Мазмұны
І. Кіріспе
ІІ. Негізгі бөлім
а) Пастереллез ауруы
б) Індеттік ерекшеліктері
в) Дерттануы, өтуі және симптомдары
ІІІ. Патологиялық өзгерістер
а) Балау
б) Ажыратып балау
- IV. Дауалау және күресу жолдары
а) Иммунитет
б) Жеке және топтық жануарларды дауалау
- V. Қорытынды
VІ. Қолданылған әдебиеттер
Кіріспе
Патологиялық анатомия немесе патоморфология тірі организм ауру болған кезде және одан тәуір болып келе жатқан кездегі орган және тоқымалардың нормаль болуында жүзеге келетін өзгерістерді үйрететін пән. Көзбен көруге болатын өзгерістер микроскоп істетуді талап ететін микроорганизм гистологик өзгерістер (патологик, гистологик) тексереді. Патологиялық анатомия тек көрсетіп көретін пән емес. Ол клиника мен бауланған тәрізде дамиды. Өлікті жаруды алынған нәти желерден эксперимент және физиология информациялары да пайдаланылады. Аурудың даму механизмін, яғни патогенезін үйренеді. Бұл – ауруларды анықтау, олардың емін және алдын алуын, яғни профилактикасы үшін ғылым мәселелерін негізденген жұмыста істеп шығаруда өте үлкен роль атқарады. Аурулар және организм функцияларының ауру уақытында көрінетін өзгерістері ауру жануар клиникада көзден кешіргенде және патологиялық физиологияда да тексеріледі. Патологиялық анатомия әртүрлі ауруда организмнің көптеген системаларға байланысты болған және түрлі ауруларда қайталанып тұратын түрлі-түсті өзгерістердің бірге қосылуын көрсетеді. Аурулардың себептерін білу медицина үшін үлкен көзқарасқа ие. Инфекцион ауруларға қарсы күресте травматизмде және әртүрлі өнеркәсіп қалдықтарынан улану жолдарының алдын алуды медицина көптеген қолға кіріткен ұтыстары мен үлкен дәрежеге жеткен. Әрқандай ауруды білу үшін оның этиологиясын білу керек. Ауру не себептен пайда болады деген сауалдарға жауап беру аздық қылады. Ол үшін аурудың қалай өршуін анықтау, яғни оның патогенезін үйрену керек т.б.
ПАСТЕРЕЛЛЕЗ
Пастереллез /Pasteurellosis/ — жіті өткенде өлітиюдің белгілерімен, ал жітілеу және созылмалы кезінде негізінен өкпенің қабынуымен ерекшеленетін сүтқоректілер мен құстардың көптеген түрлері ұшырайтын жұқпалы ауру.
Аурудың жұқпалы екендігін дәлелдеуге 1878 ж. Болингердің сиырдың пастереллезін сипаттауы негіз болды. Аурудың қоздырушысын тауықтан Е.М. Земмер /1878/, Л.Пастер /1880/, үй қоянынан Гафки /1881/, сиырдан Китт /1885/, бұйволдан Гресте /1887/ бөліп алды. Аурудың атауы Пастердің қоздырушы микробты өсіріп, әлсіретіп, онымен тауықты иммундеуге бағытталган әйгілі тәжірибелеріне байланысты еді. Ғалымның құрметіне бұл микроб пастерелла, ал ол қоздыратын ауру пастереллез деп аталатын болды.
Пасгереллез дүние жүзіне кең тараған. Әдетте оқтын-оқтын байқалып, созылмалы түрде өтеді. Бірақ ауруды өршітуге ықпал ететін факторлардың әсерінен індет түрінде кең жайылады.
Қоздырушысы — Pasteurella multocida — оншалықты ірі емес, грамтеріс, козғалмайтын, спора түзбейтін, жеке-жеке, кейде жұпталып сирегірек қысқа тізбек түрінде орналасатын бактерия.
Түрі мен мөлшері шыққан ортасына байланысты әртүрлі болады. Ауру малдың ұлпасындағы пастереллалар ұсақ сопақша болады да, метилен көгі немесе Романовский-Гимза әдісімен биполярлы /екі шеті/ боялады. Жаңа өсінділерде микробтың анық көрінетін қауашағы болады.
Пастереллалар — жартылаай ауасыбағалы микробтар. Кәдуілгі қоректік орталарда 37° С кезінде жақсы өседі, жаңадан алынған өсіндерін өсіру үшін қан сарысуы қосылған немесе етті ферменттік гидролиздеу арқылы алынған қоректік орталар қолданылады. Бактериялар сорпада өскен қоректік орта түгелдей лайланып, ЕПА-да үш түрлі шоғыр түзеді: тегіс /S/, бұдыр /R/ және кілегейлі /М/. Ферменттілік қасиеті төмен, өзгеше қасиеті болып триптофан қосылған сорпада индол түзуі және нитратты нитритке дейін тотықсыздандыруы есептелінеді.
Ұзақ уақыт бойы пастереллаларды зоологиялық тұрғыдан жіктеу орын алып келді де, мал мен құстың әрқайсысына ауруды микробтың жеке түрі тудырады деп есептелінді. Тек 1939 ж. Розенбуш пен Мергант пастереллалардың ауру қоздырушы бір ғана түрі бар екендігін дәлелдеп, оны дербес түр P.multocida ретінде қарастырды. Бұл тұқымдыстыққа жататын тағы бір дербес түр P.haemolytica сиырда, әсіресе қойда пастереллезге ұқсас ауру қоздырады.
Пастереллалардың төзімділігі жоғары емес, сыртқы ортада тез өледі. Көңде, қанда, суда тіршілігін 2-3 апта сақтайды, ал өлекседе 4 айға дейін, мұздатылған құс етінде жыл бойы сақталады. Тура түскен күн сәулесінен бұл микроб бірнеше минут ішінде, ал 70-90° С температурада 5-10 минутта өледі. Барлық үйреншікті дезинфектанттар қолданылып жүрген концентрациясында бірнеше минутта өлтіреді.
Індеттік ерекшеліктері. Пастереллезге үй және жабайы сүтқоректілер мен құстардың барлық түрлері бейім. Онымен адам да ауырады. Тауық пен үй қоянында ауру індет ретінде байқалады. Басқа жануарларда індет түрінде таралағанымен де, мұндай жаппай ауру онша жиі байқалмайды. Ет қоректі жануарлар біршама төзімді келеді.
Пастереллездің өлітиген түрінде жіті өтіп індет ретінде қаулауын ірі қара мен жабайы күйіс қайыратьгн жануарларда біздің өлкемізде P.multocida В-типі, ал Африкада P.multocida Е-типі қоздырса, құста — P.multoida А-тині қоздырады. Пастереллездің оқтын-оқтын энзоотиялық пневмония ретінде жітілеу және созылмалы өтетін түрін бұзауда P.multocida А-типі және P.haemolytica, ал шошқада P.multocida А және D-типтері мен P.haemolytica қоздырады.
Ауру қоздырушысының бастауы пастереллаларды алып жүретін аурудан жазылған жануарлар. Алып жүру мерзімі жылдан астам болуы мүмкін. Пастереллезге тән қасиет — сау жануарлардың арасында да қоздырушыны алып жүрудің көп кездесуі. Сау шаруашылықтарда ауырмаған малдың пастереллаларды алып жүруі сырт жерден ауруды әкелмей-ақ пастереллездің өзінен өзі қаулауына себеп болады. Әдетте мұндай жағдай жануарларға әртүрлі қолайсыз факторлардың әсер етуінен кейін байқалады.
Пастереллездің індеттік ерекшелігі оның бір жерге орын теуіп, энзоотия ретінде байқалып, тұрақты індет ошағының қалыптасуы.
Сиыр мен қой пастереллезбен кез келген жаста ауырады, әйткенмен де жас төлдің бейімділігі жоғары болып келеді. Ең жиі ауыратын жануар — бұйвол, олардың сиырмен салыстырғанда өлім көрсеткіші 2 есе жоғары. Тропикалық елдерде пастереллез ірі қарада әдетте індет түрінде жауынды маусымда жаппай ауруға шалдығу және өлімге ұшырау /70-100 %/ арқылы байқалады. Қоңыржай климатгы аймақта пастереллез негізінен күз бен көктемде /ауруға шалдығу көрсеткіші 5-50 % кездеседі. Ауырған мал қоздырушы микробты мұрыннан аққан сора, дем алғандағы ауа, сілекей, нәжіс арқылы бөліп шығарады. Қоздырушының берілу факторлары мен таралу жолдары алуан түрлі. Берілу факторларының ішіндегі ең елеулілері: микробпен ластанған қоражай, ауа, жемшөп және құрал-саймандар. Құстардың арасында пастереллездің таралуына Dermanyssus gallinae және Aigas persicus кенелері айтарлықтай қызмет атқарады. Олардың денесінде пастереллалар 60 күннен артық сақталады. Аурудан сау емес шаруашылықтарда тышқандар мен егеу-құйрықтар қоздырушының бастауы және тасымалдаушысы бола алады.
Қоздырғыштың негізгі көзі — ауру және ауырып, жазылған мал. Оларда ауру қоздырғыштары бір жылдан артық сақталады. Пастереллезге тән нәрсе — сау малдың да, ауру малдың да ауру қоздырғышын тасуы.
Көптеген ғалымдардың зерттеулері бойынша аурудың таралуының негізгі жолдарының бірі — пастереллезден таза емес шаруашылықтардан мал сатып алу деп санайды. Шаруашылықтағы сау малдың пастереллалар тасуы аурудын, тез тарауына себеп болады. Әдетте ауру малды күтіп-бағудың нашарлығына және қолайсыз жағдайларға байланысты тарауы мүмкін.
Індет жағдайын ескермей жануарларды жөн-жосықсыз орын ауыстыру, мөлшерден тыс тығыз орналастыру, ветеринариялық-санитариялық ережелерді дұрыс орындамау, зарарсыздандырылмаған қасапхана қалдықтарын пайдалану пастереллездің таралуына ықпал етеді.
Пастереллез кезінде ауруға шалдығу және өлім көрсеткіштері қоздырушы микробтың уыттылығы, табындағы малдардын иммундік жағдайы және киімі, қосалқы инфекциялардың болуы және сауықтыру шараларының дұрыс, уақтылы жүргізілуіне байланысты болады.
Дерттенуі. Табиғи жағдайда пастереллалар жануар денесіне тыныс және ас қорыту жолдары арқылы, ал ерекше бір жағдайда ғана зақымданған тері арқылы енеді. Енген орнында микроб өсіп-өніп, сөлмен қанға өтеді де, септицемияның әсерінен көп жағдайда жануар 12-36 сағат өткенде өледі. Дерттің өрбіп денеге жайылуына пастереллалардың фагоцитозды тежеуі /аяқталмаған фагоцитоз/, улы заттардың пайда болуы және оның нәтижесінде капиллярлардың жаппай зақымдануы жағдай жасайды. Бұлардың нәтижесінде тері асты және бұлшық еттер арасындағы шөл ауқымды мөлшерде домбығуға шалдығып, геморрагиялық диатез пайда болады. Қоздырушы неғұрлым уытты болса, солғұрлым тез өлітиеді.
Ауруға төзімді жануарға уыттылығы төмен пастереллалар енгенде өлітимейді. Қоздырушы кейбір мүшелерде ғана, негізінен өкпеде, орын теуіп, ауру жітіден төмен созылмалы өтеді. Пневмония крупозды немесе серозды-қатарлы болады. Ауру өте жіті өткенде пневмония өрбіп үлгірмейді де, өкпеде тек домбығу мен гиперемия байқалады.
Өтуі және симптомдары. Жасырын кезеңнің ұзақтығы бірнеше сағаттан 2-3 аптаға дейін. Жануарлардың әр түрінде пастереллезаса жіті, жіті, жітіден төмен және созылмалы өтеді.
Сиыр мен бұйволда пастереллездің аса жіті түрі кезінде дененің ысығы кенеттен 41-42° С дейін көтеріліп, өлітиюдің белгілері байқалады. Қауырт өрбіген кезде жүрек қызметінің жетімсіздігінен, өкпенің домбығуы мен қан аралас іш өтуден жануар бірнеше сағат ішінде өліп кетеді. Тіпті бұл белгілер білініп үлгірмей-ақ малдың өліп кетуі мүмкін.
Ірі қараның танауы құрғап, салқындайды, күйіс қайтарудан қалады, сүт шықпайды, аурудың басында ішек қимылы бәсеңдеп, сирек жапалайды. Жапасына сұйық қан араласады, Көзінің кілегей қабықтары қабынып, жасаурайды. Зәріне қан араласады. Септицемия белгілері айқын білінеді, жүрек қызметі нашарлап, бір-екі тәулік ішінде өледі.
Мал ұзақ ауырған жағдайда дене қызуы оқтын-оқтын көтеріледі, денесінің әр жері зақымданады. Бұл аурудың ісікті пастереллез, көкірек пастереллезі, ішек пастереллезі деп аталатын түрлері болады.
Ісікті пастереллез кезінде мал тамағынын, астында, мойнында, қарны мен аяқтарында басқанда сықырламайтын, бірақ ұлғайып, тез өршитін, ісік пайда болады. Малдың мойны мен тілі ісінеді, тыныс алуы қиындап, ентігеді, жылбысқы сілекей ағады. Көзге оңай көрінетін кілегей қабықтары көкшіл тартып, әр жері қанталайды.
Көкірек пастереллезі кезінде малдың өкпесі қабынып, тыныс алуы қиындайды, сыртқы орта реакциясына «мыңқ» етпейді, қарын қимылы тоқтап, құрғақ ауырсындыратын жөтел пайда болады. Танауынан көбіктенген сілекей ағады. Аурудың соңына қарай жапасы сұйылып, оған қан араласады. Көпшілік жағдайда мал 5-8 күн ішінде өледі.
Ауру мал маңқасымен, сілекейімен және нәжісімен бірге сыртқы ортаға қоздырғыштар шығарады. Пастереллез қоздырғыштары әр түрлі жолдармен тарайды. Ең көп тарайтын жолдары – ауа, жемшөп, құрал-сайман және қоздырғыштар түскен қора-жай.
Пастереллез, сондай-ақ, малының арасында осындай ауру байқалған шаруашылықтарда қоздырғыш көзі бар екенін ескермей табынды бір-біріне қосу, топтастыру, өндірістік технологияның бұзылуы, мал дәрігерлік ережелердің сақталмауы салдарынан да шығады.
Пастереллез жіті өткенде мал күйзеліп, селқостанып, ыстығы 40° С-қа жетеді, не одан да жоғарылайды. Қаңсары құрғап, суытады. Күйіс қайыруы тоқталып, сүті қайтады. Аурудың бас кезінде ішек пен қарынның қозғалысы, тезек тастауы баяулайды. Кейіннен нәжісі сұйылып, фибрин мен қанды жалқақтар араласады. Кейде танауынан қан ағып, көзі қанталап, жіті коньюнктивит өрбиді, несепте қан болады. Жануарларда өлі тиюдің айқын белгілері мен жүрек қызметінің жетімсіздігі байқалып, 1-2 тәуліктің ішінде өліп кетеді.
Ауру ұзаққа созылғанда дененің жалпы қызуы көтерілуімен қатар орны шектелген өзгерістер де байқалады. Олардың клиникалық белгілері бойынша пастереллездің домбыққан, көкіректегі және ішектегі түрлерін ажыратады. Аурудың домбыққан түрінде төменгі жақтарының арасында, әукесінде, төсінде, бауыр тұсындағы тері асты шелдерінде тез арада өршитін, ыстық, басып көргенде ауырсынатын, сықұырламайтын домбығу болады. Тілі мен мойыны домбыққанда тынысы қырылдап, қиындайды, шұбатылып сілекей ағады, көзге көрінетін кілегейлі қабықтары көкшілденіп, қанталап тұрады. Кейбір жануарлардың делебесі қозады /бұзауда болатын пастереллездік менингоэнцефалит/.
Пастереллездің көкіректегі түрі кезінде крупозды /фибринді/ пневмония кездеседі, жануар күйзеліп, қимылдан қалады, таз қарынның атониясы, тыныстың жиілеп, қиындауы байқалады, ауырсынып құрғақ жөтеледі, танауынан көбік аралас сора ағады. Аурудың соңғы кезінде нәжісіне қан араласып іші өтеді де, көп жағдайда 5-8 күн арасында өліп қалады.
Ішектегі түрі кезінде негізгі симптомдары ішектердің зақымдануына байланысты болады да, пневмонияның белгілері онша біліне қоймайды. Аппетит сақталғанмен жануар тез арықтап, қаны азайып, күйзеліске ұшырайды.
Созылмалы өткенде жануардың тыныс алу, ас қорыту мүшелерінің зақымдану белгілері ішектегі түрі мен салыстырғанда бәсеңдеу болады, бірақ іші өтуі салдарынан арықтап, ахексияға ұшырайды.
Қойдың пастереллезі жіті өткенде бұл ауруға тән өлітиюдің клиникалық белгілері сирек байқалады. Дененің ыстығы көтерілуі мен жалпы күйзеліске ұшырауымен қатар алдыңғы тұла бойының тері астындағы шелі домбығып фибринді пневмония өрбиді. Мал әдетте 2-5 күн ішінде өліп қалады. Жітіден төмен және созылмалы өткенде баяу фибринді пневмонияның белгілері, кератит, ринит, артрит байқалады, мал тез арықтайды. P.haemolytica қоздыратын пастереллез кезінде пневмония жиі байқалады да, мастит сирек кездеседі.
Шошқада пастереллез аса жіті және жіті өткенде дененің ыстығы 41° С-қа дейін және одан да жоғары көтеріліп, тынысы тарылып, фарингит, жүрек қызметінің кемістігі байқалады, кейде иек асты мен мойынның тері асты шелі домбығады. Жануар тыныс ала алмай 1-2 тәулік ішінде өледі. Ұзағырақ өткенде фибринді пневмония болып, ентігіп, жөтеледі, ринит байқалады ауру 5-8 күнге созылып, өліммен тынады. Пастереллез созылмалы өткенде пневмонияның белгілері байқалып, жануар әлсіреп, күрт арықтайды, кейде буындары шорланып, терісінде қабыршақтанған экзема болады.
Құста пастереллездің аса жіті өтуі індеттің бастапқы шағында кездеседі. Құс кенеттен жалп етіп құлап, қанатын бірнеше рет қағады да, аурудың ешбір симптомынсыз өліп кетеді. Ауру көп жағдайда жіті өтеді де, құс селқостанып, қанатын салбыратып отырады. Қауырсындары үрпиіп, басын қанатының астына тыға береді, немесе арқасына қарай кегжитеді. Денесінің ыстығы 44 С немесе одан да жоғары болады, қозғалысы шектеліп, шөлдей береді. Тұмсығынан көпіршіген сілекей ағады. Соңын ала қатгы, кейде қан аралас іші өтеді. Айдары мен сырғасы көкшіл тартады. Тынысы тарылып, демі сырыл аралас шығады. Құс құрыстанған немесе дел-сал күйінде өледі. Жітіден төмен және созылмалы өткенде құстың біртіндеп қаны азайып, арықтайды, буындары шорланып, бара-бара іріңдейді. Сырғасы зақымданған құстың күйі өзгермейді де, бұндай жағдай «сырға ауруы» деп аталады. Созылмалы пастереллез кейде тек кана ринит, синусит ретінде, көзі мен тұмсығында қоймалжың экссудат жиналуы арқылы байқалады.
Үй қоянында пастереллездің жіті түрі ыстығы көтеріліп, күйзеліп, козғалуы шектеліп, жоғарғы тыныс жолдарының зақымдану белгілері /тұмауратып, түшкіруі/ арқылы білінеді. Кейде іші өтеді. Жануар әлсіреп, 1-2 күн ішінде өледі. Ұзақ уақыт ауру жайлаған шаруашылықта созылмалы түрде ринит, коньюнктивит ретінде байқалып, кейде іші өтеді, фибринді -іріңді пневмония, тері асты шелінің абсцессасы байқалады.
Tepiсі бағалы аңдар /бұлғын, түлкі, күзен, құндыз/ ауру жіті өткенде қатты күйзеліп, қозғалуы шектеліп, тәлтіректеп зорға жүреді. Ыстығы 42° С және одан жоғары көтеріледі. Негізінен әсіресе қара түлкіде геморрагиялық гастроэнтериттің белгілері байқалды. Күзеннің бас жағының тері асты шелі домбығып, артқы аяғы салданады. Ауру 12 сағаттан 2-3 тәулікке дейін созылады.
Патанамотиялық өзгерістер аурудың ұзақтығы мен клиникалык түріне байланысты болады. Аса жіті және жіті өткенде өлген жануарлардың көптеген ағзаларында, кілегейлі және сірі қабықтарында геморрагиялық диатезге тән жаппай қанталаған өзгерістер кездеседі. Бауыр мен бүйректер өз қалпынан ауытқып, көк бауыр аздап домбығады. Сөл түйіндері ісініп, қара қошқыл түсті болады. Тері асты шелінде, әсіресе аурудың домбыққан түрінде, денесінің әр жерінде сарысулы-фибринді жалқақтар болады.
Өкпе домбығып, онда крупозды пневмонияның бастапқы кезеңіне сәйкес өзгерістер кездеседі. Ішектегі түрі кезінде қарын мен бүкіл ішекте фибринді — геморрагиялық қабыну байқалады.
Пастереллез жітіден төмен және созылмалы өткенде өлген малдың өлексесінің қатты арыған және қаны азайған белгілері болады. Көкірек және құрсақ қуыстарының сірі қабықтарында тығыз фибринді жалқақ жабысып жүруі мүмкін. Бронхалардың маңындағы сөл түйіндері ұлғайып, қанталап тұрады. Өкпеде қызыл және сұр «бауырлану» кезеңдеріне сай өзгерістер болады, кейбір телімдері өліеттене бастайды, ал асқынған кезде іріңді-фибринді ошақтар кездеседі. Көк бауыр ұлғайып, бауыры мен бүйректерінде өте ұсақ өліеттенген телімдер кездеседі. Құста болатын патанатомиялық өзгерістер сүт коректі жануарлардағыға тақылеттес келеді де, негізінен аурудың өту ерекшеліктеріне байланысты болады.
Балау. Пастереллезді індеттанулық деректер, клиникалық белгілері, патанатомиялық өзгерістер негізінде, міндетті түрде бактериологиялық тексеру жүргізіп анықтайды. Зертханаға емделмеген малдың өлексесінен өлгенінен 3-5 сағаттан қалдырмай көк бауырдың, бауырдың, бүйректің кесінділерін, өзгеріске ұшыраған өкпенің телімін сөл түйіндерімен қоса және жілігін жібереді. Ұсақ жануардың өлексесін тұтастай жөнелтеді. Жаздың күні патматериалды глицериннің 40 % ерітіндісімен консервілейді. Пастереллезге тексергенде пастерелланың ақ тышқан үшін зардапты таза өсінін алуға баса зейін қояды.
Ажыратып балау. Сақа ірі қарада топалаң мен қарасаннан және нироплазмоздан, ал төлде — стафилококты және стрептококты инфекциялардан, сальмонеллезден, колибактериоздан, вирустық пневмоэнтериттерден /парагрип-3, вирустық диарея, жұқпалы ринотрахеит/. Қойда топалаңнан, пироплазмоздан, секіртпе мен жыбырлақтан ажырату керек. Шошқада пасетереллезді обадан, тілмеден, сальмонеллезден, ал тауықта – Ньюкасл ауруынан, микоплазмоздан, жұқпалы ларинготрахеиттен, смирохетоздан ажырату кажет.
Аталған және басқа да аурулардан пастереллезді ажырату үшін кешенді зерттеу әдісін қолданады, оның ішінде зертханалық тексеру шешуші рөл атқарады.
Емі. Ауырған жануарды бөліп алып, жылы, құрғақ үйшікке орналастырып, жұмсақ төсеніш төсеп, құнарлы жемшөппен коректендіреді. Микробтарға қарсы ем ретінде антибиотиктер мен сульфаниламидтерді қолданады.
Пастереллезге қарсы гипериммунді қан сарысуы ауру жедел өткен жағдайда, уақыт өткізбей, алғашқы белгілері біліне бастаған аурудың бастапқы кезеңінде пайлаланғанда ғана жақсы нәтиже береді. Оны бұлшық ет ішіне немесе көк тамырға дауалық дозасынан екі есе артық мөлшерде пайдаланады. Сарысуды антибиотиктер мен, сульфаниламид және симлтоматикалық дәрілерімен қосып қолданғанда жақсы нәтиже береді. Малдың күй-жағдайын ескеріп емнің курсын толық жүргізу керек. Пастереллезбен ауырған құсты емдемейді.
Иммунитет. Пастереллезбен ауырып жазылған жануарларда 6-12 айға иммунитет қалыптасады. Бұл аурудың алдын алу үшін бұрынғы Кеңестер Одағында бірнеше өлтірілген вакциналар колданылып келді, сиыр, қой және шошқаның пастереллезіне карсы преципитацияланған, формолвакцина /авторы Н.М. Никифорова/, сиыр мен буйволдың пастереллезіне қарсы Азербайжан ҒЗ институтынын гидроокись алюминилі қоймалжың вакцинасы /авторы М.К. Ганиев/, торайдың паратиф, пастереллез және диплококты септицемиясына қарсы концентрацияланған поливалентті фармолвакцина, бөктірілген /эмульгированный/ сиыр, буйвол және қойдың пастереллезіне қарсы вакцина /Н.М. Никифорова, А.В. Лукьянченко/, бөктірілген шошқаның пастереллезіне қарсы вакцина /Н.М. Никифорова, А.В. Лукьянченко/.
Вакциналарды аурудың алдын алу үшін немесе лажсыздан тұрақты сау емес жерлерде, ауру кенеттен тұтанып жедел өткен жағдайда немесе қауіп төнген аймақта қолданады. Преципитацияланған қоймалжың және концентрацияланған вакциналармен жануарларды екі рет егеді. Әлуетті иммунитет екінші рет еккен соң 7-10 күн өткенде қалыптасып, 6 айға дейін сақталады. Бөктірілген вакциналарды бір рет егеді, иммунитеттің мерзімі жылдан астам.
Құс шаруашылықтарында пастереллезді дауалау үшін француздық /Пастердің/ вирулентсіз және Ресейлік вируленттілігі төмен Краснодарлык К және АВ штаммдарынан дайындалған құрғақ тірі вакциналарды, сонымен қатар өлтірілген, бөктірілген вакциналар қолданады. Тірі вакциналармен тауықты және су құстарын ауру шыққан және кауіп төнген шарушалықтарда егеді. Егер алдында барлық ауырған немесе дүдәмал құстарды мұқият бөліп алып, аластайды. Егілген құста иммунитет 5-ші күні қалыптасып, 4-6 айға дейін сақталады. Майлы вакцинаны негізінен қауіп төнген және тұрақты сау емес шаруашылықтарда және ауру тұтанған кезде қолданады. Вакцина еккеннен кейін барлық құстарға жеммен 3-4 күн бойы норсульфазол немесе сульфадимезин береді. Иммунитет 8-ші күнге қарай қалыптасып, тауық тұқымдастарында 6 айға дейін, суда жүзетін құстарда 7 айға дейін сақталады. Содан кейін вакцинаны сульфаниламид дәрмектерін қолданбай-ақ егуге болады.
Енжар иммундеу үшін сиыр, бұйвол, қой және шошқаның пастереллезіне қарсы гииериммунді қан сарысуы бар. Оны дауалық мақсатта ересек жануарларға тасымалдау алдында, ал жас төлге мал кешендеріне әкелінген алғашқы күндерінде жібереді.
Дауалау және күресу шаралары. Пастереллезді болдырмау үшін сау шаруашылықтарды ауру қоздырушысын ауырған мал және пастерелла алып жүрушілер, жемшөп, т.б. арқылы әкелуге жол бермеу керек. Әсіресе малды бағып күтудегі санитариялық-зоогигиеналық талаптардың орнындалуына ерекше көңіл бөлінеді. Егер фермада бұрын пастереллез байқалған болса, жыл ішінде барлық малдарды оған қарсы егеді. Мұндaй шаруашалықтың мал басы егілген жануарлармен ғана толықтырылуға тиіс.
Жануарлар мен құстардың қай түрінде болмасын пастереллез байқала қалған жағдайда шаруашылыққа шектеу шараларын енгізеді. Шошқа, сиыр, қойды түгелдей клиникалық тексеруден өткізіп, аурулары мен дүдамалдарын оқшаулап, емдейді, ал қалғандарын егеді. Ауру мал бөлініп алынған әрбір сәттен кейін қораға дезинфекция жүргізіледі. Кейін мұндай ағымдағы тежеу дезинфекция әр 10 күн сайын шектеу алынғанға дейін өткізіледі. Малдың өлекселері утилге жіберіледі немесе өртеледі. Шаруашылықтан шектеуді ең соңғы ауру байқалғаннан кейін барлық малды еккен сон 14 күн өткенде, қорытынды дезинфекция жасап барып алады.
Құстың пастереллезі байқалған жағдайда барлық аурулары мен дүдамалдары сойылады. Кейде тіпті ауру шыққан қорадағы барлық құсты сою тиімді шара болып есептеледі. Өлекселерді өртейді. Жұмыртқаны формальдегидтің буымен дезинфекциялайды. Ауру жұғу қаупі төнген құстарды оқшаулап, егеді. Ауру кең тараған кезде құстарды егер алдында шұғыл дауалау мақсатымен сау құстарға антибиотиктер мен сульфаниламидтер береді. Барлық пастереллезге шалдыққан құстарды сойғаннан соң, ферманың бүкіл территориясын тазалап, дезинфекция, дезинсекция және дератизация жасап, қорытынды дезинфекцияның нәтижесіне бактериологиялық тексеру жүргізіліп барып, шектеу алынады. Пастереллез шыққан қоян фермасында қатаң шектеу шаралары жүргізіледі. Ауырған кояндарды сойып, торлары мен қораны дезинфекциялайды. Барлық сау қояндарға бұлшық етіне бір рет террамицин /1 кг массасына 20 мг/ немесе екі peт 8-10 сағат аралатып биомицин береді де, 7 күн өткен соң 45 күннен асқан қояндарға қоян пастереллезіне қарсы экстрактформолвакцинамен егеді. Шаруашылықтан шектеуді 14 күн өткен соң алады.
Аң өсіретін шаруашылықтарда пастереллез байқалған жағдайда азығының құнарлы болуын ерекше бақылауға алып, тек қана пісірілген азық береді. Емдік және дауалық мақсатпен антибиотиктер мен арнайы қан сарысуын тағайындайды. Күзен мен саз күзен ауруға шалдыққан жағдайда алдын ала, немесе лажсыз жағдайда майлы вакциналар егіледі.
Қорытынды
Қорытып айтқанда, пастереллез ауруы дүние жүзіне көп таралған. Әдетте оқтын-оқтын байқалып, созылмалы түрде өтеді. Бірақ, ауруды өршітуге ықпал ететін факторлардың әсерінен індет түрінде кең жайылады. Пастереллез ауруы көптеген сүтқоректік және құстардың жұқпалы ауруы. Бұл ауру салдарынан көптеген ауыл шаруашылық органдарға зияны тиеді. Бұл аурумен күресу үшін, оны болдырмау үшін пастереллезбен ауырған малдарды тез ажыратып, бүкіл шаруашылықты дезинфекциялып, қалған малдарды вакцинациялау керек. Осы жазылған міндеттемелерді күресу жолдары ветеринарлық, санитарлық, гигиеналық талаптарға сай жүргізілсе, бұл ауруды болдырмауға болады.