[:kz]
Украин әскерлері босатқан Киев облысына қарасты қалаларда соғыс кезінде болған сұмдық жайттарды оңайшылықпен ұмыта алмайтын тұрғындар жетерлік. Би-би-си тілшісі Ресей әскерлерінің құрбаны болған әйелдермен тілдесіп, қылмыс жасалған орындарды көріп қайтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
50 жастағы Аннаның (аты өзгертілген) айтуынша, Ресей әскерлері оны зорлап, күйеуін өлтірген. 7 наурыз күні әскери киім киген ер адам үйге баса-көктеп кіргенде ерлі-зайыптылар үйде болған.
«Қару тақап, мені көрші үйге алып барды. «Шешін немесе атып өлтіремін», – деді. Сосын мені зорлай бастады. Бір сәтте тағы төрт сарбаз кіріп келді. Менің шаруам осымен бітті деп ойладым. Бірақ әлгілер мына сарбазды алып кетті. Одан кейін оларды көрмедім», – дейді әйел көзіне жас алып.
Өзінің болжамы бойынша, оны құтқарғандар – Ресей әскерінің басқа бөлімшесінен келгендер.
Үйіне оралған соң, әйел күйеуінің жараланғанын көрген. Ол Аннаны құтқармақ болғанда, сарбаз оның ішінен атқан. Соғыстың салдарынан Анна күйеуін ауруханаға жеткізе алмаған, нәтижесінде жұбайы көз жұмған.
Анна өз хикаясын баяндай отырып, тоқтаусыз жылады. Әсіресе көршілерінің көмегімен қазылған күйеуінің көрін көрсеткенде өзін тоқтата алмады.
Аннаны зорлықшыдан құтқарған әскерилер оның үйінде бірнеше күн түнеген. Күйеуінің киімдерін беруді талап еткен. Аннаның айтуынша, өздерін біртүрлі, мас адам сияқты ұстаған. Ал олар кеткеннен кейін әйел біртүрлі әрекеттің сырын ашқан.
Әскерилер димедрол, желім мен әйелдер виаграсын тастап кеткен.
«Олар – есірткіде отырған адамдар. Бұл адамдардың басым бөлігі қарақшылар, зорлықшылар мен кісі өлтірішулер. Сау адам аз», – дейді әйел. Көршілерінің сөзінше, Аннаны зорламас бұрын, әлгі жауынгер шамамен 40 жастағы тағы бір әйелді зорлап өлтірген.
Зорлықшы әйелді үйінен шығарып, көрші үйге алып барған. Ол үйдің иелері соғыстың басында эвакуацияланып үлгерген. Қымбат түсқағаздар жабыстырылған жатын бөлмесі енді қылмыс жасалған орынға айналды. Матрас пен көрпеде қанның іздері, ал айнаның бетінде далаппен жазылған жазу. Онда құрбанның қайда көмілгені жазылған.
Оксана есімді көршісінің айтуынша, бұл жазбаны басқа орыс жауынгерлері қалдырған. Олар әйелді өлі күйінде тауып жерлеген.
Киев аудандық милициясының басшысы Андрей Небытов жас отбасының басынан өткен тағы бір сұмдық оқиғаны баяндады. Киевтен 50 шақырым жерде орналасқан ауылда үш адамнан тұратын отбасы тұрған: 30 жастағы ерлі-зайыптылар мен олардың кішкентай баласы.
«9 наурыз күні олардың үйіне бірнеше ресейлік жауынгерлер басып кірген. Ер адам әйелі мен баласын құтқармақ болғанда оны аулаға шығарып, атып тастаған. Одан кейін екі сарбаз оның әйелін бірнеше рет зорлаған. Кетіп қалып, қайта оралған. Шамамен үш рет осы әрекетті қайталаған.
«Қарсылық танытсаң, ұлыңның жағдайы мәз болмайды», – деп қорқытқан. Әйел қарсылық танытпаған. Кетер алдында сарбаздар үйді өртеп, иттерді атып кеткен», – дейді полицей.
Әйел баласын құшақтап қашып, полицияға жеткен. Тәртіп сақшылары оның мәлімдемесін жазып алып, дәлелдерді жинау үшін оқиға орнына аттанды. Алайда үйдің күлі көкке ұшып, дымы қалмаған.
Украинадағы адам құқығы бойынша уәкіл Людмила Денисованың айтуынша, қазіргі уақытта бірнеше ұқсас іс бойынша құжаттар жиналуда.
«Бучадағы үйлердің бірінде жертөледе 14-24 жас аралығындағы шамамен 25 қызды тұтқында ұстап, тұрақты түрде зорлаған. Олардың ішінде 9 қыздың аяғы ауырлады.
Ресей әскерлері олар жыныстық қатынас туралы ойлай алмайтындай жағдайға жеткенше зорлауды тоқтатпайтындарын айтқан. Бұл қыздар енді украин балаларын дүниеге әкелмес үшін», – дейді Денисова.
Ол Украинада Владимир Путинді әскери қылмыстар және әйел зорлығы үшін соттау үшін БҰҰ-ның әлеуметтік трибуналы құрылғанын қалайды.
[:]