АЛТЫНОРДА
Шетел жаңалықтары

[:kz]Ресейдің тағы бір депутаты Қазақстанды «ұлтшылдардан тазартуды» ұсынды[:]

[:kz]

Мәскеу қалалық думасының Коммунистік партиясынан сайланған депутат Сергей Савостьянов Украинамен қоса тағы 6 елді — Қазақстан, Молдова, Польша, Литва, Латвия және Эстония елдерін «ұлтшылдардан тазартуды» ұсынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Депутат бұл жөнінде арнайы құжат дайындаған.

«Украинаны демилитаризациялау және денацификациялау Украина, Ресей және бүкіл Еуропа халықтары үшін тұрақты қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Ресей Федерациясының қауіпсіздігін толық қамтамасыз ету үшін Украинадан бөлек Балтық жағалауы елдерін (Литва, Латвия, Эстония), Польша, Молдова және Қазақстанды да демилитаризациялау және денацификациялау аумағына қосу керек деп санаймын», — деп атап өткен ол құжатта.

Ресей депутаттарының Қазақстан туралы айтқан кереғар пікірлері бір бұл емес. Бұған дейін Ресей Коммунистік партиясының мүшесі Геннадий Зюганов Қазақстан туралы мәлімдеме жасап, еліміздегі орыстілді азаматтарды ұлтшылдардан қорғау керегін айтқан еді. Зюганов бұл туралы 20 қаңтарда айтқан, алайда арада бір айдан артық уақыт өткен соң оның мәлімдемесі ел ішінде тарады.

«Президент пен Мемлекеттік дума мына мәселелерді талқылап, бірқатар шұғыл шешімдер қабылдауы керек: ең алдымен бұл республикадағы орыс тілділерді ұлтшылдардың бассыздығынан қорғау қажет. Байқоңырдан бастап стратегиялық нысандар, полигондар сенімді қорғалуы керек. Қазақстан басшылығымен қажетті кеңестер жүргізіліп, бізге қажетті тілдік, мәдени, рухани тұрғыда қауіпсіздікке кепіл берілсін», – деген Геннадий Зюганов.

 

[:]