Қорқыт оғыз-қыпшақ тайпаларының VIII—IX ғасырда ғұмыр кешкен ұлы ойшылы, батагөй ақыны, дәулескер күйшісі, келер күнді болжайтын көріпкел бақсысы. Ата жағынан Қорқыт оғыз тайпасының Қамы (Қайыспас) дейтін атасынан тараса, ана жағынан қалың қыпшак нағашы жұрты болып келеді. Қорқыттың әкесі оғыз тайпасына белгілі Қарақожа деген кісі болса керек.
«Қорқыт батыр емес, абыз (патриарх), халық даналығын бас болып паш етуші және сақтаушы, оның парасатына дүйім жұрт ден қояды»,— дейді В. В. Бартольд. Қорқыт қазақ үшін ең алдымен күй атасы, Қобызда күй шалу дәстүрін алғаш орнықтырушы. Оның күйлерінде айқын байқалатын стилдік тұтастық, өмірді бейнелеу тәсілінің тұрақтылығы, әуен-сазындағы бақсы сарындарымен үндес қарапайым көнелік, сөз жоқ, дара тұлғаның қолтаңбасын айқын аңғартады. Бұл орайда, Қорқыт туралы аңыз-әңгімеден де бұрын, Қорқыттың бейітінен де бұрын, тіптен, «Қорқыт ата кітабынан» да бұрын, оның тарихта болған нақтылы тұлға екеніне музыкалық мұралары дәлел.
Қорқыт күйлері: «Қорқыт» (үш нұсқасы бар), «Аққу», «Әупбай», «Башпай», «Желмая», «Елім-ай, халқым-ай», «Сарын» (екі нүскасы бар) «Тарғыл тана».
Кетбұға
(ХП—ХШ ғасырлар)
Атадан балаға жалғасып жеткен ауыз әңгімеде де, жазба деректе де Кетбұға Найман тайпасының ұлы жыршысы, дәулескер күйшісі, көріпкел бақсысы, тіптен, Шыңғыс ханның хат таныған шежіреші замандасы. Яғни, Кетбұға шамамен 1150—1230 жылдар аралығында ғұмыр кешкен.
Шежіре сөздің қай-қайсысы да Кетбұға есімін әйгілі «Ақсақ құлан», «Нарату» күйлерімен байланыстырады. Иісі Дешті Қыпшақты ауызына қаратқан Жошы хан аңда жүріп мерт болғанда, осынау қаралы хабарды Шыңғыс ханға естіртуге ешкімнің батылы бармаса керек. Сонда, Найманнан шыққан ұлы жыршы, дәулескер күйші Кетбұға ақыл тауып, қаралы хабарды күймен естіртіп еді дейді. Бұл жөнінде XV ғасыр мұрасы болып табылатын «Түркі шежіресі» («Шад-жарат ал-атрак») атты еңбекте қызықты дерек келтірілген. Доспамбет жырау, Махамбет Өтемісұлы сияқты әйгілі тұлғаларымыз Кетбұғаны даланың дана биі, ақылгөй кемеңгері ретінде сөз етеді. Кетбұға есімі дәулескер күйші ретінде көршілес қырғыз, қарақалпақ еліне де кеңінен мәлім.
«Ақсақ құлан» күйінің сарын-сазы ноғайлының эпостары сияқты тегеурінді. Күй өз заманының шиыршақ атқан серпінді болмысын танытуымен бірге, ел, халық басындағы қасіреті мол қанды заманды күңірене мәлімдейді.
Кетбұға күйлері: «Ақсақ құлан» (алты нұсқасы бар), «Нарату» т. б.
Асанқайғы
(XIV—XV ғасырлар)
Сәбитұлы Асан XIV ғасырдың 60—70 жылдарында Еділ бойында дүниеге келген. Халидұлы Құрбанғали өзінің «Тауарих хахмса» атты еңбегінде әйгілі Майқы биді Асанқайғының арғы атасы еді дейді.
Асанқайғының өмір сүрген кезеңі Алтын Орданың шаңырағы шайқалып, ұсақ хандықтарға ыдырай бастаған кезі. Асанқайғы өз кезіндегі Берке, ҰлыМұхамед, Әбілқайыр сияқты хандармен, Керей, Жәнібек сияқты сұлтандармен заманы ғана бір емес, сонымен бірге аласапыран оқиғаға толы осынау тарихи кезеңнің ахуалына ықпалын жүргізген тұлғалардың бірі. Ол Дешті Қыпшақтан енді дараланып, енді қоныс орнықтыра бастаған қазақ халқының ертеңін ойлап, еңсесін көтеруді өмірлік мұраты еткен дала абызы. Асанқайғы ел қамы, халық тағдыры туралы толғаныстарын күй тілікте де жеткізіп отырған. Бүгінгі күнімізге оның «Ел айырылған», «Асанқайғы», «Желмаяның жүрісі», «Зар» сияқты күйлері жеткен.
«Ел айырылған» күйінің құрылысы қарапайым болғанымен, сарын-сазынан терең күйзеліс лебі айқын аңғарылады. Тіптен, не боларын күні бұрын болжай алатын дананың шарасыздығы сияқты торығу да жоқ емес. Мұны бастан аяқ жалықпай сұңқылдап отыратын мұңды сазынан, талмай қайталанатын күрделі қағысынан байқау қиын емес.
Қазтуған
(XV ғасыр)
Орта ғасырлық тұлғалар сияқты Сүйінішұлы Қазтуған да әрі батыр, әрі ақын, әрі күйші, әрі би, әрі шешен. Сегіз қырлы, бір сырлы. Ол өзі туралы:
«… Бұлт болған айды ашқан, Мұнар болған күнді ашқан, Мұсылман мен кәпірдің Арасын бұзып өтіп дінді ашқан, Сүйінішұлы Қазтуған!»—
дейтіні сондықтан. Алтын Орданың қос босағасындай болған, кіндігі бір ноғай мен қазақтың қақ бөлінуі, ата жұрты Еділден ірге көтеруді Қазтуған сияқты эпикалық қарымдағы тұлғаның жүрегін қақыратып өтіп, өмірлік қасіретіне айналған. Ол қасіреті шерлі күй, шежіре жыр түрінде сыртқа шыққан.
Қазтуғанның ат жалын тартып мініп, ата жолын қуып, ел ісіне араласқан ортасы Дешті Қыпшақтың кіндік мекені Еділ мен Жайық арасы, Каспий алабы, Қарасу деген жерлер. Ол қиын кездегі көп қиқушының бірі емес. Сол даланың бағы мен сорын пешенесіне балаған ел басыларының әулетінен шыққан. Оның тепсініп сөйлеп, таусылып айтып, тебірене күй төгуінде осындай гәп бар.
Қазтуған жырларына қарағанда, ол өзінен жасы көп үлкен Асанқайғының көзін көріп, үлгі-өнеге алған.
Бүгінгі күндерімізге Қазтуғанның «Сағыныш», «Құлақ күй» атты күйлері жеткен.
Байжігіт
(XVI—XVII ғасырлар)
Байжігіт Өр Алтайда дүниеге келген әйгілі күйші. Шежіре жөнімен таратканда. Орта Жүз өз ішінде Арғын, Найман, Қоңырат, Қыпшақ, Керей, Уақ болып алты арыс ел күраса, соның Керейінен — Абақ және Ашамайлы аталары тарайды. Абақ Керей өз ішінде он екі атаға бөлінсе, соның бір атасы Жастабан ұрпақтарынан Байжігіт туады.
Байжігіттің өмір сүрген кезеңі Шыңғыс ханның қанды жорығынан көп зардап шеккен Керей тайпасының ата қоныстан ірге көтеріп, жаңа қонысқа орныға қоймаған беймаза шақ болған. Бес жасында ата-анадан жетім қалған Байжігіт өмірдің қиындығын көре жүріп, халық басындағы ауыртпалықты көкірегіне тоқып өскен. Бұл жолда оның жұбаныш тауып, шер тарқатары да, халық қасіретіне араша түсері де домбырасы болған.
Байжігіт шығарған күйлердің мол нүсқасы Шығыс Түркістанда, Өр Алтайда, Семей облысының Шұбартау ауданында күні бүгінге дейін тартылады. Әйгілі күйшінің мұрасын зерттеп, халқымыздың рухани игілігіне айналуына М. Мағауин, О. Хаймолдин, Т. Әсемқүлов сияқты ғалым-зерттеушілеріміз бен өнерпаз домбырашыларымыз көп еңбек сіңіріп жүр.
Байжігіттің күйлері: «Азат» (екі нұсқасы бар), «Ақтабан», «Алмажай», «Аңшының зары», «Арман», «Әлдисұр», «Беласар», «Бөкен жарғақ», «Бұлғын сусар», «Былқылдақ», «Дәлдірең торы», «Жетім торы», «Жұмағұл», «Ерке атан», «Қайың сауған», «Қара жорға», «Қашқан қалмақ», «Қоңырат», «Қосбасқан», «Қособа», «Қос сиыр», «Кербалақ», «Көкейкесті», «Көңіл», «Көктөбе», «Күншуақ», «Көкбалақ», «Көк қаршыға», «Нарын», «Сара би», «Секіртпе», «Сылаң торы», «Тоғыз тоты» т. б.
Абылай хан
(1711—1780 жылдар)
Уәлиұлы Абылай (Әбілмансұр)— төре әулетінен, қазақ халқының біртұтастығын сақтауда жойдасыз еңбек сіңірген әйгілі ханы, сонымен бірге, XVIII ғасырдан күйі жеткен санаулы күйшілеріміздің бірі. Ол өмір сүріп хандық құрған заман қазақ халқы үшін жойылып кету қауыпы төніп тұрған, өлім мен өмірдің арасында күн кешкендей алмағайып заман болатын. Бұл жөнінде сол кездің дуалы ауыз ақыны былай дейді:
«Былай барсаң Қоқан бар — қоқаңдаған әкең бар, Былай барсаң қалмақ бар — күшіңді еппен алмақ бар, Былай барсаң қытай бар — жапырағыңды бүтай бар, Былай барсаң орыс бар — балаңды берсең қоныс бар».
Абылай ханның күйлерін тақырыбы жағынан болсын, әуен-сазының ерекшелігі жағынан болсын екі кезеңге бөліп қарауға болады. Біріншісі, жоңғар шапқыншылығы қабындап тұрған кезде нақтылы өмір құбылыстарына арнаған күйлері. Мұнда негізінен жаугершіл кездің жорықтары, соғыс зардабы мен жеңіс еалтанаттары, батырлардың ерен ерліктері күй тіліне көшіп отырады. Екіншісі, тура шапқан жаудың беті қайтып, көшпелі өмірдің ырғағы қайта жанданып, Абылай ханның өзі байсал тарта бастаған кезде туған күйлері. Бұл күйлерінде өмірдің мән-мағынасы туралы ойлаған, ел қамы мен халық тағдыры жөнінде толғанған ойлы сезім бел алып жатады. Абылай ханның күйлері туралы Ш. Уәлиханов, A. B. Затаевич сияқты ғалым зерттеушілер алғаш пікір білдіріп, кейбір күйлерін нотаға түсірген.
Абылай ханның күйлері: «Ақ толқын», «Алабайрақ», «Бұлан жігіт», «Дүние қалды», «Жетім торы», «Қайран елім», «Қара жорға», «Қоржын қақпай», «Майда жал», «Садақ қақпай», «Сары бура», «Шаңды жорық» т. б.
Махамбет
(1804—1846 жылдар)
Өтемісұлы Махамбет — халықтың азаттығын көксеген күрескер, қол бастаған батыр, құдіретті ақын, дәулескер күйші. Туып-өскен жері Ішкі Бөкей ордасындағы Бекетай деген өңір. Бұл — қазіргі Орал облысының Жәнібек ауданына қарайтын жер.
Махамбет өзінің барша болмыс қасиетімен көшпелілер көсемінің соңғы тұяғы. Ол өзі туып-өскен өңірдің Қамбар батыр, Ер Тарғын, Сыпыра жырау, Асанқайғы, Қазтуған, Шәлкиіз, Жиембет, Доспанбет сиякты біртуар тұлғалардың өлмес мұрасын көкірегіне тоқып өскен. Әйгілі Сырым батырдың әділет сүйгіш, азатшыл рухы Махатбеттің бесік жыры болып, өмірінің мағынасына айналған. Махамбет өзі өмір сүрген заманның ағымына жүйрік, көзі ашық, көкірегі ояу жан болған. Ол орыс, татар, араб тілдерін тәуір меңгерген.
Махамбет поэзияда қандай дара болса, күйде де сондай оқшау. Оның күйлері адуын мінезімен, асқақ сезімімен дараланады. Азаттық үшін күрес жолында бастан кешкен ауырлық-тауқыметтер, үзеңгілес серіктерінің өр тұлғалары, туған жердің қадір-қасиеті Махамбет күйлеріне арқау болып отырады.
Өтемісұлы Махамбеттің күйлері: «Ақжел-ең», «Жайық асу», «Жорық», «Жұмыр Қылыш», «Исатайдың Ақтабаны-ай», «Қайран Нарын», «Қиыл қырғыны», «Нарын», «Өкініш», «Тарлан», «Шілтерлі терезе» т. б.
Боғда
(XIX ғасыр)
Қараұлы Боғданың туып-өскен жері Жем, Сағыз өзендерінің бойы болғанымен, ол Ақтөбе, Гурьев, Орал өңірін, Маңғыстау түбегін еркін аралап, бұл төңіректің күйшілік дәстүрін терең меңгерген. Исатай, Махамбет сияқты ел қорғаны болған азаматтармен, Соқыр Есжан сияқты дәулескер күйшілермен құрдас, сыйлас болған. Абыл Қошқар, Еспай, Кәуен, Арыстан сияқты күйшілердің өнеріне ден қойып өнеге тұтқан.
Боғда өзінің шығармашылығында отбасы, ошақ қасының немесе ауыл арасының күйкі көріністерінен шектелмейді. Ел қамы, халық тағдырына алаң көңілімен әлеуметтік үні айқын күйлер шығарады. Бұл орайда оның шоқтықты күйлері «Қаражаяу», «Боғда», «Бозтөбе» екеніне күмән жоқ. Қазақстан күйшілік дәстүрінде тармақты күйлерді тарту, сол тармақты күйлердің өрісін ұзарту кез келген күйшіге сын болса, Боғда әйгілі «Алпыс екі тармақты Ақжелең» циклына өз тарапынан «Кербез Ақжелкең», «Кербез керік» деп аталатын екі күй қосқан адам.
Боғданың күйлерін бүгінгі күнімізге жеткізушілердің ішінде О. Сүйіндіков, Н. Қыдырғалиев, М. Өскенбаев, Л. Мұхитов сияқты домбырашыларды ризашылықпен еске аламыз. Қараұлы Боғданың күйлері: «Боғда», «Бозтөбе», «Жемсу», «Екіндіде ел іздеген», «Кербез Ақжелкең», «Кербез керік», «Қара жаяу», «Сегіз лақ» т. б.
Тәттімбет
(1815—1860 жылдар)
Қазанғапұлы Тәттімбет Қазақстанның орталық, шығыс, оңтүстік өңіріне кең тараған қоңыр күйлер мен бойлауық күйлерді шығарушы күйші-композиторлардың ең дарындыларының бірі. Ол ән мен күйдің жылжыған жорғасы мен жылмаған жүйріктері Жанақ, Шөже, Кемпірбай, Біржан сал, Жаяу Мұса, Жанай, Орынбай сияқты әнші-ақындармен, Тоқа, Ықылас, Итаяқ, Шашақ сияқты күйшілермен, Құнанбай, Алшынбай, Ерден, Шыңғыс, Шорманның Мұсасы сияқты ел басыларымен қадірлес-сыйлас болған. Екінші Александр патшаның таққа отыру тойына барған. Яғни, Тәттімбет өз кезінде ел ісіне араласқан, өз заманының көзі ашық, көкірегі ояу лауазымды азаматы болған. Біржан сал:
«Тәттімбет ардакерім Арғын асқан, Қырық түрлі күй айналған бармағына»,—дейді. Иә, Тәттімбет ең алдымен дәулескер күйші ретінде ден қойғызады. Ол домбырада оң бұрау, теріс бұрау, шалыс бұрау, қалыс бұрау, қосақ бұрау (тел бұрау) күйлерін шығарған. «Тәттімбет творчествосы қазақтың музыка тарихында ерекше орын алады, қанша уақыт өтсе де, қанша ғасыр артта қалса да оның әсем күйлері талай буынның рухани азығы болады»,— деп жазды академик А. Жұбанов.
Қазанғапұлы Тәттімбеттің күйлері: «Азына», «Ақбас бура», «Балбырауын» («Шымылдық үзер»), «Балқан тау», «Бес төре», «Боз торғай», «Былқылдақ», «Желқара», «Жетім қыз», «Жібек жал», «Ерке атан», «Ерке бұлан», «Қаражорға», «Қашқан қалмақ», «Кенжетай», «Қорамжан», «Қосбасар» (төрт нұсқасы бар), «Қоянды», «Көкейкесті», «Көшжанаған», «Манабай», «Майда сары», «Мінеки», «Нар шөккен», «Ноғай-қазақ», «Өлең сай», «Салқоңыр», «Саржайлау», «Сары-қамыс», «Сарыатан», «Сары өзен», «Сұлама», «Суықтөбе», «Сұлуағаш», «Сылқылдақ», «Тепеңкөк», «Тасбұлақ», «Толқын», «Терісқақпай», «Шайыр қалды» т. б.
Құрманғазы
(1818—1889 жылдар)
Европадағы рухани Қайта өрлеу кезеңінің (XIV—XVII ғғ.) алғашқы қарлығаштары ақын Данте мен суретші Джотто болғаны сияқты, қазақ даласында XIX ғасырда болған рухани жаңғырудың алдыңғы легінде күйші-композитор Сағырбайұлы Құрманғазы болды. Құрманғазы күйлері өз ортасының, өз заманының нақтылы көріністерін тілге тиек еткенімен, сол күйлердің өнбойындағы өршіл рух заманалық құбылыстарды меңзеп, дәуірлік өзгерістерді толғап, ақиқат пен азаттық үніндей болып естілді.
Құрманғазының ғұмыр кешкен кезі патшалық Россия жүргізген отаршыл саясаттың ең бір қарқын алған, әбден құныққан, шектен шыға бастаған кезі еді. Мұндай озбырлыққа жан-жүрегімен қарсыласу Құрманғазының өмірбаянына айналып, күй тілінде көрініс тауып отырған. Ол өзі беттескен заманның тарихи-әлеуметтік болмысына күйші-философ ретінде ден қояды. Ұрпақ тағдырына ықпал ететін заманалық құбылыстарға бойлай үңіліп, ой толғау Құрманғазының күйшілік болмысына тән.
Сағырбайұлы Құрманғазының күйлері: «Адай» (үш нұсқасы бар), «Айда бұлбұл, Айтжан-ай», «Ақбай», «Ақсақ киік» (екі нұсқасы бар)? «Амандасар», «Алатау», «Аман бол, шешем, аман бол», «Байжұма», «Балбырауын», «Балқаймақ» (екі нұсқасы бар), «Бас Ақжелең», «Бозшолақ», «Бозқаңғыр», «Бұлбұлдың құрғыры», «Демалыс», «Жігер», «Ертең кетем», «Итог», «Кішкентай», «Көбік шашқан», «Кісен ашқан» (екі нұсқасы бар), «Лаушкен», «Маната», «Машина», «Назым», «He кричи, не шуми», «Ойбай, балам», «Пәбескі», «Перовский марш» «Сарыарқа», «Саранжап», «Серпер», (төрт нұсқасы бар), «Теріс қақпай», (екі нүсқасы бар), «Төремұрат», «Түрмеден қашқан», «Ұзақ Ақжелең» т. б.
Дәулеткерей
(1820—1887 жылдар)
Шығайұлы Дәулеткерей бұрынғы Бөкей ордасында, қазіргі Орал облысының Орда ауданына қарасты Қарамола деген жерде дүниеге келіп, сол ата қонысында дүние салған. Дәулеткерейдің ата-бабасы Орыс ханнан бері қарай хандық биліктен қол үзбеген. Алайда, Дәулеткерей төрелік биліктен гөрі өз төңірегіне рухани дәстүрдің, күйшілік өнердің алтын діңгегі сияқты болған. Ол Соқыр Есжан, Байжұма, Мүсірәлі сияқты күйші-домбырашылардың өнерін өзіне шабыт тұғыры еткен.
Егер, дүние шіркіннің дидарында осынау фәни жалғанға жылап келіп, жылап кететін адам құдіреттің көңілін жұбататын, жүрегін жылытатын, санасын сергітетін бір құбылыс болса, ол — Дәулеткерейдің күйлеріндей-ақ болар. Дәулеткерейдің күйлерін тыңдаған жан өмірге келгеніне өкінбеуге тиіс. Ұлы күйші қиын заманның қасірет қамауына тап болған бейбақ халқын домбырасымен жұбатқан сияқты.
«Төре күйлерінің атасы» атанған Дәулеткерей өзінің әрбір күйін айрықша талғаммен, ерекше сұлулықпен сомдаған. Оның кез келген күйі табиғаттың өзіндей табиғи қалпымен, әсем сазымен, ойлы да сыршыл сезімімен, кірпияз сырбаздығымен қайран қалдырады. Осының бәріне қоса Дәулеткерейдің күйлеріндегі ұлттық дыбыс тілінің айқындығын айтуға болар еді.
Шығайұлы Дәулеткерейдің күйлері: «Ақбала қыз», «Ат қалған», «Байжұма», «Бапас күй», «Бұлбұл» (екі нұсқасы бар), «Ващенко», «Желдірме», «Жігер» (үш нұсқасы бар), «Жұмабике», «Керілме», «Көркем ханым», «Көрұғлы», «Қарақожа», «Қосалқа» (үш нұсқасы бар), «Қосағалы», «Қоңыр» (екі нұсқасы бар), «Құдаша», «Қыз Ақжелең», (үш нұсқасы бар), «Қос ішек», «Мұңды қыз», «Нар идірген», «Салық өлген», «Тартыс», «Топан» (екі нұсқасы бар), «Тұндырма», «Ысқыма» (екі нұсқасы бар), «Шолтақ» т. б.
Абыл
(1820—1892 жылдар)
Тарақұлы Абыл Маңғыстау түбегіндегі Оймауыт, Желтау деген жерде дүниеге келген. Ата дәулетінің арқасында не ішем, не кием демей, еркін өсіп, ертерек атқа мініп, оң-солын танып өседі. Өз ортасының әнші-күйші, аңшы-сері азаматтарымен еркін араласып, даланың рухы биік салт-дәстүріне ден қояды. Тек өз ортасының өнерпаздық дәстүрі емес, бір шеті Хиуа мен Қарақалпақстан, бір шеті Түрікменстан арасындағы өнерпаздыққа Абыл көзі мен көкірегін қанықтырып өседі. Ол өз замандастарының ішінде Құлшар, Боғда сияқты күйшілермен, Балапан сияқты ақындармен қадірлес, сыйлас болған. Абыл «алпыс екі тармақты Ақжелеңді» жеріне жеткізе тартып, оны өз «Ақжелеңімен» толыктырған күйші.
Абыл да өзі өмір сүрген заманның киындығы мен кызығын күйлеріне арқау етіп, туған елдің әйгілі ұл-қыздарына арнап күй шығарған. Оның күйлерінің сырт бітімі сабырлы сияқты көрінгенімен, іші терең тартысқа толы мазмұнды болып келеді.
Тарақұлы Абылдың күйлері: «Абыл», «Ақжелең», «Аксаққұла», «Әрәнжанның шалқымасы», «Кеңес», «Нарату» т. б.
Қожеке
(1823—1881 жылдар)
Назарұлы Қожеке Жетісудың төрі болып есептелетін Қарқарада дүниеге келген. Шыққан тегі ұлы Үлы Жүз ішіндегі Албан тайпасы. Албан ішінде Сары — Сүйерқұл — Бозым — Құрбан болып өрбиді. Қожекенің әкесі Назар сөзге шешен, аузы дуалы, төңірегіне ықпалды адам болған. Қожекенің ел ісіне ерте араласуына әке тәрбиесі ықпал еткен. XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап Жетісуға тізе батыра бастаған Ресейдің отаршыл саясатына бас имеген Қожеке 1862 жылы төрт жүздей үйді бастап, түріле көшкен беті Текес өзенінің бойына келеді. Қожеке бастаған рулы елдің көшіп келуіне Қытай өкіметі де бейтарап қарамаған. Алғашқыда Қожекеге шын-шекпен беріп, өздеріне қолшоқпар етпекші болады. Бірақ, Қожеке сияқты тіртуар тұлға халқының қамына қиянат болар іске қия баспайды. Ақыры айтқанына көндіре алмаған Қытай өкіметі Қожекені Күре түрмесінде көмір шоғына қақтап өлтіреді.
Қожеке өзі куә болған, өзін толғандырған өмір құбылыстарының баршасын күй тілінде баяндап отырған. Уақыт құрдымында ұмыт болғанына қарамастан бүгінгі күнімізге Қожекенің жүзге тарта күйлері жеткен. Оның күйлері күні бүгінге дейін Жетісу, Алтай, Ертіс, Тарбағатай, Бұратала, Іле өңірлерінде тартылады.
Назарұлы Қожекенің күйлері: «Ағарсынның ақ толқыны», «Аққу», «Арман», «Баекенің естіртуі», «Балаларыма», «Балам-ау», «Боз жігіт», «Бөлтірік», «Біржан сал», «Жиренше», «Қара шаштың қазасын естірту», «Жиреншенің Қарашашты жоқтауы», «Кертолғау», «Көрұғлы сұлтан», «Күй бастар», «Күй шақыртқы», «Қамбархан», «Қолға алынар алдында», «Қос келіншек», «Қинау», «Құл пенде», «Мұңлық», «Өз қольш», «Рабат төренің естіртуі», «Раушан», «Сайрам көл», «Сарбапы бұлбұл», «Тарпу», «Токтарым», «Түрмедегі қинау», «Шалқайма» т. б.
Сармалай
(1835—1885 жылдар)
Сармалай Орал облысының Фурманов ауданында қарасты Талдықұдық деген жерде туған. Азан шақырып қойған аты Садық екен. Кедейліктің қамытынан құтыла алмай, қоңсы отырған орыстың Петрушко деген байына жалданып, сол кезден бастап төңірегіндегілер Садықты «Сармалай» деп атап кеткен.
Сыбызғышылықты ата-бабасынан мұра еткен Сармалай есейе келе Сабыр деген сыбызғышыны ұстаз еткен. Сармалай күйлері негізінен өзі өскен ортаның сан сала көріністеріне арналады. Табиғаттың тылсым сыры, оның аясындағы жан-жануарлар болмысы бір сәттік жағдайдан бастау алып, алуан түрлі сезім күйіне ұласады. Сармалай күйлерінде табиғат, қоршаған орта еш уақытта жалаң алынбайды. Ұдайы адам мен табиғаттың, адам мен жан-жануарлар дүниесінің, адам мен қоғамның біте қайнасқан тұтастығын әйгілеп отырады.
Сармалай мұрасы бүгінгі күнімізге әйгілі сыбызғышы Уәлиев Ысқақ арқылы жеткен. Ысқак, 1944 жылы Ұлы Отан соғысында ерлікпен қаза тапты.
Сармалай күйлері: «Ақсақ құла», «Бұлбұл», «Жетім қыз», «Қоңыр бұқа», «Нар идірген Сансызбай», «Шал бүркіт» т.б.
Тоқа
(1830—1914 жылдар)
Шонманұлы Тока қазіргі Жезқазған облысының Жаңаарка ауданындағы Көктал өзенінің бойында дүниеге келген. Арқада Тоқа деген ру аты да бар. Сол Тоқа руынан айырып атау үшін үзеңгі тұстастары күйшіні Сайдалы Сары Тоқа деп атап кеткен.
Тока өз төңірегіндегі ел-жұртқа әділдігімен танылған, өнерпаз күйшілігімен даңқы шыққан. Оның іреп айтатын уытты тілі, өз кезең әділетсіздігіне қарсы шығуы дұшпан-дарын да көбейтіп баққан. Тоқаның екі жылдай жер ауып, айдауда жүріп қайтуы да өз заманының зорлық-зомбылығымен көп беттескенін аңғартады.
Тоқа өз кезінде Тәттімбет, Ықылас, Қыздарбек, Дайрабай сияқты күйшілермен кадірлес, сыйлас болған. Найманның Шашақ деген домбырашысымен, бала күйші атанған Сүгір Әлиұлымен күй айтысына түскен. Қырғыз Шәбденнің асына қатысып, күй сайысында бас жүлдені жеңіп алған.
Тоқа оң және теріс бұрауда көп күй шығарған. Әсіресе, қазақтың күйшілік өнеріне ғажайып рең беретін теріс бұрау күйлерінің дәстүрін Тоқа ілгері дамытып, биікке көтере білген. Тоқаның күйлері: «Азамат», «Аққу», «Айдос», «Алшағыр», «Балшекер», «Боз-айғыр», «Жалғыз ішек», «Жолды қоңыр», «Қосбасар» (үш нұсқасы бар), «Ерке қыз», «Саржайлау», «Сары өзен», «Төрт толғау» (төрт нұсқасы бар), «Терісқақпай», «Тоғыз-тарау» т. б.
Ыкылас
(1843 — 1916 жылдар)
Дүкенұлы Ықыластың туып-өскен жері Жезқазған облысының Жаңаарқа ауданы. Дүние салған жері Жамбыл облысының Сарысу ауданына қарасты «Сарысу» совхозының жері. Ықыластың әкесі Дүкен де, оның әкесі Алтын да қобызшы болған адамдар.
Ықыластың тұлғасын рухани тарихымыздың төріне шығаратын қисынның зоры деп Қорқыттан кейін аттай мың жыл бойы тілін тістеген қасиетті қара қобызға тіл бітіргенін айтқан жөн. Ықылас дарынының тегеуріні бақсы қолындағы тәңірілік аспапқа адамның тілін дарытып, адамның жоғын жоқтатып, адамның мұңына ортақтастырғаны үшін тәнті боламыз.
Ықыластың көзін көріп тікелей тәлім-тәрбие алған Ашай, Әбікей, Сүгір сияқты қобызшы-домбырашылар. Ашай, Әбікей, Сүгірлердің шәкірті Мықтыбаев Дәулет пен Қаламбаев Жаппас. Олардың шәкірттері Үмбетбаев Сматай мен Қосбасаров Базархан бұл күндері өнерлеріне тәнті етіп жүр. Көшпелі елдің көшінен түсіп қала жаздап, қадау-қадау өнерпаздардың қол жалғауы арқылы көнеден бүгінге жеткен қобыз өнері қазір болашаққа сеніммен шеру тартып бара жатқандай.
Дүкенұлы Ықыластың күйлері: «Айрауық», «Аққу», «Асанқайғы», «Бозторғай», «Жалғыз аяқ», «Жез киік», «Ерден», «Қазан», «Қаншайым», «Қасқыр», «Саржан төре», «Шақыру» т. б.
Дайрабай
(1860—1937 жылдар)
Ерназарұлы Дайрабай Жезқазған облысына қарасты Жаңаарқа ауданының жеріндегі Атасу өзенінің бойында дүниеге келіп, Шымкент облысының Қызылқұм ауданына қарасты Шәуілдір селосының маңындағы Шілікті деп аталатьщ қыстауда дүние салған.
Дайрабай азаттық сүйгіш, жүйрік ат, қыран құсқа құмар, сері көңіл жан болған. Бұған қоса табиғат оған әншілік, ақындық, күйшілік сияқты ғажайып қасиет дарытқан. Содан да болар, ол Тоқа, Ықылас, Қыздарбек, Әбди сияқты күйшілермен, Жарылғапберді, Ғазиз, Иманжүсіп, Үкілі Ыбырай, Төлебай сал сияқты әйгілі өнерпаздармен дәм-тұзы жарасып, қадірлес-сыйлас болған. Оның есесіне Дайрабай заманымен тіл табыса алмай, Қазан төңкерісінен бұрын да, кейін де қуғын-сүргінді көп көрген.
Дайрабай күйлері бітім-құрылысының мінсіздігімен, әуен-сазының мейлінше бай нақыштарымен, сондай-ақ, айтар ойының сергек те сезімталдығымен дараланады. Оның күйлері аз аяда аста-төк ойды сапырып, тыңдаушы рухын аспандатып, өмірге ғашық етіп үлгереді. Сөз жоқ, бұл біртуар дарынның ғана қолынан келер құдірет.
Ерназарұлы Дайрабайдың күйлері: «Әттеген-ай», «Дайрабай» (төрт нұсқасы бар), «Қоштасу», «Қыр», «Сыр», «Сырдың суы», «Шәуілдір» т. б.
Өскенбай
(1860—1925 жылдар)
Қалманбетұлы Өскенбайдың туған жері Маңғыстау облысының Ералиев ауданына карасты Жетібай селосы. Ал, дүние салып топырақ бұйырған жері Маңғыстаудағы Қарақия жотасының Доңаза деп аталатын жері.
Қалманбеттен Өскенбай, Үлкенбай атты екі ұл, Көркей, Шырай, Ақжан атты үш қыз өрбіген. Осы бес перзенті де бірін-бір жібермейтін, бірімен-бірі тайталасқан домбырашылар болыпты. Демек, Өскенбайдың күйшілік өнерінің бастау қадамы өскен ұясындағы әдемі дәстүрде жатыр. Кейін Атырау алабын еркін аралап, Лекер, Жоламан, Мылқайыр сияқты күйшілердің, Тәңірберген, Жолды, Арал, Сүйінбай, Қартбай сиякты акын-жыраулармен, Әділ, Шалтаман, Тастемір сияқты әншілермен үзеңгілес болып, «Адайдың жеті қайқысының» бірі атанады.
Өзінің туып-өскен ортасындағы күйшілік-домбырашылық өнерді Өскенбай жеріне жеткізе меңгерген. Оның репертуарында екі жүздей күй болған. «Құрманғазы, Дәулеткерей, Абыл дәстүрлерінің ешқайсысына тікелей соқпайтын, творчестволық бағытында да, орындаушылық дәстүрде де өз алдына бір төбе болып тұрған адайлык күйлердің негізгі қорын бір басына жинаған Өскенбайдың біздің халықтық аспап музыкасында алатын орыны ерекше»,— дейді академик Ахмет Жұбанов.
Қалманбетұлы Өскенбайдың күйлері: «Соқыр қыз», «Жаңылтпаш», «Қынжал», «Өрелі мая», «Шөлмек сынған», «Ыңғай төк», «Кербез Айша», «Жирен жорға», «Жеті бұлбұл», «Бала Науайы», «Өмір күйі», «Ақжелеу» т. б.
Дина
(1861—1955 жылдар)
Нүрпейіс келіні Дина Батыс Қазақстан облысының Жаңақала ауданына қарасты Бекетай құмы деген жерде дүниеге келген. Ол тоғыз жасының өзінде-ақ Дәулеткерей, Мүсірәлі, Әлікей, Түркеш, Ұзақ, Есжан, Байжұма, Баламайсақ сииқты күйшілердің күйін нәшіне келтіре тартып, төңірегі «домбырашы қыз» деп атаған. Әйгілі Құрманғазы Динаны арнайы іздеп келіп, батасын берген. Дина тоғыз жасынан он тоғыз жасына дейін, қашан ұзатылғанша Құрманғазының баулуында болады. Сол Дина 90 жасында Құрманғазының күйін шабыттана тартып, дүйім жұртты таң қалдырған.
1937 жылы 75 жастағы Дина Алматыға тұңғыш келіп, құдірет өнерімен бүкіл республикаға ден қойғызады. Ол осы сапарында халық өнерпаздарының Бүкілқазақстандық байқауында бірінші орынға ие болады. 1944 жылы 83 жасында Орта Азия республикаларының өнерпаздары қатысқан жарыста да жеңімпаз атанады.
Дина қазақтың күйшілік өнеріне өшпес із салған біртуар дарын. Егер оның күйшілігінің бастау алған тегін іздеу керек болса, ат басын Құрманғазы мен Дәулеткерейге қарай бұру керек. Екі ұлы күйшінің өнерінен тел сусындаған Дина өзіндік өрнегін тапқан күйші. Дәулеткерейдің ойға шомған сыршылдығы мен Құрманғазының өршіл рухы Дина шабытының қос қанаты сияқты.
Нүрпейіс келіні Динаның күйлері: «Ана бұйрығы», «Әсем қоңыр», «Байжұма», «Бозшолақ», «Бұлбұл», «Делегат», «Домалатпай», «Еңбек ері», «Жеңіс», «Жігер», «Кербез», «Көгентүп», «Көкөніс», «Қарақасқа ат», «Қосалқа», «Меңдіқара», «Науысқы», «Он алтыншы жыл», «Өттің дәурен», «Партия туралы күй», «Сауыншы», «Сегізінші март», «Сталин», «Тойбастар», «Шынар» т. б.
Мәмен
(1859—1931 жылдар)
Ералыұлы Мәмен қазіргі Орал облысына қарасты Жаңақала ауданының Қарасамыр деген жерінде дүниеге келіп, осы облыстағы Фурманов ауданының Бекалмақ деген жерінде дүние салған. Мәмен әйгілі Әлікей, Түркеш сияқты дәулескер күйшілердің қанатты өнерін бесік жыры еияқты құлағына сіңіріп өссе, ұлы Құрманғазының жанына еріп тағылым алған. Орайлы жерде Мәмен өз тұрғыластарымен өнер сайысына түсуден тартынбаған. Бұл орайда, Дина мен Мәмен арасындағы күй айтысы ел есінде қалған.
Мәменді күйші ретінде даралап тұрған қасиет, оның күйлеріндегі түр мен мазмұнның тастан қашалғандай тұтастықта жаратылуы десе лайық. Бөтен дыбыс, бөгде қағыс Мәмен күйлеріне мүлде жат. Оның күйлерінің әуен-сазы мен бітім-қүрылысының біте қайнасып жататыны соншалық, бірде-бір дыбыстық иірімдерді кақас қалдырып тарту мүмкін емес. Ол былай тұрсын, Мәмен күйлерінің қат-қатымен түсетін жүйесін, рет-ретімен тартылатын бөлім-буындарын ауыстырып тартуға да болмайды. Яғни, оның күйлері жанды жаратылыс сиякты, артық біткен ештеңесі жоқ, бір ғана демнен жаралып, табиғаттың өз құрсағынан туғандай әсер береді.
Ералыұлы Мәменнің күйлері: «Ақшолпан», «Дүрбелең» («Он алтыншы жыл»). «Қайғылы қара», «Кербез Ақжелең», «Он алтыншы жыл» т. б.
Дәуітбай
(1873—1937 жылдар)
Тауданбекұлы Дәуітбай Бұқтырма өзенінің бойында дүниеге келіп, нағыз толысқан, асыл өнерімен ел-жұртын тәнті еткен шағында репрессияның құрбаны болған.
Дәуітбай дәулескер күйші-композитор, арқалы ақын. Ол жиырмаға жаңа іліккен шағында өз жұртындағы ауқаттылау үйдің қызына ғашық болады. Қыз да көңілін қосып, бас құрауға келісім береді. Бірақ, қыз әкесі оң шырай бермеген соң, Дәуітбай қызды өз келісімімен алып қашып, Монғолияның Баян-Өлгий жағындағы нағашы жұртына өтіп кетеді. Мұнан кейінгі өмірі осы өңірде өтеді.
Дәуітбай ел ісіне белсене араласқан, көзі ашық, көңілі сергек жан болған. Монғол Халық Революциясының жеңісін (1921) Дәуітбай үлкен үмітпен қарсы алады. 1924 жылы белгілі қоғам қайраткері Тұрар Рысқұлов Коминтерннің Монғолиядағы уәкілі ретінде келгенде, оның жергілікті жердегі арқа сүйеген азаматтарының бірі осы Дәуітбай болған. Тұрардай азаматтың жас та болса бас болғандай зерделі ақыл-парасатына риза болған Дәуітбай оған «Арнау» атты күй шығарған.
Дәуітбай күйлері әсем-сазды ырғағымен, бай әуенімен, сезімтал сырымен ден қойғызады.
Тауданбекұлы Дәуітбайдың күйлері: «Арна», «Арнау», «Жалама айдаған», «Жаяу солдат», «Ертіс толқыны», «Қайран Бежең», «Тарту» т. б.
Сейтек
(1861—1933 жылдар)
Оразалыұлы Сейтек казіргі Орал облысының Орда ауданында дүниеге келіп, Астрахань облысының Қарабайлы ауданында дүние салған.
Сейтекті домбыра тартуға баулып, алғаш тәлім берген кісі Шошақ деген домбырашы. Кейін Әлікей, Мақар, Салауаткерей, Тұрып сияқты домбырашылармен танысып, сол өңірдің бай музыкасына құлақ қандырады. Домбыраға айырықша ден қойып, өз жанынан күй шығара бастайды.
Сейтек өзі өмір сүрген заманның ауырлық-тауқыметін көп көрген күйші. Оның азатшыл рухы, әділет сүйгіш болмысы кер заманның кесапатты қалпымен бітіспей өткен. Өмірінің көбін қуғын-сүргінде өткізген Сейтек Орда, Үркіт, Астрахань, Москва түрмелерінде болған. «Саяси аса қауыпты» деген айыппен Сібірге жер аударылған. Содан да болар, Сейтек күйлері ішкі мазмұнға бай, толғамдары терең, әуен-сазы мұңды болып келеді. Бұған қоса, ол домбыраның бар мүмкіндігін еркін пайдалана білген. «Сейтек перне» атанып кеткен бас пернемен тартылатын оқшау сарындағы күйлерімен де Сейтек күй сүйер қауымды айырыкша тәнті етеді.
Оразалыұлы Сейтектің күйлері: «Айдау», «Арман», «Балқаймақ», «Бес қыз», «Бұлбұл Айдай», «Ғазиз», «Еркіндік», «Жантаза», «Заман», «Заман-ай», «Көк ала ат», «Карашаш», «Қызыл сұңқар», «Марш», «Он алтыншы жыл», «Он жетінші жыл», «Ортпа», «Сексен ер», «Тойбастар» т. б.