РЕСЕЙ БИЛІГІНЕ ӨТУ
Қазақстанды жаулап алудың аяқталуы
Қазақтардың сыртқы саяси жағдайының күрделілігі одан аман шығудың жолдарын іздестіре беруге түрткі болды. 1726ж. Кіші жүз ханы Әбілқайыр, ағамандар Сүгір, Едікбай, Қажыбай, Құлымбай және басқалары Ресейден кіші жүз қазақтары үшін “қорғаушылық сұрауға“ елші Қойбағарды жөнелтті. Бірақ оның бұл сапары нәтижесіз қалды. Әйтсе де Әбілқайыр өзінің көздеген мақсатын аяқсыз тастамай, 1730ж. қыркүйекте Уфа арқылы Петербургке орыс әйел императоры Анна Иоанновнаға өздерінің бодандыққа және қорғаушылыққа алуды сұраған өтінішін хатпен жолдап әрі ауызекі де айтуды тапсырып, қайтадан елшілік жіберді. 1731 ж. 19 ақпанында бодандығына қабылдайтыны жөніндегі сенім грамотасына қол қойды. Тиісті ант қабылдау үшін Қазақстанға Әбілқайыр ханға тапсырылатын грамотамен Сыртқы істер комиссиясының тілмәші А.И.Тевкелев бастаған елшілер жіберілді.
Әбілқайырдың сендіруіне иек артып, Петербургтегілер, Ресей азаматтығына өтуді Кіші жүздің барлық сұлтандары мен ағамандары қалайтын болар деп шешті. Алайда, 1731ж. қазанда Тевкелев Ырғыз өзенінің бойындағы Әбілқайырдың ақ ордасына келгенде Ресей азаматтығын қабылдау мәселесі бойынша феодалдық ақсүйектердің арасында айтарлықтай алауыздық бар екендігі анықталды. Барақ Кіші жүзді Ресейге қосу жөніндегі шаралардың аяқсыз қалуына тырысқанымен, бұл қарсылық әрекеттері сәтсіз аяқталды. Сонымен, 1731ж. 10-қазанда қазақ ағамандары жиналысының едәуірі шешімнің қабылдануы үшін дауыс берді.
Орта және Ұлы жүздер Ресейге кейінірек қосылғанымен, Әбілқайыр хан патша өкіметіне өтініш білдіргенде бүкіл қазақ халқы атынан сөз салған-ды. Мұның өзі жоңғарларды сөзсіз тоқтатты және оларды орыс-қазақ қатынастарының, оның әрі дамып бара жатқанына қорқынышпен қарауға мәжбүр етті. Ресей әйел императорының жарлығында сол кезде-ақ ресми түрде азаматтығын алған қазақтарды мазасыз көршілерінің жауластық әрекеттерінен сақтайтындығына кепілдік беретін пункттер болды: “егер Сіздерге, қайсақтарға (қазақтарға) жаулар шабуылдайтын болса, онда Сіздер олардан біздің күшімізбен қорғанасыздар”.
Кіші жүздің Ресей азаматтығын алуының дұрыстық негізін теріске шығармасақ та, Әбілқайырдың Ресей әкімшілігіне сүйеніп, өзінің саяси қарсыластарының позициясын әлсіретуге, жеке билік жүргізу үшін күресте өзінің потенциалды бақталастарынан асып түсуге үміт артқан пайдакүнемдік мүддесін назардан тыс қалдырмаған жөн. Бұл мәселеде орыс тарихнамасында да бірыңғай пікір болған жоқ. М.Макшеев А.И.Добросмыслов, И.Завалишин, В.Н.Витебский, И.И.Крафт бодандық туралы келіссөздер жүргізу және құжатқа қол қою барысындағы Әбілқайырдың іс-әрекеттерін тұтасынан ақтады. А.И.Левшин бұл бодандықты Әбілқайырдың жеке басы еркінің және “қуатты елдің қорғаушылығымен күшеюге” үміт артқан басқада халықтың “әкімқұмар бастықтарының” дәмеленушілік көрінісі деп қарауға бейім тұрды.
БӨКЕЙ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚҰРЫЛУЫ
Шаруашылықтың құлдырауы, жер дағдарысының күшеюі 1801ж. Бөкей хандығының құрылуына алып келді. 1797 жылдың өзінде-ақ кескілескен күрестің нәтижесінде қазақтар Еділ мен Жайық өзендері арасында мал жаю құқығын қайтарып алған еді. Қыс мезгілінде малды Жайықтың арғы бетіне айдаумен ғана шектеліп қоймай, қазақ ауылдары жаппай өзеннің арғы бетіне көше бастады және көп ұзамай бұл көшуді Ресей тарапынан реттеп отыру мүмкін болмай қойды.
Осындай жағдайда Үкімет көшпелі қазақ ауылдарының тілектерін орындауды қажет деп тапты. 1771ж. қалмақтардың Жоңғарияға қашып кетуінен кейін босап қалған территорияны қазақтарға бере отырып, үкімет отарлауға қарсы сипат алып отырған Кіші жүздегі әлеуметтік күресті бәсеңдетеміз деп үміттенді. Мұндай қоныс аудару патша өкіметінің отарлаушылық мүдделеріне жауап беретін еді. Ол Кіші жүздің күшін бөлшектеді, қазақтардың бір бөлігін қалмақтар мен башқұрттар сияқты империя азаматтарына айналдырды, мұның өзі қазақтардан алым-салық жинауды күшейтуге, сауда қатынастарының дамуына ықпал етті.
Қоныс аударушылардың басында Нұралы ханның баласы Бөкей сұлтан тұрды. Оқиғаны көзімен көргендердің бірі. Бөкей сұлтан өзеннің ішкі жағына “патша шенеуніктері тарапынан берілген әртүрлі ақыл-кеңестердің салдарынан” өтуге бел байлады. Бұл туралы оның бауыры Шығай да “Менің марқұм бауырым Нұралыұлы Бөкейді 1801 жылы, Астрахань әскери губернаторы Кнорринг Астрахан шебінің бастығы Попов арқылы Оралдың ішкі жағына, Ресейдің мәңгі азаматтығына өтуге шақырған болатын… Бөкейхан менімен және өзінің ағайындары — басқа да сұлтандармен және өзіне қарасты қырғыздармен, барлығы он мың үй бүкіл мал-мүлкімен өттік”, — деп жазады.
Патша әкімшілігінің шешімімен, Еділ мен Жайық арасындағы территорияда Бөкей сұлтанның басқаруымен жаңа қуыршақ мемлекет құрылды, Бөкей сұлтан 1812 ж. хан титулын алады. Бұл мемлекет Бөкей хандығы немесе Ішкі Орда деген атпен (өйткені, шекаралық мәженің арғы жағында, Ресей империясының “ішінде” орналасты) белгілі.
Орта және ұлы жүздердің Ресей протекторлығын (“қамқорлығын”) мойындауы
Орта және Кіші жүздерде хандық биліктің жойылуы
ОРТА ЖӘНЕ ҰЛЫ ЖҮЗДЕРДІҢ РЕСЕЙ ПРОТЕКТОРЛЫҒЫН (“ҚАМҚОРЛЫҒЫН”) МОЙЫНДАУЫ
Кіші жүз Ресей азаматығын қабылдағаннан кейін, Орта және Ұлы жүздің кейбір билері мен сұлтандары да Ресей “қамқорлығында” болуға тілек білдірді, алайда өздеріне ешқандай міндеттемелер алған жоқ. Олардың бұл әрекетінің бірден-бір себебі ішкі саяси күресте Әбілқайырға артықшылық бермеу еді. Орта жүз бен Ұлы жүз өздерін орыс азаматтарымыз деп таныған жағдайда Әбілқайыр оларға қарсы орыс әскерін пайдалана алмайтын еді. Өз қауіпсіздігін осыйлайша қамтамасыз ете отырып, екі жүздің хандары Жоңғариямен соғысты жалғастырды.
1731ж. аяғында Әбілқайыр мен Бөгенбай батыр өз өкілдерін Орта жүзге жіберіп, Семеке ханға, егер ол Ресей азаматтығын алатын болса, аймақ қауіпсіздігін орыс әскерлерінің көмегімен қамтамасыз етуді уәде етті. Семеке Әбілқайыр елшілерінің ұсынысын қабылдайды. 1732 ж. Ресей құрамына Орта жүздің біраз бөлігі формальді түрде енеді. Бұдан кейінгі оқиғалар көрсеткендей Семеке Ресей империясымен жасаған келісімнің шарттарын сақтамайтынын танытты: Ресей азаматтығындағы башқұрт феодалдарына шапқыншылық жорықтар жасап тұрды. Жоңғариядан төнген қауіп-қатер, Орта жүздің ықпалды (феодалдарының) би-шонжарларының өздерін Ресейдің құрамына қабылдау жөнінде Ресейге қайта өтініш жасауларына түрткі болды. Анна Иоановнаның 1734ж. 10 маусымдағы грамотасымен Семекенің және оның жақтастарының өтініші қанағаттандырылды. И.К.Кирилловтың 1737ж. сәуір айында қайтыс болуына байланысты Орынбор өлкесінің жаңа бастығы болып В.Н.Татищев тағайындалды. Ол Кіші және Орта жүздер сұлтандары мен ағамандары өкілдерінің бодандылығын баянды етуге тырысып бақты.
Кіші және Орта жүздер ағамандары мен сұлтандары өкілдерінің 1740 ж. Орынборда өткен съезі Ресей азаматтығына өтудің алғашқы нәтижелерін бекітуге ықпал етті. Съезге қатысқан Әбілмәмбет хан мен Абылай сұлтан қалыптасқан жағдайды ескеріп, Қазақстанды жоңғарлардың мүмкін болар басып кірушілігінен қауіпсіздендіруге тырысып, Ресей азаматтығын қабылдауды жақтаған пікір айтты. Кіші және Орта жүздердің бір топ сұлтандары мен ағамандарының 1740 ж. ант беруі Ресейге Орта жүздің тек бір бөлігінің ғана қосылуын қамтамасыз етті. Ал солтүстік, шығыс және Орталық Қазақстанның негізгі аймақтары империя құрамына тек ХІХ ғ. 20-40 жж. ғана, патша өкіметінің әскери-саяси шараларының салдарынан қосылды.
ОРТА ЖӘНЕ КІШІ ЖҮЗДЕРДЕ ХАНДЫҚ БИЛІКТІҢ ЖОЙЫЛУЫ
ХІХ ғ. басында Ресей, Орта Азия хандыдықтары мен Қытайдың ортасында орналасқан Қазақстанның аса зор стратегиялық маңызы айқындала бастайды. Азияға әрі қарай жылжу үшін Ресей ең алдымен қазақ даласына бекініп алуы керек еді. Отарлық саясаттың күшеюі, сондай-ақ өсіп отырған орыс буржуазиясының экономикалық мүдделерімен де түсіндірілді. Қазақстан орыс көпестерін мал шаруашылығы өнімдерінің көзі ретінде және Батыс Европа рыноктарында бәсекеге түсе алмайтын орыс товарларын өткізу рыногы ретінде де қызықтырды.
Арынғазының тұтқынға алынуын және Уәли ханның қайтыс болуын пайдаланып, отарлық әкімшілік далаға шабуылға шығуға бел байлады. Өздеріне адал сұлтандардың бір бөлігіне сүйене отырып, патша өкіметі Солтүстік және Батыс Қазақстанда “Сібір қырғыздары туралы Уставқа” және “Орынбор қырғыздары туралы Уставқа” негізделген жаңа басқару жүйесін құрды.
“1822 жылғы Сібір қырғыздары туралы Устав” 1822 ж. М.Сперанскийдің басшылығымен жасалды. Сібірдің екі бөлікке бөлінуіне (1822 ж.) байланысты Қазақ даласының территориясы Батыс Сібірге жатқызылды, оның бас басқармасы 1839 жылға дейін Тобылда, ал 1839 ж. бастап — Омбыда болды. Устав бойынша сібір қырғыздарының ауданы сыртқы және ішкі округтерге (аймақтарға) бөлінді. Сыртқы округке Ертіс өзенінің арғы жағында көшіп жүрген қазақтар кірді. 1822 ж. 1838 ж. дейін 7 округ — Қарқаралы, Көкшетау, Аякөз, Ақмола, Баянауыл, Құсмұрын, Көкпекті округтері құрылды. Округ басында округтік басқарма (приказ) дуан тұрды, онда әкімшілік, полиция, сот шоғырланды. Приказдарды аға сұлтандар басқарды, оның жанында төрт уәкіл (заседатель): губернатор тағайындаған екі шенеунік, және екі жылға билер, ағамандар сайлайтын екі қазақ жұмыс істеді. Аға сұлтан Уставтың ережелері бойынша сұлтандар жиынында үш жылға сайланды. Оған қызмет уақытында майор атағы берілді. Үш сайлаудан табысты өткендер дворян дипломын алуға үміттене алатын болды.
Округке 15 тен 20-ға дейін болыстар кірді. Болыстарды сұлтандар басқарды, алайда сұлтандардың болмауы себепті көптеген руларда бұл қызметке қара сүйек өкілдерін сайлап отырды. Өз жағдайы бойынша олар 12-ші дәрежелі шенеунікке теңестірілді, олардың өкіметі атқарушылық сипатта болды. Яғни, дуанның бұйрықтары мен қаулыларын орындау және сот үкімдерін іске асыру болып табылды.
Әрбір болыс 10-12 ауылдан тұрды. Ауыл ағамандары үш жыл сайын сайланып, округтік приказбен (басқармамен) бекітіліп отырды. Осындай әкімшілік ауылдардың әрқайсысы 50-70 шаңырақты біріктірді. Округтер мен болыстарды құруда рулық бөлініс ескерілді, территориялық белгілер де осыған сәйкестендірілді. Әрбір округ белгілі территорияға ие болды.
Устав бойынша сот істері қылмыстық және азаматтық болып бөлінді. Неғұрлым ауқымды (маңызды) істер би сотына берілмеді. Маңызды емес істерді қарастырғанда да би сотының шешімі округтік приказдарда (басқармаларда) қайта қаралатын болды. Устав салық жүйесін енгізді — әрбір қожалық үкіметке 100 бас малдан 1 бастан жасақ төлеу міндетті болды. Бұл санға, сауданың дамуына қажетті негізгі жүк таситын мал-түйе кірмеді. Уставты қабылдаған қазақтар алғашқы бес жыл салықтан босатылды. Құжатта міндеткерліктің басқа да түрлері — керуендерді күзету, көлік міндеткерлігі, пошта, байланыс жолдарын күзету және т.б.жөнінде көрсетілді.
“Сібір қырғыздары туралы Устав” Солтүстік, Орталық Қазақстанды азаматтық және әскери отарлауға, қазақ ауылдарын белгілі территорияға бекітуге, жаңа саяси-әкімшілік басқаруды ұйымдастыруға ықпал етуі тиіс болды, мұның өзі Қазақстанның Ресейге қосылуын аяқтауға ықпал ететін еді.
1822 ж. Орынбор генерал-губернаторы П.К.Эксен жасаған “1824 ж. Орынбор қырғыздары туралы Уставты” 1824 ж. Азиялық комитет қабылдады. Осыған байланысты хандық билік жойылды. Кіші жүздің соңғы ханы Шерғазы Орынборға шақырылып, сол жерде тұрақты түрде өмір сүруге қалдырылды және айына 150 рубль, күміс жалақы беріліп тұратын болды. Оған “Орынбор шекаралық комиссиясының бірінші мүшесі” атағы берілді.
Кіші жүз үш бөлікке: байұлы руларынан тұратын — батыс; жетіру мен әлімұлының бір бөлігінен тұратын — орта; әлімұлы руларынан және сондай-ақ қыпшақтар мен арғындардан тұратын — шығыс болып бөлінді. Бөліктердің басшылығына қойылған билеуші сұлтандар, іс жүзінде Орынбор шекаралық комиссиясының шенеуніктері болды, оған председатель бай қазақтар қатарынан төрт кеңесші және төрт уәкіл (заседатель) кірді. Өз міндеттері бойынша комиссия губерниялық басқарманың функциясын атқарды.
Әрбір билеуші-сұлтанның жанында офицердің басқаруындағы казак отряды тұрды. Олардың ставкасы казак станциялары мен бекіністерінде орналасты. Билеуші-сұлтандар да, олардың көмекшілері де сұлтандар сословиесінен қойылды.
Кіші жүздегі барлық қызмет адамдарын, ауыл азаматынан бастап билеуші сұлтанға дейін шекаралық комиссияның ұсынысы мен Орынбор генерал-губернаторы тағайындап отыр. Мұнда сайлау жүйесі болмады.
Бұл құжаттардың ережелерін іс жүзіне асыру Қазақстанның отарлық тәуелділікке түскенін көрсететін еді, сондықтан да мұның далада наразылық дүмпуін туғызуы табиғи нәрсе еді. Алғашқыда оқшау наразылықтар басталған еді, кейін олар Ресейге қарсы азаттық соғысына ұласты.
ПАТША ӨКІМЕТІНІҢ ҚАЗАҚТАРДЫҢ РУХАНИ ӨМІРІ САЛАСЫНДАҒЫ САЯСАТЫ
ХІХ ғ. басындағы Қазақстанның мәдениеті орыс мәдениетінің және ең бірінші кезекте орыс білімінің, орыс тілінде оқытатын мектептердің ене бастауымен сипатталды. Мектептерді ұйымдастыру, бір жағынан, жергілікті орыс тұрғындарының сауаттылыққа ұмтылысымен, ал екінші жағынан — патша үкіметінің Қазақстандағы өз әкімшілік аппараты үшін адамдар даярлау қажеттігінен туындады.
XVIII ғ. аяғында-ақ шептер маңында “горнизондық мектептері” ұйымдастырыла бастады. 1789 ж. Омбыда жергілікті әкімшілік үшін аудармашылар мен хатшылар әзірлейтін “азиаттық мектеп”, ал 1813ж. — әскери училище ашылады, ал 1847ж. Сібір кадет корпусына айналады. 1825ж. Орынборда әскери училище ашылып, ол да 1844ж. Орынбор кадет корпусына айналады. Бұл мектептерде, орыстардан басқа, қазақ шонжарларының балалары да оқып, білім алды. Қаулыларда көрсетілгеніндей, “мектептер азиаттарды орыстармен жақындастыруға, алғашқылардың бойында орыс үкіметіне сүйеспеншілік пен сенім ұялатуға және өлкеде көзі ашық, білімді қайраткерлерді дайындауға ықпал етуі тиіс болды”.
Мектептердің оқу жоспары айтарлықтай ауқымды болды. Орынбор кадет корпусының “азиаттық бөлімінде” атап айтқанда, әскери пәндердеп басқа, орыс тілі, тарих, география, математика, минерология, зоология, ботаника, орман шаруашылығын жүргізу және бірнеше шығыс тілдері оқытылды.
Барлық оқу орындары, патша әкімшілігі қойған отарлаушылық мақсаттарына қарамастан және оқушылар санының аздығына (орыс шенеуніктері мен аз ғана қазақ ақсүйектерінің балалары) қарамастан өлкеде орыс сауаттылығының тарауына ықпал етті.
1867-68 жж. РЕФОРМАЛАР
Шекараларының ауқымы барынша кеңейген Ресей империясының жағдайы басқарудың әкімшілік жүйесін енгізуге қолайлы болды. Крепостниктік құқық жойылғаннан кейін Ресей үкіметі земстволардың, сот және қалалардың және т.б. әлеуметтік-саяси өмірінің ағымын түбегейлі өзгерткен бірқатар реформалар жүргізді. Капитализм «тереңдеп» әрі «кеңінен ауқым алып» дами бастады.
Осындай жағдайда Ресей Қазақстанды басқарудың бұрынғы жүйесін түбірімен өзгерту міндетін қойды.
Қазақ даласын басқару туралы заң жобасын дайындау үшін үкімет 1865ж. дала комиссиясы дегенді құрды. Реформаны дайындау кезінде халық бұқарасының көңіл-күйі ескерілмеді. Ш.Уәлиханов қазақтардың материалдық жағдайы мен тұрмысын жақсартуға ықпал ететін радикалды реформалар жүргізуді жақтады. Ол Қазақстанда халықтың өзін-өзі басқаруы негізіндегі әкімшілік басқару жүйесін енгізуді ұсынды. «Сот реформасы туралы хатында» ол қазақ халқы үшін ең маңызды шара әлеуметтік-экономикалық жаңалықтар енгізу деп есептеді. 1867ж. 11 шілдеде Александр ІІ — Жетісу және Сырдария облыстарын басқару туралы Ережелер жобасына; 1868ж. 21-қазанда — Торғай, Орал, Ақмола және Семей облыстарын басқару туралы Ережелер жобасына қол қойды. Сонымен, Қазақстанды басқару жөніндегі «үкіметтік шенеуніктердің ойластыруы негізінде, Сейдалин, Шыңғыс Уәлиханов, Мұса Шорманов сұлтандардың және басқалардың белсенді қатысуымен патша өкіметі әзірледі. 1854ж. ашылған Семей, Ақмола облыстарын, 1866 ж. құрылған Жетісу облысын басқаруға өзгерістер енгізілді. Реформа бірінші рет бүкіл қазақ өлкесін қамтыды. Әйтсе де хандық билік 1845ж. — ақ тоқтатылған Бөкей (Ішкі) ордасы уақытша ереже жобасы бойынша Астрахань губерниясының құрамына қосылып кетті.
Облыстар уездерге, уездер болыстарға бөлінді.
Түркістан генерал-губернаторлығының міндетіне әскери және азаматтық биліктермен бірге, көрші Қытай, Иран және басқа мемлекеттермен дипломатиялық (елшілік) қарым-қатынастар жүргізіп отыру тапсырылды.
Басқарудың жаңа жүйесі көшпелілер өмірінің патриархалды-феодалдық құрылысын шайқалтты, сұлтан-билер мен ағамандардың билігін шектеді. 1867-1868жж. реформаларды жүзеге асыру ру ақсүйектерінің ықпалының әлсіреуіне әкеліп тіреді, мұның өзі олардың құқықтық, экономикалық және саяси жағдайларынан көріне бастады.
Әкімшілік басқару айқын әскери сипатта болды. Облыстарды әскери және азаматтық билікті толығымен өз қолдарына шоғырландырған әскери генерал-губернаторлар (әскери округтердің командашысы да солар) басқарды. Әскери және азаматтық биліктің ажыратылмауы — жаңа реформа бойынша Қазақ даласының әкімшілік құрылымының принципі болды.
1868ж. далалық облыстардағы басқару туралы Уақытша ереже және 1867ж. Түркістан өлкесіндегі басқару туралы Ереже бойынша болыс басқарушысы өз қолына полицейлік және басқару билігін шоғырландырды. Ол «тыныштық пен тәртіптің» сақталуын, салықтардың төленуін және халықтың әртүрлі міндеткерліктерін өтеуін қадағалап отырды. Билер сотының шешімдерін іс жүзіне асыру да оның міндетіне жатты. Ауыл ағамандары өз қызмет бабы шеңберінде болыс басқарушылары атқарған міндеттерді орындады. Қазақ шаруалары мейлінше ауыр земстволық міндеткерліктерді де өз иықтарымен көтерді, олар ауылдық-болыстық әкімшілікті асырады, көпірлерді, почта жолдарын жөндеуге қаржы беріп, әскери бөлімдерді көлікпен қамтамасыз етіп тұрды.
1867-1868жж. реформамен жалпы империялық заңдар негізінде әрекет ететін әскери-сот комиссиялары мен уездік соттар құрылды. Сонымен бірге ауылдарда билердің феодалдық соттары және Сырдария облысының қыстақтарында қазылар соты сақталып қалды. Далалық облыстардан тыс жерлерде жасалған қылмыстар, қазақ малшыларының қылмыстық және азаматтық істерін Ресей заңдары негізінде уездік судьялар (соттар) қарайтын болды.
ӘКІМШІЛІК-СОТ РЕФОРМАСЫНЫҢ АЯҚТАЛУЫ
1867-1868 жж. ережелер екі жылға, тәжірибе түрінде уақытша енгізілген болатын. Алайда бұл “тәжірибе” жергілікті халықтың наразылығын тудыруы мүмкін болғандықтан жиырма жылдан астам уақытқа созылды. Тек ХІХ ғ. 80 жылдарының соңы мен 90 жылдарының басында ғана патша өкіметі әкімшілік-сот істері реформасын ендіруді аяқтауға кірісті. 1886 ж. 2 маусымда Түркістан өлкесін басқару жөніндегі Ереже, ал 1891ж. 21 наурызда — Ақмола, Семей, Жетісу, Орал және Торғай облыстарын басқару жөніндегі Ереже қабылданды.
Генерал-губернатордың билігі бұрынғыдан да зор күшке ие болды. Облыстық басқару Ресейдің орталық аудандарындағы губерниялық басқарумен теңесті. Ірі қалаларда полицейлік басқармалар, ал өзге қалаларда — полицейлік өкілдіктер құрылды. 1891ж. ереже бойынша ауыл ағамандары арасындағы жер мәселелері жөніндегі дауларды болыс шеңберінде болыстық съездер, ал үй иелері арасындағы дауларды ауылдық жиындар шешіп отырды. Мұнда болыс басқарушылары мен ауыл ағамандарына шешуші рөл берілді. Осыған байланысты қауымдар арасында үш жылға сайланатын болыстық басқармалар мен ауыл ағамандарына өз өкілдерін өткізу жолындағы аса қатал күрес жүріп жатты.
Сот құрылысы саласында да айтарлықтай өзгерістер болды. Түркістан және Далалық өлкелерді басқару жөніндегі Ережеге сәйкес Ресей соттарының жүйесі бітістіруші судьялардан, облыстық соттардан және жоғарғы сот инстанциясы ретіндегі Үкіметтік сенаттан құрылды. Билер сотына да өзгерістер енгізілді. Формасы жағынан би сайланып қойылатын халық соты болды. Бұл жаңалық шариаттық дәстүрлі сотқа соққы болып тиді.
АГРАРЛЫҚ РЕФОРМА
1867-1868 жж. реформалардың ең негізгі мәселесі — жер мәселесі болды. Бұл құжаттар бойынша (Ереженің 199-ші бөлімі), Қазақстандағы бүкіл жер мемлекет меншігі деп жарияланды және қазақ ауылдық қауымдарын жер тек уақытша пайдалануға ғана берілді. Патшаның хан тұқымына (ұрпақтарына) сыйға тартқан жер учаскелері ғана жеке меншік болып есептелді. ХІХ ғ. аяғы — ХХ ғ. басында Орталық губерния шаруаларының Қазақстанға жаппай қоныс аударуы кезінде Ереженің 199- пункті қазақ жерлерін отарлық басып алудың заңдық негіздемесі болды. Қазақтардың өз жері өздеріне белгілі ақыға беріліп отырды. Өзендер мен көлдер жағасындағы құнарлы жерлер казак әскерлеріне берілді. Бұл жерлерде көшіп-қону үшін қазақтар аренда ақысын төлеуі керек болды. Ал қоныс аударып келген шаруаларға бірқатар жеңілдіктер берілді. Уезд орталықтарынан олар егістік жер, үй-жай салу үшін жерді және құрылысқа қажет ағашты тегін алып отырды, сондай-ақ егіншілікпен, сауда және қолөнермен айналысуға құқылы болды. Мұндай жеңілдіктер христиан дінін қабылдаған қазақтарға да берілді.
Сонымен, Қазақстандағы жер туралы заң патша өкіметінің реакциялық, аграрлық саясатына орай жүргізілді.
ҚАЗАҚСТАН ТЕРРИТОРИЯСЫНДАҒЫ КАЗАК ӘСКЕРЛЕРІ
XVIII ғ. арнайы Орынбор казак әскері құрылды. Өз ұйымы жағынан ол тұрақты әскерге жақын болды және жоғарғы жайық есебі бойынша — Жайық қалашығынан жоғарғы Жайық қамалына дейінгі шепте қызмет етті. Жайық казактарының жерлері осы өзен бойында созылып жатты, өзеннің оң жағасына олар 1745ж. өз күштерімен 7 қамал және 11 форпост тұрғызды. 1769 жылға қарай Жайық бойында үкіметтік казактардың 15 мың отбасы тұрып жатты.
Жалпы әскердің ортақ меншігі болып есептелген жерде казактар егіншілікпен, мал шаруашылығымен және балық аулаумен айналысты. 1748 ж. бастап үкімет қаулысы бойынша казактар жаз айларында жем-шөп дайындап және бекіністерге жақын жерлерден хуторлар салуға кірісті. Осы уақыттан бастап Жайық және Илецк қалашықтарының арасындағы Жайыққа құятын кішігірім өзендердің жағалауларында көптеген хуторлар пайда болды. Жайық пен Еділ өзендерінің арасына және Жайықтың оң жағалаулы бойына хуторлардың салынуы қазақтар үшін жердің шектелуіне алып келді, оларға казактардың шаруашылық құрылыстары бар аудандарда көшіп-қонуға рұқсат етілмеді.
Егер Жайық бойында Жайық және Орынбор казактары мен қалмақтарының иеліктері жатса, сондай-ақ Каспий теңізінің жағалауы да қазақтарға тимеді. Бұл жерде Безбородко және Юсуповтар сияқты помещиктердің саяжайлары орналасты. 305 шақырым жердің өн бойында, яғни Еділ сағасынан Жайық сағасына дейінгі Каспий теңізінің бүкіл жағалауында осы помещиктердің жерлері жатты. Екі помещиктің де саяжайлары да іс жүзінде бос жатты, ешкім тұрмады, олар көпестерге жалға берілді, ал көпестер жағалауларда балық өнеркәсібі шоғырларын ұйымдастырып отырды. Помещиктердің приказчиктері (басқарушылары) бұл жерлерге қазақтарды аса жоғары ақы төлегенде ғана жіберіп отырды.
1752 ж. үй шебін Ертіс шебімен байланыстыратын 10 қамал мен 53 редуттан тұратын әскери бекіністер шебі салынды. Бұл шеп Омбы қамалын Звериноголовск (Бағлан) қамалымен байланыстырып тұрды және ол Жаңа Есіл шебі деп аталды. Нәтижеде орыс шекарасы, Орта жүздің жеріне қарай 50-200 шақырымға кеңейтілді. Бұл көшіп-қонудың қалыптасқан жүйесін бұзып, қазақтардың Ертістің оң жағалауындағы жайылымдардан айрылуына әкеліп соқтырды.
Әскери шептердің салынуы патша үкіметіне XVIII ғ. 50-жылдарында Орта жүз қазақтарының жерін шектеуді заңдастырған заңдық шараларды қабылдауға мүмкіндік туғызды. 1755 ж. наурызда шетелдер істері Коллегиясы Ертістен өтуге тиым салды. 1764 ж. бастап қазақтарға Ертістен 10 шақырым, ал қамалдар мен форпостар ауданынан 30 шақырым алыс жерлерде ғана көшіп-қонуға рұқсат етілді.
Сөйтіп, қазақтар ең жақсы жайылымдарынан айырылып қалды, қазақ тұрғындардың казак хуторларын жоюға деген ұмтылыстары осымен түсіндіріледі.
АБЫЛАЙ ХАНДЫҒЫ (1771—1781) ЖӘНЕ ОНЫҢ САЯСАТЫ
Сыртқы қауіппен күрескен бір мезгілде Абылай қазақ жерлерін біріктіруде зор қажыр-қайрат жұмсады.
1740 ж. Ташкентте Жолбарыс хан өлтіріліп, Ұлы жүздің көпшілік рулары Төле бидің қолдауымен Қазақ хандығының ресми басшысы — Әбілмәмбетке ант береді. Әбілқайырдың орыс азаматтығын алып кетуіне Кіші жүздің Батырхан басқаруындағы көптеген рулары да Әбілмәмбет пен Абылайға бағынды. 1759 ж. патша әкімшілігі Абылайға Әбілмәмбетті алып тастап, оның орнына өзі отыруына қолдау көрсетеміз деп уәде етті, алайда, сұлтан бұл қолдаудан бас тартты. Тек ханның қазасынан кейін ғана, Түркістанда, Қожа Ахмет Иассауи мешітінде Абылай ақ киізбен көтеріліп, үш жүздің ортақ ханы болып жарияланды. Абылай хан — барлық қазақ жерлерінде беделі шүбәсіз жүрген соңғы қазақ ханы болды. Шекара маңында көшіп жүрген Кіші жүздің аз ғана бөлігі Әбілқайыр балаларының билігін мойындады.
Саяси тәуелсіздігін сақтай отырып, Абылай патша сый-сияпаттарын қабылдаудан және Петербургте ант беруден бас тартты. Абылай оңтүстіктегі қазақ қалаларын қайтарып алды, ол аз ғана уақыт ішінде Созақты, Шымкент пен Ташкентті алды. Алайда, Орта Азия мемлекеттерінің Қытайға қарсы Одағын құру жолындағы ісі табысты болмады. Одаққа Ауғанстан, Бұқара, Қоқан және Қырғызстан кіреді деп топшыланған еді, алайда Қоқан хандығымен және қырғыздармен арадағы қайшылықтар қарулы қақтығысқа апарып соқты. Қазақстанмен одаққа тек Бұқара ғана келісім берді. Абылайдың мемлекет ішіндегі қызметі анағұрлым табысты болды. Шоқан Уәлиханов: “Абылай хан өкіметін шектеуге тырысып отырған күшті ру басшылары мен сұлтандарды ауыздықтап өзіне бағындырды”, — деп жазды. Сонымен бірге ол билердің беделін толық жая алмады және олардың еркімен санасуға мәжбүр болды. Хан маңындағы неғұрлым ықпалды саяси тұлғалар Қазыбек би мен Бұқар жырау болды. Абылайдың есімі қазақ халқының жадында мәңгі қалды және ұлттық тәуелсіздік үшін, қазақ мемлекетін қалпына келтіру жолындағы күрестің символына айналды. Абылай хан 1781ж. Ташкентте қайтыс болды, ол Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи мешітіне жерленді.
КІШІ ЖҮЗДЕГІ ХАНДЫҚ БИЛІКТІҢ ДАҒДАРЫСЫ ЖӘНЕ С. ДАТҰЛЫ БАСШЫЛЫҒЫМЕН БОЛҒАН КӨТЕРІЛІС
Қазақстардың отарлауға қарсылығы
Соғыс қарсаңындағы қазақ даласы. Абылай хан қайтыс болғаннан кейін орталық өкімет әлсіреп кетті және Кіші жүздің қазақтары өз хандығын құрды, оның басында Қайып сұлтанның ұлы Батыр тұрды. Нұралы ханның және орыс әкімшілігінің билігінде тек шекараға жақын жерде көшіп жүрген қазақтар ғана қалды. Олардың ішінде XVIII ғ. аяғында орыс қаруының көмегімен билік жүргізіп отырған Әбілқайырдың ұрпақтарына қарсы наразылық пісіп-жетіле бастады. 1773-1776жж. қозғалыс кезіндегі сұлтан бастаған жоғарғы топтың сатқындығы туралы Нұралы ханның және оның балаларының орыс әскерлерінің қазақтарға қарсы жазалаушылық іс-әрекеттеріне қатысқанын халық әлі ұмыта қойған жоқ еді. Сондықтан да XVIII ғ. аяғында Батыс Қазақстанда басталған соғыс, қазақ халқының Ресейге қарсы және оның қолшоқпарлары болып отырған Әбілқайырдың ұрпақтарына қарсы ұлт-азаттық соғысы болды.
Соғыс қимылдарының басталуы. Қазақ жасақтарының басында 1773-1776жж. қозғалысқа қатысушы байбақты руынан шыққан Батыр Сырым Датұлы тұрды. 1785ж. қарай оның жасақтарында 6 мыңнан аса адам болды.
Патша үкіметі көтерілісшілер шоғырланған ауданға жазалаушы отрядтар жіберді. 1785ж. ақпанының ортасында Сырым Датұлының жасақтары жазалаушылармен тікелей кездеспеудің амалымен күрестің партизандық тәсілдерін пайдаланды және кішігірім отрядтармен Антонов форпостына (бекінісіне), Сахарный қамалына және т.б. бірқатар бекіністерге шабуыл жасайды. Қарулы қарсылыққа кездеспеген жазалаушы отрядтар бейбіт қазақ ауылдарын тонап қырғынға салды. Бұл жағдай ауыл тұрғындарын қарулы көтеріліске шығуға итермеледі. Сөйтіп, 1785ж. жазында Кіші жүздің негізгі бөлігі соғыс жалынына оранды. Осындай жағдайда, Нұралы ханының билігінің анық дағдарысқа ұшырағанын көріп, патша үкіметі көтеріліске шыққандардың ағамандарымен келіссөздер бастауға кірісті.
1785ж. күзде ағамандар съезі болып өтті, онда патша әкімшілігіне үндеу қабылданды.
Көтерілісшілер мынадай талаптар қойды: қазақтарға Жайық пен Еділ арасындағы жер қайтарып берілсін; Орал казактарының қазақ даласына шапқыншылықтары тоқтатылсын; Нұралы ханның қолынан билік тартып алынсын.
1786ж. сәуірінде Нұралы хан Орынборға қашты, ол маусымда ІІ Екатеринаның жарлығы бойынша өкіметтен тайдырылды, Уфаға жіберілді, ол сол жерде 1790ж. қайтыс болады. Орыс үкіметі қалыптасқан жағдайды даладағы хандық билікті жою үшін пайдаланып қалуға тырысты. Генерал-губернатор Игельстром Кіші жүзді басқарудың жобасын ұсынды, ол бойынша бүкіл территория үш бөлікке бөлініп, оларды билеуші-сұлтандар басқаруға тиіс болды. Оларға шекаралық әкімшілік жолақы төлеп тұрады. Жүзді басқару “Шекаралық соттың” қолына беріледі. Сотқа әкімшілік органдар — “расправалар” бағынады. Алайда басқарудың жаңа жүйесі қолайлы болмай шықты. “Шекаралық сот” билік жүргізе алмады, даладағы бүкіл билік ру ағамандарының қолына жинақталды. Ресей қазақ даласын бақылаудан айрылып қалайын деп отырғанын сезе отырып, хан өкіметін және бұрынғы басқару жүйесін қалпына келтіруге бел буды. Орал казактарының қазақ даласына шапқыншылығы қайта басталды. 1790ж. жазда атаман Донсков 1500 адамнан тұратын отрядымен 225 үйді қиратты, 150 адам өліп, 57 адам тұтқынға әкетілді. Мұндай шапқыншылықтар жиі-жиі болып тұрды. Қазақтардың өзін-өзі қорғауды ұйымдастыруға талпынысы далаға жаңа жазалаушы экспедиция жіберуге сылтау болды.
Соғыстың аяқталуы. 1790ж. күзде қазақтар Семекенің ұлы халық арасында ықпалды Есімді сұлтанды хан жариялады. Патша әкімшілігі бұл сайлауды мойындамай, бұрынғы хан Нұралының інісі Ералының кандидатурасын бекітуге ұсынды. 1791ж. тамызда Ералыны “сайлау” орнына әскер тапсырылды. Осындай жағдайда Кіші жүздің ханы сайланды. Сырым Датұлы Ресейдің жаңа қолшоқпарына қарсы батыл күрес жүргізді. Бұл уақытта ол енді хандық өкіметті жою идеясынан бас тартып, хан билігін шектеп отыратын кеңес құруды жақтады. Есім қайтыс болғаннан кейін әкесі Хиуаны билеп отырған Абылай хан Сұлтан хан тағына отыруға үміттенді. Абылай ханды қолдай отырып, Сырым Хиуамен және Бұқарамен, ал олар арқылы сол кезде Ресеймен соғысып жатқан Түркиямен (1787-1791) белсенді түрде жақындаса бастады.
1792 ж. жазда соғыс қимылдары Кіші жүздің барлық территориясын қамтыды. Сырымның жасақтары бекіністі шекаралық шептік әскери құрылыстарына ғана емес, сондай-ақ көтерілісшілерді сатып кеткен билері мен ағамандар ауылдарына да шабуыл жасап отырды. 1792 ж. күзінде Сырымның Илецк қалашығына жасаған шабуылы сәтсіз аяқталды, осыдан кейін қозғалыс партизан соғысы түрінде жалғасады. Қазақтардың ұсақ жасақтары үкіметтің жазалаушы отрядтарымен күресті. 1794ж. жазда Ералы хан қайтыс болады, патша үкіметі жаңа ханды тағайындауға ұзақ уақыт батылы бармайды. Тек екі жылдан кейін ғана, аз ғана билердің қатысуымен Кіші жүздің ханы болып Нұралы ханның ұлы Есім сұлтан жарияланды. Жаңа хан өзінің отаршылардың адал құлы екенін бірден-ақ көрсетті, ал бірнеше жазалаушы экспедициялар ұйымдастыра отырып, қазақ жасақтарының басшыларын тұтқынға алды.
1797ж. көктемде Сырым жасақтарының бірі хан ауылына шабуыл жасап, оның қорғаушыларын қуып тастады. Есімнің өзі өлтірілді. Осыдан кейін отаршыл әкімшілік көтерілісшілердің бірқатар талаптарына көніп, далада ру шонжарларынан тұратын хан кеңесін құрды.
Кеңестің басшысы Айшуақ сұлтан болды. 1797ж. тамызда Кеңестің бірінші мәжілісі өтті, оған 7 мыңдық жасағымен бірге Сырым да келді. Ресей өкілдері қазақтар жағының шарттарына келіскеннен кейін, Сырым соғыстың аяқталғаны жөнінде және өзінің Кеңестің құрамына кіретіні жөнінде жариялады. Сонымен қазақ халқының тарихындағы тағы бір ірі ұлттық қозғалыс — 14 жылға созылған отаршылыққа қарсы соғыс аяқталды. Оның тарихи маңызы зор болды, өйткені соғыстың нәтижесінде қазақтар Жайық пен Еділ арасындағы жерге қайта қоныстануға мүмкіндік алды, сондай-ақ Орал казактарының қазақ даласына шапқыншылықтары тоқтатылды. Патша үкіметінің даладағы хандық билікті жетілдіруге мәжбүр болуының да айтарлықтай маңызы болды. XVIII ғ. аяғындағы азаттық соғыстардағы төгілген қазақ халқының қаны Ресейдің Қазақстандағы отарлаушылық тәбетін біраз болса да бәсеңдетуге мәжбүр етті.
КІШІ ЖҮЗДЕГІ СОҒЫСТЫҢ БАСТАЛУЫ
1823ж. батыр Жоламан Тіленшіұлы Ресейге соғыс жариялады. Оған сылтау болған жаңа Илецк шебінің салынуы еді. Жайық пен Илецк ауданындағы ең жақсы жерлер қазақтардан тартып алынып казактарға хуторлар салуға берілді. Жоламанның Орынборға бірнеше рет хат жазуы еш нәтиже бермеді. Оған қоса, Арынғазы хан мен Кіші жүздің көптеген ағамандары тұтқыннан босатылмады. Оларды азат етуге және бейбіт жолмен жерлерді қайтарудың мүмкін еместігіне көз жеткізген Жоламан Ресейге қарсы соғыс қимылдарын бастайды.
Жоламанның үндеулерін қолдаған Кіші жүз қазақтары шекаралық бекіністер мен билеуші сұлтандардың ауылына шабуылдар жасай бастады. Жазалаушы экспедициялар еш нәтиже бермеді.
ОРТА ЖҮЗДЕГІ СОҒЫСТЫҢ БАСТАЛУЫ
Дәл осы уақытта отаршылдарға қарсы Орта жүздің қазақтары да күреске көтерілді, оларды сұлтан Саржан Қасымұлы басқарды.
Уставтың ережелерін өмірге енгізу үшін және әскери бекіністер тұрғызу үшін далаға екі отряд жіберілді, оның бірін подполковник Броневский, ал екіншісін — подполковник Григоровский басқарды. 1824 ж. орыс үкіметіне адал сұлтандардың белсенді түрде қатысумен Көкшетау және Қарқаралы бекіністері салынып, оларда приказдар (басқармалар) ашылды. Осыдан кейін Солтүстік және Орталық Қазақстанда стихиялы түрде орыстарға қарсы қозғалыс басталды.
Қазақ жасақтарын Саржан сұлтан басқарды, ол қазақ даласынан орыс әскерлерін әкетуді, приказдар мен бекіністерді жоюды талап етіп, он екі жыл бойы орыс отаршыларына және аға сұлтандарға қарсы тынымсыз күрес жүргізді. 1826ж. Саржан жасақтары Қарқаралы приказына жорық ұйымдастырды. Қарқаралыда қоршауда қалғандарға жүзбасы Карбышевтің әскерлері көмекке келді. Саржан шегінуге мәжбүр болды.
1832ж. орыс отрядтары Ақмола бекінісін салып, Ақмола приказын ашты. Сол уақытта жүзбасы Потаниннің отряды Сұлукөл шатқалында Саржанды Қоқан билеушілеріне Ресейге қарсы одақ құру туралы ұсыныспен баруға итермеледі. Ташкент билеушісі — құсбегі бұл ұсынысты қабыл алды. 1834ж. біріккен әскер Ұлытау ауданын алып, Қорған бекінісін салды, алайда генерал Броневскийдің отряды Ташкенттіктерді талқандап, Саржанды Орталық Қазақстан территориясынан кетуге мәжбүр етті. 1836ж. Ташкент құсбегісі Саржанның Оңтүстік Қазақстандағы күшейіп отырған ықпалынан қорқып оны бауырлары Есенгелдіні Ержанмен бірге озбырлықпен өлтірді.
ЕСЕТ БАТЫР ЖӘНЕ ЖАНҚОЖА НҰРМҰХАМЕДҰЛЫ КӨТЕРІЛІСІ
50-жылдардың ортасы — 60 жылдардың басында қазақтардың отаршылдыққа қарсы соғысы жаңа күшпен лап ете түсті. Арал маңы ауданында қазақ жасақтарына Есет батыр, Сырдарияның төменгі ағысы ауданында — Жанқожа Нұрмұхамедұлы басшылық етті. Біріккен қоқан-қазақ әскери Жетісудағы орыстарға қарсы белсенді соғыс қимылдарын қайта жүргізді.
1853ж. мамырда орыс әскерлерінің Ақмешітке жорық жасауына байланысты және жүк пен әскерді Сырдарияға жеткізуге байланысты қазақтардың түйелері тәркілене бастады. Отаршыл өкіметтің бұл әрекеттері шекті руының қазақтарының Есет батырдың жетекшілігімен көтеріліске шығуына түрткі болды. 1854ж. 3 ақпанда қазақтарға қарсы барон Крангельдің отряды жіберілді, алайда ол табысқа жетпеді.
1855ж. қазақ даласына Қырым соғысындағы жеңіліс туралы хабар жетті, сөйтіп орыстарға қарсы қозғалыс күшейе түсті. Маусымда Есет жасақтары билеуші сұлтан Жанторының әскерлерін талқандады, сұлтанның өзі өлтірілді, онымен еріп жүрген казак отряды шекаралық шепке шегінін кетті.
Қазақтармен күресуге шамасы жетпейтінін білген отаршылдар өкіметі жекелеген ағамандар мен сұлтандарды сатып ала бастады, орыстарға қарсы қозғалысты бөлшектеуге тырысып, қазақ руларының арасына ірткі сала бастады. Сонымен, бір мезгілде қазақ ауылдарын аяусыз тонаушылыққа ұшыратқан жазалаушы экспедициялар ұйымдастырылды. Әсіресе Михайловтың, Кузьминский және Дерышевтің отрядтары аса қатыгездікпен әрекет етті. 1856ж. жазда қоныстарға тағы да жазалаушы экспедиция лап қойды. 1858ж. қыркүйекте Саян мекенінде Есеттің жасағы біржола жеңілді, ал оның тірі қалғандары Жанқожа батырға барып қосылды.
Кенесары ханның серіктерінің бірі — Жанқожа Нұрмұхамедұлы бастапқыда Ресеймен күресті тоқтатқан еді. Алайда Сырдарияның төменгі ағысына бекіністер салынғаннан кейін және казактардың отарлауы басталуымен, қарт батыр орыс әскерлеріне қарсы соғыс қимылдарын қайта бастады. 1856ж. желтоқсанында Жанқожа батырдың жасағында Ресейдің отаршыл саясатына наразы 1500 қазақ болды. Желтоқсанның аяғында қазақтар Қазалы фортын қоршауға алып, Хиуамен және Есет батыр жасақтарымен бірлесіп қимылдау жөнінде келіссөздер бастады.
1856ж. желтоқсанда Ақмешіттен генерал-майор Фитингофт бастаған жазалаушы экспедиция шықты 1856ж. қаңтарда өткен шешуші шайқасты қазақтар жеңіліске ұшырап, Хиуа хандығының территориясына шегінуге мәжбүр болды.
ҚАЗАҚ ЖАСАҚТАРЫНЫҢ КЕНЕСАРЫ ҚАСЫМҰЛЫНЫҢ БАСШЫЛЫҒЫМЕН БІРІКТІРІЛУІ ЖӘНЕ ҚАЗАҚ ХАНДЫҒЫНЫҢ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛУІ (1837—1841жж.)
Саржанның қайтыс болуы қазақтардың ұлт-азаттық қозғалысын аз ғана уақытқа тоқтатты. 1837ж. жазында-ақ Саржанның інісі Кенесары басқарған жаңа, анағұрлым қуатты қозғалыс басталды.
Кенесарының өзі отаршыл өкімет тарапынан әлденеше рет қуғынға ұшырайды. Кенесары бастапқыда өз әкесі Қасымның, ал кейін ағасы Саржанның басшылығы астында шайқасады. 23 жасар Кенесарының Саржан жасағының қатарында болғаны туралы мәлімет 1825 жылға жатады. Қазақ жасақтарының жетекшісі ретінде ол тек өз әкесі мен ағасының өлімінен кейін ғана белгілі болды.
Ұлт-азаттық қозғалысын басқара отырып, Кенесары, “бір діндегі” ортаазиялық хандықтардан сүйеніш іздеген өз ағайындарының саясатынан бас тартады. Ол екі майданда — патшалық Ресейге қарсы және ортаазиялық хандықтарға соның ішінде ең алдымен, қазақ халқының бір бөлігін езіп — жаншып отырған Қоқанға қарсы күрес жүргізуге бел буады. Тікелей қарулы көтеріліске шықпас бұрын, Орта жүз жерлеріндегі басқару жүйесін Сібір өкіметіне жолданған хаттар арқылы алып тастауға әрекет жасалды, бірақ бұл хаттарға еш жауап қайтарылмады.
1837ж. көктемде Кенесары аз ғана жасақпен Ақмола округінің территориясына келеді. Қазақтар жаппай оның туының астына жиналып жатты. Жекелеген жасақтардың Кенесарының жақын туыстары — Наурызбай, Әбілғазы, Әлжан, Бопай-Ханым және қара халықтан шыққан батырлар — Ағыбай, Жанайдар, Иман Дулатұлы, Жоламан Тіленшіұлы, Бұқарбайлар басқарды. Оған қоса, Кенесары жасақтарында көптеген қашқын орыс солдаттары, айдаудағы поляктар, башқұрттар да болды. Башқұрттар мен орыстар зеңбіректер соғып, қару-жарақ жасады, қазақ жауынгерлерін жаяу жүріп соғысуға үйретті. Қаңғып жүрген орыс солдатының бірі (аты-жөні белгісіз) Кенесарының жеке хатшысы қызметін атқарды. Бұған қоса, алғашқы кезеңде орысқа қызмет етіп жүрген сұлтандар мен билердің бір бөлігі, кейбірі өз мүдделерін көздеп, кейбірі Кенесарыдан қорыққанынан оған келіп қосылды.
ҚАЗАҚ ӘСКЕРІНІҢ ТАБЫСТАРЫ
1837ж. жазда Чириковтың жазалаушы отряды талқандалды, сөйтіп Ақмола, Көкшетау, Қарқаралы және Баянауыл округтері Кенесарының билігіне қарады. Көктемде ол Батыс-сібір губернаторы Горчаковқа Ресей өкіметінің саясатына қарсы арнайы наразылық хатпен елшілік жібереді.
Өз хатында Кенесары қазақ жерлеріндегі бекініс пункттерін жоюды, тартып алынған жайылымдарды қайтаруды талап етті. Егер бұл талаптар орындалмаса соғысты ары қарай жалғастыра беремін”, – деді. Сұлтан өкілдері хатты Горчаковқа табыс ете алмады. Омбыға бара жатқан жолда олар қолға түсіп, сотқа тапсырылды. Ресеймен арадағы келіссөздердің үзілуі, Кенесарыны белсенді әрекеттерді қайта бастауға мәжбүр етті.
ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІНІҢ ҚАЛПЫНА КЕЛТІРІЛУІ
1840 ж. бастап қазақ мемлекетілігінің қайта тууымен байланысты азаттық соғысының жаңа кезеңі басталады. Қазақ руларының кеңесі 1841ж. қыркүйекте Кенесарыны қалпына келтірілген қазақ мемлекетінің ханы етіп сайлауымен аяқталды. Кенесары хан өкіметті орталықтандыруды күшейту және күресті одан әрі жалғастыру үшін қажет берік тіл жасауға бағытталған бірқатар әкімшілік және сот реформаларын жүргізді. Ханның жанында хан кеңесі жұмыс істеді, оған ханның жақын серіктері кірді. Салық жинауға, әскери дайындыққа және дипломатиялық (елшілік) істерге жауап беретін мекемелер ұйымдастырылды.
Ханның ерекше көмекшілері — жасауылдар әр түрлі руларға бекітіліп берілді және хан бұйрықтарының орындалуын қадағалауға тиіс болды. Тек Кенесарыдан рұқсат алған билер ғана сот жүргізе алды. Хандықтың барлық көшпелі “ұшұр” салығы белгіленді. Кенесарыға бағынған қазақ рулары орыс және қоқан қазынасына өтелетін салықтан босатылды. Хан өз армиясын да реформалады. Оның тұсында қазақтарда артиллерия пайда болды, қазақтар жаяу жүріп соғысуды игере бастады. Тұтқынға түскен және қашқын солдаттар мен офицерлерден Кенесары орыс тактикасының негіздерін үйренді. Ол бірінші болып ерекшелік белгісін және ерекше түскен жауынгерлерді марапаттау жүйесін енгізді. Хан 20 мың адамнан тұратын тәртіпті, жақсы үйретілген, жұмылған атты әскер құра алды.
1841-1844 жж. СОҒЫС ҚИМЫЛДАРЫ
Ресеймен арадағы күрестегі қысқа ғана үзілісті пайдаланып Кенесары Ұлы жүздің руларын азат ету үшін Қоқанмен соғысқа кірісті. 1841ж. қыркүйекте оның әскерлері Созақ, Жаңақорған, Жүлек және Ақмешіт қалаларын алды. Алайда 1842 ж. орыс үкіметімен болған уақытша бітім бұзылды. Сотанков басқорған Сібір отряды Кенесары ауылдарына шабуыл жасап, қыруар мал мен тұтқындарды айдап әкетті, тұтқындардың арасында Кенесарының әйелі де бар еді.
Даладағы соғыс қимылдары 1843ж. тамызда қайта басталды. Подполковник Бизановтың басшылығындағы 5000 адамдық отряд Сахарный бекінісінен, басқа отрядтар Омбы, Петропавл және Қарқаралы бекіністерінен соғысқа шықты. Тобыл өзені жағынан патша өкіметіне берілген қазақтардан тұратын сұлтан Ахмет Жантөріннің отряды шықты. Епті айла-тәсілдерімен Кенесары ұрыстарда Бизановтың отрядын әбден қалжыратты, сөйтіп оны 1843ж. Орскіге шегінуге мәжбүр етті. Қалған отрядтар да күзгі суықтың басталуымен даланы тастап бекіністерге оралуға мәжбүр болды.
1845ж. күзде орыс әскерлері мен патша өкіметіне берілген аға сұлтандардың жасақтары Кенесары ауылдарына жаңадан шабуыл бастады. Көп шығынға ұшырай отырып, қазақтар Торғай даласын тастап, Сарысу мен Шу өзендерінің ауданына шегінуге мәжбүр болды.
Оңтүстікке шегіне отырып, хан орыс әскерлерімен күресті тоқтатпады, алайда негізгі күштер Қоқанмен соғысқа жіберілді. Батыр Жанқожа Нұрмұхамедұлымен біріге отырып, Кенесары Қоқан өкіметінің қол астындағы қазақ руларын азат ете бастады. Бұқара мен Қоқанның одағы және генерал-майор Вишневскийдің “жазалаушы отряды” 1846ж. басында Кенесарының шегініп, Іле сағасындағы Қамал түбегіне бекінуіне мәжбүр етті. 1846ж. қыста Кенесары жасақтары Іле өзенімен Алатау мақайындайы Ұлы жүздің қоныстарына келді. Кенесары қырғыз манаптарын Ресей мен Қоқанға қарсы бірігіп күресуге шақырды. Алайда манат Ормон басқарған қырғыздар оның ұсынысын қабылдамады, және Кенесарыға қараған ауылдарға шапқыншылық жорықтар бастады. Ішкі майданда бірдей — Қоқан әскерлеріне, қырғыздарға және Жетісуда әрекет етіп жатқан Жемчужников отрядына қарсы ауыл соғысы басталды.
КЕНЕСАРЫНЫҢ ОПАТ БОЛУЫ
1846-1847жж. аралығында Кенесары бүкіл Ұлы жүз қазақтарының күшін біріктіріп, Маркс бекінісін алды, Шу өзенінде бекініс тұрғыза бастады. 1846 ж. күзде қырғыздармен уақытша бітім жасалды, алайда көп ұзамай қоқандықтардың арандатуымен қырғыздар қазақ батыры Саурықты өлтірді, сөйтіп соғыс қайта басталды.
1847ж. Кенесары жасақтары қырғыз жерлеріне кірді. Бұл жерде қазақ әскерлері орасан зор қиындықтарға кездесті. Жергілікті халықтың дұшпандық қатынасы, қырғыздардың, қоқандықтармен орыс отрядтарының бірлескен қимылдары қазақтардың жеңілісін алдын ала анықтап берді. Кенесарының соңғы шайқасы Бішкекке жақын жердегі Кекілі тауларында болды. Қазақтарды қоқан және қырғыз жасақтары қоршап алды, ұрыста ханның інісі — Наурызбай батыр қаза тапты, Кенесарының өзі тұтқынға түсіп қалды. Дарға асылар алдында ол қырғыз манаптарын араздықты қойып, ортақ жаумен күресу үшін күштерді біріктіруге шақырды, алайда бұл жолы да манаптар оның ұсынысын қабыл алмады.
Батыс-Сібір генерал-губернаторы Горчаков соғыста көзге түскен барлық қырғыздарды марапаттады, ал Кенесарыны өлтірген манап Қалиғұлы Әлібекұлына алғыс беріп, күміс медальмен марапаттады. Шайқастарда қаза болған қазақ жігіттерінің бастары Қоқан ханына сый ретінде жіберілді. Ханның кегін алу үшін Ұлы жүз қазақтары Қырғызстанға бір қатар жорықтар жасады және бірнеше манаптар аяусыз жазаланды.
БӨКЕЙ ХАНДЫҒЫНДАҒЫ ҚАЗАҚТАРДЫҢ КӨТЕРІЛІСІ
Патша шенеуніктерінің және олардың итаршылары — Жәңгірхан туыстарының үздіксіз көрсеткен қысымы Бөкей хандығы қазақтарының стихиялы наразылығының күшеюіне алып келді, бұл наразылық 1837ж. қарулы көтеріліске ұласты, оны батырлар — Исатай Тайманұлы, Махамбет Өтемісұлы және сұлтан Қайыпқали Есімұлы басқарды.
Көтерілісшілердің бірнеше жасақтардан тұратын ірі күші Жолай хан шенеуніктерінің үйлерін қирата отырып Жәңгір ордасына жақындап қалды. Күзде Хан ордасын қоршау басталды. Орыс бекіністерінен, Астрахань, Орал және Орынбордан көтерілісті басу үшін әскер шықты. 30 қазанда Исатай қоршауды алып, шегінуге мәжбүр болды. Алайда ол ізіне түскен орыс әскерлерінен құтылып кете алмады. 15 қазанда Тас төбе шатқалында жазалаушылармен шайқас болып, ол қазақтардың жеңілісімен аяқталды.
Желтоқсанда Исатай мен Махамбет аз ғана жасақпен шекаралық шепті бұзып өтіп, Кіші жүз жеріне кетіп қалды. Жоламанмен және Қайыпқалимен байланыса отырып, олар жаңадан әскер жинай бастады. 1838ж. Кіші жүздің мәслихатында Хиуамен одақ құрып, Ресейге қарсы “ғазауат” соғысын жариялауға шешім қабылданды. 1838ж. аяғына қарай қазақ жасақтарының саны 2 мыңдай адамнан тұрды.
Қайыпқали, Исатай және Махамбеттердің әскери дайындықтарына үлкен мән бере отырып, олардың Кенесарымен бірігуінен қорқып, патша үкіметі подполковник Геке басқарған арнайы әскер жасақтады. Соңғы шайқас Илецк қорғанысы ауданында өтті. Қайыпқали сұлтан құғыншылардан қашып кете алды, ал Исатай қаза тапты. Осыдан кейін көпшілік батырлар Жоламан мен Кенесарыға қосылды, ал Махамбет Хиуаға барып, сол жерде Қайыпқалимен бірге Бөкей хандығында жаңа көтеріліс дайындай бастады.
Сонымен, 1824—1837жж. алғашқы кезеңінде халықтың азаттық соғысы оқшау әскери көтерілістер сипатында болды. Кіші жүздегі мұндай көтерілістерді Жоламан Тіленшіұлы, Бөкей хандығында — Исатай мен Махамбет, Орта жүзде — сұлтан Саржан Қасымұлы басқарды. Тек қозғалыс басшылығына сұлтан Кенесары Қасымұлы келгеннен кейін ғана қазақтардың бөлшектенген күштері біріктіріледі, соғыс жаңа кезеңге өтті.
ШАРУАЛАРДЫҢ ҚОНЫС АУДАРУЫ
Орыс және украин шаруаларын Қазақстанға көшіруге дайындық. Қазақстанды жаулап алудың аяқталуы Ресейдегі ХІХғ. ортасындағы буржуазиялық реформалармен сәйкес келді. Крепостниктік құқықтың жойылуы аграрлық мәселені шешіп бере алған жоқ. Шаруа наразылықтары жалғасып жатты. Осындай жағдайда үкімет шаруалардың революциялық қозғалыстан алып кету үшін бірқатар шаралар қабылдады. Шаруаларды шет аймаққа көшіру Ресейдің орталық губернияларындағы жер тапшылығы мәселесін ғана шешіп қойған жоқ, ол сондай-ақ бұл шаруаларды жаңа жердегі үкімет, тірегіне айналдырды. Сондықтан да үкімет ХІХғ. 60-жылдарының ортасынан бастап әскери-казактарды қоныс аударудан жаппай қоныс аударуға көшірді. Жергілікті жерлерде қазақ даласын отарлап, орыс шаруаларын қоныстандыру ісі бойынша әзірліктер шаралары жүргізілді. Жетісу облысының әскери губернаторы Колпаковскийдің ұсынысымен 1863ж. бастап “Жетісудағы шаруа қоныс аударулары туралы уақытша ережелер” жасалып, ол 1883ж. дейін әрекет етті. “Уақытша ережелер” бойынша қоныс аударушылар салықтар мен міндеткерліктерден бес жылға босатылды, ал кейінгі бесжылдықта оны жартылай мөлшерде төлейтін болды.
“Ауыл тұрғындары мен мещандардың қазына жеріне ерікті түрде қоныс аударуы туралы, және бұрынғырақ қоныс аударған аталған сословиелерге жататын адамдарды есепке алу тәртібі туралы” 1889ж. 13 шілдеде қабылданған арнайы ереже ішкі істер және мемлекеттік мүлік министрліктерінің тек алдын ала рұқсатымен қоныс аударуды талап етті. Үлестердің мөлшерін жергілікті өкімет белгіледі.
ХІХ ғ. АЯҒЫНДАҒЫ ҚОНЫС АУДАРУ ҚОЗҒАЛЫСЫ
Самодержавиенің аграрлық саясатын жүзеге асырушылардың бірі Сібір темір жолы комитеті болды. 1891ж. салына бастаған Транс-сібір темір жол магистралі Солтүстік Қазақстанмен өтуге тиіс болды. “Сібір темір жолы” ерекше комитеті Ақмоланың 3 уезіне 160 мың шаруаны қоныстандыру үшін 2241503 десятина жер бөлді.
ХІХ ғ. 90 жылдарының ортасынан бастап Сібір мен Қазақстанға қарқынды түрде қоныс аудару басталды. Артық жерлерді іздеп тауып, оны “қоныс аудару қорына” жазғызу үшін белгілі Қазақстанды зерттеуші Ф.Щербинаның басқаруымен арнайы экспедиция ұйымдастырылды. 1896-1902 жж. Торғай, Ақмола, Семей облыстарының 12 уезі зерттелді. Жиналған материалдардың негізінде қазақ тұрғындардың барлық жерінің жартысы тартып алынды.
Крепостниктік құқық жойылғаннан кейін Қазақ даласы мен Сібірге орталық губерниялардан стихиялы түрде қоныс аудару қозғалысы басталды. Шаруалар отарлауы Қазақстанның барлық дерлік облыстарын қамтиды, мыңдаған орыс қоныстары пайда болды. Мысалы, 1897 ж. санақтық мәліметі бойынша, Ақмола облысында орыс тұрғындардың саны 33 пайызға жетті. 90-жылдары Солтүстік Қазақстанда қоныстандыру үшін жер “тапшылығы” байқалды. Көшіп келген шаруаларды жермен қамтамасыз ету үшін үкімет “қоныс аударушылардың жер қорын” құрды. Оны құру үшін жергілікті халықтан егіншілікпен айналысуға қолайлы орасан зор жер массивтері тартып алынды.
Ресейдің Оңтүстік Қазақстанды жаулап алуынан кейін шаруалар Қазақстанның оңтүстік аудандарына да қоныс аудара бастады. 1882 ж. 14 мыңдай шаруа қоныс аударып, 5 уезд және 80 елді мекен құрылды.
Шаруа отарлауы сондай-ақ Сырдария облысын да қамтиды (ең алдымен, Шымкент, Ташкент және Әулие-Ата уездерін). ХІХ ғ. аяғында 2,5 мың отбасы тұрған 40 жаңа қала типті елді мекендер құрылды. Ресейдегі 1891 жылғы аштық Қазақстанға қоныс аударушылардың ерекше ағылып келуін туғызды. Қоныс аудару масштабының аса ауқымды болғандылығы соншалық, патша үкіметі оны шектеуге мәжбүр болды.
Патша өкіметінің қоныс аудару саясатының нәтижесінде негізгі құнарлы жерлер орыс шаруаларына беріліп, ал қазақтар шөлді, жарамсыз жерлерге қуылды. Қазақстанның демографиялық бейнесі өзгерді. 1897ж. жаппай халық санағының мәліметтеріне сәйкес, Қазақстандағы қазақтардың үлес салмағы 87,1 пайызға қысқарып қалды. Қазақстанда өмір сүріп жатқан 4471,8 мың халықтың қазақтар 3399,5, орыстар мен украиндықтар — 532,7, татарлар — 55,4, өзбектер — 73,5, ұйғырлар — 56 мыңын құрады. Қоныс аударушылар негізінен стратегиялық аймақтарда қоныс тепті және оқпен ататын қарумен қаруланды. Сонымен, олар Ресейдің әскери агрессивті сыртқы және әскери-феодалдық ішкі саясатына қызмет етті.
ҰЙҒЫРЛАР МЕН ДҰНҒАНДАРДЫҢ ЖЕТІСУҒА ҚОНЫС АУДАРУЫ
Іле өлкесін жаулап алуы
60-жылдардың аяғында Қытайдың Іле өлкесінде, Ресей шекарасында Қытайдың отаршылдық саясатына қарсы көтеріліс басталды. Патша үкіметі бұл жағдайды жаңа отарлық басып алулар үшін пайдаланып қалуға тырысты. 1869 ж. дейін ол Іле өлкесіндегі оқиғаларға қатысты соңын күту позициясын ұстанды, алайда 1871ж. оның территориясына қарулы шабуыл жасады. Басып кіруге сылтау болған, біріншіден, Мұзарт асуының оңтүстік баурайымен Үрүмші қаласындағы дұнған хандығының орталығын әскерімен басып алған Якуббектің әрекеті еді. Екіншіден, шекара маңы аудандарындағы соғыс қимылдары сауда қатынастарын дамытуға кедергі келтірді. Үшіншіден, дұнғандар мен ұйғырлардың көтерілістері орыс иеліктеріндегі қазақ халқы мен қырғыздардың арасында наразылық толқулардың дамуына ықпал етті. Осы ойларды басшылыққа ала отырып, патша үкіметі Жоңғария мен Қашғария арасындағы Құлжа өлкесін басып алуды шешті. Осы өлкедегі іске араласу туралы шешім 1871ж. 10 ақпанда және 2 мамырда болған кеңестерде қабылданды.
Ұйғырлар мен дұнғандардың Қазақстанға қоныстануы
1881ж. 24 ақпанда Петербург келісімі жасалды, оның үшінші бабында: “Іле өлкесінің халқына қазір тұрып жатқан жерінде қалуға немесе Ресей шегіне өтіп, Ресей азаматтығын алуға құқық беріледі. Олар бұның жауабын Іле өлкесінде Қытай өкіметі қайта орнағанға дейін беру керек. Ресейге қоныс аударуға тілек білдіргендерге, көшу үшін өлкеде Қытай өкіметі орнаған күнінен бастап бір жыл уақыт беріледі. Қытай өкіметі олардың көшуіне және олардың қозғалмалы мүлкін өзінен бірге әкетуіне еш кедергі келтірмейді”, — делінді. Ұйғыр және дұнған шаруаларын Ресейге көшіре отырып, Ресей үкіметі екі мақсатты көздеді: біріншіден Қытайдың Құлжадағы экономикалық негізін әлсірету, екіншіден, қоныс аударушыларды Қытайға қарсы әскери күш ретінде пайдалану. Ұйғырлар, өз кезегінде көтеріліске қатысқаны үшін қытай өкіметі тарапынан болатын қуғын—сүргіннен қорыққаны себепті қоныс аударуға мүделлі болды.
Ұйғырлардың негізгі бұқарасын Шелек, Іле және Түрген өзендерінің жағалауындағы суғарылмайтын жерлерге қоныстандыру ұйғарылды. 1882 ж. аяғына қарай Жетісуда 5 мың ұйғыр және дұнған отбасылары болды. Мамырдың аяғында бұл жерде қоныс аударушылардың 6549 отбасын орнығып алды. 1882 ж. жазда егін ору науқанына байланысты қоныс аудару уақытша тоқтап қалған еді, күзде ол қайта жалғасты. Ұйғырлардың қоныс аударуы, негізінен, 1883ж. көктемде аяқталды. Алайда, жекелеген топтар жаңа қонысқа келуі 1884ж. басына дейін созылды. Бұл уақытта Жетісуда барлығы 453773 адамнан тұратын 9572 ұйғыр отбасы, ал Іле өлкесінде 2665 отбасы ғана қалды.
Жаңадан құрылған болыстардың басында Іле өлкесінде-ақ сайланып қойған болыс басқармалары тұрды. Ақсақалдар, қазылар, дінбасылар да өзінің бұрынғы қызметін сақтады. Қоныс аударушы ұйғырлар жаңа жерде көптеген қиыншылықтарға кездесті. Тұрғын үй болмады, жер кепелерде, күркелерде тұруға мәжбүр болды. Құрылысқа қажет ағаш өте қымбат болды, әрі жетіспеді. Сондықтан да жаңа жерге көше отырып, ұйғырлар бұрынғы үйлерін бұзып, ағашын Іле өзені арқылы салдар түрінде жіберіп отырды. 1882-1888ж. Жетісуға көшіп келген ұйғырлардың жартысынан азы ғана үймен қамтамасыз етілді. Қоныс аудару процесі ұйғырлардың негізгі бұқарасының шаруашылығына үлкен өзгерістер енгізді. Олар өңделген жерін, бау-бақша, үйлерін ғана емес, сондай-ақ малының да бір бөлігін қалдырып кетті. Олардың көпшілігінің өз отбасын қамтамасыз ететіндей мөлшерде ауыл шаруашылығы өнімдері өндіруді тез арада жолға қоюға мүмкіндігі болмады.
Жаңа жерлерге қоныстана отырып, ұйғыр және дұнған шаруалары ауыр салық қыспағына түсті, қарыздарын қайтаруға ақшасы бар көптеген қоныс аударушылар 1883ж. Құлжаға қайта қаша бастады. Орыс үкіметі өз мақсатына жете алған жоқ. Жетісудың ұйғырлары үкіметтің өлкедегі әскери тірегі бола алмады.
ЖАППАЙ ҚОНЫС АУДАРУДЫҢ КҮШЕЮІ
Қазақстанның ауыл шаруашылығында капитализмнің дамуы қазақтардың көшпелі мал шаруашылығына барынша зиян келтірді. Орталық губерниялардан ұлттық шет аймақтарға шаруаларды қоныс аудару жаңа ауқым алды.
Патша үкіметі 1889 ж. шілдеде селолық адамдар мен мещандарды қазыналық жерлерге өз еріктерімен қоныс аудару туралы және осы топтың адамдарын “бұрынғы уақыттары қоныс аударғандар” қатарына жатқызу тәртібі туралы арнайы ереже жасап бекітті. Ережеде Томск және Тобыл губернияларындағы, сондай-ақ Жетісу, Ақмола және Семей облыстарындағы олардың көшіп баратын жерлері нақты айқындалды. 1893ж. “Уақытша тәртібі”, 1889 ж. ереженің жекелеген статьяларын нақтылай түсті. Мысалы, жан басына 15 десятина мөлшерінде жер кесіліп берілген бұрынғы қоныс аударғандардың мүдделері ескерілді. Шаруаларды қазақ өлкесіне қоныс аудару көшпелі қазақтардың жерлерін тартып алу есебінен жүргізілді. Тек 1885 ж. 1893 ж. дейінгі аралықта ғана Ақмола облысының ежелгі тұрғын халқының пайдалануынан 251779 десятина жер тартып алынып, 10940 жан ерлер – халқы бар 24 қоныс аударғандар учаскелері құрылды. Ал Семей облысында осы аралықта қазақ шаруаларының 33064 десятина егін салатын жерлері тартып алынды. Қоныс аударушылардың үлкен ағыны, әсіресе Жетісу облысына келіп жатты. 12 жыл ішінде (1868-1880 жж.) мұнда 3324 жанұя көшіп келді, солардан 2099 жанұя селендер құрды, ал 1225 жанұя қалаларда орналасып қалды.
1901ж. патша үкіметі қазына жерін жеке адамдарға беру туралы заң шығарды. Қазына жерінің қатарына 1866-1867жж. реформа кезінде мемлекеттік меншік болып жарияланған қазақ жерлері де кірді. 1904 ж. Ресей орталығынан шеткері аймақтарға шаруаларды қоныс аударудың барлық істерімен айналысатын қоныс аудару басқармасы құрылды.
1904ж. 6 маусымда патша үкіметі “Село тұрғындары мен егінші-мещандардың ерікті түрде қоныс аударуы туралы” заң шығарды. Қоныс аудару басқармасы қазақтардың жерін тартып алып, қоныс аудару қорын толықтырып отырды. Алайда қоныс аударушылардың негізгі толқыны қазақ жерлеріне 1905-1907жж. орыс революциясы жылдары қаптап келді.
СТОЛЫПИН РЕФОРМАСЫ
Бірінші орыс революциясының негізгі міндеттерінің бірі елдегі жер мәселесін шешу еді. Революция жеңіліп қалғаннан кейін, патша өкіметі бұл мәселені реформалар арқылы шешпек болды, яғни билік пен жерді помещиктердің қолында қалдыра отырып, аграрлық қатынастардағы дағдарыстың себептерін жоюға тырысты.
Аграрлық мәселедегі реформалардың авторы патша үкіметінің ауыл шаруашылық министрі П.Столыпин болды. Реформалар село қауымын жойып, деревняда меншікшілердің әлеуметтік тобын қалыптастыруға бағытталды. Алайда помещиктік жер иеленудің сақталуы жағдайында шаруаларға берілетін жаңа жерлер туралы мәселе тұрды. Осыған байланысты орыс және украин шаруаларын Қазақстан жеріне қоныс аударудың жаңа кезеңі басталды.
ХХғ. басында патшаның Ресейдің ішкі губернияларынан шаруалардың қазақ даласына қоныс аударуы кең ауқым алды. Мысалы, 1906-1912 жж. Ақмола, Торғай, Орал және Семей облыстарына 430 мыңнан аса Қожалық көшіп келді.
Жылдар Қожалықтар
- 25100
- 81300
- 80159
- 67097
- 41077
Столыпинге Қазақстандағы “артық” жерлер туралы мәліметтер қажет болды. “Бос жатқан жерлерді” анықтау үшін қазақ шаруашылығын зерттеу жүргізілді. Патша үкіметі мен қоныс аударушылардың қаптап кетуі қамшылаған санақшылар мен жер бөлушілер отарлаушылық мақсаттарды көздей отырып, жергілікті халықтан артық жер ретінде қазақ шаруашылығының қажеттіліктеріне назар аудармай, оның ерекшеліктерін түсінбей-ақ, ең тәуір жерлерді тартып алып жатты. Ресейдің Орталық губернияларынан шаруалардың Қазақстан территориясына жаппай қоныс аударуы орасан зор құнарлы жер учаскелері шаруаларға беріліп, ал қазақтар Орталық және Оңтүстік Қазақстанның шөл және шөлейт жерлеріне ығыстырылды, халықтың кейбір бөлігі өз отанын тастап көрші елдерге көшіп кетуге мәжбүр болды.
1906-1912 жж. П.А.Скрыплев және П.П. Румянцев басқарған санақ экспедициясы Сырдария және Жетісу облыстарындағы қазақ қожалықтарын зерттеді. Экспедицияның материалдары Ташкентте 1908-1913жж. 8 том болып жарық көрді. 1904-1907жж. П.А.Хворостинский, В.К.Кузнецов және А.В.Переплетчиковтер басқарған осындай экспедиция Торғай, Ақмола, Семей облыстарында статистикалық зерттеу жүргізді. Оның материалдары 13 том болып 1909-1913жж. жарияланды.
1907-1912жж. статистикалық экспедициялардың мәліметтеріне сүйене отырып, Ресей үкіметі қазақтардың жерлерін жаппай тартып алуды кең ауқымды жүргізді. Қоныс аударушылардың жер қоры күшпен тартып алу жолымен, негізінен, қазақтар игеріп алған, суғару жүйесі бар, ағаштар отырғызылған, құрылыстар салынған жерлерді тартып алу жолымен құрылды. Патша өкіметінің қоныс аудару саясатының нәтижесінде еңбекші қазақ бұқарасы жаппай жерінен айрылып, кедейленіп кетті, отарлық езгі күшейе түсті.
Столыпиннің саясаты, атап айтқанда шаруаларды жаппай қоныс аудару аграрлық дағдарыстың одан сайын өршуіне алып келді.