АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Серікбай қажы Ораз: Теріс ағымға қарсы тұратын күш – дәстүр[:]

[:kz]

81965630-931– Серікбай Сатыбалдыұлы, Өзіңіз жақсы білетіндей, қа­зір дін тақырыбы, діннің төңі­регіндегі мәселелер жиі қозғалып, оның соңы қоғамдық талқылауларға дейін ұласып жатыр. Мұны ислам дініне назар ауда­ру­шы­лар қатарының артып келе жат­қандығымен байла­ныстыруға бола ма?

– Қай заманды, қай кезеңді алсақ та біздің халқымыз дін, тіл, жер мәселесіне қашан да сергек қараған. Өйткені, дін, тіл, жер – ұлттың негізгі ұстындарының бірі саналған. Ал қазіргі кездегі дін төңірегіндегі мәселелер де бұған бейжай қарай алмаудың айғағы дер едік. Мұндағы басты мәселе – исламға келушілердің санында емес, сапасында, діни таным-түсінігінің түзулігінде. Одан да күрделі мәселе – осы ор­таны басқаруда, аудиторияны игеруде. Бұл – кешенді мәселе, қоғамдық жауапкершілік деп атар едім.

Аллаға шүкір, жастар дінге бет бұруда. Әрине, қуантарлық жағдай. Алайда, оларға бағыт-бағдар беріп отыратын тұлғалар қажет. Олар кім? Әрине, үйде – ата-ана, ата-әже, мектепте – мұға­лім, психолог, тәрбиеші, мешітте – имам, ұстаз, т.б. Әрбір жауапты тұлға өзіне қатысты міндетті ыждағаттылықпен атқар­са, жас­тар адаспайды.

– Қазіргі таңда исламды өзінің мақсат-мүддесіне пайда­лан­ғысы келетін ағымдардың бар екендігі белгілі. Бұған не дейсіз?

– Ағым деген – вирус. Оның шеті яки шекарасы жоқ. Ағым – ғаламдық мәселе. Ал оған қарсы иммунитет – иман, дұрыс діни сенім, салт-дәстүр, ата-әже институты, ұлттық тәлім-тәрбие, т.б. Хал­қымызда ата-әже инсти­тутының бала тәрбиесінде қандай рөл атқарғанын жақсы білесіз. Осындай ұлттық тәр­бие мектебімізді, ұлттық мен­тали­тетімізді жаңғырту арқылы жастарымызды жат ағымның ықпалынан қорғап қала аламыз.

Дәстүр – қуатты күш, кез келген ағымға төтеп беретін құн­дылық. Салтын сақтай білген қоғамға ешкім іріткі сала алмайды. Бұл тәжірибеде дәлелденген нәрсе. Мәселен, үлкеннің сөзін тыңдау, ата-ананың айтқанын екі етпеу, молдаға құрмет көрсетіп, оның уағызына амал ету – біздің дәстүрімізде бұрыннан қалып­тасқан үрдіс. Ол ешкімге жаңалық емес. Сондықтан, біз әдет-ғұрпы­мыздың осындай игілігін көбірек пайдалануымыз керек.

– Бүгінде өзге ағымның же­те­гінде жүрген, солардың «идея­­ларын» жамылған кейбір азаматтар дәстүрлі исламның құн­­дылықтарын аяққа таптап, на­ным-сенімге селкеу түсіруде, оның ішінде отбасы мен отбасы құн­дылығы дегенге үс­тірт қарап қана қоймай, оны «ойыншыққа» айналдырып жүр. Осындай кері құбы­лыстың қалай алдын алсақ болады?

– Діни басқарма не үшін дін мен дәстүр идеясын көтер­ді? Өйткені, жаңа айтып өтке­німдей, дәстүр – бөлінбеуге, керісінше, көпшілікпен бірге болуға тәрбиелейді. Біздің тал­дауы­мыз бойынша, жат ағым­да жүргендердің басым бөлігі өз дәстүрін қадірлемейді. Олар қазақы таным-түсініктен алшақ­тай бастағандар.

Дін мен дәстүр – жікке бөлін­ген жамағатты ортақ мүддеге жұмылдыратын жол. Біз оны діни тәжірибедегі жұмысымыздан айқын аңғардық. Осы бағытта мем­л­екеттік деңгейде кешенді бағ­дар­лама қабылданып, дін мен дәстүрді насихаттайтын біртұтас идеологиялық жұмыстар жүргізілуі тиіс деп санаймыз.

Халқымыздың түсінігінде «ұят болады» деген үлкен ұғым бар. Ата-әжелеріміз, ата-анамыз кіш­кентайымыздан бастап санамызға «ұят болады» деген ұғымды сіңіріп өсірді. Міне, дәстүр дегеніміз осы. Сол «ұят боладының» арқасында қаншама арсыз әдеттен сақтандық. Өзінен, адамдардан, Алладан ұяла­тын кісі жамандыққа әсте жол бермейді.

– Қазір «таза ислам осы» де­генді желеу еткен жат идеологиялар үлкен қауіп болып тұр. Онымен күресудің балама жолы қандай?

– Біріншіден, «таза ислам» деген сөз тіркесін пайдаланудың өзі дұрыс емес деп санаймын. Ислам сөзіне қосымша анықтама беруге болмайды. «Таза исламды» ұранға айналдыру кім үшін керек? Мың жылдан астам тарихы бар, дала заңы демократиясының негізі саналған дініміздің құқықтық мектебі – Имам Ағзам Әбу Ха­нифа мәзһабы жұртымыздың жүрер жолы болған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы осы дәстүрлі исламды насихат­тайды және бірлігімізді нығай­та түсу үшін мұсылман жама­ғатын Әбу Ханифа мәзһабын ұстануға шақырады. Діни сенім бостандығы туралы заңымызда да төл мәзһабымызға айрықша мәртебе берілді.

Баршамызға аян, соңғы жыл­дары елімізде орын алған қай­ғылы оқиғалар тиісті са­ладағы жұмыс­тарды жетілдірудің қа­жеттігін байқатты. Со­ның ішін­де діни саладағы жұмыс­ты жетіл­діруге қатысты ұсыныс­тар­ды қайта қарап, тиімді шешім қабыл­дайтын уақыт жетті деп есептейміз. Салафизмді ұстана­тын адамның көзқарасын өзгерту немесе оларды райынан қайтару үшін тиімді әрі кешенді жұмыс жүргізу керек. Осы бағыт бойынша біздің ұсынысымыз – орталықазиялық діни мектептің рөлін арттыру. Орталықазиялық мектеп – діни саладағы кешенді жүйе. Бұл – қазақ мұсылмандығында бұрын­нан қалыптасқан жол, дала халқының болмысымен, табиғатымен біте қайнасып кеткен мектеп, діннің түп негізіне сүйенген діни ережелердің ортақ жиынтығы. Осы аталған діни мектеп радикалды көзқарасты, дінде шектен шығуды (фанатизм) қолдамайды. Керісінше, гума­низмді насихаттайды. Тари­хымыздан белгілі, қазақ даласында дінге қатысты ешқандай лаңкестік оқиға болмаған.

– Әлемдік деңгейде өзекті мәселеге айналған бүгінгі жат ағым­дарға қарсы мүфтият өз тарапынан қандай іс-шараларды жүзеге асыруда?

– Мүфтияттың жұмысы тек бір бағытпен ғана шектелмейді. Діни басқарманың жұмысы сан-салалы. Мүфтияттың қоғамдағы негізгі міндеті – діни рәсімдерді атқару, халықты ислам туралы дұрыс ақпаратпен қамтамасыз ету, қажылық жұмысын ұйымдастыру, халал стандарттауды жүзеге асыру, жастармен жұмыс, оқу-ағарту саласы, т.б.

Ал жат ағымдағы азаматтарды дәстүрлі дінімізге тарту – көп салалы жұмысымыздың бірі. Жат ағымда жүрген азамат­тар­мен жеке түсіндіру жұмыс­тары жүргізіліп, оларды ортақ мақсатқа жұмылдыру үшін мешіт жанынан ашылған спорт кешендерінде футбол, волейбол, қазақша күрес, т.б. ойындар жүйелі ұйымдастырылып келеді. Кешенді кездесулер мен жеке дәрістердің нәтижесінде бұрынғы райынан қайтқандар да бар.

– Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының есебі бойын­ша, азаматтардың қанша пайызын әрбір ғибадат-құлшы­лық­ты толыққанды орындайтын мұсылман деп айта аламыз?

– Қазақстанның 70 пайыздан астам халқы мұсылман деген ресми дерек бар. Ал біздің жүргізген зерттеуіміз бойынша, елімізде шамамен 400 мың адам жұма намазға және мешіттегі бес уақыт намаздарына қатысады…

Сенім деген – өте нәзік дүние. Ол көзге көріне бермейтін, қолға ұстала бермейтін нәрсе. Ал құлшылық – адам мен Алла арасындағы жасырын, риясыз амал. Бір мұсылманды: «Биыл оразаңды ұстадың ба, зеке­тіңді бердің бе, намазыңды оқып жүрсің бе?», – деп сауалдың астына алудың өзі орынсыз. Оларға: «Сен толыққанды мұсыл­мансың, ал сен жартылай мұсылман екенсің», – деп «баға» беруге немесе «төрешілік» жасауға, яки сенім мен иман дәре­жесін «анықтауға» болмайды. Адам­ның жүрегіндегі нәрсені, ниетті Алла ғана біледі. Әрбір қазақтан: «Мұсылмансың ба?» – деп сұрасаңыз: «Әлхамдулалла, мұсылманмын», – деп жауап беретіні белгілі.

– Бас мүфтидің, Қазақстан мұсылмандары діни басқар­масының бастамасымен Рес­пуб­­ликалық ақпараттық-насихаттық тобы жұмыс ат­қарып жүргенінен хабардармыз. Ол топ еліміздің бар­лық өңірінде кездесу өткізіп, жұ­мыс жүргізіп отырады екен. Ха­лықтың діни сауаттылығын арт­тыру жолын­дағы мұндай ша­ра­лардың нәти­жесі қалай бо­лып жатыр?

– Бір адамның радикалды діни көзқарасын өзгерту немесе райынан қайтару үшін онымен сағаттап отырып сұхбаттасуға, бірнеше күніңді сол кісіге арнауға тура ке­леді. Әйтпесе, жұмыс нәтиже бер­мейді. Бір күнгі кездесу еште­ңе шешпейді. Сондықтан біздің Бас мүфтиіміз Ержан қажы Малғажыұлы имамдарымызға «Кемінде 4-5 шә­кірті жоқ имам – толыққанды имам емес» деген талап қойды.

Біз шәкірттердің санын арттыру арқылы дәстүрлі дінді ұста­нушылардың қатарын көбейте аламыз. Қазіргі имамдар­дың негізгі миссиясының бірі – байсал­ды, парасатты, зайырлы мұсыл­ман жамағатын қалып­тас­тыру. Жұрттың бәрінен молда шығару міндет емес. Әрбір азамат өзі таңдаған мамандығы бойын­ша елдің игілігі үшін қызмет етсе сонда ғана біз өркениетке қадам басамыз. Жастар арасында «Біздің қоғамға иманды инженер, иманды есепші, иманды қаржыгер, иманды дәрігер, мұғалім қажет»  деп ұран тастап жүргеніміз сон­дықтан.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Жақсы адам – қоғамға пайдасы тиген пенде», – деген. Демек, қоғамға пайдалы болғаның – жақсы мұсылман болғаның…

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен

Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

[:]