АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]САН ТҮРЛІ ОЙЫНШЫҚ КӨЗ АРБАП…[:]

[:kz]

Қандай да бір затты не тауарды сатып аларда оның сапасы мен құрамына мән беру керек. Алайда күнделікті өмірде киер киім, ішер асымызға жете мән бермейтініміз жасырын емес. Дүкен ішінде, ірі супермаркеттерде заттардың сапасы мен шығарылған күніне қарайтындардың қатары сирек. Бірақ жоқ емес. Әсіресе, орыс ағайындар азық-түліктің мерзіміне қайта-қайта қарап, сезіктенетіні жиі. Ал біздер үшін заттың құрамы мен сапасын тексеру ұят секілді көрінеді. Бұл – қалыптасқан қағида.

Осыдан бірнеше ай бұрын ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов сырттан елге келетін ойыншықтардың 36 пайызынан астамы бала өміріне қауіпті деген ақпаратты жеткізді. Ойыншықтардың 4,7 пайызында токсикологиялық көрсеткіштердің, оның ішінде заттаңбада жас ерекшелікті шектеу көрсеткіштері болмаған, материал құрамының, шығарылған елдің көрсетілмеуі 95,3 пайызды құраған. Ал ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулықты сақтау комитеті төрағасының орынбасары Б.Шәріп: «Былтырғы жылмен салыстырғанда қауіпсіз емес және сапасыз ойыншықтардың саны 0,4 пайызға азайған», – дейді.

Демек, бұл сатылымда самсап тұрған сырт елдің жылтыраған ойыншықтарының бәрі бірдей сапалы деген сөз емес. Бала өмірі мен ата-ана таңдауына тіреліп тұрған ойыншық сапасына біз де зерттеу жүргіздік.

Алдымен «ойыншық таңдауда нені ескеру керек?», «бала денсаулығына кері әсерін тигізбейтін ойыншықтарды қайдан алған дұрыс?» деген сұрақтарға жауап іздегенбіз.

Мамандардың сөзіне сенсек, дүкен не базар сөрелерінде тұрған тауардың таңбасына, кәсіпорын атауына, тауар белгісіне, тауардың шыққан елі көрсетілген мәліметтерге мән беру керек. Ойыншықтардың қорғаныш жабындысы ылғалды өңдеуге, сілекей мен терінің әсеріне тұрақты болуы тиіс. Мұнан кейін иісіне және тауардың пішініне назар аудару қажет. Ойыншықтардың ұштары, қатты бөлшектері, серіппелері, бекітуші бөлшектері балаға қауіп төндірмеуі керек. Қандай да бір күдікті байқасаңыз, ойыншықты сатып алғаннан кейін бірден балаға бермей, сараптама орталығына апарған жөн. Мұнда мамандар өнімнің санитарлық, токсикологиялық, химиялық құрамын анықтайды. Бірақ бұл талаптың бәрі де орындалып жатқан жоқ. Себебі дүкенге ата-ана баласын ерте барады. Мультфильм әлемінің жұлдыздарын көргенде баланың есі шығып кетеді. Түрлі-түсті әртүрлі пішіндегі сөйлейтін, билейтін, өздігінен жүретін сырт елдің ойыншықтарына бала түгілі ересек адамның өзі де қызығары сөзсіз. Осылайша, ойын баласының көңілінен шыққан ойыншықтар көп ұзамай сатылып кете береді. Кәсіпкердің қалтасы қалың, ата-ананың құлағы тыныш, ең бастысы, бала риза. Бірақ түрлі БАҚ бетінде, әлеуметтік желіде жарияланып жүрген ойыншықтардың зардабын тартып, мүгедек болып қалған балалар жайлы мәліметтер де ойлантпай қоймайды.

Жауапты сала мамандарына арнайы хат жазып, бүгінге дейінгі ахуалды білмек болдық. Ойыншықтардың қайдан келетіні, қандай өнімдердің сапасына күмәнмен қарау қажеттігін сұрадық. Негізінде Кедендік одақтың техникалық регламенті бойынша балалар ойыншықтары міндетті сәйкестікті растауға жатады. Сондықтан да, балалар ойыншықтары Кеден одағына мүше мемлекеттердің нарығында тауар айналымының бірыңғай белгісімен таңбалануы керек. Бұл ұлттық сараптаманың ата-аналарға айтар жауабы. Ал, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Қоғамдық бақылау департаменті жыл сайын тексеру қорытындыларын жүргізеді.

Қазақстанның тұтынушылық нарығында балалар ойындары мен ойыншықтарының басым бөлігі Қытайда (65%), Ресейде, Беларусь Республикасында, Өзбекстанда, Қырғызстанда және Украинада (23%) жасалған және 12% ойыншықтың шығарылған елдері белгісіз екені расталған. Осы елдердің ішінде сәйкес емес көрсеткіштер бойынша сегментті елдердің көшін Қытай, Түркия, Украина елдері бастап тұр.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі жанындағы Қоғамдық бақылау департаментінің маманы Нұртуған Ерубаев сапасыз ойыншықтардың нарыққа шығуының бірден бір себебі «ойыншықтардың елімізге шағын топтамалармен, қол жүгімен бақылаусыз әкелінуінен», – дейді. Маман қауіпті деп танылған ойыншықтарға мысалдар да келтіре кетті.

Мәселен, Қытай өнеркәсібінен шыққан «Карапуз» көпфункциялы қуыршағы мен «ЛАВА» ойыншығы, Ресейдің «АЭЛИТА» пластмасса өңдеу зауыты шығарған «Весенняя прогулка» жинағы, «Огонек» зауыты шығарған «Лягушка с лягушками» пластмасса ойыншығы мен Беларусь республикасынан тарайтын «Циферка» ойыншығын сатып алу қауіпті. Себебі ойыншықтардың құрамында рұқсат етілген көлемнен тыс формальдегид, фенол және стирол концетрациялары бар қауіпті токсикологиялық көрсеткіштер анықталған. Қазірде аталған ойыншықтар сатылымнан алынып тасталыпты.

– Камералдық бақылаудың қорытындысы бойынша 43 экономикалық қызметке қатысушылар анықталды, олар 49 мыңнан астам тауарлық позициялар немесе 5,2 тонна ойыншықтар әкелген, оның ішінде 146 тауарлық позицияларға ғана сәйкестікті растайтын құжат тіркелген, – дейді Нұртуған Жақанұлы.

Ішкі нарыққа еніп жатқан заңсыз ойыншықтарды сатылымға шығармас үшін құзырлы орган кеден бекетіндегі ойыншықтар алдын ала сертификаттаудан кейін ғана өткізілетініне сендіріп отыр. Бірақ саудада тамыр-таныстық болатыны, бармақ басты, көз қысты әрекеттерге жол беретіні ресми расталмай-ақ белгілі.

Ал аймақтағы ахуалға талдау жасайтын өңірдегі орталықтардың мәліметі де көпті ойлантады. Қызылорда облысы қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің директоры Ұлболсын Аханаеваның айтуынша, өнімдердің қауіпсіздігін мониторингілеу шеңберінде 168 сауда орындарынан өнімдердің 2226 сынамасы сатып алынған. Осы 2226 сынаманың 86 пайызы (1915) тағам өнімдері, 47 сынама балаларға арналған өнімдер, оның ішінде балаларға арналған ойыншықтардан 39 сынама алынған. Барлығы 48 сынама сәйкес келмеген. Ішінде балалар ойыншықтары да бар.

– 2017 жылы балаларға арналған ойыншықтардың 39 сынамасына санитариялық-эпидемиологиялық сараптама жүргізіліп, оның 7-еуі (18%) «Ойыншықтардың қауіпсіздігі туралы» 008/2011 техникалық регламентінің талаптарына сәйкес келмеді. Ең бастысы өндірушінің, импортердің мекен-жайы және атауы, өндірушінің тауар белгісі, өнімнің өндірілген күні туралы ақпарат жоқ. Сәйкессіздік анықталған ойыншықтардың барлығы 3 жастан асқан балаларға арналған Қытай Халық республикасының өнімдері дейді, – Ұ.Аханаева.

Өнім ретіндегі талаптар сақталмаған 7 ойыншықтың ішінде «Маша», «Кот и Том», «Monster Elves», «Beauty Cuties» ойыншықтары бар. Балалардың бәрі жатқа білетін бұл ойыншықтардың шыққан күні, мекен-жайы көрсетілмеген. Яғни, ата-ана алған ойыншығының сапасына қатысты пікір білдіре алмайды. Себебі ойыншықтың қайда өндірілгені, қандай фирмада жасағаны туралы ақпарат жоқ. Ал құрастырғыш «Block», «Blocks toys» ойыншықтарының техникалық таңбалау құжаттары ағылшын тілінде жазылған.

Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің маманы Сабира Ибадуллаеваның мәліметінше, өнімнің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізу шеңберінде сатып алынған балаларға арналған 39 ойыншық өнімдерінің 2,5 пайызы отандық, 85,6% Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің өнімдері және 33,3% өзге елдердің үлесінде екен.

– Заңға қайшы, талаптарды сақтамаған жеке кәсіпкерлерге 3 нұсқама беріліп, орындалуын тексеру бойынша жоспардан тыс тексеру жүргізілді. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 462-бабының 3-тармағына сәйкес материал әкімшілік сотқа жолданды. Сот шешімімен сәйкессіздік анықталған ойыншықтар дүкенінің иесіне 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, – дейді маман.

Біз де жексенбіде базар базарлап, дүкен жағаладық. Базар ішіндегі ойыншық дүкендеріне кіре қалсаңыз, мұрныңызға ойыншықтың иісі ерекше сезіледі. Әсіресе, пластмассадан жасалған ойыншықтардың иісі қолқаны қабатын­дай. Тұтынушы ретінде бірнеше ойыншықтарды қолға алып, сарапшы-мамандар айтқан талапты еске түсіріп қарауға кірістік. Байқағанымыз, «Трансформер» робот ойыншықтарының қайдан шығарылғаны турасында ақпаратты көре алмадық. Қытайша бірнеше сөйлем жазылған бұл ойыншықтарды бірқатар дүкендерден байқадық. Сатушыдан сертификатын сұрағанымыз сол еді, ұзақ ойланып, сертификаты жоқ деп бір-ақ қайырды. Сатушының бұлай ойланып жауап беруі біздегі тұтынушының өнімге, яғни балалар ойыншығына бейжай қарайтындығын аңғартады. Ал кәсіпкерге саудасының қызғаны олжа.

Тағы да бір дүкенге бас сұқтық. Өз есімін атамауды өтінген саудагер ойыншықтардың көршілес Ресей, Беларусь, Қытайдан келетінін ашып айтты. Көбінесе балалар «Angry birds», «Baby Born», «Chou-Chou», «Монстер Хай», «Винкс» ойыншықтарына қызығады. Тиісінше, нарықтағы өтімді ойыншықтар да осылар. Ал ойыншықтар әлемінің ханшайымы атанып кеткен «Маша» қуыршағы сұраныстан түскен емес дейді. Саудагер «халықтың сұрағанын алып береміз, ал тұтынушы ешқандай қағаз құжаттар талап етпейді» дегенді сездіріп отыр. Мұнысына келіспеуге болмас. Бір сағаттай аялдаған біз де ойыншық дүкеніне кірген адамдар ойыншықтың сапасына емес, бағасына қарайтынын анық байқадық.

Жайма базарда да ойыншықтар аз емес. Бірнеше дүңгіршекке табан тіреп, сертификат сұрауды жалғастырдық. Бірі негізінде бар десе, бірі «ол немене?» деп өзімізге қарсы сұрақ қойып қалды. Қысқасы, талап пен сапа бір-бірімен үйлеспейді.

Сатушылардың сөзіне сенсек, тауарлар Алматы, Шымкенттен келеді. Ал ұзақ жылдан бері ойыншық сатумен айналысатын ірі дүкендер талапқа сай келмейтін ойыншықтарды алдыртпайтынын айтады.

Негізінде нарық айналымында жүрген ойыншықтардың жартысынан көбі Қытайда жасалады. Кейбір дереккөздерге сенсек, ойыншық құрастырудың жолын таба білген аспанасты елінде 8000-нан аса компания жұмыс істейді екен. Олар жылына ойыншықтың 30 мың түрін шығара алады.

Айтып айтпай не керек, ойыншықты аларда ойланар дүние көп. Сөз соңында мамандардың ескертпесін еске сала кеткенді жөн көрдік. Сонымен базарға не дүкенге жолыңыз түсіп, балаңызға ойыншық аларда құрамында пропеллері бар ойыншықтар, үрлемелі дөңгелек, батареялы ойыншықтар, ойыншық қарулар, конструкторлар, әуе шарлары мен спиннерлерді алуға асықпаңыз. Бұл ойын баласының денсаулығына кері әсерін тигізуі ықтимал.

Қарапайым ата-ана ойыншықтың сапалы не сапасыз екенін бірден айыра алмайды. Бірақ қолға ұстағанда иісі аңқып тұратын Қытайдың ойыншықтарына көп алдана бермеген абзал. Қалтаңыз көтерсе, қымбатына жүгіріңіз. Бір белгілісі, елімізде әлі де ойыншықтың сапасы мен арнайы сату нүктелерін анықтайтын бірыңғай базалық дерек жоқ. Ал отандық ойыншықтардың бағасын көп халықтың қалтасы көтермейді. Бұл біздің елде ойыншық индустриясының әлі де жолға қойылмағандығын аңғартады.

Абай ТАҒЫБЕРГЕН

turkystan.kz/

[:]