АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Реферат. . Өсімдіктер жайлы мәлімет

Өсімдіктер жайлы мәлімет

 

Жасыл өсімдіктер — Жер бетінің сәулеті және халық игілігіне жарайтын дәулеті болып есептеледі. Өсімдіктердің тіршілігі де тылсым сырларға толы. Өсімдіктің әр мүшесінің өзіне тән жасырын құпиялары бар. Өсімдіктің тамыры, сабағы, жапырағы, гүлі, жемісі және тұқымының құрылысы мен олардың атқаратын қызметтері де сан алуан.Кітапта осылар жайлы деректер тартымды берілген.

 

Бұршақ (Pisum) — бұршақтар тұқымдасына жататын біржылдық және көпжылдық шөптесін өсімдіктердің бір туысы. Жапырағының ұшындағы тармақталған мұртшалары арқылы бірнәрсеге жармасып өседі. Гүлі ірі, тұқымы шар тәрізді. Бұршақтың орташа түсімі гектарынан 10-12 центнер, озат колхозшылар мен тәжрибе егістіктері 35—40 центнерден өнім алады. Бұршақтың бұрынғы КСРО-да 6 түрі өседі. Олар: биік бұршақ — біржылдық өсімдік; бұтақтанған қатаң сабағының ұзындығы 100—150 см-ге барады; мұның кейбір формалары екпе бұршақтың ататегі болып табылады. Биік бұршақтың жемшөптік мәні зор өсімдік; әсем бұршақ (Р. formosum) — көпжылдық өсімдік; сабағының ұзындығы 5—15 см, биік тауларда жабайы түрінде бұтақтанып өседі. Мал жақсы жейді; сиыр жоңышқа; май бұршақ (Р. arvense) — жабайы түрінде өсетін біржылдық өсімдік; мұның тағамдыққа онша мәні жоқ, сондықтан оны жемшөп және кейде жасыл тыңайтқыш үшін егеді; май бұршақ мол өнім беретін өсімдік: гүлденген кезінде гектарынан 150—200 центнер көк шөп, 33—40 центнер пішен береді, 1 га-дан 8—10 центнер тұқым түседі; екпе бұршақ (Р. sativum) — біржылдық өсімдік; бұл көбінесе астық үшін өсірілетін өте құнды өсімдік; жатаған бұршақ (Р. humile) — біржылдық өсімдік; әлсіз жіңішке келген сабағының ұзындығы 20—35 (50) см. Суармалы жерлерде арамшөп түрінде өседі, мал жемейді.

 

Тауқалақай (Lamiura album) — ерінгулділер тұқымдасына жататын көпжылдық шөп өсімдігі. Тауқалақайдың зәрлі бездері болмайды. Сабағы онша бұтақтанбайды, гүлі — ақ түсті, апрельден бастап күздің аяғына дейін гүлдеп тұрады. Тауқалақай тоғайлы, таулы жерлерде өседі. Мұның күлтелерін ел арасында емге жұмсайды. Тауқалақайдың құрамында тері илейтін зат, қант, ламиин алкалоиды, эфир майлары, сапониндер бар. Тауқалақайды қазақша кейде бойқалақай, кейде аққалақай деп те атайды.

 

Алмұрт (Pyrus) — алмалар тұқымдасына жататын жемісті өсімдіктердін бір туысы. Мұның 18 түрі бар. Алмұрт көбінесе үлкен ағаш, кейде ұзын бұта болып өседі. Атың 5 000-нан астам сорты бар, олардың бұрынғы КСРО-да 130 сорты өседі. Бұлардың ішіндегі 15 сортын өсіріп шығарған И. Мичурин, олардың негізгілері: қыстық бере (груша бере зимняя) — И. Мичуриннің жабайы уссурий алмұртын бірінші рет гүлденген жылы Бере Рояль алмұртының тозаңымен будандастырғаннан кейінгі алған жаңа сорты. Қысқа өте төзімді. 20 жылдан астам өмірінің ішінде бұған аяздың тигізген әсері байқалған емес. Мұның ағашы насекомдарға да, паразит саңырауқұлақтарға да бой бермейтін төзімді келеді. Жемісінің өздігінен зақымданған жері тез жазылып кетеді. Жемісін сентябрьдің аяғында жинайды, ол жатқан жерінде (қыста) піседі де (аты осыған сәйкес қойылған), апрельге дейін сақтауға келеді. Орта Азия алмұрты (Р. asiae mediae) — кронасы аумақты келген үлкен ағаш. Жемісі тәтті, ерте піседі және ірі болады; жемісін адам, құрғақ жапырағын мал жейді. Орта Азия алмұрты түсімді келеді, құрт онша түспейді, ауруға, кеселге төзімді.

 

Андыз – күрделі гүлділер тұқымдасына жататын көп жылдық, кейде бір жылдық шөптесін өсімдіктер. Қазақстандағы шалғынды алқаптарда, өзен, көл жағасында, жазық және таулы жерлердегі ормандарда 12 түрі өседі. Олардың ішінде ең көп тарағандары – биік Андыз. (I. helenium) және үлкен Андыз (I.grandis). Бұлардың биіктігі 10-70 см-ден 2.5 м-ге дейін жетеді. Тік сабағына бүтін жиекті жапырағы кезектесе орналасады. Ашық сары түсті гүлі қалқанша тәрізденіп, бір-бірден не топтанып біткен себет гүл шоғырына жиналады. Маусым-шілде айларында гүлдеп, тамызда жеміс береді. Жемісі цилиндр тәрізді тұқымша. Өсімдіктің тамырында жүрекке әсер ететін, қатыну процесін басатын, құрттар мен микробтарды өлтіретін қантты зат – эфир майы, инулин бар. Сондықтан андыз бағалы дәрі-дәрмек алатын өсімдік ретінде пайдаланылады, сондай-ақ тағам өндірісінде және бояу алу үшін қолданылады.

 

Апельсин – руталар тұқымдасының цитрус туысына жататын жеміс ағашы. Шыққан жері – Оңтүстік Қытай және Υндістан. Апельсиннің тәтті және ащы түрі бар.

  • Тәтті апельсин жабайы түрінде кездеспейді. Биіктігі 10-12 м, жапырағы қалың, сопақша, жоғары жағы сүйірлеу болып келеді. Гүлдері қос жынысты, ақ, жұпар иісті, гүл шоғырына бірден, кейде бірнешеуден орналасады. Жемісі көп ұялы, сортына байланысты сыртқы түрі, түсі (ақшыл сарыдан, қызыл сарыға дейін) әр түрлі болып келеді. Тәтті, шырынды. Жемісінің орташа салмағы 50-400 г, құрамында 75-88% су, 8-9% қант, 1.06-1.97% қышқыл, 70 мг С дәрумені, 0.9% илік заттар болады. Өсу жағдайына юайланысты 2-3 кезеңге бөлінеді. Апельсин жыл бойы өсіп, гүлдеп жеміс береді. Әр гектардан 20-25 т өнім алынады. Апельсин тұқымынан және ұластыру арқылы көбейеді. Тұқымынан егілсе 10-15 жылда, ал ұластырылғанда 3-4 жылда жеміс береді. Жемісін сол күйінде немесе қайнатып кондитерлік (варенье, джем, шырын, т.б.) тағамдар жасап жеуге болады.
  • Ащы апельсиннің биіктігі аласа(6-8 м) болып келеді. Тікенекті бұтақтарының ұзындығы 6-8 см, жемісінің сыртқы қабығы жылтыр, қызғылтым сары, бедерлі, шырыны өте ащы болады. Жемісі көбінесе, эфир майын алу үшін пайдаланылады, сондай-ақ тағам, кондитер және иіс су өнеркәсібінде қолданылады

 

Жүзімдіктер (Vitaceae) — қосжарқанақты өсімдіктердің бір туысы. Мұрттары арқылы бір нәрсеге жармасып өсетін, ағаштанған лиана өсімдік. Телімденген жапырақтары сабағына кезектесіп орналасады. Гүлшоғыры алғашында кішкентай болып шоқтанып шығады да, бара-бара үлкейеді, гүлдері күлтесіз. Гүлшоғыры жапырағына қарама-қарсы бітеді. Гүлдері кейде қосжынысты, кейде даражынысты болады. Жемістері, жидектері, тұқымы эндоспермді. Жүзімдікке жататындар: жүзім және оның түрліше сорттары, изабелла. Жүзімдіктердің 11 туысы, 300-ден астам түрлері бар. Жабайы өсетін жүзімдіктер де кездеседі.

 

Қалампыр (Dianthus) — қалампырлықтар тұқымдастарына жататын біржылдық және көпжылдық өсімдіктерінің бір туысы. Қалампырдың Азияда, Африкада, Еуропада шөп және бұта болып есетін 300-дей түрі бар. Солардан бұрынғы КСРО жерінде өсетіндері — 80. Қалампыр топтанып өседі. Гүлінен эфир майы алынады. Қалампырдың бірнеше түрі декорация ретінде теплицаларда, құмыраларда өсіріледі.

Армерия қалампыры

(Dianthus armeria) — бір немесе екіжылдық шөп өсімдігі. Биіктігі 10—45 см-дей, бірнеше тал сабақтары тік өседі. Армерия қалампыры бұрынғы КСРО-ның еуропалық бөлігінің, Кавказдың ормандарының ашық жерлерінде, топтанып біткен ағаштардың араларында өседі. Бұл қалампырды қой да, ешкі де, сиыр да, жылқы да жей беретін бұрынғы КСРО-дағы жем-шөптік өсімдіктердің ішіндегі маңызды бір түрі болып табылады.

Арамжоңышқа, борбас қалампыр

(Dianthus Borbasii) — көпжылдық шөп өсімдігі. Сабағының ұзындығы 40 см-дей, тік өседі. Арамжоңышқа бұрынғы КСРО-ның еуропалық белігіндегі, Кавказдағы, Батыс Сібірдегі және Орта Азиядағы қарағай ормандарының, шабындық жерлердің, құмдауыт аңғарлардың өсімдіктерімен бірге өседі. Мұны мал жемейді. Тамырынын құрамында сапонин көп болады.

 

Ұялы шөп (Neottia) — орхидтықтар тұқымдасына жататын көпжылдық өсімдіктердің бір туысы. Ұялы шөп сапрофиттық жолмен күн көреді. Мұның жерге төселіп жатқан тамыр сабағының бетіне етженді тамырлары ұйысып, құстың ұясы тәрізденіп өседі, сондықтан мұның аты соған қарай қойылған. Ұялы шөптің 9 түрі бар, бұрынғы КСРО-да солардың 4 түрі өседі, олар көбінесе Еуропа мен Азия жерінде өседі.

 

Сиыр жоңышқа (Vicia) — бұршақтылар тұқымдасына жататын шөптесін өсімдіктердің бір туысы. Сиыр жоңышқа көбінесе көпжылдық, біржылдық, ал кейде екіжылдық та болып өседі. Сиыр жоңышқаның түрі 120, солардың ішінен біздегі өсетіндер 85 түр, бұлардың көпшілігі Кавказда, аздап бұрынғы КСРО-ның еуропалық бөлімінде, орта Азияда, Сібірде және Қиыр Шығыста өседі. Бұрынғы КСРО жеріндегі өсетіндерінің ішінде жемшөптік мәні бар 53 түрі зерттелген.

Түрлері

Альпі сиыржоңышқасы (V. alpestris) — көпжылдық өсімдік, сабағының ұзындығы 25—40 см, июнь-июль айларында гүлдейді, бұл көбінесе биік таулардың 2500—3000 м альпі аймағында өседі, мұны малдың қай түлігі болса да жақсы жейді, бірақ шауып аларлықтай болып жиі шықпағандықтан аса жемшөптік мәні жоқ;

Амур сиыржоңышқасы (V. amurensis, V. ussurensis) — сабағының ұзындығы 50—75 см келетін көпжылдық өсімдік, жемшөптік құндылығы беде мен жоңышқадан төмен, дегенмен мал жақсы жейді, егілгеннен соңғы үшінші жылында жақсы есіп, гектарынан 70 центнер шөп енімін береді;

Бұта бұршақ (V. dumetorum (=V. variegata, V. dentata) — ұзындығы 2—2,5 м әлсіз сабағымен бір нәрсеге жармасып есетін көпжылдық өсімдік, июнь мен июльде гүлдейді, қалың болып шықпағандыктан мұның жемшөптік мәні онша емес; Біржұбай бұршақ (V. unijuga] — сабағының ұзындығы 35—80 см көпжылдық өсімдік; жемшөптік құны орташа, құрамында 20% протеин бар;

Гиркан бұршақ (V. hyrcanica) — мұны жайылымдағы малдың барлығы да өте жақсы жейді, химиялық құрамы (гүлденерде): су — 6,9%, клетчатка—18,1%, шикі протеин — 18,4%, белок — 14,7%, май — 3,8%, азотсыз экстрактік зат — 44,3%, күл — 8,4%;

Дуал бұршақ (V. sepium) — тамыр сабағы көлбеп өсетін көпжылдық өсімдік, сабағының биіктігі 60 см-ге дейін барады, жер бетіндегі бөлімінің құрамында 220 мг% ке дейін витамин С бар, сиыр мұның пішенін және жайылымдағы көк шебін көктемде жақсы жейді, ал күзде жемей кояды, қолдан егілгенін бір жазда үш шауып алуға болады;

Монша бұршақ (V. tenuifolia) — сабағының ұзындығы 50—100 (100—180) см-дей бұтақты өсімдік, мұны малдың қайсысы болса да сүйсініп жейді;

Ойнама (V. атоеna ( = V. altaica, Ervum amoenum) — 50—100 см-лік ұзын сабағымен бір затқа жармаса өрмелеп өсетін көпжылдық шөптесін өсімдік; жапырақтары күздің аяғына дейін көгеріп тұрады, онда 53,2 мг% витамин С бар; құнарлылығы жоңышқадан кемірек, дегенмен жемшөптік манызы зор өсімдік;

Орман бұршақ (V. silvatica) — сабағының ұзындығы 50—150 см-дей көпжылдык өсімдік, көбінесе аралас ормандардың арасында бір нәрсеге жармасып өседі, жапырағы мол, июнь-июльде гүлдейді, малдың қай түлігі болса да жақсы жейді;

Өзгергіш бұршақ (V. variabilis) — көбінесе Кавказдың жерінде есетін көпжылдық өсімдік, құрамында 172—336 мг% витамин С бар. Құнарлылығы бедемен бірдей; бөгде бұршақ (V. реregrina) — өте жіңішке, бұтақтанған қырлы сабағының ұзындығы 20—80 см біржылдық өсімдік, дәндік дақылдардың арасында арамшөп ретінде өседі, мал сүйсініп жейді;

Паннон бұршақ (V. pannonica)— сабағының ұзындығы 40—60 см болып бұтақтанып тік өсетін біржылдық күздік өсімдік; мұны мал жақсы жейді;

Рим бұршағы (V. narbonensis) — сабағының ұзындығы 20—60 см біржылдық немесе екіжылдық өсімдік, мұның жапырағы қалың, жалпақ және шырынды келеді, малдың қай түлігі болса да сүйсініп жейді;

Сыңаргүл бұршақ (V. monanthos) — жіңішке, қырлы, ұзындығы 80—160 (200) см келетін бұтақты сабағы бар біржылдық өсімдік, май мен июньде гүлдейді; бұл бұрынғы КСРО жерінде жабайы өспейді, мал жақсы жейді;

Тарлан бұршақ (V. angustifolia) — бұтақтанып өсетін сабағының ұзындығы 15—60 (80) см-дей біржылдық өсімдік, жер бетінде өсетін бөлімдерінің құрамында 150 мг% витамин С бар; көбінесе тұқымының құрамында вицианин дейтін глюкозид болады, мұны жеген мал уланады;

Таспа бұршақ (таспан жапырақ, ташпан жапырақ V. tetrasperma ( = Ervum tetraspermum) — сабағы жіңішке, ұзындығы 25—50 см, бұтақшалы біржылдық өсімдік. Бұл көбінесе егінжайдың арасында арамшөп түрінде өседі. Мұның гүлдері өздігінен және насекомдар арқылы айқас тозаңдануға икемделген. Көктемде және жазда малдың қай түлігі болса да жайылымда жақсы жеп, ал күзде тек түйе ғана жейді. Пішенін мал қай кезде болса да сүйсініп жейді.

Түкті бұршақ (V. subvillosa) — мұны малдың қай түрі болса да, әсіресе кой мен сиыр жақсы жейді;

Тышқан бұршақ (V. cracca) — мұны жазда, көктемде малдың қай түлігі болса да жақсы жейді, ал буыны қатайғанда ірі қаралар ғана жейді. Тышқан бұршақ гүлденер дәуірінде химиялық құрамында: су — 10,0%, клетчатка — 29.6 — 34,3%, шикі протеин — 13,1-15,8%, белок — 14,7%, май — 1,3-4,5%, азотсыз экстрактік зат — 32,9—34,5%, күл — 6,8—7,2% болады, жасыл кезінде витамин С болады, мұның жемшөптік мәні өте зор;

Шұбар бұршақ (V. variegata) — сабағының ұзындығы 30—60 см-дей көпжылдық өсімдік, мал сүйсініп жейді;

Шұбаргүл бұршақ (V. picta) — сабағының ұзындығы 75—150 см екіжылдық өсімдік, аязға, құрғақшылыққа төзімді, сортаңға шыдамды, қандай жер болса да өсе береді; жемшөптік мәні бар өсімдік;