АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Сенаттан кету — үлкен ойынның бастауы ма?[:]

[:kz]

Бүгін  президенттің түске жақын қабылдаған шешімі талайдың түскі асын ұмыттырды десе де болады. Елдегі мансап жағынан екінші адам Дариға Назарбаеваның өкілеттігі тоқтатылды. Тоқаевтың Жарлығымен. Бұны кейбіреулер Тоқаев президенттік таққа келгелі жасаған үлкен қадамына балап жатса, тағы бірі Дариғаның жаңа билікке келуіне жасаған алғы шарттар дейді.

«Болашақ президент Дариға болады екен» деген әңгіме бүгін ғана айтылып жүрген жоқ. Сенаттың Төриесі деген лауазым президенттік қадамға қол созым жерде ғана болатын. Егер, кеше ғана Исекешевтің Үкіметбасы Маминды сынға алып жатқанын есепке алсақ, Үкіметті басқаруға экс-сенатор баруы әбден мүмкін. Ондай жағдайда көптен бері көтеріліп жүрген парламенттік республикаға ауысатын болсақ, онда елді премьер министр басқарады. Әлде, Дариға Нұрсұлтанқызы бір қадам артқа шегіну арқылы, болашақта екі қадам алға баспақ па?

Дариға Назарбаева Сенаттан не себепті кетті?

Болашақта Нұрсұлтанқызы қандай қызметке баруы мүмкін?

Біз көптің көкейіндегі осы сауалдарды саясаттың кухнясының дәм-тұзын «татып» жүрген жандарға қойып көрдік.

Балташ Тұрсымбаев, саясаттанушы: «Бізде барлығын Назарбаев шешеді»

 

«Дариғаның кеткені транзитке дайындық деген сөз. Президенттік билікке дайындықты бастап кетті. Елбасымен, Дариғамен келісіп алмай Тоқаев жұмыстан босата алмайды. Бізде билік авторитарлы болғандықтан бұны оңай шешеді. Назарбаевтың статусын есептеп көрсек бұған толықтай көз жеткізуге болады. Елбасы деп өзіне парламент арқылы шешім шығарып алды. Бір. Қауіпсіздік Кеңесінің төрағасы. Өмірлік. Өмір бойы. Екі. «Нұр Отан» партиясының, биліктің партиясының төрағасы. Үш. Мәңгілік сенатор. Төрт. Еуразиялық Одақтың құрметті төрағасы. Бес. Отбасы Заңмен қорғалған. Алты. Бізде авторитарлық жүйеде бір адам қалай шешеді, солай болады. Ал, Қасым Жомарт өз адамдары, басбұзар адам емес оған айтатын болса қарсы келмейді. Кезектен тыс сайлауды жариялап кеп жібереді, сол кезде үміткер болып Дариға Назарбаева түседі. Ары қарай өздері осы күнге дейін, отыз жыл басқарып келген әдістері арқылы билей береді».

Расул Жұмалы, саясаттанушы: «Дариға президент болады деген әңгімеге нүкте қойылды»

«Дариғаның не себептен кеткенін айта алмаймын. Мемлекеттік органдар түсіндірмесін беру керек. Бұл шынымен ақ маңызды хабар. Еліміздегі мансап бойынша екінші адам. Сенат Төрағасы. Осындай маңызды шешім қабылданғанда демократиялық әлемде мемлекеттік орындар түсіндірмесін береді. Алып қашты әңгімелер мен қауесеттер болмас үшін. Бұл соңғы маңызды кадрлық шешім емес.Әдетте бізде бұндай маңызды шешімдердің бірнешеуі болады. Бүгін аптаның аяғы, келесі аптаның басын күтейік. Бәлкім қосымша өзгерістер болар. Дариға Назарбаева басқа мемлекеттік қызметке тағайындалар. Көп нәрсе соған да байланысты. Біздің елде ең маңыздысы кімнің қайда кеткені емес, қайда келетініне байланысты ғой. Көптеген жорамал жасауға болады. Үкіметке келуі де мүмкін. Жаңа партияға басшы болып баруы да мүмкін. «Нұр Отанға» басшы болып баруы да мүмкін. Оның үстіне жылдың аяғында бізде Мәжіліс пен мәслихат сайлауы болады. Әзірге айтуға болатын анық бір жағдай келесі президент Дариға Назарбаева болады деген алып қашпа әңгімеге біржолата нүкте қойылды. Еліміз қазір қиын жағдайда отыр. Корнавирусқа байланысты, мұнай бағасының құлдырауына байланысты. Біз президенттік республика болғандықтан қиын сәтте жауапкершілік президентке түседі. Маңызды, кадрлық шешімді президент осыған байланысты қабылдап отыр. Шешуші мемлекеттік қызметтерге қолынан іс келетін кадрды тарту үшін Тоқаев осындай шешім қабылдады. Барлығы уақыттың еншісінде».

Ермұрат Бапи, саяси журналист: «Қазақстанның бірінші басшысы болуға дайындықтың басы деуге болады»

 

«Дариғаның Сенаттан кетуіне екі жағдай себеп болуы мүмкін. Біріншісі, былтырдан бері әлемде болып жатқан Дариға Назарбаеваға қатысты скандал жағдайлар. Панамадан табылған оффшорлық есеп шоты бар, Швецариядағы банктен табылған ақшалар, Лондоннан табылған үйлері Дариғаның Сенаттан кетуіне себеп болуы мүмкін. Бірақ, екіншіден, байлық пен билікке батқан адам ондай жоғары лауазымнан,  майлы дастарханнан бостан босқа тұрып кетіп қалмайды. Соған қарағанда Дариға ертеңгі күні «Нұр Отанның» сьезінде партияға төраға болуы да мүмкін. Бауыржан Байбекке орынбасар болып, парламенттік сайлауда жеңіп шыққан партияның ұсынған кандидаты ретінде премьер министр болып Қазақстанды парламенттік республика қылып шығаруы да мүмкін. қазақстанда заңды өзгерту, Конституцияны өзгерту түкке тұрмайтын шаруа болып қалды ғой. Сайлауға дейін «Сайлау туралы Заңға» өзгерістер енгізіп, Қазақстанды парламенттік республикаға дайындай бастаса, премьер министр болуға, Қазақстанның бірінші басшысы болуға дайындықтың басы деуге болады».

Біз хабарласқан саясаттанушы Айдос Сарым «бәрі алдағы аптаның басында белгілі болады» десе, белгілі журналист Бақытгүл Мәкімбай «кеткен қыз шиден әрі» деп қысқа қайырды.

Саясаттанушы,  Тәуекелдерді бағалау тобының жетекшісі Досым Сәтпаев «Мәлім.кз» сайтына берген сұхбатында үш факторға тоқталыпты.

 

«– Мұның үш себебі болуы мүмкін. Біріншісі – тұңғыш президент Н.Назарбаевқа әлдене болып қалды, сол себепті Тоқаев элита күштерінің балансын өзіне тарту әрекетін жасап жатыр. Екінші себеп – Д.Назарбаеваны Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы Н.Назарбаевтың келісімімен алып тастады. Қызығы, былтыр Дариға Назарбаева сенат спикерлігінен кетсе, басқа қандай қызметке баруы мүмкін деген нәрселер талқыланды. Әзірге бұл сұрақ әуеде бос қалықтап қалды.  Яғни, Дариға Назарбаева сенат спикерлігінен кеткен соң, оған биліктен басқа қызмет берілсе, онда Дариға Назарбаева әлі де билікте саяси ойыншы ретінде қала бермек деген сөз. Үшінші себеп – элита ішінде күрес жүріп жатыр,  соның нәтижесінде бұрынғы президенттің қызын кетірді. Бірақ бұл жерде тағы да бұл бірінші президентпен келісілген дүние ме, әлде Тоқаевтың өзінің бастамасы ма деген сұрақ туындайды» депті.

Оңғар Қабден,

«Адырна» ұлттық порталы

[:]