[:kz]
Сақалды жігіттің такси ұстаған қызды алдап кеткенін жазған бір постты оқып қалдым. Авторы әлгі таксисті «сақалды» деп ерекше атап өтіп, оның астына коммент жазғандар шабына шыбық тиген ат секілді мұсылманның бәрін қарғап-сілеп кетіпті. Оқып отырып, таң қалдым. Иә, сақалдының бәрі керемет мұсылман емес. Қазақ ондайда «адам аласы ішінде» дейді ғой. Арам нәрсені ойластырып жүріп әдейі сақал қойып алатындары да бар. Бірақ менің бір қайран қалғаным, елдің бәрі сақалдыларды дәл солай жаратыла салған өздерінен бөлек бір каста сияқты етіп суреттеп жатыр екен. Қарақтарым-ау, олар да өз іштеріңнен шыққандар емес пе! Ол бір бөлек ұлт емес, бөлек нәсіл емес, осы қоғамнан шыққан, психологиясы да өздеріңдей ала-құла қауым. Бәрің бір ортадансыңдар. Бір-біріңнен айырмашылығың – біреуіңде сақал бар, біреуіңде сақал жоқ. Біреуің намаз оқисың, біреуің әлі сәждеге жығылмай жүрген жансың. Біреуің әуретті жапқан ұзын шорты кисең, енді бірің миниюбка киген қыздар құсап тыртиған шортымен жүрсің. Олардың арасында да адвокаттар, журналистер, бизнесмендер пен құрылыста істейтін қарапайым адамдар бар. Олар да өз арасында «тура жолда жүргендер» мен «адасқандар» болып бөлінеді. Сондықтан сақалдыларды қорқынышты қауым қылып суреттеудің қажеті жоқ. Олар да кеше ғана сендер сияқты ақаңнан ұрттап қойып, темекі мен калян шегіп, қыздарды «құлақтан тепкенді» өте жақсы көретін жандар болған. Кейін сосын дінге бет бұрып, осындай «аурудың» бәрін артқа тастаған. Жаңағыдай алаяқ «сақалдылар» ара-тұра сізді алдап кетіп жатса, олар солардың осындай жақсы жағын біліп, жұрттың сеніміне кіру үшін әдейі сақал қойып алады. Осы, бар болғаны! Әйтпесе, ондай сақалсыз алаяқтардан былайғы күнде де аяқ алып жүре алмаймыз ғой! Бір жақсысы, өтірік сақал қойып алған мұндай алаяқтар анда-санда ғана, ілуде бір кездесіп қалып жатады…
Жолымбет Мәкіш
Фейсбуктегі парақшасынан
Alashainasy.kz
[:]