[:kz]
Мұхамеджан Тазабеков Алматыда өткен Ғұламалар кеңесінің XXVII кезектен тыс отырысында өзінің ақидасын айтты. Бұрын адасқан ағыммен аралас-құралас болғанын мойындай отыра, бүгін көзқарасы мүлде өзгергенін ашық жеткізді.
«Біріншіден Мұхамеджанның ақидасы күмәнді. Бұл Матрудиге көңілі бұрмайды, Саудияға қатысы бар. Бұл Дарын Мүбаровпен жақсы, анаумен жақсы деген ақидалық проблема бар. Құдайдың алдында арым таза болу үшін, екіншіден сіздерге де керек кезде құжат болу үшін мен өзімнің діни таным-түсінігіме байланысты ашық көзқарасымды айтқым келеді», — деп бастады сөзін.
«Тазабеков бұрын салафизм ағымында болды», «көзқарасы дұрыс емес» деп айыптаушылар көп. Айтыскердің өзі мұны талай рет жоққа шығарып келді. Алайда ел алдында бұрынғы көзқарасы мен қазіргі сенімі, ақидасы туралы енді ғана ашылып айтты.
«Ол кезде жаспыз, ақынбыз. Көңіліміз ашық. Діннің жаңа уағыздалып келе жатқан кезі. Діни басқарма бір ізге түспеген еді. Елде уағыз айтатын молда, имам болған жоқ. Бәрі Дарынды тыңдады. Сол кезде Пәкістаннан келген, сырттан келгендерге ұйып жүрдік. Ақыры көзіммен көрейін деп Сауд Арабияға 6-8 айдай болып келдім. Ол жерде мені әрқайсысы өзіне тартпақ болған. Мен олардың маған таласып жүргенін білместен, ешкімді тыңдамастан қайта ауылыма келдім. Ешкімді ұстаз тұтып, біреудің артынан еріп кеткенім жоқ.
Жиындар болды, сұхбаттар болды. Оның әрқайсысында көсіліп әңгіме айттық. Айтыскермін, шабыттанған кезім, шығармашылық шырқау кездерім еді. Мен салафит деп жүрген жігіттермен солай аралас-құралас болдым, бірақ кіріп кеткен жоқпын. Күмән басым болды. Кейін Діни басқарманы, имамдарды, молдаларды тыңдай келе, Матуридиді мойындадым. Салафизмнің бұрыс ағым екенін айтамын. Айтып қана қоймай, олардың ісі теріс екенін, халық бірлігін құртуды мақсат ететінін жеткізгім келеді. Соңғы бір күмәнім бар еді, оны да Наурызбай хазірет сейілтті. Сіздерге алғысымды айтамын. Көзқарасымның біржола өзгеруіне сіздердің әрқайсысыңыздың үлесіңіз бар», — деді Тазабеков.
Тазабеков осы жиында діни контентті біржола Діни басқармаға тапсыра отыра, «Асыл арнаны» жауып, «Тәлімтв» жобасын ашатынын мәлімдеді.
Айта кетейік, жақында ғана көрерменге жол тартқан «Тәлім тренд» бағдарламасын Мұхамеджан Тазабеков тізгіндеді. Ұлттық арнада жүргізушілікке келген Тазабековті даттағандар да, ақтағандар да табылды.
[:]