Құқықтың пайда болуы және ұғымы
Жоспар:
- Құқықтың пайда болуы
- Құқық туралы қалыптасқан теориялардың жалпы сипаттамасы
- Қолданылған әдебиеттер тізімі
- Құқықтың пайда болуы
Дүниежүзілік тарихта құқықтың пайда болуы туралы осы күнге дейін көптеген пікірлер мен көзқарастар қалыптасқан. Бұл мәселе туралы дау-дамай осы күні де жалғасуда. Американың ірі этнографы Л.Морган 1877 жылы өзінің «Ежелгі қоғам» деп аталатын еңбегінде, Ф.Энгельс өзінің әйгілі «Семьяның, жеке меншіктің және мемлекеттің шығуы» деген зерттеуінде алғашқы қауымдық кұрылыстың ыдырауының себептеріне талдау жасап, құнды пікірлер айтты. Бірақ, олардың пікірлері қазіргі тарихи-құқықтық әдебиеттерде әр түрлі мағынада бағалануда.
Алғашқы қауымдық құрылыста қалыптасқан қатынастар қандай нормаларымен реттелінеді деген сауал заңды түрде туындайды. Тарих ғылымдарының жеткен жетістіктеріне талдау жасап қарасақ алғашқы адамдарының ара қатынастары арнайы нормалармен реттеліп отырды. Ол қандай нормалар? Тарихи-құқықтық әдебиеттерде бұл мәселе туралы екі пікір қалыптасқан. Бірінші пікір бойынша алғашқы қауымда қалыптасқан қатынастар әдет-ғұрып нормаларымен реттелген. Әдет-ғұрып деп әрбір этностық тарихи дамуы барысында олардың шаруашылық ұйымдастыру, географиялық факторларға және этникалық ерекшеліктеріне байланысты қалыптасып, күнделікті өмірде сан алуан рет қайталануына байланысты дағдыға айналған нормалардың жиынтығын айтады. Әдет-ғұрып жазылмаған нормалар жиынтығы, оның қай кезде, қай мерзімде пайда болғаны ғылымға әлі белгісіз. Тарихи және тарихи-құқықтық әдебиеттерде алғашқы қауымдық құрылыстағы қоғамдық қатынастарды реттеу мононормаларға жүктеледі деген пікір бар. Оның құрамына моральдық, діни, қоғамдық өмірді ұйымдастыру нормалары енетінін тілге тиек етеді. Кейбір ғалымдар алғашқы қауымдық құрылыс қалыптастырған мононорма туралы қатаң сын-пікір білдіріп, оны жоққа шығарып, мынандай тұжырым білдіреді: «Мононормалар, былайша айтқанда алғашқы қауымдық қоғамда әр түрлі әлеуметтік реттеу нормаларына бөлінбеген және ажырамаған нормалар — ғылыми қиял, ғалымдардың фантазиясы, ақиқатқа жататындық емес». Осындай қорытындыдан кейін Т.В. Кашанина алғашқы қауымдық құрылыста салт жоралар, ырымдар, мифтер (қиялдар), әдет-ғұрып, діни құлықтылық (моральдық), этикет сияқты әлеуметтік нормалардын барлығы болғаны туралы пікірін білдіреді. Ал, 1987 жылы жарық көрген оқулықта аталмыш мәселеге басқаша пікір білдірілген. «Алғашқы қауымдық құрылыста адамдардың мінез-құлық нормалары әдет-ғұрып болды, сонымен қатар олар қоғам тұрмысы ережелері және діни сипаттағы талаптар еді. Бұл жазылмаған әлеуметтік нормалар өз еріктерімен жүзеге асырылып отырды». Әдет-ғұрып біздің ойымызша тыйым салу, табу сияқты нормаларды енгізуден қалыптасты. Ру ішіндегі қалыптасқан қатынастарға жат мінез-құлықтар мен әрекеттер (тамақты тартып алу, әйелге таласу, бірін-бірі өлтіру және т.б.) таныту қауымының тыныс-тіршілігіне, өмір сүруіне жат қылықтарға тыйым салу арқылы болды. Бірте-бірте тыйым салынған әрекеттер күнделікті өмірде сан алуан рет қайталанғандықтан даму барысында біртіндеп әдет-ғұрыптық нормаға айналды. Алғашқы қауымдық құрылыстың эволюциялық өсуі мен дамуы жүздеген мың жылдар бойы тыйым салатын әдет-ғұрып нормаларымен қатар табиғи күштерге қарсы тұра алмағандықтарына байланысты табыну нормалары да қалыптасады, салт-жоралар пайда болады. Келе-келе бұлардың барлығы бір жүйелік әдет-ғұрып нормаларына айналады және қоғамдық қатынастарды реттеу функциясын атқарады. Зигмунд Фрейдтің пікірі бойынша құқықтың пайда болуының алғашқы формасына тотемизм және шаманизм сияқты діни сезімдермен тығыз байланыста қалыптасқан табу жатады.
Алғашқы қауымдық құрылыста қалыптасқан әдет-ғұрып нормаларына мынандай сипаттар тән:
- Әдет-ғұрыптың пайда болуы, қалыптасуы негізінде шаруашылық ұйымдастыру, географиялық факторларға байланысты қалыптасады. Тауда мекен еткен адамдар мен далада, шөл, шөлейт аймақтарында тұратын адамдардың әдет-ғұрыптары мүдлем басқа. Мысалы, Африка халықтары мен қазақ халқының әдет-ғұрыптарын салыстыруға болмайды.
- Әдет-ғұрыптар аумақтың кеңістікте пайда болған алғашқы адамдардың, ру мүшелерінің еріктерін білдіреді, бәріне бірдей қолданылады. Ешкімге ерекше пұрсаттағы әлеуметтік артықшылық берілмейді. Қалыптасқан әдет-ғұрып нормалары әрқайсысын бәрінің қамқорлығына алады.
- Әдет-ғұрып алғашқы қауымдық құрылыстағы қоғамдық қатынастарды реттейтін нормалардың жиынтығы. Бұл нормаларды орындау, іс жүзіне асыру — алғашқы адамдардың санасына сіңірген дағды.
- Әдет-ғұрып нормаларының мәні мен талаптары ру мүшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталып, күн көруді қамтамасыз етті. Қабылданған нормаларды орындамау қауымның тыныс-тіршілігіне, оның өмір сүруіне орны толмас нұқсан келтіреді.
- Әдет-ғұрып нормаларды орындау санаға сіңген және мінез-құлық арқылы көрініс беретін жүйелі дағды арқылы іс жүзіне асырылып отырады. Дағды алғашқы адамдардың әрекеттерінің өлшемі нормалардың жиынтығы, оларды орындау барлық ру мүшелерінің міндеттері және құқықтары болып табылады. Міндет пен құқық бір мағынадағы мызғымастықта.
Қоғамның даму заңдылығы алғашқы қауымдық құрылыстың ыдырауына әкеп соқтырады. Тарихи құқықтық әдебиетте құқықтың пайда болуының жолдары мемлекеттің пайда болу себептерімен тікелей байланыстырылады. Мемлекеттің пайда болуының себептері құқықтың да шығуына әкеп соғады. Алғашқы қауымдық құрылыс қоғамдық қатынастарының күрделенуі, содан туындайтын шиеленістер мен қайшылықтар, қосымша өнімдердің жеке, арнайы отбасыларының қолдарында шоғырлануы, байлар мен кедейлер арасындағы күрестер мен қақтығыстар, рулар мен тайпалар арасындағы тауар айналымдарының күшеюі әдет-ғұрып нормаларының реттеу функцияларының әлсіз, дәрменсіз болғанын, байқатады. Жаңа қалыптасып келе жатқан қоғамдық қатынастарды реттеуге басқа әлеуметтік нормалар қажет болды. Ол құқық еді. Құқық негізінде үш жолмен пайда болады:
Біріншіден, алғашқы қауымдық құрылыстағы қоғамдық қатынастарды реттейтін әдет-ғұрып нормалар пайда болған мемлекетпен бекітіліп, ендігі уақыты ол күшпен қамтамасыз етіледі.
Екіншіден, шиеленістердің нәтижесіндегі себептермен пайда болған мемлекет өз тарапынан жаңа қатынасып келе жатқан қатынастарды реттеу мақсатында құқық жасаушылық арқылы заң және баска да нормативтік-құқықтық кесімдерді шығара бастайды. Әдет-ғұрып нормаларынан басқа құқық нормалары пайда болады.
Үшіншіден, жаңа қалыптасып, пайда болған сот органдарының дауларды қарау барысында шығарған шешімдері мен үкімдері болашақта қаралатын осындай ұқсас істерге үлгі болып, құқық нормалары ретінде пайдаланылды. Мысалы, хандық дәуірдегі көшпелі қазақ өркениетінде «істі шешкен қағида, нақтылы сөздер норма, сот прецеденті ретінде ел арасына тарап, болашақта осыған ұқсас іс, дау-жанжал болғанда қолданылып отырған». Мемлекет және құқық теориясында сот прецеденті дегеніміз соттың нақтығы іс бойынша шығарған шешімдеріне нормативтік сипат беріп, болашақта болатын ұқсас істерге қолданылатын үлгі. Схема жүзінде құқықтық пайда болуы былайша көрініс береді:
|
|
|
||||||
|
Құқықтың өзіне тән мынандай нышандары бар:
- Құқық мемлекетпен норма ретінде бекітіледі және өзгертіледі. Парламент — заң, президент — жарлықтар, үкімет — қаулылар мен өкімдер, салалы министрліктер — ережелер мен бұйрықтар, жергілікті органдар — шешімдер шығарады. Олар нормативтік қасиетке ие.
- Құқық қоғамдық қатынастарға түскен барлық субъектілерге бірдей қолданылады. Құқық атақ, лауазым, шен, дәрежесіне карамайды, бәріне тең және бірдей қолданылады, оны орындау, сақтау бәріне міндетті.
- Құқық қоғамдық қатынастарды реттейтін және ең кең қолданатын нормалардың жиынтығы. Әдет-ғұрып, діни, дәстүр сияқты нормаларға қарағанда реттеу функциясы өте кең, мемлекеттегі субъектілердің бәріне қатысы бар.
- Құқық формальды — айқын болып сипатталады, яғни мемлекет тарапынан мойындалып, нормативтік-құқықтық кесім, сот прецеденті және бекітілген әдет-ғұрып формалары арқылы қоғамдық катынастарды реттейді.
- Құқық бүкіл халықтың ұлттардың, партиялардың, әлеуметтік топтардың және жеке адамдардың еріктерін білдіреді.
- Құқық өзінің ішкі құрылымымен, жеке салалар мен институттарға бөліну арқылы бір-бірімен үйлесімді мағынадағы жүйені құрайды.
- Мемлекеттің күшімен қамтамасыз етіледі. Мемлекет басқару, билік жүргізу барысында құқықтық қатынастарға түскен субъектілер құқық нормалары бекіткен мінез-құлықтарды өз еріктерімен орындамаған жағдайда күш қолдану арқылы іс жүзіне асырды.
- Құқық туралы қалыптасқан теориялардың жалпы сипаттамасы
Саяси-құқықтық ілімдер тарихында құқықтың пайда болуы туралы көптеген тұжырымдамалар қалыптасқан. Олардың барлығы құқықтың пайда болуының себептерін, жолдарын әр түрлі мағынада түсіндіреді. Осы күнге дейін қалыптасқан теориялардың мәні, мазмұндық сипаттары әр түрлі, тіпті бір-біріне қарама-қайшы келеді. Оларды салыстырмалы түрде зерттеп, ақиқатын анықтау мемлекет және құқық теориясы ғылымының басты мақсаттарының бірі. Қазіргі кезеңде мынадай теориялар қалыптасқан:
- Марксистік теория (К. Маркс, Ф. Энгельс, В.И. Ленин, И.В. Сталин). Бұл теория бойынша құқық үстем тап өкілдерінің заңда бекітілген еріктері болып табылады. Мемлекет пайда болғанда құқық та пайда болып, экономикалық жағынан үстемдік еткен тап өзінің мүдделерін қоғамның барлық мүшелеріне міндеттейді, құқықтың мазмұны таптық сипатқа ұласады. Мемлекетте үстемдік еткен тап құқық арқылы өзінің мүдделерін қорғау үшін билік жүргізеді. К.Маркс пен Ф.Энгельс, «Коммунистік партияның манифесі» деген еңбегінде буржуазия табына үндеу тастап, құқыққа мынандай анықтама береді: «сіздердің праволарыңыз — өз таптарыңыздың заңға айналдырған еркі ғана, мазмұны өз таптарыңыздың материалдық тұрмыс жағдайларына қарай белгіленетін еркі ғана». Бұл ағымды жақтайтындардың өкілдері құл иеленушілік мемлекеттегі құқықты үстем тап өкілдері — құл иеленушілердің еркі, феодалдық мемлекеттерде феодалдардың, буржуазиялық мемлекетте буржуазия табының еркі деп бағалайды. Социалистік мемлекетте құқық үстемдік ететін жұмысшы және шаруалар таптарының еркі. Оладың пікірлерінше болашақтағы даму адамзатты коммунизмге жеткізеді, ал ол қоғамда құқық мемлекетпен бірге мүлдем жойылады, коммунистік қоғамдық өзін-өзі басқару орнайды.
- Табиғи-құқықтық теория. (Лао Цзы, Конфуций, Аристотель, Г.Греции, Т.Гобсс, Ж.Ж.Руссо, Д.Локк, А.Радищев). Табиғи-құқық теориясын уағыздайтын ойшылдардың пікірлері бойынша құқық пен заң бір мағынада танылмайды. Ежелгі Рим шешені, қайраткер Цицерон мемлекет шығарған заңдардың (позитивтік құқық) табиғи құқыққа қайшы келіп, сай болмайтын болса, оларды заң деп есептемеуге шақырған. Бұл мағынада табиғи құқық туа біткен, өмір сүру, бостандық, меншікке ие болу сияқты құндылықтарды қоғамның барлық субъектілерімен (мемлекет, заңды және жеке тұлғалар) міндетті түрде мойындалатын құқықтық талаптар мен идеялар. Құқық ең жоғарғы құлықтылық құндылықтар ретінде заңнамаға қарағанда бастапқы болып саналады, адамның туа біткен көрінісі ретінде бағалануы тиіс және заң шығарушының еркіне тәуелді емес.
Табиғи құқық идеясы негізінде Еуропада 17-18 ғасырлар аралығында кең көлемде дамып, буржуазия идеологтерінің шығармаларынан өзінің шешімін тапты. Табиғи құқық адамдардың табиғаты мен саналық талаптары мемлекетте қабылданған заңдар мен басқа нормативтік-құқықтық кесімдерден міндетті түрде өзінің көрінісін табу керек. Табиғи құқыққа сай келмей қабылданған заңдар адам құқықтарының аяққа тапталуына жол ашады, тоталитарлық жүйені қалыптастыруы мүмкін. Бірақ, табиғи-құқықтық тұжырымдама көп жағдайда құқық пен құлықтылықты шатастырады және мемлекет шығарған заңнамаға жазылмаған идеяларды қарсы қояды.
- Тарихи-құқықтық мектеп (Г.Гуго, Г.Ф.Савиньи, Г.Ф.Пухта). Теорияның негізгі мәні құқықтың пайда болуын әдет- ғұрып, тіл сияқты өзінен-өзі «халық рухының» дамуы арқылы болатын құбылыс. Қоғамның дамуында пайда болып, қалыптасып үлгерген әдет-ғұрыптарды заң кабылдау арқылы бекітеді және заң шығару, заң қабылдау барысында сырттан телінген заңдар мен идеялардың жетегінде кетпей, қоғамда қалыптасқан, шешуді талап ететін қоғамдық қатынастарды ескеруге міндетті. Бірақ, бұл теория құқықтың пайда болу заңдылықтарын мойындай келе, адам құқықтарының табиғи талаптарын мойындамайды, «халық рухы» деген мағынаны ашып көрсетпейді.
- Теологиялық теория (Аристотель, Ф. Аквинский, А. Августин). Бұл теорияны ұсынушы ойшылдар құқықтың жалпы негізі ретінде құдайдың еркін және Інжілді алады. Мемлекетте қабылданған барлық заңдар құдай еркін және діни кітаптарға сәйкес болулары тиіс. Ф.Аквинский «барлық билік құдайдан» деген тұжырымдаманы ұсынып, құқықты танытатын заңдарды төрт түрге бөліп қарады:
- Мәңгілік заң — құдайдың саналық қабілеті арқылы бүкіл әлемге басқару жүргізетін заң. Бұл заң негізінде табиғат пен қоғамның барлық дамуының негізін қалайды.
- Табиғи заң — мәңгілік заңның адамның санасында орын теуіп, тұқым жалғастыру, өзін-өзі сақтау сияқты қатынастарды дамыту.
- Адамдардың заңдары — қағаз бетіне түскен, жазылған заңнама (позитивтік құқық), ол мәңгілік заң мен табиғи заңдарды қамтуы тиіс. Құқық табиғи заңның талабы ретінде бағаланады.
- Құдай заңы — Інжіл болып саналады. Оның мазмұны құдай сөзі болғандықтан мәңгілік ақиқатты түсінуге тікелей жол ашады. Адамдар құдай заңын сақтау, орындау арқылы барлық гармонияға жетеді, қоғамдық қатынастар тиімді ретеледі.
- Нормативистік теория. (Г.Кельзен) Аталмыш теория бойынша құқық, жалпы юриспруденция идеологиядан мүлдем ажыратылған және оның негізгі міндеті тек қана құқық нормаларының мәтіндерімен айналысуы керек. Құқық теориясы идея бойынша қалыптасқан немесе әлеуметтік тұрғыдан өмірлік тәжірибеде болып жатқан жағдайларға назар аудармауы тиіс. Құқық нормасы — ең негізгі құндылық, бірінші клетка. Сондықтан құқық теориясы тек қана құқықтық мазмұнымен емес, керісінше тек қана құқық нормасымен айналысуы қажет. Форма — құқық нормалары. Ол құқық нормасын саясаттан, әлеуметтік жағдайлардан, психологиядан мүлдем бөліп қарайды. Г.Кельзен мемлекеті құқықтық нормалар жүйесі деп танып, оның барлық мазмұнын құқықтық тәртіпке әкеліп тіркейді. Құқық оның ойынша өмірде әлеуметтік техника, құрал ретінде пайдаланылады. Г.Кельзеннің «таза құқық теориясы» негізінде құқықты эқономикалық, әлеуметтік қатынастардан мүлдем бөліп қарайды. Кеңес мемлекетінің құқық теориясының негізін қалыптастырған заңгерлердің бірі Е.Б.Пашу какие нормативизм туралы мынандай пікір білдірді: «Құқықтың мұндай жалпы теориясы ешнәрсеге түсінік беруге ынта білдірмейді, нақтылы фактілерге, былайша айтқанда әлеуметтік өмірге күні бұрын теріс айналады және нормалармен ісі болып, олардың пайда болуымен, қандай да болмасын материалдық мүдделермен байланыссыз шахмат ойнындағы теория есебінде айтылғандай болады. Мұндай теория ғылыммен ешқандай байланыста емес».
Нормативистік теория, былайша айтқанда «таза құқық теориясы» әлеуметтік тәжірибе мен саясаттың құқыққа үлкен әсері бар екенін жоққа шығарады.
- Құқықтың «психологиялық» теориясы. (Л.И.Пертражицкий, Г.Тард, Д.Фрэнк, М.Рейснер). Бұл теория негізінде XIX ғасырдьщ соңы, XX ғасырдың басында Ресейде және Батые Европада кеңінен насихатталды. Ресейде оның негізін қалаушылардың бірі, Санкт-Петербург университетінің профессоры Л.И. Петражицкий болды. Оның тұжырымдамасы бойынша құқықтың объективтік шындық екені жокка шығарылады. Оның ойынша құқық деген «психиологиялық әсерленушілік, сезімнің билеушілігі — эмоция». Бұл мектептің өкілдерінің ойларынша кодекстерді жойғанның өзінде құқық адамдардың саналарында құқықтық сезім ретінде мәңгі орын тебеді. Құқық бұл тұжырым бойынша қоғамның дамуының нәтижесі емес, ол жеке адамның психикасының жемісі. Құқықтық норма психикалық әсерленушілік, сезімнің бшіеушіліг іретінде бағаланады және қабылданады.
Л.И.Петражицкий былай деп жазды: «Бүгінде құқықтың ұғымы заңгерлердің пікірлері бойынша шындықта, құқық аймағында тіршілік ететін (құқық нормаларының жиынтығын немесе объективтік құқықты) жоққа шығарудан басталады. Құқықтық құбылыстар — бұл индивидтің психика өрісінде болатын ерекше түрдегі күрделі эмоционалдық интеллектуалдық психикалық процестер».
Л.И.Петржицкий негізінде позитивтік құқықты екінші санаттағы құбылыс деп танып, интуитивтік құқықты асқактатып, индивидтердің құқыққа деген қөзқарастарын ішкі сезімнен, психикадан туындайтын ойдың жемісі ретінде бағалайды. Құқық екі жақтың бір-біріне деген міндеттер мен талаптардан тұратын «императивтік — атрибуттық эмоция» ретінде танылады. Мысалы: міндетті адам затты, мүлікті беруі керек болса, екінші жақ талап етуге құзыры бар. Құқықтың психологиялық теориясы негізінде құқықтық әсерленушілікті (переживание) өмірдің тыныс-тіршілігінен бөліп қарайды.
Бұл теория қазіргі уақытта «скандинавиялық құқық мектебі» деп аталатын ағымда кең өріс жайған. Оның ірі өкілдерінің бірі Карл Оивекрон тіпті құқықты нормалар жиынтығы деп мойындайды, бас тартып, құқықтың қайнар көздерінің күші әлеуметтік дағды мен инстинктте деген пікір білдіреді.
- Құқықтың социологиялың (әлеуметтік) мектебі. (О.Холмс, П.Эрлих, С.И.Муромцев, Р.Паунд, Г.Канторович). Бұл мектеп негізінде прагматизм (пайдалы істер мен қолайлылыққа ұмтылу) идеологиясының құқықтану саласындағы бір ағымы ретінде бағаланады. Оның негізгі мазмұны құқықтың мәнін танудан бас тартады. Мысалы, бұл мектептің ірі өкілдерінің бірі Оливер Холмс (1841—1935) өзінің зерттеулерінде «құқықтың өмірі логикада емес, тәжірибеде», «қоғам нені пайдалы деп тапса, сол құқық» деген қағидаларды ұсынып, жалпы құқықтың мәніне сенімсіздікпен қарады, пайдалы істердің бәрі құқық деп бағаланды. Р. Паунд құқықты өмірдің дамуы мен үнемі өзгеріп отыратын дәлелдей келе, ол нормаларда бекітіліп, қатып қалған, «құқық кітаптағы емес», керісінше өзгеріске ұшырап отыратын «құқық әрекетінде», қозғалыстағы құбылыс деп бағалайды, соттардың істерді қарағанда құқық нормаларымен шектелуі олардың ойларын қысымға ұшыратады. Сондықтан құқық нормалары судьяларға үкім, шешім шығаруға болжам ғана болады. Судья істі шешкенде құқық жасайды. Құқық еш уақытта заңдардың мәтіндерінде толығымен қамтылмайды. Өмірдегі қатынастар жан-жақты, әр түрлі, сан алуан, қайталанбайтын болғандықтан әр ұйым, мекемелер мен кәсіпорындар өздерінің тәртіптеріне бағынады, мемлекетсіз-ақ құқық жасаумен айналысады. Е. Эрлихтың пікірі бойынша заң шығарушы орган жаңа нормаларды жасамайды, тек өмірде қалыптасып үлгерген қатынастарды, талаптарды қағаз бетіне түсіреді. Ол былай деп жазды: «Құқық қатып қалған догма емес, керісінше, ол өзгермелі, жанды күш, себебі заң шығарушының кешегі айтқаны бүгін қажетке жарамауы мүмкін».
- XIX ғасырда Францияда құқықтың қонцептуалдык мәселелері қайта қаралып, экзегездер мектебі қалыптасып үлгерді. Бұл мектептің өкілдері негізінде заң ғылымдарының мәнін, мазмұнын және міндеттерін тек қана қабылданған заңнамаға түсініктеме берумен шектелуі қажет деп түсінді. Олардың ойынша Наполеонның 1804 жылы қабылдаған азаматтық кодексі нағыз классикалық үлгідегі кодекс, сондықтан ғалымдар заңды өзгертуге теориялық ұсыныстар емес, керісінше тек түсініктеме берулерімен шектелулері тиіс. Францияның даңқын шығарған Наполеонның Азаматтық кодексі Юстинианның заңдары сияқты мәңгі өзгермейтін заң ретінде қабылдануы тиіс болды. Ал, ұлы қолбасшы болса, өзінің кодексі туралы мақтаныш сезіммен былай деп жазды: «Менің нағыз даңқым мен жеңген қырық ұрыста емес. Ватерлоо олардын бәрін сызып тастады. Бірақ, азаматтық кодекс ұмытылмайды, ұмытылуы тиіс емес». Солай болып қалды да. Себебі, француз зерттеушісі Сейдюдің тұжырымдары бойынша бұл кодекс имам Мәлік жазған мұсылмандық кітаптан құрастырылған. Францияда экзегездер мектебінің кең өріс жаюына байланысты заң ғылымында формальді — догматикалық көзқарастар үстемдік етті, жаңа тұжырымдамалар мен теориялар мүлдем ұсынылмады.
- Адхократиялық теория (Э.Тоффлер). Бұл теория XX ғасырдың 70-жылдары Англияда дүниеге келді. Тұжырымдаманы жасаушылардың бірі футуролог Э.Тоффлер «заңдылық» ұғымының жалпы дағдарысқа ұшырауын айта келе, постиндустриялық қоғамға адамдардың барлық мінез-құлықтарын заңмен реттеу олардың барлық әрекеттеріне тыйым салу мүмкін емес. Қоғамдық қатынастардың күрделенуі күнделікті өмірге, адамзаттың санасына кірмейтін оқиғалар мен сәттерді енгізуде. Сондықтан құқық барлық әрекеттерді реттей алмайды. О.Тоффлер қажеттіліктен туындайтын сәттік дау-дамайды адамдар өздері ереже жасап шешулері қажет деген пікірді алға тартады. «Заңдылықтың алтын ғасыры артта қалды, ол күрделі урбанизацияланған қоғамның пайда болуымен байланысты болды және тарихтан мемлекеттің орталықтан басқару институттарымен, өкілетті демократиямен бірге кетеді, бостандық келісімі мен шарт топтардың аралық қатынастарының негізі балады. Классикалық құқықты қайта жандандыру философия, этика, адамның дүниедегі және ғарыштағы орнын қайта ұғыну, құқықтың түсінігіне қайта оралу арқылы болмақ. Құқықтың іргетасы адамгершілік болып табылады. Болашақта құқықты жандандыру үшін космизм бастауларын мойындау арқылы метафизика, ироциональдық (ақылға сыймайтын), мистикалық (жұмбақ) білім, тірі көзқарас керек, бірақ құқық туралы болымды білімнің орнына емес, онымен бірге». Бұл жерде теорияның негізін қалаушылар келісімшарт жасау арқылы әділетсіздіктің кең етек жаятынын мүлдем ескермейді.
- Идеяциалық теория. (П.А.Сорокин). Теорияның негізгі қағидасы қоғамда құқықтың сананың дағдарысқа ұшырап, адамдардың гуманистік, адамгершілік құндылықтардың күйреуі және адам саналарында информациялық атқылаудан, тек прагматикалық ой-сананың үстемдік етуі құқық қағидаларының аяққа тапталғанын ашына жариялайды. П.А.Сорокин құқыққа деген көзқарасты қалыптастыру адамдардың барлық сезімдерін, қимыл-әрекеттерін құдай ісіне, діни сезімдерге баулау қажет. Себебі, постиндустриялық қоғамда кең етек жайған қатыгездік, порнография, секс, айуандық әрекеттердің кеңінен насихатталуы адам санасын антигуманистік қасиеттермен ластауда. Сана дағдарысы барлық құқықтық нигилизмді, немқұрайдық пен жағымсыз әрекеттерді қалыптастыруда. Оны шешудің жолы — құдай, жаратушы сезімен санадағы жараларды емдеу. Құқықтық сана бетбұрысын қалыптастыру діннің негізгі іргетасы. Жаратушы — Алла алдында жауап беруге сендіру, соның нәтижесінде құқықтық тәртіп орнату барлық, қатынастарда үуйлесімділікті орнатудың қайнар көзі. Ұлы Абайдың сөзімен айтқанда: «иманның тазалығын жақсы ұқтырмай, сыртын қанша жуса да іші оңбаған».
- Құқықтық экзистенциялық теориясы. (Г.Кон, М.Хайдеггер, В.Майхофер). Экзистенциалистер адам өмірін тек кездей-соқ оқиғалардан болатын құбылыс деп таниды. Сондықтан барлық адамдарға тән жалпы нормаларды қабылдау, бекіту, орнату мүмкін емес. Жеке адам тек өзіне қажетті әрекеттерді істейді. Себебі, өмірде қандай болған жағдайда бір-бірінен айнымайтын істер мен әрекеттердің болулары да мүмкін емес. Адамның санасы бәріне бірдей орнатылған құқықтық нормалары қабылдамайды. Адам индивидуализмнен еш уақытта ажырай алмайды, сондықтан құқық бір сәтте болған әрекеттерді шешу үшін пайдаланылады және оның рөлі қақтығыстарды реттеуге келіп тіреледі.
Кеңес мемлекеті құқықтың теориясын жасауда идеологиялық, таптық талаптарды басты назарға алады. Қазан төңкерісінен кейін пролетариат диктатурасының идеологтері құқықтың мәнін, оның функцияларын тек таптық мағынада түсінумен шектеледі. К.Маркс пен Ф.Энгельстің буржуазиялық құқыққа берген сипаттамасы классикалық деп танылады. Соның нәтижесінде кейбір зерттеушілер құқықты ескі қоғамның қанаушылық рөль атқаратын құралы ретінде танып, бағалауға дейін барды. Мысалы, А.Г. Гойхбарг деген құқықтанушы 1924 жылы мынандай тұжырым жасаған: «…..Дін — халық үшін апиын. Бірақ, …. құқық сол халық үшін апиыннан бекер уландыратын, бас айналдыратын апиын».
20 жылдарда Кеңес өкіметінің ірі заңгерлерінің бірі П.И.Стучка құқықтың ұғымын негізінде қоғамдық қатынастардың жиынтығымен тікелей байланыстырып қарап, оған мынандай анықтама береді: «Құқық деген үстем тап өкілдерінің мүдделеріне сәйкес келетін және оның ұйымдасқан күштерімен қорғалатын қоғамдық қатынастардың жүйесі (тәртібі)». Ал, марксизмнің құқық теоретигі болып саналатын Е.Б. Пашуканис құқықты құқықтық қатынастардың жүйесі деп бағалады. Екі зерттеуші де кұқықты тануда динамикалық мағынаны білдірді, оны үнемі өзгеріп отыратын құбылыс деп таныды. Осы жылдарда Кеңес мемлекетінің ірі қайраткері Н.В. Крыленко және басқа заңгерлері құқық дамып нығайған сайын оған жаңа талаптар қойылатынын дәлелдеп: «Құқық деген заңдар мен әдеттік құқықта қоғамдық қатынастардың білдірілуі», — деген пікір білдірді. Бұл анықтамада нормативтік сипат айқын байқалады.
1938 жылы Бүкілодақтық советтік құқық ғылымының отырысында А.Я. Вышинский өзінің жасаған баяндамасында құқыққа мына мағынадағы анықтама береді: «Құқық дегеннен үстем тап өкілдерінің еркін білдіретін, заңнамалық тәртіппен мемлекеттік өкіметпен орнатылған әдет-ғұрыптардың қолданылуы мемлекеттік күшпен қамтамасыз етілетін мінез -құлықтардың, әдет-ғұрыптардың және тұрмыстық ережелердің жиынтығы».
50-60 жылдары заң ғылымында құқықтың анықтамасын кең көлемде түсіну кажеттігі туралы мәселе көтеріледі. Атап айтқанда А.К. Стальгевич, С.Ф.Кечекьян, А.А.Пионтковский сияқты ғалымдар «құқық деген мемлекет бекіткен және құқықтық қатынастар негізінде пайда болған құқықтық нормалардың жүйесі» — деген анықтаманы ұсынып, құқықтық нормалардың құқықтық қатынастармен тығыз байланыста болатындығы дәлелденеді. Я.Ф.Миколаенко деген зерттеуші С.Ф.Кеченьянның және А.А. Пионтковскийдің құқыққа берген анықтамасын одан әрі қарай кеңейте түсіп, «құқық деген құқықтық қатынастар, құқықтық сана, субъективтік құқық, құқық қолдану кесімдері негізінде пайда болған құқықтық нормалардың жүйесі», — деген тұжырымды алға тартты. Жоғарыда айтылған көзқарастар құқық теориясында құқықты кең көлемде түсіну деген ұғымды қалыптастырды.
90 жылдары заң ғалымдарының докторы, профессор Л.С.Явич құқықтың мазмұнын адамгершілік тұрғыдан түсіну кажеттігі мазмұндық мағынаға ие болып, өзіндік сипатымен ерекшеленетінін атап көрсетті. Атап айтқанда ол былай деп жазды: «Құқықты адамгершіліктің бір бөлшегі, яғни теңдік және еркіндіктің өлшемі деп мөлшерлеуіміз тиіс. Мұндай қасиеттерден жұрдай нормативтік жүйе ешкандай да құқық болуы мүмкін емес».
B.C. Нерсесянц құқықты еркіндіктің өлшемі деп тану құқықтың барлық функцияларын, мәнін нақтылы айқындайтынын дәлелдеп, мынандай қорытынды жасады: «Мен құқықты адамдардың қоғамдық қатынастары формалды теңдігін білдіретін нормативтік түр ретінде түсінемін. Бұл қағида құқықтың жеке қасиетін көрсетіп қана қоймай, сонымен қатар оны басқа да әлеуметтік реттеушілерден айыруға көмектеседі. Негізінен әр түрлі адамдардың формальды теңдігін мойындау — олардың еркіндігі мен тәуелсіздігін тану деген сөз. Тек қана азат, еркін адамдар ғана құқықтың субъектісі болуы мүмкін, ал ол екеуі жоқ жерде құқық бар деп айту тіпті де мүмкін емес. Сондықтан да құқықтық нормалар бағынатын субъектілер мен олардың ара қатынастарына ортақ еркіндіктің тең өлшемі деп қарастырылады. Құқықтың бұл түсінігі әділеттілік қоғамдарымен тығыз байланысты. Әділеттілік құқықтан туындайды. Әділеттіліктің құқықтық сипаты мен мәнін жоққа шығару — үстемдікке жол беру деген сөз. Бұл кезде әділдік ұғымы құлықтылық, діни, дүниетану, саяси, әлеуметтік, ұлттық және тағы басқа мүдделерімен алмастырылады. Әрине, құқық айтылған нақтылы бұл мүдделерді ешқашанда жоққа шығармайды, керісінше, олар осы құқық арқылы танылып, қорғалуы керек. Дегенмен де құқық осы жеке мүдделердің нормативтік бекітушісі емес. Керісінше, әділеттілік құқықтың жалпыға ортақ негізі ретінде барлық осы мүдделерді салыстыра отырып, оларға әділ құқықтық өлшем болып табылады».
Г.В. Мальцевтің пікірінде мынандай идея бар: «Біз позитивтік құқықтықты жақтағаннан не ұттық? Құқық пен азаматтық коғамның теориялық байланысы мүлдем үзілді. Яғни, құқық мемлекеттің саяси әміршіл құрамы болып, аппараттың күшін бекітті. Біздің көптеген мемлекет және құқық теориясы оқулықтарына қарап отырып одан құқықтық нормалар бір лабораториялық жағдайда жасанды түрде заң шығарушылар көмегімен пайда болып, содан соң ерекше бір реттеуші тетік арқылы нақтылы өмір мен әрекетке түсетін сияқты. Құқық мәселесі — адам, қоғам, құлықтылық ұғымдарынан бөліп алынып, жеке қаралды. Сондықтан да демократиялық, қоғамның құқық деп халықтың мүддесіне сай келетін және де адамдардың ерікті іс-әрекеттерін мемлекет билігі күшімен қорғаушы және реттеуші жүйе деп түсінуіміз керек».
Пікір таласқа араласқан заң ғылымдарының докторы, профессор Д. Зоркий, B.C. Нерсесянцтың пікірін қолдай келе өз ойларын былай деп тұжырымдады: «Құқық еркіндіктің өлшемі деген ойды қолдай отырып, бір жағынан бұл норма (тең өлшем, жалпыға ортақ масштаб) құқықтың көп қырларының бірі ғана екенін ұмытпауымыз керек. Ал, басқа жағынан алғанда құқық ол анықталған, бір өлшемге келген соң еркіндіктің өзі …Сана мен күш-жігер әр адамға тән қасиет екені белгілі, сондықтан да ол өзінің ішкі сезімі арқылы қандай іс-әрекетпен айналысқысы келетінін таңдап алуға ерікті. Осыған байланысты еркіндіктің екі қыры ашылады: ішкі және сыртқы түрлері. Кәдімгі әлеуметтік өмірдегі құқық еркіндіктің сыртқы түрі, яғни адамдардың қимыл-әрекеттерін реттейтін құрал. Осыдан барып сыртқа еркіндік түріндегі құқық пен мемлекеттік күштердің арасында орнайды. Ал, құлықтылық адамның ішкі жан дүниесіне әсер етеді. Егерде құқықтың субъектісін сатып алу шартын орындауға көндіруге болатын болса, адамды, біреуді жақсы көруге немесе жек көруге күштеп көндіру мүмкін емес. Сол себепті құқық адамның ішкі жан дүниесімен араласпауы керек. Дегенменде, осы сыртқы мен ішкі еркіндік бір-бірімен байланысты. Құқық пен құлықтылық екеуі бірге отырып, адамның рухани дүниесін құрайды. Құлықтылықтың құқықтан тыс қалуы үстемділіктің, зорлық зомбылықтың өркендеуіне жол береді. Тек қана құлыктылықпен байланысты құқық өзінің нақты мәнін табады».
Құқыққа деген көзқарас заманның дамуына байланысты шексіз болып қала бермек. Азаматтың тарихы — оның мәдениетінің жабайылықтан, тағылықтан өркениеттік үлгіге көтерілуінің үнемі қозғалыстағы үрдісі. Осыған байланысты біз ешуақытта құқықтың функцияларын, мәнін, мазмұнын, мәдениеттен бөліп, ажыратып зерттей де, қарай да, тани да алмаймыз. Мәдениет — құқықтың іргетасы, қалыптасуының қайнар көздері. Әр халықтың өзіне тән мәдениеті, салт-дәстүрлерінің ерекшеліктері құқыққа өзінің әсерін тигізбей қоймайды. Сондықтан құқық дегеніміз әрбір этнос мәдениетінің улгісі ретінде қалыптасып, мемлекетпен қоғамдық қатынастарды реттеу, қорғау мақсатында бекітілген, адамгершілік қасиеттерді анықтайтын, әділеттілік қағидаларын жариялайтын және қажет болған жағдайларда күшпен қамтамасыз етілетін нормалардың жиынтығы.
Қолданылған әдебиеттер тізімі
- Т.В.Кашанина. Происхождение государства и права. М., 1999.
- Нұртас Иманқұл. Құқық философиясы пәндік негіздері және қысқаша тарихы. Астана, 2004.
- С.А.Табанов. Салыстырмалы құқықтану негіздері. Алматы, 2003.
- М.Н.Марченко. Проблемы правопонимания в связи с исследованием источников права. //В кн: Проблемы теории права и государства, истории политико-правовой мысли. Алматы, 2005.
- В.П. Алексеев, А.И. Першиц. История первобытного общества. М., 1999.
- Ф.Энгельс. Семьяның, жеке меншіктің және мемлекеттің шығуы. Алматы, 1997.
- Л.С.Явич. Общая теория права. Л., 1976.
- Ю.В.Бромлей, Р.Г.Подольный. Создано человечеством. М., 1984.
- Р.Б.Пандей. Древнеиндийские домашние обряды (обычаи). М., 1990.
- Ежи Шацкий. Утопия и традиции. М., 1990.
- Н.Б. Тер-Акопян. Первобытное общество: проблемы теории и истории в трудах К.Маркса и Ф.Энгельса. М., 1991.