АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

Реферат. Валюта каз

 

 Жоспар:

 

  1. Кіріспе.
  2. Негізгі бөлім.
  • Валюталық нарық және валюта жүйелері.
  • Валюталық операциялар.
  • Валюталық операцияларды реттеу нысандары
  • Валюталық бақылаудың тиімділігі
  1. Қорытынды

 

 

 

 

 

 

 

 

     Валюта – мемлекеттердің заңды төлем құралы ретінде қабылданған ақша бірлігі немесе банкноттар, қазынашылық билеттер мен тиындар, соның ішінде қымбат металдардан жасалған тиындар (айналымнан алынған немесе алынатын, бірақ айналымда жүрген ақша белгісімен айырбастауға жататынын қоса алғанда) түріндегі қолма-қол және аударым нысандарындағы құнының ресми стандарттары, сондай-ақ шоттардағы, соның ішінде халықаралық ақша немесе есеп айырысу бірліктеріндегі қаражат.

     Шарушылық жағдайларын интернационалдандыру және әлемдік еңбек бөлінісін күшейту халықаралық нарықтың құрылуына себепші болды. Өндіріс күштерінің дамуы мен ішкі нарықтағы өркенделген салалардың өнімін сатуда туындайтын қиындықтар, тауарлар тасымалы жағдайларын жетілдіру – міне осылардың бәрі әлемдік сауда-саттық байланыстарының кеңеюіне әсер етті. Әлемдік тауар айналымының дамуы мұнай, машина жасау, ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі салаларының өнімдерін сатудың ұлғаюына байланысты болды.

     Халықаралық экономикалық қатынастарда өндіріс пен капиталды интернационалдандыру ішкі сауда айналымындағы шектеуді азайтуды, оның жолындағы кедергілерді жоюды, яғни ішкі сауда-саттықты босаңдатуды талап етті. Өз тауарларының сыртқы нарықта кедергісіз қозғалыста жүруіне транскорпорациялардың қызығушылығы күшті болды. Олардың дамушы мемлекеттердің тауарларын нарыққа түсуін жеңілдетуі, сондай-ақ интернационалдық өнеркәсіп кешені аумағындағы ішкі корпорациялық тауар айналымының ұлғаюы – ресурстарды толық және тұрақты қолдануға қол жеткізгендіктің айғағы.

     Әлемдік шаруашылық байланыстағы өнеркәсібі дамыған мемлекеттердің өзара қарым-қатынастарының тереңдеуі және кеңуі осы елдердің экономикалық жағдайын анықтайтын барлық факторлардың — өндіріс пен әлемдік айырбастың, жалақы мен бағаның өсу қарқынына зор әсер етті. Әлемдегі елдердің шаруашылық қарым-қатынастарына тауарлар, қызмет, капитал және несие легі жылдан-жылға ұлғая түсуде. Ұлттық қоғамдық ұдайы өндіріс процесінде қалыптасқан тауар айналымы тұрақты түрде әлемдік нарыққа ұласады және де әрбір егемен мемлекеттің заңды төлем құралы болып оның ұлттық ақшасы саналады. Халықаралық тауар айналымында, әдетте, шетел валютасы қолданылады. Бұл әлемдік шаруашылықта жалпы бүкіл мемлекеттерге міндетті деп танылған халықаралық несие ақшасының әзірше жоқтығынан.

     Елдердің әлемдік шаруашылыққа интеграциялануы ақша капиталының бір бөлігінің ұлттық ақшадан шетел валютасына және керісінше айналуын туындатады. Ол халықаралық валюта, есеп айырысу және несие-қаржы қатынастарында жүзеге асады.

     Валюта қатынастары — әлемдік шаруашылықта валюта айналымынан қалыптасатын қоғамдық қатынастар жиынтығы, олар ұлттық шаруашылықтың нәтижесін (тауардың, қызметінің) өзара айырбасталуына қызмет етеді. Валюта қатынастарының кейбір элементтері көне дәуірде (ежелгі Египетте, Римде) вексель және айырбасталу істері ретінде пайда болған. Валюта қатынастарының туындауы ұдайы өндіріске байланысты болғанымен оған, өз кезегінде, өндірістің тұрақтылығы дәрежесіне қарай керісінше де әсер етеді. Валюта қатынастары құқықтық нормалармен және ережелермен реттеледі.

     Сыртқы экономикалық байланыстардың дамуына қарай валюта жүйесі пайда болды. Валюта жүйесі – ол экономикалық көзқарас тұрғысынан – шаруашылық байланыстардың  интернационалдандыру негізінде тарихи қалыптасатын валюта-экономикалық қатынастар жиынтығы; ал ұйымдық-заңдылық тұрғысынан – ол белгілі бір қоғамдық-экономикалық формация шегінде мемлекеттік-құқықтық түрде ұйымдасқан валюта-экономикалық қатынастар.

     Тарихта үш түрлі: ұлттық, дүниежүзілік және мемлекетаралық немесе аймақтық валюта жүйесі қалыптасқан. Алғашқыда елдің ақша жүйесінің құрамдас бір бөлігі ретінде ұлттық валюта жүйесі пайда болды.

     Ұлттық валюта жүйесі деген қоғамдық ұдайы өндірісті қалыптастыруға және халықаралық төлем айналымын қамтамасыз етуге қажетті валюта ресурстарын пайдаланатын экономикалық қатынастардың жиынтығы. Ұлттық валюта жүйесі ұлттық валютаға негізделіп құрылады. Ұлттық валюта – елдің ақша бірлігі. Ол қолма-қол формада (банкнота, монета) және қолма-қол емес формада (банктік шоттардағы ақша қалдығы) болады. Оның эмитенттері ұлттық орталық банк және коммерциялық банктер. Ұлттық валюта жүйесінің элементтері төмендегілер:

  • ұлттық валюта;
  • ұлттық валютаның шетел валютасына айырбасталу жағдайлары, яғни айырбасталудың екі түрлі болуы:

а) шетел валютасына шектеусіз еркін айырбасталатын валюта (АҚШ доллар, евро, жапон иенасы, ағылшын фунт стерлинг)

ә) жарым-жартылай айырбасталатын валюта (ресейлік рубль, т.б.)

б) айырбасталмайтын (тұйық) валюта;

  • валюталық паритеттің бірдейлік ережесі – валюталардың алтын құрамына байланысты өзара қатысы. Ақша өлшемінің алтын мазмұнына негізделген ондағы алтын паритеті алынып тасталды.

 

     Дүниежүзілік валюта жүесі деген халықаралық валюта қатынастарының ұйымдастыру формасы, яғни ол – халықаралық несие-қаржы институттарымен халықаралық шарт және мемлекеттік құқық нормасы кешендерін біріктіретін жүйе. Бұл ереже-шарттардың негізгі міндеті – халықаралық сауда-саттық процестерін жеңілдету, саудаға қатысушы фирмалардың іс-әрекеттерінің тиімділігін камтамасыз ету. Жалпы валюта жүйесі халықаралық экономикалық және сауда қатынастарын ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік  туғызуы қажет. Басқа жағынан, оның мақсаты – кейбір мемлекет пен үкіметтер жағынан болып тұратын әр түрлі валюталық шектеуді және тамыр-таныстық (протекционизм) әрекеттерді түп-тамырымен құртуға мүмкіндік жасау.

     Валюта жүйесі әлемік шаруашылық байланыстарда дербес роль атқарады. Ол өндірістің даму қарқынына, халықаралық айырбастың көлеміне, баға саясаты мен жалақыға әсер етеді. Дүниежүзілік валюта жүйесі елдер арасындағы ақша-есептесу қатынастарын, сондай-ақ қатысушы елдердің әрқайсысының ішкі ақша айналымын қамтиды.

     Ұзақ тарихи дамудың нәтижесінде дүние жүзілік валюта жүйесінің негізгі элементтері қалыптасты. Олар:

  • әлемдік ақшаның міндетті формасы (алтын, резервтік валюта, халықаралық валюталық өлшем);
  • валюталардың айырбасталу шарттарын белгілеу;
  • валюталық паритет пен валюта бағамы тәртібін үйлестіру;
  • валюталық шектеу көлемін тәртіптеу;
  • халықаралық валюта өтімділігінің құрамдас бөліктерін белгілеу;
  • халықаралық несиелік айналым құралдарын қолдану тәртібін үйлестіру;
  • әлемдік валюта нарығы мен алтын нарығының ережесі;
  • мемлекетаралық реттеу институтының статусы – 1944 жылдан Халықаралық Валюта Қоры бекітілді.

 

     Аймақтық валюта жүйесі (ЕВЖ) – дүние жүзілік валюта жүйесінің шеңберінде Батыс Еуропаның өнеркәсібі дамыған мемлекеттерін біріктіретін ұйым. Ол 1957 жылы Рим шарты бойынша құрылған “Жалпы нарық” одағындағы мемлекеттердің экономикалық және валюталық ынтымағының дамуынан бастау алып, 1979 жылы құрылды. Оның мақсаты – ынтымақтастық процесін ынталандыру, еуропалық саяси, экономикалық және валюта одағын – Еуропалық одақ (ЕО) құру, Батыс Еуропаның позициясын күшейту. Еуропа валюта жүйесінің элементтері дүние жүзілік валюта жүйесінің элементтеріне дәл келеді.

     Дүниежүзілік валюта жүйесінің ерекшеліктері мен тұрақтылығы оның құрылымдық принциптерінің әлемдік шаруашылықтың құрылымы принциптеріне, әлемдік тұрғыда күштердің орналасуына және басшы елдердің мүддесіне сәйкестік деңгейімен байланысты өзгереді. Бұл принциптер сәйкес немесе дүниежүзілік валюта жүйесі әлсін-әлі дағдарысқа ұшырап, оның ыдырауымен және жаңа валюта жүйесінің құрылуымен ұштасады.

 

Валюталық операциялар

 

     Валюталық операциялар – 1) меншік құқығының және өзге де құқықтардың валюталық құндылықтарға ауысуына байланысты операциялар; 2) валюталық құндылықтарды кез келген тәсілмен белгіленген елге әкелу және жөнелту, сондай-ақ белгіленген елден әкету және жөнелту болып табылады.

     Валюталық операциялар ағымдағы операциялар және капитал қозғалысына байланысты операциялар болып бөлінеді.

    

  Ағымдағы операциялар:

 

  • тауарлар, жұмыстар және қызметтер үшін төлемнің не аванс төлемінің мерзімін 120 күннен аспайтын мерзімге ұзартуды көздейтін экспорт-импорт мәлімелері бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыруға арналған аударымдар;
  • 120 күннен аспайтын мерзімге кредиттер беру және алу;
  • салымдар (депозиттер), инвестициялар, заем және өзге операциялар бойынша дивиденттерді, сыйақыларды және өзге кірістерді аудару және алу;
  • гранттарды қоса алғанда, сауда сипатына жатпайтын аударымдар, мұрагерлік соманы, жалақыны, зейнетақыны, алименттерді және басқа сомаларды аудару;
  • осы заңмен капитал қозғалысына байланысты операцияларға жатқызылмайтын барлық өзге де валюталық операциялар болып табылады.

 

  Капитал қозғалысына байланысты операциялар:

 

  • инвестицияларды жүзеге асыру;
  • интеллектуалдық меншік объектілеріне ерекше құқықты толық беруді көздейтін мәлімелер бойынша есеп айырысуды жургізуге арналған аударымдар;
  • жылжымайтын мүлікке мүліктік құқықтарды төлеуге аударымдар;
  • тауарлар, жұмыстар және қызметтер үшін төлемнің не аванс төлемінің мерзімін 120 күннен аспайтын мерзімге ұзартуды көздейтін экспорт-импорт мәлімелері бойынша есеп айырысуларды жүзеге асыруға арналған аударымдар;
  • 120 күннен аспайтын мерзімге кредиттер беру және алу;
  • өздері тіркелген мемлекеттердің заңдары бойынша банк операцияларын жүзеге асыруға құқығы бар шетел банкілерінде және өзге де қаржылық ұйымдарда салымдарды (депозиттерді) жүзеге асыру;
  • зейнетақы активтерін жинақтауға байланысты мәмілелер бойынша халықаралық аударымдар;
  • жинақтау сипатындағы сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша халықаралық аударымдар болып табылады.

 

 

 

 

 

Валюталық операцияларды реттеу нысандары

 

     Валюталық реттеу – уәкілетті мемлекеттік органдардың (валюталық реттеу органдарының) елдің төлем балансын нығайту, ұлттық валютаның тұрақтылығын, ішкі валюта рыногын дамытуды қамтамасыз ету мақсатында валюталық операциялар жүргізу тәртібін белгілеу және оның сақталуын бақылау жөніндегі қызметі.

     Қазіргі кезде шетел валютасын пайдалануға және капиталдың трансшекаралық қозғалысына шектеулер қою орын алды, әрі көптеген дамушы елдерде және өтпелі экономикасы бар елдерде де сақталып отыр. Әлдеқайда дамыған Еуропалық одақ елдерінде, Жапония мен АҚШ-та да мұндай жылдар болды, олар өз дамуының белгілі бір кезеңінде (60-70 жылдары) капитал ағындарын бақылаудың түрлі нысандарын қолданды. Валюталық режим шектеулерінің сақталу себептеріне байланысты олардың нысандарында айырмашылықтар болды. Валюталық операцияларды реттеу режиміне қолданылатын тәсілдер Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде 90-шы жылдары орын алған капиталдың күрт әкетілуіне жауап ретінде уақытша қажеттілікке қарай шектеулер енгізуге тікелей байланысты болып отыр. Мұндай жағдайда ұлттық валютаға қарсы алып-сатарлықтың жолын бөгеу, валюта рыногының тұрақтандыру және халықаралық резервтерге қысым жасауды төмендету мақсатында, капиталдың әкетілуіне байланысты операциялар жүргізуге толық тыйым салуға дейін барынша қатаң әкімшілік шектеулер пайдаланды.

     Қысқа мерзімді капиталдың мол ағынына тап болған елдерде оның ұлттық валютаның айырбас бағамына қысымын төмендету мақсатында, егер инвестициялар елде 1 жылдан аз уақыт болған жағдайда, саладан белгілі бір пайыз ұстай отырып, арнайы валюталық шоттарға түскен қаражатты толық не ішінара аудару түрінде шектеулер енгізіледі. Бұл жағдайда валюталық режимнің негізгі міндеті ұзақ мерзімді инвестицияларды барынша тартымды ете отырып, олардың пайдасына капитал ағынының құрылымын өзгерту болады. 

     Елдерде негізгі проблема ұлттық валютаның құнсыздану қарқынын төмендету және инфляцияны азайту есебінен капиталдың әкетілуіне байланысты операцияларды сипатына және экономика үшін барынша нәтижелі болуына қарай Орталық Банктің операция жүргізуге рұқсат беруі жолымен шектеу арқылы макроэкономикалық тұрақтылыққа келіп тіреледі. Мұндай жағдайда, валюталық шектеулер валюта рыногы мен капитал рыногының жетілдіруіне қарай түр жағынан өзгере отырып, ұзақ уақытқа созылған кезеңге сақталады және мемлекеттің экономикалық саясатының ажырамас бөлігі болып табылады. Қандай да болмасын операцияларды жүргізуге рұқсат (лицензия) алу талабына негізделген валюталық реттеудің мұндай жүйесі ТМД мен Шығыс Еуропа елдерінің көпшілігіне, оның ішінде Қазақстанға да тән.

 

Валюталық бақылаудың тиімділігі

     Валюталық бақылау жүйесін құрған кезде, сондай-ақ бақылауды жүзеге асыру нәтижесінің ара-қатынасын және оны іске асыруға жұмсалатын шығындарды да ескеру қажет. Уақыт өткен сайын қаржы рыногының дамуына, валюта операцияларын жүргізу схемаларының күрделінуіне қарай белгіленген әкімшілік кедергілерді айналып өту үшін қосымша мүмкіншіліктер пайда болады, бұл валюталық бақылаудың тиімділігін төмендете түсіп, оны жүзеге асыруға бұрынғыдан көп қаржы шығынын жұмсауды талап етеді. Сонымен бірге, қаржылық қадағалаудың жетілдіруіне, капиталдандыру мен қаржы институттарындағы тәуекелдерді басқаруға қойылатын талаптардың артуына, салықты басқарудың жетілдіруіне қарай валюталық бақылау тарапынан қадағалау функцияларын қайталау бірте-бірте қажет болмайды. Валюталық операциялардың барлық аясын шектей отырып, экономиканың шетел активтеріне салудан түсетін қарымды кірістері де азаяды, сондықтан Ұлы Британияның тәсілі неғұрлым тартымды валюта операцияларына қатысты режимді бар мүмкіндігінше ырықтандыру және неғұрлым қауіпті әлеуметтік ауқымды операцияларға валюталық бақылаудың тиімділігін арттыруға негізделуі тиіс.

     Шығыс Еуропа елдерінің көпшілігі осы жолмен жүрді, олар қазір валюталық режимді толық ырықтандырды (Венгрия, Чехия), не осы шараларды алдағы уақытта жүзеге асыруды болжап отыр (Польша). Сонымен бірге капиталдың әкетілуін ырықтандыру ең алдымен шет елдердегі тікелей инвестицияларға, ұзақ мерзімді портфельдік инвестициялар мен кредиттерге, дамыған елдердің бағалы қағаздарына инвестициялауға және сонан кейін ғана қысқа мерзімді қаржылық құралдар мен операцияларға және ұлттық валютаның толық ішкі өтімділігіне қол жеткізуге қатысты.

     Қорыта айтқанда, мемлекет валюта байланыстарына ертеден-ақ араласқан. Бастапқы кезде жанама, кейін халықаралық байланыстарының рөлінің артуына байланысты төтелей араласа бастады. Валюта курсының арақатынасының үлкен айырмашылығы және оның тез ауытқуы – валюта кризисін туғызады, ал ол өздігінен ұлттық және әлемдік экономиканың әлеуметтік-экономикалық жағдайының өзгеруіне әкеледі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

  1. Ақша, несие, банктер, валюталық қатынастар. Көшенова, “Экономика”, 2002 ж.
  2. “Егемен Қазақстан” – 2001 ж., 6 ақпан
  3. “Ресми газет” – 2003 ж., 8 ақпан – 10-14 бет.
  4. Internet