Жеке табыс салығы
Кіріспе
- Жеке табыс салығының міндеттері
- Жеке тұлғаларға салынатын табыс салығы
- Жеке тұлғалардың салық салынбайтын табыстары
- Жеке тұлғаларға салынатын салықтың объектісімен ставкалары
- Жеке табыс салығының міндеттері
Көптеген елдерде жеке тұлғалардың табыстарына салынатын салықтың принциптері ортақ болып келеді. Негізгі принциптері мыналар: • барлық салық төлеушілер резидент және резидент емес деп бөлінеді. Резиденттікті анықтаудың басты белгілері болып жеке тұлғаның нақты бір ел аумағында алты айдан астам мерзім аралығында болуы. Резидент салық төлеушілер ел ішінде және елден тысқары жерде алған барлық табыстарынан салық төлесе, резидент еместер тек ел ішінде алған табыстарынан салықты «төлем көзінен» төлейді, яғни олардың салық жауапкершілігі шектеулі;
- салық салу барысында әр түрлі көздерден алған барлық табыстары негізінде жиынтық табысы анықталады; салық төлеушінің салық салу барысында өзіне, асырауындағы әрбір адамға салық салынбайтын минимум мөлшері беріледі;
- салық салу кезінде медициналық шығындар, әлеуметтік сақтандыруға төлеген жарналар, кәсіби шығындар жиынтық табыстан шегеріледі;
- салық сомасы үдемелі салық ставкасы негізінде анықталады;
- жұмыс істейтін ерлі-зайыптылар салықты бірге немесе бөлек төлеуіне болады.
Салықтың есептелу немесе алыну тетіктерінде кейбір ерекшеліктері болмаса, салық салудың объектісі және төлеушілері ұқсас болып келеді, Жеке тұлғалар табыстарынан бөлек, салықты жеке өзі төлейді немесе жиынтық табыстан төленеді. Көптеген мемлекеттерде қандай әдіс негізінде салық төлейтінін салық төлеушінің өзі таңдайды, сонымен бірге асырауындағы адамдарға қатысты салық шегерімдерін ерлі-зайыптылардың біреуінің ғана қолдануына болады.
Табыстардың негізгі құрамына: еңбекақы, сыйақы, кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс, зейнетақы, алимент, жылжымайтын мүлікті жалға беруден түскен табыс, бір жолғы жәрдемақы, жұмыссыздық және жұмысқа уақытша жарамсыздық (денсаулығына байланысты) бойынша төлемдер, дивиденд және рента түріндегі табыстардың барлық түрлерін жатқызуға болады.
Табыс салығы 12 айға тең болатын күнтізбелік немесе қаржы жылы ішінде алынған барлық табыстарынан алынады. Нақты бір кезеңдегі салықты есептеу барысында табыстан салық заңдылықтары бойынша бекітілген кейбір шегерімдер шегеріліп, жеңілдіктер қолданылады. Барлық елдерде «салық салынбайтын минимум» пайдаланылады. Ал салық салынбайтын минимум барлық салық төлеушілерге, олардың отбасы мүшелеріне, асырауындағы адамдарга беріледі. Сонымен бірге есепті кезең аралығында жасалған барлық нақты шығындар да салық салынатын табыстан шегерілiп тасталады. Нәтижесінде анықталған салық — салық салынатын табысқа (АҚІП-та ол түзетілген салық салынатын табыс деп аталады) үдемелі шәкіл негізінде салық есептеліп салынады.
Жеке тұлғалардың табыстарына салынатын салықты есептеу барысында мемлекеттер арасында мынадай айырмашылықтарға назар аударуға болады. Атап айтқанда:
- салық салу барысында қамтылатын табыстардың құрамы;
- салықты азаматтардың жеке өзі немесе отбасы атынан төлеуі;
- салық жеңілдіктерінің құрамы және қолдану ерекшеліктері;
- салық салу шәкілі (шкала) әр елдерде әр түрлі болуы.
Салық жеңілдіктерін қолдану барысында назар аударатын тағы да бір ерекшелік — салық жеңілдіктерінің салық несиесі немесе салық төмендетуі түрінде беріледі болмаса салық салынатын табысты анықтау барысында оған табыстың жекелеген түрлерін қоспайды.
Салық жеңілдіктері екі топқа бөлінеді:
- стандартты;
- стандартты емес.
Стандартты салық жеңілдіктеріне салық төлеушінің өзіне және асырауындағы адамдарға, сондай-ақ мүгедектерге, қарт адамдарға берілетін салық салынбайтын минимумды жатқызуға болады.
Жалпы стандартты салық жеңілдіктерінің мынадай түрлері бар:
- негізгі, яғни салық төлеушінің табыс мөлшеріне тәуелсіз өзіне салық жеңілдігінің берілуі. Бұған салық салынбайтын минимумды жатқызуға болады;
- отбасы жағдайына байланысты жеңілдіктердің берілуі, «отбасылық төмендету» деп аталады;
- асырауындағы адамдарға берілетін салық төмендетулері. Кейбір мемлекеттерде жеңілдік балаларға берілетін салық төмендетулерінің орнына балаларға берілетін жәрдемақы сомасына қосылып беріледі.
Стандартты емес салық жеңілдіктерінің стандартты салық жеңілдіктерінен айырмашылығы — оның салық төлеушінің нақты жұмсаған шығындарымен байланысты болуында.
Бельгия, Финляндия, Греция, Норвегия, Люксембург сияқты елдерде салық жеңілдігі сол елдердің заңы бойынша белгіленген төменгі табыс деңгейін салықтан босату арқылы беріледі Бұл «нольдік ставкамен салық салу» деп те аталады.
Жеке табыс салығы — жеке тұлғалардың ең бірінші кезекте төлейтін салығы болып саналады. Себебі, тапқан табыстарынан немесе табыс көздерінің бір бөлігін салық ретінде аударып отырады.
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев халыққа арнаған Жолдауында жеке табыс салығының ставкаларын төмендетіп, салық төлеу тәртібін оңтайлы етіп, белгілі бір жүйеге келтіруді атап өтті, яғни мұны жеке тұлғаларға халықтың әлеуметтік жағдайының жақсаруына қосқан үлесі ретінде қарауға болады.
Жеке табыс салығы алғашқы салықтардың бірі.
Салық кодексі қабылданғанға дейінгі кезеңде бұл салық түрі «жеке тұлғалардың табыстарына салынатын табыс салығы» деп аталатын. Салық кодексі қабылданып, бұл атау қысқарып, халықаралық стандартқа сәйкес, «жеке табыс салығы» деп аталды.
Жеке табыс салығын — салық салу объектілері бар жеке тұлғалар төлейді.
Резидент емес жеке тұлғалар жеке табыс салығы бойынша салықты есептеп, төлейді және жеке табыс салығы бойынша салық декларациясын табыс етеді.
Жеке табыс салығы бойынша негізінен екі салық салу объектілері бар:
- төлем көзінен салық салынатын табыстар;
- төлем көзінен салық салынбайтын табыстар.
- Жеке тұлғаларға салынатын табыс салығы.
Салық төлеушінің төлем көзінен салық салынатын табыстары жеке тұлғалардың ақшалай түрде алған барлық табыстарының жиыны болып табылады және оның құрамына жататындар:
1) қызметкердің табысы;
2) біржолғы төлемдерден алынған табыс;
3) жинақтаушы зейнетақы қорларынан берілетін зейнетақы
төлемдері;
4) дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар түріндегі табыс;
5) стипендиялар;
6) жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша табысы жатады,
Салықты есептеу және төлеу тәртібі.
Салық агенттері жеке табыс салығын есептеу мен ұстап қалуды төлем кезінен салық салынатын табыс төленетін күннен кешіктірмей жүргізеді. Салық агенттері, төленген кірістер бойынша салықты аударуды төлем төленетін айдан кейінгі айдың 15-іне дейін өзінің орналасқан жері бойынша жүзеге асырады. Салық агенттері тиісті бюджеттерге құрылымдық бөлімшелер бойынша салық төлеуді Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген тәртіппен жүзеге асырады. Салық агенттері жеке табыс салығы бойынша есеп-қисапты салық органына салық төленетін жер бойынша есепті тоқсаннан кейінгі айдың 15-нен кешіктірмей табыс етеді.
Енді салық төлеушінің төлем көзінен салық салынатын табыстарына тоқталайық:
- Қызметкердің табысы.
Қызметкердің жұмыс беруші есептеген, көзделген салық шегерімдері сомасына азайтылған табыстары төлем көзінен салық салынатын табысы болып табылады.
Сонымен қатар қызметкердің табыстарына:
- жұмыс беруші материалдық, әлеуметтік игіліктер немесе өзге де материалдық пайда түрінде берген табыстар;
- жұмыс беруші төлейтін ақшалай немесе заттай нысандағы кез келген табыстар жатады.
Қызметкердің заттай нысандағы табыстарына жататындар:
1) заттай нысандағы еңбекақы;
2) қызметкер алған тауарлар, қызметкердің мүддесін көздеп орындалған жұмыстар, қызметкерге өтеусіз негізде көрсетілген қызметтер;
3) қызметкердің үшінші тұлғалардан алған тауарлар (орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер) құнын жұмыс берушінің төлеуі;
4) қосылған құн салығы мен акциздердің тиісті сомасын қоса алғанда, заттай нысандағы тауарлардың (жұмыстардың, қызметтердің) құны.
Қызметкердің материалдық пайда түріндегі табыстары:
1) қызметкерге сатылатын тауарлардың (жұмыстардың, қызмет көрсетулердің) құны мен осы тауарларды (жұмыстарды, қызмет көрсетулерді) сатып алу бағасы немесе олардың өзіндік құны арасындағы теріс айырманы;
2) жұмыс берушінің шешімі бойынша қызметкердің оның алдындағы қарызының немесе міндеттемесінің сомасын есептен шығаруды;
3) жұмыс берушінің өз қызметкерлерінің сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру сыйлық ақыларын төлеуге жұмсаған шығыстары;
4) жұмыс берушінің қызметкердің өз қызметіне байланысты емес шығындарының орнын толтыруға жұмсаған шығыстарды құрайды.
Қызметкердің төлем көзінен салық салынатын табысын анықтау кезінде салық жылы ішіндегі әрбір ай үшін шегерімге мыналар жатқызылады:
1) Қазақстан Республикасының заң актісінде табысты есептеудің тиісті айға белгіленген бір айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі сома;
2) асырауындағы адам пайда болған айдан бастап қызметкердің асырауындағы отбасының әрбір мүшесіне айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі сома. Аталған шегерімдер бір салық төлеушінің табысына — отбасы мүшесіне қолданылады.
3) жинақтаушы зейнетақы қорларына Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мөлшерде төленетін міндетті зейнетақы жарналары;
4) Қазақстан Республикасының тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңында айлық есептік көрсеткіштің 10 еселенген сомасынан аспайтын мөлшерде өз пайдасына енгізген ерікті зейнетақы жарналары;
5) жеке тұлғаның жинақтаушы сақтандыру шарттары өз пайдасына енгізетін сақтандыру сыйлықақылары;
6) Тұрғын үй құрылыс жинақ банктерінде Қазақстан Республикасының резиденті — жеке тұлға Қазақстан Республикасының аумағында тұрғын үйді жөндеу, салу немесе сатып алу үшін алған тұрғын үй қарыздары бойынша сыйақыны өтеуге бағытталған сомалар.
Бірге тұратын және ортақ шаруашылық жүргізетін ерлі-зайыптылар, балалары мен ата-анасы (оның ішінде уақытша болмағандар) отбасы деп танылады.
Асырауындағы адам, салық төлеушінің табысы есебінен өмір сүретін және айына бір айлық есептік көрсеткіш мөлшерінен асатын жеке табыс көзі жоқ, салық төлеушінің отбасы мүшесі.
Қызметкердің табысы бойынша жеке табыс салығының сомасы қызметкердің салық жылы ішінде төлем көзінен салық салынатын табысына 4.1-кестеде белгіленген ставкаларды қолдану жолымен есептеледі. Жеке табыс салығын есептеу және ұстап қалу уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен ұлғаю нәтижесімен ай сайын жүргізіледі. Салық жылы аяқталғанға дейін қызметкерді жұмыстан шығару кезінде салық агенті нақты жұмыс істелген кезең үшін алынған табысты негізге ала отырып, жеке табыс салығын қайта есептеуді жүргізуге және қызметкерге алынған табыс пен төленген салық туралы есеп-қисап беруге міндетті. Жұмыс орнын өзгерткен кезде жеке тұлға жаңа жұмыс орны бойынша салық агентіне жұмыс істеген кезеңде алған табысы мен төленген салық туралы бұрынғы жұмыс орнынан есеп-қисап беруге тиіс.
Біржолғы төлемдерден түскен табыс.
Біржолғы төлемдерден түскен табысқа — өздерінің қызметіне байланысты жеке кәсіпкердің, жеке нотариус пен адвокаттың кіріс бойынша төлемдерін қоспағанда, салық төлеушілердің Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес салық агенттерімен жасасқан азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табысы, сондай-ақ жеке тұлғалар төлейтін басқа да біржолғы төлемдер жатады. Жеке табыс салығының сомасы Қазақстан Республикасының зандарында белгіленген мөлшерде және жағдайларда жинақтаушы зейнетақы қорларына аударылған міндетті зейнетақы жарналары сомасына азайтылған төлем көзінен салық салынатын біржолғы төлемдерден түскен табысқа 4.1-кестеде белгіленген ставкаларды қолдану жолымен есептеледі.
Жинақтаушы зейнетақы қорларынан төленетін зейнетақы төлемдері.
Төлем көзінен салық салынатын зейнетақы төлемдеріне салық төлеушілердің зейнетақы жинақтарынан жинақтаушы зейнетақы қорлары жүзеге асыратын, табыс есептеудің тиісті айына Қазақстан Республикасының заң актісімен белгіленген айлық есептік көрсеткіш сомасына азайтылған төлемдер жатады. Жеке табыс салығының сомасы 4.1-кестеде белгіленген ставкаларды қолдану жолымен есептеледі.
Төлем көзінен салық салынатын дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар түріндегі табыстар.
Жеке табыс салығының сомасы жеке тұлғаларға төленетін дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар түріндегі табыстарға 15 пайыздық ставканы қолдану арқылы есептеледі.
Стипендиялар.
Білім беру ұйымдарында оқитындарға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мемлекеттік стипендияларға арналған мөлшерде төленетін стипендияларды қоспағанда, білім беру ұйымдарында оқып жүргендерге төлеуге арналған ақша сомасы, сондай-ақ мәдениет, ғылым қайраткерлеріне, бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлеріне және басқа жеке тұлғаларға төлеуге арналған ақша сомасы табыс кезінен салық салынатын стипендия болып табылады. Стипендиялар түріндегі табыстарға 4.1-кестеде белгіленген ставкаларды қолдану арқылы есептеледі.
Төлем көзінен салық салынатын, жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша табыс.
Жеке тұлғаның жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша табыстарына:
- жинақтаушы зейнетақы қорларындағы зейнетақы жинақтары есебінен;
- жеке тұлғаның жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша өз пайдасына енгізетін сақтандыру сыйлықақылары есебінен;
- жұмыс берушінің жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша жұмыскерлердің пайдасына енгізетін сақтандыру сыйлықтары есебінен төленген, сақтандыру ұйымдары жүзеге асыратын сақтандыру төлемдері жатады.
Жеке тұлғалардың жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша табысына осындай шарттар мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда төленетін сатып алу сомасы да жатады. Жеке тұлғалардың жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша табысына сақтандыру ұйымдары жүзеге асыратын сақтандыру төлемдері сомасының сақтандыру сыйлықақыларының сомасынан асып кеткен сомасы да жатады. Жеке табыс салығының сомасы 4.3-кестеде белгіленген ставкаларды жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша төленетін табыс сомасына қолдану жолымен есептеледі.
Төлем көзінен салық салынбайтын табыстар.
Салық төлеушінің төлем көзінен салық салынбайтын табыстарына, табыстардың мынадай түрлері:
1) мүліктік табыс;
2) жеке кәсіпкердің салық салынатын табысы;
3) адвокаттар мен жеке нотариустардың табысы;
4) өзге де табыстар жатады.
Төлем көзінен салық салынбайтын табыстар бойынша жеке табыс салығын есептеу.
Адвокаттар мен жеке нотариустардың табыстарын қоспағанда, төлем кезінен салық салынбайтын табыстар бойынша жеке табыс салығын есептеуді салық төлеуші белгіленген салықтық шегерімдер сомасына азайтылған, төлем көзінен салық салынбайтын табыс сомасына 4.1-кестеде белгіленген ставкаларды қолдану жолымен дербес жүргізеді.
Салық төлеушіде төлем көзінен салық салынбайтын табыстардың бірнеше түрі болған кезде, адвокаттар мен жеке нотариустардың табыстарын қоспағанда, салық төлеуші жеке табыс салығын есептеуді 4.1-кестеде белгіленген ставкаларды төлем көзінен салық салынбайтын барлық табыс түрлерінің сомасына қолдану жолымен дербес жүргізеді.
Мынадай резидент жеке тұлғалар жеке табыс салығын аванстың төлемдерді енгізу арқылы төлейді:
1) арнайы салық режимдерін қолданатындарды қоспағанда, жеке кәсіпкерлер;
2) резидент болып табылатын және табысты Қазақстан Республикасындағы төлем көзінен жеке табыс салығы салынбайтын қызметті жүзеге асырудан алатын шет мемлекеттердің азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдар;
3) салық агенттері болып табылмайтын тұлғаларға Қазақстан Республикасында қызметтер көрсетуден, жұмыстар орындаудан табыс алатын Қазақстан Республикасының азаматтары.
Салық төлеуші Салық кодексінде белгіленген жағдайларда енгізілген аванстық төлемдерді есептей отырып, салық жылының қорытындысы бойынша жеке табыс салығын төлеуді жеке табыс салығы бойынша декларацияны тапсыру үшін белгіленген мерзімнен кейін он жұмыс күнінен кешіктірмей дербес жүзеге асырады.
Мүліктік табыс.
Салық төлеушілердің мүліктік табысына:
1) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес мемлекеттік қажеттіліктер үшін сатып алынған мүліктерді қоспағанда, кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын:
а) бір жылдан аз уақыт меншік құқығында болған жылжымайтын мүлікті;
ә) бағалы қағаздарды, сондай-ақ заңды тұлғадағы қатысу үлесін;
б) қымбат бағалы тастар мен қымбат бағалы металдарды, олардан жасалған зергерлік бұйымдарды және құрамында қымбат бағалы тастар мен қымбат бағалы металдар бар басқа да заттарды, сондай-ақ өнер туындылары мен антиквариаттарды;
в) мемлекеттік тіркеуге жататын және бір жылдан кем емес уақыт меншік құқығындағы немесе механикалық көлік құралын және тіркемелерді иеліктен айыру құқығымен басқаруға сенімхат негізінде алынған механикалық көлік құралдарын және тіркемелерді сату кезіндегі олардың құнының өсімі;
2) төлем көзінен салық салынатын табысты қоспағанда, мүлікті жалға беруден алынған табыс жатады.
Мүлікті сату құны мен оны сатып алу құны арасындағы оң айырма, мүлікті сату кезіндегі құн өсімінен алынған табыс кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмайтын табыс болып табылады.
Адвокаттар мен жеке нотариустардың табысы дегеніміз — заң көмегін, нотариаттық іс-әрекеттер ақысын қоса алғанда, адвокаттық және нотариаттық қызметті жүзеге асырудан түскен табыстардың барлық түрлері, сондай-ақ қорғау мен өкілдікке байланысты шығыстардың орнын толтырудан алынған сомалар. Адвокаттар мен жеке нотариустардың табыстары бойынша жеке табыс салығының сомасы алынған табыс сомасынан 10 пайыздық ставканы қолдана отырып анықталады және ай сайынш есептеліп отырады. Есепті ай үшін жеке табыс салығының сомасы есепті айдан кейінгі айдың 5-інен кешіктірілмей төленеді.
Жеке кәсіпкердің салық салынатын табысы.
Жеке кәсіпкердің салық салынатын табысы салық салынатын табысты анықтау жолымен есептеледі, яғни жылдық жиынтық табыстан шегерімдерді шегере отырып, сол сомадан салық төленеді.
Басқа да табыстар.
Төлем көзінен салық салынбайтын басқа да табыстарға, жоғарыда көрсетілмеген табыстармен қоса, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлердегі кездерден алынған табыстар да жатады.
- Жеке тұлғалардың салық салынбайтын табыстары
Жеке табыс салығын есептегенде жеке тұлғалардың мынадай табыстарына салық салынбайды, атап айтқанда:
1) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мөлшерде мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен төленетін атаулы әлеуметтік көмек, жәрдемақылар мен өтемдер;
2) балаларға және асырауындағы адамдарға алынған алименттер;
3) жеке тұлғаның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес өтеу (жоғалтқан жалақысына қатысты өтеуден басқа);
4) жеке тұлғалардың қаржы рыногы мен қаржылық ұйымдарды реттеу және қадағалау жөніндегі уәкілетті мемлекеттік органның лицензиялары бар банктер мен банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдардағы салымдары бойынша оларға төленетін сыйақылар және борыштық бағалы қағаздар бойынша сыйақы;
5) мемлекеттік бағалы қағаздармен және агенттік облигациялармен жасалған операциялардан түскен табыстар;
5-1) пайлық инвестициялық қорлардың пайлары және акционерлік инвестициялық қорды басқарушы компания оларды сатып алған кездегі осы қордың пайлары бойынша табыстар;
5-2) таза табысты бөлу кезінде алынған және әрбір құрылтайшының, қатысушының қатысу үлесін сақтай отырып, резидент заңды тұлғаның жарғылық капиталын ұлғайтуға бағытталған табыс;
6) әскери қызмет міндеттерін атқарған кезде әскери қызметшілерге, белгіленген тәртіппен арнайы атақ берілген, оны қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты алған ішкі істер органдарының, қаржы полициясының қылмыстық-атқару жүйесі органдары мен мекемелерін және мемлекеттік өртке қарсы қызметтің қызметкерлеріне берілетін төлемдердің барлық түрі;
7) лотерея бойынша 5 айлық есептік көрсеткіш шегіндегі ұлыстар;
8) тиісті жылға арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының заң актісінде белгіленген ең төменгі жалақы мөлшерінде мемлекеттік бюджет және гранттар қаражаты есебінен жүзеге асырылатын қоғамдық жұмыстарды орындауға және кәсіби оқуларға байланысты төлемдер;
9) гранттар қаражаты есебінен төленетін төлемдер (еңбекақы түріндегі төлемдерден басқа);
10) тұрақты жұмысы жолда өтетін немесе жүріп-тұру сипатында болатын не қызмет көрсететін учаскелер шегінде қызмет бабындағы сапарлармен байланысты жағдайларда Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мөлшерде төленетін төлемдер;
11) экологиялық апат немесе ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтар салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес төленетін төлемдер;
12) Ұлы Отан соғысына қатысушылардың және оларға теңестірілетін адамдардың, I және II топтағы мүгедектердің, сондай-ақ бала кезінен мүгедек адамның ата-аналарының біреуінің табыстары; III топтағы мүгедектердің бір жыл ішіндегі — айлық есептік көрсеткіштің 240 еселенген шегіндегі табысы;
13) өткізілер күні қор биржасының «А» және «В» ресми тізімінде тұратын акциялар мен облигацияларды өткізу кезіндегі құн өсімінен алынатын табысы;
14) мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен төленетін біржолғы төлемдер (еңбекақы түріндегі төлемдерден басқа);
15) салық жылы ішінде медициналық қызмет көрсетулердің (косметологиялық қызмет көрсетулерден басқа) ақысын төлеу үшін, бала туған кезде, жерлеу үшін берілетін, құжатпен расталған, айлық есептік көрсеткіштің 50 еселенген шегіндегі төлемдер;
16) қызметтік іссапарлар кезінде белгіленген мөлшерде төленетін өтемдер;
17) қызметкер ұйымымен бірге басқа жерге жұмысқа ауысқан не көшкен кездегі жол жүруі, мүлкін көшіруі, үй-жай жалдауы бойынша құжатпен расталған шығындардың өтемдері;
18) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылмайтын дипломатиялық немесе консулдық қызметкерлердің ресми табыстары;
19) шет мемлекеттің мемлекеттік қызметінде жүрген шетелдік жеке тұлғалардың сол елде салық салынуға тиіс ресми табыстары;
20) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын және Қазақстан Республикасының шет елдердегі дипломатиялық және оларға теңестірілген өкілдіктерінде қызметте жүрген жеке тұлғалардың мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен шетелдік валютамен төленетін ресми табыстары;
21) зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтан берілетін зейнетақы төлемдері;
22) жұмыс берушінің жиынтық жылдық табысты алуға байланысты емес және шегерімдерге жатқызылмайтын, нақты жеке тұлғалардың табысы болып табылмайтын шығыстары;
23) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мөлшерде дала жағдайында геологиялық-барлау, топографиялық-геодезиялық және іздестіру жұмыстарымен шұғылданатын қызметкерлердің далалық жабдықталым ақшасы;
24) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мөлшерде республикалық бюджет қаражаты есебінен төленетін тұрғын үй құрылысы жинақ ақшасына салымдар бойынша сыйлықақылар (мемлекеттің сыйлықақылары);
25) Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жұмыс берушінің қызметкерлерді өздерінің өндірістік қызметіне байланысты мамандық бойынша оқытуға және біліктілігін арттыруға бағытталған шығыстары;
26) жұмыс берушінің вахталық әдіспен жұмыс істейтін адамдарға өндіріс объектісінде болу кезеңінде жұмыстарды орындауы мен ауысымаралық демалысы үшін жағдай жасай отырып, олардың тұрмыс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін белгіленген мөлшерде тұрғын үй жалдауына және тәулікақы шегінде тамақтануға арналған шығыстары; қызметкерлерді жұмыс орнына дейін және кері қарай жеткізуге байланысты шығыстар;
26-1) мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан төленетін әлеуметтік төлемдер;
27) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мөлшерде, жүкті болғанда және босанғанда берілетін әлеуметтік жәрдемақылар, сондай-ақ ұл бала немесе қыз бала асырап алған әйелдерге (еркектерге) берілетін әлеуметтік жәрдемақылар;
28) білім беру ұйымдарында оқитындарға Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мемлекеттік стипендияларға арналған мөлшерде төленетін стипендиялар;
29) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген нормалар бойынша берілген арнаулы киімнің, арнаулы аяқ киімнің, басқа да жеке қорғану және алғашқы медициналық көмек құралдарының, сабынның, зарарсыздандыру құралдарының, сүт немесе құндылығы соған тең басқа да емдеу-профилактикаға арналған азық-түлік өнімдерінің құны;
30) өздерінің қызметін жүзеге асыру мақсатында жеке кәсіпкер, жеке нотариус, адвокат алған мүлікті қоспағанда, жеке тұлға басқа жеке тұлғадан сыйға немесе мұраға алған мүліктің құны;
31) ізгілік, қайырымдылық көмек түрінде алынған мүліктің құны;
31-1) он алты жасқа толмаған балалар үшін балалар лагеріне жолдамалардың құны;
32) еңбек (қызметтік) міндеттерін орындау кезінде қызметкердің өміріне және денсаулығына зиян келтіргені үшін жұмыс берушінің жауапкершілігін міндетті сақтандыру шарттары бойынша сақтандыру төлемдері;
33) жинақтаушы сақтандыру шарттары бойынша табыстарды қоспағанда, сақтандырудың кез келген түрі кезінде төленетін, шарттың қолданылу кезеңінде басталған сақтандыру оқиғасына байланысты сақтандыру төлемдерінің сомалары;
34) өз қызметкерлерін міндетті сақтандыру шарттары бойынша жұмыс беруші төлейтін сақтандыру сыйлықақыларының сомалары;
35) төлем көзінен салық ұсталғандығын растайтын құжаттар болған жағдайда, бұрын төлем көзінен салық салынған дивидендтер, сыйақылар, ұтыстар сомалары;
36) материалдық нұқсанның орнын толтырудың сот шешімі бойынша тағайындалған сомалары;
37) жинақтаушы зейнетақы қорлары салымшыларының жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша жасасқан сақтандыру сыйлықақыларын (аннуитет) төлеу үшін өмірді сақтандыру жөнінде сақтандыру ұйымдарына жіберген зейнетақы жинағының сомалары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген тәртіппен сақтандыру ұйымдарына бағытталған, зейнетақы аннуитетінің шарттары бойынша сатып алу сомалары;
38) сақтандырылушы қайтыс болған жағдайда жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша жүзеге асырылатын сақтандыру төлемдері;
39) жинақтаушы зейнетақы қорларына Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген мөлшердегі ерікті кәсіби зейнетақы жарналары.
- Жеке тұлғаларға салынатын салықтың объектісімен ставкалары
Жеке табыс салығының ставкалары.
Салық төлеушінің салық жылы ішіндегі салық салынатын табыстарына мынадай ставкалар бойынша салық салынады:
- қызметкерлердің Қазақстан Республикасының тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңында белгіленген, жылына ең төменгі жалақының 12 еселенген мөлшерінен аспайтын жалақысының төлем көздерінен салық салынатын кірістеріне, қызметкерлердің тоқсан ішіндегі орташа айлық кірісі ең төменгі жалақы мөлшерінен аспайтын жағдайда «0» ставкасы бойынша;
- дивидендтер, сыйақылар (жинақтаушы сақтандыру шарты бойынша сыйақыларды қоспағанда) мен ұтыстар түріндегі табыстарға 15 пайыздық ставка бойынша;
- адвокаттардың және нотариустардың табыстарына 10 пайыздық ставка бойынша.
4.1. Қазақстан Республикасының жеке табыс
салығының ставкалары
Салық салынатын табыс |
Ставкасы |
15 еселенген жылдық есептік көрсеткішке дейін |
салық салынатын табыс сомасынан 5 пайыз |
15 еселенгеннен 40 еселенген жылдық есептік көрсеткішке дейін |
15 еселенген жылдық есептік көрсеткіштен салық сомасы + одан асатын сомадан 8 пайыз |
40 еселенгеннен 200 еселенген жылдық есептік көрсеткішке дейін |
40 еселенген жылдық есептік көрсеткіштен салық сомасы + одан асатын сомадан 13 пайыз |
200 еселенгеннен 600 еселенген жылдық есептік көрсеткішке дейін |
200 еселенген жылдық есептік көрсеткіштен салық сомасы + одан асатын сомадан 15 пайыз |
600 еселенген жылдық есептік көрсеткіштен және одан жоғары |
600 еселенген жылдық есептік көрсеткіштен салық сомасы + одан асатын сомадан 20 пайыз |
- 1995 жылы 24 сәуірдегі «Салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес:
- жеке тұлғаның салық салынатын табысы мынадай ставкалар бойынша салық салынды.
4.2. Қазақстан Республикасының 1995 ж. 24 сәуірдегі жеке табыс ставкалары
1) 10 мәртеге дейінгі ең төменгі жылдық жалақыдан |
салық салынатын табыс сомасынан 5 пайыз |
2) 10-нан 20 мәртеге дейінгі ең төменгі жылдық жалақыдан |
10 мәрте ең төменгі жылдық жалақыға салынатын салық сомасы + одан асатын сомадан 10 пайыз |
3) 20-дан 30 мәртеге дейінгі ең төменгі жылдық жалақыдан |
20 мәрте ең төменгі жылдық жалақыға салынатын салық сомасы + одан асатын сомадан 15 пайыз |
4) 30-дан 40 мәртеге дейінгі ең төменгі жылдық жалақыдан |
30 мәрте ең төменгі жылдық жалақыға салынатын салық сомасы + одан асатын сомадан 20 пайыз |
5) 40-тан 50 мәртеге дейінгі ең төменгі жылдық жалақыдан |
40 мәрте ең төменгі жылдық жалақыға салынатын салық сомасы + одан асатын сомадан 30 пайыз |
6) 50 мәрте дейінгі ең төменгі жылдық жалақыдан |
50 мәрте ең төменгі жылдық жалақыға салынатын салық сомасы + одан асатын сомадан 40 пайыз |
Ең төменгі жылдық жалақы—күнтізбелік жыл үшін ең төменгі айлық жалақының заңмен белгіленген мөлшерінің сомасы.
Қазақстан Республикасының 1999 жылы 16 шілдедегі заңына сәйкес, жеке табыс салығының ставкасы 4.3-кестеде көрсетілген.
4.3. Қазақстан Республикасының 1999 ж. 16 шілдедегі жеке
табыс ставкалары
Салық салынатын табыс |
Ставкасы |
15 еселенген жылдық есептік көрсет-кішке дейін |
салық салынатын табыс сомасынан 5 пайыз |
15 еселенгеннен 30 еселенген жылдық есептік көрсеткішке дейін |
15 еселенген жылдық есептік көрсеткіштен салық сомасы + одан асатын сомадан 10 пайыз |
30 еселенгеннен 65 еселенген жылдық есептік көрсеткішке дейін |
30 еселенген жылдық есептік көрсеткіштен салық сомасы + одан асатын сомадан 20 пайыз |
65 еселенген жылдық есептік көрсет-кіштен және одан жоғары |
65 еселенген жылдық есептік көрсеткіштен салық сомасы + одан асатын сомадан 30 пайыз |
Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаев 2006 жылы наурызда халыққа арнаған «Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында» Жолдауында «2007 жылдан бастап, барлық жеке тұлғалар үшін табыс салығының орнына 10 пайыздық белгіленген мөлшерлемесі енгізілсін. Еңбекақысы аз жұмысшылар санатының табыс деңгейін сақтай мақсатында айлық есептік көрсеткіштің орнына олардың салық салынатын табысынан ең аз жалақы мөлшерін алып тастауды ұсынамын» деп атап көрсетті.
Жеке табыс салығы бойынша декларация.
Жеке табыс салығы бойынша декларацияны мына резидент салық төлеушілер табыс етеді:
1) төлем көзінен салық салынбайтын табыстары барлар;
2) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлерден табыстар алатын жеке тұлғалар;
3) Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерлердегі шетел банктеріндегі шоттарда ақшасы бар жеке тұлғалар;
4) Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң актілеріне сәйкес декларация беру жөнінде міндеттеме жүктелген адамдар;
5) Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, судьялар;
6) Ұлы Отан соғысына қатысушылардың және оларға теңестірілетін адамдардың, I және II топтағы мүгедектердің, сондай-ақ бала кезінен мүгедек адамның ата-аналарының біреуінің табыстары; III топтағы мүгедектердің бір жыл ішіндегі — айлық есептік көрсеткіштің 240 еселенген шегіндегі салық салынбайтын табысынан асып кеткен жеке тұлғалар;
7) әскери қызмет міндеттерін атқарған кезде әскери қызметшілер, ішкі істер органдарының, қаржы полициясы, қылмыстық-атқару жүйесі органдары мен мекемелерінің және мемлекеттік өртке қарсы қызметтің қызметкерлері жеке табыс салығы бойынша декларацияны уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен ұсынады.
Жеке табыс салығы бойынша декларация табыс ету мерзімдері.
Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы заң актілерінде көзделген жағдайларды қоспағанда, жеке табыс салығы бойынша декларация есепке тіркелген орны бойынша салық органына салық жылынан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірілмей табыс етеді.
Арнаулы салық режимін қолданатын жеке кәсіпкерлер арнаулы салық режимі қолданылатын қызметінен түскен табыстарынан жеке табыс салығы бойынша декларация табыс етпейді.