[:kz]
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шарында оқушыларды құтқару кезінде қаза тапқан мұғалімді марапаттады деп хабарлайды Ақорда.
«Адам өмірін сақтап қалуға байланысты қиын-қыстау жағдайда көрсеткен ержүректігі мен жанқиярлығы үшін Алматы қаласы «№ 199 мамандандырылған гимназия» КММ мұғалімі Мерей Нұрғазыұлы Ибрагимов «Ерлігі үшін» медалімен наградталсын (марқұм)», делінген құжат мәтінінде. Алматы қалалық білім басқармасы ұсынған ақпаратқа сәйкес, сел кезінде көз жұмған мұғалім- 26 жастағы Мерей Ибрагимов. Ол көркем пәндерден сабақ берген. Жұмыс өтілі – 5 жыл.
Оның 3 жылында Алматы қаласындағы №199 гимназияда жұмыс істеген. Әріптестерінің айтуынша, Мерей өте жауапты маман болған. «Барлық оқушының сүйікті ұстазы, өз ісінің шебері еді. Ерекше шығармашылық адамы, көшбасшы, мақсаты айқын ұстаз болатын. Жан-жағындағыларға күлкі сыйлап жүретін», — дейді марқұмның әріптестері.
Еске сала кетсек, 29 мамырда Алматы облысының Шарын шатқалында сел жүріп, 2 адам көз жұмып, тағы 6 адам зардап шеккені хабарланған болатын. Кейін еліміздің білім және ғылым министрлігі аталған оқиға салдарынан 1 оқушы мен 1 мұғалімнің қаза тапқанын мәлім етті. «Өкінішке қарай, келіп түскен ақпаратқа сәйкес, экскурсияға барғандардың арасында Алматы қаласындағы №199 гимназияның 8 оқушысы болған. Оларды 5 ата-ана мен 3 мұғалім ертіп жүрген. Қайғылы жағдай салдарынан 1 оқушы мен бейіндік пән мұғалімі қайтыс болды. Қаза болғандардың жанұясына қайғыларына ортақтасып, көңіл айтамыз және зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейміз», — деген еді ведомство хабарламасында.
[:]