АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Реферат. ҚҰҚЫҚТЫҢ ТҮСІНІГІ ЖӘНЕ МАЗМҰНЫ

ҚҰҚЫҚТЫҢ ТҮСІНІГІ ЖӘНЕ МАЗМҰНЫ

 

Жоспары

 

 

Кіріспе

  1. Құқық туралы негізгі теориялар
  2. Құқықтың түсінігі және мазмұны

Қорытынды

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

 

Кіріспе

 

Құқық мемлекетпен бірге қоғамның объективтік даму процесінің нәтижесінде өмірге келді. Алғашқы қоғамдағы әлеуметтік нормалар: әдет-ғұрып, салт-дәстүр, мораль, діни өсиеттер, мемлекеттік жүйеде бірте-бірте екінші қатардағы нормаға айналып, құқық әлеуметтік негізгі нормаға айналды. Адам қоғамы мыңдаған жылдар өмір сүріп келді. Сол көне заманнан ғалымдар құқық пен мемлекет қашан пайда болды, қалай дамып келеді?– деген мәселелермен шұғылданып, ғылыми зерттеулер жасап келді. Өйткені құқықтың мазмұнын, тарихын, белгі-нышандарын жақсы білу қоғамды дұрыс, сапалы реттеп-басқаруға өте қажет.

Құқық қоғамды реттеп, басқарудағы негізгі құрал; құқық қоғамдағы бостандықты, әділеттікті теңдікті, адамгершілікті қалыптастыратын негізгі құрал; құқық мемлекеттік билікті, қоғамның саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік даму процесінің даму бағыттарын анықтап отыратын негізгі құрал; құқық қоғамдағы заңдылықты, тәртіпті бақылап отыратын негізгі құрал; құқық мемлекеттің ішкі-сыртқы істердегі егемендігін қамтамасыз ететін негізгі құрал т.б. Бұл пікірді жалғастыра беруге болады. Құқық –қоғамның экономикалық базисінің үстіндегі қондырма. Оның қоғамдағы мәні, маңызы, мазмұны мен нысаны, сайып келгенде, қоғамның экономикалық, мәдени-рухани сипатына байланысты. К.Маркс «Гота программасына сын» деген еңбегінде: «Құқық ешуақытта да экономикалық құрылыстан және қоғамның соған сәйкес мәдени дамуынан жоғары бола алмақ емес» – деді.

 

 

  1. Құқық туралы негізгі теориялар

 

Қазіргі заманда да бұл мәселе заң ғылымын күн тәртібінен түскен емес. Бұл мәселемен толып жатқан ғалымдар, теориялар шұғылдануда. Қоғамның диалектикалық даму процесіне сәйкес құқық туралы көзқарас та, пікірлер де әртүрлі болды. Құқық туралы негізгі теориялар: табиғи, тарихи, реалистік, социологиялық, нормативтік, психологиялық, материалистік теориялар.

Табиғи теория – бұл теорияның мазмұны көне дәуірде қалыптасқан. Теорияның мазмұны – адамдардың табиғи және мемлекеттің өмірімен байланысты құқықтары. Табиғи құқықтарын ешкім шектей немесе жоя алмайды – деп түсіндірген. Цицерон – табиғи бостандыққа, құқыққа қарсы келетін мемлекеттік заң болуға тиіс емес – деген. Табиғи теорияны орта ғасырлардың ғалымдары: Локк, Руссо, Монтескье, Гольбах, Радищев т.б. өте жақсы дамытқан. Дамыған елдерде табиғи әлеуметтік норма мен құқықты бір-біріне қарсы қоюдың негізі жоқ. Олар қоғамды бірігіп басқарады.

Тарихи теория – бұл теорияның өкілдері құқық адамдардың рухани сана-сезімінің даму процесінен өмірге келіп, қалыптасады деп түсіндіреді. Оған мемлекеттің қатысы жоқ – деп уағыздаған. Адамдар субъективтік жолмен табиғи бостандықтар мен құқықтарды жоя алмайды, тек қоғамның даму процесінен қалыптасқан қатынастарды реттейтін, басқаратын нормалардың шығуын тездету керек деп түсінген. Бұл теорияның – өкілдері: Густав Гуго, Карл Савиньи, Фридрих Пухта, Штиль т.б.

Реалистік теория – құқықтың дамуы өзінің эволюциялық ішкі себептері арқылы өзгеріп, ескеріп, жаңарып жатады. Оның дамуына сыртқы жағдайлардың әсері мол болады – деп уағыздаған. Бұл теорияны құқықтың бірлігін, дамуын, оның мемлекетпен байланысын, субъектілердің құқығының міндеттері болатын және мемлекеттің бақылауын қостайды.

Әлеуметтік теория – XX ғасырда қалыптасқан теория. Бұл теория құқықтық қатынасты, адамдардың құқықтық тәртібін жан-жақты ғылыми тұрғыдан зерттеуді жақтайды. Өкілдері Эрлих, Леон Дюги, С.М.Муромцев, Г.Н.Шершеневич, Р.Паунд. Құқықтың әлеуметтік мазмұнын зерттеуге көңіл бөледі, құқықтық мемлекетті жақтайды.

Нормативтік теория – құқық әлеуметтік өмірдің сыртқы қарым- қатынасын реттеп, басқарып, адамдардың мүдде-мақсатын орындау деп түсінеді. Заң ғылымы құқықтың жеке өзін саясат пен идеологияға қоспай зерттеуді жақтайды. Құқықтың белгі-нышандарын жақсы зерттеуді, құқықтық мемлекетті жақтады. Нормативтік актілерді жоғарыдан төмен қарай сатылап зерттеуді, бақылауды ұсынады. Бұл теорияның, әкілдері: Р.Штаммлер, Г.Кельзен, П.И.Новгородцев.

Психологиялық теория – XX ғасырдың басында жақсы дамыған теория. Теорияның негізгі мазмұны: құқық адамдардың психикасының ішкі құрылысында қалыптасып, олардың сыртқы іс-әрекетіне, жұмысына әсер етуі. Адамның ішкі сана-сезімі мен сыртқы тәртібінің, мінезінің, іс-әрекетінің байланысын Петрижицкий этикалық сана деп атайды. Бұл теория құқықты екі түрге бөледі: жеке тұлғалық (автономдық) және оң жағымды (позитивтік). Жеке тұлғалық құқық – жеке адамның ішкі ұятынан қалыптасатын елегізу, қатты қиналу. Оң жағымды позитивтік құқық – басқа адамның беделіне, абыройына сенушіліктен қалыптасатын психикалық көзқарас.

Материалистік теория – құқық саяси-экономикалық үстемдік жүргізетін таптың мүдде-мақсатын қорғайтын нормативтік актілердің жиынтығы. Құқықтың мазмұны екі элементтен тұрады – деп түсіндіреді: экономикалық базис пен үстемдік таптың мүддесі.

Бұл теорияның тарихи даму процесін үш кезеңге бөлуге болады: Бірінші кезеңі – Марксизмнің құқықтың мазмұнын түсінуі және оның қоғам дамуындағы маңызы; екінші кезеңі – құқықтың болашағына марксизмнің көзқарасы; үшінші кезеңі – марксистік көзқарасты бұрмалау.

Бірінші кезеңде марксизмнің құқықтың мазмұнын түсінуі дұрыс еді – құқықтың экономикалық базиспен және таптық күреспен тығыз байланысты болуы. Екінші кезеңде – буржуазиялық мемлекет пен құқық теориясының мазмұнын бір жақты зерттеп, оның прогрестік рөлін, маңызын дұрыс түсінбеді. Қоғамның болашағын құқықтық мемлекетпен байланыстырмады. Үшінші кезеңде одағының басшылары марксизмнің мазмұнын сорақы түрде бұрмалап, өздерінің әкімшілік-әміршілік, тоталитарлық саясатын қорғау үшін пайдаланды.

Марксизм жай теория қалпында қалмай, оны социалистік мемлекеттердің басшылары субъективтік жолмен ондаған жылдар социализм моделіне айналдыруға тырысып бақты. Бірақ одан ешқандай нәтиже болмады.

Жоғарыда көрсетілген құқық теорияларының жеке алғанда дұрысы да, бұрысы да баршылық. Бірақ барлығының мазмұнын біріктіргенде бірнеше дұрыс қорытынды тұжырымдар шығаруға болады:

— құқық әлеуметтік құбылыс, онсыз дамыған қоғам болашақ емес;

— құқық қоғамдық және жеке адамдардың мүдде-мақсатын қорғайтын негізгі құрал;

— құқық жеке адамның меншігін қорғайтын негізгі күш;

— құқық мемлекетті қалыптастырған және оның бақылауындағы қоғамдық тәртіпті қорғайтын құрал.

Сонымен құқық жеке тұлғалардың экономикалық, саяси, әлеуметтік т.б. бостандығын, теңдігін қорғайтын негізгі құрал. Құқық қоғамның объективтік дамуын қамтамасыз етіп, өндіріс пен сұраныстың ара қатынасын реттейтін негізгі күш-құрал.

 

 

  1. Құқықтың түсінігі және мазмұны

 

Құқық әлеуметтік нормалардың ерекше жүйесі болып, мемлекетпен бірге өмірге келіп, қоғамды реттеп, басқарып отырды. Олар қоғамның, объективтік даму процесінің талабына сәйкес қалыптасты. Бірақ әр елдің ерекшеліктеріне сәйкес құқықпен мемлекеттің нысаны әртүрлі, мазмұны бірдей болды. Бұл жерде қайталап өтейік, құқық пен мемлекеттің өмірге келуінің, қалыптасуының негізгі объективтік заңдары: қосымша өнімнің пайда болуы, жеке меншіктің қалыптасуы, таптардың арасында күрестің басталуы, қайшылықтарды реттеп, қоғамды басқару үшін құқық пен мемлекеттің өмірге келуі. Бұл объективтік даму процесі қоғамның алдына бірнеше талаптар қойды:

— қоғамның әкімшілік-территориясында тұрақты тәртіп қалыптастыру қажет болды;

— қоғам бірнеше тапқа, топқа бөлініп, олардың арасында қайшылықтар басталып, оны реттеп, қоғамды басқару керек болды;

— ру мен тайпалардың, мемлекеттік бірлестіктердің арасындағы қайшылықтар күреске айналып, күрес соғысты өмірге әкелді. Осы күрес – қайшылықтарды бейбітшілік жолмен шешіп, реттеу қажет болды.

Қоғамның объективтік даму процесінің бұл талаптарын іске асыру үшін құқықтық нормаларды қарқынды, сапалы дамытып, қарым-қатынастарды тағы басқа құбылыстарды реттеу жұмыстары басталып, қоғамның жақсы дамуына жағдай жасалды.

Енді құқықтың түсінігіне және мазмұнына келсек, оның сан қырлы түсінігі, сан қырлы мазмұны бар деуге болады. Ол қоғаммен бірге диалектикалық даму процесінде болғандықтан оның мазмұны сан қырлы бағытта дамып, байып отырды. Ғалымдар құқықты зертегенде бір-екі қырынан мазмұнын анықтап, әр түрлі қорытынды тұжырым жасап отырды. Мысалы, Аристотель құқықты саяси шындық, әділеттік – деді, орта ғасырдың ғалымдары – құқық діни норма, Ж.Ж.Руссо – құкық қоғамдық билік – деп түсіндірді. Осы пікірлердің бәрі дұрыс.

Құқық адамдардың өмірімен тығыз байланыста дамиды: олардың бостандығын қалыптастырады, мінез-құлқына, іс-әрекетіне, тәртібіне, сана-сезіміне жан-жақты әсер етеді, мүдде-мақсаттарының іске асуына қолайлы жағдай, қамқорлық жасап қорғайды. Адамдардың жекелік топтық және қоғамдық қарым-қатынастарын реттеп, басқарып отырады. Осы тұрғыдан алсақ құқықтың мазмұны, түсінігі – адам қоғамын басқарудағы құқықтық нормалардың ішкі тұрақты, сапалы мәні, маңызы. Бұл түсініктемеде құқықтың құндылығын, маңыздылығын айрықша көрсетіп отыр. Бұл түсініктеме дұрыс бірақ жеткіліксіз.

Құқықтың нормалары қоғам дамуының саяси-экономикалық, мәдени-әлеуметтік мұқтаждарына неғұрлым сай келсе, соғұрлым пайдалы әсері мол болмақ. Қоғам өмірін құқық арқылы реттеу процесінде әр түрлі құқықтық қатынастар туады, яғни қоғам мүшелері, мемлекеттік мекемелер, қоғамдық ұйымдар құқықтық нормалардың талаптарын іс жүзіне асыру үшін өзара қарым-қатынастарға түсіп, заңда көрсетілген міндеттерді орындауға тиісті болады. Құқықтық қатынастар қоғам өмірінің негізгі салаларын қамтиды, бұлар: әкімшілік, қаржы, мүліктік, отбасы, еңбектік, процессуалдық т.б. Мемлекетке қажетті қоғамдық тәртіп құқықтық қатынастар негізінде ғана орнай алады. Бұл – құқықтық қоғамдық қатынастарды реттеудегі көздейтін басты мақсаты.

Біз жоғарыда құқықтың түсінігін және мазмұнын нормативтік тұрғыдан қарастырып келдік. Бұл құқықтың түсінігінің, мазмұнының негізгі бағыты. Өмір тәжірибесінде біраз ғалымдар құқықтың мазмұнын кеңейтілген түрде зерттеп, түсінігін сол көлемде береді. Олардың қосымша зерттеген мәселелері: құқықтық қатынас, құқықтық сана, субъективтік құқық, құқықты қолдану, құқықты бұзушылық және жауапкершілік. Міне осы мәселелердің бәрін олар құқықтың мазмұнына жатқызады. Біздіңше бұл дұрыс пікір. Өйткені осы қатынастардың бәрі де құқықтық нормалармен реттеліп, шешімін тауып жатады. Екінші олардың кеңірек зерттеген мәселесі – құқық пен заңның, бостандық пен құқықтың арақатынасы және айырмашылығы. Құқықтық норма мәселені абстрактік түрде қарастырып, іс-әрекетті кеңірек қамтиды, ал заң нақты түрде бір немесе бірнеше мәселені қамтиды. Адамдардың бостандығы мен құқықтарын бөліп қарауға болмайды – деп түсіндіреді. Бұл пікір де дұрыс, бірақ ғылыми зерттеуде оларды жеке бөліп қарастырған жөн – анализ, синтез әдісімен зерттелсе, қорытынды тұжырым дұрыс болады.

Қоғамның тарихи объективтік даму процесінде құқықтың маңызы туралы екі пікір бар: біріншісі – қоғамның дамуын басқарып, реттеп отырушы негізгі әлеуметтік факторлардың бірі құқық. Онсыз қоғам дағдарысқа ұшырап әлдеқашан ақыр заман болар еді. Бұл пікірді – заңды көзқарас деп айтады. Екіншісі – бірінші пікірге қарсы пікір. Қоғамның дамуында құқықтың ешқандай рөлі, маңызы жоқ деп түсіндіреді. Бұл пікірді заңды нигилизм деп айтады. Нигилизм қоғамда қабылдаған, бүкіл адамға пайдалы нормаларды, жағымды мұраларды жоққа шығарып мойындамау.

Заңды көзқарас көне дәуірден қалыптасып, құқықтың қоғам даму процесіндегі рөлін, маңызын жан-жақты зерттеп, бірнеше ғылыми қорытынды тұжырымдар жасалды. Құқық қоғаммен бірге эволюциялық-прогрестік жолмен дамып, XIX-XX ғасырларда өзінің тарихи процесте құндылығын делелдеп, қазіргі заманда құқық мемлекетпен бірге қоғам дамуын басқарып, реттеуші негізгі әлеуметтік факторлардың бірі екеніне ешкім күмән келтірмейді. Қоғамның объективтік тарихи даму процесі құқықтың маңызы мен рөлі туралы заңды көзқарас пікірінің дұрыс екенін дәлелдеп отыр. Заңды нигилизм пікірін қазір ешкім қолдамайды.

Құқық философиялық категория. Сондықтан оның мазмұнын, өмірге келуін, дамуын түсінуде әртүрлі пікірлер бар. Бірақ құқықтық нормаларды пайдалануда, сол арқылы қарым-қатынастарды реттеуде, мүдде-мақсаттарды іске асыруда, орындауда адамдардың, бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың іс-әрекетінде, жұмысында ғажап бірлестік бар. Мұның себебі адамдардың, ұйымдардың іс-әрекетінің, жұмыстарының құқық арқылы басталуы, құқық арқылы дамуы, құқық арқылы орындалуы. Құқықтың мазмұнын түсінуде қоғам көлемінде нақты бірліктің болуы. Бұл бірлестіктің анықтылығы қоғамдық тәртіптің дұрыс қалыптасуы, қарым-қатынастардың жақсы реттеліп, орындалуы. Құқықтың құндылығы – қоғамдық масштабта барлық құбылыстардың шешуші негізі болуында. Бұл ғылыми қорытынды пікірді барлық мемлекеттердің және адам қоғамының миллиондаған жылдар тарихы толық дәлелдеп отыр.

Заң ғылымында «құқық» термині бірнеше мағынада қолданылады. Біріншіден, «құқық» деген – ресми түрде танылған жеке және заңды тұлғалардың заңға сүйене отырып, әрекет жасау мүмкіндігі. Мысалы, азаматтардың еңбек ету бостандығы, білім алу, меншік иесі болу, кәсіпкерлікпен шұғылдану құқығы. Заңды тұлғалардың (мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың) да құқықтық мүмкіндіктері болады. Бұл көрсетілген жағдайларда «құқық» түсінігі субъективтік мағынада қолданылады.

Екіншіден, «құқық» деген – құқық нормаларының жүйеге келтірілген жиынтығы. Бұл объективтік мағынадағы құқық, олардың қалыптасуы, жүзеге асырылуы диалектикалық процесс арқылы жүріп жатады. Мысалы, Қазақстанда мемлекеттік құқық туралы Конституцияның 4-бабында былай делінген: «Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық Конституциясының, соған сай келетін заңдардың, өзге де нормативтік-құқықтық актілері» болып табылады.

Үшіншіден, «құқық» термині оқу пәнін білдіретін ұғым ретінде қолданылады. Мысалы, конституциялық құқық, әкімшілік құқық, азаматтық құқық, еңбек құқығы, қылмыстық құқық, отбасы құқығы т.б.

Төртіншіден, «құқық» термині субъективтік құқық пен объективтік құқықтың жиынтығы ретінде де қолданылады. Мысалы, құқық жүйелері мен құқықтық жүйе.

Сонымен, «құқық» терминінің көптеген мәні бар, оны зерттеушілердің көзқарасы бір жерден шығып, бір текті болады деп айтуға болмайды. Негізінен, құқықты таптық және жалпы әлеуметтік тұрғыдан түсіндіру ғылымда кең орын алып келді. Марксистік ілім құқықты, оған байланысты құбылыстарды тек таптық тұрғыдан ғана зерттейді. Ал өркениеттік тұрғыдағы ілім бойынша құқық қоғамдағы барлық адамдардың еркін білдіріп мүдделерін қорғайтын құрал болып саналады. Өйткені адам тарихында болған қоғамдардың бәрінде де таптық мүддеге қоса құқық жалпы қоғамдық мүдде-мақсатты да реттеп, басқарып отырады.

Қазіргі замандағы өркениетті мемлекеттерде құқық барлық азаматтардың еркін білдіретін саяси құралға айнала бастағанын мойындау керек. Қазақстан мемлекетінде қалыптасып келе жатқан құқыққа да осындай жалпы әлеуметтік тұрғыдан қарау шындыққа сай келеді десек қателеспейміз.

Қоғамның диалектикалық даму процесінде қарым-қатынастарды дұрыс реттеп, басқарып, дағдарысқа ұшыратпау үшін мемлекет пен құқық объективтік жолмен өмірге келді. Бұл қоғамның прогрестік жолмен дамуының нәтижесі. Құқық адамдардың, ұйымдардың іс-әрекетімен тығыз байланысты, олардың бостандығының шеңберін, мүдде-мақсаттарының орындалу шеңберін анықтап, реттеп басқарып отырады. Құқықтық норманың қалыптасуы үш кезеңнен тұрады: мүдде, қатынас, норма. Құқықтың негізгі үш тірегі бар: имандылық, қоғамның әлеуметтік-экономикалық жағдайы және мемлекет. Құқық имандылықтан нәр алады, неғұрлым құқықтың нормалары имандылық шарттарына сәйкес келсе, соғұрлым олардың сапасы да, абыройы да жоғары болады.

Құқықтың таптық мәні, қоғамдағы рөлі, мазмұны мен нысаны, сайып келгенде қоғамның экономикалық, рухани, мәдени сипатына байланысты. Құқықтың дамуына күресімен бірге саяси-әлеуметтік ұлттық қатынастар, идеология, қоғамның мәдени өсу дәрежесі де үлкен әсер етеді. К.Маркс «Гота программасына сын» деген еңбегінде: «Құқық ешуақытта да экономикалық құрылыстан және қоғамның соған сәйкес мәдени дамуынан жоғары бола алмақ емес»,[1] – деген. Құқықтың нормалары қоғам дамуының экономикалық мұқтаждарына неғұрлым сай келсе, соғұрлым пайдалы болмақ. Қоғам өмірін құқық арқылы реттеу процесінде әртүрлі құқықтық қатынастар туады, яғни қоғам мүшелері, мемлекеттік ұйымдар мен мекемелер құқықтық нормалардың талаптарын іс жүзіне асыру үшін өзара қарым-қатынастарға түсіп, заңда көрсетілген міндеттерді орындауға тиісті болады.

Құқық – мемлекет шығарған немесе бекіткен, орындалуы мемлекеттік аппараттың күшімен қамтамасыз етіліп отыратын жалпыға бірдей тәртіп ережелерінің (нормалардың) жиынтығы. Құқықтың түсініктері бірнеше, бірақ мазмұндары біреу-ақ.

Құқықтың мазмұнының негізгі элементтері:

— қоғамның және адамдардың мүдде-мақсатын қорғау, орындау;

— қарым-қатынастарды ретгеп, басқару;

— қоғамды дағдарысқа ұшыратпай, экономикалық, саяси әлеуметтік, мәдениеттік т.б. бағытын дамытып, нығайту;

— мемлекеттік органдардың, қоғамдық ұйымдардың құзыретін, ара қатынасын реттеп, басқарып отыру;

халықаралық қатынастарды реттеп, басқару.

Құқықтың екі түрлі ғылыми түсінігі болады: біріншісі – құқықтың объективтік түсінігі қоғамның объективтік дамуына сәйкес жаңа қатынастардың қалыптасуы; екіншісі – құқықтың субъективтік түсінігі объективтік қалыптасқан қатынастарды реттейтін, басқаратын нормативтік актілерді уақытында қабылдап, бекіту.

Құқықтың негізгі қағидалары:

  1. Қоғамдағы әртүрлі мүдде-мақсаттарды нормативтік жүйемен реттеп-басқару;
  2. Адамдардың, ұйымдардың бостандығының іс-әрекетінің деңгейін, шеңберін норма арқылы анықтап отыру;
  3. Адамдардың, ұйымдардың ара қатынасындағы келіспеушілікті шешудің, реттеудің негізгі түрлерін белгілеп отыру;
  4. Мемлекеттік органның қабылдаған, бекіткен нормативтік актілерінің орындалуын бақылап отыру.

Құқықтың мазмұны дегеніміз – қоғамдағы қатынастарды реттеп, басқарып отыратын нормативтік актілердің ішкі құрылысы.

Құқықтық теңдік жалпылама түрде айтылады, іс жүзінде қатынастардың субъектілері нақты белгілі болмағандықтан, теңдік нормалар да абстракты түрде жазылады. Құқықты дұрыс орындамаса кінәлі субъектілер жауапқа тартылуы керек. Міне осы кезеңнен бастап заңның кезеңі, мемлекеттің жұмысы басталады.

Құқық-үстем таптың және қоғамның заңға айналдырылған мүддесі. Бұл мүддені заңға айналдырушы және оны орындаушы мемлекеттік аппарат.

Құқықтың негізгі белгі-нышандары:

  1. Құқықтық нормаларды мемлекеттік органдар ресми түрде қалыптастырады; әлеуметтік нормалардың басқа түрлерін қоғамдық ұйымдар қабылдайды, мемлекеттің оған қатысы жоқ.
  2. Құқықтық нормалардың мемлекеттің барлық аумағына, барлық халықтарына және барлық ұйымдарға заңды күші болады.
  3. Құқықтық нормалар жеке адамдардың және қоғамдық мүдде-мақсаттарды қамтиды; басқа нормалар жеке ұйымдардың, бірлестіктердің мақсатын қамтиды.
  4. Құқықтық нормалардың орындалуын мемлекеттік органдар бақылап отырады; басқа нормаларға мемлекеттің қатысы жоқ, олардың орындалуын ұйымдар, бірлестіктер бақылайды.

Сонымен, құқық дегеніміз адам мен қоғамның объективтік құрылысымен байланысты тұлғаның бостандығын білдіретін, қоғамдық қатынастарды реттейтін, ресми құжаттарда формальды түрде анықталған, мемлекеттің күшімен қамтамасыз етілетін нормалардың жиынтығы.

Қоғамньщ өмірінде белсенді жұмыс атқаратын құқықтың функциялары. Оның бағыттары толып жатыр. Ең күрделі бағыты мемлекетпен бірлесіп жұмыс жасау. Өйткені мемлекеттің жұмысының мазмұны, бағыты нормативтік актілерде көрсетіліп, анықталып отырады. Құқықтың негізгі функцияларының түрлері:

  1. Қоғамның әр саласына сәйкес құқықтың экономикалық, әлеуметтік, мәдениеттік, тәрбиелік, экологиялық, қаржылық т.б. функциялары болады.
  2. Мемлекеттік биліктің үш түріне сәйкес құқықтың да үш функциясы болады: заң шығару, заңды орындау, заңды қорғау.

Құқықтың бұл екі топтағы функциялары мемлекеттің функцияларымен сәйкес келеді. Сонымен бірге құқықтың өзіне тән екі міндеттері болады: қоғамдағы қарым-қатынастарды дұрыс реттеп, орындалуын тездету және қатынастардың байланысын бақылап, қорғап отыру. Міне осы міндеттерге сәйкес құқықтың өзіне тән екі функциясы болады: реттеу және қорғау.

Құқықтың реттеу функциясы – нормативтік актілер арқылы қоғамдық қатынастардың байланысын, орындалу жолдарын, бағыттарын анықтап отыру. Бұл функция екі әдіс-тәсілмен орындалады: біріншісі – құқықтық нормада қатынастың орындалу жолдарын, бағытын көрсету; екіншісі – нормативтік актіде субъектілерге толық бостандық беру, дұрыс орындалу бағытын көрсету.

Құқықтың қорғау функциясы – нормативтік актілердің қоғамдағы қарым-қатынасқа ықпалын, әсерін күшейту, жаман қатынастарға тыйым салу. Бұл функцияның әдіс-тәсілдері;

— қоғамдағы қатынастардың дұрыс орындалуын бақылау;

— құқықты нормада тыйым салудың себептерін көрсету;

— жауапкершіліктің түрін көрсету;

— жасаған қателіктері үшін субъектілерді жауапқа тарту. Құқықтың функциясы дегеніміз – адамдардың іс-әрекетіне, мінезіне, тәртібіне нормативтік актілердің жасайтын ықпалы мен әсері, сол арқылы қатынастардың дұрыс, уақытында орындалуын қамтамасыз ету.

Құқықтың мазмұнына, нысанына, белгі-нышандарына, функцияларына, қағидаларына жан-жақты түсінік беруді аяқтап, енді құқықтың қоғамдағы құндылығына қысқаша тоқтала кетейік. Құқықсыз қоғам дұрыс, прогрестік жолмен жақсы дами алмайды. Құқық пен мемлекет қоғамды дағдарысқа ұшыратпай, дұрыс басқарып, дамытып келеді. Бұл объективтік процесс. Құқықтың әлеуметтік құндылығы:

  1. Құқық адамдардың іс-әрекетінің, жұмысының нақты келісімді, тұрақты, жақсы орындалуын қамтамасыз етеді. Құқық қоғамдық тәртіпті дамытып, нығайтып, қоғамдық мүдде-мақсаттың жақсы орындалуына мүмкіншілік жасайды.
  2. Құқық адамдардың өзара қатынасын дұрыс реттеп, дұрыс басқарып олардың мінезінің, тәртібінің, сана-сезімінің, іс-әрекетінің жақсаруына мүмкіншілік жасап, сол арқылы қоғамның дамуын жақсартып отырады.
  3. Құқықтың құндылығы адамдардың бостандығын, теңдігін қалыптастырып, қорғауында. Құқық пен бостандық бір-бірімен тығыз байланысты. Құқық бостандықтың, теңдіктің шеңберін, шекарасын үнемі анықтап, бақылап отырады.
  4. Құқық қоғамдағы әділеттікті жақтап, бақылап отырады. Сондықтан халық арасына кең тараған мақал бар: «Құқық қағаз жүзіндегі әділеттік, бостандық, теңдік». Құқық пен әділеттік байланысының, бірлігінің тереңдігі сонда, егер қоғамдағы барлық жүйелері әділеттікке қатаң бақылау жүргізсе.
  5. Құқық қоғамдағы барлық прогрестік дамудың негізгі құралы. Азаматтық қоғамды, демократиялық мемлекетті құрудың бірден-бір даңғыл жолы. Бұл дүние жүзінің мемлекеттерінің тәжірибесінен қалыптасқан шындық.
  6. Құқық халықаралық прогрестік қатынастың, байланыстың қайнар көзі-бұлағы. Дүниежүзілік экологияны жақсартудың құралы.

Сонымен, кұқық қоғамда зор қызмет атқарады. Ол қоғам өмірінің барлық салаларына, жеке адамның өміріне өзіне тән әдістерімен дұрыс жағымды әсер етеді. Құқықтың саяси қызметі мемлекет органдарының қалыптасу, қызмет істеу, атқару тәртібін анықтаудан, саяси партиялардың, бірлестіктердің, ұжымдардың ұйымдастырылуына жол ашудан, азаматтардың құқықтарын пайдалануына мүмкіндік туғызудан байқалады. Құқық қоғамдағы барлық кәсіпорындардың жұмысын тікелей реттеп, жөнге салып отырады. Демек, құқық саяси, экономикалық, әлеуметтік, мәдени, тәрбие құбылыстың барлық салаларын реттеп, жөнге салып отыратын құрал болып есептеледі. Құқық мемлекетті, қоғамды, азаматтардың заңды мүдделерін қорғау қызметін де жүзеге асырады. Осыларға қоса құқық заңды бұзудың, алдын алу қызметін де атқарады.

 

 

Қорытынды

 

Мемлекеттік құқық арқылы өзінің жоғарғы және жергілікті органдарының жүйесін, құзырын, өзара қарым-қатынастарын бекітпей ішкі және сыртқы міндеттерін іске асыруы мүмкін емес. Міне осы мәселелерді мемлекет құқық арқылы, нормаға сүйене отырып іске асырады. Мемлекетке қажетті қоғамдық қатынастар құқық негізінде ғана орнай алады. Бұл мемлекет пен құқықтың қатынастарды реттеудегі көздейтін басты мақсаты. Сөйтіп құқық нормалары мемлекеттің күшіне сүйеніп, жүзеге асырылады. Құқықтың тірегі, оның күш-қуаты, абыройы мемлекет. Құқық нормалары адамға бостандық беріп қана қоймай, сол бостандықты қамтамасыз ететін күшке сүйенеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

 

  1. Қазақстан Республикасының Конституциясы. Алматы, 1995 ж.
  2. Қазақстан Республикасы Конституциясының түсіндірме сөздігі.
  3. Бейсенова А., Біржанова К. Қазақстан Республикасы мемлекет және құқық негіздерін оқып үйренушілерге көмек. Алматы: Жеті Жарғы, 1997.
  4. Сапаргалиев Г.С. Заң терминдерінің сөздігі. Алматы: Жеті Жарғы, 1996.
  5. Ибраева А.С. Заң терминдерінің қазақша-орысша және орысша-қазақша түсіндірме сөздігі. Алматы: Жеті Жарғы, 1996.
  6. Сапаргалиев Г.С., Ибраева А.С. Мемлекет және құқық теориясы. Алматы: Жеті Жарғы, 1997.
  7. Сапаргалиев Г.С. Основы государства и права. Учебное пособие. Алматы: Жеті Жарғы, 1997.
  8. Сапаргалиев Г.С., Ибраева А.С. Мемлекет пен құқық теориясы. Алматы: Жеті Жарғы, 1998.

 

 

[1] Маркс К., Энгельс Ф. Екі томдық таңдамалы шығармалары. 2 т., 15б.