АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]Шәмшінің досы көшеде жүр[:]

[:kz]

Алматыдағы Жібек жолының бойында серуендеп жүрген жұрттың назарын – өнерімен өзіне аударатын серілер көп. Олардың арасынан қарияларды да көргенде, көңілге көп ой түседі. Солардың бірі де бірегейі – Аман ата.

Газетіміздің қызметкері Ғалия екеуміз көрікті көшеде ұлттық киімін киген арулардың фотосессиясына қызығып қарап тұрғанбыз.

Кенет «Қамажай» биінің әуенін саксафонмен құйқылжыта салған дыбыс бізді елең еткізді. Қарасам, біздің жігіттер тым әуес емес музыка аспабын ойнап тұрған қария екен. Жоғалған затым табылғандай, қатты қуандым.

Дәл осындай кейіпкер іздеп таба алмай жүрген едім. Біз іздеген ата болмаса да, сол кісіге ұқсас, тіпті тағдырлас қария кездестіргеніме мәзбін.

Аспапты мың құбылта шырқауына қарағанда, ол кісінің жас кезінде музыкалық білім алғаны бірден байқалып қалды. Әдемі әуенді соңына дейін тыңдап, алғыс айтып, жанына жайғастым. Әңгімені неден бастарымды білмей отырғанда, атаның өзі:

– Қызым, «Балқадиша» әні қалай еді? – деп сұрады.
– «Қызы едің, Ыбырайдың Балқадиша», – деп әуенге сала бастап едім:
– Болды, қызым, есіме түсті! – деді де, сол әуенді ойнай жөнелді. Сап-сары саксофон түймелерінен төгілген әуен сол маңдағы жұрттың аяғын жерге тигізбей, көкке көтеріп әкеткендей болды.
Қарияның қолындағы аспапқа бір, әжім басқан нұрлы жүзіне бір қарап, талай ойға берілген өкше көрермендері әуен аяқталғанда қуана қол соқты. Ол кісі де шабыттанып кетті-ау деймін, бірнеше шығарманы бірінен соң бірін орындады. Бір сәт тынығып алмақшы болғанда, бейтаныс атамен танысуға тура келді.
– Ата, саксофонда әжептеуір ойнайды екенсіз. Арнайы музыкалық біліміңіз бар ма? – дедім.
Ол кісі өз өмірінен ештеңе айтқысы келмеді. Сонда да қолқалағаннан кейін қысқаша өмірбаянын айтты. Сөйтсек, атамыз өнерге құштар отбасынан шыққан екен. Музыкалық білімі де бар. Аман ата: «Жамбыл облысының Жуалы ауданына қарасты Билікөл ауылының тумасымын. Жастайымнан музыкаға жақын болдым. Домбыра шертетінмін. Тараздағы музыкалық училищеде білім алып, кейін мейрамханаларда музыкант болдым. Алматыға 1982 жылы көшіп келдім. Қазір Талғарда тұрамын. Жасым 76-ға келді. Музыкаға деген құштарлығым мені үйде отырғызбады. Шыны керек, үкімет беретін мардымсыз зейнетақыға да қарамаймын. Оны өз басым ешқашан алған емеспін, менің орныма кемпірім барып алады. Бала-шағам, немерелерім бар. Алғашында көшеде саксофон ойнағаныма намыстанып, қарсылық та білдірді. Кейіннен көнді.
– Ата бір күнде қанша қаражат табасыз? Әншілер гонорарын жасырмайды дедім.
– Ол жағын айтуға болмайды, құпия, – деді күліп.
Аман атаның жүзінде жылдар жасырған өмір иірімдері байқалып тұрды. Ата бізбен көсіліп сөйлеспеді. Бәлкім, жан сырын жасырын ұстағасы келген болар.
Атаны әңгімеге тартпақ болып, «Айналаңызда жүрген жұрт көп. Әсіресе жастар… Олар туралы не ойлайсыз?», – дедім.
Аман ата басын шайқады да: «Қазіргі жастардан, мейірімсіз жастардан қорқамын», – деді.
– Жақында бір маскүнем жігіт құлап жатты. Кім көмектесер екен деп біраз отырдым. Ары-бері өтіп жатқан жастардың ешқайсысы келіп көмектеспеді. Қазіргі жастардың мейірімсіздігіне куә болдым. Ақыры өзім барып тұрғыздым. Саксофон ойнап жатқанда, маған да бір қарамайды. Оларға бәрі-бір, – деді.
– Жас кезіңізде музыкант болып жұмыс істедіңіз бе? – дедім.
– Әрине, жас кезде жалынды болдық қой. Тіпті Шымқаладағы мейрамхананың бірінде, атақты сазгер Шәмші Қалдаяқовтың жанында жүрдім. Ол жазған талай әнді құштарлықпен шырқадық.
«Шәмшінің досы болсаңыз, сол кісімен бірге жүрген кездеріңіз туралы айтып беріңізші?» деген сауалыма ол жағы құпия екенін айтты.
Осы сәтте атаға музыкаға тапсырыс берушілер де көбейе түскен еді. Ол кісі Шәмші атамыздың «Ақ бантик» әнін әуелете жөнелді. Біз жастық шағымызды сағындық. Ал әнді түсінбегендер не ойлағаны белгісіз…

jasqazaq.kz

[:]