Табиғи ресурстар арасында орманның халық шаруашылығында және қоршаған ортаны қорғауда алатын орны өте зор. Ол топырақты және оның құнарлы қыртысын жел мен су эрозиясынан қорғайды, көшкін құмдардың жылжуына, желге тосқауыл болады, ауаның ылғалдығын арттырып, топырақта ылғалдың ұзағырақ сақталуына ықпал етеді. Егістің өнімін молайтады, мал шаруашылығының дамуына, аңдар мен құстардың өсіп өнуіне қолайлы жағдай туғызады.
“Орман — жердің көркі” деген қанатты сөз бекер айтылмаған. Себебі, жасыл желектер қоршаған ортаға көрік береді, ауадағы зиянды көмір қышқылын өзінің бойына сіңіреді және адамға, тірі организмдерге қажетті оттегіні қалпына келтіреді, шаң-тозаңдардың, зиянды микробтардың көбеюіне тосқауыл болады. Сонымен бірге, орман – ағаш өндірісінің, аса құнды өсімдік өнімдерінің бірден бір көзі бола отырып, жабайы аң құстардың тұрақты мекені ретінде белгілі. Біздің облыстағы орман қоры жерінің жалпы көлемі 4 млн. 357 мың гектар, оның ішінде орманды жерлер 2 млн. 256 мың гектарды алып жатыр. Облыс ормандары құндылығы жағынан, шөл және шөлейт жерлерде, тау аймақтарында өсетін экологиялық маңызы үлкен, бірінші топтағы ормандар қатарына жатады.
Облыс әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу департаментіне қарасты ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемелекеттік мекемелердің алдына қойылған негізгі міндеттер – ормандарды қорғау, күтіп-баптау, оның қорын молайту және кесілген орман алқаптарын қалпына келтіруге бағытталған мемлекеттік іс-шараларды жүзеге асыру болып табылады. Облыстағы орманмен көмкерілген жерлердің аумағы – 2,25 млн. га, оның ішінде сексеуіл ормандары – 1,13 млн. га, басқа орман ағаштары мен әртүрлі бұталар 1,12 млн.га. болады.
Орман қоры өрттің салдарынан, орманды пайдалану және т.б. атқарылған шаруашылық жұмыстарына байланысты жыл сайын өзгерістерге ұшырап отырады. Барлық облыста өсетін орман ағаштарының ішіндегі халық шаруашылығына маңыздысы – сексеуіл ормандары, олар облыс ормандарының 50 пайыздан астамын құрайды. Сексеуіл ормандары шөл және шөлейт жерлерді көмкеріп, көрік беріп тұруымен бірге, сол жерлерді мекендеп отырған елдің негізгі отын көзі.
Облыста мал шаруашылығын дамыту орман қоры жерлерінің сақталынуына және ұқыпты пайдаланылуына тікелей байланысты. Себебі, малдың жаздық жайылымы таулар, қыстық жайылымы мен бұталы панасы бар құмдар негізінен орман қоры жерлері.
Құм дегенде ойымызға бірден сексеуіл түседі. Ал анығы Мойынқұмның үлкен аумағын төбе құмдар алып жатыр. Бұл жерлер жүзген, қоянсүйек сияқты бұталармен көмкерілген. Сусымалы құмды бекітіп, ұстап тұрған да осы бұталар. Нағыз мал жайылымы да осы жерлер. Сондықтан облыс экономикасының негізгі саласының бірі мал шаруашылығы үшін бұл жерлердің орны мен бағасы бөлек.
Орман шаруашылығы мекемелерінің бірінші міндеті қазіргі кезде осы жерлерді сақтау болып отыр. Себебі мал аяғымен тапталып тез жұтаңдайтын, өртке жиі шалынатын да осы жерлер. Биыл 177,9 мың гектар орман қоры жері өртке оранса, осының 90 пайызы осы төбе құмдар аймағына тиіп отыр. Бұл аймақта жаздың 50-60 градусқа жететін ыстық аптабында өрт өшіру тұрмақ жай жүріп-тұрудың өзі қиын. Шыққан өрттің ырыққа көнбей, өшіру бермей кетуінің бір себебі осында. Ал ең дұрысы, болған өртпен күресу емес, сол өршіген өртті болдырмау. Яғни, бұл жерлер жіті қорғауда болуы керек. Мұның бірінші шарты — орманшы-қорықшыларды өз айналымдарына орналыстыру.
Бүгінгі күні 280 орманшы-қорықшылардың осы аймақтарда үйлерінің болмауынан тек 18 пайызы ғана өз айналымдарында отыр. Қалғандары орман қорына жақын жердегі елді мекендерде орналасқан. Бұлардың айналымдарын қору мүмкіндіктері өте төмен, себебі 10 пайызы ғана мініс көлігімен қамтамасыз етілген. Турасын айтқанда, бүгінгі таңда орманшылардың орманға нәтижелі қоруды жүргізуге жағдайлары жоқ. Енді өрт бола қалған жағдайда, қалай тез өшіріп аламыз, оның үлкен алқапқа таралмауын қалай қамтамасыз етеміз, осыны айқындап алайық.
Өрттің үлкен алқапқа таралып кетпеуіне кедергі болатын, бастапқы орманшылық шара, орманда жол бойларымен қатарластырып өртке қарсы айдаулар жасау. Төбе, сусымалы құмдарда айдалған жолақтарды осылай жасау тиімді әрі пайдалы. Себебі жол, жолақтың енінің артуына мүмкіндік береді. Орман қоры жерінде кем дегенде 20 мың км. жолақтар жасалуы керек, ал іс жүзінде орындалып жүргені 6-7 мың км. болады. Бұл өте жеткіліксіз, әрі жолақтан өрт секіріп өтіп кетпеуі үшін оның ені 8-10 метрден кем болмағаны жөн, ал біздің жасап жүрген жолақтарымыздың ені 3-4 метрден артпайды. Жолақ — өрт тірелетін негізгі кедергі, сондықтан оны сапалы әрі көп жасауға қол жеткізсек, өрттің үлкен алқапты алмайтынына сенімді болуға болады.
Өртті тез өшіру үшін, біріншіден, өрт туралы хабар тез алынуы және өрт болған жерге тез жетуіміз керек. Демек, орман шаруашылығы әкімшілігінің орманшы-қорықшылармен, бекеттермен тұрақты әрі сапалы байланысын орнатып, өрт сөндіру топтарын жүрдек те өткіш автомашиналармен жабдықтаған жөн.
Орман шаруашылықтарында байланыс құралдары 60 дана болса, шын мәнінде керегі 200 дана. Ал қажетті 33 автомашинаның орнына небары 12 автомашина ғана жүріп жүр. Орманды қору, өртті болдырмау, тез өшіру орман шаруашылығы мекемелерінің жауапты міндеті, осымен қатар терең білімді керек ететін жұмыс, ол алынған, кесілген орманды қалпына келтіру, орман қорын молайту.
Президент Н. Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру мақсатында облыстық мәслихатта 2005-2007 жылдарға арналған облыстық “Жасыл – Ел” бағдарламасы қабылданды. Осы бағдарламаға сәйкес орман қоры жерінде 2005 жылы – 5645 га, 2006 жылы 6700 га. жаңа орман алқаптары жасалды, ал 2007 жылы күзде 7100 гектар жерге сексеуіл тұқымын себу жоспарланып отыр. Көктемде Мойынқұмның жиегіне 230 гектар құмның көшуіне, жазда құмнан егіндікке соғатын аңызақ желге тосқауыл болатын жасыл белдеулер отырғызылды.
Атқарылып отырған орманды қалпына келтіру, қорын молайту жұмыстарының көлемі аз. Себебі 1990-шы жылдан 2000-шы жылға дейін елге отын көзі негізінен сексеуіл мен басқа да бұталар болды. Орман шаруашылығы мекемелері тұралап, тиісті деңгейде қору жұмыстарын ұйымдастыра алмады. Осының салдарынан орман ағаштарын рұқсатсыз пайдалану көбейді. Ал орман егу тоқтап қалды. Бұл ормансыз жерлердің көбеюіне әкеп соқтырды. Сол 10 жылда 58550 гектар жердің орманы алынып, тек 26279 гектары қалпына келтірілді.
Қазіргі кезде ауыл тұрғындарының мұқтажына, басқа да сексеуіл отынын пайдаланушылар үшін жылына 7-8 мың гектар жер сындырылады. Мұның үстіне рұқсатсыз сындырылатын жерлер тағы бар. Бұған егілген және ұрығынан себілген орман алқаптарының шықпай қалған жерлерін қосыңыз. Анығын айтқанда алынған жер толық қайта егілмей отыр. Оншақты жылдың ішінде орманды толық қалпына келтіру үшін жылына 13-15 мың гектар жерге орман егілуі керек. Мұндай көлемде жұмыс атқаруға жыл сайын жергілікті бюджеттен тек орман егуге 30-40 млн. теңге бөлінуі тиіс. Қазіргі бөлініп жүрген қаржының көлемі 15-16 млн. теңге болады.
Қазіргі кезде сексеуіл орманының 200-300 гектары ғана көшетпен егіліп, қалған 6000-7000 гектары ұрығынан себіліп жүр. Орманды ұрығынан өсіру табиғаттың өзгерістеріне өте тәуелді, сондықтан 2 жылдың бірінде шығымдылығы төмен болып жатады. Орман өсірудің нәтижесін көтереміз десек, көп жылдық жұмыс тәжірибесі дәлелдегендей, орманды көшетпен өсірген дұрыс. Мұндай жағдайда ағаш тез көтеріліп, ауа райының қолайсыздықтарына төзімді келеді, бірақ бұл жұмыстың бағасы себуден 2-3 есе артық.
Қалай болғанда да жұмыс тез көзге көрініп, тұрақты, нәтижелі болуы үшін біртіндеп орманды көшетпен егіп өсіруге көшу — қажеттілік. Осыны ескеріп орман өсіруге қажет көшетті көптеп өсіруді қолға алып отырмыз. Мекемелер көшетбақтың көлемін 15 гектарға жеткізді, келешекте бір жылда себілетін көлемін 18-20 гектарға жеткіземіз деп жоспарлануда.
Орманды қору, қорғау, егу, себу жұмыстары және көшет өсіру болсын барлығы техниканың күшімен бітеді. Облыстың орман шаруашылығы мекемелері 1986 жылдан бастап жаңа техника алмаған. Тек 2004 жылдан арнайы есепшоттың қаржысына бірлі-жарым техника ала бастадық. Арнайы бекітілген норматив бойынша есептегенде мекемелерде 95 әртүрлі трактор, 21 қору автомашиналары, 130 тіркемелі құрал-саймандар жетіспейді.
Облыс аумағында биыл болған үлкен өрт мәселесі жақында Ауыл шаруашылығы министрлігінің орман және аңшылық шаруашылығы комитетінде қаралды. Өрттің шығуының және үлкен алқапты алуының себептері талданды. Біздің департаменттің тарапынан жіберілген кемшіліктерге баға берілумен бірге, өртпен күресуге техникалық мүмкіндіктің төмендігі аталып өтті. Қазір комитет техника алуға трансферт арқылы қаржы бөлу мәселесімен айналысуда. Бұл облыстың орман шаруашылығы саласы еңбеккерлерінің келешекте қандай жұмыс болмасын табысты атқаратынына сенімділік беріп отыр.
“Жасыл – Ел” бағдарламасына байланысты облыста 2005 жылдан бастап елді мекендердің айналасына орман алқаптары жасалуда. Жыл сайын 250-350 гектар жерге жасыл желектер егіледі. Қаржыны аудандар бөледі. Жұмысты атқаруға ауылдың жұмыссыз адамдары тартылады. Үш жылда 936 гектар орман алқаптары егілді, сақталғаны 645 гектар – 70 пайыз. Бұл жаман көрсеткіш емес. Келесі 2008-2010 жылдары өрелі жұмыс жалғастырылатын болады.
Қандай сала болмасын орындалған жұмыстың сапалы да нәтижелі болуы мамандарға байланысты екені белгілі. 1985-ші жылдан бері облысқа жас мамандардың келмеуінен салада орман шаруашылығы мамандарының саны жыл өткен сайын кеміп барады. Сондықтан мекемелерде орман ағаштарының биологиялық ерекшеліктерін, оны өсірудің жолын білетін мамандар өте аз. Жас мамандардың келмеу себебі жалақы төмен, тұрғын үймен қамтамасыз етілмейді. Бұл республика бойынша қалыптасып отырған жағдай. Ертерек шешілмесе сала жақын арада тұйыққа тіреледі.
Облыстың көптеген елді мекендері жеңіл топырақты құм жиегіне орналасқан. Қазір ауылдық жерде басқа жұмыс болмаған соң ел негізінен мал ұстап күнелтуде. Мал көбейген сайын ол ауылдың маңының шөбін жұтаңдатып, топырағын жалаңаштауда. Жалаңашталған құмды топырақ желмен көтеріліп жолдарды, үйлерді басып қалу қаупі байқала бастады. Мұндай елді мекендердің саны күн санап артып келеді. Мысалы, Үшарал ауылын құм басуына байланысты биыл ауылдың айналасын көгалдандыру жобасы жасалды. Келесі жылдан бастап жоба іске асырыла бастайды. Бұл жұмыстар қыруар қаржы керек етеді. Сондықтан келешекте орынсыз шығын жасамау үшін аудан, ауыл әкімдері бүгіннен бастап осы мәселенің шешу жолдарын қарастырғандары ләзім.
Облыста байқалып отырған тағы бір мәселе, ол гидрографиялық желілер, ашық арналар бойларының сүзілген су әсерінен сортаңдануы және осы желілердің шаңды дауылдардың салдарынан ластануы. Аталған жайсыз құбылыстарды шешудің бірден-бір жолы олардың бойларына ағаш егу. Экономикалық, экологиялық зияны үлкен бұл құбылыстарды жою шаралары да ертерек қолға алынуы керек сияқты.
Облыстың орман шаруашылығы атқарып отырған және келешекте қолға алатын істер тізімі үлкен. “Бітер істің басына, жақсы келер қасына” демекші, аталған мәселелерді шешуге жоғарыдан да, төменнен де жақсы көзқарас болса, облыстың орман шаруашылығының өркендеп, ісінің алға басатынына күмән жоқ.
Орындаған: Ещжанова Гулажар
Тексерген: Жарылғапова Раушан
Алматы 2007.
Жоспар:
- Сексеуіл туралы жалпы түсінік.
- Қазақстан сексеуілі.
- Қортынды.
- Қолданған әдебиеттер.
Қолданған әдебиеттер:
- «Экология» Бажанов Қ.Б.
- « Сексеуіл туралы » Егемен Қазақстан 12.10. 2004 жыл
- « Сексеуілге қауіп бар» Айқын 2007