[:kz]
Сайлау
Үгіт-насихат жұмыстары басталды
Осы жылдың 10-желтоқсан күні кешкі сағат 18:00-ден бастап республика бойынша мәжіліс пен мәслихаттар сайлауы алдындағы үгіт-насихат жұмыстары басталған болатын. Осыған орай «Nur Otan» партиясы Ақтөбе облысы Қарғалы аудандық филиалының сайлауалды штабы ашылып, алдағы атқарар жұмыстарын пысықтады.
Басқосуда «Nur Otan» партиясы аудандық филиалының саулауалды штабының басшысы Сапарбек Аманжолов алдағы саяси науқанның маңызына тоқталды.
-Сайлау науқанының үгіт-насихат кезеңі басталды. Біздің филиал бұл іске толық дайын: барлық ұйымдастырушылық және материалдық-техникалық мәселелер шешілді, белсенділер мен сенімді тұлғалар топтары дайындалды.
Біз Республикалық сайлауалды штабпен келісім бойынша желілік кестені қабылдадық және бекіттік. Ауданымызда барлығы 169 іс-шара өткізу жоспарлануда. Республикалық сайлауалды штаб басшылығының қатысуымен 5 іс-шара қарастырылған. Онда 16 500 адамды қамту жоспарлануда, оның ішінде 5,4 мың тікелей және 11,1 мың онлайн форматтағы кездесулер. Бұл ретте эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, барлық қауіпсіздік ережелері сақталатын болады,- деді аудандық сайлауалды штабының басшысы Сапарбек Аманжолов өз сөзінде.
Облыстық сайлау комиссиясында ауданнан 22 үміткерден тұратын партиялық тізім тіркелді. Оның ішінде 19 адам праймериз жеңімпазы болса, 3 адам партия филиалының квотасы бойынша саяси додаға қатыспақ.
Саяси науқан кезінде үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу де аса маңызды. Осы жұмыстардың дұрыс жүргізілуін қадағалап, оған басшылық жасап отыратын штабта 9 адам бар. Олар аудан тұрғындары арасында лайықты беделге және құрметке ие жандар – мәдениет, білім, азаматтық сектор, бизнес өкілдері. Өткен сайлау науқандарына қатысып, мол тәжірибе жинақтаған азаматтармен қатар, штаб құрамына «Jas Otan» жастар қанатының белсенді өкілдері де тартылды.
Үгіт-насихат жұмыстары партияның 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламасы – «Өзгеріс жолы: әркімге лайықты өмір!» негізінде жасалған. Бұл партияның алдағы 5 жылға арналған нақтыланған жұмыс жоспары.
-Біздің жеке сайлауалды бағдарламамыз бар. Ол 86 нақты міндеттерді қамтиды. Олардың басым бөлігі мемлекет Басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындауға бағытталған. Бағдарламаның міндеттері қарғалылықтардың негізгі сұраныстарын қамтиды, қоғамның өзекті мәселелеріне жауаптар береді.
Біздің сайлау науқанындағы басты ұранымыз – «Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!» — ол еліміз үшін күрделі кезеңдердегі қоғамымыздың басты біріктіруші мақсаты мен құндылықтарын көрсетеді. Онда Елбасы айтқан жетістіктің үш негізгі қағидаты бар. Бұл — жауапкершілік, партиямыздың бірлігі, ортақ мұраттар мен мақсаттарды ұстану,- деп атап өтті аудандық штаб басшысы С.Аманжолов.
Жиында саяси науқанға белсене кіріскен жандарға партияның имиджалық өнімдері берілді. Басқосу соңында сөз алған «Nur Otan» партиясының мүшесі, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сабыржан Бисенов пен Қарғалы аудандық мәслихатының депутаты, «Nur Otan» партиясы депутаттық фракцияның мүшесі Николай Смолинец саяси додада белсенділік танытып, сайлауды жауапкершілікпен өткізуге шақырды.
[:]