[:kz]
Дүние жүрісінен жарты қадамға да жаңылмай асқан дәлдікпен үздіксіз дамып келе жатқан болса, бұл заңдылықтың өзгермеуін ең алдымен жақсы адамдардың озық ойы, ізгі ісі, қайырымды қадамы қамтамасыз етіп тұрған болуы керек. Әлемдегі бағасы өлшеусіз құндылықтың бірі – қайырымдылық. Қайтарымсыз жақсылық жасай білу – нағыз махаббаттың көрінісі. Құдайды сүюің, жақыныңды жақсы көруің, туған жеріңе тағзымың жомарт жүректі жарып шыққан ірілі-ұсақты ізгі істерден көрінеді. Жаңа оқу жылының қарсаңында, құрбан айттың алғашқы күні Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаевтың өзі туған Бәйдібек ауылына мектеп тарту еткенін естігенде, ел игілігі үшін жасалған істі перзенттік парыз-қарызбен емес, ең бірінші, нақ осы ағайынына, ауылдастарына, жалпы туған жеріне сүйіспеншілігімен байланыстыра қарағымыз келгені рас.
Бәрі де өзі алпыс жылға жуық уақыт қызмет еткен әкемтеатрдың сахнасында толқып тұрып: «сексенге келдік, сан қызық көрдік, айтылмай сөзім қалған жоқ» деп сөз бастаған Сәбит ағамыздың осыдан екі жыл бұрын аталып өткен 80 жылдық мерейтойынан басталған болатын. Актердің айтуына қарағанда, адам өміріндегі мәртебелі биіктіктің бірінен саналатын 80 жасқа арналған мерейтойдың бір бөлігін атап өту шаралары Алматыда ғана емес, әртістің туған жері Оңтүстік Қазақстан облысында да жоспарланады.
Тойдың жайын кеңесу үшін келісілген уақытта әртіс пен әкім кездеседі. Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Б.Атамқұловты тыңдап отырса, жергілікті өкімет түзген кең ауқымды бағдарлама шараларға аса бай екен. Ол бағдарлама бойынша облыс орталығы Шымкент қаласында С.Оразбаевтың құрметіне салтанатты кеш ұйымдастырылып, соңынан концерт қойылып, бірнеше шапан жабылып, аудандар атынан ат мінгізіліп, мәртебелі меймандар кешке мейрамханада бас қосып, ертеңінде Алматы мен Астанадан арнайы шақырылған пәленбай профессор мен әртіс ғылыми конференция өткізіп, дәріс оқып, шығармашылық шеберлік сабақтарын көрсетуі тиіс-тұғын. Содан кейін той Түркістан қаласы мен Сайрам ауданында жалғасын тауып, онда да бірнеше киіз үй тігіліп, жүздеген қонаққа құрмет көрсетіліп, астау-астау ет тартылып, саба-саба қымыз құйылып, ат жарысып, палуан күресетін бүкіл тойларға тән аста-төк дәстүрлі тойлау үрдісі Оразбаевтың да туған күні үшін ойластырылған екен.
Осының бәрімен танысып болған соң әртіс айтады: «Қарағым, ниеттеріңе ризамын, 60 жасымды да, 70, 75 жасымды да туған жерім, оңтүстік өлкем өте биік дәрежеде дүрілдетіп тұрып атап өткен. Төбесіне көтеріп жатқан туған еліме рахмет. Енді 80 жасқа келгенде көкейіме бір ой келді. Бір емес, екі ой келіп отыр», дейді. «Ойбай, Сәке, ол не ой еді, айтыңыз» деп қалады әкім інісі. «Онда, былай», дейді әртіс. «Қазақ театр өнерінің негізін қалаған Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов, Құрманбек Жандарбеков дейтін азаматтар бар. Сонау Қызылордада құрылған алақандай қазақ драма театрынан талай тарландардың түлеп ұшқаны өз алдына, мынау Алматыдағы Опера және балет театры да біздің шаңырақтан енші алып, бөлек шыққан. Қарашаңырақта жүріп қазаққа қадірлі болған сол тұлғалардың бірталайы өз кіндік қаны тамған туған жеріндегі өнерге деген көзқарасы түзу, ойлы, намысты ұрпағының арқасында жергілікті театрдың атын иеленіп жатыр. Бикен Римова атында Талдықорған театры, Хадиша Бөкеева атында Батыс Қазақстан облыстық драма театры бар. Ал Қазақстанның халық әртісі, профессор Құрманбек Жандарбеков те осы оңтүстік облыстың азаматы. Күміс көмей, жез таңдай әнші, майталман сахна саңлағы. Шымкенттен жаңадан ашылған Опера театры Құрекеңнің атына әбден сұранып тұр. Осыны ойласаңдар», дейді. Сөйлегенде баяғының билері сияқты суырылып, тағылымды әңгімесін тарихқа толы естелікпен тұздықтап отырып айтпаса, сөзінің ажары кірмейтін Сәбит аға әкімге Қ.Жандарбековтің жарқын бейнесін жарқырататын қызықты жайтты табан астында тауып айтып та береді.
Сәбит ағамыздың ұмытыла бастаған ескі жылдардың әңгімесін жаңа ғана болғандай жаңғыртып баяндап бергеніне сүйсінген әкім халық әртісінің екінші ойына да ықыласпен құлақ түреді. Шымкент қаласынан отыз шақырым жерде шығысы – Қаратау, оңтүстігі – Қазығұрт, Ақсу мен Арыстың түйіскен тұсында Сәбит ағамыздың кіндік қаны тамған, ата-бабасының ежелгі қонысы болған Бәйдібек ауылы – Құтарыс жатыр. Әр үйдің ауласынан он бала ойнақтап шығатын кешегі күн келмеске кеткенімен, келіндердің етегіне жармасқан 4-5 қара-құра осы күнге дейін қай шаңырақтың та шамшырағы іспетті шапқылап өсіп келеді. Арыға бармай-ақ, соңғы жылдардың өзінде ғана жиырмадан аса келіннің егізден туып қуантқаны өз алдына. Ауылында мектеп жоқ емес – бар, бірақ Ыбырай Алтынсарин атындағы тар мектепте талай жылдан бері балалар екі-үш ауысыммен оқуға мәжбүр болып келеді. «80 жас мерейтойды тойлағалы отыр екенсіңдер, ниеттеріңе рахмет. Бірақ сол қаржыны мектеп салуға жұмсасаңдар, жақсылық деген сол болады», дейді Сәбит ағамыз.
Кеше ғана Арыстың құмына аунап өсіп, бүгін қазақ өнерінің мақтанышына айналған сахна сайыпқыранының мерейтойды атап өтуден бас тартып, мектеп салдырғысы келетін өтінішіне әкім де бей-жай қарай алмайды. «Еруліге – қарулы» дөп келіп, сол жылы облыста салынуы тиіс алты мектептің бірін Оразбаевтың ауылына жоспарлауға тап сол жерде пәрмен береді. Содан бері екі жыл да әне-міне дегенше өте шықты. Мектеп құрылысы да межеленген мөлшерде аяқталып, биылғы қыркүйекте мың оқушыға арналған жаңа білім ордасы есігін айқара ашқалы тұр. Заманауи үлгімен салынған аумағы үлкен, ауласы кең, айналасы қоршалған жаңа мектепке баруға балдырғандар да күн санап асығып отыр. Спорт залы, акт залы, кітапханасы, асханасы, химия, физика, биология пәндерінің арнайы зертханалары кең әрі жарық. Күндіз-түні құрылыстың басы-қасында жүрмесе де, ертеңгі жауапкершілігінің бір ұшы өзіне келіп тірелетіндіктен, туған жерімен байланысын бір сәт те үзіп көрмеген Сәбит ағамыз ерінбей барып көріп, жұмыстың сапалы орындалуын барынша бақылап отырыпты. «Цементі самопал болып, кірпіші үгітіліп, шатырын жел ұшырып, жұртқа күлкі болмаңдар. Жемқорларды жолатпаңдар! Мүмкіндігінше сапалы материалдан салынып, ықыласпен атқарылған жұмыс болсын» деген тілегіне туған бауырындай құлақ асып, ауылдағы ауқымды құрылыстың тоқтап қалмай, тұрақты жүргізілуін қадағалаған осы ауылдың азаматы, аудандық мәслихаттың депутаты Қуаныш Сыздықовқа Сәбит ағасы да дән риза.
«Өзі зордың ісі де зор». Жастайынан мұғалім ағаларының қабағымен тәрбиеленіп, қағазға құмар болып өсіп, маңдай терін бұршақтатып жүріп бедел биігіне көтерілген Сәбит ағамыз секілді ірі таланттың білімнің бағасын арттырған ізгі ісін қалай сүйіншілесек те, сүйінуге тұрады-ақ.
Айгүл Аханбайқызы
[:]