[:kz]
Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, дзюдошы Елдос Сметовқа Ақтаудағы жанкүйерлері ерекше сый көрсетті. Жергілікті бизнесмендер Сметовке Ақтау қаласынан пәтер және қымбат қонақүйдің қасынан жер телімін берді деп жазады KAZ.NUR.KZ. Бұл қуанышты жаңалықты дзюдодан жаттықтырушы, Ақтау қаласының бапкері Әділ Бисенқұлов бөлісті. «Ауылға батыр келсе хан түйесін сойған» дегендей, еліміздің абыройын, көк байрағымызды желбіретіп жүрген дзюдо күресінің әлемдік аренадағы жарық жұлдызы Елдос батырға шәкіртім Мирас Бесбайұлы Сайыновтан Ақтау шахарынан пәтер және оған қоса Rixos-тың қасынан жекеменшік жер сыйлады.
Осындай шәкірттерім барда қалай қуанбайсың?! Алла істеріңе береке берсін. Дәл осы бағытта елдеріңе ерінбей адал қызмет ете беріңдер. «Болар елдің жігіттері бірін-бірі батыр дейді”. Ауыздарың бір болып, бағындырар шыңдарың көп болсын!», — деп жазды Әділ Бисенқұлов.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Айта кетелік, қазіргі таңда Елдос Сметов отбасымен және ата-анасымен бірге Ақтау қаласында демалуда. Токио ойындарының қола жүлдегеріне мемлекет тарапынан 75 мың АҚШ доллары көлемінде сыйлық берілді. Сондай-ақ, оның спорттағы жанашырларының бірі Олимпиададан оралған бетте қымбат көлік сыйлады.
Елдос Сметов Токио Олимпиадасының жартылай финалында жапондық Наохиса Такатодан қосымша уақытта жеңіліп, қола медаль үшін өткен кездесуде Нидерланд балуанын жеңді. Қазақстан президенті Елдос Сметовті үшінші дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттаған болатын.
[:]