Қылмыстық құқықтың пәні, түсінігі, міндеттері мен принциптері
Қылмыстық құқықтың пәні және түсінігі
Қылмыстық құқық жеке құқық саласы ретінде адамды, оның құқықтары мен бостандықтарын, қоғамды және мемлекетті қылмыстық қолсұғушылықтан қорғауға бағытталған қоғамдық қатынастарды реттейді. Мұндай реттеу үш түрлі жолмен жүзеге асырылады. Оның біріншісі, қылмыстық құқық нормасы арқылы қоғамдық қатынастарды реттеу функциясы болып табылады. Ол қылмыс істеуге байланысты қылмыс жасаған адам мен (субъекті мен) мемлекет арасында пайда болады. Мұндай құқықтық қатынасқа қатысушылардың әрқайсысының өзіне тән құқықтары, міндеттері пайда болады. Субъект қылмыс істеуге байланысты қылмыстық жауапқа және жазаға тартылуға міндетті болса, екінші субъект әділ сот органдары (сот, тергеу, прокуратура) қылмыс істеген адамды сол міндетті орындауға күшпен міндеттейді. Сонымен, қылмыстық құқықтық қатынастарды реттейтін бұл функция орын алған қылмыс оқиғасына байланысты қылмыстық жауаптылықты және жазаны қолдану немесе қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босату сияқты мәселелерді жүзеге асырады.
Екіншіден, қылмыстық құқық нормасы арқылы жазамен қорқытып, тыйым салынған іс-әрекеттерді істеуге байланысты қоғамдық қатынастар реттеледі.
Яғни, қылмыстық заңның болуы және оны бұзған адамдарға қолданылатын жазаның қылмыстық құқықтық нормаларда көрініс алуы осы көрсетілген құқықтық функцияның толық жүзеге асырылуына мүмкіндік туғызады. Үшіншіден, қылмыстық құқық қылмыстық құқықтың нормасы арқылы азаматтарға қылмыстық жолмен қиянат келтірілгенде олардың одан қорғануға байланысты қатынастарын ретке келтіреді. Мысалы, қажетті қорғану, мәжбүрлі қажеттілік немесе қылмыскерді ұстауда әрбір азамат заңда белгіленген тәртіппен қорғануға құқылы. Бұл мәселе тек қылмыстық құқықтық норма арқылы реттеледі.
Қылмыстық құқық туралы сөз болғанда оның үш түрлі мағынасын ескеруіміз қажет. Қылмыстық құқық — бұл жалпы құқық жүйесінің негізгі бір саласы және пән болып табылады. Осы ұғымдардыңбәрінің жиынтығы қосылып қылмыстық құқық курсы деген түсінікті білдіреді.
Қылмыстық құқық пәнін құқық саласы ретінде қарастырғанда жалпы құқық теориясына тән белгілердің, негізіг принциптердің осы құқық саласына да тән екендігін ескеру қажет. Сонымен бірге қылмыстық құқық өзінің ерекшеліктерін белгілейтін және өзін жеке саласы ретінде қарастыруға негіз болатын өзіндік мазмұн, өзгешелік белгілері мен принциптері бар құқық саласы болып табылады.
Құқық саласы ретінде қылмыстық құқық заң шығарушы органдар қабылдаған қылмыс пен жаза, қылмыстық жауаптылық негізі, жаза жүйелерін, жазаны тағайындаудың тәртібі мен шарттарын, сондай – ақ қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатуды белгілейтін заңдық нормаларының жиынтығы болып табылады.
Басқа құқық салалары сияқты қылмыстық құқықтың да негізгі заңдылық базасы – Қазақстан Республикасының Конституциясы болып табылады. Қылмыстық құқықтың ережелері мен институттарының мазмұны қолданылып жүрген қылмыстық құқықтың нормаларында анық көрсетілген. Қылмыстық құқық нормалары мазмұнына қарай екі түрлі қызметті жүзеге асырады. Оның біріншісі қылмыстық құқықтың жалпы ережелерін, принциптері мен институттарын белгілеу арқылы негізгі екі ұғым – қылмыс пен жазаны анықтайды.
Бұл нормалар қылмыстық құқықтың Жалпы бөлімінің мазмұнын құрайды.
Екінші бір нормалар қоғамға қауіпті әрекеттің немесе әрекетсіздіктің қылмыс қатарына жататын белгілерін, шеңберін және оны істегені үшін тағайындайтын жазаның түрлері мен шегін белгілейді. Мұндай нормалар қылмыстық құқықтың Ерекше бөлімінің мазмұнын құрайды.
Қылмыстық құқық жеке құқық саласы ретінде мынандай өзіндік ерекшелік белгілерімен көрініс табады:
Қылмыстық құқық пәні қылмыс істеуге байланысты пайда болатын қоғамдық қатынастарды ретке келтіреді. Ал мұндай ретте қылмыстық құқықтық қатынастардың субъектілері болып бір жағынан қылмыс істеген адам және қылмысы үшін соларға мемлекет атынан шара қолданатын мемлекеттік құқық қолдану және құқық қорғау органдары болады.
Белгілі бір әрекеті немесе әрекетсіздікті қылмыс қатарына жатқызып, оған жаза тағайындау, қоғамға, жеке адамға және мемлекетке қарсы қылмыстық іс — әрекетке тыйым салып, оны бұзғаны үшін қылмыстық жауапқа және жазаға тартатын нормаларды белгілеу — мемлекеттің құзіреті. Осы тұрғыдағы қоғамдық қатынастарды ретке келтіру қылмыстық құқыққа ғана тән әдіс болып табылады.
Қылмыстық құқық Жалпы және Ерекше бөлімнен тұрады.
Қылмыс пен жаза туралы ұғым, қылмыстық заңның түсінігі, міндеттері, қылмыстық жауаптылықтың негізі және одан босату, қылмыс құрамының түсінігі, қылмыстық заңның кеңістіктегі және мезгілдегі күші, іс — әрекеттің қоғамға қауіптілігін жоятын мән – жайлар туралы түсініктер, сондай – ақ қылмыс істеу сатылары туралы ұғыммен, қылмысқа бірге қатысу, жазаның мақсаты және жүйелері, жаза тағайындаудың немесе қылмыстық жауаптылықтан және жазадан босатудың мәселелері осы Жалпы бөлімде зерттеледі.
Ерекше бөлімде жалпы қылмыс құрамдары және оларды істегені үшін белгіленген жаза түрлері көрсетіледі. Жалпы және Ерекше бөлім өзара тығыз байланысты, осы екі бөлімнің жиынтығы қылмыстық құқықты құрайды. Жалпы және Ерекше бөлімнің бірлігі олардың алға қойған мақсаты мемлекетті, қоғамды, азаматтарды және құқық тәртібін қылмысты қол сұғушылықтан қорғау арқылы айқын көрінеді. Қылмыстық құқықтың Жалпы бөлімінің нормаларын қолдану арқылы Ерекше бөлімнің нормалары жүзеге асырылады. Жалпы бөлімнің ережелері мен институттары Ерекше бөлімдегі нақты нормаларды қолданғанда негізгі басшылыққа алынады. Сол себепті осы екі бөлім нормалары бір – біріне сәйкес болуы қажет. Мысалы, бөтеннің мүлкін тонау деген не екенін білу қажет болды делік. Бұл үшін Қылмыстық кодекстің 178 – бабына жүгінеміз. Бұл бапта тонаудың заңдылық ұғымы, сипаттамасы берілген. Бірақ та осы бап бойынша қылмыстық жауаптылыққа тарту мәселесін шешу үшін міндетті түрде қылмыс құрамы, жас мөлшері, кінәнің нысандары мен түрлері, қылмыс істеу сатыларын, қылмысты бірлесіп істеу мәселелерін анықтау қажет. Ол үшін міндетті түрде Қылмыстық кодекстің жалпы бөліміндегі 3,9,15,19,20,21,24,29- баптарына жүгініп, сонда көрсетілген заңдылық ұғымдарды басшылыққа алу керек. Егер тонау туралы осы қылмыстық іс сотта қаралатын болса, онда сот жазаны белгілеу (немесе жазадан босату), жазаның түрі мен мөлшерін белгілеу үшін де Қылмыстық кодекстің Жалпы бөлімінің осы мәселелерге арналған III, IV,V бөлімдерінің тиісті баптарына сөз жоқ жүгінеді.
Қылмыстық құқық құқық саласының жеке саласы болуымен бірге ол басқа құқық салаларымен де тығыз байланысты. Сонымен бірге қылмыстық құқық өзінің бағыты, атқаратын рөлі, мәні мен құқықтық реттеу әдісінің ерекшелігіне байланысты басқа құқық салаларынан оқшауланып, ажыратылады.
Қылмыстық құқықпен қылмыстық істер жүргізу құқығы өзара тығыз байланыста болады. Қылмыстық құқық қандай іс-әрекеттердің қылмыс екендігін және оған қандай жаза қолданылатынын белгілесе, қылмыстық істер жүргізу құқығы қылмыстық жауапқа тартуды жүзеге асырады, қылмыстық істі тергеудін және сотта қараудың тәртібін белгілейді, яғни бұл жерде қылмыстық құқық пен қылмыстық істер жүргізу құқығы өзара мазмұнмен оның нысанының байланысы ретінде көрсетіліп отыр.
Қылмыстық құқық қылмыстық атқару құқығымен де тығыз байланыста. Қылмыстық атқару құқығының пәні болып, сот үкімі бойынша күшіне енген қылмыстық жазаны орындау, сотталғандарға түзеу ықпалын жүзеге асыруға, оларды қылмыс істеуден сақтандыруға байланысты қоғамдық қатынастарды ретке келтіру болып табылады және олар айыптау үкімінін заңды күшіне енген уақыттан бастап пайда болады. Яғни, қылмыстық құқықтық қатынастар негізі қылмыс істеуге байланысты болса, ал қылмыстық атқару құқығы қатынасының пайда болуының негізі заңды күшіне енген айыптау үкімі болып табылады.
Бұл қатынастардың субъектілерінде де айырмашылықтар бар. Қылмыстық құқықтық қатынастар субъектісі болып қылмыс істеген, есі дұрыс, заңда белгіленген белгілі бір жасқа толған адам болса, сот үкімі бойынша сотталғандар қылмыстық орындау құқығының субъектісі болып саналады.
Қылмыстық құқық әкімшілік құқықпен де етене байланысты. Бұл екі құқық саласы ортақ міндет — қоғамға қауіпті іс-әрекет — құқық бұзушылыққа қарсы күрес жүргізеді. Қылмысқа қарағанда әкімшілік құқық бұзушылықта іс-әрекеттің қоғамға қауіптілік дәрежесі төмен болады. Ондай теріс қылық істеген адамға арнаулы әкімшілік органдар қылмыстық жаза емес, әкімшілік шара қолданады. Әкімшілік шара сотталғандық атақ болып табылмайды, ал қылмыстық жазаны қолдану «сотталғандық» атаққа ұрындырады. Оның заңдылық салдары бар. Әкімшіліқ құқық бұзушылықтың субъектісі болып азаматтардан басқа заңды тұлғалар болуы да мүмкін. Ал қылмыстың субъектісі болып тек қана заңда белгіленген жасқа толған, қылмысты іс-әрекет істеген, есі дұрыс кінәлі адам ғана болады.
Қылмыстық құқық криминология пәнімен де тікелей байланысты. Бірақ бұл екеуінің бір-бірінен елеулі айырмашылықтары бар.
Егер қылмыстық құқық қылмыс пен жазаны белгілейтін ерекше құқық саласы болса, криминология қылмыстылық, оны туғызатын себептер мен жағдайлар, қылмыскердің тұлғасы, қылмыстылықтан сақтандыру шараларын белгілейтін ғылым саласы болып табылады. Криминологиялық деректер қылмыстылықпен күресуден қылмыстық зандардың тиімділігін, оны жетілдіру жолдарын, қылмыстан сақтандырудың негізгі бағыттарын жасауға мүмкіндік береді.
Қылмыстық құқықтың міндеттері
Қылмыстық кодекстің 2-бабына сәйкес қылмыстық зандардың міндеттері болып:
- Адам мен азаматтың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, меншікті, ұйымдардың құқықтары мен занды мүдделерін, қоғамдық тәртіппен қауіпсіздікті, қоршаған ортаны, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен аумақтық тұтастығын, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қылмыстық қолсұғушылықтан қорғау бейбітшілік пен адамзаттың қауіпсіздігін қорғау, сондай-ақ қылмыстардың алдын алу болып табылады.
- Бұл міндеттерді жүзеге асыру үшін осы Кодексте қылмыстық жауаптылық негіздері белгіленеді, жеке адам, қоғам немесе мемлекет үшін қауіпті қандай әрекеттер қылмыс болып табылатыны айқындалады, оларды жасағаны үшін жазалар мен өзге де қылмыстық құқықтық ықпал ету шаралары белгіленеді делінген.
Жаңа Қылмыстық кодексте қоғамның саяси, экономикалық және әлеуметтік өмірінде орын алған сапалық өзгерістер еске алынған. Яғни, азаматтардың жеке басы, олардың құқықтары мен бостандықтарын, заңды мүдделерін қорғау бірінші кезекке қойылған. Қылмыстық-құқылық қорғау объектісінің қатарына қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік жәнеқоршаған ортаны қорғау, Республиканың Конституциялық құрылысы мен аумақтық тұтастығын, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін қылмыстық қол сұғушылықтан қорғау, бейбітшілік пен адамзаттың қауіпсіздігін қорғауды қамтамасыз ету міндеттері енгізілген. Яғни, қылмыстық құқықтың негізгі міндеті қылмыстық құқықтық құралдардың көмегімен заңда көрсетілген осы маңызды объектілерді қорғау, қылмыстылықпен барынша пәрменді күрес жүргізу болып табылады. Қылмыстық заңдарда көрсетілген міндеттерді жүзеге асыру үшін Қылмыстық кодекс қылмыстық жауаптылықтың негізін белгілейді. Яғни, қылмыстық заңда көрсетілген іс-әрекеттерді істеген адам осы заңда белгіленген негізде ғана жауапқа тартылады. Ол үшін қылмыстық заң жеке адам, қоғам немесе мемлекет үшін қандай қауіпті іс-әрекеттер қылмыс болып табылатынын белгілейді және оларды кінәлі түрде істегендерге жазалар мен өзгеде қылмыстық-құқылық ықпал ету шараларын белгілейді. Жаңа Қылмыстық кодекс бұрынғы кодекске қарағанда ізгілік принципі басшылыққа алына отырып, қоғамға онша қауіпті емес іс-әрекеттер жасағандарға оларды қоғамнан оқшауламайтын жаза түрлерін (түзеу жұмысы, шартты жаза, міндетті жұмыс, шын жүректен өкінуіне немесе тараптардың келісімге келуіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату) қолдануға кең жол ашылған. Мұндай ізгілік қағидалар қылмыспен күресуге пәрменді әрі тиімді жағдай туғызады.
Қылмыстық кұқықтың міндеттері қылмыстылықтың жағдайы мен деңгейіне де тікелей байланысты. Ұзақ жылдар бойы орын алған әміршілдік-әкімшілік, тоталитарлық жүйе, жеке адамға табыну, тоқырау және қайта құру кезеңдерінде қылмыстылық өрши түсті, нарыктық экономикаға көшудің қиын процестері, экономикалық кризистер, коғам мүшелерінің едәуір бөлігінің өмір сүру деңгейінің қиындауы, өтпелі кезеңге байланысты қоғамдағы орын алып отырған жұмыссыздық, жоқшылық, құқық қорғау, құқық қолдану органдарының да жұмысын қиындата түсті, қылмыстылықтың сандық және сапалық жағынан өсу қарқыны үдеді. Бұрын жұртқа беймәлім ұйымдасқан, кәсіптік, банк жүйесіндегі қылмыстар кең белес алды. Жалпы қылмыстылық құрылымында тұрақты ұйымдасқан қылмысты құрылымдар жетекші роль атқаруда. Ұйымдасқан топ пен қылмыстық бірлестіктердің істеген ауыр қылмыстарының саны өсе түсуде. Кісіні қасақана өлтіру, денеге ауыр жарақат түсіру, бөтеннің мүлкін қарақшылықпен тонау, ұрлау немесе алаяқтық жолмен талан-таражға салу, бандитизм, контрабанда сияқты қылмыстардың саны арта түсті.
Қылмыстылықтың санын азайтуда мемлекет тарапынан жүзеге асырылып жатқан кең көлемдегі саяси, экономикалық және әлеуметтік шаралардың маңызы зор. Экономикалық реформаны дұрыс жүргізу, нарықтық экономикаға кең жол ашылу, өндірістің құлдырауын тоқтатып, еңбекті дұрыс ұйымдастыру, оның өнімділігін арттыру, жұмыссыздықты жою, қоғам мүшелерінің өмір сүру қажеттілігін тиісті деңгейге көтеру, құқықтық реформаны заман талабына сай іске асыру мемлекеттің алға қойған осы саладағы міндеттерін жүзеге асыруына кепілдік берді.
Қылмыстық заңның басты міндеттерінің бірі — қылмыстан сақтандыру болып табылады. Қылмыстық құқық жалпы және арнаулы сақтандыру функцияларын жүзеге асырады. Жалпы сақтандыру қылмыстық заң арқылы кез келген қылмысты істеуге тыиым салу, нақты қылмысты істеген адамдарға әділ жаза тағайындауды белгілеу арқылы жүзеге асырылады. Арнаулы сақтандыру қылмыстық заң тыйым салған әрекет немесе әрекетсіздіктерді істеген адамға қылмыстық-құқықтық нормалар арқылы белгіленген тиісті ықпал ету шараларын қолдану ретімен іске асырылады.
Қылмыстық құқыққа, сондай-ақ тәрбиелік функция да тән. Қажетті қылмыстық заңдардың болуы, оның іс жүзінде әділ қолданылуы, азаматтардың, олардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы, қылмыс істеген адамның лайықты қылмыстық жауаптылыққа тартылуы азаматтарды заңды құрметтеуге тәрбиелейді және олардың заңға деген сенімділігін арттырады.
Қылмыстық құқыққа тән тағы бір функция бар. Ол – көтермелеу функциясы. Мұндай функция азаматтардың қылмысқа қарсы күрес саласындағы белсенділігін арттырады. Қылмыстық заңдарда мемлекеттің, қоғамның мүддесін, өзінің немесе басқаның мүддесін қорғауға, мысалы, қажетті қорғану, мәжбүрлі қорғану, сондай-ақ пара берген адамның осы жайында шын жүректен ерікті түрде мәлімдемесі болса, олар қылмыстық жауапқа тартылмайды деген нормалар бар. Бұл нормалар көтермелеу функциясының нақты қолданылатындығын көрсетеді. Қылмыстық заң, сондай-ақ, қылмыстық саясатты жүзеге асырудың да құралы болып табылады. Қылмыстық саясат әлеуметтік саясаттың бір бөлігі, оның негізгі мазмұны — қылмыстық заңдарды қолданудың міндеттерін, қылмыстан сақтандырудың тиімді жолдарын табу, қылмыспен күресуде заңдылық ринциптерін қатаң сақтау. Ауыр қылмыс істегендерге қолданылуға жататын қылмыстық құқыктық шараларды жетілдіру, ал керісінше қоғамға онша қауіпті емес қылмыстарды істегендерге қоғамнан оқшауламай-ақ қолдануға жататын шараларды белгілеу болып табылады.
Қылмыстық құқық ғылымы
Қазақстан Республикасының қылмыстық ғылымы да басқа ғылым салалары сияқты өзіне жүктелген зор, жауапты міндеттерді атқарады. Қылмыстық ғылымның негізгі зерттеу объектісі қылмыстық заң және оның құқық қолдану органдары тәжірибесінде дұрыс қолдануын, жаза тағайындаудың, қылмыстылықпен күрес жүргізудің ғылыми негіздерін белгілеп беру болып табылады.
Осы күрделі мәселелерді зерттеуде қылмыстық құқық ғылымы қылмыстылықпен қүрес жүргізетін криминология, құқыктық статистика, қылмыстық орындау, криминалистика, сот психологиясы, сот психиатриясы және басқа ғылым салаларымен тығыз байланыста болады. Осы ғылым салаларының ортақ міндеті қылмыстылықпен күрес проблемаларын белгілеу, оны азайтудың, одан сақтандырудьщ жолдарын, әдістерін және тәсілдерін зерттеу болып табылады. Аталған ғылым салалары осы міндеттерді жүзеге асыруда әрқайсысы өзіне тән әдістерін қолданады. Қылмыстық құқық ғылымы қылмыстық заңдарды, қылмыстық институттар мен түсініктерді, нақты қылмыс құрамдарын, яғни қылмыстық-құқықтық нормаларын зерттейді.
Сонымен бірге қылмыстық құқық ғылымы Қазақстан Республикасындағы қылмыстық құқық ғылымының тарихын, даму кезеңдерін, шет мемлекеттердің де қылмыстық құқықтық ілімдерін терең талдайды. Дамыған, өркениетті елдердің қылмыстық заңдарының ғылыми жетістіктерінің пайдалы жақтарын елімізде кеңінен қолдануды ұсынатын да қылмыстық құқық ғылымы болып табылады.
Қылмыстық құқық ғылымын дамытудын негізгі шарты — оның құқық қорғау, құқық қолдану органдары тәжірибесімен тығыз байланысында.
Ішкі істер, тергеу, прокуратура, сот органдарының қылмыстық-құқықтық нормаларды қолдану тәжірибесінің қорытындысын зерттеуге, сондай қорытындыларды іріктеуге ғалымдардын, тікелей қатысуы, ғылым мен тәжірибенің біртұтастығын көрсетеді. Осы салада еңбек ететін ғалымдар қылмыстық зандардыңжобаларын дайындау, заңдарды жетілдіру саласындағы ғылыми ұсыныстар енгізу, Республика Жоғарғы Сотының, Прокуратурасының ғылыми-консультативтік және методикалык кеңестері қызметіне қатысу арқылы да құқық қолдану органдарыжұмысымен тікелей байланысты болады. Қазіргі заманда қылмыстық құқық ғылымының негізгі міндеттері болып, қолданылып жүрген заңдарға жүйелі талдау жасап, оның пәрменділігін. тиімділігін жетілдіру, қылмыстық заңдарды, оның институттарын, жекелеген қылмыстық құқықтық нормаларын жетілдіруге бағытталған ұсыныстарды жасау, қылмыс қатарына жататып немесе қылмыс қатарынан алынып тасталатын әлеуметтік құбылыстарды дер кезінде анықтап отыру; қылмыстық заңдарды әзірлейтін мемлекеттік органдардың қызметіне кеңінен араласып, олардың заңды қолдану, қылмысты саралау жөніндегі тиісті тұжырымдарды жасауына белсенді қатысу; шет мемлекеттердің қылмыстық заңдарының және олардың іс жүзінде қолданылу әдістерін, әсіресе жеке адамды, нарықтық экономиканы, тұтынушыларды қылмыстық құқықтық қол сұғушылықтан қорғау саласындағы үздік тәжірибелерін зерттеу арқылы, оның пайдалы жақтарын Қазақстан мемлекетінің қылмыстық заңдарын дайындағанда еске алу, құқықтық мемлекет құрудың мақсатына сәйкес келетін тиісті қылмыстық заңдарды әзірлеудің, қылмыстық құқықты дамытудың жолдарын айқындайтын ғылыми болжамдар жасау болып табылады.
Қылмыстық құқықтың принциптері
Қылмыстық құқық өзінің алға қойған қорғаушылық, сақтандырушылық және тәрбиелік міндеттерін тек қана белгілі бір қылмыстық-құқықтық принциптерді сақтау арқылы ғана жүзеге асыра алады.
Қылмыстық-құқықтық принциптер — заң шығарушыға, ғылымға, құқық қорғау және қолдану органдары мен азаматтарға қылмыспен қарсы күрес жүргізу саласындағы қажетті, негізгі және міндетті ережелердің көрінісі болып табылады.
Қылмыстық құқық принциптері |
заңдылық |
|
Азаматтардың заң алдындағы теңдігі |
|
Қылмыстық жауаптылықтан құтылмайтындық |
Жеке жауаптылық |
|
Кінәлі жауаптылық |
|
Әділеттілік |
Ізгілік |
Заңдылық қағидасы Парламент немесе Президент қабылдаған қылмыстық заңның құқық қолдану тәжірибесінде де, заң нормаларын қабылдау саласында да, сөз жоқ, үстемдік ету арқылы көрініс табады. Бұл көрініс бірнеше құқықтық талаптардың жиынтығынан құралады. Оның біріншісі — Республика Қылмыстық қодексінің халықаралық қылмыстық құқықтың жұрт таныған принциптері мен нормаларын басшылыққа алуы болып табылады.
Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабының үшінші тармағында Республика бекіткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады деп көрсетілген. Адам құқықтары жөніндегі 1948 жылғы Жалпыға бірдей декларация, 1986—1989 жылғы Вена келісімі, наркоманияға және террорлық актіге қарсы күрес туралы халықаралық Конвенция және осы сияқты басқа да халықаралық құжаттар халықаралық аймақта істелетін қылмыстар үшін жауаптылық белгілейді. Мысалы: 1986 жылғы Вена келісімінде көптеген халықаралық қылмыстық-құқықтық нормалар белгіленіп, кеңеске қатысушы елдерге ұсынылған. Осы келісімнің «Қағидалар» деген тарауының 106, 107 баптарында террорлыққа қарсы күрес, 23-бабында БҰҰ қабылдаған тұтқындармен қарым-қатынастың төменгі стандартты ережелерін сақтау; сондай-ақ БҰҰ бекіткен лауазымды адамдардың құқық тәртібін сақтаудағы мінез-құлқы жөніндегі Кодекс туралы; 23б -бабында адамды оның құқығын бұзатын психиатриялық немесе басқадай дәрігерлік тәжірибеден қорғау; 24-бабында өлім жазасын қолдану туралы қылмыстық заңды қолдану жөніндегі ұсыныстар туралы мәселелер көрсетілген.
Тәуелсіз Қазақстан Республикасы осындай халықаралық құқық нормаларын қастерлейді және осындай халықаралық шарттар Республикада бекітілген уақыттан бастап басшылыққа алынады. Зандылық қағиданың екінші бір талабы — қылмыстық заңның Конституциялық заңға негізделуі болып табылады. Конституцияда көрсетілген негізгі ережелерді қылмыстық заң сөзсіз басшылыққа алуы тиіс. Өйткені Конституцияның ең жоғары заңдық күші бар және Республиканың бүкіл аумағында ол тікелей қолданылады (4-бап, 2-тармақ). Мысалы, Конституцияның 15-бабының 2-тармағында өлім жазасы ерекше ауыр қылмыс жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, делінген. 17-бапта адамның қадір-қасиетіне қол сұғылмайтыны, ал 16-бапта әркімнің жеке басының бостандығына құқы бар екендігі көрсетілген. Қылмыстық кодекстің көптеген баптары осы Конституциялық заңдарға негізделіп қабылданған. Заңдылық принциптерінің тағы бір талабы «арнайы заңда көрсетілмейінше қылмыс та,жаза да жоқ»деген тұжырымға негізделген. Заңдылық принциптерінің осы талабына сәйкес жазба, жария түрде қабылданған қылмыстық заң қылмыстық құқықтың негізгі қайнар көзі болуға тиіс. Барлық қылмыстық-құқықтық нормалар бірыңғай жүйеге келтіріліп, Қылмыстық кодекске біріктірілуі қажет. Қылмыстық жауаптылықты көздейтін өзге заңдар оларды осы Кодекске енгізгеннен кейін ғана қолданылуға тиіс (ҚК-тің 1-бабы).
Қылмыстық заңды ұқсастығы бойынша қолдануға жол берілмейді (ҚК-тің 9-бабы 1-бөлігі). Адамның ойы, пиғылы, дүниетанымы, көзқарасы Конституциялық нормаға қаншалықты қайшы келсе де ол белгілі бір нақты іс-әрекетпен ұштаспаса қылмыс ретінде қаралуға тиіс емес. Қоғамға қауіпті, қылмыстық заңға қайшы, кінәлі іс-әрекеттер заң шығарушы орган арқылы қылмыс деп табылады. Қылмыс пен жаза туралы мәселелер қылмыстық заңдарда тікелей көрсетіледі және оларға тиісінше заңдылық анықтама беріледі. Қылмыстық заңда арнайы көзделмеген ретте адамның іс-әрекеті қылмысқа жатпайды. Қылмыс жоқ жерде жаза да болмайды.
Қылмыстық құқықтың екінші бір қағидасы — азаматтардың заң алдындағы теңдігі болып табылады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 14-бабының 1-тармағында — заң мен сот алдында жұрттың бәрі тең деп аталған. Қылмыс жасаған адам оның тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, нәсіліне, ұлтына, саяси сеніміне, жынысына, біліміне, тіліне, дінге қатынасына, кәсібінің түрі мен сипатына, сондай-ақ тұрғылықты жеріне және басқа да жағдайларға қарамастан жауаптылыққа тартылады. Азаматтардың қылмыстық заң алдындағы теңдігі істеген қылмысы үшін қылмыстық жауаптылыққа және жазаға тартылуы болып табылады. Бұл жерде заң алдындағы теңдікті бір түрлі қылмыс істеген кінәлі адамдардың барлығына бірдей етіп жаза тағайындау деп түсінбеу қажет. Жаза кінәлінің қылмысының ауырлығы мен түріне, оның жеке басынын қасиеттеріне, жауаптылықты ауырлататын немесе жеңілдететін мән-жайларға байланысты дараланып тағайындалады. Қылмыс істеген адам тек қана қылмыстық заңда көрсетілген негіздерге сәйкес кылмыстық жауаптылықтан немесе жазадан босатылуы мүмкін. Жасы кәмелетке толмағандар және жүкті немесе емшекте жас балалары бар әйелдерге, кәрі адамдарға қылмыс істеген басқа субъектілерге қарағанда ізгілік қағидасы басшылыққа алына отырып, жеңілдеу жаза тағайындалуы мүмкін.
Қылмыстық құқықтың үшінші бір принципі — жауаптылықтан құтылмайтындық принципі. Бұл принцип бойынша әрбір кез келген адам лауазымдық, басқа да жағдайларға қарамастан өзі істеген қылмысы үшін сөзсіз, міндетті түрде жауапты болады. Яғни, қолымен істеген қылмысты мойнымен көтереді. Бұл үшін қылмыстық-құқықтық жауаптылықты белгілейтін заң нормалары тайға таңба басқандай анық түсінікті болуы керек. Сөйтіп, ол істелген қылмыс үшін нақты жауаптылықты айқындау қажет. Жауаптылықтан құтылмайтындық принципінің жүзеге асырылуы үшін бұл өте керек. Сондай-ақ осы принциптің жүзеге асырылуы құқық қорғау және құқық қолдану органдарына үлкен міндет жүктейді. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, көптеген қылмыстардың ашылмай, кінәлі адамдардың жазасыз қалуы, жасалған қылмыстардың тіркелмеуі, тіркелген қылмыстардың біразының ашылмауы осы принциптің жүзеге асырылуындағы келеңсіз көріністерді көрсетеді. Мұның өзі құқық қорғау органдары қызметкерлерінің кәсіптік деңгейінің, азаматтардың қылмыспен күресудегі белсенділік дәрежесінің, қолданылып жүрген заңдардың әлі де болса пәрменділігінің жеткіліксіздігінің көрінісі болып табылады.
Қылмыстың ұғымы
Қылмыстың ұғымы және белгілері
Қылмыстық құқықтағы негізгі мәселелердің бірі қылмыстың ұғымын анықтау болып табылады. Жеке адам мен қоғам арасындағы қақтығыстардың қайсысының қоғамға қауіптілік дәрежесінің басым екендігін анықтау және оған осы мәселеде қылмыстық құқылық шараларды қолдану арқылы осы қатынастарды реттеу — қылмыстық заңның негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. Қылмыс әр уақытта да белгілі бір іс-әрекеттің (әрекет немесе әрекетсіздіктің) көрінісі болып табылады. Заң шығарушы осындай тұжырымдарға келе отырып, қылмыстың әр уақытта да адамның нақты іс-әрекетінің, мінез-құлқының сыртқа шыққан көрінісі екенін атап көрсетеді.
Адамның құқыққа қайшы мінез-құлқы белсенді әрекет күйінде немесе әрекетсіздік күйде болуы мүмкін. Бұл жерде әрекет дегеніміз адамның қылмыстық заң тыйым салған нәрселерді істеуі, ал әрекетсіздік дегеніміз адамның заң, нормативтік актілер, нұсқаулар немесе арнаулы жарлықтар, бұйрықтар бойынша өзіне жүктелген міндетін орындамауы болып табылады. Адамның қылмысқа қайшы немесе оған қайшы емес мінез-құлқы оның ойлау жүйелері арқылы, содан соң белгілі бір іс-әрекеттер арқылы көрініс береді. Ондай нақты іс-әрекеттер арқылы көрініс таппаған жүзеге аспаған ойлар, пікірлер соншалықты қатерлі болғанына қарамастан, қылмыс болып табылмайды. Белгілі бір іс-әрекет арқылы жүзеге асырылмаған адамның ниет-мақсаттары қоғамға қауіп туғызбайтындықтан қылмыстық құқық реттеу саласына жатпайды.Қылмыстық құқық ғылымында бұл мәселе туралы бірауыздан осылай тұжырым жасалған.
Қылмыс құқылық құбылыс ретінде осы құбылыстың мәнді жақтарын бейнелейтін белгілі бір белгілермен сипатталады. Қолданылып жүрген қылмыстық заңға сәйкес қылмыстың түсінігі заңның өзінде көрсетіледі.
Бұрынғы кеңестік жүйеде қылмыстың ұғымы алғаш рет 1919 жылы РСФСР-дың Қылмыстық құқық жөніндегі басшылық негіздерінде (5-бап): «Қылмыстық құқықпен қорғалатын қоғамдық қатынастар тәртібін бұзушылық қылмыс деп танылады» делінген. РСФСР-дың 1922 жылғы Қылмыс кодексінде «Қылмыс дегеніміз кез келген қоғамға қауіпті әрекет немесе әрекетсіздік деген ұғыммен тұжырымдалады.
1924 жылы КСРО және одақтас республикалардың қылмыстық заңдарының негізгі бастамаларында қылмыс туралы ұғымға арнаған бап болған жоқ. 1926 жылғы РСФСР Қылмыстық кодексінде «қылмыс дегеніміз қоғамға қауіпті іс-әрекет»деп көрсетіледі.(1-бап). Бұл жерде кеңестік құрылысқа немесе құқық тәртібіне бағытталған әрекет немесе әрекетсіздік қоғамға қауіпті деп жарияланды. КСРО және одақтас республикалардың 1958 жылғы қылмыстық заңдардың негізінде «Қылмыстық заңда көзделген, оның саяси және экономикалық жүйелеріне, социалистік меншігіне, азаматтардың жеке басына, саяси, еңбек, мүліктік және басқа да құқықтары мен бостандықтарына қиянат жасайтын қоғамдық қауіпті іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік), сондай-ақ социалист құқық тәртібіне қиянат жасайтын қылмыстық заңда көзделген қоғамдық қауіпті іс-әрекет қылмыс деп табылады» делінген. Дәл осындай анықтама бұрынғы Одаққа кірген барлық республикалардың, оның ішінде 1959 жылы 22 шілдеде қабылданған Қазақ КСР Қылмыстық кодексінде де (7-бап) берілді. 1997 жылы жаңа Қылмыстық кодекс қабылданды.Осы кодексте өмірімізде, қоғамда орын алған елеулі әлеуметтік-экономикалық, саяси өзгерістерге сәйкес қылмыстың жаңа ұғымы берілген. Онда «жазалау қатерімен тыйым салынған айыпты қоғамға қауіпті әрекет (іс-әрекет немесе әрекетсіздік) қылмыс деп танылады» делінген (9-бап). Осы анықтамадан қылмыстық құқыққа қайшылық, қоғамға қауіптілік, кінәлілік, жазалаушылық қылмыстың белгілері екендігі көрініп тұр.
Қылмыстық белгілері |
Қылмыстық құқыққа қайшылық |
|
Қоғамға қауіптілік |
|
Кінәлілік |
|
жазаланушылық |
Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі Ерекше бөлімінің тиісті баптарының диспозицияларында жекеленген қылмыс құрамдары арнаулы көрсетілген. Қылмыстық құқықта қылмыстың осы нақты құрамдарына қарсы іс-әрекет істеуді құқыққа қайшылық деп атау қалыптасқан.
1960 жылға дейінгі қолданылған Қылмыстық кодекстерде ұқсастығы бойынша яғни, қылмыстық заң нормасында әдейі көрсетілмеген іс-әрекеттерге де сонда көрсетілген соған ұқсас, жақын нормаларды қолдануға жол берілген еді. Мұның өзі заңды бұзуға және осы мәселеде бейберекетсіздікке кетушілікке әкеліп соқтырды. Қазақстан Республикасының 1995 жылғы жаңа Конституциясында, осыған орай жаңа Қылмыстық кодексте қылмыстық заңды ұқсастығы бойынша қолдануға жол берілмейді делінген.
Адамның қылмыстық құқылық норма тыйым салған іс-әрекеттерді істеуін қылмыстық құқыққа қайшылық деп атаймыз.
Адамның қылмыстық заң тыйым салмаған, осы заңда көрсетілмеген іс-әрекеттерді істеуін қылмыс қатарына жатқызуға болмайды. Тек заң шығарушы ғана белгілі бір іс-әрекетті қылмыс қатарына жатқызуға мүмкіндік беретін оның мәнді белгілерін анықтайды. Қылмыстық құқыққа қайшылықтың міндетті белгісі болып осы заңда көрсетілген іс-әрекетті істеген жағдайда нақты нормада көрсетілген қылмыстық құқылық санкция белгілеген жазаның белгілі бір түрінің тағайындалуы болып табылады. Іс-әрекеттің қылмыстық құқыққа қайшылығын белгілеген тиісті заңның жарияланған уақытынан бастап ондай іс-әрекеттер қылмыс қатарына жатады. Мұндай ретте мемлекет осындай іс-әрекеттермен қылмыстық құқылық норма арқылы күрес жүргізуге мүмкіндік алады. Керісінше, белгіленген тәртіппен күші жойылған қылмыстық-құқылық норма қылмыс қатарынан шығарылады. Ондай іс-әрекеттер қылмыс деп саналмайды.Мысалы: елімізде нарықтық қатынастардың дамуына байланысты Қылмыстық кодекстен алыпсатарлық деген қылмыс құрамы қатарынанІ алынып тасталды. Бұрын қылмыс қатарында жоқ жалған банкроттық,табысты жасыру, салық төлемегені үшін қылмыстық жауапшылықты белгілейтін көптеген жаңа нормалар пайда болды.
Қылмыстың негізгі сапалық белгісі оның қоғамға қауіптілігі болып табылады. Бұл белгі қылмыстың материалдық мәнін білдірумен бірге не себепті осы немесе басқадай іс-әрекеттер қылмыс болып табылатынын түсіндіреді. Қоғамға қауіптілік белгісінің болуының өзі іс-әрекеттің қоғамдық қатынастарға зиян келтіруін немесе зиян келтіру қаупін туғызатынын білдіреді. Қоғамға қауіптілік — қылмыстың объективтік белгісі. Ол заң шығарушының санасына және еркіне байланыссыз қоғамдық қатынастарға зиян келтіреді және өзінің ішкі мәні жөнінен қоғамның бір қалыпты өмір сүру шарттарына қайшы болады. Заң шығарушының міндеті сол кезеңде, дәуірде, қоғамның өмір сүру жағдайларын дұрыс бағалап, осыған байланысты іс-әрекеттің қайсысының қылмыс қатарына жататыны туралы шешім қабылдау болып табылады.
Қылмыстық кодекстің 2-бабында коғамға қауіптіліктің сипаттамасы қылмыстық занда көзделген адам мен азаматтың кұқықтарына, бостандықтары мен заңды мүдделеріне, ұйымдардың, құқықтары мен занды мүдделеріне, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке, табиғи ортаға т. б. қиянат жасап қол сұғатын қылмыс объектілерін тізбектеп көрсету арқылы берілген. Бірақ та қоғамға қауіптілік қылмыс қол сұғатын объектілерді көрсету арқылы ғана тұжырымдалмайды. Бұл қылмыстың қоғамға қауіптілігін сипаттайтын мәнді жақтарының бірі ғана.
Қоғамға қауіптілік қоғамға зиянды іс-әрекеттің өзінен тікелей ерекшелігіне, оны істеу уақыты, орны, тәсілі, жағдайына байланысты болуы мүмкін. Мысалы:тиісті рұқсат етілмеген немесе тыйым салынған жерлерде(ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, төтенше экологиялық аймақтар) не тыйым салынған құстар мен аңдарға қатысты аң ауланса, ол заңсыз болып табылады (288-бап 1-бөлігі). Төтенше жағдайлар кезінде тыйым салынған ереуілге басшылық жасау, кәсіпорынның, ұйымның жұмысына кедергі келтіру қылмыс болып табылады (335-бап). Іс-әрекет арқылы келтірілген немесе келтірілуі мүмкін зиян қоғамға қауіптіліктің көлемін айқындайтын негізгі бір белгі болып табылады. Кейбір іс-әрекеттер әрекет немесе әрекетсіздіктің істелген уақыттан бастап, өзінің қаңдай зиян келтірілгеніне қарамастан, қоғамға қауіпті болады. Басқалары қылмыстық заңда көрсетілген зардаптар болған жағдайда ғана қоғамға қауіптілік сипатына ие болады. Іс-әрекеттің қоғамға қауіпті және қылмыс қатарына жатқызуға мүмкіндік беретін зардаптың сипаттамасын заң шығарушы әр түрлі етіп бейнелеуі мүмкін. Кейбір реттерде қылмыстың зардабы қылмыстық заңның өзінде дәлме-дәл көрсетіледі. Мысалы, денеге жарақат салу, материалдық залал келтіру, ауыр зардаптың болуы т. б.
Келтірілген дене жарақатының ауырлығына орай денсаулыққа,қасақана ауыр зиян келтіру (103-бап) денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы зиян келтіру (104-бап), денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру (105-бап) болып бөлінеді. Басқа жағдайларда, зардаптың әр түрлі болып келетіндігін ескеріп, заң шығарушы оның бәрін нақтылап жатпайды, оларды зиян келтіру (142-бап), ірі мөлшер (175-бап), ауыр зардап келтіру (181-бап, 3 бөлігі, «б» тармағы, т. б. деп жалпылама береді. Мұндай жағдайларда зардаптың осы көрсетілген мөлшерін анықтау нақты жағдайларда орындалған фактіге байланысты шешіледі. Қылмыстың қоғамға қауіптілігі қылмыстық ниет және мақсат сияқты оның белгілеріне де байланысты. Мысалы, қылмыстық іс қозғау мақсатымен қылмыс істелді деп көріну өтірік хабарлау. Егер мұндай іс — әрекетті пайдақорлық мақсатпен істесе хабарлау әрекеті күшейтілген қылмыс түрі болып табылады. Кейбір реттерде қоғамға қауіптілік іс-әрекетті істеген адамның ерекшелігіне де байланысты анықталады. Қайсыбір іс-әрекеттер оны істеген адамның жәбірленушімен ерекше қатынаста болуына байланысты қылмыс деп танылады. Мысалы, айыптының материалдық жөнінен немесе басқа реттен тәуелді адамға қатал қарауы, қудалауы немесе қорлауы салдарынан жәбірленушінің өзін-өзі өлтіру халіне жеткізілуі (102-бап). Кейде субъектінің ерекше жағдайы қылмыстың қоғамға зияндылығын үдетеді. Мысалы: жауапты мемлекеттік қызметтегі лауазымды адамның пара алуы (311-бап, 3-бөлігі).
Қылмыстық құқық ғылымы қоғамға қауіптіліктің сапалық және сандық жақтарын бөліп қарайды. Қылмыстық кодекстің 52-бабында жаза тағайындаудың жалпы негіздерін анықтай отырып, сот жазаны тағайындауда істелген қылмыстың сипатын және қоғамға қауіптілік дәрежесін есепке алу қажеттігін көрсетеді. Мұның өзі қылмыстың сипатын қылмыстық сапалық, ал дәрежесін — сандық сипаттамасы деп түсінуді білдіреді. Сипатына қарай қоғамға қауіптілік экономикалық және зорлық қылмыстары, қасақана және абайсыздық, жеке адамға, меншікке қарсы қылмыстар болып бөлінеді. Қоғамға қауіптілік сипаты қылмыстың объектісі бойынша анықталады. Объектілердің тізбегі қылмыстық кодекстің 2-бабында көрсетілген, Қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімі топтық объектілері белгілері бойынша тарауларға бөлінеді. Яғни, Қылмыстық қодекстің Ерекше бөлімінің жүйелері топтық объектілерінің маңыздылығына қарай рет-ретімен орналасқан. Қоғамға қауіптіліктің сипатының тағы бір көрсеткіші келтірілген зиян болып табылады. Материалдық, моральдық зиян күш қолдану, қорқыту арқылы келтіріледі. Келтірілген залалға байланысты қылмыс қоғамға қауіптілік сипатына қарай мүліктік, ұйымдастырушылық, жалпыға қауіпті және зорлықпен жасалатын қылмыстар деп бөлінеді. Қоғамға қауіптілік сипаты одан әрі кінәнің нысандары арқылы анықталады. Қасақаналықпен жаса-латын қылмыстардың абайсыздықпен істелетін қылмыстарға қарағанда қоғамға қауіптілік сипаты едәуір ауыр. Мысалы, кісіні ауырлататын жағдайда қасақана өлтіргені үшін 10 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не мүлкін төрқілеу арқылы немесе онсыз өлім жазасына, не мүлкін тәркілеу арқылы немесе онсыз өмір бойы бас бостандығынан айыруға жа-заланады (96-бап, 2-бөлігі), ал абайсызда кісі өлтіру (101-бап, 1-бөлігі) үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады. Қінәнің нысандарын анықтау қылмыстың қоғамга қауіптілігінің сипатын осылай белгілеуде маңызды роль атқарады. Қылмыстың қоғамға қауіптілігінің сандық жағын анықтағанда көптеген факторларды еске алу қажет. Мұндай ретте келтірілген зардаптың ауырлығын (аса көп мөлшерде, көп, едәуір мөлшерде) қылмыстық істің ерекшеліктеріне (аяқталған немесе аяқталмаған қылмыс) қылмысты жеке немесе бірлесіп қатысу арқылы істеу, қылмыс істегенде қандай тәсіл қолданылды, кінәнің сипатын (ниет, мақсат) қылмыстың субъектісінің ерекшелігіне, іс-әрекеттің істелу уақытына, жағдайына баса назар аудару керек. Мысалы, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтірудің (103-бап) денсаулыққа қасақана орташа ауырлықтағы (104-бап) немесе жеңіл (105-бап) дәрежеде қасақана зиян қелтіруден қоғамға қауіптілік дәрежесі едәуір жоғары.
Қылмыс және қылмыс құрамы
Қылмыс пен қылмыс құрамы өзара тығыз байланысты, бірақ бір-біріне ұқсамайтын қылмыстық-құқылық түсініктер. Олардың өзара мазмұны да, бағыты да әр түрлі. Жоғарыда айтқандай қылмыс туралы ұғым Қылмыстық кодекстің 9-бабында берілген. Осы баптағы анықтамадан көрінгеңдей, қылмыс дегеніміз адамның әлеуметтік-құқылық, қоғамға қауіпті және құқыққа қайшы секілді міндетті белгілерінің жиынтығынан туатын ерекше іс-әрекеті болып табылады.
Қылмыстың жалпы түсінігі, сол қылмыстың заңдылық сипаттамасын беріп қана қоймай, оның әлеуметтік-саяси мәнін де ашып көрсетеді. Өмірде қылмыстық құбылыстар әр түрлі нысанда көрініс тауып немесе түрлі түрде болатындықтан қылмыстық заң қылмыстың жалпы түсінігімен бірге нақты қылмыстардың да түсінігі қарастырған. Қылмыстың жалпы түсінігі — барлық қылмыстарға тән, оның белгілері Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінде қөрсетілген жеке қылмыстар түрінде нақтыланып, өзінің дамуын табады.
Қылмыстық занда сипатталған әрбір қылмыс, яғни қылмыс құрамы өзінің ерекше белгілерімен сипатталады. Қылмыстың құрамы — бұл қылмысты іс-әрекет емес, тек соның нысанын сипаттайтын түрі ғана. Ол — нақты қылмыстың заңды сипаттамасы, жеке нақты қылмыстың зандылық түсінігі. Егер қылмыстың түсінігінде барлық қылмыстарға тән белгілер — қоғамға қауіптіліқ, құқыққа қайшылық, кінәлілік және жазаланушылық аталған болса, ал қылмыс құрамында іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігін білдіретін нақты қылмыстардың міндетті белгілерінің жиынтығы есепке алынады. Қоғамға қауіптілік қылмыс құрамының емес, қылмыстың белгісі болып табылады. Осы екі қылмыстық құқылық-түсініктерінің бағыты да әр түрлі. Нақты қылмыстың құрамы қылмыстық жауаптылықтың негізі болса, ал қылмыстың жалпы түсінігі нақты кылмыстың құрамының заңдылық базасын жасаудын, кылмыстық құқықта оның құқылық, әлеуметтік-саяси табиғатын түсіндіру кажеттілігінен туындайды.
Қылмыстық құқық теориясында, оқулықтарда қылмыс құрамының жалпы түсініктері кеңінен қолданылады. Жалпы және нақты қылмыстың құрамының түсінігі жалпы қылмыс түсінігіне қарағанда заңдылык ұғым емес, ғылыми ұғым болып табылады. Бұл ұғым теорияда нақты қылмыстардың түсінігінен, қылмыстың нақты құрамының жинақталған белгілері арқылы анықталады және өз бойында жалпылама барлық қылмыс құрамдарының белгілері мен элементтерін сипаттап, көрсетеді. Нақты қылмыстың құрамы нақты қылмысқа тән белгілерді көрсетеді деп жоғарыда атап өттік. Бірақ әрбір қылмыс құрамында барлық қылмыстардың құрамына тән, жиынтығында қылмыс құрамының жалпы түсінігін құрайтын, яғни кез келген қылмыстар құрамының, жалпы белгілерін белгілейтін белгілер бар. Қылмыстық құқық теориясы әрбір қылмыста болатын төрт түрлі міндетті элементтерді: қылмыстың объектісін, қылмыстың объективтік және субъективтік жақтарын, субъектісін атап көрсетеді. Осы белгілерге орай кез келген қылмыстың құрамы осындай төрт түрлі топтағы элементтерге бөлінеді. Әрбір қылмыс құрамында оның объектісін, объективтік, субъективтік жақтарын, және субъектіні бейнелейтін белгілері міндетті түрде болады. Осы элементтердің әрқайсысы қылмыстың құрамдас бөлігі болып табылады, сондықтан да осы элементтердің біреуінің жоқ болуы қылмыс құрамының мүлде және қылмыстық жауаптылыққа негіздің де жоқ екендігін көрсетеді. Қылмыстың құрамының жалпы түсінігі барлық қылмыс құрамына тән осы төрт түрлі элементтермен сипатталады. Қылмыстың осы немесе басқа элементтерін сипаттау тиісінше қылмыс құрамының элементтерін сипатгау деп аталады. Мысалы, қылмыстың субъективтік жағының белгілерін сипаттау қылмыс құрамының субъективтік жағы деп аталады.
Қылмыстың объектісі деп, сол қылмыстық қиянаттың неге бағытталғанын, оның қандай зиян келтіргенін немесе келтіруге нысана алғанын айтамыз. Қылмыстың объектісі заң қорғайтын қоғамдық қатынастар болып табылады. Қылмыстық құқықта олар шартты түрде жалпы, топтық және тікелей объект болып бөлінеді Қылмыстың объектісін оны сипаттайтын қылмыс құрамының белгілерін дұрыс анықтаудың қоғамға зиянды іс-әрекеттің сипаты мен дәрежесін белгілеу үшін және оны саралау үшін маңызы ерекше.
Қылмыстың сыртқы пішінін, көрінісін сипаттайтын белгілердің жиынтығы қылмыстың объективтік жағын құрайды. Объективтік жағының белгісін ең алдымен қоғамға қауіпті мінез-құлық актісінің сыртқы көрінісі — адамның әрекеті немесе әрекетсіздігі жатады. Қоғамға қауіпті әрекет немесе әрекетсіздіктің нысандары мен түрлері қылмыстық заң тұжырымдарында әр түрлі және жан-жақты (мүлікті жою немесе бүлдіру, өмірді жою, қауіпті жағдайда қалдыру, т. б.). Біршама қылмыс құрамының объективтік жағы әрекет немесе әрекетсіздіктен басқа қылмыстың зардабы және іс-әрекеттің зардап пен себепті байланысын көрсетеді. Көрсетілген белгілерден басқа заңда кейбір қатынастардың объективтік жағын сипаттауда оның міндетті белгілеріне уақыт, орын, жағдай, қылмыстың жасалу тәсілдері де жатады. Қылмыстарды ажыратып жіктеуде, онын қоғамга қауіптілігінің дәрежесін белгілеуде, қылмысты саралауда объективтік жақтың осы белгілерінің маңызы зор. Қылмыстың субъективтік жағының белгілеріне қылмыстың ішкі жағын құрайтын белгілері, яғни адам істеген қоғамға қауіпті іс-әрекет не психикалық қатынас сипатталады. Субъективтіқ жақтың белгілері не кінә, ниет және мақсат жатады. Кінә екі түрлі нысанда: қасақа-налық және абайсыздық түрінде (20,21-баптар) қөрініс табады. Субъективтік жағынан бір қылмыстар қасақаналықпен (ұрлық), екінші біреулер абайсыздықпен (абайсызда кісі өлтіру), үшіншіден қасақаналықпен де,абайсыздықпен де жасалуы мүмкін. Кінәнің нысанының көпшілігі қылмыстық заңның өзінде тікелей ашып көрсетіледі. Ал көрсетілмеген жағдайда олар қылмыстың құрамының белгілеріне талдау жасау арқылы анықталады. Кейбір қылмыс құрамының субъективтік жағының белгілеріне қылмыстың ниеті мен мақсаты да жатады. Мысалы, пайдақорлық ниетпен кісі өлтіру, басқа қылмыстың ізін жасыру мақсатымен кісі өлтіру. Қылмыс құрамының субъективтік жағының белгілерін анықтау, қылмысты саралауда қылмыстың және қылмыскердің қауіптілік дәрежесін анықтау үшін және жаза мөлшерін белгілеу үшін аса маңызды болып табылады. Қылмыстық заң бойынша қылмыстың субъектісі болып, қылмыстық жауаптылыққа тартылуда кез келген адам жатады. Қылмыстық жауаптылыққа есі дұрыс, қылмыс жасаған уақытта 16-ға, кейбір қылмыстар үшін 14,18-ге толған(14,15-бап) жеке адамдар жатады.
Сонымен кез келген қылмыс құрамының субъектісінің жалпы белгілері болып: жеке адам, есі дұрыс адам, белгілі жасқа толғандар саналады. Қайсыбір қылмыс құрамдары үшін жауаптылыққа осы жалпы белгілерден бөтен қосымша белгілер болғанда ғана жол берілуі мүмкін. Әдетте, мұндай қосымша белгілер осы қылмыс үшін жауап беруі мүмкін адамдардың шеңберін шектейді. Мысалы, пара алудың субъектісі болып тек қана мемлекеттік оргнвдардың адамдары ғана, ал әскери қылмыстардың субъектісі болып әскери қызметшілердің болуы қылмыстың субъектісін белгілейтін белгілердін кылмысты саралау үшін, қылмыстыкқ жауаптылық мәселелерін шешуде және жаза мөлшерін белгілеуде маңызы зор. Осы тұрғыдан алғанда қылмыстық құқық теориясында қылмыстың құрамының жалпы түсінігі, қылмыс құрамының қажетті, міндетті белгілері және факультативті белгілері болып өзгешеленеді. Мұндай өзгешелену қылмыс құрамының мазмұнын ашуға, қылмысты іс-әрекетті дұрыс саралауға көмектеседі. Қылмыстың құрамының қажетті, міндетті белгілері дегеніміз бұл кез келген қылмыс құрамында болатын белгілер. Ондай белгілердің кем дегенде біреуінің болмауы қылмыс құрамының мүлде болмауының көрінісі болып табылады. Мұндай белгілерге жататындар: әрекет немесе әрекетсіздік, кінәнің нысаны, адамның есі дұрыстығы және оның белгілі жасқа толуы.
Қылмыс құрамының факультативті нышандары дегеніміз бұл заң шығарушының кейбір қылмыс құрамдарын сипаттау үшін қолданатын белгілері болып табылады. Факулътативтік белгілерге жататындар: уақыт, қылмыс істеу тәсілі, қылмыстық ниет, мақсат, қылмыстың заты, қылмыстың арнаулы субъектісі, қылмыстың зардабы, себепті байланыс.
Егер факулътативтік белгі сол немесе басқа бір құрамда атап көрсетілсе, онда ол өзінің мәні жағынан осы құрамның қажетті, негізгі белгісіне айналып кетеді. Мысалы, басқа біреудің мүлкін тонауды алсақ, мұнда тонаудың тәсілі — мүлікті ашықтан ашық алу, осы кылмыстың белгісі. Егер факультативтік белгісі қылмыс құрамына енгізілмесе, онда ол кылмысты саралауға әсер етпейді. Тек қана қылмыстық-құқылық жаза белгілегенде есепке алынады. Мысалы, қызметшінің құжаттарды қолдан жасау қылмысын саралауда оның қандай тәсілмен, қандай құралмен істелген есепке алынбайды (314-бап). Бірақ қолданылған тәсіл, мақсат, жаза тағайындалғанда сөз жоқ ескеріледі. Қылмыс құрамының жалпы түсінігінің ол туралы ілімінің заңдылықты сақтауда және оны нығайтудағы маңызы орасан зор.
Қылмысты дұрыс саралау үшін, нақты қылмыс құрамдарының белгілерін тиісінше дұрыс түсіну қажет. Осындай әдіс қылмыс құрамының жалпы белгілерін білуге жәрдемдеседі. Ал қылмыс құрамының жалпы түсінігі нақты қылмыс құрамын қатесіз табудың аса қажетті сатысы болып табылады.
Қылмыс құрамының түрлері
Жекелеген қылмыс құрамының мазмұнын терең ашу, олардың белгілерін анықтауды жеңілдету және нақты істелген іс-әрекетті дұрыс саралау мақсатымен қылмыс құрамының түрлері нақты белгілер бойынша өзара бөлінуі мүмкін.
Қылмыстық құқық ғылымында мұңдай бөлінудің негізі (критериясы) болып: біріншіден, іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігінің дәрежесі, екіншіден, қылмыс құрамының сипатталу тәсілі, үшіншіден, кылмыс құрамының құрылысы есепке алынады. Іс-әрекеттің қоғамға қауіптілігінің дәрежесі мен мәніне қарай құрамдар негізгі, жауаптылықты ауырлататын қылмыс құрамдары және жауаптылықты жеңілдететін қылмыс құрамдары болып бөлінеді. Негізгі қылмыс құрамы деп іс-әрекеттің белгілі түрі бойынша онда негізгі, тұрақты белгілердің болуын айтамыз. Негізгі қылмыс құрамында қылмысты ауырлататын немесе жеңілдететін жағдайлар көрсетілмейді. Мысалы Қылмыстық кодекстің 96-бабының 1-бөлігіндегі құрам негізгі құрамға жатады. Онда кісі өлтірудің жай түрі ғана көрсетілген, ауыр немесе жеңіл түрлері айтылмаған.
Егер қылмыс құрамында осы іс-әрекеттің негізгі белгілерінен басқа жауаптылықты жеңілдететін жағдайлар көрсетілсе, онда ондай қылмыс құрамын жауаптылықты жеңілдететін қылмыс құрамы деп айтамыз. Мұндай қылмыс құрамына Қылмыстық кодекстің 98-бабында көрсетілген қылмыс құрамы жатады (жан күйзелісі жағдайында болған кісі өлтіру). Негізгі белгілермен бірге жауаптылықты ауырлататын жағдайлар көрсетілген қылмыс құрамы, сараланған қылмыс құрамы (яғни, жауаптылықты ауырлататын құрам) деп аталады. Сондай-ақ құрам қатарына 129-баптың III — бөлігінде көрсетілген адамды ауыр қылмыс істеді деп айыптап жала жабу жатады. Немесе 175-баптың 2-бөлігіндегі ұрлықты ауырлататын жағдайлар: адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша, бірнеше рет т.б. жағдайлар жатады.Қылмыс құрамының сипатталу тәсіліне қарай құрам жай қылмыс құрамы, күрделі қылмыс құрамы және балама қылмыс құрамы деп бөлінеді. Жай құрам дегеніміз қылмыс құрамының белгілерінің біркелкі болуы, яғни оның бір ғана объектісі, бір ғана объективтік жағы ғана болуы. Бұған мысалы, 125-баптың 1-бөлігінде көрсетілген адамды ұрлау жатады. Күрдел қылмыс құрамы деп қылмыс құрамы элементтерінің бірінің күрделенуін айтамыз (объект, объектівтік жағы, субъект, субъективтік жағы). Мысалы, екі объектіге бірдей қол сұғуын (179-бап — қарақшылық). Кінәнің екі түрлі нысаны болатын қылмыстар (103-бап, 2-бөлігі және т. б.). Балама құрам деп Қылмыстық кодекстің бабындағы диспозициясында көрсетілген әрекеттердің біреуін істегендікті айтамыз. Мысалы, 259-бап есірткі заттарды немесе жүйкеге әсер ететін заттарды заңсыз дайыңдау, сатып алу, сақтау,тасымалдау, жөнелту немесе сату. Қылмыс құрамының құрылысына қарай құрамды түрге бөлудің де практикалық маңызы ерекше. Осы белгісі бойынша қылмыс құрамы материалдық, формальдық және келте қылмыс құрамы болып бөлінеді. Іс-әрекеттің нәтижесінен болатын зардап қылмыс құрамында көрсетілсе ондай қылмысты материалдық қылмыс құрамы деп атайды. Мұндай қылмыс құрамы әрекет немесе әрекетсіздік жасалған уақыттан бастап қана емес, заңда көрсетілген қылмыстың зардабы болған уақыттан бастап аяқталған деп саналады. Мысалы, қызмет өкілеттігін теріс пайдаланып қиянат жасауды келтіруге болады (307-бап).
Формальдық қылмыс құрамы деп зардабы болмайтын қылмысты айтамыз. Формальдық қылмысқа жататындар: пара беру (312-бап), қызмет жөніндегі жалғандық (314-бап). Пара беру, параны кез келген нысанда берген уақыттан бастап, белгілі бір зардаптың болуына қарамастан аяқталған қылмыс деп саналады. Кейде заң шығарушы қылмыстың аяқталған уақытын алдын ала қылмысты әрекет сатысына көшіреді. Мұндай құралымда қылмыс құрамын келте келте құрам деп атаймыз. Келте қылмыс құрамына адамның иммун тапшылығы вирусын жұқтыру қаупінде қалдыру (116-бап, 1-бөлігі) жатады. Бұл құрам бойынша заң шығарушы аяқтау уақытын оның зияндылығына байланысты оқталу сатысына көшірген. Яғни, бұл қылмыс деп аталған адамдардың жәбірленушіге осы ауруды жұқтырған уақытынан емес, оларға осы ауруды жұқтыру қаупін туғызған уақыттан бастап аяқталған деп танылады. Келте қылмыс құрамына бандитизм де (237-бап) жатады. Бұл қылмыс құрамы ұйымдастырылған уақыттан бастап-ақ біткен қылмыс деп есептелінеді.