Жоспар
- Шет тілін оқытуда дағдысын қалыптастыру
- Тіл ұстанымдары
- Тіл морфологиясы
- Қорытынды
- Пайдаланылған әдебиеттер тізімі
Шет тілін оқытуда дағдысын қалыптастыру
Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының басты мақсаттарының бірі – қазақ тілін жоғары оқу орындарында оқытуды жетілдіру, жақсарту. Оның бағдары – «дүниеге жауапкершілікпен қарайтын, инновациялық, шығармашылықпен ойлауға дағдыланған, мәдениеті жетілген, адамгершілігі мол, білікті мамандардың жаңа ұрпағын қалыптастыру», шебер сөйлейтін, шешен мамандарды дайындау.
Бәсекелестік өмір сүрудің басты шарты болып отырған өзгермелі кезеңде жоғары білім беру жүйесіне қойылатын талаптар да күшейіп отыр. Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында айтылғандай, жоғары білімді дамытудың негізгі үрдісі мамандар даярлау сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Осы ретте мұғалімдер даярлайтын жоғары оқу орындары алдында үлкен де салмақты міндеттер тұр. Бұл міндеттердің шешімі студеттерге мемлекеттік стандартқа, оқу бағдарламаларына сәйкес ғылым салаларынан білім берумен ғана шектелмейді. Жоғары мектепті бітірушілер болашақ кәсібін терең түсінетін, меңгерген білімін мазмұнды, дәлелді түрде, әдеби тілмен шебер жеткізе алатындай, тіл байлығы мол маман болып шығуы тиіс. Сондықтан жоғары оқу орнында оқытылатын қазіргі қазақ тілінің салалары арқылы студенттерді өз ойларын жүйелі, түсінікті етіп, шебер сөйлеу үрдісіне дағдыландыру маңызды мәселе болып табылады. Осы тұрғыдан келгенде, болашақ қазақ тілі маманы терең кәсіби білімімен бірге, шығармашылық ойлау қабілеті жоғары, пікірін жүйелі түрде жеткізе алатын, сөйлеу шеберлігі қалыптасқан тұлға болуы тиіс.
Қазіргі қазақ тілінің салаларын оқыту барысында студенттің кәсіби-әдістемелік даярлығын қалыптастыру тіл дамыту мәселесін де басты назарда ұстауды қажет етеді. Сөздердің грамматикалық сыр-сипатын, сөз тұлғаларының модельдерін дұрыс танып, талдай алатын, яғни меңгерген білімін іс жүзінде орынды пайдаланатын студент тыңдаушыға өз ойын айқын, анық етіп жеткізе алады. Бұл студенттің қазақ тілінің күрделі морфологиялық құрылымын тіл дамыту жұмыстары негізінде меңгеруі арқылы жүзеге асады. Сондықтан қазіргі қазақ тілінің морфология саласын оқыту арқылы студент тілін дамытуды бүгінгі қоғамдық-әлеуметтік сұраныммен сәйкестендірудің басты шарты ретінде ғылыми-әдістемелік тұрғыдан зерделеу қажеттігі туындап отыр.
Студент тілін дамыту тілдік қатысымдық іс-әрекет арқылы нәтижелі жүргізіледі, өйткені «тілдік қатынас – сөйлеу тілі арқылы түсінісу дегенді нақтылай келіп, жай ғана қарым-қатынас дегеннен гөрі тамыры тереңге жеткен, өмірде өзіндік орны бар, қоғамның дамуы үшін ең қажетті қоғамдық-әлеуметтік ақпараттардың жиынтығы арқылы адамдардың бір-бірімен пікір алмасуы, адамдар қатынасының түп қазығы дегенді білдіреді».Тіл дамытудағы мақсат – қоғамда қазақ тілі арқылы еркін қарым-қатынас жасауды қамтамасыз ету. Сондықтан тілді қарым-қатынас құралы ретінде оқытуда, үйретуд грамматика қарым-қатысты жүзеге асыратын тетік қызметін атқарады. Олай болса, студенттің ғылым саласынан игерген білімін тілдік қатынаста тиімді, орынды пайдалана білуге дағдыландыру – қазіргі уақыт сұранысынан туындап отырған өзекті мәселе.
Халық тілінің қайнар бұлағы – шешендік сөздер, бейнелі сөздер, мақал-мәтелдер арқылы студенттердің сөздік қорын байыту тіл дамыту жұмыстары арқылы іске асады. Ғасырлар бойы жинақталған тіліміздің байлығы студенттің ана тілін қастерлеп, тілдегі ұлттық рухты терең тануына мүмкіндік береді. Қазіргі қазақ тілінің морфология саласынан теориялық білім берумен қатар тіл дамытуды басты назарда ұстап, оны оқытуды тұтас әдістемелік жүйе ретінде зерделеу – қазақ тілін оқыту әдістемесіндегі маңызды мәселелердің қатарына жатады.
Қазіргі заман жағдайында жоғары білім беру жүйесі университет қабырғасында алған білім, білік пен дағды-машықтың негізінде дербес, әлеуметтік және кәсіби біліктілікке қол жеткізу мақсатын көздеп отыр. Бұл мақсаттың түпкі шешімі студенттің игерген базалық білімін мазмұнды да дәлелді етіп, әсерлі сөз орамдарымен жеткізе білуіне келіп тіреледі. Сондықтан жоғары мектепте студенттің қазақ тілінің салалары бойынша меңгеретін білімдері ауызша да, жазбаша да әдемі сөйлеуге дағдыландыратын тіл дамыту жұмыстарымен ұштасқанда ғана нәтижелі болады. Олай болса, студенттің тілін дамытуды кәсіби біліктіліктің негізгі көрсеткіші ретінде дәйектеу зерттеудің өзектілігін нақтылай түседі.
Жоғары мектепте өндіріс пен нарықтың жылдам өзгеріп жатқан жағдайына бейімделген жаңа үлгідегі мамандар даярлауда оқытудың жаңа әдіс-тәсілдермен жүргізілуі басты меже болуы тиіс. Сондықтан оқытуды ұйымдастыруда студенттің сөйлеу белсенділігін арттыратын, өз ойын ашық айтуға, пікір алысуға жетелейтін әдіс түрлерін қолдану тіл дамыту мәселесінің дұрыс шешілуіне жағдай жасайды. Бұл студенттің қазақ тілінің морфология саласынан меңгеретін теориялық білімі мен сөйлеу шеберлігінің тығыз бірлікте жүзеге асуының қажеттілігін айқындай түседі. Алайда, ғылым салалары мен тіл дамыту арасында тұрақты әрі табиғи байланыс болуға тиіс. Бұл өскелең жаңа өмір мұқтаждығы деген тұжырым күні бүгінге дейін өз дәрежесінде шешімін таппай келеді. Жоғары оқу орнында оқитын студенттер арасында тілдік нормаға сәйкес сөйлей алмайтындары кездеседі. Оның басты себептері – жоғары оқу орнында (қазақ тілі мен әдебиет мамандығы) қазіргі қазақ тілінің морфология саласын оқытуда тіл дамыту жұмыстарына өз мәнінде көңіл бөлінбеген, бағдарлама, оқулықтар мен оқу құралдарында да тіл дамыту мәселесі нақтыланбаған. Бұл жоғары мектепте тіл дамытуды ғылым салаларын оқытумен байланыстыра зерттеудің әдістемедегі өзекті мәселе екендігін анықтай түседі.
Қорыта айтқанда, жоғарыдағы тұжырымдар болашақта мектептің белді тұлғасы болатын бүгінгі студенттің ғылыми білімді сапалы меңгеруі мен сөйлеу шеберлігінің тығыз бірлікте қалыптасуының әдістемелік негіздерін анықтаудың өзекті екенін дәлелдей түседі.
Зерттеудің мақсаты. Жоғары оқу орнында қазіргі қазақ тілінің морфология саласы арқылы студенттер тілін дамытудың ғылыми-әдістемелік негізін тұжырымдау, қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде жаңа технологияға сай тіл дамытудың әдістемелік жүйесін ұсыну, оның тиімділігін эксперимент арқылы дәйектеу.
Зерттеу нысаны – жоғары оқу орнының қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде қазіргі қазақ тілінің морфология саласы арқылы студенттер тілін дамыту үдерісі.
Зерттеу пәні – жоғары оқу орнында қазіргі қазақ тілінің морфология саласы арқылы студенттер тілін дамыту әдістемесі.
Зерттеудің міндеттері:
— жоғары оқу орнында қазіргі қазақ тілінің морфология саласын оқытуда студенттер тілін дамытудың әдіснамасын айқындап, ғылыми-теориялық негіздерін дәлелдеу;
— морфологияны оқыту арқылы студенттер тілін дамыту мәселесінің ұстанымдарын белгілеу;
— қазіргі қазақ тілінің морфология саласын жаңа технология негізінде оқыту барысында студенттер тілін дамытудың ғылыми әдіс-тәсілдерін анықтау;
— морфология саласы арқылы студенттердің сөздік қорын байытудың жолдарын анықтау;
— студент тілін дамытатын кешенді жұмыс түрлерін айқындау;
— студент тілін дамытуда жаңаша жаңғыртып оқыту әдістемесін пайдаланып, студент белсенділігін арттыратын іскерлік ойындар, ойбөліс, ойталқы әдістеріне бағытталған тапсырмалар жүйесін жасау;
— студент тілін дамыту әдістемесінің ұтымдылығын эксперимент нәтижелеріне сүйеніп дәлелдеу.
Зерттеудің ғылыми болжамы. Егер морфологияны оқыту арқылы студенттер тілін дамыту белгілі бір жүйемен үздіксіз жүргізіліп, оларды шебер, жүйелі сөйлеуге дағдыландыру кешенді жұмыстар мен жаттығулар негізінде ұйымдастырылса; оқытудың жаңа технологияларын қолдану арқылы күтілетін білім нәтижелері студенттердің кәсіби сөйлеу шеберлігін дамытуға негізделсе, онда студенттердің тілін дамытудың, сөздік қорын байытудың нәтижесі мен мүмкіндігі арта түседі, өйткені морфология саласын оқыту арқылы ойлана шебер сөйлейтін, қазіргі заман талаптарына сай, бәсекеге тұра алатын, қабілетті жеке тұлғаны тәрбиелеу, қалыптастыру жүзеге асады.
Зерттеудің жетекші идеясы. Жоғары оқу орнында ғылым салаларын оқыту тіл дамытумен тығыз бірлікте жүргізілгенде, студент қоғамдық-әлеуметтік ортада ойын еркін жеткізуге, әдеби нормада жүйелі, шебер сөйлеуге дағдыланады.
Зерттеудің әдіснамалық негізі. Ғылыми еңбекте педагогика, психология, лингвистика және қазақ тілін оқыту, орыс тілін оқыту, шет тілін оқыту әдістемесінің жаңалықтары, оқытудың жаңа технологиялары туралы ғылыми- әдістемелік еңбектер, оқулықтар мен оқу құралдары негіз болды.
Зерттеу әдістері. Зерттеу жұмысында баяндау, бақылау, салыстыру, сипаттау, жүйелеу, жинақтау, талдау, тұжырымдау, талқылау, қорыту, эксперименттік әдістер қолданылды.
Зерттеудің ғылыми жаңалығы:
– жоғары оқу орнында қазіргі қазақ тілінің морфология саласын оқыту арқылы тіл дамытудың ғылыми-әдістемелік негізі тереңдетіліп, оның басты мақсаты студенттің шебер сөйлеуін дамыту нәтижесінде кәсіби сөйлеу дағдыларын қалыптастыру екені дәлелденді;
– қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша морфологияны оқыту барысында студенттер тілін дамытудың әдістемелік жүйесін сараптау арқылы студенттерді кәсіби шебер сөйлеуге үйретудің ұстанымдары ғылыми тұрғыда негізделді;
– студенттің болашақ кәсіби мамандығына сәйкес сөйлеу дағдыларын қалыптастыру бағытындағы тіл дамытудың жаңа әдістемелік жүйесі ұсынылды. Студенттің өзін жеке тұлға деп сезінуін қалыптастыру, белсенділігін күшейту, қызығушылығын арттырудың маңызы зор екені айқындалды;
– студент тілін дамытуда қолданылатын әдіс-тәсілдер нақтыланып, олардың түрлері, қолдану жолдары белгіленді;
– студент тілін дамытуда тілдік қатысым әдісі үлкен қызмет атқаратындығы анықталды;
– морфологияны оқытуда би-шешендер сөздерінің үлгісі арқылы студенттер тілін дамытудың ұтымдылығы дәлелденді;
– студенттерді ғылыми жұмысқа баулу арқылы ғылыми стильге жаттықтыруға, тіл терминдерімен сөздік қорын байытуға болатындығы және ол жұмыстардың студенттердің жазба тілін дамытуда маңызды екендігі анықталды;
– студенттің кәсіби тілін дамытуда, қалыптастыруда іскерлік ойындар, ойбөліс, ойталқының белсенді әдіс ретіндегі мүмкіндігі тәжірибе арқылы дәлелденді;
– жоғары оқу орнында морфологияны оқыту арқылы студенттер тілін дамытудың ғылыми-әдістемелік жүйесі эксперимент арқылы тексеріліп, дәлелденді.
Зерттеудің негізгі кезеңдері.
Бірінші кезеңде (2000-2003жж.) морфологияны оқыту арқылы студенттің тілін дамытудың ғылыми-теориялық негіздерін айқындау үшін педагогикалық, психологиялық, лингвистикалық, әдістемелік, шешендік мәселелері бойынша ғылыми еңбектерге талдау жасалды. Тақырып бойынша бақылау тәжірибесін өткізу үшін оқу материалдары жинақталды.
Екінші кезеңде (2003-2005жж.) жинақталған ғылыми деректер мен әдістемелік материалдар тәжірибеде пайдаланыла бастады. Осыған сәйкес студенттердің тілін дамытудың жүйелі әдістемесі жасалды, тіл дамытуға арналған жаттығулар мен тапсырмалар түрлері нақтыланды, студенттер тілін дамытудың тиімді жолдары, амал-тәсілдері қалыптастырушы эксперимент арқылы сынақтан өткізілді.
Үшінші кезеңде (2005-2008жж.) оқу экспериментінің жалғасуымен, яғни алынған нәтижелер тексеріліп, талданып, ғылыми-әдістемелік тұжырымдар жасалды.
Зерттеудің теориялық маңызы. Зерттеу жұмысы жалпы тілді оқыту әдістемесін толықтырады, осы мәселеде оны байытуға жаңа үлес болып қосылады. Зерттеу жұмысы жоғары оқу орындарында келешекте түрлі мамандық бойынша жүргізілетін тіл дамыту жұмысының әдістемесіне теориялық-әдістемелік негіз қызметін атқарады. Ғылыми еңбек жоғары оқу орындарында мамандардың тілін дамыту әдістемесінің дамып, жетілуіне әсер етеді, мәселенің дамуына жол ашып, үлгі болады.
Зерттеудің тәжірибелік маңызы. Зерттеу жұмысын жоғары оқу орындарында арнайы курс оқуға, арнайы семинар сабағында қолдануға болады. Еңбектегі өзекті мәселелер әдістеме саласы бойынша оқулық, оқу құралдарын жазуға септігін тигізеді. Сонымен бірге, әдістеме ілімі бойынша зерттеу ісімен айналысып жүрген аспиранттар, ізденушілер, магистранттар, оқытушылар пайдалана алады.
Алынған ғылыми нәтижелердің сенімділігі мен нақтылығы негізге алынған теориялық қағидалардың әдіснамалық тұрғыдан сараланып талдануы арқылы танылады. Зерттеудің мақсат-міндеттері мен оның жүйесіне сәйкес алынған зерттеу әдістері, көрсетілген нәтижелері жоғары оқу орнының қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде тиімді қолданылуына негіз бола алады.
Қорғауға ұсынылатын тұжырымдар:
– жоғары мектепте морфологияны оқыту арқылы студент тілін дамыту қазақ тілі маманын даярлаудың сапасын арттыруға, білікті, іскер маман даярлауға мүмкіндік береді;
– морфологияны оқыту барысында студенттер тілін дамыту жұмысында оқытудың жаңа әдістерін қолдану қажет. Тіл дамытуда қатысымдық әдіс, көрнекілік әдіс, саяхат әдісі т.б. әдістерді кіріктіре пайдалануға мүмкіндік мол;
– студенттердің кәсіби шебер сөйлеу дағдыларын қалыптастыруға бағытталған әдістемелік жүйе дидактикалық ұстанымдармен қатар, тіл дамытудың арнайы ұстанымдары арқылы жүргізілсе, нәтиже сапалы болады;
– тіл дамыту жұмыстарын түрлендіріп отыру студенттердің сөйлеу шеберлігін жетілдіруге ықпал етеді;
– морфологияны оқытуда студенттерді ғылым жаңалықтарымен таныстыру олардың сөз шеберлігін қалыптастыруға бағытталуы тиіс;
– жоғары оқу орнында тіл дамыту тіл білімінің барлық саласымен байланысты болғандықтан, тіл дамытуды тіл теориясымен де, практикалық сабақпен де байланысты жүргізуге болады;
– морфологияны оқытуда студенттердің тілін билердің шешен сөздерінің үлгісімен, ғылыми жұмысқа баулу барысында, іскерлік ойын, ойбөліс, ойталқы арқылы дамыту жақсы нәтиже береді;
– морфологияны оқыту барысындағы тіл дамыту жұмысын білім беру, тәрбие жұмысымен байланысты жүргізу қажет;
– білікті, іскер әрі сауатты, шебер сөйлейтін, қазіргі заманның талабына сәйкес ісіне сөзі сай маман дайындау тіл дамытудағы кешенді жұмыстар арқылы іске асады.
Жұмыстың талқылануы мен жариялануы. Зерттеу жұмысының негізгі мазмұны, тұжырымдары, нәтижелері халықаралық және республикалық ғылыми-практикалық конференцияларда жасалған баяндамаларда талқыланған.
Зерттеу жұмысының мазмұны, тұжырымдары шетелдік басылымдарда–Жөнге ұлттары (Қытай), Кыргыз аграрлык университетинин жарчысында (Бишкек), Педагогик таьлим (Ташкент) және Қадағалау мен аттестаттау Комитеті бекіткен тізімдегі республикалық басылымдарда: «Ізденіс», «Ұлт тағылымы», «Ұлағат», «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Қазақстан кәсіпкері», «Қазақстан мектебі» журналдары мен Қайнар университетінің, Абай атындағы ҚазҰПУ-дың хабаршыларында жарық көрді.
Диссертация жұмысы Абай атындағы ҚазҰПУ-дың қазіргі қазақ тілінің теориясы мен әдістемесі кафедрасының және диссертациялық кеңес жанынан құрылған әдістемелік семинардың кеңейтілген мәжілісінде талқыланған.
Диссертация бойынша 1 монография, 6 мемлекеттік білім стандарттары, 8 типтік оқу бағдарламалары, 3 оқулық, 10 оқу құралы, 5 оқу-әдістемелік құрал, 41 ғылыми мақала жарияланды.
Жұмыстың құрылымы. Диссертация кіріспеден, төрт тараудан және қорытындыдан, сілтеме жасалған әдебиеттер тізімінен тұрады.
Тіл ұстанымдары
Теориялық білім мен тіл дамытуды сабақтастыру ұстанымы. Жоғары оқу орнында тілдің жекелеген салаларынан теориялық білім беріледі. Бірақ тіл салалары бойынша терең білім берілгенімен, оның қолданыс жағы назардан тыс қалады. Жаттығулар жинағындағы жекелеген сөйлемдер, мәтін үзінділерінің негізгі мақсаты өтілген тілдік бірліктерді табу ғана болады да, студенттің сөйлеу шеберлігін қалыптастыруға мән берілмейді. Ал студенттерге теориялық білімді меңгерте отырып, оларды өз ойларын жүйелі, әдеби тілде жеткізе білетін, тілдік нормаларды шебер меңгеріп, дұрыс сөйлеу икемділіктерін қалыптастыруға көңіл бөлінуі тиіс. Сонда ғана тіл саласынан алған теориялық білім сөйлеу жағдайында септігі тиеді. Осы тұрғыдан келгенде, теориялық білім мен тіл дамытуды сабақтастыру ұстанымы студент тілін дамытудағы түпкі қазық, ең басты қағида болады. Оқыту тәжірибесінде білім мазмұнының тек студенттің білім, іскерлік, дағдысын қалыптастыру мақсатын ғана көздеп қоймай, сол білімнің студенттің шығармашылық жеке тұлғасын дамытуға, логикалық ойлау қабілетінің ұшталуына, өздігінен білім алуға құштарлығын оятуға ықпал ету жағына ерекше көңіл бөлінді.
Даралық пен ұжымдық қызметті біріктіру ұстанымы. Сабақ үдерісі студенттің әрқайсысы мен барлығының мүдделерін оқытудың мақсаты мен міндетінің бірлігі негізінде біріктіреді. Сондықтан оқытуда жағымды уәждеме туғызу, тіл дамытуға арналған жұмыстың студенттің тілек-мақсатына, яғни танымдық қызығушылығына сай құрылуы, мәселелі жағдаяттар туғызып, кез-келген тапсырманы өз бетімен орындай білуге үйретумен ұласуы тиіс. Бұл жұмыстарды іске асыру студенттің жеке субъекті ретіндегі бейімділігі, икемділігі және дайындық дәрежесіне байланысты.
Студент тіл дамыту бағытындағы тапсырылған кез-келген жұмысты орындауда шығармашылық, бастамашылық танытып, өзінің икемділігін, білімін көрсете білуге тиіс. Студенттердің жеке тұлға ретінде орындаған жұмыстары, топ студенттерінің талқылауы, талдауы ұжымдық сипат алады. Сөйтіп, студенттер қызметтестік тұрғыда жеке тұлға ретінде орындалған жұмысты қорытындылап, жинақтап, өз пікірлерін білдіріп, баяндап, сөйлеуге жаттығады, әрі ұжымда ынтымақтастық қасиет қалыптастыруға мүмкіндік жасалады. Бұл үшін оқытудың жекелей, ұжымдық түрлерін қолдануға болатындай, студент тілін жетілдіруге ықпал ететін шығармашылық жұмыстарды жиі орындатқан тиімді.
Оқытудың саналылық және белсенділік ұстанымы да студент тілін дамытуда басты рөл атқарады, өйткені білімді саналы меңгеру нақты тілдік материалдарды дұрыс түсінуден, студенттің өзінің жауапкершілігін сезінуден басталады. Игерген тілдік білімін сөйлей білуде орынды пайдаланған студенттің әр сөздің мағынасы мен мәніне терең ойланып көңіл бөлуі, сезінуі арқылы ғана ана тілінде еркін сөйлей алуына мүмкіндігі болады. Осылайша саналы түрде еңбек еткен студентте білімге, тілге деген қызығушылық оянып, белсенділігі артады. Демек, студенттердің оқу белсенділігінің артуы білімді саналы меңгеруінің басты қағидасы деуге болады.
Тіл дамыту әдістемесінің эксперименттік жүйесі үш кезеңде ұйымдастырылды: 1) анықтау; 2) қалыптастырушы; 3) қорытынды. Анықтау эксперименті барлық студенттер топқа бөлінбей тұрғанда, толық жүргізілді. Алдымен студенттің тәжірибеге дейінгі білімі анықталды. Анықтау эксперименті барысында жұмыс түрлері мына тәртіппен ұйымдастырылды: студенттерге арнайы жасалған анкета ұсыну; бақылау және тәжірибе топтарын белгілеу; эксперименттік оқытуға қажетті материалдарды дайындау; оқыту экспериментіне дейінгі кезеңдегі студенттердің білім деңгейін анықтау. Студенттің оқыту экспериментіне дейінгі тілінің даму дәрежесін анықтау мақсатында жүргізілді. Бұл мақсатта студенттің сөздік қоры, билердің шешендік үлгісімен таныстығы, ғылыми жаңа терминдермен, ғылыми жұмыс түрлерімен таныстығы және топ алдында сөйлеу, сұрақ қоя білу, өз пікірін дәлелдеу қабілеттері тексерілді. Ол үшін, сұрақтар, карточкалар, әңгімелесу, жаттығулар, ойбөліс, ойталқы қолданылды. Осыған орай мынадай мәселелерге көңіл бөлінді:
- Тіл дамыту мәселесінің жүргізілуін анықтау. Онда мынадай жұмыстар қамтылды:
– тіл дамытудың оқу бағдарламаларында берілуі;
– бағдарламаға сай орта мектеп оқулықтарында тіл дамыту мәселесінің қамтылу сипаты;
– жоғары оқу орындарына арналған оқулықтар мен әдістемелік еңбектерде тіл дамыту мәселесінің берілісі т.б.
Қорыта келгенде, анықтау, оқыту, қорыту эксперименттерінің нәтижесі зерттеу барысында морфологияны оқыту арқылы студент тілін дамытуға қатысты ұсынылған әдістемелік жүйенің, жасалған ғылыми болжамның тиімді екендігін байқатты. Эксперимент нәтижесі: а) студенттердің эксперимент алдындағы жауаптары талапқа сай болмады, оған себеп – жоғары оқу орнында қазақ тілінің салаларын оқытқанда тіл дамытуға көңіл бөлінбейтіндігі, мектепте басталған тіл дамыту жұмысының жоғары оқу орнында жалғаспайтындығы дәлел. Ал жоғары білімді маман әсіресе қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғаліміне қойылар талап өте жоғары. Сондықтан студенттерді шебер, жүйелі сөйлеуге дағдыландыру үшін қазақ тілінің морфология саласының теориялық материалдары тіл дамыту жұмыстарымен ұштастырыла жүргізілуі тиіс. Ол үшін морфологияға берілетін сағат санын көбейту қажет деп есептейміз. Сондай-ақ тіл дамыту жұмысы нәтижелі болу үшін дәрісханадан тыс жұмыстарды да жүйелі өткізіп отыру қажеттігін эксперимент дәлелдеді.
Тіл дамытудың дифференциация мен интеграция ұстанымы. Ғалымдар тілдік әрекеттің әрқайсысының өзіндік тәсілдері, ерекшеліктері бар екендігін айтады. Мысалы, ауызша сөйлеу тілі мен жазбаша тілдің айырмашылықтары т.б. Студент тілін дамытуда оның сөйлеу тіліне яғни мәдениетті сөйлеуіне тереңірек көңіл бөліп, түрлі әдіс-тәсілдерді пайдалануға болады. Сол сияқты жазбаша тілге қатысты жұмыс түрлеріне баса назар аударылады. Студент тілін дамытуда бұл екі мәселе тығыз бірлікте алынып, интеграция жолымен де жүргізіледі. Болашақ қазақ тілі мен әдебиетінің маманы екі пәнді де оқытатындықтан, тіл дамыту жұмысын көркем әдебиетпен байланыстырып, яғни әдеби шығармаларды пайдаланып, интеграция жолымен жүргізілген жұмыстар нәтижелі болады. Олай болса, дифференциация мен интеграция ұстанымы сөйлеу әрекетінің ерекшеліктерін ескеріп, олардың әрқайсысының айырмашылықтарына қарай тереңдетіліп жүргізіледі, ал тіл дамытуда тілдік бірліктер мен әдеби шығармаларды қатар қолдану тиімді болады.
Белсенділік ұстанымы. Студенттер тілін дамыту, ең алдымен, олардың өздерінің белсенділіктеріне байланысты. Өйткені әр студент өзінің сөйлеу мәдениетін арттыруға, болашақ кәсіби шеберлігін жетілдіруге талпынбаса, белсенділік танытпаса, сөздік қорын толықтырып, жүйелі, мазмұнды сөйлеуге үйрене алмайды. Белсенділік таным процесінің басты сипаты ретінде белгілі бір жағдайлар арқылы іске асырылады. Студенттің шебер сөйлеу белсенділігі оның тілге деген сезімінің оянуына байланысты. Ондай қызығушылықты туғызуда сабақ кезінде тіл дамыту мақсатына сәйкес ұйымдастырылған жұмыстардың жүйелілігі, тартымдылығы басты рөл атқарады. Оқытушының студентті көркем де шешен сөйлеуге ынталандыратын түрлі әдістерді орынды пайдалана білуінің ықпалы күшті. Сабақта және сабақтан тыс кезде ұйымдастырылатын тіл дамыту мақсатындағы жұмыстар студенттердің эмоционалды белсенділігін оятатындай деңгейде болуы тиіс. Іскерлік ойындар, ойталқы, ойбөліс секілді әдістерді тиімді пайдаланғанда, студент белсенділігі арта түсетіндігі тәжірибеде анықталды.
Тіл дамытудың тіл салаларымен байланысы ұстанымы. Тіл дамыту тіл білімінің салаларымен байланысты жүргізіледі, тіл білімінің теориялары тіл дамытуға негіз болады. Тіл дамытуды басқаша айтсақ, тілдік бірліктерді дұрыс қолдану дағдысы деуге болар еді. Демек, тілдік бірліктерді сөйлеуде дұрыс, орынды қолдана білу қажет Бұл тіл дамытудың тіл білімінің салаларымен байланысын дәлелдейді.
Кешенді ұстаным. Тіл дамыту – қазақ тілін оқыту әдістемесіндегі өте күрделі мәселе. Өйткені тіл дамытудың өзіндік мазмұны, оқыту құралдары, студент тілі дамуының деңгейін бағалау өлшемдері болуы қажет.
Жоғары оқу орнында студенттерге теориялық білім берумен қатар олардың сөйлеу тілінің сапасын арттыру кешенді жүргізілген жұмыстар арқылы іске асады. Сондықтан тіл дамыту бағыттары кешенді жұмыстар бойынша жүргізілуі қажет. Ондай жұмыстар морфологиялық жаттығулар, іскерлік ойындар, ойталқы, ойбөліс, шығармашылық т.б. тапсырмалар кешенді түрде орындалса ғана нәтижелі болады. Мұндай тапсырмалар студенттің өзінің сөйлеген сөзіне мән беріп, сөзінің мазмұндылығы, баяндауының жүйелілігі, мәнерлілігі, сөздік қорының байлығы, бейнелі сөздерді пайдалануы секілді шеберліктерді игеруіне ықпал етеді. Сөйтіп, студент тілдік қатынас кезінде тілдік құралдарды таңдап, жүйелі сөйлеуге төселеді. Студенттің жеке тұлға ретіндегі мәдениеті, ой-өрісі, дүниетанымы әдеби тілде сауатты сөйлей білуі – болашақта жақсы маман болуының кепілі. Ол өз ойын жүйелі де сенімді түрде жеткізе білуге, пікірін дәлелдей білуге дағдылануы қажет. Бұл талаптардың бәрі тіл дамыту жұмыстары кешенді жүргізілгенде ғана жүзеге асады. Олай болса, кешенді ұстанымның шарттарын былайша тұжырымдауға болады: ауызша, жазбаша тіл дамыту мақсатын көздеуі тиіс; кешенді жұмыс түрлері толықтырылып отырылуы қажет; кешенді жұмыстар үздіксіз тіл салаларын оқытуда тіл дамытумен бірлікте жүргізілуі керек; кешенді жұмыстар сөздік қорды байытудың басты тәсілі болуы тиіс.
Тілдік норманы қалыптастыру ұстанымы. Белгілі ғалым М.Балақаев тілдік нормаға «тілдегі бірізділік, тіл материалдарын нормалау деген сөз, белгілі бір тәртіп, заңдылыққа бағындыру», — деген анықтама бере келіп, тілдік бірліктердің ерекшеліктерін әр адамның терең түсіне білуі әдеби тіл нормасының бұзылмауына ықпал ететіндігін де ескерткен. Студент тілін дамытуда тілдік норманы қалыптастыру ұстанымы басшылыққа алынуы тиіс. Тілдік норманы қалыптастыру сабақта және сабақтан тыс жүргізілетін жұмыстардың бірізділігінен, жүйелілігінен көрінеді. Сондай-ақ бұл ұстаным басқа ұстанымдармен тығыз бірлікте анықталады. Әсіресе тілдік норманы қалыптастыру ұстанымы кешенді ұстаным арқылы ашылады. Себебі кешенді жұмыстар кезіндегі тіл дамытуда тілдік нормалар басты негіз бола алады. Тілі жетілген, әр сөздің стильдік қызметіне мән беретін, сөйлеу шеберлігі қалыптасқан студент өз ойын жазба түрде де жүйелі жеткізе алатын болады. Сонымен, тілдік норманы қалыптастыру ұстанымының шарттарына мыналарды жатқызуға болады: сөйлесімде де, жазылымда да тіл нормаларын сақтау – тіл дамытудың басты тірегі; тілдік жүйе мен тілдік норманы үнемі назарда ұстау керек; сөздің стильдік қызметіне, эстетикалық сипатына мән беру қажет.
Тіл морфологиясы
«Жоғары оқу орнында морфологияны оқыту арқылы студенттер тілін дамытудың ғылыми-әдіснамалық негіздері» атты екінші тарау төрт тармаққа жіктеледі: 1.Тіл дамыту әдістемесінің лингвистикалық негізі. 2.Жоғары оқу орнында тіл дамыту әдістемесінің психологиялық негізі. 3.Жоғары оқу орнында тіл дамыту әдістемесінің педагогикалық негізі. 4.Жоғары оқу орнында студент тілін дамытудың шешендіктану негізі.
Жоғары оқу орындарында тіл ғылымы салаларынан теориялық білім беріліп, қазақ тілі мен әдебиеті мамандары дайындалады, бірақ сол болашақ мамандарды шебер сөйлеуге үйрету, төселдіруге мән берілмейді. Осы орайда Б.Хасанұлының «Лингвистиканың, қазақша айтқанда, тіл білімінің арқауы – тіл», — деген пікірі өте орынды айтылған. Олай болса, болашақ жас маман лингвистиканы, тіл білімін меңгерумен бірге, оның арқауы–тілді де жетік меңгеруі тиіс. Ол жоғары оқу орнының жоспарынан орын алуы керек. Б.Хасанұлының «оқу бағдарламасында «ана тілі» жөнінде арнайы бап кездеспейді» деген ренішінің орынды екенін мойындаймыз. Студенттің ана тілін дамыту бағдарламадан орын алса, сөйлегенде, жазғанда ойын жеткізуге қиналатын студент болмас еді. Бұдан студент тіл теориясын біліп қана қоймай, оны сөйлеуде қолдана білуі керек деген қорытынды шығады. Олай болса, студентке тіл теориясын үйрету қандай қажет болса, ол білімді тәжірибеде қолдануға дағдыландыру да сондай қажет.
Қазіргі кезде тіл дамыту мәселесіне ерекше мән беріліп отыр. Рас, ол мәселе тек қазір ғана көтеріліп отырған жоқ, оның өзіндік тарихы бар. Тіл дамытудың жоғары сатысы – тіл мәдениеті, мәдениетті сөйлеу. Тіл мәдениетін арнайы зерттеген ғалым – М.Балақаев. Ол «Өнер-білімге қанық адамдардың екпінді еңбегі нәтижелі болу үшін, тіл жұмсау дағдысы да соған сәйкес болу керек… бастауыш, орта мектепті, тіпті жоғары оқу орнын бітірген жастар да: -Ал, мен де тіл мәдениетін жете меңгеріп шықтым, -дей алмайды. Өйткені, оған жету төте жол емес, асқар асулары бар қиын жол, оның байлығы–біртегіс жеңіл-желпі байлықтар емес, ғасырлар бойы даму, жетілу тарихында ескілік пен жаңалық ұласқан… байлықтар» [4, 233-б.],- деп, оның асылын таңдап қолдана білу керек деп санайды. Ол үшін тіл өнеріне жастайынан әуестік, ынта қалыптасуы қажет екендігін айтқан. М.Балақаев мәдениетті, әдеби тілде сөйлеу білімді, мәдениетті адам межесі деп есептейді. Тіл мәдениетінің нормалары сөз байлығы мен олардың мағыналарында, грамматика мен оның құрылымында, стилистика мен стильдер тармақтарында, орфоэпия мен орфографияда және пунктуация мен әріптердің орналасу тәртібінде деп, олардың бәрінің тіл мәдениетіне, тіл дамытуға қатысын ескерткен. Олай болса, тек грамматиканы оқыту арқылы, тек сөздік қорды байыту арқылы шебер сөйлеуді қалыптастыру мүмкін емес. Бай сөздік қорды грамматикалық заңдылықтар бойынша қолдана білуге үйрету арқылы әсерлі, әдемі сөйлеуді қалыптастыруға болады.
Демек, жоғары оқу орнында тіл теориясын, заңдылықтарын үйретумен бірге, оны тәжірибеде қалай пайдалана білуді де қалыптастыру қажет. Бұдан әдеби тілде сөйлеуге үйрену – екі жақты құбылыс екені анықталды. Осымен байланысты тіл дамыту жоғарыда М.Балақаев көрсеткендей, тіл білімінің барлық саласымен байланысты. Сондықтан да тіл дамытудың ғылыми негізі лингвистика яғни тіл білімі болып саналады.
Морфология – грамматиканың үлкен саласы, сондықтан ол қамтитын мәселелердің барлығы тіл дамытуға қатысты. Өйткені морфологияның нысандары – олардың тілде қолданылу заңдылықтарының қорытындысы. Тіл дамыту сөйлеуде тіл заңдылықтарын дұрыс сақтап, тіліміздің морфологиялық заңдылықтары бойынша сөйлеуді қалыптастыруды көздейді. Сондықтан тіл дамыту жұмысы грамматикалық заңдылықтармен байланысты жүргізілуі тиіс. Морфологияны оқытуда студенттер тілін дамыту жұмыстарында сөз мағыналары, сөз тіркесі, сөйлем, мәтін туралы тіл білімінің дәлелденген тұжырымдары басты рөл атқарады. Осыған орай морфологиялық тұлғаларды студент тілін дамыту мақсатына сай сөйлеу тәжірибесінде қолдануға септігі тиер білім мазмұнын нақтылау көзделді. Студенттер тілін морфологияны оқыту арқылы дамытуда олардың сөз мағыналарын жетік біліп, сөйлеу кезінде дұрыс пайдалануға дағдыландыру, сөздік қорларын байыту – ең басты жұмыс. Сондықтан морфологияны оқыту арқылы тіл дамытуда лексикология ғылымының жетістіктері басшылыққа алынды.
Морфологияны оқыту арқылы тіл дамыту жұмыстарын жүргізгенде жаттығу материалдарында фразалық тіркестер, мақал-мәтелдер, бейнелі сөздер кеңінен қолданылды. Мысалы, сөздің грамматикалық мағынасына қатысты практикалық сабақта мақал-мәтелдерді пайдалану арқылы сөздердің лексикалық және грамматикалық мағыналарын тапқызу студенттің грамматикалық мағынаны түсінуіне әрі сөз байлығын арттыруға мүмкіндік береді. Немесе, берілген сөздерді (мысалы, ерлік, тәрбие, жүрек, ел, батыр т.б.) грамматикалық көрсеткіштер арқылы түрлендіріп, сол сөздер туралы мақалдарды тауып жазғызу да студенттің морфологиялық тұлғаларды ажырата отырып, сөздік қорының жетілуіне әсер етеді. Шешен билер сөздерінен үзінділер алып, ондағы әр сөздің грамматикалық мағыналары қай сөз табына қатысты екендігін айтқызуда да грамматикалық тапсырманы орындаумен қатар, билер сөзінің мәніне көңіл аудару студент тілінің толығуына әсер етеді. Студенттер мұндай тапсырмаларды қызыға орындап, әрі грамматикалық мағынаның ерекшеліктері туралы білімдерін бекітуге, әрі мақал-мәтел, шешендік сөздер арқылы сөздік қорларын толықтыруға ықпалы болды.Тәжірибеде морфологиялық тақырыптардың әрқайсысына қатысты жаттығу, тапсырмаларда синоним, антоним, омоним сөздерді, ауыспалы мағынадағы сөздерді көбірек қолданып, жаттығу мәтіндеріндегі сөздерге морфологиялық талдау жасата отырып және ретіне қарай ол сөздермен мағыналас, қарсы мағынадағы немесе омоним болып келетін сөздерді тапқыздырту секілді жұмыстар жүргізілді. Осындай бағыттағы тапсырмалар антоним сөздерге де қатысты жүргізілді. Ғалымдар Ә.Болғанбайұлы мен Ғ.Қалиұлы «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» атты оқулығында «Антонимдер өзара алшақ қарама-қарсы ұғымды білдіретіндіктен, бұлардың әр сөз табына қатысы нақ бірдей емес, ала-құла деген сөз. Бір сөз табы антонимге соншама бай да, енді біреулері соншалықты кедей, не болмаса тіптен кездеспеуі де ғажап емес. Қазақ тілінде антонимдер көбіне–көп сын есімдерден болады, онан соң етістіктер, зат есімдер, үстеулерден азды-көпті кездеседі. Ал қалған сөз таптарынан жасалған антонимдер тым тапшы, жоқтың қасы»,-деп көрсеткен. Ал Н.Оралбай сапалық сын есімдердің тағы бір қасиеті олар бір-бірімен антонимдік қатар құрайды, бұл қасиет қатыстық сын есімдерде жоқ екендігін, яғни сын есімнің нақты қай тобында антонимдік қатар болатындығын айтқан. Бұдан сөз таптарының ішінде, негізінен, сын есімдерде антонимдік қатарлар жиі кездесетіндігі, ал қалған сөз таптарында сиректеу болатындығы байқалды.
Тіл дамыту ісінде студенттердің байқау қабілетінің де маңызы зор. Студенттер заттардың, құбылыстардың ерекшеліктерін түсініп, ажырату үшін оларды байқауға, байқағыштыққа үйрету керек. Психологтардың пікірінше, байқау дегеніміз – белгілі мақсат пен объектіні әдейілеп қабылдау. Байқағыштық студенттерді өздері бақылаған құбылыстар мен заттардың ерекшеліктерін ажыратуға, түсінуге, олардың арасындағы айырмашылықтар мен байланысты таба білуге жетелейді. Бақылау жұмыстары арқылы студенттер зейін қойып, зерттеп түсінген құбылыстары жайында өз ойларын жазбаша да, ауызша да жеткізе алады.
Тіл дамыту студенттер бойында шебер, әдеби тілде сөйлеу дағдысының дұрыс қалыптасуына байланысты. Ол үшін дидактикалық ұстанымдарды таңдай білу қажет. Сол ұстанымдарды басшылыққа алып жұмыс жүргізілгенде, нәтиже ойдағыдай болмақ, яғни қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде морфология саласы бойынша берілетін теориялық мәліметтер мен тіл дамыту жұмыстары дидактика заңдылығына сүйеніп қатар жүргізілуі тиіс. Дидактикалық ұстанымдар жүзеге асырылғанда ғана жұмыс нәтижелі болатындығы тәжірибеде анықталды.
Қорытынды
Жоғары білім қоғамның әлеуметтік және экономикалық жағынан дамуының шешуші факторы болып отырған кезде кәсіби білімі мен сөйлеу шеберлігі жетілген маман даярлау педагогикалық оқу орындары алдындағы басты міндет болып табылады. Жоғары оқу орнында болашақ қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдерін даярлауда олардың пәндер бойынша игеретін базалық білімімен қоса сөздік қоры, әдеби тілде сөйлеу дағдысы қалыптасуына ерекше талап қойылады. Бұл межеге жету үшін жоғары мектепте қазіргі қазақ тілінің салаларын оқытуда тіл дамыту жұмысы қатар жүргізілуі қажет. Жоғары оқу орнында қазіргі қазақ тілінің морфология саласын оқыту арқылы тіл дамытудың ғылыми-әдістемелік негіздерін тұтас, жүйелі құбылыс ретінде қаратыра отырып, мынадай қорытындылар жасауға болады:
– осы уақытқа дейін жоғары оқу орындарында морфологияны оқыту арқылы студент тілін дамытудың әдістемелік жүйесі жасалмаған;
– ғылыми пәнге байланысты оқулықтар мен оқу құралдарында тіл дамыту мәселесі өз дәрежесінде ескерілмеген;
– қазіргі қазақ тілінің морфология саласын оқыту арқылы тіл дамытудың тиімді әдіс-тәсілдері анықталмаған. Студенттердің сөйлеу шеберліктерін жетілдіру жағы елеусіз қалдырылған. Сондықтан жоғары оқу орнында студенттер тілін дамытудың жаңа технологияға негізделген жолдарын дәйектеу қажет. Осыған орай оқыту үрдісінде студенттің теориялық білімді игеруі мен әдеби нормаға сай, жүйелі де мазмұнды сөйлеуге дағдылануын, сөздік қорының жеткілікті болуын қалыптастыру мәселелері кешенді түрде жүргізілуі тиіс. Сонымен, зерттеу барысында алынған нәтижелерді қорытындылай келе мынадай тұжырымдар жасалды:
- Қазіргі кезде білім беру саласының басты міндеті – бүкіл қоғамымызды топтастырып отырған мемлекеттік тіл ретінде қазақ тілін оқыту сапасын арттыру. Бұл ретте болашақ қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімін даярлайтын жоғары оқу орнында студенттер ғылым салаларынан теориялық біліммен қатар әдеби тілдің ауызша, жазбаша нормаларын да, оның сөздік қорын да меңгере білулері тиіс. Жеткілікті сөздік қор, дұрыс сөйлеу дағдылары студенттің келешек кәсіби шеберлігінің басты көрсеткіші болады.
- Мамандар даярлау сапасын арттыру студенттің жоғары оқу орнында игерген білімін іс жүзінде нәтижелі пайдалана білуіне байланысты. Жоғары мектепте ғылым салаларын оқыту кезінде теориялық білім мен дұрыс сөйлеу дағдыларын меңгерту белгілі бір қағидалар арқылы жүзеге асады. Морфологияны оқыту барысында студенттер тілін дамыту бағытындағы әдістемелік жүйе арнайы ұстанымдарға сүйенетіндігі дәлелденді.
- Морфологияны оқыту арқылы студенттер тілін дамыту оларды ана тілінің сөз байлығын қадірлеуге ықпал етеді, халықтың тіліндегі ғасырлар бойы жинақталған көркем, бейнелі сөздерді меңгеруге жетелейді. Мұның барлығы морфологияны оқытуды дәрісханалық және сабақтан тыс жұмыстар кезінде іске асырудың әдістемелік жүйесінен айқын көрінді.
- Жоғары оқу орнында студенттерді ғылыми жұмысқа баулу арқылы да тіл дамытуды іске асыруға болатындығы анықталды. Студенттерді жаңа ғылыми терминдермен танысып, сөздік қорларын байытуға мүмкіндік беретін, ғылыми стильге жаттықтыратын ғылыми жұмыс түрлерінің жүйесі ұсынылды.
- Студентті кәсіби шебер сөйлейтін маман болуына дағдыландыру оқытудың жаңа технологияларына негізделіп қолданылған тіл дамыту әдістері арқылы жоғары нәтижеге жетуге болатындығын байқатты. Зерттеудің нәтижесінде оқытудың қатысымдық, көрнекілік, өлкетану әдістерінің тиімді екендіктері айқындалды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1 Тілдерді қолдану мен дамытудың 2001-2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы // Ана тілі. 15.02.2001. -№ 7. -1 б.
2 Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасы // Егемен Қазақстан. 26.12.2003. -№ 332. -333 б.
3 Оразбаева Ф. Тілдік қатынас. -Алматы: Сөздік – Словарь, 2005. -272 б.
4 Балақаев М. Тіл мәдениеті және қазақ тілін оқыту. –Алматы: Мектеп, 1989. -95 б.
5 Алтынсарин Ы. Таза бұлақ. Оқу-әдістемелік шығармалар. -Алматы: Жазушы, 1988. -314 б.
6 Байтұрсынов А. Тіл тағылымы. -Алматы: Ана тілі, 1992. -448 б.
7 Шонанұлы Т. Білім кеңесінің програмы және 1-басқышта ана тілі. Жаңа мектеп, -1929. -№ 9. -18-22-б.
8 Сарыбаев Ш.Х. Қазақ тілі методикасының кейбір мәселелері. -Алматы, 1959. -99 б.
9 Жиенбаев С. Қазақ тілін оқыту методикасы. -Алматы: Қазақстан мемлекеттік баспасы, 1946. -115 б.
10 Бегалиев Ғ. Бастауыш мектептегі қазақ тілі методикасының мәселелері. -Алматы: ОҚБ, 1956. -190 б.
11 Рахметова С. Бастауыш класс оқушыларының тілін дамытудың ғылыми-әдістемелік негіздері. Педагог.ғыл.докт…дисс.автореф. –Алматы: Абай атындағы АлМУ, 1994. -62 б.
12 Әбдікәрім Т. «Әліппе» мен «Ана тілі» оқулықтарында мәтін түзудің ғылыми-әдістемелік негіздері. Педагог.ғыл.докт…дисс.автореф. –Алматы: Абай атындағы ҚазҰПУ, 2007. -48 б.
13 Құрманова Н. Сөз тіркесін оқыту барысында оқушылардың тілін дамыту әдістемесі. –Алматы: Ротапринт КазНИИЭО АПК, 1998. -29 б.
14 Жапбаров А. Қазақ тілін оқыту арқылы тіл дамытудың әдіснамалық және әдістемелік негіздері (V-ІХ сыныптар). Педагог.ғыл.докт… дисс.авторефер. –Алматы: Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық институты, 2004. -50 б.
15 Балақаев М. Қазақ әдеби тілі және оның нормалары. –Алматы: Ғылым, 1984. -181 б.
16 Хасанұлы Б. Ана тілі – ата мұра. -Алматы: Жазушы, 1992. -269 б.
17 Болғанбайұлы Ә., Қалиұлы Ғ. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. –Алматы: Санат, 1997. -256 б.
18 Селевко Г.К. Энциклопедия образовательных технологий. -М.: Народное образование, 1998. –С. 816.