[:kz]
Садақа – адамның өз разылығымен мұқтаж жандарға берілетін қайырымдылық түрі. Ілуде біреу болмаса, садақа беруден бас тартқан адамды өз басым әлі көргенім жоқ. Көпшілігіміз көшедегі қол жайғандарға тиын-тебен болса да тастап кетуді жөн санайтынымыз анық. Садақаны мешіт маңайына қойылған жәшіктерге де салып жатамыз. Бірақ біз тастап жүрген сол азды-көпті қаражат қайда және кімге жұмсалады, мұқтаж жандардың қолына тие ме, ол жағына аса мән бермейміз.
Бүгінде кей дүкендер мен дәріханаларға бас сұға қалсақ, «Садақа» деген жазуы бар кішкентай шыны қорапшаларды көзімізді шалатын болды. Оның егесі туралы аталмыш дүкен иелерінен сұрасақ, бірі «мешіттен келіп қойды» десе, енді бірі «медреседен келді» деп сан түрлі жауап қатады. Соған қарап қор жинауға қатысатын мекеме саны көп пе деп те қаласың?
«Бізге қоюға ұсыныс білдіреді, біздер келісеміз. Содан соң өздері келіп, алып кетіп жатады. Біздің қатысымыз жоқ», – дейді жәшік қойдырған сатушылар. Мешіт маңайындағы қайыр сұраған жандардың сөзін тыңдасақ: «Бізге мешіттен еш көмек жоқ, имамдар біздің бұл жерде отырғанымызды қаламайды, қуып жібереді», – деп шыр-пыр болады. «Рамазан айында немесе Құрбан айттың кезінде мешіт тарапынан бізге бірде-бір жәрдем келген жоқ. Жиналған барлық пітір садақасын өз қажеттіліктеріне жұмсады», – деп ашынды тағы бірі.
Бұл сөздерден соң қайдан келіп, қайда кетіп жатқаны белгісіз ақшаны бақылайтын ешкім жоқ па сонда деген ойға қалғаным да рас. Әрине, бір жақты пікірге сүйеніп, қорытынды шығаруға болмайды, сондықтан қаламыздағы орталық мешітке барып, осы мәселе жөнінде мешіт қызметкерімен әңгімелескенді жөн көрдік.
– Облыс көлеміндегі мешіттердің тарапынан көптеген игі істер ұдайы орын алып тұрады, – дейді облыс имамының орынбасары Мұхамеджан Естеміров. – Пітір садақа – жетім-жесір, ғаріп-ғасірлердің ақысы. Сондықтан Рамазан айында мешіттерге келіп түсетін пітір садақалары облыс және қала әкімшілігі ұсынған тізім бойынша 5000-нан 6500-ге дейінгі отбасыларға 30 мың теңге жобасында ақшалай, заттай, киім-кешек, азық-түлік түрінде, тағы да басқа қажеттіліктеріне жұмсалып отырады. Екіншіден, мешіт жанынан құрылған облыстық «Зекет» қорының атқарған қызметінің нәтижесінде көп балалы, тұрмысы төмен отбасыларға 8 үй салып бердік. Ал биыл 7 үйдің құрылысын жүргізіп жатырмыз. Одан бөлек, біздің оңтүстік өңірден шыққан, «Нұр-Мүбәрак» университетінде оқитын 30-дан астам баланың жылдық оқу ақысына көмек береміз.
– Мұның бәрі садақаның есебінен атқарылып жатқан жұмыстар ма?
– Иә. Садақамен қоса біздер демеушілер тартамыз. Мекеме орындарына, кәсіпкерлерге арнайы хат жолдаймыз, барамыз. Кеше ғана «Мектепке жол» акциясына қатысты облыс бойынша жалпы саны 6000 – 7000 балаға мектепке қажетті киім-кешек, кітап-дәптерлерін алып бердік. Мұның сыртында жағдайы жоқ, тұрмысы, денсаулығы төмен имамдарға да көмегімізді береміз.
– Тұрмысы төмен отбасыларды қалай анықтайсыздар?
– Ондай отбасылар көмек сұрап, бізге өздері келеді. Сонымен қатар біз әкімшілікпен ұдайы байланыста болғандықтан әкімшілік те тізім ұсынып жатады. Сол тізімдегі кісілерді мешітке шақырып, мүмкіндігінше көмек беруге тырысамыз.
– Мешіт алдында отырған қол жаюшылар «мешіт бізге көмек бермейді, бізді қуып жібереді» деп жатыр…
– Ол кісілерге көмек берілмейді емес, ұдайы көмек беріледі. Бірақ олар осы жолға түскен адамдар. Біздің қуатын себебіміз – намыстанамыз. Бұрын басқа ұлттың өкілдері отырса, қазір қазақтың жап-жас келіншектері, тепсе темір үзетін жігіттері отырады. Түк таппағанда тойханаға барып, ыдыс-аяқ жуса да күндігінде 2-3 мың теңге ақы төлейді емес пе? Қайыр сұрағаннан гөрі солай жұмыс жасауға болады ғой. Оларға кезінде біз әкімшілікпен бірлесіп жұмыс та ұсынғанбыз, олардың арасында жұмыс тауып кеткендері болды. Бірақ көпшілігі осыны кәсіп қылып алғандықтан қайта айналып келе береді. Мешітімізге қаншама туристер, қонақтар кеп жатады, солардың алдынан шығып, кедергі жасайды, сөйтіп, қаламыздың имиджін бұзатыны тағы бар. Сондықтан да біз мешіттің алдына тұрғызбауға тырысамыз. Әкімшіліктің, құқық қорғау органдарының тарапынан арнайы жұмыстар жүргізіледі. Соған қоса, қазір көрші Өзбекстаннан таңертең келіп, кешке дейін қайыр сұрап, қайтып кететіндер де пайда болды. Оның аяғы телефон, қыстыгүндері сырт киім, аяқ киім ұрлығының көбеюіне әкеп соғып жататыны да жасырын емес.
– Мешітке түскен садақалар қалай жұмсалады?
– Арнайы комиссия бар, бәрі тексеріледі, есептелінеді. Мешіт қызметкерлерінің айлығы, коммуналдық шығындары өтелген соң ғана артылғаны мұқтаждарға беріледі. Біздің ең басты жәрдем беретін уақытымыз, науқан кезі десек болар – ораза мен Құрбан айт уақытында және Пайғамбарымыздың туылған айы – Мәуліт айында көбірек қайырымдылық жасаймыз. Біз енді тұрақты түрде бір адамға өмір бойына көмек береміз деп айта алмаймыз ғой, біз тек қатарға ілініп кетсін деп, сол қиыншылық кезінде көмектесеміз. Біз оларды алдымен тексереміз, үйіне адам жібереміз, комиссия құрамыз, олардан мұқтаждығын растайтын анықтама, құжаттардың көшірмесін сұратамыз. Себебі бізге келетін кейбір адамдардың үй-жайы да, көлігі де, денсаулығы да, тіпті алатын зейнетақысы да бар болып жатады. Бұрын біз жағдайын айтып келгендердің бәріне көмек бере беретінбіз. Кейін байқасақ, олардың біразының соншалықты мұқтаж жандар емес екенін білдік. Сондықтан алдымен тексеру жұмыстарын жүргізіп, содан соң көп балалыларға, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, шын мұқтаж адамдарға көмек береміз.
– Кей дүкен, дәріханаларда садақа шыны қорапшалары мешіт тарапынан қойылып жатыр ма?
– Қазір бізде қайырымдылық қорлар, қоғамдық бірлестіктер өте көп. Сондай ұйымдардың өкілдері осындай қораптар қойып жатыр. Қор ашып, өз бизнесін дамытып жатқандар да жоқ емес, себебі салынған садақа тиісті орынға жұмсалмайды. Қаншама жәшік қойып тастағандардың біреуге бірнәрсе беріп жатқанын естімейміз. Ал оларды басқарып отырғандар да шырттай киініп алған, үй-жайы бар, бизнесі дамып жатқан азаматтар. Сондықтан мұның да көлеңкелі тұстары бар секілді. Мұндай шыны қорапшалар біздің мешіттің тарапынан қала бойынша түгел қойылмаған, тек осы мешіт төңірегінде санаулы жерде ғана тұр. Қазір мұндай жәшік қоюды біз қолдап жатқан жоқпыз, сондықтан бүгінгі күні мешітімізге садақа салуға болатын терминал қойдық. Кез келген садақаны соған салуға болады. Оның ішіне түскен қаражаттың барлығы дерлік бақыланады. Алдағы күндері осындай терминалдардың санын көбейтсек деп отырмыз. Көптеген шет елдерде, соның ішінде Ресей, Малайзия, Сингапур, Түркия, Мысыр, Сауд Арабиясы сияқты мемлекеттерде осындай садақа салатын терминалдар қойылған. Бүгінгі күні елімізде мұндай терминал Қазақстан бойынша Алматы және Шымкент қалаларына қойылды. Жыл соңына дейін 25 мешітке қойсақ деп жоспарлап отырмыз. Сол үшін де көпшілікке садақаны мүмкіндігінше мешітке берсе деп айтар едім. Себебі мешітте бәрі белгілі, бақылауда, құжат жүзінде бәрі кіріске алынады, арнайы есепшілеріміз, кассирлеріміз жұмыс жасайды. Ал енді әлгіндей шыны жәшіктердегі қаражатты бақылап отырған ешкім жоқ. Ол мөрленген және арнайы комиссия бақылауымен ашылуы керек. Ал оларды кім, қашан ашып жатқаны белгісіз.
– Мешіттегі садақа жәшіктері қай уақытта және қалай ашылады?
– Айына бір рет, кей мешіттерде екі рет ашылады. Оны жан-жақтан келген, он түрлі қызметкерден жасақталған комиссия ашады, солар кіріске алып, акт жасайды. Оған имам қатыспайды. Одан кейін сол жиналған қаражаттың қайда кеткенін тағы есептейді. Бас мүфтиіміздің мешіт қорына түскен қаражат жөнінде әр үш ай сайын халыққа есеп беріп отырылсын деген тапсырмасы бар. Қазіргі таңда соған сәйкес есеп беріліп тұрады.
– Сол жәшіктерге айына шамамен қанша қаржы жиналады?
– Ең көп қаржы бізде Рамазан айында жиналады. Ал басқа айларда шамамен 100-150 мың түседі. Ол қаржы мешіттің өзінің жыртығын да жамай алмайды. Мәселен, осы орталық мешіттің бір айлық коммуналдық шығындары 1,5 миллионнан асып кетеді. Қалған мешіттерде де осыған ұқсас жағдай.
…Мешіт қызметкері осылай дейді. Бұл «бізге жәрдем бермейді» деп жылаған жандарға берілген нақты жауап дер едім. «Мешіт – көмек беретін орын емес, сәждеге бас қойып, Аллаға құлшылық қылатын жер» деп те жатады. Соған қарамастан «Бізге түрлі жағдаймен түрлі адамдар келеді, сондай кезде ас-суын беріп, паналатып, қолымыздан келген көмегімізді аямаймыз», – дейді имам.
Сөз етіп отырған мәселе бойынша дүкенге шыны жәшікшелерді қоюшылармен де тілдескен едік. «Ақшаны комиссия мүшесі санайды, барлығын басшымыз есепке алып отыр. Тіпті есепшіміз де бар», – дейді олар. Алдағы уақыттарда аталмыш қор мүшелері өздерінің жұмысы, атқарған қызметтері, жалпы, қаржыны жұмсау реті жөнінде газет оқырмандары үшін жайып салатындығын айтып, уәде берді. Бұйырса, бұл тақырыпқа қайта оралуымыз әбден мүмкін.
М. ҚҰРБАНҚЫЗЫ.
[:]