АЛТЫНОРДА
Новости Казахстана

[:kz]«Шешемнің зейнетақысы болмаса әлдеқашан аштан қатар едік», – дейді бізге шағымданған төрт баланың анасы[:]

[:kz]

18280633_1228218757300692_1725394386_nРедакциямызға Түлкібас ауданының орталығы – Т.Рысқұлов ауылынан хат келді. 

Хат авторы Ботагөз Дәр­менова өзінің басынан өтіп жатқан қиын ахуал жөнінде баяндапты. Ол былай дейді:

«Мен Шымкенттің бір жігітімен тұрмыс құрған едім, ол есірткіқұмар адам болып шықты, маған көп қорлық көрсетті, өмірім одан күнде таяқ жеумен өтті. Соның кесірінен денсаулығым да бұзылды. Ақырында 2014-жылы онымен заңды түрде ажырастым. Содан бала-шағаммен Алматыға кеттім, сонда біраз тұрдым. Өмір сүру қиындап бара жатқасын шешем тұратын Т.Рысқұлов ауылына оралдым. Бүгінде 4 баламмен анамның қолында тұрып жатырмын. Көрші ауылдағы шипажайға жұмысқа кіргенмін, қазір қатынап істеп жүрмін. Айлық жалақым – 32 мың теңге. Анам – 3-ші топ мүгедегі, 30 мың теңгеден аса зейнетақы алады. Екеуміздің бар табысымыз осы, соған күн көріп отырмыз.

Отбасы болғасын күн сайын әйтеуір бір қиындық алдыңнан шығып тұрады екен. Бірде балаларымның бірі, енді бірде анам, кейде өзім ауырып қаламыз. Емделейік десек, оған ақша керек. Дәрігерлер маған көп уайымдай берме, оң жағыңнан инсульт алудың аз-ақ алдында тұрсың деп ескерткен еді, бірақ мынадай жағдайда қалай уайымсыз жүресің?

Шешем жақын арада үйлендірмесем болмайды деп жалғыз ұлының жайын да қатты уайымдайды. Ал мені болашақ келін қандай болып келеді, төрт баламен сыйыса аламын ба деген ой мазалайды.

Мен анамның үйіне тіркеуге өтіп, тұрмысы төмен отбасы ретінде үй кезегіне тұрғанмын. Қазір 580-ші кезектемін, оның қашан келетінін де бір Құдай біледі.

Еліміздің заңында жетім балаларға, ата-ана қамқорлығынсыз қалғандарға үй кезексіз беріледі деп жазылған екен. Ал менің төрт балам әкесіз өсіп келеді, өзім өлі мен тірінің арасында шалажансар күйде жүрмін. Сонда менің жетімдеріме де неге бірінші кезектегілер қатарында үй беруге болмайды? Сіздерден сұранатыным, осы жайында газеттеріңізде жазып, менің баспаналы болуыма жәрдемдессеңіздер екен».

Редакциямызға хат жолдаған Б.Дәрменова осылай дейді. Хат соңында көрсетілген телефоны арқылы біз оның өзімен хабарластық.

 Айтуынша, Ботагөз балаларына тиесілі жәрдемақы да алмайды екен. Үлкені 4-сыныпта, одан кішісі 2-сыныпта оқиды, бір баласы балабақшаға барады. Күйеуімен Шымкенттің Еңбекші аудандық соты арқылы заңды түрде ажырасқанымен одан алиментті қолма-қол алып тұруға келісіпті.

«Алғашында қарасып тұратын еді, кейінгі кезде хабарсыз кетті. Жұмыс таппай жүрген шығар деп те ойлаймын. Алиментті заңды түрде алмағасын бізге балаларға тиесілі жәрдемақы да тағайындалмайды екен. Тек үлкеніме ғана мектепте тегін тамақ ішуге жеңілдік жасалған, басқа ешқандай көмек алмаймыз. Азғантай жалақымның 6 мың теңгесі жұмысқа қатынау үшін жолкіреге кетеді, балабақшаға ақы төлеймін, төрт баланың ішіп-жеміне ақша жетпей қалатын да кезі көп. Осылай өлместің күйін кешіп жүрміз», – дейді Б.Дәрменова.

…Бүгінде 33 жастағы Ботагөздің басынан осындай жайлар өтіп жатыр екен. Біз тығырыққа тіреліп, шарасыздықтан редакцияға хат жазған бұл әйелдің жағдайын жергілікті басшылар, сондай-ақ кәсіпкер азаматтар түсінуге тырысар, мүмкіндігінше оған қол ұшын созар деген үміттеміз. Баспаналы болуына жәрдем жасалса, ары қарай өзі әрекеттеніп күнін көріп кетер. Осы жағын түлкібастық бауырлар жақсылап бір саралап көрсе екен.

Т. ТҰРАН

Zamana.kz

[:]