[:kz]
Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік компаниясы облысқа инвестициялар тарту, халықаралық деңгейдегі алдыңғы қатарлы технологияларды ендіру бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр. Көптеген шетелдік компаниялар бұған қызығушылық танытып, облысты агроөнеркәсіп кешенін дамытуға атсалысуға ниет білдіруде.
Осы орайда Түркістан қаласы мен Сарыағаш ауданында шетелдік кәсіпкерлермен кездесу болып өтті. Екі күнді қамтыған кездесуде «Испан технологиясы негізінде заманауи жылыжай кешендерін салу» және «Еуропа технологиясы негізінде соңғы буындағы мұздатқыш қоймаларын салу» тақырыптары талқыланды.
Түркістан облысына өкілдері арнайы келген шетелдік компаниялардың қай-қайсысы болса да нарықта бұрыннан жүрген, халықаралық деңгейде танымал нысандар. Мысалы, испаниялық «Ulma» компаниясы сонау 1961-жылы құрылған. Ол өнеркәсіптік жылыжайларды жобалап, жасау, орнатып беру және оған қажетті қызмет көрсету жұмыстарымен айналысады. Оңтүстік Америка, Еуропа елдерінде, Түркияда, Ресейде жұмыстар атқарған. Іргеміздегі Өзбекстанда 8 гектар жерге жылыжай салған.
Ал «NGS Tehnіk» компаниясы мұздатқыш құрылғылар жобалап, шығарып және құрып берумен 20 жылдан бері айналысады. Оның Өзбекстанда, Қырғызстанда, Әзірбайжанда, Түркияда, Ресейде, Ауғанстанда, АҚШ-та және басқа да елдерде жұмыс істеген тәжірибесі бар.
Сол сияқты, «SEMAK Eguіpmens and Techology» компаниясы Түркияның, Испанияның, Қытайдың халықаралық деңгейдегі жетекші өндірушілерінің өнеркәсіптік жылыжай кешендерін жеткізіп, құрып береді. Мұздатқыш қоймалар, жылыжайлар, кептіру құрылғылары, қаптама жабдықтары, тосап, шырын, қою тосап (джем), тұздықтар, қоқыс өңдейтін зауыттар, жылу қазандықтары, суды тазартатын өнеркәсіптік және тұрмыстық сүзгілер сияқты құрал-жабдықтар жинап, жеткізіп, құрып, оларға сервистік қызмет көрсетеді.
«Anael Dіzayn» компаниясы болса, изотермалық панельдер, мұздатқыш қойма есіктерін жасайды. Оның қуаты жылына 250 мың шаршы метр панельдер мен мұздатқыш қоймалар үшін 5 мыңға жуық изотермалық есіктер жасауға жетеді.
…Міне, осындай компангия өкілдері Түркістан облысына келіп, өздерінің жобаларымен таныстырды. Аталған кездесуге атқарушы билік өкілдерінен бөлек, жергілікті кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары өкілдерінің де қатысқанын ескерсек, олардың көп мағлұматтар алғаны анық. Ендеше ондай заманауи технологиялар біздің өңірде де қолға алынып, жемісін берер күн де алыс емес шығар.
Р. ҚАЛТАЙ.
zamana.kz
[:]