[:kz]
Бұған дейін Бейсен Құранбектің пендешілігі жайлы сөз қозғаған Санжар Керімбай енді марқұм болған тележүргізуші жайлы естелігін жариялады.
Топырақ салу үшін жердің басына барып, мәйітті күтіп тұрған туысыма телефон толғадым да:
— Қасыңда Бейсеннің інісі бар ма?-дедім.
— Иә, жанымда тұр,-деді ол.
— Онда телефонды соған бер, — дедім. Ол берді.
— Алло!
— Сәлем Әсет! Шындығын айт, мен саған көңіл айтуым
керек пе, әлде сен маған көңіл айтуың керек пе? – дедім. 4-5 секунд үнсіздік орнады. Жүрегі езіліп, жылап тұрса да, ол өзін бір сәтке жинап алды да:
— Иә, дұрыс айтасыз. Негізі мен сізге көңіл айтуым керек. Досыңыздың иманы саламат болсын. Құдайдың қазасына шара жоқ. Бекем болыңыз, — деді.
Санжар Керімбай Бейсен Құранбекпен қалай танысқанын айтты. Айтуынша, бастапқыда ортанқол журналист ретінде танығанымен, кейіннен мұсылмандық сипатына, азаматтығына көзін жеткен.
«2005 жылдың қаңтары болатын. Жұмыста отырғам. Бастық кабинетіне шақырды. Бардым. Бастық жағымды бұйрық берді. «Ақпан айында АҚШ-та Қазақстанның ән-күй өнерінің күндері өтеді. Құрманғазы оркестрі түгел барады. Соны ТВ-дан насихаттау керек. Біздің каналдан АҚШ-қа сен барасың. Концертті түгел түсіріп, келген соң оқиға жайлы репортаж жасайсың. Бүгін елшілікке барасың да виза аштырасың» деді. Кабинеттен қуанып шықтым. Бір аптада визаны тас қылып, айтылған күні әуежайға таң атпай барып, командаға қосылдым. Орындыққа барып жайғастым. Маған қарсы сымбатты, ұзын денелі, жылы жүзді бір жігіт отыр. Мойнына «Хабар» бейжигін асып апты. Маған қарап:
— Ақшаңды алдың ба? – деді.
— Жоқ. Қандай ақша?
— Анау жерде Мәдениет министрлігінің өкілі отыр. АҚШ-қа баратын команда мүшелеріне жолпұлын таратып жатыр. Бір аптаға 600 доллар береді. Бар да тиісті ақшаңды алып ал. Айтпақшы танысып қоялық, менің атым Бейсен. Бейсен Құранбек. Хабардың тілшісімін,- деп қолын созды. Осылайша таныстық. Бұған дейін шетелге іссапарға көп шығып әбден ысылғаны көрініп тұр. Жол бастап, бәрін түсіндіріп, маған үйретіп жүр. Осылайша ертеңіне Вашингтоннан бір шықтық. Бір апта жұбымыз жазылмай АҚШ-та бірге жүрдік. Аңқылдаған ақжүрек екен. Бірақ ерекше қабілеті көрінбеді. Қатардағы журналист боп жүрді. Бір аптаның ішінде жап-жақсы дос боп қалдық. Елге келгесін де арасында хабарласып, хал сұрасып тұрдық. Бір күні соқсам «Алматыда емеспін. Қызметім өсіп Талдықорғанға басшы боп көшіп кеттім» деді. Осыдан соң мен оны тіпті ұмытып кеттім десем де болады
2013 жылдың 1 қаңтарында Тараздағы кластасым телефон толғады.
— Сәке, кеше «Қазақстан» каналының жаңа жылдық хабарын көрдің бе? – деді.
— Жоқ. Мен мүлде ТВ қарамаймын ғой. Не болды сонша?
— Баяғы Бейсен досыңыз қатырды. Риза болдым оған!
— Не деді сонда?
— Ол хабарды аяқтап тұрып: «Негізі бүгін мына студияда Ғалым Боқаш сияқты басы алтын азаматтар маңдайлары жарқырап, жұртқа шабыт сыйлап, елді құттықтап тұруы керек еді. Өкінішке орай олар мұнда жоқ. Енді ондай мықтылар болмаған соң мен сияқты жаман-жәутіктер амал елдің алдына шығуға мәжбүр» деді. «Мына бала нағыз топырақ сипат мұсылман екен» дедім.
— Сонда Бейсен өзінен мықтыны елдің алдында ашық мойындап, онымен қоймай Ғалымның атын эфирден өткізіп жіберді ме? Мүмкін емес. Цензурада отырған таракандар Ғалымның атын естісе инфаркт алып өліп кетуші еді ғой. Ол мұны қалай жасады? Мүмкін емес!, — дедім сене алмай.
— Иә, тура солай деді. Өз құлағыммен естідім. Сенбесеңіз өзінен сұраңыз,- деді.
— Құреке, құдай ақы деп айтайын. Егер Бейсен расымен солай десе, онда бұл бала тегін болмады. Бұл бір қасиет қонған әулие болуы керек. Келешекте мұның моласына түнеген әйел Байбөрінің бәйбішесі құсап Алпамыстай ұл табады,-дедім.
— Әулие болса әулие шығар. Елдің бәрі мықтының тірсегін шайнап, өзінің атын шығара алмай тыраштанып жатқанда, бұл бала миллиондаған елдің алдында тұрып, өзін жасырып, Боқаштың абыройын асырды,-деді.
https://stan.kz/sanzhar-kerimbay-beysen-kyranbektin-molasina-tunegen-ay-331839/
[:]