінің нормасы.

Құқықтық норманың құндылығы:

— құқықтық нормалар қоғамды реттеп, басқарудың құралы, сол арқылы адамдардың, заңды тұлғалардың қарым-қатынастарына дұрыс бағыт беріп отырады;

— құқықтық нормалар қоғамдық құрылыс жүйені қорғаудағы ең сапалы құрал, нормативтік актілер қоғамға зиянды іс-әрекеттерге жауапкершілікті күшейтіп отырады;

— құқықтық нормалар қоғамның дамуына пайдалы қатынастарды қолдап, қолайсыздарын қысқартып, экономиканың, әлеуметтік жағдайдың жақсаруына мүмкіншілік жасап отырады;

— құқықтық нормалар қоғамда әділеттікті, теңдікті, бостандықты т.б. демократиялық қағидаларды қалыптастырады;

— құқықтық нормалар халықаралық, мемлекетаралық байланысты, қатынасты жақсартудың құралы.

 

 

 

Қолдаланылған  әдебиеттер тізімі

 

  1. Қазақстан Республикасының Конституциясы. Алматы, 1995 ж.
  2. Қазақстан Республикасы Конституциясының түсіндірме сөздігі.
  3. Сапаргалиев Г.С. Заң терминдерінің сөздігі. Алматы: Жеті Жарғы, 1996.
  4. Ибраева А.С. Заң терминдерінің қазақша-орысша және орысша-қазақша түсіндірме сөздігі. Алматы: Жеті Жарғы, 1996.
  5. Сапаргалиев Г.С., Ибраева А.С. Мемлекет және құқық теориясы. Алматы: Жеті Жарғы, 1997.
  6. Бейсенова А., Біржанова К. Қазақстан Республикасы мемлекет және құқық негіздерін оқып үйренушілерге көмек. Алматы: Жеті Жарғы, 1997.