[:kz]
Маңғыстау облысының Мұнайлы ауданындағы перинаталдық орталықта арнайы аппаратқа қосылған сәбидің мұрны бір түн ішінде түсіп қалды. «Шала туылса да, бір айдай балам сап-сау болды» деген анасы жансақтау бөліміндегі аппаратқа қосылған соң ғана баласы осындай жағдайға жетті деген сенімде деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Мұрынсыз қалған шақалақ төрт айдан бері жансақтау бөлімінде жатыр екен. Содан бері анасы шағым жазуын тоқтатпаған.
Перинаталдық орталықты тексерген облыстық денсаулық сақтау басқармасы жасанды тыныс аппаратының мұрынды қажап, содан сәбидің нәзік терісінде жара пайда болғанын және бірден мұрын некрозына ұшырағанын анықтаған.
Бала жатқан бөлімшенің барлық кезекші дәрігерлері мен медбикелеріне сөгіс те беріпті.
Аз уақытта екі рет ота жасатқан нәрестенің анасы енді моральдық шығын ретінде орталықтан 10 миллион теңге талап етіп, сотқа берді.
Ал перинаталдық орталық «бәленің бәрі сәбидің анасы мен сирек кездесетін ауруда» деп ақталуда.
«Баланың анасы қауын мен газдалған сусын ішіп, нәрестесін емізген. Содан ішек ауруы қозып, сәби жансақтау бөліміне түсті.
Ағзасы әлсіреген балада бет тіндерін бұзатын «нома» деген сирек ауру пайда болған. Мұндай диагнозды Алматы мен Нұр-Сұлтаннан арнайы келген екі хирург та растап отыр.
Әйтпесе, қанша нәресте апаратта жатыр ғой. Барлығы сап-сау», — деді Маңғыстау облыстық периниталдық орталығының бөлім меңгерушісі Әлия Тасырова.
[:]