[:kz]
Әлем елдері Ресей президенті Владимир Путиннің Донецк және Луганск халық республикаларының тәуелсіздігін мойындағанын айыптап, оған қатысты өз пікірлерін білдірді, деп жазады KAZ.NUR.KZ тілшісі.
НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг Twitter желісінде Ресейдің Донецк мен Луганскті мойындауын айыптайтынын, өйткені бұл Украинаның мемлекеттік тұтастығын және Минск келісімдерін бұзатынын атап өтті. Ол Ресейді шиеленісті дипломатиялық жолмен шешуге шақырды.
Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен мен Еурокеңестің басшысы Шарль Мишель де Путиннің әрекетін құптамаған. Олар Еурокеңестің бұл шешімге қатысы бар адамдарға қарсы санкциялармен жауап беретінін мәлімдеген.
Сонымен қатар ДХР мен ЛХР-дың тәуелсіздігін мойындауға қатысты Молдавия, Финляндия, Болгария, Грузия, Бельгия, Чехия, Австралия, Польша, Дания елдерінің президенттері де қарсы пікір білдірген. Ал Франция президенті Эмманюэль Макрон Еурокеңесті Ресейге қарсы санкция салуға шақырған. «Ол (Макрон — ред.) БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің шұғыл отырысын өткізуге, сондай-ақ адрестік еуропалық санкцияларды қабылдауға шақырады», — деп хабарлады Елисей сарайынан.
Германияның сыртқы істер министрі Анналена Бербок бұл мойындауды «халықаралық құқықты өрескел бұзу және осы уақытқа дейінгі барлық дипломатиялық келісімдерге жасалған соққы» деп атады. «Норманд форматындағы» және ЕҚЫҰ-дағы көп жылғы күш-жігер әдейі және ешқандай нақты себепсіз жойылуда. Ресейдің дағдарысты дипломатиялық жолмен шешуге деген ұмтылысы зая кетуде», — дейді ол.
The Guardian басылымының хабарлауынша, Британия үкіметі ДХР мен ЛХР тәуелсіздігін мойындауға байланысты сейсенбі күні Ресейге қарсы санкция жариялайды. Ақпаратты елдің Сыртқы істер министрі растаған. Сонымен қатар, Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки АҚШ Ресейден осындай әрекет күткенін мәлімдеді. Сондай-ақ, Байден АҚШ азаматтарына ДХР және ЛХР-мен сауда-саттық жасауға тыйым салатын жарлық шығаратыны хабарланды.
Бұл жағдайға қатысты БҰҰ бас хатшысы Антониу Гутерриш те пікір білдірді. «Бас хатшы Ресей Федерациясының шешімін Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігін бұзу және Біріккен ұлттар ұйымы жарғысының қағидаттарына қайшы келеді деп санайды», — дейді Антониу Гутерриштің баспасөз хатшысы Стефан Дюжаррик. Ресей президентінің шешіміне қатысты Түркияның Сыртқы істер министрлігі де мәлімдеме жасады.
«Ресей Федерациясының Донецк және Луганск деп аталатын республикаларды тану туралы шешімі — Минск келісімдерін бұзумен қатар, Украинаның саяси бірлігі мен аумақтық тұтастығын айқын бұзу. Ресей Федерациясының шешімін қабылдауға келмейді, біз оны қабыл алмаймыз», — делінген Түркия СІМ мәлімдемесінде. Латвия да Ресейдің ДХР мен ЛХР егемендігін мойындауын айыптап, халықаралық қауымдастықты «ең қатаң шараларды қабылдауға» шақырды.
«Біз халықаралық қауымдастықты Ресей Федерациясына және Украинаның мемлекеттігіне қол сұғуға жауаптыларға қарсы қатаң экономикалық санкциялар енгізуге шақырамыз», — делінген Латвия президенті, сейм төрағасы, премьер-министрі және СІМ мәлімдемесінде.
Ресей мемлекеттік думасының хабарлауынша, ал Сирия президенті Башар Асад ДХР мен ЛХР тәуелсіздігін мойындауға дайын екенін айтқан, деп хабарлайды РИА Новости. «Мен Донбасстағы жағдай туралы Сирия президенті Башар Асадпен сөйлестім. Ол Сирия Оңтүстік Осетия мен Абхазияны мойындағандай, оларды мойындауға дайын екенін айтты», — дейді мемлекеттік думаның САР парламентімен байланыс жөніндегі тобының үйлестірушісі, қорғаныс комитеті басшысының орынбасары және «Жауынгерлік бауырластық» төрағасының бірінші орынбасары Дмитрий Саблин.
[:]