[:kz]
Шахтинск қаласында оқушыларды «топас маймылға» теңеген ұстаз қатаң сөгіспен құтылды. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, әрі оқу- тәрбие ісінің меңгерушісін мектеп директорының өзі қорғап отыр. Оқиға ұстаз бен 8- сынып оқушылары арасында болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап.
“Мектеп директорының орынбасары оқушыларды карантин ережесін бұзғандары үшін балағаттаған. Ол өз кінәсін мойындап, балалар мен ата- аналардан кешірім сұрайтын болды. Осыны ескеріп, әдеп жөніндегі кеңес: педагогқа қатаң сөгіс жарияланды”, дейді – Қарағанды қалалық білім бөлімінің жетекшісі Николай Онсович.
Әдеп кеңесі, басы дауға қалған ұстаз педагог этикасын тағы бір рет бұзса жұмыстан қуылатынын ескерткен. Ал № 6-ыншы мектептің директоры болса, орынбасарын ақтап отыр.
“Қыркүйектің алтысы күні ата- аналардың бірі жанына антиваксерлерді ертіп алып баласын қашықтан оқытуды талап етті. Бетперде киюге қарсы шығып мектеп әкімшілігіне келіп шу шығарып кетті. Үлкендердің осы үгіттеуі салдарынан балалардың кейбірі бетперде тақпай жүр. Менің орынбасарым оларды карантин ережесін сақтауға шақырып бірнеше ескерту жасаған. Ақыры өзін ұстай алмай қалды. Әрине педагог этикасын бұзғаны дұрыс емес. Алайда кикілжіңге осы жағдай түрткі болды”,- дейді мектеп директоры Любовь Величкина.
Құқықтық еңбек инспекторлары педагогтардың психикасын сонау жоғары оқу орындарының қабырғасында-ақ тексеруге кеңес береді. Өйткені мектептегі тәрбие жүйкесі жұқаларға лайық жұмыс емес.
“Құқық қорғау органдарында қызметкерлерді психолог, психиатрлардың медициналық тексеруінен өткізеді. Сол сияқты педагогтарды да оқу орнына түсерде, оқып жүргенде тексеру қажет. Оқушы не істесе де оны қорлауға болмайды. Тіпті сотталғандарды да балағаттауға тыйым салынған”, – дейді құқықтық еңбек инспекторы Александр Алимпиев.
Енді мектеп ұжымы ертең оқушылар мен ата-аналардың басын қоспақшы. Ол жиынға сөгіс алған мектеп директорының орынбасарын шақыруды жоспарлап отыр.
Айта кетсек, Шахтинск қаласындағы №6 орта мектеп директорының орынбасары балаларды “топас маймылдар” деп атады. Оқушылар мұғалімнің қорлаған сөзін диктофонға жазып алып, әлеуметтік желілерге таратып жіберген болатын.
[:]