[:kz]
Осыдан екі күн бұрын 7 балалы көршіміздің үйі өртеніп кеткенін жазып едім ғой. Құдайға тәубә, әкімшілік пен бастамашы топтың насихатымен халық болып, кәсіпкерлер болып, үйсіз қалған отбасыға қол ұшын созуда.
Кеше бұл мәселе жөнінде облыс әкімі Амандық Баталовтың хабардар екенін аудан әкімі Жолан Омаров Фейсбуктегі парақшасына жазды. Облыс әкімінің баспасөз хатшысы Galymurat Zhukel де жақсы бір жаңалықтың болып қалатынын айтып қалды. Бұл да болса, көңілге медеу!
Өмірде жақсы адамдар көп қой.
Кеше ауылдағы бастамашы топтың жетекшісі Азамат аға, үйі өртенген Бауыржан және мен үшеуміз Бауыржанның «Каспий голдына» кімнен қандай көмек келгенін бір саралап шықтық. Мың теңге, екі мың теңгелеп аударған ақшаның сомасы 500 мыңға жуықтапты. Сома әрине көп емес. Бірақ, елдің ниетіне риза болдық. Киім-кешек, тамақ, азық-түлік әкелгендер де аз емес екен.
Біз ақылдасу үшін Азамат ағаның үйіне шыққалы жатқанда бір орыс жігіті (мен үшін славян нәсілдінің бәрі орыс) келді. Қолында банан, тәттілер салынған пакеті бар. Жүзі нұрланып тұр. Биязы, біртоға жігіт екен.
Мен қолындағы тәттілерді әкелген ықыласына риза болып, алғыс айттым. Ол сөзді көбейтпей көлігіне мінді де жөней берді. Тіпті, келуінен кетуі тез болды.
Біз Азекеңнің үйіне бардық. Дастарханға отыра бергеніміз сол еді Бауыржан «ана орыс жігіттің берген ақшасын санайын» деп он мыңдықтарды жарқ еткізді (ол жігіттің ақша ұсынғанын байқамай қалғансың ғой).
Тұп-тура 105 мың теңге беріпті. Үйінен 110 мың алып шығып, жолай 5 мыңына тәттілер алса керек.
Екі күннен бері ауыл болып жинаған ақша бес жүз мың… Ал, мына орыс жігіті жалғыз өзі… Қош, мінген көлігі қарапайым көрінді. Оның үстіне әлдекімдей берген дүниесіне бәлсініп, рахмет күткен жоқ.
Келді, берді, кетті…
Бұ ғаламшар осындай пенделердің пейіліне бола нұрланып тұратын болса керек. Рахмет, саған орыс жігіті. Құдай ниетіңе мол ырыздық берсін!
facebook.com парақшасынан
[:]