[:kz]
Депрессия, аутизм, шизофрения – бұл сөздер бүгінде көп қолданылып жүр. Жалпы, кез келген адам бастан кешетін ерекше күйлер болады. Париж синдромын, Стокгольм синдромын сіз бұрын естіп пе едіңіз?! Олай болса жан әлемінің сыртына шығып, өзімізге бір үңіліп көрейік. Бәлкім, бұл құбылыстар сізде де болған шығар…
ДОРИАН ГРЕЙ СИНДРОМЫ
Жастық дерті
Оскар Уайльдтың «Дориан Грейдің портреті» атты романындағы кейіпкердің құрметіне осылай аталған бұл синдром тарихта да бар және бүгінде барлық адамда және бар аймақта кездеседі. 2004 жылы алғаш рет осындай синдром бар екені анықталды. Мамандар Дориан Грей синдромын әлеуметтік-мәдени феномен деп есептейді. Бұл күйдің қауіпті тұстары да жоқ емес. Кейбіреулер осы синдромды бастан кешіп, ауыр сырқатқа ұшырап, өзін өлімге қиюы да ықтимал.
Дориан Грейд синдромымен науқастанушылар қартаюдан қатты қорқады және пластикалық операцияларға сүйенгіш келеді. Тәуекелге бел буады. Олардың көпшілігі нарцисс, эгоист болуы да мүмкін. Өзін төмендету, қорқыныш, уайым-қайғы сынды күйлерді жиі сезінеді. Сонымен, Дориан Грей синдромы кімдерде болуы мүмкін? Көпке танымал, атақты жандарда (әнші, актер, шығармашылық адамдарында). Ешкімнің қартайғысы келмейтіні ақиқат.
МАНИХЕЙ ҚАСІРЕТІ
Мейірім мен зұлымдықтың шайқасы
Манихейлік қасірет – өте ауыр ақыл-ес ауытқушылығы. Емделушіге жарық пен қараңғы әрқашан айқасып жатқандай әсер етіп, осы күрес жолында өзінің тәні мен жанын бәске тігеді. Осы синдромды бастан кешкен жан өзін мейірім мен қастандықтың шегінде тұрғандай сезінеді. Өмірінде галлюцинация мен көлік апатын көп бастан өткерген науқас: «Мен шіркеуге күніне бірнеше мәрте баратынмын. Әрдайым Библияны өзіммен бірге алып жүрдім. Бастапқыда ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін ажырата алмадым»,− дейді.
Науқас сырт көзге сап-сау адам болып көрінеді. Алайда ол айналасындағыларға зиянын тигізуі мүмкін. Манихей қасіреті бар адамдардың көпшілігі террористік әрекетке немесе шаһит кетуге дайын тұрады. Зерттеулер бойынша, осы синдром Адольф Гитлер мен Джорж Буштан байқалыпты.
САВАНТ СИНДРОМЫ
Дарындылықтың шырқау шегі
Савант синдромы аутизмнен зардап шеккендерде көп кездеседі. Сонымен қатар басқа тиген ауыр соққылар әсерінен де болуы мүмкін. Осыдан соң шектен шығу немесе дарындылықтың шыңына ұмтылу құбылысы орын алады. Музыка, сурет өнері, арифметика, сәулет өнері саласындағы талантты жандарда көп кездесетін синдром Савант есімімен байланысты. Ол бір ғана рет естіген ариясын апталап орындаған деген деректер бар. Ақырында науқас ойлау қабілеті мен есінен айырылуы ықтимал.
ҚАЙТАРЫП БЕРУ СИНДРОМЫ
Бөтен ойлар
Қайтарып беру синдромы шизофрения әсеріне ұқсас. Осыдан келіп науқаста асқан сезімталдық пайда болады. Кез келген нәрседен жерініп тұрады.
Психоз кезінде емделушіде өз ойлары мен бөтен біреулерге көзқарасы бойынша мида қайта жаңғыру, қорыту процесі жүреді. Бұл синдром 1981 жылы алғаш анықталып, бүгінге дейін зерттеліп келеді. Мамандар уақтылы тынығу, уайымдамау осы синдромның алдын алатынын айтады.
СТЕНДАЛЬ СИНДРОМЫ
Мұражайлардағы асқан сезімталдық
Стендаль синдромы – өнер туындыларымен мұражайларда, картиналар ілінген галереяларда кейбіреулердің бастан кешетін ерекше күйі. Оның белгілері: бас айналу, галлюцинация, естен тану, ғимаратта өзін-өзі ұстай алмау. Бұл күйді сондай-ақ табиғат аясында ерекше сезімталдықпен қабылданған дүниелерден сезінуіңіз мүмкін. Мысалы, құстардың әні, жануарлардың қамқорлығы, ерекше сұлу адамдарды көріп тамсану.
Француз жазушысы Стендаль кітабында: «Мен Қасиетті Крест шіркеуінен шыққанда жүрегім алып-ұшып, өзімді біртүрлі сезіндім. Маған өмірде құндылықтар қалмаған секілді көрінді. Тіпті жерді бүлдіріп алам ба деген қорқыныштан аяғымды санап бастым. Мен өнердің ғаламат туындыларын көріп, ондағы құштарлықты жан әлеміме өткіздім», – дейді.
Алғаш рет Стендаль синдромы 1979 жылы итальян психиатры Грацелло Магеренидің зерттеуімен ашылды. Ол Флоренцияға келген жүзден астам саяхатшыны бақылау арқылы осы нәтижеге қол жеткізеді. Магерени жергілікті итальяндықтардың бұл синдромнан «иммунитеті мықты» болуы себепті аман қалғанын дәлелдейді. Себебі олар туа салып сол өнердің қазанында қайнап, шедеврлерді көзбен көріп өсті ғой. Зерттеу барысында Солтүстік Америка мен Азиядан келген туристер осы синдромды жұқтырыпты. Оның ішінде әйелдер де, ерлер де кездескен.
Стендаль синдромы Флоренция мұражайының Уффици залында көп байқалған. Ерекше ықыласпен салынған картиналарға құмартқан көрермендер оларды жүрекпен сүйгені сонша – тіпті жыртуға әрекет жасаған.
ГОСПИТАЛИЗМ СИНДРОМЫ
Аурухана ауруы
Бұл ақыл-ой ауытқушылығы әлеуметтік ғимараттарда жиі байқалады. Науқас қарттар үйінде, балалар үйінде немесе ауруханада бірнеше ай тұрған болуы мүмкін. Сондықтан осы синдромды оңай қабылдап алады.
«Госпитализм» түсінігі 1945 жылы пайда болды. Австро-америкалық психоаналитик Рене Спитс ем қабылдап жатқан балалардың тәртібін бақылайды. Ойлау қабілетінің артта қалуы, логиканың мүлде жойылуы, әлсіздік басты белгілері болып табылады. Бұл ауытқушылық баланың дамуын тежеп, өзіндік «менін» қалыптастыруына кедергі болады. Яғни тұлға ретінде дами алмайды. Тіпті өлімге де әкеп соғуы кәдік.
СТОКГОЛЬМ СИНДРОМЫ
Жәбірлеушіге ықылас
Стокгольм синдромы ешбір халықаралық аурулар санатына жатпайды. Сонда да көп таралған ақыл-ой ауытқушылығы болып саналады. Мұнда жапа шегуші адам өзіне зиянын тигізген адамға жаны ашиды. Мысалы, сізді біреу ұрлап кетіп, ас-сусыз айдалада қамап отыр делік. Сіз сонда да оған мейіріммен қарайсыз.
Зерттеушілердің айтуынша, Стокгольм синдромы өте сирек кездеседі. Қылмыспен ұсталуға тиіс 1200 адамның 8 пайызы ғана қолға түскен. Себебі айыптаушы мен айыпталушының өзара келісімі болған. Яғни Стокгольм синдромы іске асып, адамдарда бір-біріне «жанашырлық» пайда болған.
ДИОГЕН СИНДРОМЫ
Адамдарды өзінен алыстату
Диоген синдромындағы науқастар арсыздыққа, апатияға, эмоциялық шектен шығуға бейім. Мұндай адамдар керексіз заттарды жинай беретін, қарсыласына өзі билік жүргізуге құмар қасиетке ие. Олар ешқашан кедей болмайды, тек дүниені босқа шашқысы келмейді. Шешім қабылдау сәтінде өте көп ойланатын әдеті де бар.
Диоген синдромы әлсіздікпен және депрессиямен сипатталады. Психологиялық тілде бұл синдромды Плюшкин синдромы деп те атайды. Бүгінде синдромның таралуы әлем бойынша 30 пайыз екен.
Ежелгі грек ойшылы Диогеннен жоғарыда айтқан ақыл-ес ауытқушылығы байқалмағаны қызық. Онда неге бұл синдромды осылай атады екен? Мүмкін, Диоген өзінің пікірінен таймай, аңызда жазылған бөшкесінде өмір сүріп, «Күнді көлегейлемеңізші!» деген бір ауыз сөзімен көпшіліктен оқшау қалғандықтан болар?..
ПАРИЖ СИНДРОМЫ
Француздарды көргенде ерекше толқу
Бұл синдром жапон туристерінде жиі кездеседі. Жапония деректері бойынша, жыл сайын 12-ден астам жапондық Франция мен Батыс Еуропадан оралған соң психологқа, психотерапевтке жүгінеді екен. Соған қарағанда, саяхатшылар мәдениеттің шыңынан құлайтын секілді. Көркі көз тартар Париждің өзі аяулы арудай әсер қалдырады емес пе? Өкініштісі, осы әсерден ақыл-ой ауытқушылығы байқалып, бірнеше айлап ауруханада емделетіндер де бар екен. «Біз үшін Париж – армандарымыз мекен еткен қала. Француздардың бәрі әдемі, сыпайы. Бірақ олармен көзбе-көз кезіккенде адасқандай күйге енеміз. Біздің мінез-құлқымыз да, өмірге көзқарасымыз да әрқилы екен», – дейді Париж синдромына шалдыққан бір жапондық.
Әлия ІҢКӘРБЕК
[:]