[:kz]
Кешегі аптада редакциямызға бір азаматтар көмек сұрап келді. Біз олардың әңгімесін мұқият тыңдадық, сосын бұл жөнінде газетте жазуды ұйғардық.
Бірден айта кетейік, редакциямызға келгендер – екі адам, Өзбекстанмен шекара аумағында, Өзбекстан жағында тұратын азаматтар, сол елдің тұрғындары. «Майский» кеден бекетінің маңында Аққұм деген ауыл бар екен, содан Шымкентке бір шаруалармен келгендерінде «Заманаға» арнайы ат басын бұрыпты.
«Біз «Замана» газетін бұрыннан оқып тұрамыз, – деді олардың бірі. – Сондықтан жазса осы газет жазады деген сеніммен сіздерге ауылдастарымыздың аманатын арқалап келдік. Біздің жағдайымыз жөнінде газеттеріңізде жарияласаңыздар екен. Бірақ аты-жөнімізді көрсетпей-ақ қойыңыздар.
Сіздерге келген себебіміз, бізді бір жағдай уайымға батырып жүр. Бұл мәселені жергілікті басшыларға айтқанымызбен ол оңды шешімін таппай отыр.
Бізге бүгінде қолымыздағы малды жаю жағы қиындап отыр. Біз тұратын жерге бір жақтардан көп мал әкелінген екен, жайылымды солар басып кетті. Бізге тіпті жайылымға мал шығартқызбай қойды. Ауыл мен аудан әкімшіліктері олардың алдында шарасыз ба, ешқандай да қарсы әрекет жасамауда. Бұған қатысты ел Президенті Мирзиёевке интернет арқылы шығайық немесе Қазақстан елшілігіне барып көмек сұрайық десек, оған мүмкіндік бермейді. Бұл мәселені таяу арада өзіміз шешеміз дейді, бірақ оның оңды шешімін табар түрі жоқ, күтіп жүргенімізге көп болды.
Естуімізше, бұл жаққа 13 миллион бас малды Ферғана облысынан әкелген дейді. Төңіректегі жердің көбін өзбек фермерлері бөліп алған, солардың ішіндегі белгілі біреуі бар, ол адам әлгі сырттан келгендермен ақшаға келісіп, мал жаюына рұқсат беретін көрінеді. Біздің адамдар малымыз жайылатын жер қалмады ғой деп уәждесуге әрекеттенсе, құлақтарына да қыстырмай, қайда барсаң онда бар, малыңды Қазақстаныңа апарып жай деп, намысқа тиетін бұдан да өткен сөздерді айтады екен.
Бұл жағдай бойынша Қыбырай ауданының прокурорына шағымданғанымызда ол кісі солдаттар әкеліп, малды басқа жаққа айдатып еді, арада көп уақыт өтпей олар қайтып келді.
Міне, бізде осы жағдайға байланысты кикілжіңдер орын алуда. Біз жақтағы көрші бірер қазақ ауылдарының жігіттері де атпен келіп, әлгі бөтен малды біздің жерден қуған болатын. Адамдардың жағаласып қалған кездері болды. Бірақ қуып жібергенімен мал жаюшылар бәрібір де жерімізге қайтып келе береді.
Біз жастар жағы оқыс қадамға барып, мұның соңы үлкен жанжалға ұласып кете ме деп қауіптенеміз. Сондықтан үніміз Қазақстан елшілігіне жетсе, ондағы азаматтар орын алып отырған бұл келеңсіз жағдай туралы жергілікті өзбек билігіне жеткізсе екен дейміз. Басшылар араласса шешілмейтін мәселе жоқ қой. Осы жөнінде жазып, қол ұшын береді деп өздеріңізге сеніп келіп отырмыз».
Редакциямызға келгендер бізге осындай маңызды мәселе жөнінде жеткізді. Айтуларынша, бұл – аталған ауылда тұратын қазақтардың басынан өтіп жатқан жағдай.
«Күнкөрісіміз малға байланысты болғасын ертеңгі күнді уайымдап жүрміз, – дейді редакциямызға келген кісілер. – Біздің ешкіммен ұрысып-керіспей, тыныш өмір сүргіміз келеді. Бірақ бүгінде жайылымдық жерге қатысты осындай келіспеушіліктер туындап отыр. Бұл мәселені басшылар оңды шешіп берсе екен дейміз.
Тағы бір айтарымыз – ауыл іргесінен өтетін, Сарыағашқа дейін баратын «Қазақстан» каналының ахуалы жөнінде. Біз осы каналдың суын пайдаланамыз. Ал бүгінде оған қоқыс тастаушылар өте көбейіп отыр. Жоғарыдағылар осы келеңсіздікке де тосқауыл қойғанын қалаймыз. Газеттеріңізде осы екі мәселе жөнінде жазыңыздаршы».
…Біз редакциямызға келген жандардың өтінішін орындап, бұл жөнінде газет бетінде жариялап отырмыз. Құзырлы орындар бұл мәселенің мән-жайын анықтап, мәселенің оң шешілуіне ықпал ететін болар деп үміттенеміз.
Р. ҚЫДЫР.
[:]