Шешендік өнер жайлы қысқаша шолу
Ерте заманда шешендік өнер Мысыр, Вавилон, Ассирия, Қытай, Үндістан елдерінде өркендеп дамыған. Алайда, осынау өнердің үзілмес тарихы Көне Грекиядан басталады. Өйткені, шешендік өнер қоғамдық қажеттіліктен туды, құлиеленушілік қоғамда әлеуметтік даму өрістеп, демократияның жандануына жойқын қозғаушы күш ретінде тарих сахнасына шықты. Б.з.д. V ғасырдың екінші жартысында грек-парсы соғысынан кейін, Афинада және оның қоғамдық өмірінде мемлекет істерінде, саясат майданында маңызды факторға айналды. Бұл қасиетті, киелі өнерді ыждаһатпен үйрену әрбір грек азаматының асыл парызы болған. Мінеки, осы уақытта риторика ғылымы шықты. Шешендік өнерге баулитын тәлімгер ұстаз (ритор) мамандығы пайда болды. Ал оратор — латынша orare яғни сөйлеу, ғайыпты болжау деген мағынаны білдіреді.
«Риторика» терминдік атауының әуелгі әрі негізгі мағынасы шешендік өнердің теориясы дегенді береді. Сондай-ақ сыртқы сымбаты сұлу, мағынасы кемшін қызыл тіл дегенді сезіндіретіндігі бар. Филология ғылымында риторика мәнерлі сөйлеудің теориясы деп те табылады. Көне дәуірде шешендік өнерінің көркейіп гүлденуінің екі кезеңі болған. Біріншісі, б.з.д. V-IV ғасырлар, Афина елінде сөзі күннің күркірі мен жалт еткен найзағайындай Периклден бастап даңқты шешен Демосфенге дейінгі уақыт, ал Румде б.з.д. бірінші ғасыр немесе Цицерон заманы.
Атамзаманда адамзаттың рухани болмысының негізгі арналары — риторика мен философия саналған. Әу баста бұл әдебиеттің ми-тамыр жүйесі болып есептелген. Асылы, шешендік өнер және оның теориясы — ұлттық мәдениеттің бөлінбес бөлшегі.
Шешендік өнер мынадай түрлерге жіктеледі:
- Саяси тақырыпта сөйлеу
- Салтанатты мәслихатта сөйлеу
- Сотта сөйлеу
Саяси тақырыптағы шешендік, алдымен, тыңдаушыларды сендіруге ұмтылады. Салтанатты жиындағы шешендік тыңдаушылардың көңілінен шығуға әрекет жасайды. Алдыңғысына тегеурінді күш, соңғысына әсемдік тән. Шынайы шешен салтанатты жиында жақсылық пен жамандықты, сотта әділеттілік пен әділетсіздікті, халық кеңесінде пайдалы мен пайдасыздықты негізге алады. Шешендік өнер үш қайнар бұлақтан нәр алып сусындайды. Біріншісі, табиғи қабілет пен дарын, екіншісі теориялық қисындармен қаруландыру, үшіншісі, тынымсыз, толассыз еңбек, жүйелі жаттығу.
Риториканың, яғни шебер сөйлеудің мәнді, мағыналы элементі мақамдап, мәнерлеп, нақ-нағымен жеткізіп айту шеберлігі болып табылады. Даңқты шешен Демосфен орындау шеберлігін үш мәрте қайталап, шегелеп айтқан. Рум халқында шешендік өнерді құрметтеу — қасиетті іс ретінде қабылданған. Олар қан майданда Отанын қарумен қалай қорғаса, бейбіт өмірде халық мәжілістері мен сенатта суырылып сөйлеу әрқайсысының басты парызы деп санаған. Шешендік біліктілік пен білімнен, қуатты түйсік пен терең сезімнен, санадағы саңлақтық пен ұшқыр қиялдан, тер төгу мен ой тербелісінен туады. Шешендік өнердің теориясының дамуына Дәуірлеу дәуірінің кемеңгерлері Кампанелла мен Томас Мор, Петрарка мен Данте, Рабле мен Шекспир, Сервантес пен Лопе де Вега өнерпаздығы зор әсер етті.
XIX ғ. мен XX ғ. басында Америка мен Европадан П. Лафарг, В. Либкхнехт, Ж. Жорес, Ж. Гед, Г. Экка-Цриус, Э. Джонс, В. Вольф, У. Филиппс, А. Бебель сияқты жалынды шешендер жарқырап шықты. Риторика ғылымы Кембридж, Оксфорд университтерінде (пән бойынша Квинтилиан мен Цицерон еңбектері оқытылған), Америкада XVII ғасырдың I-ші жартысында Гарвард университетінің оқу жоспарларында болған.
Шешендердің ұлы шоғырына, атап айтқанда, Горгий Леонтинский, Фрасимах Холкедонский, Протагор Абдерский, Продик Кеосский, Гипий Элидский, Юлий Цезарь, Демосфен, Цицерон тәрізді санаткерлерді қосуға болады.
Шешен сөйлеу сыры
Шешен сөйлеудің табиғатын тексергенде ең негізгі, ең басты мәселе — сол шешен адамның жаратылысы, табиғи психофизиологиялық қасиеттері, ерекшеліктері, жүйке талшықтарының жүйесі. Әсіресе миға алуан түрлі, сан қилы хабарлар жеткізетін жүйке талшықтарының сезімшіл, қозғаушы, тітіркендіруші қасиеттері, көру, сезу, есту қабілеттері, образдар ассоциациясын тудыру, сыртқы дүние әсерлерін қабылдау — шешен болмысының өзгешеліктерін анықтайтын көрсеткіштер.
Асқақ шешеннің асыл қасиеттері тумысынан болады. Жас баланың еліктегіш болатыны аян. Оның ақыл-ой қабілеті мен сөз сөйлеуінің нақты белгісі айналадағы дыбыстарды қайталауға құрылады. Ол баршасын естиді, һәм қайталайды. Ол естіген дыбыстарын сол қалпында (мәнерімен, айтылу ерекшелігімен) қайта айтады. Қазақ халқының адам баласының небір асыл, мәйек қасиеттері «Ананың сүтінен» деуінің сыры осы. Ол табиғи әрі рухани нәр-қорек. Бесік жырлары жас баланың рухани болмысына лайықталып шығарылған. Келісім мен мағына бір-біріне орайлас. Бұл ретте Ғұмар Қарашевтің бала ананың құрсағында-ақ өз тілінің музыкасын естиді, туған соң дамытады деген лебізі ойға оралады.
Баланың бүлдіршін шағынан ән, күй, жыр, ертегі-аныз естіп өсуі — ең мәнді, қисынды, табиғи құбылыс болып саналады. Шешендік өнерге баулудың бұлжымас шарты осы.
Квинтилиан шешенді тәрбиелеу ісінде балаға сөзді анық, нақ-нағымен сұлу айтатын ұстаз таңдау қажет деген. Тамаша табиғи сипаттарымен тұңғыш рет естіген және әдемі дауыспен оқылған текст оның ойлау қабілетін, іштей сөйлеуін оятады.
Ойлау мен тіл тамырлас. Екеуі де жұмбақтай күрделі құбылыс. Ойды ойдағыдай жеткізу үшін оралымды, икемді тіл қажет. Нағыз шешен қапияда ой тауып немесе ойлап, ойша сөйлеп, лайықты тапқыр тілмен өрнектеп жеткізеді. Оның құдіретті миы, ақыл-санасы еш уақытта тыным таппайтын алып фабрикаға ұқсайды. Сөз образ, сөз — ұғымды бедерлендіретін, үзіліссіз жұмысқа жегілген клеткалар әманда іштей тыңдайды, ойша сөйлейді немесе түйсік сөзді көреді.
«Адам әрбір мезетте өз ойын іштей дауыстап айтады»— деп жазады Эгзер. Ал Риварол: «Адам өз көкірегінің түпсіз тереңінен құпия дыбыс үнін естиді, ол ой әлеміндегі көлбеңдеген заттың көріністері» деген тұжырым жасайды. Әрине, адамның терең ойын, көңіл-күйдің нәзік реңктерін, жан толғаныстарын, жасырын әуендерін жатық, жүйрік тілмен жеткізу үшін шешеннің биік дүниетанымы, жан-жақты көркемдік-өмірлік тәжірибесі болуы абзал.
Сондай-ақ шешен сөйлеуге төселу үшін, сөздің дабысталуын әсем қабылдау үшін ерекше есіту қабілеті үлкен қызмет атқарады.
Шешен адамға сөйлеу мен еске сақтау ерекше қажет. Әрбір клеткаға еске ұстау қасиеті дарыған. Кез келген орган еске сақтаудың көзі. Мысалы, көз — жарық толқындарын, құлақ — дыбыс толқындарын еске сақтайды. Сонымен еске сақтау ерекше болған жағдайда, үш түрлі қызмет атқарады. Біріншіден, сақтайды. Екіншіден, қайтадан қаз қалпында өзгеріссіз айта алады. Үшіншіден, жаңадан тудырады. Шешен қайсысына күшті көңіл белсе, сол өте жақсы дамиды.
Рухани қабілеті (реттеу, жүйелеу, жіктеу, ойлай білу, себеп пен салдарын тексеру) айрықша талантты шешенде ұшан-теңіз сөз — образдар мен оралымдардың қоры болады.
Шабыт, импровизация, елестету — еске сақтаудың түрлері. Шын мәнісінде, шабытты кемеңгер шешен сөйлеген шақта күш-қуаты буырқанып, толқынды ойдың құшағында тербеліп, небір ғажайып керкемдік ассоциацияларға бой ұрып, даналық меруерттерін жайып салады.
Көне әдебиеттерде шешендік сөйлеудің процесс екендігі туралы толыққанды зерттеу жоқ. Бүгінгі таңда жазу өнері мен сөйлеу өнерінің шек-шекарасы, ара-қатынасы жайында ештеңе айтылмаған.
Айталық, грек шешені сөз сөйлеудің бір тәсілін ғана қолданған. Ол — жазып алып сөйлеу. Аристотельдің «Риторика» дейтін іргелі зерттеуінде бірде-бір грек шешені жазып алмай біреудің ісін қорғауға құқығы болмаған деп айтылады.
Ал латын шешендері күні бұрын жазып-сызып дайындалмаған.
Әрине, ойланбай, толғанбай жүру мүмкін емес. Әр шешеннің болмыс-бітімі қандай әрқилы болса, сөзге әзірленуі де әр түрлі, сан қилы. Біреулер жазып дайындалудың қажет еместігін айтады. Оған артық күш-қуат жұмсалады дейді. Ойша әзірлену, іштей, дауыстап жүйе-жүйесін тауып сөйлеу — әрі тиімді, әрі өтімді, әрі логикаға қисыңды, әрі көздеген мақсатқа жеткізеді, әрі шешенді құдіретті тұлға деңгейіне көтеріп асқақтатады. Шешеннің балдай лебізі тыңдаушының ой-қиялын дүр сілкіндіреді.
Әр шешеннің өзіндік өнерпаздық өрнектері болатыны аян. Жазып немесе жаттап алғаны импровизация жасауға мүмкіндік береді. Есту, еске сақтау, көру, түйсік қабілетінің күштілігінің арқасында небір ойлар, сөздер тіріліп, оянып, дауыстап, құйылып кететіндігіне күмәніміз жоқ.
Шынайы шешен — жарқын тұлға. Оның ойлау, сөйлеу мәнері, кескін келбеті, рухы, тәжірибесі, ішкі мәдениеті, білім өресі, дүниетанымы, талант табиғаты, жан мен тән қуаты, мінбедегі тәртібі, ым-ишараттары, дауыс ырғағы қызықтырмай қоймайды.
Қазақ қоғамында шешендік өнердің алатын орны зор. Ұрпақ тәрбиесінде, ел басқару жүйесінде, елді сәулелендіру жолында, әрине, халықтың сан ғасырлық тәжірибесінде қорытылып екшелген, жинақталып жүйеленген ақыл-нақыл, өсиет-насихатқа негізделген отты да нақышты, шебер де шешен айтылатын ауызша сөздің тағылымдық-танымдық әрі тәрбиелік мәні айырықша.
Ауыз-екі сөйлеу жазудан бұрын шыққан. Адам ғұмырының қалай өтетіндігі жөніндегі статистикалық мәліметтерге сүйенсек, біздер оқу мен жазуға қарағанда, сөйлеу мен тыңдауға қисапсыз уақыт шығыңдайды екенбіз. Әлбетте, адамдардың көпшілігі сөйлеу мен тыңдауға үйір де, жазу мен оқуға енжар. Оқығанды көкірекке тоқу оқырманның қабілет-қарымына, зейін-зердесіне тәуелді, ал ауызша яки шешен сөзді ұғып қабылдау сөйлеушінің әсерлі, мәнерлі, ойнақы-ойнатып жеткізу қабілетіне байланысты. Тыңдарман қауым, негізінде, шабан. Олардың құлшынысын тудыру, жігерін жану, ынтасын ояту, ой дүниесін сілкіндіру — айтушыға тиесілі.
Ауызша сөздің құрылыс — жүйесі барынша қарапайым, тұжырымды, түсінікті болса, оны тыңдаушы шапшаң қабылдап, жүрекке ұялатады. Ауызша сөздің артықшылығы — әрбір сөз, сөз тіркесі, сөйлем өзгеше үн-дыбысқа, үйлесім-келісімге ие болып және бұлар оймен, сезіммен, ерекше лебізбен айтылып, мән-мағынасы күшейіп-көркейіп қанаттанады. Шешеннің даусы — аса бір өзара үйлесімді дыбыстарға, нәзік иірімдерге, небір тербелістерге, сан алуан қызық күйлерге ие полифониялық сипаты айрықша, күрделі құбылыс.
Сөздің мазмұны мен мәнерлілігі, эмоциялық — экспрессивтік бояуы сөйлеушінің. интонациялық ерекшеліктерді әдемі пайдалануынан түрленіп отырады.
Дауыстың 1) жоғарылылығы яки биіктігі, 2) ұзақтығы, 3) бояуы немесе тембрі, 4) күші тәрізді қасиеттері болады. Осынау қасиет-белгілерді құбылтып қолдану — шешеннің өнерпаздық дарынына, тәжірибесіне, көркемдік танымына, көңіл-күйіне, табиғи-рухани болмысына байланысты.
Интонация — сөз мағынасын ажарландырады. Айталық, «қалқам» деген сөзді бірнеше интонациялық реңкпен айтып, мағынасын сан қилы өзгертіп жеткізуге болады. Мысалы, жұмсақ, нәзік, мейірімді, реніш, кекесінді, құрметті…
Сонымен ауызша сөздің өзіне тән өзгешелігі ой мен сезімнің, көңіл-күйдің нақыш-бояуларын көрсетуге, кәміл сипаттауға қүдіретті, әлуетті. Сөздің әсем әуезділікке құрылуы, күмбірлеген үнмен, кең тыныспен, тың серпінмен айтылуы — тыңдаушының ықылас-пейілін өзіне аударып қызықтырады.
Шешен мен аудиторияның арасында тұтастық, тікелей байланыс бар. Тәжірибелі, зерделі лектор аудиторияның қабылдауы мен түсінуін ескереді. Әсіресе, аудиторияның әлеуметтік құрамы, көңіл-күй толқындары, білім-білік, пайым-таным дәрежесі, қандай оқиғалар, құбылыстар, жағдайлар қызықтыратыны ескерілуге тиіс. Шешен қырағы, байқампаз болса, аудиторияның шып-шырғасын шығармай уысында ұстайды. Егер де шешен сөзі аудиторияға ғаламат әсер ететін болса, онда тыңдаушылардың көздері от шашып, жүздері гүл-гүл жайнап, ықыластанып, жұмсақ жымиып, бастарын изеп, қоштағандай, қолдағандай ым-ишараттар жасайды. Ыстық ықыласын, ізет-ниетін дауыстап та білдіреді. Сөйтіп, шешен мен аудиторияның құлшынысы бірдей оянып, оттай маздап, бір-бірін жетелеп, қоян-қолтық араласып, туысып кетеді. Бір кеменің ішінде, рахаттың теңізінде жүзіп бара жатқандай сезінеді.
Кейде ортақ тіл табыса алмай, суысып кететін де жағдай болады. Ым-ишарат және дене қимылдарынан басқа, экспрессивтік қимыл-қозғалыстар бар. Мұны шешеннің өзі аңғармағанымен аудитория жіті сезінеді. Мәселен, өлшеусіз жоғары, өтімді немесе дірілі бар дауыс сөйлеушінің мазасыз күйге түскенін көрсетеді. Сөйлеу жылдамдығы мен ырғағының өзгеруі, психологиялық және логикалық паузалардың дұрыс жүйеленбеуі, дыбыстардың анық естілмеуі, сөздің күңгірттенуі — оның көңіл-күйінің дегбірсіздікке ұшырағанын байқатады. Әрбір ым-ишарат пен дене қимылы белгілі бір интонациялық тұтастық табады. Шын мәнісінде, шешеннің сөйлеу процесіндегі лингвистикалық, интонациялық және кинетикалық құралар бір-бірін нығайтып толықтырады, аудиторияның түсінуі мен қабылдауын жеңілдетеді, оған тегеурінді ықпалын тигізеді.
Шешен сөздің өзіне тән ерекшелік-сипаттары мынадай:
Алдымен, шешен сөз тұп-тура топтың, жиналған әлеуметтің алдында айтылады. Шешен қауыммен жүзбе-жүз, бетпе-бет кездесіп сұхбаттасады. Ол бұлардың әлеуметтік құрамы мен білім дәрежесін жазбай таниды. Екіншіден, аудиторияның қалай қабылдап отырғанын көзбе-көз таниды. Үшіншіден, шешен әртүрлі таңбалар жүйесін комплексті пайдаланады. Олар: 1) лингвистикалық, 2) интонациялық, және З) кинетикалық болып сараланады. Төртіншіден, шешен сөздің артықшылығы — шешеннің өзіндік қасиеттерін әрі аудиторияны қалай бағыңдырып, билеу шеберлігін әрі толық, әрі жан-жақты беруі.
Өз пәніңді жетік, жан-жақты, терең білсең, шешен сөйлеуге даңғыл жол ашасың. Шешеннің болмысы хақында ой толғағанда, оның жүйке жүйесіне де қатысты сөз айтқан дұрыс болар. Шешен толғанып сөйлеп тұрғанда, есік сарт етіп ашылса, орындық гүрс етіп құласа, кітап еденге жалп етіп түссе, ол оған ешқандай көңіл бөлмеуге, ойы мен сөзін бұзбауға, үзбеуге тиісті. Әрине, мұндай қасиет — оның жүйке жүйесінің мықтылығына тікелей байланысты. Шешен қандай күрделі жағдайда болмасын (оқыстан қойылған сауалдарға, репликаларға), іштей қобалжығанмен, тапқырлық, ұтқырлық, икемділік танытып, қиындықтан қиялап шығып кетуі керек. Ой-пікірін сәтті сабақтастыруға шебер, аудиторияның ерік-жігеріне, ішкі серпілісіне (реакциясына) шапшаң, жанды жауап беруге төселу қажет.
Квинтилианның түсіндіруінше, шешен өзінің мінезі мен темпераментінің ерекшеліктерін жіті тануы ләзім. Мінезі биязы, жұмсақ шешен өзінің қалпынан өзгермегені жөн. Ал мінезі қатал, өжет, кесіп-пішіп сөйлейтін азулы шешен қауымның, жиналған әлеуметтің алдында қара қылды қақ жарғандай, нақты, дәл сөйлеуі абзал.
Аудиторияның шешен сөзін дұрыс, ықылас-ынтамен қабылдауы үшін оның даусы мейлінше мөлдір, тартымды, әсерлі, күмбір қағып шығуы керек. Әрі ой мен сезімнің нәзік реңктерін толқындата өрнектеп әдемі жеткізсе, аудиторияны қызықтыра түседі. «Кейбір шешендерді тыңдауға болады, кейбіреулерін тыңдамау мүмкін емес, ал үшіншісін тыңдап жарылқанбайсың» делінген ағылшын тіліндегі риторика оқулығында.
Шешен шебер сөйлеумен ғана емес, әсерлі, мәнерлі жеткізе білу қабілетімен де, әдепті мінезімен де ерекшеленуі керек. Баяндамасын бүге-шігесіне дейін мықтап дайындаудың үстіне, мінбеде өзін-өзі еркін, мәдениетті ұстауға тиіс, ашық та айқын даусы, ым-ишараты, сәнді қимыл-қозғалысы, аудиторияның тәртіп-тәрбиесін шапшаң қадағалайтын қырағы көзі, өз ерік-жігеріне бағындыратын қасиеті болса, тыңдаушыларды ұршықша иіріп, сүттей ұйытады.
Егер топтың алдына шығып алып, бұл сөзге дайын емес едім, я болмаса жүйрік тілді шешеңдігім жоқ деп сылтаулар айтса, әдейі бәлсінсе, онда ол өз дәрежесін, мәртебесін төмендеткені, уақытты босқа шығын қылғаны, өзін де, өзгені де кекеткені. Сөз жоқ, шынайы шешенге сұңқардай саңқылдаған дауысқа қоса, жоғары сөйлеу мәдениеті, атап айтқанда, сөзді дұрыс таза, дәл айту және сөзді дұрыс қолдану шеберлігі болса тіпті тамаша болар еді. Аудиторияның зейіні шешеннің әрбір қимылын, әрбір сөзін, әрбір ойын мұқият қадағалап отырады. Осындай жәйттер — шешеннің есіліп-көсіліп, құлшына сөйлеуіне ғажайып мүмкіндік жасайды.
Шешен баяндама жасағанда мыналарды қаперге алған орынды:
- Материал жинау, жүйелей білу, көздеген мақсат-нысанаға ыңғайластыра, сәйкестендіре алу, композцияның, логика мен психологияның заңдарына, ауызша сөйлеу мен аудиторияның ерекшеліктеріне үйлестіру.
- Сөзді дауыстап айта білу өнерін меңгеру, мінбеде өзіңді-өзін билеу ережесін қатаң сақтау, аудиторияның тілеу, қалауын қабылдау, ескеру.
- Шешендік өнердің қыры мен сырын мүлтіксіз меңгеру (дауыс, интонация, қимыл-қозғалыс, сейлеу мәдениетінің бүкіл талаптарын бұлжытпастан сақтау).
- Аудиторияның тұтқиылдан қойылған сұрақтарына тапқыр жауап беру, білім-ғылым бәсеке-таласын ұымдастыра білу.
Шешен сөйлеуге төселу үшін үздіксіз ойлану, машықтану, үнемі жаттығу, толассыз еңбек керек. Ғылым, өнер, мәдениет майданындағы әйгілі адамдарды бейтаныс аудитория өте жылы қабылдайды. Қоғамдағы орнын, білім-білігін, атақ-даңқын, яки заңғар тұлғасын бек сыйлайды, әрі оған сенеді.
Белгілі аудитория алдында әлі бедел-құрметке ие болмаған шешенге олардың сенімінен шығу үшін көп қажыр-қайрат жұмсау қажет. Не болмаса аудитория есігін тұңғыш рет ашқанда, оны бір беделді адам таныстыратын болса, ісінің оңға басқаны.
Шешендіктің сипат-белгілерін, қырларын, дарынды ділмар-шешеннің даралық қайталанбас қасиеттерін, жан мен тәннің қуатын түп-тамырынан қозғау мүмкін емес. «Бір шешен топты жойқын, буырқанған шабытымен билеп-төстейді, екіншісі жатық, әсем жеткізу шеберлігімен, үшіншісі — әзіл-оспақ, күлдіргі, айтқыштық талантымен, төртіншісі — желілі, сабақтас, анық баяңдауымен баурайды»— деп жазады В.Г.Белинский.
Енді аудиторияның құрылымы мен тәртібінің ерекшеліктеріне тоқталайық.
Алдымен, аудиторияны өзіңе бағындыру, ықыласына бөлену — үлкен өнер. Өзіңді қалай ұстаудан, сөзіңді қалай бастаудан, яғни алғашқы әсерден басталады. Аудиторияның әлеуметтік құрамын (зиялылар, жұмысшылар, шаруалар, студенттер), білім, білік, жас ерекшеліктерін, яғни түсіндіру мен қабылдаудың мәселелерін, іліктестік табиғатының құпиясын зерделей білу.
Аудиторияда тыңдаушылар аз болса, күнделікті тіршілік, үйреншікті жағдай іспеттес. Қызығып, құлшынып, алысқа сілтеп кете алмайсың. Егер де мыңдаған адам жиналса, оған салтанаттылық, көтеріңкілік тән. Төгілтіп, екпіндетіп сөйлеуге, шиыршық атқан толғаныстарға берілесің.
Аудиторияның тәртібі — оның әлеуметтік құрамының біркелкілігіне байланысты. Кейде ынта-ықыласы, ой-өрісі, білім, жас ерекшеліктері, әлеуметік құрамы, жалпы мағлұматы, дүниетанымы әрқилы тыңдаушылар болады. Қалай болған күнде де олардың құштарлығын ояту, тәнті ету — шешеннің тәжірибесіне, өнерпаздық қабілетіне, ойлау жүйесіне, сезімталдығы мен өткір қабылдауына тікелей тәуелді. Бұл орайда ол барлық мүмкіндіктерді пайдаланады. Топ алдында сөйлеген адам қаққан қазықтай тұрып қалмағаны жөн. Шамаң келгенше, әр тыңдаушыға болмағанмен, оң жағыңдағы, сол жағыңдағы, төрде отырғандарға зейін аударып, көз айырмай, өз ой-пікіріңе ортақтастырып отырсаң, олар да жай отырмағанын біліп, сенің сезімін мен сөзіңді жан-тәнімен мақұлдайды. Сөйткенде ғана тізбекті реакция пайда болады.
Сонан соң сөз сөйлеу қай уақытта (таңертең, түс, кеш), қандай жерде және кімнің сезінен кейін болатынын білу де керек-ақ. Мұның бәрі қатысушылардың қабылдауы мен түсінуіне қатысты. Тақырыпқа қызыға ма, лекторды біле ме екен деген сұрақтар да қылаң береді.
Шешенде көсемдік, әділдік, адалдық, имандылық қасиет болса тереңнен толғап, құштарлықпен сөйлесе, қандай аудиторияны болса да жетектеп әкетеді. Өңменіңе қанжардай қадалған көп көз шешенді сескендірмей қоймайды. «Ел бастау қиын емес, қонатын жерден көл табылады. Қол бастау қиын емес, шабатын жерден ел табылады. Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ» — деп Көмекей әулие Бұқар жырау шешендіктің қиын өнер екендігін қатаң ескерткен. Әрине, ой мен сезімінді басқалардың жүрегіне, санасына, кеудесіне жеткізуге сезгіштік, құдіреттілік қажет. Шын мәнінде, аудиторияның ізгі мұраттарына, асыл армандарына, көкей-кесті идеяларына сай келсе қабылдау мен түсіну де женіл. Шешеннің беделі де, мәртебесі де жоғарылайды.
Тәжірибелі,кәнігі шешен аудиторияның психофизкологиялық ерекшеліктерін, әлеуметтік құрамын, көңіл-күй толқындарын, ой, сана, таным дәрежесін тез арада жүзінен оқып, өзіндік қорытындылар шығарады. Және тыңдаушылардың зейіні қай уақытта ұшқыр, сергек, қай кезде марғау, қандай күндерде жұмысқа қабілеті айырықша болатынын, қандай мәліметтерді еске сақтау керектігін парасатты шешен жақсы пайымдайды. Зеріктірмеудің амалын табуға да шебер. Еске сақтаудың өзі түсінуден туындайды. Жаңалықты құбылысты тыңдаушылардың жүрегіне ұялатып, санасына сіңіру үшін белгілі бір нақтылы жайлармен салыстыру, қиыстыру амалын қолданса, құба-құп болар еді. Сонымен бірге ұғымтал тыңдаушы шығармашылық тұрғыдан еңбектенсе, еске ұстау қабілеті күшейе түседі. Ал пысықтау болған жерде, еске сақтау мен өнерпаздық тұрғыдан игеру қабілеті ширыға түседі.
Орындаған: Жабықбаев А.
Тексерген: Қалиева Ш.
ӘЛ ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚазҰУ
Шығыстану факультеті
ШЕШЕН СӨЙЛЕУ СЫРЫ
АЛМАТЫ 2006
Қолданылған әдебиет:
- Бұлдыбай А.С. «Шешендік өнер». Алматы 2003
- Негимов С. «Шешендік өнер». Алматы 1997
- Қожабеков Н.С. «Шешендік өнер», Алматы 1997
- Михальская А.К. «Основы риторики», М. 1996.
- Карнеги Д. «Как завоевывать друзей и оказывать влияние на людей»;
пер. с англ./Общ. ред. и предисл. Зинченко В.П. и Жукова Ю. М. 1993.