АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Реферат. Мемлекет функциясы

Мемлекет функциясы

 

Жоспары

 

Кіріспе

 

  1. Мемлекет функциясының түсінігі, оның белгілері
  2. Мемлекет функциясының түрлері

 

Пайдаланылған әдебиет

 

 

 

Кіріспе

Мемлекеттің функциясы Кеңестік дәуірде өте кең түрде пайдаланылды. Функция мемлекеттің таптық мазмұнына сәйкес өзгеріп, ескіріп, жаңарып отырады. Қазіргі кезеңде Кеңес Одағы ыдырап, республикалар дүниежүзілік қауымдастыққа бет бұрып, либерал-демократиялық даму процесіне көшкенде мемлекеттің функциясын тек қоғамның таптық мазмұнына сәйкес қарастыру дұрыс болмады. Себебі, функцияның дамуына таптармен бірге халықтың рухани сана-сезімі, мәдениеті, глобалдық мәселелері зор әсер етеді. Бұл дүниежүзілік саяси көзқарас.

Кеңестік дәуірді де, қазіргі кезеңде де мемлекеттің функциясын дамытуға көп көңіл бөлінеді. Өйткені функцияның мазмұнын терең түсініп, білу тек мемлекеттің бүгінгі жұмысын, қызметін жақсарту ғана емес, сонымен бірге қоғамның, мемлекеттің тарихи даму процесін зерттеп, дұрыс түсінуге көп үлес қосуы. Функция мемлекетпен, қоғаммен бірге дамып, бірге өмір сүріп келеді. Бұл объективтік процесс. Қазіргі заманда Қазақстан Республикасының функциясы күрт өзгеріп, дамуда, негізгі бағыты нарықты экономиканы қалыптастыру, либерал-демократиялық мемлекетті орнату.

 

  1. Мемлекет функциясының түсінігі, оның белгілері

 

Өткен тақырыптарда мемлекеттің пайда болуын, оның мазмұнын, типологиясын, нысанын, әкімшілік-аймақтар құрылысын, саяси, әкімшілік басқаруын жан-жақты қарастырып өттік. Бұның бәрі мемлекеттің статистикалық көрінісі. Енді мемлекеттің динамикалық процесінің дамуына, жаңаруына, нығаюына, оның өзінің саяси, экономикалық, әлеуметтік міндеттерін қалай орындауына, қандай қызмет атқаруына назар аударайық. Осыларға толығырак, тоқтап, түсінуіміз керек. Міне осы мәселелердің бәрі бірігіп мемлекеттің функциясын құрады.

Функция – заң ғылымында мемлекет пен құқықтың алдында тұрған мүдде-мақсаттарды, міндеттерді орындау қызметінің негізгі бағыттарын және оның әдіс-тәсілдерін анықтап, іске асыруды біріктіреді. Осы тұрғыдан мемлекеттің, үкіметтің, мемлекет аппаратының функциясы деген заңды ұғым қалыптасады.

Мемлекеттің функциясы туралы әр түрлі ой-пікірлер бар. Солардың бірі – функция көп өзгеріске ұшырамайтын деп, бірнеше түрлерін келтіреді: жалпы қоғамдық, әлеуметтік, таптық, ұлттық, ғылыми-техникалық, экологиялық, интернационалдық функциялар. Функцияны жүйелеудің келесі түрі: тұрақты және уақытша функциялар; негізгі және негізсіз функциялар; заңды қабылдау, орындау, қорғау функциялары. Мемлекеттердің көпшілігі функцияны ішкі және сыртқы функциялар деп екіге бөледі. Осы пікірді қазіргі заманда мемлекеттер дұрыс деп қолдануда.

Мемлекеттің функциясының орындалуын қамтамасыз ететін – мемлекеттік аппарат пен органдар. Әуелі функцияны орындау үшін тиісті мемлекеттік орган құрылады. Бірнеше органдар функцияның мазмұнына қарай мемлекеттік аппаратты қалыптастырады. Функцияның орындалу кезең- сатылары: функция – орган – аппарат – мемлекет. Мемлекеттің функциясы арқылы қоғамның алдында тұрған мүдде – мақсаттардың мазмұнын, оның орындалу бағыттарын, толық білуге болады. Мемлекет қызметінің (функциясының) негізгі белгілері:

— қызметтің жүйесі, оның атқаратын жұмыстарының мазмұны және қатынастардың түрлері арқылы анықталады;

— функция сарапталып, жіктеліп, кешенді түрде жүргізіледі;

— мемлекеттің қызметі аппараттарының қызметіне ұқсамайды. Мемлекет функциясы қоғамдық көлемде жүргізіледі;

— мемлекеттің атқаратын қызметін мемлекеттік жұмыстарының әдіс-тәсілінен айыра білуге болады;

Мемлекет қызметінің орындалу әдістері: жеке тұлғалар ерікті, ерексіз түрде орындайды; мемлекеттік органдар, бірлестіктер, ұйымдар өздерінің құзыретінің шеңберіне сәйкес орындайды. Егер дұрыс орындалмаса, еріксіз түрде орындау қамтамасыз етіледі. Мемлекет функциясы орындалуының құқықтық және ұйымдастырушылық тәсілдері болады. Құқықтық тәсілдің өзі үшке бөлінеді: құқық шығармашылық, құқықты қолдану, орындау; құқықты қорғау. Ұйымдастырушылық тәсілдің түрлері: экономикалық (дотация, кредит, баға т.б.); саяси симпозиум, семинар, конференция, кеңес, мәжіліс өткізу, халыққа идеологиялық үндеу жасау, үгіт-насихат жүргізу.

Мемлекеттік билік толып жатқан субъектілердің сан алуан нақты қызметтері арқылы іске асып, орындалып жатады. Осы мемлекеттің сан алуан қызметтерін мемлекеттік биліктің орындалуының құқықтық нысаны дейді.

Бұл мемлекеттік биліктің нақты орындалуының құқықтық нысаны екі түрге бөлінеді:

1) Нормативтік актілер арқылы орындалу нысаны;

2) Жалпылама нормативтік актілер арқылы орындалу нысаны.

Нақты нысанның өзі үшке бөлінеді:

1) Құқық шығармашылық;

2) Құқықты орындаушылық;

3) Құқықты қорғаушылық.

Мемлекеттік билікті орындаудың ерекше нақты түрі – әкімшілік шарт арқылы іске асу. Шарттың түрлері толып жатыр. Оның бір жағының немесе екі жағының субъектісі мемлекеттік орган болады.

Мемлекет билігі жалпылама нормативтік актілерінің орындалу нысаны бірнеше түрге бөлінеді: экономикалық, саяси, идеологиялық, ұйымдастырушылық, халықаралық, мемлекетаралық т.б.

Мемлекеттік билікті орындау құқықтық нысандармен шектелмейді. Бұл іске мемлекеттің ұйымдастыру қызметі көп үлес қосады. Мемлекеттің ұйымдастыру қызметі заңға тәуелді іс-әрекет, әр мемлекеттік аппарат, әр мемлекеттік орган қоғамдағы заңға, нормативтік актілерге сәйкес қызмет атқарады. Бұл қызметке нақты нормативтік актілердің қажеті жоқ.

Мемлекеттің ұйымдастыру қызметінің түрлері:

— жаңа шыққан заңдарды, нормативтік актілерді насихаттау, түсінік беру;

— мемлекеттік органдарға көмек көрсету, бақылау, тексеру жүргізу;

— материалдык-техникалық операциялар жүргізу, баяндамалар, іс-қағаздарын дайындау, заңдарды, нормативтік актілерді басып шығару т.б. құжаттардың өмірге келуін қамтамасыз ету;

— әртүрлі жиналыстар, мәжілістер, конференциялар өткізу;

— мемлекеттік органның тәжірибелерін жинақтап, қорытынды жасау;

— мемлекеттің қызметі туралы қоғамдық ұйымдардың, еңбек ұжымдарының ой-пікірлерін, ұсыныстарын жинақтап, қорытынды жасау;

— мемлекеттік органның жұмысына халықты, қоғамдық ұйымдарды, саяси партияларды қатыстыруды ұйымдастыру.

— шет елдермен қарым-қатынасты ұйымдастырып, басқару т.б. қызмет істері.

Мемлекеттік қызмет – азаматтардың мемлекеттік мекемелерде қызмет атқаруы, жұмыс істеуі. Бұл қызмет қоғамдағы еңбектің ерекше түрі. Бұл туралы заң, инструкция болады. Мемлекеттік аппарат тиісті мамандармен, іскер, сенімді азаматтармен толықтырылып құрылады. Мемлекеттік қызмет бірнеше категорияға бөлінеді:

а) Мемлекеттік билік органдарының қызметкерлері: (заң шығару, заңды орындау, заңды қорғау органдары).

б) Жұмыстың сипатына қарай қызметкерлер үшке бөлінеді: басшылар, мамандар, техникалық персонал.

в) Мамандығының сипатына қарай қызметкерлер екіге бөлінеді: мемлекеттік – билік өкілеттігі бар қызметкерлер және өкілеттігі жоқ қызметкерлер.

Мемлекеттік өкілеттігі бар лауазымды тұлғалар 3 топқа бөлінеді: категория «а» Президент, Премьер-Министр, Палаталардың басшылары, Министрлер, т.б. Жоғарғы мемлекеттік аппараттың басшылары; категория «б» бірінші топтағы лауазымды тұлғалардың кеңесшілері, көмекшілері, орынбасарлары; категория «в» екінші топтағы лауазымды тұлғалардың орынбасарлары, көмекшілері.

Мемлекеттік қызметтегі лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Егер қызметінде мекемеге шығын келтірсе, оны төлейді, қылмыс жасаса, қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Мемлекет қызметінің негізгі мүдде-мақсаты – адамның әлеуметтік, моральдық, материалдық, рухани, мәдени, экологиялық тілектерінің толық орындалуын қамтамасыз ету. Жеке тұлғалардың мүдделерін орындау арқылы мемлекет қоғамды жақсы дамытып нығайтады, қарым-қатынастарды дұрыс реттеп, басқарады.

Сонымен, мемлекеттің функциясы – қоғамды әлеуметтік басқарудағы мемлекеттің атқаратын жұмыстарының негізгі бағыттары мен әдістері.

Шет мемлекеттердің көбінде функция деген заңды түрде ұғым жоқ. Оларда функцияны мемлекеттің міндеттері мен мүдде-мақсаттарына қосып түсінік береді. Ал, функция деген жеке түсінік бар мемлекеттерде бұл мәселені оқып, білуде өзгешілік кездеседі.

Біздің пікіріміз – функциянын өзін жеке оқып, білген дұрыс. Оны мемлекеттің мүдде-мақсаттары мен міндеттеріне қосып, біріктіріп қарау дұрысқа жатпайды. Себебі, бұл үшеуі үш түрлі мәселені қамтиды, олардың мазмұны да, орындалу жолдары да, тәсілдері де түгелімен басқа.

Дамыған елдердің біразы мемлекеттің функциясын ішкі-сыртқы деп бөлмейді. Өйткені олардың шекарасын анықтау қиынға соғады. Олар жалпылама түрде қарастырады. Біздіңше, бөлген дұрыс, функцияның басым көпшілігінің шекарасы белгілі.

 

  1. Мемлекет функциясының түрлері

 

Мемлекеттің функцияларының қалыптасу себептеріне қарай екі түрге бөледі: таптық қайшылықтарды реттеу функциясы және жалпы қоғамды реттеп-басқару функциясы. Қазіргі заманда мемлекеттердің көпшілігінде таптық күрес бәсеңдеп, демократия дамып, монополияның озбырлығы шектелгенде таптық қатынасты реттеу функциясы өте сирек қолданылады. Дамушы елдерде бұл функция жиі, күрделі түрде пайдаланылады. Мемлекеттердің көпшілігінде функцияны ішкі және сыртқы деп екі күрделі топқа бөледі. Мемлекеттің ішкі функциялары:

  1. Экономикалық функция – мемлекеттің экономикалық дамуының негізгі стратегиялық бағыттарын анықтау, олардың орындалу жолдары, тәсілдерін көрсету. Экономиканың дамуын реттеудің төрт тәсілі болады:

бірінші – салық саясаты арқылы мемлекет бюджетінің дамуын реттеп, басқару;

екінші – экономиканың тиісті, қажетті саласына жеңілдік беріп, дамыту:

үшінші – ғылым мен техниканы дамытып, экономиканы көтеру (бұл екі жақты процесс);

төртінші – мемлекеттік өндірісті дамыту.

  1. Әлеуметтік функция – мемлекеттің негізгі міндеттерінің бірі халытың әлеуметтік жағдайын жан-жақты қамтамасыз етіп, жақсы дәрежеде дамыту. Мемлекеттің әлеуметтік саясаты екі бағытқа бөлінеді: бірінші бағыты – адамдардың қоғамдағы еңбегіне қарамай мүгедектерге, зейнеткерлерге, науқас адамдарға, көп балалы жанұяға, студенттерге мемлекеттік көлемде жан-жақты көмек жасап, олардың әлеуметтік жағдайын жақсарту; екінші бағыты – адамдардың денсаулығын қорғауға, жақсартуға, мәдениетті дамытуға, халықтың жақсы тұрып, жақсы демалуына қамқорлық жасап, мемлекеттік бюджеттен тиісті мөлшерде қаржы бөліп отыру.
  2. Қаржы реттеу функциясы – қоғамдағы барлық азаматтардың, бірлестіктердің, ұйымдардың, мемлекеттік бюджеттің шығысы мен кірісін реттеп, басқарып отыру. Бюджеттің (кірісі мен шығысын) дұрыс пайдалануын қаржы министрлігі мен парламент қатаң тексеріп, бақылап отырады. Жергілікті басқару аппараты өз бюджетінің дұрыс пайдалануын өзі бақылап, тексереді. Шекарадан заттың шығуын, кіруін, одан түсетін кірісті мемлекеттік кеден аппараты тексеріп, бақылап отырады.
  3. Мәдениет бағытындағы функция – адамдардың денсаулығы, рухани сана-сезімі, білімі, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, мораль, әдебиет, өнер, музыка, ғылым, тәрбие т.б. мемлекеттің тұрақты бақылауында болып, оны тиісті дәрежеде дамытып отырады. Бұл күрделі функцияға жеке адамдар да, бірлестіктер де тиісті деңгейде үлес қосып отырады.
  4. Экологиялық функция – бұл дүниежүзілік көлемдегі проблема. Сонымен бірге жеке мемлекеттер де, жеке ұйымдар да, жеке адамдар да өздерінің үлесін қосуға міндетті. Себебі, табиғатты, адамды, қоршаған ортаны қадірлеп, қорғау жалпы әлемдік мүдде-мақсат, кезек күттірмейтін міндет. Табиғатты ластау адам қоғамының болашағын жою. Сондықтан бұл мәселе БҰҰ бақылауында, халықаралық құқық шеңберінде біраз нормативтік актілер қабылданып, мемлекетаралық бағдарлама бекітілді. Жеке мемлекеттер де өздерінің бағдарламасын қабылдады.
  5. Құқықтық тәртіпті қорғау функциясы – қоғамда мемлекеттің, бірлестіктердің, жеке адамдардың мүдде-мақсаттарын қорғайтын әділетті, инабатты, парасатты, құқықтық тәртіп болу керек. Оны қалыптастыратын, реттеп, басқаратын мемлекет, оның органдары. Сонымен бірге бұл іске бірлестіктер мен жеке адамдар да зор үлес қосулары, белсенді түрде қатынасулары керек. Қоғамдық тәртіпті жақсартудың, нығайтудың екі әдіс-тәсілі бар. Біріншісі – заңдардың, нормативтік актілердің сапасын, әділеттілігін көтеру. Екіншісі – құқықтық нормалардың орындалуын қамтамасыз ету. Егер норма дұрыс орындалмаса немесе бұзылса, қатаң күрес жүргізу, жауапқа тарту.
  6. Қоғамдағы тәртіпті қорғау функциясы – бұл мемлекет органдарының қызметінің ең күрделі, жауапты түрі. Осы функция арқылы адамдардың бостандығын, құқықтарын қамтамасыз етіп, жақсы өмір жасауға мүмкіншілік қалыптастыру.
  7. Ғылыми-техникалық прогресті дамыту функциясы. Қазіргі заманда қоғамның жақсы даму бағыты: ғылым мен техниканы» қарқынды түрде дамуына толық мүмкіншілік жасау, барлық қаржыны мемлекеттік бюджетке тапсыру. Өйткені бұл істі бір орталықтың басқаруы қажет.

 

МЕМЛЕКЕТТІҢ ФУНКЦИЯЛАРЫ

 

 

Мемлекеттің сыртқы функциялары.

  1. Екі жақты пайдалы қарым-қатынас қалыптастыру. Қазіргі заманда мемлекетаралық қатынасты қоғамның барлық саласын қамтуға, байланыстыруға болады: біріккен өңдірістер, фирмалар, ұжымдар құру, бірігіп ғылыми зерттеулер жүргізу т.б. іс-әрекеттер жасау. Бұдан мемлекеттер ұтылмайды, керісінше, ұтыстары молаяды.
  2. Мемлекетаралық саяси ынтымақтастықты дамытып, жақсарту. Барлық мәселені бейбітшілік жолмен шешу. Бұл байланыс үш түрлі деңгейде жүргізіледі: парламентаралық, үкіметаралық және жергілікті басқару аппараттарының байланысы. Мысалы, Еуропалық одақты және тәуелсіз мемлекеттердің достастығын келтіруге болады.
  3. Мәдени және ғылыми-техникалық ынтымақтастықты қалыптастыру. Ғылыми-техникалық мәдени жетістіктерді пайдалану, алмастыру т.б. жолдарын іздестіру. Бұл жұмысқа мемлекеттік емес ұйымдар да кеңінен қатысып жүр. Мысалы, дүниежүзілік демократиялық әйелдер, жастар, студенттер, кәсіпшілер, архитекторлар, суретшілер, сазгерлер одағы; халықаралық ғылым одақтарынның кеңесі; БҰҰ-ның ЮНЕСКО Комитеті т.б.
  4. Дүниежүзілік ғаламдық мәселелерді реттеп, іске асыру. Бұл мәселені реттеп, шешуге әлемдегі барлық мемлекеттер қатысулары керек, онсыз ешқандай нәтиже болмайды. Қазіргі замандағы глобальдық проблемалар: бейбітшілікті сақтау, экологияны жақсарту, адамдардың сауатсыздығын жою, дүниежүзіндегі халықтардың денсаулығын, әлеуметтік жағдайын жақсарту, цивилизациялық жетістіктерді қорғап, сақтау, дамыту.
  5. Мемлекеттің қорғанысын, қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл мәселені жаңаша, қазіргі заманға сәйкес шешу. Бұрынғыдай қару-жарақты көбейту ешқандай жағымды нәтиже бермейді. БҰҰ арқылы, соның шеңберінде реттеп, шешуді қарастыру және әр мемлекеттің өзінің бейбітшілік саясаты дамып, нығаюы керек.

Мемлекеттің функциясы диалектикалық даму процесі арқылы оның мазмұны да, орындалу тәсілі де өзгеріп, жаңарып жатады. Жер жүзіндегі мемлекеттердің функциясы сан жағынан әр түрлі болады. Бірақ мемлекеттердің бәрінде мына функциялар міндетті түрде болады: әлеуметтік, идеологиялық, экологиялық. Мемлекеттің қызметін функцияға бөлудің қағидалары әр түрлі болады, олар халықаралық құқықка, мемлекетаралық шарттарға сәйкес дамып отырады.

Қазақстан Республикасының функциялары ішкі-сыртқы функция деп екі күрделі топқа бөлініп зерттеледі. Тұрақгы және уақытша функциялар адамдардың құқығын қорғау, отан қорғау, заңдылықты қорғау – деген функциялар болады. Бұлардың мазмұны көбінесе жоғарыда көрсетілген функцияларға ұқсас болып, солар арқылы орындалып жатады.

Мемлекеттік функция мен мемлекеттік органдардың функциясы деген заңды екі ұғым бар. Оларды жақсы ажырата білу керек. Мемлекеттік функция мазмұны және көлемі жағынан күрделі, барлық қоғам бойынша атқарылатын қызмет. Мемлекеттік органдардың функциясы өздерінің көлемінде атқарылатын қызмет.

Мемлекеттің функцияларын іске асыру нысандары мен тәсілдері. Бұл қызметтің екі түрі болады: мемлекеттік функцияны құқықтық нормалардың шеңберінде орындау және құқықсыз жалпылама іс-әрекеттер арқылы функцияның дұрыс орындалуына үлес қосу. Құқықтың шеңберінде функцияны орындаудың үш түрі болады: құқық шығармашылық, құқықты іске асыру, құқықты қорғау.

Құқық шығармашылық – жаңа норманы өмірдің талабына қарай уақытында қабылдау. Онсыз мемлекеттің қызметіне нұқсан келуі мүмкін. Мысалы, науқастың эпидемияға айналуымен қалай күресуге болады, егерде нақты заң қабылданбаса.

Құқықты іске асыру – бұл  істі орындау мемлекет Үкіметінің міндеті. Үкімет тиісті нормативтік акті қабылдау керек. Онда жауапты субъектілер не істеу керек, оның уақыты, материалдық негіздері толық көрсетілуі қажет. Бұл істі толық бақылауға алу керек.

Құқықты қорғау – бұл  қызметті атқаратын органдар: сот, прокуратура, МВД, КГБ, т.б. Олардың қызметінің бағыттары: заңдылықты, тәртіпті, адамдардың және заңды тұлғалардың бостандығы мен құқықтарын қорғау азаматтық, қылмыстық істерді уақытында қарап, кінәлі субъектілерді жауапқа тарту.

Нарықты экономика жүйеде шарттық байланыстың маңызы күшеюде. Сондықтан мемлекеттің шарттық қатынасты реттеп, басқару функциясы тиісті дәрежеде атқарылуы қажет.

Мемлекеттің функциясын құқықсыз реттеу қызметтері: мемлекеттік органдар функцияларды іске асыруда көптеген іс-әрекеттер жасап жатады. Сол іс әрекеттерді біріктіріп – құқықсыз реттеу қызметі деп атайды. Олардың қоғамды басқаруда маңызы өте зор.

Мемлекеттің функцияларын орындау тәсіддері: ерікті, еріксіз, сендіру, нандыру (бұл жеке тұлғаларға). Экономикалық тәсілдер: болжау, жоспарлау, кредит беру, салықта жеңілдік беру, алушыларды монополистерден қорғау.

 

 

Пайдаланылған әдебиет

  1. Қазақстан Республикасының Конституциясы. Алматы, 1995 ж.
  2. Қазақстан Республикасы Конституциясының түсіндірме сөздігі.
  3. Бейсенова А., Біржанова К. Қазақстан Республикасы мемлекет және құқық негіздерін оқып үйренушілерге көмек. Алматы: Жеті Жарғы, 1997.
  4. Сапаргалиев Г.С. Основы государства и права Казахстана. Алматы, 1994.
  5. Сапаргалиев Г.С. Заң терминдерінің сөздігі. Алматы: Жеті Жарғы, 1996.
  6. Ибраева А.С. Заң терминдерінің қазақша-орысша және орысша-қазақша түсіндірме сөздігі. Алматы: Жеті Жарғы, 1996.
  7. Теория государства и права. /Под ред. Профессора М.Н.Марченко. МГУ, 1996.
  8. Сапаргалиев Г.С., Ибраева А.С. Мемлекет және құқық теориясы. Алматы: Жеті Жарғы, 1997.
  9. Сапаргалиев Г.С. Основы государства и права. Учебное пособие. Алматы: Жеті Жарғы, 1997.
  10. Спиридонов Л.И. Теория государства и права. М., 1995.
  11. Общая теория и права./Под ред. А.С. Пиголкина. М., 1996.
  12. Теория государства и права./Под ред. М.Н. Марченко М., 1998.
  13. Теория государства и права в схемах и определениях. В.К. Бабаев, В.М. Баранов, В.А. Толстик М.,1998.
  14. Сапаргалиев Г.С., Ибраева А.С. Мемлекет пен құқық теориясы. Алматы: Жеті Жарғы, 1998.