АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Реферат. ӨРКЕНИЕТ ЖӘНЕ ҰЛТ

 

 

ЖОСПАР

 

 

        Кіріспе

        Негізгі бөлімі:

  1.    Ұлт болашағы.
  2.   ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТ
  3. ҚАЗАҚ ҰЛТЫ ЖӘНЕ ӨРКЕНИЕТ

       Қорытынды

 

 

 

 

 

 

ӨРКЕНИЕТ ЖӘНЕ ҰЛТ.

ҒАСЫРЛАР  СЫРЫ
 Ұлт болашағы.

Монографияның негізі — ұлт болашағы туралы.
Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Мұндай жағдайда қазақ мәдениеті өркендетудің стратегиялық бағытын анықтайды. Автор жалпықазақстандық мәдени үлгіні жасақтау жолын ұсынады. Қазақстан диаспоралары өз «Этноқұрылық мәдениетінің» бір бөлігі болып қана қоймай, ең бастысы Қазақстан мәдениетінің өкілетті өкілдері бола алатын дәрежеге көтерілуі керекті.
Н.Ә. Назарбаев Қазақстанда өмір сүріп отырған басқа халықтар өкілдерінің мәдени ықпалын, олардың өзара кірігуі табиғи жолмен өрбуін қалайды.
Тәуелсіздік алғаннан кейін шетте жүрген қазақ диаспораларының тағдыры күн тәртібіне қойылды. Автор шетелде шашырап, елге орала алмай отырған 5 млн. қандастарымыз туралы Елбасы ретінде ғана емес, халық перзенті санатында қатты тебіренеді. Шын мәнінде, осы арада айта кетерлік жайларда баршылық. Шет елдік диаспораларда өмір сүрген ортаға бейімділік бары рас. Бірақ, отандастарымыздың қалың тобы сауда-саттық жағына бейім, олардың ішінде зиялы қауымның қалың тобы жұқа, жоқтың қасы. Елге оралған отандастарымызды орналастырған кезде олардың іргесін сөкпей, тұтас қоныстанғаны дұрыс сияқты. Және бір ескеретін жай Монғолиядан келгендерді бүкіл Қазақстан сахарасына шашыратпай-ақ таудың арғы бөктерінен бергі Қатонқарағай, Зайсан маңына малымен көшіріп әкелсе қандай жақсы болар еді. Монғолияда ағайын-туыс, құдандалы отырған тұтас ұлыстың іргесін сөгу олардың болмысын бұзумен тең екендігін ескермей келеміз, ағайын. Қазақ елі егемен елдің ішкі істеріне араласпай, аумақтың тұтастық ұстанымдарын сақтай отырып, өз диаспораларына мәдени, экономикалық һәм саяси қолдауды көрсетіп келеді.
Тәуелсіз-мемлекетіміздің, халқымыздың болашағы ұлтаралық қатынастарға байланысты. Осы тұста қазақ мәдениетінің кіріктірушілік ролі орасан зор. Автор — қазақстандықтар бір ғана экономикалық немесе саяси кеңістікте ғана емес, бір мәдени кеңістікте өмір сүріп жатқанынан назар аударады, еліміздегі басқа да ұлттық топтармен мәдени-өркениеттік арнада дамытуға көңіл бөледі. Қазақстанның мәдениеті көне заман мен жаңаның арасында ғана дәнекерлік жасамайды, ол сонымен қатар евразиялық мәдени кеңістік пен кіндік Азия халықтарының жаңа арнада өркен жайған дәстүрлі тарихи-мәдени бірлігіне дәнекерлік етеді. Елбасының бүгінгі күні «тарих толқынындағы халықтардың бірлігіне қол жеткізуден артық маңызды міндет жоқ», — деген пайымдауы бүкіл мемлекетіміздің, ұлттың болашағына деген мүддеден туындайды.
Н.Ә. Назарбаев дабылды да дауылды, қаһарлы да үрейлі, аласапыран ХХ ғасыр тарихына, оның тағылымына көп көңіл бөлген. Еңбекте қазақ зиялыларының ұлттық бірлікті нығайту барысындағы рухани — зерделі істерін алға тартады.
ХХ ғ. ұлы реформаторы, ұлт көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсын бастаған дүбірлі қозғалыстың қасиетті де қастерлі күрес жолына үңіледі. Автордың ұлттың ұлыларына деген сүйіспеншілігі шексіз, еңбекте Алаш зиялыларының ұлағатты істері мен ерлігі жыр болып зерделенген.
Соңғы 10 жыл ішіндегі тарихтағы айтыс тақырыптың бірі 1916-жылғы Ұлт-азаттық қозғалысы. Автордың бұл проблемадағы позициясы осы мақаланың авторының көзқарасымен үндес. Кітапта бұл дүбірлі бүкіл ортазиялық құбылыс, әлемдік ұлт-азаттық қозғалысының құрамды бөлігі былай деп әділ бағаланған: «Қазақтардың 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысы Ресейді қамтыған жалпыұлттық дағдарыстың бір нышаны болды. Бұқаралығы, қоғамның бар тарабын кеңінен қамтуы, жалпыұлттық ұрандар ұсынуы, мемлекеттік билік институттарын құруы жөнінен бұл қозғалысты — ұлт-азаттық революциясы деп, патшалық Ресей отарындағы осы тектес революциялардың тұңғышы деп бағалауға болады». (Бұл да сонда, 170-б.)
Автор Алаш зиялыларының, ХХ ғ. қазақ интеллигенциясының тағдырына терең үңіле келіп, 90-ж. қазақ зиялыларының Қазақстан мемлекетін дамытудың жолдары шайқассыз, қанды қақтығыссыз тыныш жолмен өтудегі игі үлесін жоғары бағалаған. Сөз арасында қазақ зиялыларымен қиын-қыстау ақыл қосып, батырып айтқанды кек тұтпай, жасырып айтқанның астарын айтпай-ақ түсініп, «ақылдасып пішкен тонның келте болмасын» түсіне білген Елбасының зор үлесін де айту парызым деп білемін. Билікке мастанып, даңғазалыққа, әпербақандыққа салынып, зиялы қауымды бір тарының қауызына сиғызбақ болған Елбасылары тарихта аз ба?
Зиялы қауым, шынын айту керек, кейде асаулық танытады, тарихи-мәдени бірегейлік үшін алаңдаушылық білдіреді. Осы тұста кейбір алып-қашпасы не болмаса арқасы бар әріптестеріміз сойылды Елбасы жағына сілтеп, онысы біздерге тиіп жатады. Елбасы бұл жайдан да хабардар. «Тебіреніс, толғаныс, бұлыңғыр торығу және оларға кереғар романтикалық шабыт, үміт және сол сияқты сезім-түйсігі бүгінде зиялылар көңілінде лықсып, арнадан асып тұр. Оның басым бөлігі тап болған мәселелерді бірден шешіп тастауға бой ұрмай, қазақ халқының жан-жүрегіне бойлап, мұңын мұңдап, жоғын жоқтағысы келеді» деп түйіндейді автор (бұл да сонда, 178-б.). Егер зиялы қауым дабылдамаса, жүрегіне симай тулаған сезімімен ағындамаса, талабымен, дарынымен жалындамаса замананы қара түнек басар еді./br>
Автордың ұлтымыздың біртуар перзенттеріне деген көңіл-ниеті ерекше. Ол шығармашалық тұлғаларды жаңа тарихымыздың мәйегі іспеттес деп санайды. Шоқан, Абай, Әуезов, Сәтбаев, Марғұлан, Бөкейханов т.б. «тарих толқынындағы мәдениетіміздің кіндік тұлғалары» деп бағалайды.
Н.Ә. Назарбаев ұлттық бірегейлік туралы сыр шертеді. Ол бірегейліктің тұғырын іздейді. Ислам дінінің ұлтты бірегейлендірудің пәрменді тәсілі емес, тек бір бастау көзі екенін аңғартады автор. Қазақстан шындығында ұлтты бірегейлендіруде нәсілдік өлшемі де іске аспайды. Әлемдік саясаткер қатарынан табылатын автор қазақстандық бірегейліктің нақты үлгісі – азаматтық және саяси қауымдастық ретінде бірінші деңгейде Қазақстан халқының қалыптасуын ұсынады. Ол болса – басты саяси құндылық — ұлттық мемлекеттік идея негізінде бүкіл қазақстандықтардың Отаны болып табылатын бірыңғай, аумағы тұтас, іргесі берік, тәуелсіз Қазақстан төңірегінде қалыптасады. Соңғы жылдары біздің кейбір саясаткер ғалымдарымыз Қазақстандық ұлт дегенді жиі айтады, тіпті бұл терминді билік жүйесіндегі қайраткерлердің де аузынан естіп жүрміз. Н.Ә. Назарбаев этникалық бірлік емес азаматтық және саяси бірлік туралы идеясын қолдайды, ассимиляцияландыру арқылы пайда болатын суперэтнос жасау идеясына қарсылық білдіріп, демократиялық мемлекет аясында табиғи эволюциялық жолмен жүруді қалайды. Қазақ халқы ұлттық нығаю жолында шыңдалып, бірегей этникалық сапасын түлету, нығайтуы абзал. Автордың «Ұлттық бірліксіз патриотизм деген жансыз бірдеңе ғана болып қалады» – деп түйіндейді автор. (Бұл да сонда, 192-б.). Сөз жоқ Қазақстан мемлекеті саяси тағдырымыз бен барша азаматтардың тағдырымен бірдей дәрежеде қорғап, ел бірлігін, орнықтылығын ұштастыратын, жарастыратын болады. Осы негізде бүкілқазақстандық патриотизмді мәпелейді.

Автор тәуелсіздік ұлтымызға не берді? – деген сауалды қойып, жауап береді. Халқымыздың өз елінде, өз жерінде қайтадан басым көпшілік болуы, ұлттың орта жасының 25 жас болуы, қазақ халқының «әлеуметтік құрылымның барлық сатысынан» көрінуі, Қазақстан ұлтының тарихи-генетикалық мекені екені құқықтық тұрғыдан конституциялық және халықаралық деңгейде толық дәлелденуі, қазақ мемлекетінің өмір сүруінің көкжиегі анықталуы автордың күрделі және жүйелі ойларына тиек болған.
Көп уақыт біз қоғамдық білім саласында «ұлт»деген не екеніне таласып келдік. Автор «ұлт дегеніміз ұлттың өзін өзі билеу идеясы басын құраған адамдардың бірлестігі» деп анықтама береді. Басқаша айтқанда, әлеуметтік бірегейліктен ұлттық бірегейлікті жоғары қояды автор.
Монографияда Қазақстанның тұтастығы туралы да сөз қозғалады. Ол болса этностық тұтастық, жер, атамекен тұтастығы, Отан – деген отбасынан басталып, ұлт көтерген Орда – мемлекет тұтастығы. Байтақ жерді қорғауда жауынгерлік халқымызға біте қайнаған қасиет екені рас. Сонымен бірге, халқымыз жасампаз. Бұл күні тарихшылар әулеті арасында қазақта салт атты көшпенділер өркениеті болды, оның негізгі кәсібі – мал, соғыс – дегенді айтатындар да кездеседі. Ал, шын мәнінде, халқымыз қалалар салып, керуен жолдарын тартып, ғылыми трактаттар жазып, төл мәдениетін қалыптыстырған халық. Біз Ұлы Жібек жолының қазақ сахарасы тұсындағы ролін жоғарылау көрсетуіміз мүмкін. Біз халқымыздың ортағасырлық қала мәдениетін өз шама шарқынан жоғарылау пайымдауымыз мүмкін. Солай дегенмен де ежелгі қытай деректері, Плано Карпини, Рубрук сияқты саяхатшылардың жазба деректері, археологиялық қазба деректерді есепке алсақ, біздің ата-бабаларымыздың суармалы егін еккенін, Сығанақ, Қаялық, Құлан, Отырар сияқты қалалары болғанын, күміс ақшасы болғанын, Тәңірге табынғанын, көне түркі жазулары болғанын білеміз.

Н.Ә. Назарбаев сонау түркі республикасының іргетасын қалаған Кемаль Ата Түрік сияқты қазақ халқының өз қасиетін тани білуін күн тәртібіне қояды. Халқымыздың өркениет мұрагері екенін, бұл күнгі қазақ мемлекеттігінің түп негізі ғасырлар қойнауына кететінін еске салады.
Ұлттың «мен» дегізер қасиетін айта отыра, ұлттық төлтумалық — ұлттық ділге бас ие отыра, автор мәдени бірігулер — өзара кірігу үрдісінің іргетасы ұлттық мемлекет екенін пайымдайды.

Тарихи әдебиеттерде мәдениет туралы түсінік әртүрлі «мәдениет» деген терминнің 150-ден астам анықтамасы барын қайтерсің. Кешегі совет заманасында біз мәдениетті мәдени ағарту ісінің деңгейіне түсірдік, сауатсыздықты жоюды мәдени революцияға теңегенімізде бар. Автор «мәдениет» дегенді шын мәнінде кең ауқымда талдайды. «Ұлттың мәдениеті – оның қуат өрісі, қорғаныс тетігі» – деп қарайды автор. Ұлттың мәдениеті халықты ұлт етіп ұйытады.
Монографияның бір тарауы «Тоталитарлық тәртіп пен ұлттық ұғымдар» деп аталады. Соңғы кезде баспасөз бетінде қазақ тарихы тек трагедиядан тұратындай көрініс бар – деген сөздер айтылып жүр. Автор тоталитаризм – жадағай ұғым емес екендігін, тарих дегеннің тек өткеннің ғана сабағы емес, белгілі бір дәрежеде болашақтың көрінісі деп қарайды.
Не жасырытыны бар, біздің бәрімізде кешегі социализмнің шинелі ішінен шықтық. Сол кезде салынған қалалар, техниклық секіріс, бой көтерген завод, фабрикалар, мәдениет сарайлары – осының бәрі қалай салынды, олардың құны қандай? Автор сол социализмді «сағынып», «күйініш» білдіретін жандарға социализм туралы мифтерді әшкерелеп береді, қанға боялған, қайғы-қасіретке малынған қазақ сахарасының шындығын жан-жақты көз алдына елестетеді. Автор тарих тағылымының бүкіл Орта Азияның тәуелсіз мемлекеттері үшін орасан зор екендігін ашады. Бірлік аясының түркі халықтарына тарауын таразылайды, Орталық азия аймағының Шығыс пен Батысты жалғастырған стратегиялық буын екеніне назар аударады. Осы тұста Елбасы Ортаазиялық ықпалдастық (интеграция) – бұл осы аймақтың дүниежүзілік көлемдегі әскери-саяси, экономикалық тәуелсіздікке жету жолы екендігін әділ көрсетеді. Саясаткер санатында жалпы аймақтық мүдделерді ескермей, тар шеңберлі ұлттық мүдделерді ғана көздейтін ұлттық мемлекет құру кез келген агрессиялық әрекет Орта Азиядағы стратегиялық тепе-теңдікті бұзады деген қағиданы басшылыққа алуды қажет деп есептейді. Қазіргі кезеңде отаршылықтың не бір әккі түрлері бой көрсетіп жатқан кезеңде Елбасының ұлттық мүддені аймақтық мүддемен ұштастыруды күн тәртібіне қоюы саясаткер-қайраткер жанның замана сырын өте биік тұғырдан зерделейтінін танытады.
Н.Ә. Назарбаев монографияның соңғы тарауында біз ел-мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақытқа меңзей құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсініп, тарихтан тағылым алуымыз керек деп біледі. Қазақ ұлты ұлттың рухын жаңғыртып, өз болмысын танытуға мүмкіндік алды, ал сол мүмкіндікті шындыққа айналдыру қажеттілік түрінде қойылып отыр. Басқаша айтқанда, тарихта ұлттың болмысын биік тұғырға қондыру, әлемдік тарихтың жсампаз жарқын жұлдызы етіп жандыру мүмкіндігін іске асыру — ұлт парызы. Ол оның болашағы, біздің әрқайсысымыз осы тарихи миссияның алдында, ата-баба аруақтарының алдында жауапкерміз.
Елбасы тарихшы емес, бірақ әрбір ұлт перзенті, Отан тарихын жүрегінен өткізеді, одан тағылым алады. Әркім Пәни дүниеге келіп қана кетпей, перзенттік борышын, қарызы мен парызын ұлт алдында өтеуі абзал. Біздің әрқайсысымызда тәуелсіздік үшін мен не істедім, менің Отан, ұлт алдында арым таза ма? – деген сауалдарға жауап беруіміз керек. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы халық перзенті, ел баласы, қайраткер-саясаткер ретінде өзінің қазақ ұлты, қазақстандықтар алдында ғана емес, түркі әлемі, Орта Азия халықтары алдындағы парызын өтеп отыр. «Тарих толқынында» атты еңбек өзінің терең тарихи-философиялық, психологиялық шынайы сырларымен қымбат. Егер Елбасы «Қазақстан – 2030» атты еңбегінде болашақты үлкен блоктар арқылы пайымдаса, «Тарих толқынында» атты еңбегі «халықтану», «ұлттану» жанрымен болашақты бейнелейді. Тарихшылар әулеті бұл еңбекті Отан тарихына қосқан сүбелі үлес деп біледі.

 

ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИЕТ

Мәдениет – адам ісінен шыққан жасанды нәрселердің бәрі өнер дүниесі, өйткені олардың жасалып шығуына адам ақылы, әуесқойлық, шеберлігі, өнер күші кіріскен.
Ахмет Байтұрсынов мәдениетті екі салаға бөліп, «тіршілік үшін жұмсалатын тірнек өнері», көркемділік үшін жұмсалатын нәрселерді жасауға арналған өнер «көрнек өнері» болады деп қараған. Бұл жіктеу – материальная, духовная – деген мәдениет түрлері әлемдік әдебиетте де бар.
Мәдениетке деген тұтас баянды көзқарас жоқ десе де болады. Әдебиетте бұл күні мәдениеттің мыңнан астам анықтамасы бар.
Мәдениет- өркениеттің басты көрсеткіші. Дала өркениетінің төл перзенті — қазақ халқы, Шоқан көрсеткендей, ұлы Гомердің туындысы сияқты, эпостарға бай. Көне металлургия, Қаныш Сәтбаев 1927 ж. анықтағандай, ордасы — Орталық Қазақстанда б.ж.с. бұрын V ғасырда пайда болған. Байтақ даланы қақ жарып, шығыс пен батысты қосатын Ұлы Жібек жолы – мәдениет жолы да болғаны күмән тудырмайды. Киіз үй, арба, дала күнтізбегі, аңдар айшықталған көне искусство, орда құрған ел басқару өнері, түркілер шыңдаған әскери өнер, өзіндік алфавит, 5 000 күй мен аңыздар Дала өркениетінің өзіндік қолтаңбасы бар екендігін танытады. Д.Неру дала перзенттері Европаны шапты да, цивилизациялады деуі осыдан.
Ұзақ жылдар әлемдік мәдениет тарихында дала өркениеті, оның мәдениеті мойындалмай келді. Кешегі советтік дәуірде мәдениет туралы ұғым қарабайырланды. 20-шы жылдары сауатсыздықты жоюға лап берген кезде мәдениеттілік ұғымы сауат ашу деңгейіне дейін түсірілді. Мәдениет – мәдени-ағарту жұмысының аясында қалды. Идеологияландырылған мәдениет біркелкі советтік мәдениетті — мазмұны социалистік, түрі ұлттық мәдениетті қалыптастырды. Сөйтіп, ұлттық мәдениет өзінің ғасырлық мазмұнынан айырыла бастады. Солай бола тұрса да қазақтың ұлттық сәулеті, сымбат, кескін, әуез (музыка), әдебиет өнерлері шарықтап дами бастады. Сонымен бірге ұлттың діні, ділі, тілі қасіретке ұшырады, халықтың ұлттық санасы көмескілене бастады, мәдениет саясат құралына айналды. Қазақ мәдениеті өзінің көшбастар көсемдерінің қалың тобынан айырылды.
Жаңа тәуелсіздік заманасы қазақтың ұлттық мәдениетін мемлекеттік деңгейге көтерді. Ол көпұлттық сипаты бар Қазақстан мәдениетінің өзегіне айналды. Ұзақ жылғы қуғын-сүргін, зобалаңнан ақталған қазақ мәдениетінің ұлыларының мұрасы халық қазынасына қосылды.
Дегемен де қазақ мәдениетінің осы ту көтерген тұсында проблемалары баршылық.Ең алдымен, қазақ мәдениеті әлемдік мәдениет өрісінің түлегі. Біз жаңа заманада өзімізбен өзіміз шектеліп, томаға-тұйықта қалып қою қаупінен сақтануымыз керек.
Мәдени мұралар жасауда бұл күні кәсібилік өнерді әуесқойлық өнер жеңіп бара жатқан көріністер жиі кездесетін болды. Өзіне, әкесіне ұқсатып, не болмаса кез келген шығыстың ғұламаларының бейнесіне еліктеп салған ешбір мәдени құны жоқ, біркүндік ескерткіштер республиканың әр жерінен бой көтеруде. Ескерткіштер жобаларына әкімдер, билік жүйесінде жүргендер өз шешімімен өзі сүйген өнер иелеріне тапсырыс беріп, бұйрықпен қабылдауда. Конкурс болмаған соң көптеген талантты жастардың қанаты қырқылып өсу жолынан өшу жолына түсуде.

Біртұтас қазақ әдебиеті бөлшектеніп, ұлттық тұғырынан аймақтық деңгейге аласарып бара жатқаны байқалады. Олардың ішінде қазіргі заманның тірі классиктері – КТК-ларда сан жоқ, кеудесін соққан жеке батырлар. Халық ақындары сарай ақындарына айналды. Кәсіби әдеби сын жоқ, оны керек етер жазушы, ақын, тыңдар құлақ жоқ десе де болады. Ата-бабасын, өзін, өзіндей көретіндерін дәріптейтін, тарихи шындықты бұрмалайтын естеліктер, тарихи эсселер көптеп шығуда. Жер астынан киізге оралып «көмілген» шежірелер, шипа өнері туралы жасанды қолжазбалар көбейді. Эфир, теледидар арқылы секс, зорлық, зомбылық, кісі өлтіру сияқты гуманизмнен ауылы алшақ өнер туындысысымақтары тәуліктеп насихатталады. Республикалық радиода жастарға, жасөспірімдерге, ауыл тұрғындарына арналған хабар редакциялары таратылғаны өкінішті-ақ. Жан-жақтан сұғанақтанып рухани интервенция жасалынып, етектен тартуда. Қазақ тілінде берілетін төл хабарлар азайды.
Бір сөзбен айтсақ, ұлттық мәдениеттің деңгейі төмендеп барады.
Оның себебі де жоқ емес. Біріншіден, жас тәуелсіз мемлекеттің мәдениет дамыту функциясы қалыптаспаған. Мәдениет — кітапхана ісі, мұражай ісі, т.б. салаларға бөлшектеніп кеткен. Екіншіден, қазақ мәдениетінің ұлттық тірегі – орташа тап еді (жұмысшы, колхозшы, зиялы қауым). Олар бұл күні быт-шыт болып шашырады. Жаңа орташа тап қалыптасқан жоқ. Жаңа қазақ болса – дүбәрә. «Ақшаң болса қалтаңда, талтаңдасаң талдаңда» дейтін азын-аулақ қалталылар мәдениеттің қарабайырланған, бимаза, біркүндік туындыларына риза. Мәдени сұранысты зерттеу жолға қойылмаған. Мәдениеттің типтері – кедей мен байлардың, қала мен ауылдың, орталық пен шет аймақтың, көшенің, өндірістің, тобырдың мәдени сұраныстары зерттелмей қалды. Мәдениет тарихын саралайтын зерттеулер жоқтың қасы. Теориялық даярлығы бар кадрларды саусақпен санауға болады.
Абайдан бастап, бір ғасырға жуық қазақ мәдениеті жаңғыру дәуірін бастан кешті. Оған халқымыздың басына түскен отаршылық, геноцид дүмпу берді. Тәуелсіздік — мәдени, рухани мәдениетті жаңа сатыға көтеретін фактор. Ол үшін қазақ мәдениетінің қайраткерлерінің рухани бірлігі керек, мәдени даму жаңа жүйеге салыну керек. Жаңа ХХI ғ. мәдени дамуымыздың негізгі бағыттары анықталуы керек. Әлемдік кеңістікте қазақ мәдениеті өзіндік қолтаңбасы болуын зерделеу міндеті тұр. Алдыңғы буын ағалардың кейінгі буын інілері, балалары туын биік ұстап, мәдениеттің Хан тәңіріне бір сәт шаршамай, шалдықпай, торықпай өрлей беруі — үміт оты!

 

 

Ғылыми Зерттеулер және Еңбектер

Қазақ … Өркениет. Бір кезде осылай салыстырмалы айтқан ғалымды есалаң санауы мүмкін еді. Өйткені, көшпелілер өкілі – номад — қазақ — дала тағысы, варвар болып танылатын. Қазақ тарихы орыс тарихының құрамдас бөлігі, оның елесі болып есептелетін. Ол өркениетке орыс халқы арқылы қолы жетті деп уағыздалатын.
Тәуелсіз Қазақстанның тарихи майданының туын ұстаушы ғалымдардың бірі тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық Ғылым Академиясының академигі, Қазақстан ғылымына еңбегі сіңген қайраткер, Ш.Ш. Уәлиханов атындағы сыйлықтың лауреаты, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, ҚР Президентінің бейбітшілік және ұлтаралық келісім сыйлығының лауреаты Манаш Қабашұлы Қозыбаев тәуелсіздік заманасында қазақ ұлтының тарихын өркениет, Дала өркениетінің аясында қарайды, тарихи дамудың формациялық және өркениеттік көзқарастарын салыстырып зерттеуді орынды санайды.
Еңбекте автордың соңғы 10-15 жылдар шегінде Дала өркениеті, қазақ ұлты, оның өркениетке үлес қосқан даналары, өркениеттік тұлғалар мен шығармалар қаралады.Автор осы кезең ішінде 400-ге жуық еңбек жазды. Олардың басым көпшілігі: «История и современность», «Ақтаңдақтар ақиқаты», «Жауды шаптым ту байлап», «Тарих зердесі» (екі кітап), «Казахстан на рубеже веков: поиски и размышления» (екі кітап) жарияланған. Осы еңбек те сол шығармалардың жалғасы іспетті. Алайда, бұл мақалалар жинағында өркениет және ұлт, оның ара қатынасы, қазақтың өркениеттегі орны кеңінен сөз болады. Сондықтан да ол тұтас проблеманы қамтиды, арнайы монографиялық жүкті арқалайды.
«Өркениет және ұлт» — ұлтын сүйген, Отанын сүйген қалың оқырман қауымға арналған.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ӨРКЕНИЕТ ӨРIНДЕ
ҚАЗАҚ ҰЛТЫ ЖӘНЕ ӨРКЕНИЕТ

Ой толғамдары, концепциялар, тарихи анықтамалар, фактылар, елдер мен халықтар болмысы өткен мен болашақтың арасында кілем тоқылғандай өрнектеліп, бір сәт үзілмейтін өмірді, өмір тарихын құрайды. Уақыт қас қағымнан басталып, ғасырлар мен дәуірлерге ұласып, қарға адымнан континент арасындағы, не болмаса жер мен күнге дейін, ғарыштағы планеталарға дейінгі қашықтық — бұл да тарихи өлшемнің түрлері, өмір кестесінің айшығы емес деп кім айта алады. Уақыт, кеңістік, адам бір тұтасып барып, космостық әлемдік мағынада тарихи құбылыстарды жасайды. Тарихшы осы тарихи кеңістіктегі болып өткен құбылыстарды белгілі мерзімде, уақытта өткенін тізбектеп беруші — «передатчик времени» — «translator temporіs» ғана емес, оны есінде сақтаушы, белгілі дәрежеде ұйымдастырушы, дәлірек айтсам, есте сақтау құдайы – Мнемозинаның функциясын атқарып, тарихи уақытты өз әлінше билеуші де илеуші.
Адам баласының ХХ ғ. даналары Вернадский, Ле Руа, Теяр де Шарден уақытты биологиялық, биосферадан ноонсфералық деңгейде түсіндірсе, тарихшы әлеуметтік эволюция деңгейіне көтерді. Тарихты әлемдік мағынада ағытып, тоғытып қарау (әлемдік тарих), локальды өркениеттік қарау (тарихи қалыптасқан орта тарихы – Орта Азия тарихы, Орталық Азия тарихы, Латын Америкасының тарихы), жеке адамның өз қарабасынан басталып, ортасы мен алысын, ділі мен дінін, ойы мен ісін, өнері мен жай-күйін қамтитын, Отан тарихы жеке халық тарихы сияқты болып кете барады.
Ағытып, тоғытып жазылған тарихтың ең үлкен қасиеті барша адам баласының эволюциялық даму жолын көруге, тануға мүмкіндік береді. Осы арада неміс философы Ясперстің «тарихта терең сыр бар, бірақ ол адамға өзін танып білуге жолатпайды», — дегеніне қосылуға болмайды. Ал регионалды тарих, жеке ұлт, мемлекет, дін, мәдениет тарихтары салыстырмалы түрде қаралып, оның әлемдік тарихқа қосар үлесі анықталады, тарихи тағылымдар негізінде болашақ айқындалады. Мысалы, гректің полисі сияқты қазақтың дала демократиясы әлем тарихының қазынасы. Не болмаса, б.ж.с. дейінгі 480 ж. Пермофилдегі грек-парсы соғысында патша Леонид бастаған 300 Спарта жауынгерлері сияқты 1643 жылы Алатау сілемдерінің бірінде Салқам Жәңгір 600 ұланмен қалмақтың қалың қолымен алысқаны отансүйгіштік өлшемі болып енуі өркениет олжасы. Не болмаса, Жалаңтөс баһадүрдің Шер Дор мен Тилля Кори медреселерін салып, Самарқанда қалалық орталық Регистан алаңын қалыптастыруы ортағасырлық сәулет өнері мен қала салудың ұлы сөзі болып әлемдік тарихқа хатталды. Осы арқылы біз Дала өркениетінің дала мен қаланың синтезі екендігін көрсетудеміз, оның сол өркениеттің әлемдік өркениеттегі өзіндік келбетін айшықтаудамыз. Көне гректердің ұлы данасы Гомер өркениет жыршысы екені аян. Сол сияқты өмір бойы сайрап өткен Көмекей әулие Бұхар жырау өркениет жыршысы. «Қырымның 40 батырын» жыл бойы жырлайтын Мұрын жыраудың жазығы біз оны Гомер деңгейінде көрсете алмағанымыздан. Дала жырын, дала мұңын қыл қобызға тіл бітіріп боздатып кеткен Қорқыт Ата шығыс өркениетінің перзенті екендігін әлем біледі. Бір сөзбен айтсам, біз ата тарихымыздың сырларын өркениет қойнауынан іздеп, ондағы ұлттық орнымызды табу сол тарихты өркениеттік деңгейге көтеріп жазғанда ғана мүмкін.
Әр этнос өзінің даму, өсу жолында сан қилы стадиялардан өтеді. Ұлттың жұлдызды сәті болады – ол мемлекет құру, әлемдік тарихқа өз өрнегін салу мүмкіндігі болса керек. Сонымен бірге оның тозу, сыну, ыдырау, құлау сәттері де тарихта кездесетін құбылыстар. Ал, ұлт ұлықты болса, ол – мемлекет-орда құрып, өз мәдениетін қалыптастырып, өркениетпен қабыса дамып, белгілі бір кеңістік пен мерзімде оның есігінен сығаламай, төріне шығатын бақыт қонады. Ұлтың рухты болса, ұлың ұлықты болса, тарихшы оны жаза алмаса, тарихтың сырын таба алмаса – ол тарихшы емес, ол тек оның елесі ғана.
Қазақ кешегі Ресейге тәуелді халық болған кезде оның өркениеттегі орнын біз сол мемлекет деңгейінде, соның ішкі құрылымында іздеуге ғана шама-шарқымыз жетті. Бұл күні жаңа заманада жаңа мүмкіндіктер пайда болғанда туған сауалдар баршылық.
Ең алдымен, біз халық болып қашан қалыптастық, оның стадиялары қандай?
Қазақ халқы өркениетке қатысты ма, әлде тарихтың даңғыл жолынан тыс, оның қапталында қалып қойды ма?

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қорытынды

  Қазақ халқы Дала өркениетінің түлегі, бірақ ол жалғыз емес, ендеше сол өркениетті жасаушылардың ішінде ол асылы ма, жасылы ма, масылы ма? Дала өркениеті қашан, қандай кеңістікте, қандай мерзімде өмір сүрді?
Қазақ халқының өркениеттен алғаны көп пе, бергені көп пе?
Өркениет пен ұлт?А.Тойнби айтқандай, қазақ халқына тәңірдің арнайы шақыруы (вызов) болды ма? Сол шақыруға қазақ халқының жауабы қандай? Қалай қазақ ұлт есебінде өзін сақтай алды? Болашақта ол тарихпен, тәңірмен қалай тілдеседі, сырласады, мұңдасады?
Міне, менің тарихшы санатында өркениет пен ұлттың ара салмағын, халқымның тағдырын өркениетпен тоқайластырып қарауымның сыры оқырман осында. Бұл менің қазақтың тарихшы перзенті ретіндегі ізденіс сәттерім.
Әрине, бұл болашақ ізденістерді керек ететін тақырып. Қойылған сауалдарға жауап беруге мен өз әріптестерімді де шақырамын.
Сонымен, сөз өркениет және қазақ халқы хақында!

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланған әдебиет

 

 Н.Ә. Назарбаевтың «Тарих толқынында» атты еңбегі 

 Х.Маданов « Қазақ мәдениетінің тарихы» Алматы;1998 жылы